Жеңіспен оралды
Көктемнің алғашқы аптасы №3 Күршім гимназиясының спорт өрендеріне жеңіс қуанышын сыйлады. Наурыз айының 10 күні Ұлан ауданы Қ.Қайсенов кентінде армрестлингтен юниорлар мен кадеттер арасында Шығыс Қазақстан облыстық чемпионаты болды. Қатысушылардың жалпы саны 300-ден асқан бұл додада Әлем чемпионы Заңғар Ашмановтың жетекшілігімен гимназия оқушылары Беков Асылбек, Төлеубеков Исатай, Әлібек Әлилердің қанжығалары майланып, медаль иегерлері атанды. 45 кг салмақ дәрежесінде Әлібек Әли – ІІ, абсолют салмақ дәрежесінде Төлеубеков Исатай - ІІ, 70 кг салмақ дәрежесінде Беков Асылбек І орын иеленіп, республикалық жарысқа жолдама ұтып алды.
Әрине, жеңістің оңайшылықпен келмейтіні белгілі. Ол үшін бір күндік емес, көп жылдық тәжірибе жинақтау қажет. Облыс чемпиондары күнде кешкі уақытта жаттығу жұмыстарын жасап, үнемі шынығып жүретіні оқушылар мен ұстаздарға мәлім. Бұл ретте Заңғар Тоқанұлының тәжірибелі маман екендігіне баса назар аударған жөн. Былтырғы жылғы түлек, армрестлингтен юниорлар арасында Азия чемпионы Нұрлан Байғазин де – Ашманов Заңғардың тәрбиеленушісі.
Жеңімпаздардың айтуы бойынша, бұл спорт түріне қызығушылықтары жоғары екен. «Спорт – мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын көрсеткіш» деген Елбасының сөзі менің жадыма жатталып қалды. Біз, мемлекет мәртебесі мен ұлттық намысты қорғайтын жас өрендер, еркіндік пен өрлікке құштар рухымыздың асқақ болғанын қаласақ, салауатты өмір салтын ұстанғанымыз жөн деп ойлаймын. Өзім білім алатын гимназияда алға қойған мақсатымды жүзеге асыруға барлық жағдай жасалған. Менің мақсатым – чемпион атану», - дейді Әлібек Әли.
«Шынықсаң, шымыр боларсың» демекші, шынығу тек тәнді емес, жанды да шыңдайтынын ғалымдар дәлелдеген. Гимназия намысын қорғап, абыройын асқақтатқан жас спортшылардың алда тұрған республикалық кезеңдегі айтулы бәйгеден топ жаруына тілектеспіз.
Нурсейтова Ақерке
№3 Күршім гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Достарыңызбен бөлісу: |