Жеке құқықтың негізгі салалары
Жоспар:
Жеке құқық
Еңбек құқығы
Отбасы құқығы
Жеке құқық - жеке мүдделер, тәуелсіздік және жеке меншік пен бірлестік (корпорация) иелері бастамашылдығын қамтамасыз ететін қатынастарды реттейтін құқық саласын білдіретін, олардың мүліктік қызметі мен жеке қатынасында, жария құқықтан айырмашылығы, жалпы мүдделерді реттейтін және қорғайтын жинақтаушы түсінік.
Жеке құқықтың негізгі салаларына – азаматтық қоғам, еңбек құқығы, отбасы құқығы, экологиялық құқық жатады. Адамның жеке басының қоғамдағы жағдайы – мемлекеттің даму деңгейін білдіретін көрсеткіш. Егер өзінің өміріне, денсаулығына, қадіріне нұқсан келетін жағдай болса, адам мемлекеттік органдардан қорғаныс іздеуге, заң бойынша көмек сұрауға, президенттің өзіне шағым жасауға құқылы. Мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар азаматтың құқығына заңсыз қол сұғуға жол бермеу шараларын қарастыруға міндетті. Азаматтың құқығы мен бостандығының өзіндік мәні болғанымен, оның атқаратын міндеттерін бөліп қарастыруға болмайды. Азаматтық конституциялық міндет – біріншіден, республиканың заңын сақтаудан, екіншіден, оның өзіне жүктелген міндетті орындаудан туады. Азаматтық құқық – мүліктік және мүліктік қатынастармен байланысы бар мүліктік емес жеке қатынастарды реттейтін нормалар жиынтығы. Азаматтық құқық қағидаларына: тараптардың теңдігі; шарт еркіндігі және таңдау құқығы; еркіндік; тәуелсіздік; меншікке қолсұқпаушылық; біреудің жеке ісіне келісімсіз араласпау; азаматтық құқықтардың еш кедергісіз жүзеге асырылуы; бұзылған құқықтарды қалпына келтіруді қамтамасыз ету; азаматтық-құқықтық қатынасқа қатысушылардың құқықтарын сот арқылы қорғау жатады.
Еңбек құқығы – меншіктің түріне, шаруашылықты жүргізудің ұйымдық-құқықтық пішіміне қарамастан, кәсіпорын (мекеме, ұйым) қызметкерлерінің еңбегін ұйымдастыру саласындағы қарым-қатынастарды реттеп, олардың әлеуметтік құқықтарын қорғайтын нормалар жиынтығы. Еңбек құқығының арқауы қоғамдық еңбек қатынастары болып саналады, ал бұл қатынастар қоғамдық пішімдегі еңбек процесінде міндеттілік сипат иеленеді. Мұнда еңбекті пайдалану, оның шарттары мен ұйымдастырылуы құқықтық реттеудің негізгі мазмұнына айналады. Еңбек құқығы жұмыскер мен қызметкердің тікелей еңбек ету жағдайы бойынша жұмыс беруші атынан әрекет ететін әкімшілікпен қатынасын реттейді.
Отбасы құқығы – құқық саласы ретінде Қазақстан Республикасындағы неке-отбасы қатынастарын, сондай-ақ оларды жүзеге асырудың кепілдіктерін белгілеп, реттейді, отбасының дамуын Қазақстан Республикасы мемлекеттік әлеуметтік саясатының басым бағыты деп анықтай отырып, оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді. Отбасы құқығы құқық саласы ретінде азаматтардың арасындағы некеге тұру, баланың туылуы және баланы тәрбиелеу мақсатындағы мүліктік және мүліктік емес қатынастарды реттейді.
Неке – ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды туғызатын, отбасын құру мақсатымен заңдарда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалған еркек пен әйелдің арасындағы тең құқықты одақ.
Отбасы – некеден, туыстықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге де нысандарынан туындайтын мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтар мен міндеттерге байланысты және отбасы қатынастарын нығайту мен дамытуға жәрдемдесуге тиісті адамдар тобы.
Отбасы құру қағидаттары:
еркек пен әйелдің одағының еріктілілігі;
отбасындағы ерлі-зайыптылар құқықтарының теңдігі;
бөгде адамдардың отбасы ісіне араласуын болдырмау;
балалардың отбасында тәрбие алуына көңіл бөлу;
кәмелетке толмаған, еңбекке қабілетсіз отбасы мүшелерінің құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына көңіл бөлу;
отбасында салауатты өмір салтын қолдау;
отбасы мүшелерінің бір-бірінің қамын ойлауы.
Некеге тұрудың шарттары:
Некеге тұру үшін некеге тұрушы еркек пен әйелдің өзара ерікті келісімі керек және олар неке жасына жетуі қажет;
Неке жасы еркектер мен әйелдер үшін он сегіз жас болып белгіленеді.
Экологиялық құқық – экологиялық-заңдылық нормалардың жиынтығы. Экология – тірі организмдер мен қоршаған ортаның тығыз байланыста, қарым-қатынаста тіршілік етуі жайындағы ілім. Ол қоршаған ортаны корғау, экологиялық қауіптердің зардаптарын алдын ала ескерту, табиғи ортаны сауықтыру және сапасын арттыру жолында адам мен табиғаттың өзара қоғамдық қатынасын реттейді.
Сұрақтарға жауап беріңдер:
Азаматтық құқық дегеніміз...
Еңбек құққығы дегеніміз...
Отбасы құқығы дегеніміз...
Некеге тұрудың шарттары...
Экологиялық құқық...
Достарыңызбен бөлісу: |