Жазушы М. Байғұт дәстүрлі «елеусіз» адамдар тағдыры арқылы, оның «Денсаулық зор байлық» мәселесінің адамзат болып күресетін тұсын жаңашылдықпен көркемдей алған. Ол «Уран ұрған» әңгімесі



Дата11.01.2017
өлшемі64,85 Kb.
#6910
Жазушы М.Байғұт дәстүрлі «елеусіз» адамдар тағдыры арқылы, оның «Денсаулық – зор байлық» мәселесінің адамзат болып күресетін тұсын жаңашылдықпен көркемдей алған. Ол – «Уран ұрған» әңгімесі.

Әңгіменің көтерген тақырыбы – Ел амандығы, жер амандығы, дені сау ұрпақтың өркен жаюы. Жазушының өз сөйлеміне кезек берсек:«Оқыс оқиғалар мен қылмыстарды былай қойғанда, адам өлімі жиілей бастаған. Осы жылдың ортасында, Бағдат сержанттық мектепті бітіріп келердің алдында Құдайқұлов дейтін солдат асылып өліпті. Осында жерленген екен, Бағдат барып көрді ғой. Бейіт дейтін бейіт те жоқ көрінеді. Жеті-сегіз төмпешік бар, төбелерінде жұлдыздар жамырып тұр деуге келмес, айдалада аңырап тұр» [1, 129].

Әңгіме кіріспесінде:«Күн күлтілдеп, ісініп шықты» [1, 128],– дейтін бейнелеу көркемдігінің өзіндік мол қыры бар, айтар ойдың жиынтығы қайта айналып осыған тіреледі. Себебі, зардаптың білінбей келіп бықпырттай тиіп жатуы М.Байғұттың «күніне» де әсер еткен. Өйткені:«Бұл төңіректің бәрі сау емес, жер астында қат-қат қазбалар жатыр. Еліміздің қорғаныс қуатын арттыратын аса қымбат қазыналар ғой баяғы. Амандау жер сирек, аман жер жоқ бұл маңайда. Тәуіп бәрін біліп отыр. Баланың ауруы жоқ дей алмайды екен. Алдай алмайды, қауіпсіз де дей алмас. Алдын алмаса, асқынар» [1, 133].

Өлім-жітімнің басты себебі мынада: «–Уран ұрған? – деді тәуіп үшінші рет. Өзіне-өзі. Бағдаттың тұла бойы қалтырап-дірілдеп қоя берді. Ураны несі, ұрғаны несі? Не сұмдықты айтып отыр?! Жабық аймақ, жұмбақ нысаналарда жүргендері рас. Бәрі уақытша, бәрі өлшемді, бәрі мөлшерлі деуші еді ғой бұларға ... Денсаулыққа ешқандай зияны жоқ деп жұбататындары жалған болғаны ма сонда?!» [1, 132].

Жазушы мұнымен қоса халық тағдырын қозғайды: «– Жаңағы түсі суық әскери адам неге келді деп, неге ғана сұрамайсың қазағым?! – деді еңірей боздаған Аксен шал кенет. ... Б-біздің мына қарғыс атқан қараша ауыл жер бетінен жоғалады. Солай болуы тиіс екен. Бір айдың ішінде бұл маңайдан қарамызды батыруымыз керек енді! Қаласақ, қаладан үй-жай беріледі. Қаламасақ, бас ауған жаққа жол ашық. Қаржы төленеді. Жаңағы әскери адам осыны айтып, қол қойдырып әкетті, қазағым қалқам ... Барар жер, басар тауымыз жоқ. Сол қаласына барып, тастай батып, судай сіңерміз, сірә» [1, 137]. «Қарғыс» атқан болуы мынадан: «Жер бетінен жоғалып бітуге жақын, жүз қаралы ғана жаны бар, өздерін қашанғы бір көне халықтың тамтығы деседі екен. Әйтеуір бұлардың бие сауатынын, жылқының етін жейтінін біліпті Дабыл» [1, 131]. Жазушы дәстүрлі ауыл тақырыбының өзекті мәселелерін кейіпкер олған тәуіп шал Аксен арқылы көркемдейді. «Қазақтардың қанша екенін естігенде Аксен Алексеевичтің көзі жасаурап, бақытты халық екенсіңдер деп, балаша қуануы де ем еді» [1, 134]. М.Байғұт аталған әңгімесінде ұлт тағдырының тамыры неде жатқанына назар аудартады.

