«Жусан – қырдың жұпары»
Бағыты : дүниетану
Орындаушы:Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ селосы, Қарабұтақ орта мектебінің 4 Ә –сынып оқушысы-Бүркітбай Қарақат Нұрлыбекқызы.
Жетекшісі:
бастауыш сынып мұғалімі-Уксикбаева Г.С
2016-2017 оқу жылы.
Мазмұны
1.Кіріспе.
1.1.Қысқаша сипаттама
1.2. Тарихы
2.Негізгі бөлімі.
2.1. Түрлері.
2.2. Жусан өсімдігінің маңызды ерекшеліктері.
2.3.Жусанның адам үшін маңызы.
3.Қорытынды.
3.1.Қатысушы сауалнамасы.
3.2.Тәжірибе жасау.
3.3.Мониторинг
3.4.Қорытынды
1. Тақырыпты таңдау: 3-сыныпта әдебиет пәнінен өткен Ақселеу Сейдімбеттің «Бетпақ дала» ертегісі ойыма ой салды.Жусан қарапайым жай шөп болғанымен адам өмірінде, жан-жануарлар және жер беті үшін де маңызы зор екені қызықтырды.
2. Мақсаты:
Жусанның адам, жануарлар өміріндегі пайдасын толығырақ біле түсіп, жер бетіне қалай әсер ететіндігіне көз жеткізу.
3. Міндеттер:
Жусанның тарихымен танысу;
Жусанның түрлерімен танысу;
Жусанның адам және жануарлар үшін ерекше маңызымен танысу; ;
Адам денсаулығына пайдасын анықтау;
Сауалнама және мониторинг жүргізу;
4. Зерттеудің болжамы:
Сұрау, байқау, ақпарат жинау, талдау;
5.Менің құштарлығым:
Әдеби кітаптар оқу, би үйірмесіне қатысамын.
Мың тамыр, жуа, рауаш, жаужапырақ,
Балауса, сорғыш, селдір, ермен, бақбақ.
Сыбызғы жалғыз, құлмақ, қарақияқ,
Шоңайна, меңдуана, сора, шақпақ.
Ішінде сол қурайдың сұлу болар
Шырмауық, кендір, қылша, жыланқияқ.
Қанжыға, қоға, сасық, аққой болып
Бөлінеді жуалар мен таусарымсақ.
Қымыздық, қызсаумалдық дейтіндерге,
Ат қойған тау елінде сүйіп шын-ақ.
Ілияс Жансүгіров. «Жер түгі» өлеңі.
1.Кіріспе
Өсімдік – жер шарының «өкпесі» деп бекер айтылмаған. Тіршілік атаулыны өсімдіксіз елестетуге болмайды. Қазақстан жері ұлан-байтақ. Осындай байтақ өлкенің табиғи жағдайы біркелкі емес, соған байланысты әр аймақтың өзіне ғана тән өсімдігі бар.
Адамдар мен жануарларға оттегі қажет. Жылына бір адам тыныс алу үшін 173 мың литр оттегін қабылдайтыны анықталған. Өсімдіктер ауа қабатына оттегін бөліп шығарады, ауаны шаң мен улы газдан тазартады және ауаға ауру тудыратын бактерияларды жоятын ерекше зат бөліп шығарады.
Өсімдік айналадағы ортаны жақсартады: ауа райын салқындатып, қатты
желге тосқауыл болады; аптап ыстықты қайтарып, қысқы суықтың ызғарын бәсеңдетеді. Өсімдіктердің медицинада алатын орны да орасан зор.
Өсімдіктің 150-ден астам түрлерінен дәрі жасалады. Оларды адам сәндік үшін де өсіріп, эстетикалық ләззат алып, рақаттанады.
Экологиялық таза ортаны қалыптастыру мақсатына жету үшін 2030 жылға дейінгі аралықта 4 аса маңызды бағыттар белгіленген: қоршаған ортаны экологиялық қауіпсіз қалыптастыру, табиғи ресурстарды өз орнымен пайдалану, малдың жəне өсімдіктің түрлерін сақтау, экологиялық білімді нығайту. Флораны қорғау жұмысында ең маңызды мəселе өсімдіктердің эндемикалық түрлерін тұқым түрінде немесе тірі өсімдіктер түрінде сақтау қажет.
1.1. Қысқаша жалпы сипаттама.
Жусан деп ел атаған,
Шөп ол бойы жатаған.
