Жарапазан – ауыз әдебиетінің ерекше саласы.
Кіріспе .
Ауыз әдебиетінің ерекше түрі – жарапазан жырлары. Жарапазан – мұсылмандық –күнтізбелік ғұрып фольклорына жататын көп таралған байырғы жанр. Жарапазан айтудың кең ауқымда алғанда жүйелі – жүйесі мынадай: әдетте рамазан айында ауыл аралап өлең айтушы (жарапазаншы) үй иелерінен сыйлық дәметеді, талап етеді, алдымен олардың үйін (әрбір жабдығын, жиһазын санамалап) мақтайды, содан кейін бата береді. Сауаты мол жасау парыз деп діни+уағыз+насихат айтады. Демек, жарапазан айтудың құрылым-тізімі былай деуге негіз бар: үйді мақтау, діни насихат айту, сыйлық алу, бата беру. Жарапазан жырының әлі де ашылмай жатқан. Қырларын ескере отырып, зерттеу обьектісіне айналдыру, тәрбиелік мәнін ашу.
Мазмұны
Кіріспе
1. Жарапазан – ауыз әдебиетінің ерекше саласы.
Негізгі бөлім
1. Жарапазан жырлары – діни салттан туған өлең түрі, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі. 2. Жарапазан – салт жыры, мазмұны бай қазына.
Қорытынды.
1. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.
Қосымшалар.
Ғылыми жұмыстың көкейкестілігі:
Ауыз әдебиетінің мол мұрасына сүйене отырып, жарапазан жырларының тәрбиелік мәнін халқымыздың асыл қазына екенін тереңірек білу үшін жұмыстың тақырыбын «Жарапазан – ауыз әдебиетінің ерекше түрі» деп алдым.
Зерттеу мақсаты:
Жарапазан жырлары мен оның ерекшелігі шығу тарихын ізденіп, оқып білу, халықтың басынан кешкен ғасырлар ізін шығармашылық тұрғыда зерттеу.
Зерттеу міндеттері:
1. Жарапазан жырларының ерекшелігіне, түрлеріне талдау жасау.
2. Қазіргі заманғы жарапазан жырларының жаңаша түрі мен үлгі - өнегесін зерттеу.
Зерттеу болжамдары:
Егер мен жарапаз жырларының қазіргі заманға сай жаңаша үлгісін жинасам, оны халық игілігіне жаратуыма мүмкіндік туар еді.
Зерттеу әдістері.
1. Ақпараттарды интернет саиттарынан және тақырыпқа сай кітаптардан жинау және оны өңдеу.
2. Жарапазан жырларының қолданыстан шығып, жойылып бара жатқан түрлерін қайта жаңғырту.
Зерттеу кезеңдері:
2010-2011 оқу жылы материалдар жинақтау, іріктеу және жоба дайындау.
Әдебиет – «Үлгілі сөз, сөз» деген мағына береді. Ол өнердің негізгі бір түрі. А.Байтұрсынов өзінің әйгілі «Әдебиет танытқышында» әдебиет сөз өнері болады. Қазақша – асыл сөз, арабша-әдебиет, еуропаша-литература» - деген анықтама береді
Әдебиет
Ауыз Жазбаша
Ауыз әдебиеті-халық шығармашылығының айрықша бір-саласы. Ауызша шығарылып, ауызша тараған поэтикалық көркем сөз өнері. Ауыз әдебиеті алғашқы қауымдық құрылыстың көне тас дәуірінде пайда болып, түркілер тұтастықты бастан кешіре отырып одан бері де қазақ халқының қалыптасу тарихымен бірге қайнасып, бірге жасап келе жатқан теңдесіз мұра. Ол бізге байырғы ата-бабаларымыздың наным-сенімдерінен, тарихынан, тұрмыс-тіршілігінен, жақсы мен жаман туралы түсініктерінен асыл армандарынан мағлұмат береді. Қазақ ауыз әдебиеті жұмсалатын орнына қарай әуелі екі салаға бөлінеді.
Ауыз әдебиеті
Сауықтама Сарындама
Сарындама саласы жұрттағы келе жатқан салт-сарынымен айтылатын сөздер кіреді. Сарындама үш тарау:
1. Салт сөзі
2. Ғұрып сөзі.
3 .Қалып сөзі.
Салт сөзі
Салт сарынымен яғни салт жөнімен айтылатын сөздер. Салт сөзінің табына жатады: мысалдар, ділмәр сөз, тақпақтар, мақал-мәтелдер.
Ғұрып сөзі
Ғұлып сөзі деп ғұрып сарынымен яғни ғұрып бойынша істелетін істерге байлаулы сөздер айтылады. Мәселен, той бастар, жар-жар, беташар, неке қияр, жарапазан.
Қалып сөзі
Қалып сөзі деп тұрмыс қалыпында болатын істер сарынымен айтылатын Сөздер атайды. Мәселен, бал ашқанда, ауру баққанда, бақсылардың жынын шақырғанда, тісті емдегенде құрт шақыру, мал бәдік болғанда, адам күләпсан шыққанда, бәдік иә күләпсан көшіру. Бала тербеткенде айтылатын бесік жыры – осылардың бәрі қалып сөздің табына жатады. Тұрмыс-салт жырларында халықтың өзіне тән тұрмыс-тіршілігі. Негізгі шаруашылық кәсібі, түрлі әдет-ғұрып, салт-санасы кең суреттеледі. Қоғамдық өмірінің, экономикалық жағдайларының ілгерілеп дамуымен байланысты халықтың тұрмыс күйі, әдет-ғұрпы,салт-сезімі, дүниеге көзқарасы т.б. біртіндеп өзгеріп отырады. Сөйтіп, бір заманда туып бертін келе, көп уақыт бойына қалыптасқан белгілі жүйеге түскен, дағдыға айналған тұрмыс-тіршілік, әдет-ғұрып, салт-сананың алғашқы мазмұны біртіндеп ескеріп заман талабына сай жаңа мазмұнға ие бола бастайды. Осыған орай ауыз әдебиеті, оның ішінде тұрмыс салтқа байланысты түрі де дамып, өзгеріп отырған. Қазақтың ауыз әдебиетінде халықтың тұрмыс-салтымен байланысты туған шығармаларды мазмұны жағынан бірнеше түрге бөлуге болады.
Солардың ішінде батырлар мыналар:
1. Төрт түлік малға, еңбекке, аңшылық кәсіпке байланысты туған шығармалар.
2. Баланың дүниеге келуіне, есейіп ер жетуіне байланысты туған шығармалар.
3. Үйлену салтына байланысты туған өлең-жырлар.
4. Көңіл-күйді білдіретін өлең-жырлар
5. Бата тілектер.
Жарапаз айтудың кең ауқымда алғанда жүйе-жүлгесі мынадай: әдетте рамазан айында ауыл аралап өлең айтушы (жарапазашы) үй иелерінен сыйлық дәметеді, тіленеді, талап етеді, алдымен олардың үйін (әрбір жабығын, жиһазын санамалап) мақтайды, содан кейін бата береді, сонымен бірге күнәһар жандарды о дүниеде тозақта небір қиыншылық, ауыр жаза күтіп тұрғанын ескертіп, сауапты мол жасау парыз деп діни уағыз-насихат айтады. Демек, жарапазан айтудың құрылым-түзімі былай деуге негіз бар: үйді мақтау, діни насихат айту, сыйлық алу, бата беру. Жарапазан айтушының баспананы мадақтауы былай:
Үйің-үйің үй екен,
Үйдің көркі ши екен,
Саба көркі – бие екен,
Сандық көркі – түйе екен,
Әшекейлеп сырлаған,
Ақ сарайдай үйі бар.
Ақ бөкендей қойы бар,
Қара сақал кермиық,
Қандай байдың үйі екен?
Айтамын жарапазан үйіңізге,
Ұстаған үй айнала шиіңізге
Қой берсең, қозы берсең, көпсінбеймін.
Келіпсіз биылғы жыл күйіңізге,
Айтамыз жарапазан үйіңізге,
Туырлық үй айнала шиіңізге
. Осы үйдің шаңырағы шап-шақ екен,
Жеңгеміз осы үйдегі аппақ екен....
Айтамыз жарапазан есіңі,
Қошқардай қос ұл берсін бесігіңе ...