Жазушы көтерген мәселелердің көкейкестілігі мен көркемдігі жағынан М.Байғұттың «Әдебиет пәнінің періштесі» әңгімесі де атап айтарлық. Өнер тақырыбын сөз еткен әңгімелердің, өнерпаздар туралы толғанудың дәстүрлілігі «Әдебиет пәнінің періштесінде» өз жаңашылдығымен танылады. Әңгімеде Ұлыларымыз туралы элегия сыр шертеді. М.Әуезовтің әкелі-балалы Абайы мен Құнанбайы секілді әңгіме жанрында да екеуара сұхбаттан тәлім болар тамаша дүние жасалған. Қараңыз:«Ахметтерді Ахметтерше оқытатын мұғалім қажеттірек екенін сезінемін, ол үшін аспирант, кандидат, доктор болудың қажеті шамалы да шығар,- дедім мен. – Байтұрсынұлы шынайылап зерделетер, зерлетер адамдар жазатындардан гөрі де қажеттірек секілді, қалай қарайсыз мұныма?». Сіз тызылдаңқыраған күйіңізден айығыңқырап, күлімдеп қарауға көштіңіз. «Мені мұқатып мәз болғаныңнан айналайын»,- дедіңіз. Сіз бен біз кей-кейде ғана осылай сөйлесіп алатын едік, әке» [1, 66]. Бұған қоса А.Ісімақованың пікірінде [2, 384], жетпісінші жылдардың әдебиетінің баяндау тәсіліне иландыру, ішкі сөйлеу сөзі басым екендігі, замандастарына тыңдарман ретінде, түсінігі мол оқырман ретінде қарағаны айтылады. А.Ісімақова мұндай тәсілді қолданған жазушылардың қатарында М.Құлкенов, Ж.Қорғасбеков, Р.Мұқанова, А.Алтайды атаса, өз тарапымыздан М.Байғұтты атаймыз.

Замандастарының тынысы мен тіршілігін, ойы мен өресін әйгілеген М.Байғұттың көркемдік қиялы осы әңгімелесу сипатынан кең көрінеді. Қараңыз: «Жүсіпбек мекен еткен үйде тұрып жатқандардың Аймауытұлы туралы түк білмейтініне емес, білмекке ұмтылмайтынына қамығып, құсаланған шығармын». Әңгіменің жанрлық сипатын сақтай отыра көп ойдың жетекшісі болған: «Шәкәрім қажы ақталмай тұрып-ақ, тіпті мына мен де, сіздің сүйікті келініңіз де тумай тұрып-ақ, оның әнін әлдеқайдан, әлдекімнен үйреніп, жеке-даралау бас қосуларда дірілге буып, ділімен беріліп айтып жүреді екен» [1, 71].

«Әдебиет пәнінің періштесінде» М.Байғұттың прозасы поэзияға айнала бастағаны байымдалады:«Елді түзеу баланы оқытуды түзеуден басталады»,- деген. Ахмет айтқан бұл сөзді. Елді түземекке талпынған, баланы оқытуды түземекке жан салған жанның жандалбаса жайын қара ендігі?! Қадам басу мұң болып, қарды құштым қайтадан. Мұнарланып айналам, жел ұлыды жындана» [1, 84]. Ары қарай назар салыңыз: «Мұқағали ағатайым! Дамылдайын мен дағы. Суларың да тулағандай, тал-терегің шулағандай. Күңіреніп жылағандай күмбір дүние күреңітіп. Тыныш табам сәлден соң. Тыншу табам...» [1, 97]. Жоғарыда «Әдебиет пәнінің періштесінің» қазақ әдебиетіне дәстүр мен жаңашылдықтың мол үлгісін береді деп саналатын тұстары талданды.

Жазушы М.Байғұт туралы: «Мархабат творчествосының қолтаңбасы, ізі байқалады. Үлкен пафосты терең ой айтуға ұмтылып көп сөзділікке салынбайды. Түйін пікірлері шебер құрылған уақиғалардан өніп шығады» [3, 32],–деген пікір айтылған. Сол сияқты Шерхан Мұртазаның да: «... Бұл жазушы да Жаратушы өзі бұйыртқан уыз тіл бар» [4, 10],– деуі, айтпағымызды толықтыра түседі.

Н.Смағұлованың кандидаттық еңбегінде берілген: «Қазақ қаламгерлері қалыптасқан дәстүрлі тартыстан қол үзіп, жаңа тартыс түрлеріне бара бастады. Бұндай тартыс түрлерінің қалыптасуына 20-30-шы жылдардағы қазақ жазушыларының әңгімелеріндегі модернистік бағыттың араға уақыт салып қайтадан қазақ прозасында көрінуі деп білеміз»,- деген пікірі өте орнықты. Ізгілік, адамгершілік, ішкі көңіл-күй толғанысы жеке адамға тән. Осындай сезімге ие тұлға арқылы тартыс құраған әңгімелер көбейді.

Қазақ әңгімелеріне тән психологизм қаһарманның мінез-құлқын өтіп жатқан оқиғамен біте қайнатып шыңдау жолы арқылы жеткен жазушы М.Байғұттың әңгімелері шынайы, табиғи қалыпта танылады. Бұған қарап әңгіме жанрындағы психолог жазушыны танудың тағы бір қырын межелейміз: «...жанрдың жаңалануы тіпті ойламаған бағытта жүруі мүмкін. Әңгіменің мәнерлілігі, оның «өміршеңдігі» және тіршілік қозғалысына, уақыттың техникалық жетістіктеріне «бейімділігі» таңқаларлықтай» [5, 78]. Жазушы М.Байғұт жазатын тақырыбын бойына сіңіріп барып жазады: «Бір дорба диплом» деген әңгімемді: «Кенет кенеп дорба мода болды да кетті» деп бастап, аты да алғашқы сөйлем де өзіме ұнағаннан ба, әйтеуір бір деммен бітіргенім есімде» [4, 10],– деуі осыған дәлел.

Әрбір жеке жазушының көтерген мәселесі алдымен дер кезінде көтерілуімен, екіншіден дәстүрді жаңғыртуымен бағаланады. «Мархабат қазақ өмірінің бүгінгі тынысына үңілген кезде жаңаша өзгерістерді көргіш. Оның кейіпкерлері – Донкихоттық әпенділіктен арыла алмаған, сөйтсе де барға қанағат, жоққа салауат қылатын біртоға жандар. Бұл жағынан ол Бейімбет Майлиннің мұрагерлік жорасына жүре алады»[4, 10].

Әңгіме қасиеті суретті болуы десек, М.Байғұттың «Бір дорба дипломының» суреттілігі сонда «декан кейіпкерімізді» тыңдап, көріп отырғандай әсер береді. Бәріміз біліп,көріп жүрген шындықты әдебиетке еншілеткен. А.Ісімақова психологиялық талдау өнерінің қазіргі қазақ жазушыларында көрінуін атағанда:«...қазіргі қазақ прозасының шығармашылығы дамуда... М.Байғұтта,... А.Кемелбаевада және т.б. Бұл жазушылар үшін ең бастысы – ой ағысы. Замандастарының психологиялық табиғатын дөп басқан. Сонымен қатар шешімін таппаған елеулі мәселелерді көтере алған» [2, 387],– дейді. Әңгіменің бас кейіпкерінің сыртқы бөлімдегі оқуынан диплом алатын сәтіне дейінгі және «деканның ролін еріксіз орындауға мәжбүр болған мәртебесі» оның ойлау әрекеті арқылы құрылған. Мұндай әңгіме жанры «көңіл-күй» әңгімелері деп аталып жүр. Прозада, әсіресе роман жанрында «соқа салған» жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Парызы», ал О.Бөкей повесть жанрында, сол сияқты Ә.Кекілбаев романдарында бұл арнаның кеңдігін көреміз. Әңгіме жанрының локанизмін сақтап төл сөз арқылы кейіпкерді (өткен өмірі) тартысқа түсіру, бір сәттік «декан» деген лақап атынан басқа нақты есімі жоқ, Ыбырай Алтынсарин бастауында тұрған мәртебелі мамандықтың иесі соншалықты сүйкімді есте қалады. Жазушының «құрылыс-сәулетінде» мықты бір шеге – дорба сөзі. Ол – орталық деталь.Дорбаны мектеп шәкіртінің, институт, университет студентінің «білім сақтаушы сауыты» секілді қабылдасақ, сол дорба – мектеп мұғалімінің, университет оқытушысының «өзін асыраушы қамыты» болып шығады.

Қазақ әдебиетінде психологизм элементі көне түркі әдебиетіндегі Иоллығ тегін жазған (үлкен) Күлтегін жазуларында басталған, кейін даму, түрлену нәтижесінде өрістеуі әр жазушыда әр қырынан танылады. Дәлелдей түссек: «Ә.Кекілбаев кейіпкерлері, өмірдің сан сұрағына дайын жауапқа қанағаттанбайды, олар жауапты іздеуді және тіршіліктің өз тынысынан табуды заңдылыққа айналдырған» [2, 379],– деген пікірін Ә.Кекілбаевқа арнап айтса, М.Байғұттың да «Бір дорба дипломының» кейіпкерін осы негізге жатқызуға болады. Өмір қойған сауалдарға жауап екінші ой қабатындағы кейіпкер деканға арналуы осы пікірге әкелді. Осы әңгімеде Қаншайым бейнесін атап айтылады. Қараңыз: «Декан ағай сырттай оқудың мәнсіздігі туралы талай-талай әңгімелер айтқанда Қаншайым қатыспаған.Егер ол болғанда декан ағай дәл сондағыдай көсіле алмас па еді?» [1, 184],– деп баяндалатын тұстан бастап «Бір таң қалғаным, декан ағай кездейсоқ келіп, бесенеден белгілі әңгімелерін қайталайтын кезде Қаншайым жоқ болып шығады. Осы кісінің келе жатқанын көріп, сыртта сытылып қала ма, білдірмей шығып кете ме, білмейсің» [1, 185],–деп сырын төккенде көп ойды, кейіпкердің арғы-бергі тағдырынан мәлімет аласың. Қаншайымның:«–Ыңғайлы, қарапайым жағын жатырқамаймын»,– деп кенеп дорбаны қабылдап-ұстауы сән ретінде емесі және кейін оның мінезін ашу үшін, әңгіменің мұратын ашу мақсатында маңызды баяндау етіп құрған. Қаншайым – бірбеткей, әділдікті сүйетін, «аңқаулығынан опық жеп, өмір сүруге бейімделген» студент бейнесі ретінде есте қалады. Қаншайым мен «төл сөз авторының» бірге бірін-бірі толықтыратын бейнесі қазіргі заманның жарасы ушыққан тұсын ескертеді.



Жазушы осы әңгімесінде сатира әдісінің жаңаша қалпын байқатқан. 

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет