Кез келген ұлттың, халықтың ең басты байлығы – сол халықтың ана тілі. Үкіметтік емес ұйым болып саналатын Мемлекеттік тілді дамыту қоры да еліміздің мемлекеттік тілі, басқару тілі болып табылатын қазақ тілін дамыту



Дата03.02.2018
өлшемі86,93 Kb.
#37439
Кез келген ұлттың, халықтың ең басты байлығы – сол халықтың ана тілі. Үкіметтік емес ұйым болып саналатын Мемлекеттік тілді дамыту қоры да еліміздің мемлекеттік тілі, басқару тілі болып табылатын қазақ тілін дамыту, үйрету-насихаттау мәселелеріне көп жылдардан бері ұйытқы болып келеді. Елбасымыз арнайы құрған Қордың басшысы ретінде өздеріңіздің мақсат-міндеттеріңіз бен бағыт-бағдарларыңызға тоқтала өтсеңіз? 
Қай кезеңде болмасын, қай елде болмасын қоғамдық ұйымдар мемлекеттің өміріне белсене араласып, әлеуметтік күрделі мәселелердің оң шешімін табуға, қоғам мүшелерін сол іске жұмылдыруға өзіндік үлес қосып келеді. Тіпті, экономикасы дамыған батыс елдерінде мемлекеттік маңызы бар қоғамдық жұмыстардың тең жартысын, тіпті басым бөлігін үкіметтік емес ұйымдар атқарады екен. Қазақстанда да үкіметтік емес сектор билік пен халық арасындағы байланыс қызметін атқарып, ел тәуелсіздігін дамыту мен қалыптастырудағы өзекті мәселелермен айналысатын іргелі күшке айналды.
Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында сөйлеген сөзінде «Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте. Қазақты қасиетті қара шаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар – сол шаңыраққа шаншылған уықтар. Ортақ ордамыз – Қазақстанның босағасын берік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түзу ұшыру – елдік мақсат» — деген болатын.
Осы мақсатты жүзеге асыру, қазақ тіліне ұлт бірлігін нығайтатын фактор ретінде басымдық беру біздің, Мемлекеттік тілді дамыту қорының басты міндеті болып табылады.
Елбасының бастамасымен құрылған Қордың басты мақсаты – қоғам мүшелерінің мемлекеттік тілге деген саналы көзқарасын, ықылас-құрметін қалыптастыру, тіл дамыту бағытында тың әдіс-тәсілдерді іздестіріп, нәтижелі жұмыс жүргізу.
Біз жұмысымызды ұйымдастыруда, стратегиялық даму бағыттарымызды айқындауда, Германияның «Гёте институты», Франциядағы «Альянс Франсез» қауымдастығы, Ресейдегі «Русский мир» қоры секілді әлемдік деңгейдегі қоғамдық ұйымдардың даму жолына, жұмыс тәжірибесіне, әдіс-тәсілдеріне сүйенеміз.

- Біздің қоғамда қазақтың өз баласын бесігінен өзге тілде тәрбиелеу дәстүрі кең орын алып отыр. Әрине, бұл азаматтардың ұлттық санасы мен намысына қатысты да шығар, дегенмен мемлекет тарапынан әлі де осы істі жүргізу үшін нақты шаралар қажет сияқты. Осы мәселе жөніндегі ойларыңызбен бөліссеңіз?
«Ұлт боламын десең бесігіңді түзе», – дейді М. Әуезов. Білімнің негізгі бастауы – ана тілі – бесіктен басталады. Өкінішке қарай, осы ойдың тереңіне бармай, әлі де болса бұрынғы көзқарастан арылмай, баласын өзге тілде тәрбиелеуді жөн санап, және де ең сорақысы, сол ісін әбден дұрыс деп санайтын азаматтарымыз әлі де көптеп кездеседі. Олардың айтатын себептері әр түрлі. Осыған қатысты көпшілікке ой салу, тілі ана тілінде шығып, қазақ тілінде білім алған ұрпақтың өркениеттен кейін қалмайтынын түсіндіру-насихаттау шаралары тиісті мекемелер, қоғамдық ұйымдар тарапынан қолға алынып, белгілі бір деңгейде жүргізіліп те жатыр. Дегенмен, бұған әрбір отбасының өзі жауапкершілікпен қарағаны дұрыс. Өз ұрпағының келешегін ойлап, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» екенін жете түсінген ата-ана баласының ертеңі үшін бүгіннен қамдануы тиіс деп ойлаймын. Баласының қазақша еркін сөйлеп, қазақ тілінде білім алғанын қалайтын ата-аналарға, балабақша жасындағы бүлдіршіндер мен бастауыш сынып оқушыларының тілін дамытып, қазақша сөйлетуге арналған қажетті әдістемелік оқулықтар да, ақпараттық ресурстар да баршылық. Көркем безендірілген кітапшалар, ертегілер жинағы, «Әлемдік классика» сериясы, электронды оқулықтар мен әдістемелік құралдар, ғаламтор жүйесіндегі балаларға арналған сайттар, энциклопедиялық порталдар және т.т.
Осыдан бірер ай бұрын, «Қазақстан» Ұлттық арнасының «Әйел бақыты» телехабарына қатысып, Ләйла Сұлтанқызымен ұлттық құндылықтарымызды модернизациялап, бала тәрбиесінде пайдалану жолдары туралы әңгімелескен болатынбыз. Сол хабардың өзінде «Смарт-бесік», «Жұлдызды ертегі» секілді бірнеше жақсы дүниелер көпшілікке таныстырылды. Біз де былтырғы желтоқсан айында бүлдіршіндер үшін ашылған «bala.soyle.kz» сайтының жұмысымен таныстырдық. Bala.soyle.kz порталы — мектепке дейінгі бүлдіршіндер мен бастауыш сынып оқушыларына арналған дистанционды оқытып-үйрету жүйесі. Оқу материалдарының барлығы — қазақша. Ойын — тәрбие құралы, ақыл-ойды дамытады, тілді ұстартады, сөздік қорды молайтады, өмірді танып, сезімді кеңейтеді, тәрбиелейді. Сондықтан да біз баланы ойната отырып сөйлету, суреттер арқылы мазмұндату, жұмбақ есептерді шешу, құрастыру, тақпақтар жаттату арқылы олардың қызығушылығын арттыру мақсатын қойдық.
Порталда балалар әліпбимен, аудио-сөздіктер арқылы жаңа сөздермен танысып, санауды үйренеді. «Ертегілер», «Сандықша», «Ойындар» атты қосымша бөлімдерде балалар қазақ тілінде мультфильмдер көріп, ән айтып, ертегі тыңдап, санамақтарды үйреніп, тағы да сан алуан қызықты сабақтарды таба алады.
Биылғы наурыз мерекесі қарсаңында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қабылдауында болдым. Кездесуде Президент қордың атқарып жатқан қызметімен, алдағы жоспарларымен танысып, мемлекеттік тілді дамыту ел болашағы үшін маңызды мәнге ие екенін атап өтті. Және де өзінің Қытайға сапары кезінде алған «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығы есебінен Қордың жобаларына 300 мың доллар бөлді.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Әбішұлы «Тіл мәселесін өскелең ұрпақтан бастау қажет. Тілдің дамуына жан-жақты көмек көрсету керек», – деп атап көрсетті. Сондықтан да, Елбасы бөлген қаржыдан алдымен балаларға арналған жобаға жұмсадық. Биылғы оқу жылының басында балаларға арналған қос томдық көркем шығармалар жинағы «Тәтті алма» жарық көрді. Жинақ Елбасының «Балаларға арналған шығармалар үлкенді сыйлау, кішіні демеу, ел мен жерге, Отанға қызмет ету, саналы да сергек ұрпақ өсіру сияқты асыл қасиеттерді насихаттап, балғындарды биік мұратқа жетелегені жөн. Қос томдық көркем шығармалар жинағы – осындай мәні мен маңызы жоғары дүние. Жас ұрпақтың елін-жерін сүйетін ұлағатты ұл-қыз боп қалыптасуына бұл жинақтың әсері мол боларына сенімдімін», — деген алғы сөзімен басталады. Және осы жинаққа енген шығармалар орналастырылған «Tattialma.kz» атты балаларға арналған әдебиет сайтын аштық. Жүргізіліп жатқан осындай игі шаралар бүлдіршіндеріміздің ана тілінде сөйлеуіне септігін тигізіп, ата-аналардың дұрыс таңдау жасауына ой салады деген үміттемін.