Жарапазан «Жа-Рамазан», яғни арапша «рамазан келді» деген сөзден шығуы ықтимал деген де пікір бар. Сонымен бірге жар, жарлау, жарғы, жар-жар деген сөздердің түрік-монғол халықтарындағы түпкі мағынасы заң, салт, кәде-ырым деген ортақ мәнде кездсуі – бұл атаудың арғы тамыры тереңде екендігін білдіреді. Әйткенмен дәл осы орайда түркімендердің жарамазанды «Я, Ремезан» деп атауын ескерген өте орынды әрі бұл шындыққа жақын пікірді туындатады. Қазақ та бұрынғы заманда осы жырдың қайырмасын көтеріңкі көңіл-күймен «Иә рамазан!» деп аяқтап келіп, кейіннен бұл сөз дыбыс үндемтігіне сәйкес жарамазанға айналып кетуі де әбден мүмкін. Қасиетті ораза айында дінді насихаттап өлең айту сауап деп түсіндірген жарапазаншылар өнер арқылы ораза ұстаушылардың көңілін көтерген, қайыр-зекетін де алған. Ассамағалейкум, ақтан келдік, Ай туып, күні шыққан жақтан келдік. Айтты деп жарапазан сөкпеңіздер, Пайғамбар жолын қуған адам едік. Қайырмасы: Мұхаммет үмбеті айтқан жарапазан, Бір келген он екі айда ораза, иман. Көптеген зерттеушілер жарапазанды діни салттан туған өлең түріне жатқызса, бір ғана Х.Досмұхамедұлы тосын пікір білдірген. Ол «Бұл жырлар жартылай діни сипатты: жараманзашылар өз өлеңдеріндерінде шариғатқа иек арта отырып, қайыр-садақа, сый сұрайды. Әдебиеттің бұл түрі орыстардың «Колядованиесін» еске түсіреді» деп жазады. Халық мұрасының майталман білгірінің бұл пікірі тіпті бекер емес, себебі біріншіден, ислам дінін қабылдамаған бауырлас телеуіттерде үй иелерінен сыйлық сұрап айтатын мұндай өлеңнің түрі бар, оны «үрей» (қайырмасына байланысты) деп атаған, мәтіні қазақтағы осы өлеңмен мәндес, екіншіден, жарамазан жырында туысқан емес славян халықтарының колядасымен де типологиялық ұқсастық бар, демек бұл есте жоқ ескі заманнан бері келе жатқан ең бір байырғы жанр деп түйін жасауға негіз бар. Мысалы, телеуіт мәтіні былай:
Айға тіккен үйіңді, үрей!
Алтын манен құрсасын, үрей!
Оның ішінде әйекем, үрей!
Жетпіс бес жас жасасын үрей!
Күеге тіккен үйіңді, үрей!
Күміс пенен құрсасын, үрей!
Оның ішінде жездекем, үрей!
Жетпіс жасты жасасын, үрей!
Ерей үй иелері сыйлық бермесе, оларды телеуіт балалары былай деп қалжындап қарғап, бопсалайтын:
Айға тіккен үйінді, үрей!
Аюлар келіп тырнасын, үрей!
Күнге тіккен үйіңді, үрей!
Жын-пері келіп тырнасын, үрей!
Жалпы, жарамазанның әу бастағы қызметі мен мәні – шаңырақ иелеріне құт-ырыздықты әсерлі ақ тілек, әдемі алғыс-бата арқылы шақыру, олардан жұт-қырсықты қаһарлы сөз сиқырымен қуып аластау мақсатында жасалатын магиялық шаралар кешенінен туындағаны анық болып отыр. Сол себептен де оның мәтінінде алғыс пен қарғыс жиі кездеседі. Мәселен, «Кіріс дәулет, шықсын бейнет», «Бай үйіне берекет, қаша берсін бәлекет», «Кіріс дәулет есіктен, шықсын бейнет тесіктен», «Келгенде қайыр-зекет бере алмасаң, жібермес ақыретте менің назам», «Асырсын-ау, асырсын, жамандығын жасырсын, осы үйге қастық қылған адамды, қара таспен бастырсын!» т.с.с. Түрікмен үлгісінде де алғыс-қарғыс қатар қолданылады: Қараша күржең үй болсын, Үйіңізде той болсын. Көп бергенге ұл тусын Аз бергенге қыз тусын. Арап-парсы елінде жарамазан жыры жоқ, ал оның түрік тектес көптеген халықтарда ортақ болуының бір сыры – осы ежелгі жанрдың исламға дейінгі мәдениетте ел өмірінде әбден белгілі болғандығының дәлелі секілді. Бұл жайында М.Әуезов «...қазақ жарамазандарының көбін алсақ ... күшті сопылық, өрескел тақуалықты айтып, өзге жұрттың дін өлеңі сияқты үнемі сәжде, үнемі дұға, ұдайы күнакер болуды айтып, көп тәубаменжалбарына беретін сөздер жоқ деуге болады. Бұл жағынан қарағанда қазақтың көп жарамазаны баяғы ақы сұрап айтатын мақтау өлеңдеріне жақын келеді» деп жазады. Өткенмен қазіргі жарапазан исламның шартына толық бейімделген күйде дін салтының жыры болып өмір сүріп отыр деуге болады. Бұл құбылыстың себебін М.Әуезов «Қазақ ортасына ісләм дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты сүюі себеп болды деген дұрыс пікір. Елге не жайылса да, әдебиет жұрнағы болып, әдебиет өлшеуінің біріне түскен соң ғана жайылатын болған. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөзсіз келген құрғақ үгіт болса, ондайды ел тыңдамаған да, ұқпаған, ықылас қоймайтын болған. Сондықтан мұсылманшылық дін де қазақ елінің табиғатына, ыңғайына қарай ұйысып келген. ... Жарамазан өлеңі де сондайлық дін мағынасы мен дін үгіті болып шығып, бері келген соң қыдырма жарамазаншылар әнге салып айтатын болды» деп түсіндіреді. Демек, жарапазан әу баста маусымдық-күнтізбелік ғұрыпқа қатысты түкір халықтарының бірлігі дәуірінде әлдеқашан пайда болып қалыптасып, кейіннен ислам дінінің қағидаларымен етене тоғысқан аса байырғы синкретті жанр деуге негі бар. Әзірбайжан мен түркімендер наурыз келгенде яремезан, тәжіктер «бойчечак» гүлі өнгенде «колядка» айтатын болған деген пікір кездеседі. Бұл деректерден осы жанрдың түп-төркіні бағзы дәуірде көктемде күн мен түн теңескен табиғаттың жаңғыру, түлеу мейрамымен сыбайлас пайда болғанын аңғаруға болады. Түрікмен жарамазанын зерттеген В.М.Беляев (1962), Х.Г.Короглы (1976), Ш.Гуллыев (2003) секілді ғалымдар бірауыздан осы мағынада тұжырым жасаған. Ойымызды «Қазақ музыкасының антологиясы» еңбегінде жарияланған Наурыз мейрамында айтылатын жәдит-жарапазанның мәтіні де дәлелдей түсетіндей. Бұл жарапазанның ерекше түрін музыканттшылар 1985 жылы 1929 жылы туған Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының тұрғыны Ұ.Ақшаловадан жазып алып «Жаңа жылдық құттықтаудың сирек түрі. Алдымен ұлыстың ұлы күні – наурызда айтылған, кейіннен рамазан айында айтылатын болған» деп түсінік берген екен. Үлгіде мынадай сөздер кездеседі:
Айтайын жарапазан есігіңе-ау,
Сәби бітсін осы үйдің бесігіне-ау.
Жарапазан тек қана дін жолы емес,
Бұйыртсын деп айтайын несібіңе-ау,
Ескі жыл кетіп қалған есіркейді-ау,
Жаңа жыл кетіп қалған нені істейді-ау.
Жаңа жыл жетіп келген жүкпен келер,
Жұбайлар жаңа-жаңа жұппен келер.
Әдетте қалыптасқан салт бойынша жарапазаншылар сыйлық алғаннан кейін өлеңін батамен аяқтайды:
Балалардың мінгені,
Жорға-жорға тай болсын.
Жорғалатып келгенде,
Байдың көңілі жай болсын.
Ай жағыңа қарасаң,
Алтыннан терек орнасын.
Күн жағына қарасаң,
Күмістен терек орнасын....
Бөлшіл-бөлшіл, бөлшіл бол,
Бозторғайдай төлшіл бол.
Бәйтеректей бүрлі бол.
Пайғамбердай нұрлы бол.
Бисмилла аллаһу акбар!
Жарапазан тәулсіздік кезеңде қоғамда діни бостандықтың оралуына байланысты ел арасында қайтадан көрініс тауып отыр. Ауылдық жерлерде, жүргіншілер поезында жарапазан айтушылар әредік-әредік кездесуде, сонымен бірге оны белгілі әншілер де сахнада орындап жүр. Тіпті ұялы байланысқа SMS арқылы жарапазан жолдап, бірлік сұрайтын жарапазаншылар да кездесуі – осы жанрдың жаңа заманға бейімделуге мүмкіндігі бар екендігін танытады. Жарапазан атауын кейбір өңірде жарапазан, жарамазан, жәдит-жарапазан, тіпті саһар деп те атайтын болған. Мәселен, Көкшетау облысының шығыс аудандарында саһар айту дәстүрге айналған.
Саһар айтқан балалар,
Елден елді аралар.
Саһаршы бала жатпйды,
Тәтесі жүзік берсе егер,
Саһаршы бала тоқтайды. ...
Мұндай саһар деген сөз сәре (таң сәрі) деген мағынаны білдіреді. Мәселен, ҚХР Шыңжан Тарбағатай өңірінің қазақтары «сәре ішу» дегенді «саһар ішу» деп қолданған. Бұл сөз жайында белгілі тілші ғалым Н.Уәли «Таң сөзімен тіркесе айтылатын сәрі («таң сәрі) – осы сахар сөзінің дыбыстық өзгеріске ұшыраған түрі. Діни салтқа байланысты сахар, сәре сөзі «таң ертеңгі тамақ» дегенді білдіреді. Ораза тұтқан діндар адамдар сәресін (сахарын) құлқын сәріден ішеді» деп жазады. Демек, ауыз бекіткендір саһар ішкен мезгілде айтылатын жарапазанның түрін саһар, ал оны айтушыны саһаршы деп атау да қалыптасқанын аңғаруға болады. Жарапазанды ораза айында кейде ел сәресін ішкен елең-алаңда, кейде күндіз, көбінде ауызашардан соң кешкі алагеуімде ораза ұстаушылардың көңілін көтеру, бойын сергіту, уақытын өнегелі насихатпен өрнектеп өткізу мақсатында қыдырма жарапазаншылар айтатын болған. Жарапазан белгілі дәрежеде өнерпаз жандарды табыс табуға ынталандыратын фольклорлық театрдың мәуелі бұтағына айналған кәсіби өміршең жанр деуге толық негіз бар. Жарапазаншының табысы туралы белгілі ғалым Ә.Қоңыратбаев «Ораза айында үлкен айтушылар жарапазан айтып, түйе алса, кішігірім айтушылар үй жағалап, әйелдерден ауыз ашарға құрт, май, ірімшік, сұраған» деп жазады. Қырғыздар жарапазанды рамазан, түріктер рамазан манисі (жыры) деп атаған. Қазақ пен қырғыз өлеңінде бәлеңдей айырма байқалмайды:
Рамазан айтып келдім есігіңе,
Құдайым бір ұл берсін бесігіңе.
Кел-кел, балдар, келгелі,
Байға бата бергелі.
Байдың көңілі ашылсын,
Жүзге келіп қарысын.
Баяғы кезде жарапазан жыры бүкіл ауыл, қауым болып айтылған болса, ал қазіргі кезде көп қолданылмайтын тіпті қолданыстан қалып бара жатқан жырлардың бірі. Мысалы, менің өзімнің тұрып жатқан аядай ғана Хантау өңірінде қасиетті рамазан айында жарапазан жыры көп айтылмайды, тек үлкен ауыл апалары ғана қолданып айтып жүреді. Ғылыми жұмысымның негізгі тақырыбын жарапазан жыры деп алған себебім, бұл жырды үлкен апаларымызбен қоса жастар да көңіл аударып, қолданады деген сенімдемін.
Жарапазан жастарды:
1. Имандылыққа
2. Шешендік өнерге
3. Бата, тілек айта білуге
4. Суырып – салма қасиетті дамытуға тәрбиелейді.
Қорыта келе М.Әуезов « Замана толқыны тарих теңізінің жағалауына көркем өнердің баға жетпес меруерт – маржандарын қалдырды. Бұл бағзы заманнан қалған архетектуралық ескерткіштер, грек храмдары, мысыр пирамидалары, қытай сарайлары, скульптура, лағыл тастар мен мәрмәрдан жасалған кереметтер, өткен дәурен адамдарының жай – күйін аңыз етіп шертетін сурет пен музыка. Бірақ сол асылдардың асылы – адам баласының рухы мен ақыл – ойын барша ұрпаққа паш еткен ескермес, өлмес, өшпес өлең – жыр», - деген ой маржандарын мұра еткен. Олай болса жарапазан әні де алдағы уақытта өшпей, жаңарып жастардың қолдауына ие болады деген сенімдемін.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. М. Әуезов «Әдебиет тарихы» Қазақстан 1927 жыл.
2. С.Сейфоллаұлы «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» Қазақстан 1931 жыл.\
3. Е. Ысмайлов «Ақындар» Алматы 1956 жыл.
4. Е. Жұмалиев «Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері» Алматы 1958 жыл.
5. М. Ғабдуллин « Қазақ халқының ауыз әдебиеті» Алматы 1972 жыл.
6. « Қазақ фольклорының типологиясы» Алматы 1982 жыл.
7. Ш.Уалиханов « Шығармалар жинағы 5-том» 1984 жыл.
8. Ә. Марғұлан «Ежелгі жыр, аңыздар» 1985 жыл.
9. «Қазақ фольклористикасының тарихы» 1988 жыл.
10. «Фольклор шыңдығы» 1990 жыл.
11. « Қазақ фольлорының тарихилығы» 1993 жыл.
Достарыңызбен бөлісу: |