Дауылға, желге көшпеген,
Шөлге берік өскелең.
Дәрі – түбір бұтағы,
Жусан – қырдың жұпары.
Бағдат Айтмұқаева
Жусан! Осы бір жүрегімізге жылылық сағыныш сезімін ұялатып, жанымызды жадыратып, көңілімізді көкке көтеретін, даламыздың дархандығы мен қадір қасиетін санамызға сіңіп қалған , салиқалы еске түсіретін қасиетті сөзде ерекше құдірет бар десеңізші!...
Қаптап қырда шығатын,
Иісі мұрын жаратын,
Көп шөп демей, жусанды
Біліп ал, шын атын...
І. Шұғаев.
Жусан (Artemisia) – гүлді өсімдіктердің күрделігүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптектес өсімдіктердің туысының атауы. Дүниежүзінде жусанның 500-ден аса түрі кездеседі, оның 81 түрі еліміздің далалы, шөлейтті және шөлді өңірлерінде өседі. Олардың сабақтарының биіктігі жеке түрлеріне сәйкес 10-60 см, кейде 1,5-2 метрден асады. Сабақтары көбіне тік, кей түрлерінің сабағы жерге жайылып өседі. Қауырсын пішінді жапырақтары сабақтарына кезектесіп орналасқан және олардың жиектері тілімденіп келеді. Кей түрлерінің жиектері біркелкі тұтас тілімденбеген. Ұсақ гүлдерінің түсі ақшыл, сарғыш.
Тамыз- қыркүйек айларының аралығында гүлдейді.Жемісі-тұқымша.
Жусан-құнарлы мал азығы, дәрілік,бояғыш, тағамдық, витаминді, эфир майлы өсімдік.
1.2. Тарихы
Латындар бұл шөпті артемизия деп атайды. Шөптесін өсімдіктердің дәрілік қасиетін ашқан Артемид құдайдың құрметіне осылай деп атаған. Жалпы ата-бабаларымыз «жусан» деген сөзді естіген кезде жандары ерекше жадырап, туған жерге деген ерекше сағыныш сезімге бөленеді. Қазақ халқы үшін жусан қасиетті өсімдік. Алыс сапарға аттанғанда жусанды өзімен алып жүріп, туған жерге деген сағынышын басады, яғни «Отан» деген ұғыммен пара-пар мағынада айтылады.
Ертеде бір батыр жігіт өз елін тастап жатжұртқа кетіп қалған екен. Оны елге қайтару үшін қаншама рет барған елшілердің сөзіне құлақ аспапты. Сонда бір тапқыр данышпан елде өскен кепкен жусанның бір бумасын апарып иіскеткенде елге деген ерекше сезімі оянып, көзінен жасы тамшылап, жедел туған еліне оралған екен деген аңыз да ақиқатты аңғартса керек.
Тұнып тұр ғой түз деген,
Жусан болып мың аңыз..
Сондықтан да біз деген
Жусан аңқып тұрамыз..
Темірхан Медетбек
Асқан батырлығымен Мысырды билеген Бейбарыс бабамыз туған елден жусан мен жусан иісі бұрқыраған қымызды алдырып ішкен деген тарихи деректер де сақталған.
2.Негізгі бөлім.
2.1.Түрлері
Қазақстанда өсетін жусанның 17 түрі сирек кездеседі және олардың кей түрлері тек біздің еліміздің аумағында өсетін эндемик түрлерге жатады. Жусан жер бетіндегі өсімдіктердің ішінде ең ащысы. Оның пайдалы жақтары жетерлік.
Жусанның ерте кездерден бастап шипалық қасиеті зор түрінің бірі – дәрмене (дәрмене) жусаны (Artemisia cina). Оны жергілікті тұрғындар «ермен» деп те атайды. Қазақстанның оңтүстік аймақтарында ғана өсетін қасиетті өсімдіктің бірі. Кейде ерменді «боз жусан»,кейде «ойраншөп» деп те атайды. Оның сабағының биіктігі 2 метрге дейін, ал тамыры 4 метр тереңге дейін таралады.
Шырғалжын жусанының жапырағы мен сабағын тағам ретінде пайдалануға болады.
Жусанның улы түрлері де бар. Ащы жусан, қара жусан, боз жусан (дәрмене) т.б. жусан түрлері құнарлы мал азығы болып саналады. Тамыржусан мен дәрмене жусаны қолдан өсіріледі.-
Улы түрі «Таврий» жусаны,оны мал жемейді.
Қазақстанның орталық аймағында өсетін жусанның бір түрі – тықыр жусан деп аталады. Осы жусан түрінен көпжылдық ізденулердің нәтижесінде «Арглабин» деген жаңа дәрі жасап шығарды. Қазіргі кезде бұл дәрі әлемнің көптеген елдерінде – АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Қытай, Германия, Швеция т.б. таралып, қатерлі ісік ауруына қарсы қолданылуда.
Қара Жусанның емдік қасиеті ерте кезден-ақ белгілі болған. Шөбі мен тамырының тұнбалары тәбет ашады, асқазан, ішек бездерінің қызметін күшейтеді, жүйке жүйесін тыныштандырады. Сондай-ақ оның тер шығаратын, ішек құртын түсіретін қасиеті бар. Демікпеге шалдыққан адамға Қара Жусанның сабағы мен жапырағының түтінін иіскетеді.Қытай медицинасында бүйрекке тас байланғанда сол шөптің қайнатындысынан ванна жасайды.
2.2.Жусан өсімдігінің маңызды ерекшеліктері.
Жусанның көптеген түрлерінің маңызын халқымыз ерте кездерден бастап-ақ біліп, дәрі-дәрмек, мал азығы ретінде пайдаланып келген.
Жусанның жұпар иісі туралы және оның қазақ даласының қасиетті өсімдігі екендігі жайында аңыз әңгімелер көптеп кездеседі.
Ойыма ащы мұң салар
Қапаланып тұрсам бір-
Жусан – күй мен жусан - ән,
Жусан сөз бен жусан – жыр...
Темірхан Медетбек.
Мал қоректенетін өсімдіктердің құнарлысы мен нәрлісін халқымыз «от» деп атайды. Мысалы, киік оты т.б. «Жусансыз жерді от деме, көжесіз елді тоқ деме»,- деген халық нақылы соның бұлтартпас айғағы деп атап айтуға болады. Халық ұғымында «қара от» - «жусанды жер» деген мағынаны білдіріп, ондай жер түйе мен қой үшін өте пайдалы өңір деп есептелінсе, «боз от» - бетегелі, қауданды, қияқты, бидайық өскен жерлерге айтылады. Мұндай жерлер жылқы түлігі үшін өте құнарлы азық болады деп тұжырым жасаған. «Изен, жусан болмаса шөпте береке болмайды, ауыз бірлік болмаса, көпте береке болмайды» деген Ескелді би бабамыздың даналық сөздері осының айғағы іспеттес.
Ертеректе Олимпиада ойындарында жеңіп шыққандарға сыйлық ретінде жусаннан жасалған сусын ішкізетін болған.
Римдіктер жусан тұнбасын асқазан ауруларын емдеуге пайдаланған.
Ал қытайлықтар аяқ киімдеріне жусанның жапырағын салып жүрсе, тамаққа деген тәбетті артырады деп есептеген.
Жусан теңіз саяхатшыларының түрлі теңіз ауруларынан сақтайды.
Бір нәрсеге қапаланғанда жусан иіскесеңіз көңілінің орнығады. Ұйқызыздыққа ұшырағанда жастығыңыздың астына жусан қойсаңыз, көзіңіз тез ілінеді.
Жусан тұнбасын дайындау үшін бір шай қасық үгітілген жусан жапырағын бір стакан қайнаған ыстық суға салады. Оны жарты сағаттан соң ішуге болады. Тамақтанбас алдында жарты сағат бұрын бір ас қасықтан күніне үш мезгіл ішеді. Осылайша екі апта пайдаланған соң тоқтату қажет.
Жусан бөлмедегі ауаны тазартып, жүйкені тыныштандырады. Тіпті, моншаға түсерде жусан жапырақтарын пайдалануға болады.
Ауыз шаюға керекті тұнбаны бір ас қасық жусанды бір стакан қайнаған суға бұқтырып дайындайды.
«Ермен – жанға дәрмен», «Ермен жеген ер өлмес» деген нақыл сөздер дәрмене жусанының шипалық қасиетін бірден-ақ аңғартып тұр. Ертеде бабаларымыз дәрмене жусанын шет елдерге сауда керуендері арқылы көп мөлшерде жіберіп отырғандығы туралы деректер кездеседі.
Дәрмене жусанының шипалық қасиетінің зор екендігін байқаған неміс кәсіпкері 1884 жылы Шымкент қаласында арнайы зауыт ашып, одан «сантонин» дәрісін алып, ішек құртын түсіруге қолданған. Ол дүниежүзіне сантонин шығаратын бірден-бір зауыт болды. Кейін дәрменеден эфир майы т.б. препараттар алына бастады.
Дәрмененің әлемдік даңқының артуына байланысты Оңтүстік Қазақстан облысында арнайы «Дәрмене» шаруашылығы құрылды.
Дәрмене жусанының бастапқы отаны Палестина мен Мысыр елі болған деген деректер бар. Ертеде оны арабтар «киелі шөп» деп атаған. Ал қазақша дәрмене атауы «дәрі міне» деген мағынаны білдіреді. Ата бабаларымыз ертеден-ақ бұл жусанның сабағы мен тамырының тұнбасын тәбет ашуға, асқазан, ішектің қызметін жақсартатынын білген.
1921-1922 жылдары Алтайдан бастап Орта Азияның дәрілік өсімдіктерін зерттеген фармацевт ғалым Питирим Сергеевич Массагетов дәрмененің Арыс өңірінде көптеп өсетінін және оның «дәрмене дәнегі» шет елдерге жіберіліп тұрған және 1830 жылы одан сантонин дәрісі алынғандығы туралы жазған. Ертеректе Шымкент қаласында бір, Ташкент қаласында екі дәрмене жусанын өңдейтін зауыттар болған.
Ертеде халқымыз құяң ауруымен ауырған адамдардың белін күнжіт майына немесе керосинге қосылған дәрмене тұнбасымен емдейтіндігін жазушы Серік Байхоновтың еңбектерінен кездестіруге болады. Ол «қазақ халқы үшін жусаннан қадірлі, жусаннан қасиетті өсімдік жоқ»,- деп өте орынды жазған.
Ақын Нұрлан Мәукенұлының «Ермен-ай, ермен, ермен шөп, Аңқиды иісің желмен кеп... Ерменнің дәмін алғанмын, елжіреп жүрек қалғанмын» деген жыр жолдарынан ермен жусанының қасиетін аңғаруға болады. Дәрмене жусаны шағын аумақта ғана өсетіндіктен және сирек кездесетіндіктен қатаң қорғауды қажет етеді және жусанның бұл түрі Қазақстанның Қызыл кітабына (1981) тіркелген.
2012 жылдан бастап Қазақстанның Ерлан Сүлейменов бастаған жас ғалымдары жусаннан эфир майларын ала бастады. «Қазақ даласының хош иісі» атты жоба бойынша «Жусан» атты арнайы иіссу алуды қолға алып игілікті жұмыс жүргізуде.
2.3.Жусанның адамдар үшін маңызы.
АҚШ-тың Калифорния штатындағы университет ғалымдары ғылыми тілде Artemisia Annua деп аталатын өсімдіктің бар-жоғы 16 сағаттың ішінде өкпе рагы жасушаларының 98 пайызын бірден жойып жіберуге қабілетті екенін анықтады.
Бұл – қазақ сахарасының кез келген дерлік жерінде жұпар иісі бұрқырап өсіп тұратын кәдімгі жусан шөбі. Атам қазақ ертеден қастер тұтқан, алыс сапарларға шыққанда ұдайы жанында бір бумасын алып жүрген өскіннің осындай құдіреті бар болып шықты.
Америка ғалымдары жусанды бұл мақсатқа пайдалана білудің де өз ерекшеліктері бар екенін айтықан. Мысалы, оның бір жылдық өскінін емге қолданған жағдайда ол өкпедегі қатерлі ісіктің тек 28 пайызын ғана жойып жібере алады. Ал егер оған темір қоспасын қосып пайдаланса, өсімдік ракты толық құртып жібереді.
– Тұтастай алғанда, зерттеу нәтижелері артемизинин препаратының рак жасушаларының қарқынмен өсуін толық бақылауда ұстай алатынын көрсетіп берді, – деген зерттеу авторлары.
Ал Sanofi фармацевтік компаниясы осыдан бастап жылына 50-60 тонна артемизинин өндіріп тұратынын мәлімдеді. Дәрі жасау өндірісінде бұрын осынау қышқылтым өсімдіктің сабағы мен жапырағы безгектен емдеудің өте күшті құралы ретінде пайдаланылып келген екен.
Жусан туралы мақал-мәтелдер:
Жусан саттым, шөп саттым, шөп сатсам да, ұқсаттым.
Бір қозы туса, бір жусан артық шығады.
Жусансыз жерді от деме, көжесіз елді тоқ деме.
3.2.Тәжірибе –зерттеу жұмысы.
Тәжірибе жасау барысында осы өңірде кездесетін «Ащы жусан» түріне тәжірибе-зерттеу жұмысын жүргіздік, бұл жұмысты 2015 жылдың шілде айынан бастадық, өйткені тамыз, қыркүйек айларында гүлдейді, сондықтан емдік қасиеті жойылады екен деген деректер бар. Теориялық мәліметтер біраз болғандықтан, адамның өміріне қандай пайдасы бар екенін анықтағымыз келді. Сол себептен жусанның бұл түрі бізді өте қызықтырды. Гүлдемей тұрған кезде жапырақтарын жинадық.
Зерттеу барысында біз иісіне де назар аудардық, өйткені иісі өте өткір болды.
Жусан жапырақтарын ұсақтап кесіп,оларды 2 жұмадай кептіріп, содан кейін этил спиртін қосып тұнба жасадық.Ол тұнба 1 ай тұрды. Үлкендер айтып жүретін тіземіз басқызбайды, нені ғана қолданбадық әртүрлі жақпалар жақсақ та әсері тек бір ғана күнге ғана әсері бар деп.Бұл, жусанды зерттеуге таға да бір түрткі болды. Әрине бұл зерттеу жұмысты үлкендердің көмегімен ғана іске асырдық.Содан кейін әжелерімізге ұсындық.Тізелеріне 2 айдай жағып отырдық. Желтоқсан-қаңтар айларында әжелеріміз өздерін бір шама жақсы сезінгендерін айта бастады.Қаңтар,ақпан қолданған жоқ,наурыз айынан тағы қолданды,сонда байқағанымыз емдік қасиеті 2 жұмада біліне бастады,осыдан нені байқауға болады? Тұнба неғұрлым көбірек тұрса,со ғұрлым емдік қасиеті зор деуге болады.Міне жусан өсімдігінің адам денсаулығына пайдасы бар екеніне тағы біл дәлел қосылды.
Қорытынды
Қорыта айтқанда, кең байтақ даланың жұпар иісті жусаны ел игілігі үшін алдыңғы уақыттарда талай кәделерге жарайтынына сеніміміз мол.
Еліміздің түрлі аймақтарында жусанға байланысты қойылған жер атаулары да көптеп кездеседі. Мысалы, «Жусандала» табиғи қорықтық белдемі, «Жусанды» Қызылқұм мен Сырдария аралығындағы жазық даланың атауы. Үйдегі атамнан бұрынғы совхоз уақытында «Жусанды» деген мал бағатын жайлау болыпты.
Үлкендердің арасындағы «Жусан өсімдігінің пайдасын білесіз бе?» деген сауалдың көрсеткіші бойынша,сұралған үлкендердің саны --- адам,білем- адам,білмеймін- адам.Оқушылар арасында білемін - , естігенмін - , білмеймін- . Біз тәжірибе-зерттеу жұмысын жүргізіп,нәтижесінде жусан өсімдігінің адамның денсаулығына пайдасы бар екенін анықтадық.
Енді оқушылардың көбі білетін болады деген ойдамыз.
Сұралды: адам
Білем: адам
Білмеймін : адам
Үлкендердің арасындағы «Жусан өсімдігінің пайдасын білесіз бе?» деген жүргізілген сауалдың көрсеткіші:
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
1. «Жоғары сатыдағы өсімдіктер систематикасы» (Ә.Ә. Әметов, П.М. Мырзақұлов)
2. « Қазақстанның өсімдіктер әлемі»-көпшіліккке арналған ғылыми басылым Алматы 2004 ж
3. «Ботаника »сисметика растений. Москва «Просвещение »1975 г ( Н.А. Комарницкий, Л.В. Кудряшов, А.М. Уранов)
4.Шаңырақ : Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл.Бас ред., 1990 ж.
5. Сыр бойы. Қызылорда обл. газеті. 2012 05.06. № 6 басылым
6. «Өсімдіктер морфологиясы және анатомиясы» Алматы 2001 ж.-Қазақ
университеті баспасы.
Достарыңызбен бөлісу: |