- Қордың жобалары туралы баяндап берсеңіз. 
Мемлекеттік тілді дамыту Қоры құрылғалы бері мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған 100-ден астам қоғамдық жобаны жүзеге асырды. Балабақшалардан бастап, балалар үйлері, мектеп, жоғары оқу орындарында іс-шаралар өткізіп, оларға 100 мыңдай жастар тартылды.
Біз мұндай шараларды ұйымдастыруда мектеп оқушыларымен, студент жастармен белсенді жұмыс жүргіземіз, мұндағы түпкі мақсатымыз — бүгінгі күн талабына орай жастарымыздың үш тілді — қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қатар меңгерген, өз ұлтын, тілін, ділін, салт-дәстүрін құрметтейтін тұлға ретінде қалыптасуына ерекше мән беру.
Сондықтан да, өз жұмысымызды жоспарлауда жастар мейлінше бейімделген IT саласының мүмкіндіктерін барынша пайдалануға ден қойдық. Осы бағытта жұмыс істеу барысында біз әлемдік тілдерді үйрету амалдарын, оқыту әдістері мен тәжірибесін зерделедік. IT-технология бойынша отандық өнімдерді көбейту, қазақтілді интернет кеңістігін дамыту арқылы мемлекеттік тілді үйрету, насихаттау – біздің көздеген басты мақсатымыз деуге болады.
Қазақстандық интернет-кеңістікті, ақпараттық ресурстар мен сервистерді дамыту, үздіктерін анықтау мақсатында Қор елімізде тұңғыш рет «Қазақтілді интернет-сайттарының Ұлттық сыйлығы» байқауын өткізді.
Ғаламтор мен жаңа технологиялар мүмкіндігін пайдаланып, халыққа тегін тіл үйрету бастамасын қолға алып, елімізде тұңғыш рет қазақ тілін онлайн режимінде тегін үйрететін «Soyle.kz» интернет-порталын аштық.
Ашылғалы бір жарым жылдың ішінде порталдың қызметін еліміздің барлық аймақтарынан және алыс, жақын шетелдерден жарты миллионға жуық адам пайдаланып отыр. Арнайы тіркеліп, қазақ тілін күнделікті үйреніп жатқандардың саны бүгінде 30 мыңға жетті. Өз деңгейіңізге сай сабақ оқисыз ба, грамматика үйренесіз бе, сөздік қорыңызды молайтқыңыз келе ме, әлде қосылып ән айтасыз ба – бәрі өз еркіңізде. Барлық жағдай жасалған, ең бастысы, қызмет тегін.
Және де осы порталдың мобильді қосымшасына деген сұраныс артуына орай ұялы телефондар мен планшеттерге арналған Анроид платформасындағы Soyle қосымшасын әзірлеп шығар¬дық. Қосымша интерфейсі, ұсынылатын қызметтері мен мультимедиялық мүмкіндіктері жағынан қазіргі заманғы ақпараттық технология талаптарына толықтай сай келеді. Осы жылы енді iOC платформасына шығамыз деген ойдамыз. Ашылғалы 9 айда қосымшаны 10 мыңға жуық адам жүктеп алып, тіл үйренуде.
Шетелдерде тұратын 5 млн-ға жуық қандастарымыздың көптеген өтініштеріне орай, болашақта интернет порталымыздың латын әріптерімен терілетін қазақша нұсқасын, яғни ағылшынша-қазақша нұсқасын жасау да жоспарымызда бар.
Осындай қызықты жобаларымыздың барлығы қордың бас құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры мен «Самұрық-Қазына» Әл-ауқат қорының қаржылық қолдауымен жүзеге асып отырғанын атап өткім келеді.
Былтыр қараша айында Қор қолдауымен көпшілікке «Айтыс» (iTys) атты Тұңғыш қазақстандық мессенджердің қызметі ұсынылды. Бұл, өзіңіз білесіз, әлемге әйгілі Whatsapp-тың қазақстандық баламасы. iTys өнімінің басты ерекшеліктері: үш тілде бірдей хабар алмасу мүмкіндігі; оның ұлттық мәнерде безендірілуі және тегін қызмет көрсетілуі. Ашылғалы аз уақыттың ішінде «Айтыспен» тек Қазақстан ғана емес, дүние жүзі бойынша 200 мыңнан астам жастар хат-хабар алмасуда.
Ғаламтор жүйесіндегі бұл отандық өнімдеріміз Елбасының мемлекеттік тілді дамыту, үш тұғырлы тіл және қазақ тілін қарқынды дамып келе жатқан ақпараттық ортаға бейімдеу бағытындағы міндеттерін орындау мақсатында іске асырылды деуге болады.
Жоғарыда айтып өттім, Елбасымыз биыл Қорға қаражат бөлген болатын. Міне, осы қаржы есебінен біз жақында, Ұлы Абайдың 170 жылдығына орай «Abaialemi.kz» онлайн энциклопедиясын аштық.
Портал желісінде ұлы ақын мұрасын танып білуге арналған ғылыми мақалалар, монографиялық зерттеулер текстологиялық талдаулар, әртүрлі деректер қамтылған.
Елбасының қаржысы есебінен келесі айда Android және iOs платформаларына арналған «Кім білгіш?» — «Кто умнее?» атты тұңғыш қазақстандық мобильді ойын және «Менің Қазақстаным» атты мобильді қосымша ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл ойынның ерекшілігі жас ұрпақ осы ойын арқылы қазақтың тарихы, мәдениеті, әдебиеті, халқымыздың салт-дәстүрімен танысып қана қоймай, ҰБТ-ға да дайындала алады.

-Қазіргі өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, ұлтжандылық сезімдерін ұялатып, ана тіліне құрметпен қарауын қалыптастыру үшін алдымызға қандай міндеттер қоюымыз қажет деп есептейсіз. 
Бүгінгідей жаһандану кезеңі мен әлемде сан қилы дүрбелең орын алып отырған шақта болашақ ұрпағымызды ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу өте маңызды. Бұл шараға мемлекет, қоғамдық орта, отбасы болып тұтастай жұмылуымыз тиіс. Баршамыз жұмыла атқарар осы істің басты бағыты, темірқазығы не болмақ? Ол – ұлттық тәрбие. Өз ұлтыңа деген ерекше сүйіспеншілік қайдан пайда болады? Егер де өз ұлтыңның топырағында туып өссең, оның болмысын қаныңа, жаныңа, тәніңе сіңірсең, тілін меңгерсең, тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын білсең ғана сүйіспеншілік пайда болады.
Біз бәріміз ауылда туып-өстік. Туған жерім, өскен өлкем – Жамбыл облысының қазіргі Құлан ауданындағы Абай ауылы. Балалық шағым Алатау баурайының таза ауа, кәусар бұлақ, көк майсалы өріс¬те-рінде өтті. Әсіресе, ағаммен бірге атқа мініп, алты күн тау асып, Сусамырдың жайлауын басып өткенім әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Неткен керемет табиғат! Бала кезден естіген әңгімеміз де, көрген киномыз да, оқыған кітабымыз да батырлық пен ерлік, жеңіске жету жолындағы қайтпас қайсарлық, адамгершілік пен ізгілік туралы болатын. Мектепте өтетін мерекелік іс-шаралар да халықтар арасындағы бірлік пен достықты, ел мен жерге, Отанға қызмет етуді дәріптейтін. Үйдегі әңгіме арқауы да үлкенді сыйлау, қолқабыс ету, кішіге демеу болу дегенге келіп тірелетін. Кішкентайымнан бауырына басқан атам мен әжемнің де мені тәрбиелеу әдісі ерекше болды деп ойлаймын. Атам көп сөйлемейтін, ол әрбір нәрсені қасына ертіп жүріп үйрететін, аулада шаруа-тірлік жасаса да, ауыл ақсақалдарымен әңгіме-дүкен құрса да қасынан қалмайтынмын. Әжемнің әңгімесі де жалаң ақыл айту емес, өзгелердің өнегелі ісін үлгі ету, жаман іс-әрекеттерін үйренбеу, олардан бойыңды аулақ салу дегенге келіп саятын. Еңбекке де ерте араластық. Мектепте оқып жүрген кезде жаз шыға колхоздың шөп шабыс, егін жинау науқанына баратынбыз. Мектеп бітіргеннен кейін де оқуға бармас бұрын өз ауылымда еңбек етіп, бір жыл тракторға отырып, жер жырттым, комбайнға отырып, егін ордым. Екі жыл әскер қатарында болып, Отан алдындағы борышымды өтедім. Кейіннен оқуға түстік, арнайы мамандық иесі атандық, еңбек жолын бастап, қызметтік міндеттерімізді жоғары жауапкершілікпен, ынта-ықыласпен орындауға кірістік. Олай болса, өзімнің де ұлтжанды азамат болып қалыптасуыма, ана тілімізді өркендету бағытында атқарып жатқан ісімнің нәтижелілігі үшін жоғары жауапкершілікті сезінуіме табиғат — ананың құшағында тербеліп өскен балалық дәуренім, жастайымнан бойыма сіңген тәлім-тәрбие, ұстаздарымнан ана тілінде алған білім-білігім, өскен ортам, көрген үлгі-өнегем, жинақтаған ой-тәжірибем берік негіз болды дегім келеді.
Сондықтан да, «Адамның адамдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» — деп ұлы Абай айтқандай, жас ұрпақтың рухы берік, санасы ояу азамат болып қалыптасуына туған отбасын, өскен ортасын, білім берер ұстазын қоса алғанда тұтастай қоғам, ақпараттық кеңістік, күнделікті естіп-көргені, білгені мен ойға түйгені – түгелдей өзіндік үлес қосады деп ойлаймын.
Кез келген халықтың тәрбие беру ісінде өзіне тән ерекшелігі болатын секілді, қазақ халқының да сан ғасырлар бойы жинақтаған бай тәжірибесі бар. «Жас бала – жаңа өркен жайған жасыл ағаш тәрізді» – дейді қазақ халқы. Адам баласы дүниеге келгеннен бастап тәрбиелеуді талап етеді. Бүгінгі ұрпақтың рухани, мәдени жетілуіне, білімді де мәдениетті тұлға болып қалыптасуы үшін халықтық педагогиканың мол тәжірибесін толық пайдаланған жөн, этнопедагогика элементтерін балабақша жүйесіне, бастауыш, орта білім беру жүйесінің оқу-тәрбие үрдісіне енгізу қажет. Өз ұлтыңды құрмет тұту, туған тарихтан, ана тілден ажырамау, міне, бұл – ел ертеңі — жас ұрпақтың бойына сіңіретін қағидаттар.
Каталог: uploads -> doc -> 0237
doc -> Сабақ тақырыбы: Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» романы Сабақ мақсаты: ҚР «Білім туралы»
doc -> Сабақтың тақырыбы Бала Мәншүк ( Мәриям Хакімжанова) Сілтеме
doc -> Ана тілі №2. Тақырыбы: Кел, балалар, оқылық Мақсаты
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
0237 -> Сабақ Сабақтың тақырыбы: ю ю дыбысы мен әрпі
0237 -> Сабақ №18 Циклдің алғашқы шарты


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет