«Жыр- менің жалғыз тарланым,жанымды жырмен жалғадым» Мақсаты



Дата02.07.2018
өлшемі56,5 Kb.
#45400
«Жыр- менің жалғыз тарланым,жанымды жырмен жалғадым»

Мақсаты: Поэзия патшайымы Қазақстанның халық жазушысы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың өнегелі өмір жолын, өнерін,өр мінезін,асқақ рухын оқушыларға насихаттау. Поэзия әлеміне ,сөз өнеріне сүйіспеншілігін арттыру.Аяулы ақын апамызға деген оқырмандар махаббатын одан әрі үстей түсу.
Көрнекілігі: ақынның суреті, «Поэзия падишасы» кітап көрмесі,слайд,цитаттар.

Барысы
Көрініс:

Ортада әйелі мен күйеуі отырады.Отағасы қолында домбыра, отанасы қолында кесте.
Әйелі: Отағасы, бүгін бір ғажап түс көрдім. Түсімде саялы бақтың ішінде қыдырып жүр екенбіз. Айналамызда албырап пісіп тұрған алма ағаштары. Мен сол алмаларға қызығып біреуін ағаштан үзіп алғым келді. Бір уақытта көзіме бір алма ағашы түсті. Ол ағашта алманың орнына том – том болып кітаптар ілініп тұр екен. Сол кітаптардың арасында қып – қызыл алма көздің жауын алатындай болып тұр екен. Мен қуанып кетіп, сол алманы алып, рахаттанып жеп жатқан жерімде оянып кеттім.
Отағасы (күліп): Ай, тәйірі – ай. Алла бұйыртса, екеуміз армандап жүрген қып – қызыл алмадай қызымыз дүниеге келеді екен. Қызымыз жай қыз емес, том – том кітаптарды жазып қалдыратын ақын ба, жазушы ма болатын сияқты.
Әйелі: Айтқаныңыз келсін, отағасы, айтқаныңыз келсін!
Кадрдан тыс дауыс: Қазақ даласын өзінің құнарлы жырымен сусындатқан қазақтың ерке, ақын қызы Фариза туған елін өз жырларына қосып, әр қазақтың жүрегіне салмақты ой сала білген, қайталанбас дарын иесі. Оның өлеңдері арқылы күш алып болашаққа нық сеніммен аттанған бүгінгі ұрпағымыз Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы алдында тағзым етеді.
Жүргізушілер ортаға шығады: Оралхан мен Мейірім
1-жүргізуші:
Армысыздар құрметті ұстаздар,оқушылар! Бүгінгі мектеп кітапханасындағы кешімізді жүректерді жан жылуымен ерітіп,поэзия әлемінің биік шыңдарын өз еркіне бағындырып,қиялға қанат сермеген Қазақстанның халық жазушысы,Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,қоғам қайраткері ақын Фариза Оңғарсыноваға арналған «Жыр менің жалғыз тарланым,жанымды жырмен жалғадым» атты әдеби кешімізге қош келдіңіздер!

1-оқушы: «Жыр менің тарланым» Қуанышева Нұршат 10а

Фариза ақынға арналған слайд экранға назар аударайық.

2-жүргізуші: Фариза Оңгарсынова 1939 жылы 25желтоқсанда кәзіргі Атырау облысының Нобогат ауданындағы Манаш ауылында дүниеге келген. Нарын құмының арасында , асып-тасқан байлығы болмаса да өзіндік дәулеті бар отбасында дүниеге келген. Әкесі еліне сыйлы, ашық-жарқын адам болған. Ол әкесіне арнап көптеген өлеңдер шығарған. Фариза әкесінен жастай қалып, анасы Халиманың тәрбиесінде болады. Анасы көп сөйлемейтін, сөйлесе мақалдап сөйлейтін, аса ақылды, рухани қуатты, сұлу адам болған. Фариза анасы арқылы ертегі, аңыздарды кішкентайынан бастап құлағына құйып өседі.

Ақынның бірнеше өлеңдеріне арқау болған- аналар тақырыбы.


2-оқушы: «Перзент сөзі» өлеңі » Жаснұр 9 сынып

Әкем –менің тәңірім, пайғамбарым,

ұмтылатын биігім, сайран бағым.

Ол білмейтін дүниеде құпия жоқ,

біліп алған ,япыр-ау, қайдан бәрін?!

Күшті де жоқ,дәл ондай жер бетінде,

сұлу мүсін, бір мін жоқ келбетінде!

Батыр,дана сол ғана. Асығамын

әкеме ұқсап тезірек ержетуге.

Ол жоқ болса, ұйқы да қашты менен,

көріскенде қуаныш шашты денем.

Әкеме ұқсап әжемді қадірлеймін,

анашымды әкемше жақсы көрем.

ол тұрғанда сезінбей қатер демін,

хандардың да қалпағын әпермедім.

Әділ шешім айтатын барлық істе

біздің үйде бас қазы- әкем менің.

Әкем барда , арқам кең, жоқ алаңым,

бәрі орнында: шаруаң, қора, малың.

Төрт жағымыз құбыла. Мен өскенде

Қиындау ау әкемдей бола аларым.
3- оқушы «Анама» өлеңі » Мейірім 9 сынып

Кеудеңде мені тербеттің,

Жас шыбық енді көктеді.

Мінеки, мен де ержеттім,

Еңбегің бекер кетпеді.

Өмірде мынау ең жақын

Аяулым сенсің, анашым!

Болмаса мейлі зор даңқың,

мен үшін бірақ данасың.

Мейірім төккен нұр жүзің

тұрғандай сезем жанымда.

«Адал бол, - деуші ең – жұлдызым».

сақталды сөзің жадымда.

«Игі еңбек түбі осы-ау», - дер

көргендер жеміс ағашын.

Қартаймай , мәңгі жасай бер,

Мәңгілік Күндей анашым!
Фариза өлеңдері 1958 жылдан басыла бастаған. Оған алғашқы назар аударған адамның бірі қазақтың ұлы ақыны, жастардың қамқоры Әбділда Тәжібаев еді. Ол Фаризаның алғашқы жырларынан-ақ оның бойындағы талантын танып, оны әкесіндей қолдады және ылғи да қадағалап, қуанып отырды.

1961 жылы Гурьев мемлекеттік педогогикалық институтын бітіргеннен кейін әуелі мектепте мұғалім,кейін облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің әдеби қызметкері болып еңбек етті.

1968-1970 жылдары республикалық «Лениншіл жас» газетінің Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстары бойынша меншікті тілшісі, ал 1970-1978 жылдары республикалық «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы,1978-2000 жылдары «Пионер» журналының бас редакторы қызметтерін атқарды.

2000-2004 жылдары Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.



1-жүргізуші: Тұңғыш өлеңдер жинағы –«Сандуғаш» 1966 жылы жарық көрді.Маңғыстау маржандары 1975, «Шілде» 1978, « Сенің махаббатың» 1979 , «Сұхбат»1983 ,«Дауа» 1985 т.б өлең кітаптарымен қатар күрескер ақын Махамбет Өтемісұлы туралы «Алмас қылыш» қазақтың өнері қыздары туралы Майра , Сара жайында «Тартады бозбаланы магнитім», «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», «Қарғыс»,«Қасірет пен ерлік жыры» сондай -ақ «Дала тағдыры» ,«Ақбөбек» жырлары,«Жантолының монологы»,«Мен өмірді сен деуші ең», «Интервью» т.б поэмалары жарияланды.

2-жүргізуші: Бүгінде Фаризаны білмейтін оқырман кемде-кем.Ақын-өз заманының ар-ұжданы.Ол болашақ үшін өмір сүрді.Әлденеден мұңайған кезінде біреудің пасықтығынан жүрегі мұздаған кезінде кешегі досының бүгін теріс айналғанын көргенде Фаризаның досы сенері мұңдасы-поэзия еді.

Ендеше кезекті оқушыларға берейік

4-оқушы: «Өлең, мен сені аялап өтем» Жанна 9 сынып

1-жүргізуші: Әркімнің туған жері, туған өлкесі бар. Туған жерге , туған елге деген махаббат әр адамның жүрегінен орын алады. Оған ақындар өлең жазса, сазгерлер ән арнаған.Сол сияқты Фариза да өзінің туған жерге деген ыстық ықыласын өз өлеңдері арқылы бере білді.
«Ауыл десе , жайлайды жанымды үміт,

Сонда ғана атардай таңым күліп.

Жасыл шардың бетінде жалғыз ноқат

Мені мәңгі тартатын сағындырып...»деп туған ауылына деген махаббатын білдіреді.


5- оқушы: «О, туған жер» Бақтыбай 9 сынып

2- жүргізуші: Ақынның беріліп,шабытпен кең жырлаған тақырыбы-махаббат,сүйіспеншілік.Ақынның жырлары алғашқы сезімді,құмартуды,адамның басындағы кейбір сәтсіз сезімдер,біреуі сүйіп,екіншісі сүймеген,біреуі адал,екіншісі опасыз сияқты құлап жығылу сәттерін бейнелейді.Алғашқы махаббаттың алауына өртенген жастардың сезіміне,әсіресе қыз баланың алғашқы сезіміне ақынның лирикасы шипа ем, жанына дауа болары анық.Ақынның махаббат,достық жайлы жырлары«Қыз сыры»,«Теңіз жағасында», «Қызғанып қалма жаным сен»,«Қыз тағдыр» т.б

6-оқушы: :«Бұлай сүймейді жарықтығым» Жұмабаева Ақсана 10а

7- оқушы : «Білемін сүйем,сүйем әйтеуір... »

8- оқушы : « Қыз махаббаты»

1-жүргізуші: Фариза- биік сезімнің ақыны. Оның көңіл-күй ырқына тез берілетіні, жаны тез жараланатыны да осыдан . Фариза апамыздың көп өлеңдері әйел тақырыбына арналған. Ол әйел анаға тағзым белгісі. Оның өлеңдерінде қуанышы мен қайғысы аралас жүретін азапты күндерінің суреттері мол кездеседі.

9-оқушы: «Әйел» Палуаняз 9 б- сынып

2- жүргізуші: Ақын Фариза Оңғарсынданың мінезі.

Фариза Оңғарсынова« Қыз ғұмыр өлеңдер мен эсселер жинағында былай дейді:Мінезім қыңыр болатын.Мені кәзіргі қалпымда сақтап келген қорғаным да –сол қыңыр мінезім. Жұрт бұл мінезімді сан жаққа жүгіртіп , сыртымнан түрлі әңгімелер шығарып , жақсылы-жаманды анықтауыштармен маған айдар тағып жүреді. Біреулер тентек дейді, еді біреулер мінезі шатақ дейді. Мен бұлардың ешқайсысына айылымды жыймаймын. Себебі өзіміздің жан-дүнием, көңілім өзіме аян:сәл өтірік, көлгірсу жағымпаздану мен мақтаншақтық-осының бәрімен жұлдызын қарсы және жан дүниесін сезіп қалады да,ондай адамдарды қабылдамайды.

Иә , ол ақынның жан тазалығы! Осы ретте ақынның « Жұрт мені қатал дейді» деген өлеңі ойға оралады.

1-жүргізуші: Ақын бойындағы сезімнің селін немесе жалынын еш нәрсемен өлшеу,тоқтату мүмкін емес. Сондай кезде кеудесінде жыр торғайын шырылдатып нағыз ақын өзінің тілін ұғатын ақынды іздейді. Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Фариза ақынды солай тапты.Сезіміне өртеніп кеткен Мұқағали ағасы, Мұқағали досы бұл күнде Фариза ақынның мұңлы нотасы болды.Бұл құбылыс ақындардың бір-біріне арнаған арнау өлеңдерінде көрініс тапты.

«Мұқағали мен Фариза» диалог Ақсана, Дастан 10 сынып

10- оқушы : « Жұрт мені қатал дейді» Гүлзина 9 сынып

1-жүргізуші: Ғасырдан ғасырға -өткен сайын ақынның шығармалары жаңа қырымен жарқырай түсер,егемен еліміздің жас ұрпағының жаттап өсер жырына айналар. Фариза Оңғарсынова адалдық ,намысқойлық ,жаны да таза, ары да таза ерлерге лайық биіктерде ғана көрінетін ақын. Әрқашан да сол биігінен көріне берсін.Ақын апамыздың жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.

Кешімізді ақын М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Фариза» әнімен аяқтаймыз.

Кітапханашы: Құрметті ұстаздар ,оқушылар бүгінгі ақын Фариза Оңғарсыноваға арналған әдеби кешіміз өз мәресіне жетіп қалды.

Ф.Оңғарсынованың- өнегелі өмірі,айтқан өсиеттері арқылы жас ұрпақ елін сүюге,үлгілі азамат болуға ұмтылады деп ойлаймыз.



Осымен Ф.Оңғарсыноваға арналған әдеби кешіміз аяқталды.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет