Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу салалының негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері
Ескерту. 2-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 07.11.2016 № 672 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Мыналар кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің қағидаттары болып табылады:
1. Тұтынушылар, бизнес және мемлекет мүдделерінің теңгерімі. Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу жүйесі бизнеске ең аз (объективті тұрғыдан қажетті) жүктеме кезінде тұтынушының құқықтарын барынша тиімді қорғауды қамтамасыз етуді ұйғарады. Мұндай жүйеде мемлекеттік реттеудің мақсаттары бизнес пен бюджет үшін ең аз шығындар әдістерімен қол жеткізіледі.
2. Мәлімделген мақсаттарға қол жеткізуде реттеудің тиімділігін негіздеудің, келісудің және мониторинг жүргізудің міндетті рәсімдерін енгізу арқылы реттеуді пайдаланудың негізділігі мен тиімділігі.
3. Мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы және ақпараттың қолжетімділігі. Қоғамдық маңызы бар шешімдерді қоғамдық тыңдаулардан кейін және қоғаммен өткізілген тыңдаудың басқа түрлері жүргізілгеннен кейін ғана қабылдау болжанады. Пайдаланылуы шектелмеген кез келген ақпарат және бизнес пен тұтынушыларға қажет ақпарат қолжетімді және мүмкіндігінше тегін болуы тиіс. Норма шығару қызметі осы процеске орталықтандырылған жүйені пайдаланудың негізінде барлық мүдделі тұлғаларды белсенді түрде тартқан кезде жүзеге асырылуы тиіс.
4. Кәсіпкерлік қызметті реттеудің мемлекеттік саясатының талаптарын орындамағаны үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін белгілеу арқылы жауапкершілік пен жазалау әділдігі, бизнес үшін жазалау деңгейінің заң бұзушылық деңгейіне сәйкес келуі, бұзушылықтар анықталған жағдайда, жазалау шараларынан алдын алу және реттеушілік талаптарды орындауға ынталандыруға кезең-кезеңмен өту. Билік органдарының әрекеттері үшін жоғары тұрған инстанцияларға және соттарға шағымдану мүмкіндігі.
5. Мемлекеттік реттеу саласында сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жүзеге асыру мүмкіндігін азайту, мүдделер қақтығысы сияқты көріністерді жою, құқықты таңдап қолдану, монополиялық және монополияға жақыннарықтарды операторларға байланысты реттеу арқылы сыбайлас жемқорлықтан арылу.
6. Реформаларды іске асырудың кешенділігі мен тиімділігі. Тұжырымдаманы іске асырудың тиімділігі барлық мемлекеттік органдар тарапынан қойылған міндеттердің шешіміне байланысты болмақ. Реформаның іргелес бағыттары бойынша салалық құжаттар Тұжырымдамамен үйлесім табуы тиіс. Реформалардың тиімділігін бағалау бизнесті жүргізу және тұтынушыны қанағаттандыру үшін жағдайларды іс жүзінде жақсартуда көрінуі тиіс.
Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу саясатының мәні негізгі екі бөлікке бөлінеді:
1) орындалуы қажетті заңнама талаптары;
2) реттеу құралдары (реттеушілік құралдар).
Осы екі құрамдас бөлікке бөлу қажеттілігі олардағы саясатты жүргізу әдістерінің айтарлықтай өзгеше болуына байланысты. Заңнама талаптары – бұл міндетті тәртіпті, қағидаларды, параметрлер мен нормативтерді белгілейтін нормативтік құқықтық актілердің нормалары. Заңнама талаптары кез келген реттеудің жұмыс істеуіне бастапқы негіз болып табылады. Салық төлемдерін, басқа төлемдерді міндетті төлеу талаптары және оларды есептеу қағидалары, өндіріс қалдықтарының шығарылу нормативтері, өрт қауіпсіздігі талаптары, құрылыс және санитариялық-эпидемиологиялық ережелер мен гигиеналық нормалар, Қазақстан Республикасы және Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптары мысалы болып табылады. Атқарушы билік органының бизнеске қатысты әрбір іс-әрекеті немесе тапсыру үшін немесе билік органына ұсыну үшін қажетті құжат заңнама талаптарын орындау қажеттілігіне және осындай нақты талаптардың болуына негізделеді. Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу саясаты заңнама талаптарының тіршілік ету циклін регламенттейді, ол жаңа талаптардың пайда болуының қажетті жағдайларын, оларды негіздеу және келісу, жария талқылау рәсімін, мақсаттарға қол жеткізуге мониторинг жүргізілетін параметрлерді, заңнама талаптарының күшін жою шарттары мен рәсімін белгілейді. Саясат нысанасының екінші бөлімі реттеу құралдары болып табылады, олар арқылы заңнама талаптарының орындалуы қамтамасыз етіледі.
Реттеу құралдарын төрт топқа бөлуге болады:
1) лицензияларды, рұқсаттарды, қорытындыларды, тіркеу құжаттарын және басқаларын қамтитын рұқсат беретін құралдар;
2) аудитті, тексерулерді, тергеулерді және олармен байланысты ұйғарымдар мен санкцияларды қамтитын бақылау құралдары;
3) құжаттарды, хабарламаларды және анықтамаларды, салықтық, қаржылық және басқа да есепті, басқа құжаттарды ұсынуды, өнім құрамын декларациялауды, банкрот болуды, кәсіпорын меншігінің өзгеруі туралы деректерді жариялауды және басқаны қамтитын ақпараттық құралдар;
4) өзін-өзі реттеу құралдары. Осы Тұжырымдама шеңберінде өзін-өзі реттеу жүйесі реттеудің құралы болып танылады. Сонымен қатар, мемлекет реттеу құралдарын өзін-өзі реттеуге және керісінше алмастыру процесінде басты рөл атқарады. Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу саясаты осы құралдарды қолданудың құрамы мен рәсімдерін және олардың өміршеңдік циклін регламенттейді, реттеу құралдарының сыныптамасын белгілейді, жаңа құралдардың пайда болуының қажетті жағдайларын, оларды негіздеу мен келісу, жария талқылау рәсімін белгілейді, оларды пайдалану мақсаттарына қол жеткізуге, оларды жою немесе ауыстыру рәсіміне мониторинг жүргізілетін тәуекелдер мен параметрлерді талдау нәтижелерін пайдалану арқылы қолданылатын құралдарды таңдаудың барабарлығын белгілейді.
Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу реформасының тәсілдерін шартты түрде екі топқа бөлуге болады. Бірінші топ нақты реттеуге қатысты және оның тіршілік ету циклін регламенттеуге байланысты. Екінші топ барлық кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеуге қатысты жалпы сипатты болып табылады. Бірінші топ. Заңнаманың нақты талаптарына және пайдаланылатын құралдарға қатысты тұрақты қолданыстағы кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу саясаты біршама циклділікпен сипатталады. Заңнама талаптары мен оларды орындау құралдарының тіршілік ету циклі мыналарды қамтиды:
1) реттеушілік жоспарлау;
2) жаңа реттеуді жобалау;
3) реттеуді қайта қарау;
4) мемлекеттік органдардың есептілігі.
Реттеушілік жоспарлау. Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу саясаты мемлекеттік органдардың мемлекеттік реттеу талаптарын немесе құралдарын белгілейтін немесе ауыстыратын заңнамалық және өзге норма шығаратын қызметін жоспарлауын регламенттейді. Мемлекеттік органдар жоспарларды консультативтік-кеңесші орган әзірлеген әдістемелердің негізінде дайындайды, оларды мемлекеттік органдардың басшылары бекітеді және консультативтік-кеңесші органға хабарлама нысанында ұсынылады. Бұдан кейін мемлекеттік органдар жоспарларды мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурсында жариялайды, оның ішінде нормативтік құқықтық актілердің базасы бар, бизнестің әрбір қоғамдық бірлестікке қолданыстағы нормативтік актілерді және нормативтік актілердің жобаларын егжей-тегжейлі және құрылымдық түрде түсініктеме жасауға, ұсыныс енгізуге және талқылауға мүмкіндік беретін бірыңғай орталықтандырылған краудсорсинг жүйесінде жариялайды. Бұл ретте түсініктемелерді бағалауға және оларды түсініктеме жасаған күніне, танымалдығына және субъектілеріне қарай сұрыптау мүмкіндігі болуы тиіс.
Жаңа реттеулерді жобалау. Мемлекеттік органдар жоспарларға сәйкес жаңа талаптарды немесе реттеу құралдарын жаңадан қолдануды белгілейтін заңнамалық және өзге нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді. Олар сондай-ақ осы Тұжырымдамаға сәйкес әзірленген және бекітілген ілеспе құжаттаманы дайындайды. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларына ілеспе құжаттарды дайындау кезінде мемлекеттік органдар нақты реттеуді енгізу қажеттілігін дәлелдейтін болады. Мұндай жобалар және ілеспе құжаттар мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурсында жарияланады. Реттеуді жобалау кезіндегі мемлекеттік органдардың рәсімдерді сақтауын, негіздеменің шынайылығы мен толықтығын тексеруді консультативтік-кеңесші орган жүзеге асырады. Рәсімдерді бұзу немесе мемлекеттік органмен өзге түсініспеушілік анықталған жағдайда, консультативтік-кеңесші органның қорытындылары Қазақстан Республикасы Үкіметінің басшылығына қарау үшін енгізіледі.
Реттеулерді қайта қарау. Қолданыстағы реттеулерді қайта қарау жоспарларға сәйкес 5-10 жыл мерзімділікпен жүргізіледі. Мемлекеттік органдар стандартты шығындар үлгісінің деректерін талдаудың, төтенше жағдайлардың немесе азаматтар мен ұйымдар өтініштерінің негізінде қолданыстағы реттеуді анағұрлым жоғары мерзімділікпен қайта қарай алады.
Консультативтік-кеңесші орган мемлекеттік органдардың есебін талдаудың, зерттеулер деректерінің немесе азаматтар мен ұйымдар өтініштерінің негізінде қолданыстағы реттеуді қайта қарауға бастама жасайды.
Заңнамалық бастама құқығына ие органдар мен тұлғалар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес қолданыстағы реттеуді қайта қарауға бастама жасайды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және өзге қоғамдық бірлестіктер қолданыстағы реттеуді қайта қарауға дербес бастама жасайды.
Тұжырымдамада қолданыстағы реттеуді қайта қараудың мемлекеттік органдарға ғана арналған әдіснамасы көзделеді. Консультативтік-кеңесші орган қолданыстағы реттеуді қайта қарауға бастама жасаған жағдайда, ол қайта қарау рәсімінің өзін жүзеге асыратын мемлекеттік органға тиісті өтініш береді.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы немесе өзге қоғамдық бірлестіктер қолданыстағы реттеуді қайта қарауға бастама жасаған жағдайда, олар тиісті негіздемелерді әзірлеп, мемлекеттік және консультативтік-кеңесші органға береді.
Мерзімді түрде қайта қарау барысында мемлекеттік органдар әрбір нақты жағдайда реттеудің болуы қажеттілігін дәлелдейді, оларды ауыстырады немесе күшін жояды.
Талдау реттеуді жоспарлау кезінде бекітілген реттеушілік ықпалды бастапқы талдауда көрсетілген реттеудің мақсаттарына қол жеткізу тұрғысынан қолданыстағы талаптар мен құралдар арқылы жүргізіледі.
Мұндай жағдайларда мынадай кезеңдер көзделген:
1) нормативтік құқықтық актінің мәтінін талдау және оны пайдалану тәжірибесін зерделеу; 2) реттеу тиімділігі индикаторларының серпінін талдау және оларды реттеушілік ықпалды талдау деректерімен салыстыру;
3) стандартты шығындар үлгісін пайдалана отырып, бизнес шығындардың серпінін талдау және оларды реттеушілік ықпалды талдау деректерімен салыстыру;
4) реттеуді өзгерту қажеттілігі тұрғысынан қорытынды дайындау;
5) қажет болған жағдайда, нормативтік құқықтық акті өзгерістерінің жобасын және тиісті негіздемені дайындау.
Өзге жағдайларда (бастапқы реттеушілік ықпалды талдау болмаған жағдайда) талдау мақсатқа қол жеткізуді бағалаудың қарапайым әдіснамасының негізінде (стандартты шығындар үлгісін пайдалана отырып) жүзеге асырылады. Осындай жағдайларда мынадай кезеңдер көзделген: 1) нормативтік құқықтық актінің мәтінін талдау және реттеу мақсаты мен қолданылатын реттеуді ретроспективті анықтау тұрғысында оны қолдану тәжірибесін зерделеу;
2) реттеу тиімділігі индикаторларын ретроспективті анықтау, олардың әділдігі мен шынайылығын негіздеу;
3) стандартты шығындар үлгісін пайдалана отырып, бизнестің тікелей ақпараттық шығындарын өлшеу;
4) реттеуді өзгерту қажеттілігі тұрғысынан қорытынды дайындау;
5) қажет болған жағдайда, нормативтік құқықтық акті өзгерістерінің жобасын және тиісті негіздемені дайындау.
Екі жағдайда да талаптар мен рәсімдерді күшейту кезінде негіздеме міндетті түрде реттеушілік ықпалды талдауды қамтиды. Қайта қарау материалдары, талдаулар мен ұсынымдар мемлекеттік органдардың интернет-ресурсында жарияланады. Мемлекеттік органдардың рәсімдерді сақтауын, негіздеменің шынайылығы мен толықтығын тексеруді консультативтік-кеңесші орган жүзеге асырады. Рәсімдерді бұзу немесе мемлекеттік органмен өзге түсініспеушілік анықталған жағдайда, консультативтік-кеңесші органның қорытындылары Қазақстан Республикасы Үкіметінің басшылығына қарау үшін енгізіледі.
Мемлекеттік органдардың есептілігі. Жиынтық есепті қалыптастыру үшін мемлекеттік органдар консультативтік-кеңесші органға жоспарлардың орындалуы туралы деректерді, реттеу мақсаттарына қол жеткізу индикаторларының серпінін, реттеу шығындарын, бюджет қаражатының шығыстарын қамтитын есептілік береді. Консультативтік-кеңесші орган барлық мемлекеттік органдар бойынша осы есептерді қорытындылайды, олардың кәсіпкерліктің дамуына әсерін талдайды, жүйелі кемшіліктерді көрсетеді.
Барлық есептілік мемлекеттік органдардың интернет-ресурсында, оның ішінде бірыңғай орталықтандырылған краудсорсинг жүйесінде қолданыстағы және жаңадан енгізіліп жатқан реттеудің реттеушілік ықпалын жария талдау үшін жарияланады. Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу реформасы тәсілдерінің бірінші тобының негізгі құралы реттеушілік ықпалды талдау болып табылады. Реттеушілік ықпалды талдау кәсіпкерлік субъектілері орындауға міндетті талаптарды, сондай-ақ осы талаптардың орындалуын қамтамасыз ететін құралдар мен рәсімдерді белгілейтін нормативтік құқықтық актілерді енгізу мүмкіндігіне байланысты әлеуетті тәуекелдерді ескере отырып, шығындар мен пайданы салыстырудың талдамалық рәсімі болып табылады. Реттеушілік ықпалды талдауды жүргізу барысында олардың орындалуын қамтамасыз ететін тиісті құралдар мен рәсімдерге сәйкес келетін енгізіліп отырған жаңа талапқа ықтимал баламалардың шығындары мен пайдасына салыстырмалы талдау жүзеге асырылады. Реттеушілік ықпалды талдаумемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелеріне қатысты шешімдер қабылдауы алдында жүргізіледі. Реттеушілік ықпалды талдаудың басты мақсаты белгілі мақсаттарға неғұрлым дәл қол жеткізу үшін (белгілі бір проблемаларды нақты шешу үшін) балама реттеу тәсілдерін таңдау арқылы мемлекеттік саясаттың пәрменділігі мен тиімділігін арттыру болып табылады. Реттеушілік ықпалды талдаудың міндеттері: 1) шешілуі қажет проблеманы нақты айқындау; 2) проблеманы шешудің балама әдістерін анықтау; 3) проблеманы шешуге және барлық қатысушы тараптардың шығындарына реттеуді қабылдау салдарын бағалау; 4) проблеманы бағалаудың және мемлекеттік реттеудің мақсаттарына қол жеткізудің өлшенетін индикаторларын айқындау болып табылады.
Реттеушілік ықпалды талдауды енгізудің нәтижесі:
1) толық және шынайы ақпараттың негізінде ұтымды және оңтайлы шешім қабылдау мүмкіндігі;
2) тиісті шығындарды азайту есебінен бизнес субъектілерінің, тұтынушылардың және мемлекеттік бюджеттің ресурстарын үнемдеу;
3) реттеу саясатына тиісті түзетулер енгізу үшін қабылданған шешімдердің тиімділігін объективті түрде тексеру мүмкіндігі болып табылады.
Реттеушілік ықпалды талдау ұлттық, сол сияқты жергілікті деңгейдегі билік органдары кез келген шешімді қабылдаған кезде қолдануға болатын құрал болып табылады. Сонымен бірге, реттеушілік ықпалды талдауды жүргізу мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытының белгілі шығындарына және кейбір жағдайларда әртүрлі деңгейдегі бюджеттердің тікелей шығындарына байланысты. Бұдан басқа, реттеушілік ықпалды талдаудыжүргізу және кейіннен оны шешімдер қабылдау алдында талқылау оларды қабылдау жылдамдығын айтарлықтай төмендетуі және билік органдарының икемділігін шектеуі мүмкін. Әлемдік тәжірибені ескере отырып, Тұжырымдама Қазақстан Республикасында реттеушілік ықпалды талдауды пайдаланудың мынадай салаларын белгілейді:
Бірінші. Реттеушілік ықпалды талдау бизнес субъектілерінің мүдделерін қозғайтын реттеушілік сипаттағы шешімдерді жобалау кезінде ғана пайдаланылады. Бизнес субъектілерінің мүдделерін қозғайтын, бірақ заңнаманың міндетті талаптарын өзгертпейтін шешімдер немесе құралдар және оларды орындау рәсімдері реттеушілік ықпалды талдауды (мемлекеттік инвестициялар, субсидиялар, сатып алу және басқалар) пайдаланбай жоспарланады. Авариялар, табиғи апаттар және уақытша әрекет ететін өзге де төтенше жағдайлар салдарын еңсеру жөніндегі шешімдер жобалары, олар реттеуші сипатта болса да, реттеушілік ықпалды талдауды пайдаланбай жоспарланады.
Достарыңызбен бөлісу: |