Конспект жазып, жауап беру оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың халықаралық бағдарламалары (pisa, timss)



бет1/2
Дата20.11.2023
өлшемі37,88 Kb.
#192231
түріКонспект
  1   2
Байланысты:
1 тапсырма Шаяхметова Гульмира


1ТАПСЫРМА. КОНСПЕКТ ЖАЗЫП, ЖАУАП БЕРУ
1.Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың халықаралық бағдарламалары (PISA, TIMSS).
Халықаралық білім беру кеңістігінің даму тенденциясының бірі оқушылардың білім нәтижелерін бағалық зерттеуді ұйымдастыру болып табылады. Қазіргі кезде халықаралық мәртебеге ие көптеген бағалық зерттеулер бар. Олардың мақсаттары әртүрлі және осыған қарай ұйымдастыру әдістемесі, зерттеу ауқымы, тексеру құралдары және т. б. ерекшеленеді.
Оқушылардың білімінен күтілетін нәтижелеріне жетуін бағалаудың кеңінен танымал халықаралық зерттеулеріне мыналар жатады PISA (Programmer for International Student Assessment) оқушыларды бағалау бағдарламасы; TIMSS (Third International Mathematics and Science Study) математика және жаратылыстану ғылымдары бойынша бағалау бағдарламасы; PIRLS (Progress In International Reading Literacy Study) оқу машықтарын бағалау бағдарламасы. Қазақстан халықаралық тәжірибеге негізделген жаңа сапалы білім беру саясатын құра отырып, 2009 ж. бастап PISA салыстырмалы зерттеуіне қатысады. PISA өзінің құралдарын оқушылардың шынайы өмірлік жағдайлардағы мәселелерді шешу үшін білімдерін қолдану қабілеттілігін бағалайтын құрал ретінде пайдаланады. Бұл тәсіл зерттеу тапсырмаларында үлгіленеді. Зерттеу оқушылардың қалыпты өмір үшін меңгерген дағдыларының құндылығын, іс-қимыл сауаттылығын барынша ауқымды мағынада өзектендіреді. PISA шеңберінде 15 жасар оқушылардың ересек өмірге қадам басуға дайындығы бағаланады. Мемлекеттер PISA зерттеуіне тек ел үкіметі қабылдаған шешімнің негізінде ғана қатыса алады. PISA бағдарламасына қатысушылар міндетті мақсатты топтарды анықтаудың халықаралық талаптарына сәйкес зерттеу өткізу үшін пилоттық мектептер мен оқушыларды дайындауға жауапты болуға; бағдарламаға қатысушы мектептерді іріктеу мен бағалауды басқару үшін өкілеттіліктері мен ресурстарын қамтамасыз етуге; сауалнамалардың бағалаушы буклеттерін аударуға, дайындауға және басып шығаруға мүмкіндік жасауға; сауалнамаларды жіберу мен оларды ары қарай өңдеуге мүмкіндік жасауға. PISA бағалауы үш бағыт бойынша өткізіледі: оқудағы сауаттылық; математикадағы сауаттылық; жаратылыстану ғылымдарындағы сауаттылық. Жоба оқушылардың оқудағы жетістіктерін сыни бағалаудың бірегей үлгісін ұсынады. Осылайша, жоғарыда аталған бағыттар бойынша білім негізіндегі машықтар мен дағдылар жүйесіне нақты талаптар белгіленді. Әр үш бағытқа сәйкес ұпай саны беріледі. PISA бағалауы 3 жылда бір рет өткізіледі. Бағалаудың әр циклі негізінен үш бағыттың біріне баса назар аударады.
Бағалаудың басым бағытына оқушыларды тестілеуге бөлінген уақыттың 2/3 бөлігі беріледі. Демек, PISA-2012 зерттеуінде математикалық сауаттылық деңгейін анықтауға тапсырманың 62 % бөлінді (85 сұрақ). Оқу және жаратылыстану-ғылыми сауаттылық тапсырмалары сәйкесінше 17 % (28 сұрақ) және 21 % (54 сұрақ) құрады. Бағалау әр мемлекетте 4 000-нан 10 000 оқушыға дейінгі іріктеліммен өткізіледі. Тестіленуші мектептер мен оқушылар тізімі ықтимал-пропорционалды таңдау әдісімен анықталады. Білім беру ұйымының жалпы іріктелімі әр мемлекеттен 150 қатысушы мектептен кем болмауы тиіс. Тестті халықаралық бақылаушылардың қатысуымен мемлекетте арнайы дайындалған оператор мамандар өткізеді. PISA-2012 зерттеуінің әр 50 тапсырмасының форматы мәтіннен, сондай-ақ кестелерден, диаграммалардан, графиктерден, карталардан, жарнама буклеттерінен, нұсқаулықтардан тұрады. Тапсырманың мәтіндеріне күрделілік деңгейі әртүрлі 3–6 сұрақ қоса беріледі. Сұрақтар оқушылардың мәтіндегі жағдаймен қандай да бір жолмен байланыстырылған мәселені анықтау, сондай-ақ пән саласындағы білімімен қатар басқа дереккөздерден алынған ақпаратты қолданып оны шешу қабілетін бағалауға бағытталған. Берілген тапсырмалармен жұмыс аяқталған соң оқушы 30 минут ішінде сұхбаткер сауалнамасын толтыруы тиіс. Сауалнама мектеп (оқу мен мектепте болу жағдайымен қанағаттанушылық), отбасы (ата-аналардың көмегі, әлеуметтік жағдайы) және жеке қызығушылықтары (пәнге көзқарасы, оқуға деген ынтасын және т. б.) туралы сауалдардан тұрады. PISA зерттеуінің әр циклі сонымен бірге мектеп директорларына арналған сауалнамалардан тұрады (материалдық жарақтандыру, оқу үдерісін ұйымдастыру, кадрлармен, ата-аналармен жұмыс және т. б.). Бұл материал білім нәтижелеріне ықпал етуші мәнмәтіндік факторлар туралы ақпарат болып табылады. Математикалық сауаттылық – адамның математика саласындағы білімін әртүрлі шынайы өмірлік жағдайларды шешудегі жеке таңдауын негіздеу үшін қолдану қабілеті. PISA-2012 тест тапсырмаларын іріктегенде математиканың мектептегі курсының негізгі тақырыптары ескерілді: сандар, өлшемдер, бағалау, алгебра, функциялар, геометрия, ықтималдық, статистика, сан теориясының элементтері. Осы тақырыптар аясында іс-тәжірибелік маңызы бар сұрақтарға баса назар аударылды: геометриялық шамаларды өлшеу, бағалау, проценттер, масштаб, шынайы тәуелді диаграммалар мен графиктер интерпретациясы, ықтималдық, статистикалық көрсеткіштер және т. б. PISA-2012 зерттеуіндегі математикалық сауаттылық деңгейін анықтауға арналған тапсырмалар екі қағидатты ескере отырып әзірленді: «Іргелі математикалық идеялар» – қоршаған ақиқаты сипаттауда тапсырмаға өзара байланысты математикалық ұғымдар тобын қосуды бейнелейді: өзгерістер мен арақатынастар, кеңістік пен форма, белгісіздік, сан. Аталған білім көлемі математиканы өмірде қолданудың негізі ретінде қарастырылады. «Математикалық біліктілік» – оқушының әртүрлі мәселелерді шешкенде математикалық білімін, машықтарын, тәжірибесі мен қабілеттерін анықтау мақсатында тапсырмалар енгізу. Математикалық біліктіліктің 3 деңгейі бар: жаңғырту; байланыс орнату; талқылау. Математикалық біліктілік деңгейін анықтайтын тапсырмалар келесі сатылар бойынша бөлінген: 2-ші деңгейлі тапсырмалар 1-ші деңгейлі тапсырмалардан күрделірек. 3-ші деңгейлі тапсырмалар – алғашқы екі тапсырмадан күрделірек және түйсіктің, логикалық ойдың жоғары даму деңгейін талап етеді.
Математикалық біліктілікті анықтауда мынадай тапсырма түрлері қолданылады: жауабы таңдалатын; қысқа еркін жауабымен; толық еркін жауабымен; құрылымдық сұрақтар. Жаратылыстану-ғылыми сауаттылық – физика және астрономия, география, биология және химия саласынан алған білімдерін қоршаған әлемді ұғыну үшін және адам өмірде тап болатын жағдайларда шешім қабылдау үшін қолдану қабілеті. Халықаралық сарапшылар PISA-2012 зерттеуінде жаратылыстану-ғылыми сауаттылықтың мынадай құрамдастарын қарастырады: «ғылым мен технологияға жүгінетін өмірлік жағдайларды тану (бағалау контексті); ғылыми білімдер негізінде материалдық әлемді (технологияны қоса) ұғыну, ол қоршаған орта мен оның заңдары туралы білімді, сондай-ақ дара жаратылыстану ғылымдары туралы білімді меңгеруді болжайды (зерттеу білімінің компоненті); ғылыми сұрақтар тұжырымдау машықтарынан құралған біліктіліктерді меңгеру, меңгерген ғылыми білімдерге жүгіну және оларды қолдану, дәлелденген фактілер негізінде ой түю (зерттеудің білікті компоненті); жаратылыстану-ғылыми білімге қызығушылық, жаратылыстану-ғылыми білімге құмарлықты өзіндік құндылықтар жүйесіне енгізу, мысалы, табиғи ресурстарға және қоршаған ортаға қатысты жауапты әрекет етудің қалыптасқан уәждемесі (бағалаудың аффектілік өлшемі). Тапсырмалар құрылымы өлшеудің 4 өзара байланысты аспектісінен құралады: Контекст: жаратылыстануға және технологияға байланысты шынайы жағдайлар: тұлғалық (оқушының өзіне, оның отбасына, достарына байланысты); әлеуметтік (жергілікті ортамен байланысты); ғаламдық (әлемнің әр бұрышында орын алған құбылыстарға байланысты). Жағдайлардың 5 тобы қарастырылды: «Денсаулық», «Табиғи ресурстар», «Қоршаға орта», «Қауіп, тәуекел көздері», «Жаратылыстану мен технология байланысы». Біліктіліктері: ғылыми сұрақтарды ажырату және қою; құбылыстарды ғылыми түсіндіру; ғылыми дәлелдерді қолдану. Білімдері: жаратылыстану-ғылыми – шынайы әлем туралы білімдері; ғылым туралы – адам өткізетін зерттеулер туралы әдіснамалық білімдер. Арақатынастары: ғылыми сананың маңыздылығы; жаратылыстанудағы жетістікті өз бетімен бағалау; ғылымға қызығушылық; ресурстар мен қоршаған ортаға жауапкершілік. Зерттеудің жаратылыстану-ғылыми блогына төрт түрлі тапсырмалар енгізілді: қысқа жауабы таңдалатын; «иә/жоқ» жауаптары таңдалатын; еркін құрылымдық жауабымен; жабық құрылымдық жауабымен. Бір тест буклеті 3-тен 5-ке дейінгі тест тапсырмаларынан тұрады. Әрбір тапсырма күрделілік деңгейі әртүрлі 3–6 сұрақпен сүйемелденеді. Оқу сауаттылығы 3 құрамдастан тұрады: адамның оқыған мәтінді түсіну қабілеті; мәтіндегі ақпаратты қойылған сұраққа толық жауап беруге қолдану машығы; ойлану машығы (оқырман белсенділігінің көрсеткіші). Зерттеуде оқу сауаттылығын бағалаудың 3 негізгі белгісі қарастырылады: мәтін, жағдай, сұрақ, осы арқылы зерттеуге қатысушы оқығанын әңгімелеу емес, керісінше ұсынылған мәтіннен ақпарат іздеу және түсіндіру машығын көрсетуі тиіс. PISA зерттеуіне қатысушы жұмыс істейтін материал мынадай форматтарда ұсынылған: тұтас мәтіндер (көркем әдебиет); құрама мәтіндер (кестелер, графиктер, диаграммалар, карталар); аралас мәтіндер (ғылыми-көпшілік мәтін, ресми құжат, қоғамдық маңызды оқиғалар туралы ақпарат). Материалдар форматының әртүрлілігі адамның мәтінмен қарым-қатынасының жеке, сондай-ақ оқу аспектілерін ескеруге мүмкіндік береді.
Мәтінді толық түсіну мәтіннің мазмұнындағы жалпы бағдарына, оның тұтас мәнін түсінуге, ақпарат табуға және мәтінді түсіндіруге негізделеді. Демек, мәтіннің мазмұнындағы жалпы бағдарын айқындау және оның тұтас мәнін түсіну басты тақырыпты, мәтіннің ортақ мақсаттарын немесе тағайындалымын анықтаудан тұрады. Ол үшін мынадай тапсырмалар ұсынылды: мәтіннен ақпарат таңдау және оған тақырып ойластыру, мәтіннің жалпы мәнін білдіретін тезисті тұжырымдау, мәтінде берілген нұсқаулықтар ретін түсіндіру, графиктің немесе кестенің негізгі бөліктерін салыстыру, картаның, суреттің тағайындалымын түсіндіру және т. с. с. Ақпаратты табу машығын бағалау үшін мәтінде орындау барысында зерттеуге қатысушыдан «көз жүгірту», оның негізгі элементтерін анықтау және қандай да бір белгісі бойынша қажетті мағыналық бірлікті іздеумен (ұқсастықтарын, айырмашылықтарын, себеп-салдарлық байланысын және т. б. анықтау) айналысу талап етілетін тапсырмалар қолданылды. Мәтінді түсіндіру, оның тұжырымдамалық мағынасын дамыту машықтарын бағалау үшін мәтіндегі әртүрлі сипатты ақпаратты салыстыру және қарама-қарсы салыстыру, ұсынылған тезистерді нақтылау үшін ондағы дәлелдерді табу, тұжырымдалғандардан қорытынды жасау ұсынылды. Тест буклетінде 3-тен 5-ке дейінгі тест тапсырмалары берілген, олардың әрқайсысы әртүрлі деңгейлі 3–5 сұрақтан тұрады. PISA бағдарламасы оқушылардың білім нәтижелеріне ықпал етуші барлық жүйелі дереккөздерді зерттеуге жобаланған. Мұны еліміздің білім беру саясатын құру стратегиясындағы PISA зерттеуінің қолданбалы құндылығы ретінде қарастыруға болады. Ақпарат жинау оқушылардан, мектеп басшыларынан сауалдама алумен қамтамасыз етіледі, ол математика, жаратылыстану ғылымдары мен оқу бойынша нәтижелерге ықпал ететін мәнмәтіндік өзгергіштер жүйесін құруға мүмкіндік береді.
2. Критериалды бағалаудың кіріктірілген моделі - -конструктивтік және құзыреттілік негізіндегі жаңғыртылған білімі.
Критериалды бағалаудың моделі Зияткерлік мектептері оқушыларының оқу жетістігін бағалау тәжірибесіне өзгерістер енгізудің негізін анықтайды. Бұл бағалау рәсімдерінің сапалылығын, олардың халықаралық стандарттарға сәйкестігін және әр оқушының оқудағы қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Критериалды бағалаудың моделі оқушының дамуын, оның қызығушылығын және оқуға деген ынтасын арттыруға бағытталады. Егер әр оқушыға және оның ата-анасына түсінікті болатындай нақты әрі өлшемді бағалау критерийлері белгіленетін болса, бұған жетуге әбден болады. Анық құрастырылған бағалау критерийлерінің көмегімен мұғалім де, оқушы да: • Оқушы оқытудың қай сатысында?
• Олар білім алуда неге талпынады?
• Бұған жетуге көмектесу үшін не істеу керек? екенін түсінеді. Критериалды бағалаудың мақсаты бағалау критерийлерінің негізінде оқушылардың оқу жетістіктері туралы шынайы ақпарат алу және оқу үдерісін жетілдіре түсу үшін оны барлық қатысушыларға ұсыну. Критериалды бағалаудың міндеттері:
1. Оқу үдерісінде бағалаудың қызметі мен мүмкіндіктері аясын кеңейту;
2. Жүйелі кері байланыс орнату арқылы оқушылардың өзін-өзі үнемі жетілдіріп отыруына жағдай жасау;
3. Бірыңғай стандарттарды, сапалы бағалау құралдарын, механизмдерін қалыптастыруға көмектесу;
4. Қолжетімді, нақты, үздіксіз: - оқушыларға олардың оқу сапасы туралы; - мұғалімдерге оқушылардың ілгерілеуі туралы; - ата-аналарға оқу нәтижелерінің деңгейлері туралы; - басқару органдарына ұсынылған білім беру қызметінің сапасы туралы ақпараттар ұсыну; 5. Оқу нәтижелеріне деген жауапкершілік сезімін тәрбиелеу арқылы рефлексия, өзін-өзі реттеу және өзін-өзі бағалау дағдыларын дамыту. Критериалды бағалаудың қағидаттары (принциптері): Оқыту мен бағалаудың өзара байланысы. Бағалау оқытудың ажырамас бір бөлігі болып табылады, ол оқу бағдарламасындағы мақсаттармен, күтілетін нәтижелермен тікелей байланысты. Шынайылық, сенімділік және валидтілік. Бағалау дәл және сенімді ақпаратты ұсынады. Қолданылатын критерийлердің, құралдардың оқу мақсаттарына жетуге, күтілетін нәтижелерді бағалайтынына сенімділігі болады. Ашықтық және қолжетімділік. Бағалау түсінікті, айқын ақпараттарды ұсынады, сондай-ақ, барлық оқу үдерісіне қатысушылардың қызығушылығын, жауапкершілігін арттырады. Үздіксіздік. Бағалау оқушылардың оқу жетістігінің ілгерілеуін дер кезінде және жүйелі қадағалап отыруға мүмкіндік беретін үздіксіз үдеріс болып табылады. Дамуға бағыттау. Бағалау нәтижелері оқушылардың, мұғалімдердің, мектептің, білім беру саласының даму бағытын анықтайды және ынталандырады.
1. Критериалды бағалаудың теориялық негізі «Критериалды бағалау» терминін алғаш Роберт Глейзер (1963) қолданған, ол әдеттегі мінез-құлық моделінің жиынын анықтау үдерісін, білім алушылардың оқу жетістігі деңгейінің шамасы мен қолжетімділігінің арасындағы сәйкестікті сипаттады. Бұл оқушы әрекетін алдын ала анықталған критерийлерді тіркеп жинақтау арқылы бағалауды білдіреді. Глейзер критериалды стандарттағы бағалаудың басқа оқушылар жетістігіне тәуелділік пен салыстыруға қатысы жоқ екенін, сондай-ақ, әр оқушының құзыреттілік деңгейі туралы ақпараттануға бағытталғандығын атап көрсетті. Оқушылардың оқу жетістігін критериалды бағалау жүйесі оқыту, оқу, бағалаудың өзара байланысына және оқу үдерісін ұйымдастырудың бірыңғай тәсілдерін қамтамасыз етуге негізделген. (Бойл және Чарльз, 2010). Бұл барлық бағалау элементтері арасындағы өзара байланыс орнатуды, теориялық негіздемені болжамдайды (оқу мақсаттары, бағалау түрлері, құралдары мен нәтижелері). Оқушылардың оқу жетістігін критериалды бағалау жүйесі
• оқыту мен бағалаудың тұтастығына негізделеді;
• оқушылардың үлгерімін, ілгерілеуін қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілін қалыптастыруға бағытталады;
• оқу бағдарламасына сәйкес дағдыларды дамытуды, білім алу дәлелдерін жинақтауды, оқу мақсаттарын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді;
• оқу бағдарламасының мазмұны негізіндегі әр сынып үшін пән бойынша бағалаудың формалары мен тәсілдерінің әртүрлілігін қамтиды. Төменде критериалды бағалау жүйесінде қолданылатын теориялық негіздердің сипаты ұсынылды. Құзыреттілікке негізделген тәсілдеме Құзыреттілікке негізделген тәсілдемеде оқу нәтижелерін бағалау білім алудың белгілі сатысында оқушылардың «жыл басында» қол жеткізген білімдерінің деңгейлерін талдауға негізделеді. Күтілетін нәтижелер оқу бағдарламасын толық меңгерудің қорытындысы бойынша туындайтын оқушылардың тәжірибесінен және қабілетінен, дағдысынан, білімі мен білігінен көрінеді. ЭЫДҰ баяндамасында құзыреттіліктің үш санатын атап көрсетеді (ЭЫДҰ, 2003): - құралдарды интерактивті қолдану: сөйлеу, символдар мен мәтіндер; білім мен ақпарат; технологиялар. - әркелкі топтарда әрекет ету: басқалармен жақсы қарым-қатынаста болу қабілеті, командамен жұмыс жасау және ынтымақтастық, шиеленісті шеше білу және басқару. - өз бетінше әрекет ету: көріністі жан-жақты көре білу және әрекет ету қабілеті, жеке жобалар, өмірлік жоспарларды қалыптастыру, жүзеге асыру, қажеттіліктер мен нормаларды, қызығушылықтарды, құқықты сақтап қалу, қорғау. Білім берудегі құзыреттілікке негізделген тәсілдеме адамның іс-әрекетке дайындығын, өмірге қажетті құзыреттіліктерді алу жолымен социумда қызмет етуін анықтайды. Білім берудің нәтижесін ұсынатын деңгейдің бірі функционалдық сауаттылық болып табылады. Функционалдық сауаттылықты дамытуға жалпы бағыттылық Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында анықталған, ондағы мақсаттың бірі жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене бітімі және рухани дамыған азаматын қалыптастыру, тез өзгеретін әлемде оның табысты болуын қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттілігін қанағаттандыру, еліміздің экономикалық әл-ауқаты үшін бәсекеге қабілетті адами капиталды дамыту болды. 2-суретте мінездің дифференциация арқылы өтетін «жасауға қабілетті»- ден «жасай алатынына сенімді»-ге дейінгі әрекеттермен көрсетілген құзыреттілік деңгейін анықтау үдерісі берілген. Критерийлер негізіндегі бағалау үдерісінде оқушылар өз құзыреттілік әлеуетін біртіндеп ұлғайтады, «Жасай алатынына сенімді» деңгейінде күтілетін нәтижеге жетеді деп болжанады. Осылайша, құзыреттілікке негізделген тәсілдемеге сәйкес оқу бағдарламасын меңгеру, бағалау критерийлерін бақылау, өлшеуге қатысты берілген оқу мақсаттарына жеткенін айғақтайтын нақты нәтижелер арқылы бағаланады. Кері дизайн Мұғалім әрекетінің «оқу мақсаттары – сабақ – бағалау» реттілігі классикалық түрге айналды. Алайда білім беру үдерісін жобалаудың жаңа моделі аталған ұстанымның бағаланатын, қол жеткізетін білім, білік, дағдылар арасындағы сәйкессіздік тұрғысынан алғанда қайта қарауды қажет ететіндігін көрсетеді (нені оқытуы және нені бағалау қажеттігі арасындағы қарамақайшылық). Кері дизайн – бұл білім беру үдерісіндегі арнайы педагогикалық жобалау технологиясы, негізгі критерийі мазмұн емес (контент), оқытудың жоспарланған нәтижелері болып табылады (Велединская, Дорофеева, 2014). Тәжірибе көрсеткендей, мұғалімнің оқу мақсатын анықтап, бағалау үдерісін жобалауы, қарастыруы, содан соң ғана жоспарлауы арқылы оқушыларға сабақ өткізу әрекеті әлдеқайда тиімдірек екені байқалды. Кері байланыс технологиясы аясында білім беру үдерісін жоспарлауда үш кезеңді жүзеге асыру қарастырылады (Уигнис және Тай, 2011): 1-кезең – Мақсаттар мен қалаулы нәтижелерді анықтау, яғни «Оқушылар нені білуі, түсінуі және істеуі тиіс?» деген сұраққа жауап; 2-кезең – Қолайлы дәлелдерді анықтау, яғни «Оқушылардың қалаулы нәтижелерге жетуі мен олардың стандарттарға сай болуына не дәлел болады?» деген сұраққа жауап; 3-кезең - Оқуды және оқушылардың нәтижелерге жету үдерісін жоспарлау. Құзыреттіліктер салдары Жасай алатынына сенімді Жасауға қабілетті Жасай алады Бір рет жасады Жасауы мүмкін Жасай алды Сирек жасайды Әдеттегідей Кейде жасайды жасайды Жиі жасайды Әрқашан жасайды Жасайды 9 Мұғалімге толық оқу-әдістемелік кешенді алдын ала ұсыну (оқу бағдарламалары, оқу жоспарлары, қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырмалар үлгілерінің жинағы, мұғалімдерге арналған жиынтық бағалау бойынша әдістемелік ұсыныстар және т.б.) кері байланыс үдерісінде білім беруді жоспарлауға мүмкіндік береді: оқу бағдарламасы – бағалау үдерісі – оқыту мен оқу үдерісі. Бұл оқу үдерісі оқу мақсатына жетуге, ал бағалау оқу қорытындысы бойынша күтілетін нәтижеге сәйкес деңгейді белгілеуге бағыттайды. Әлеуметтік-конструктивистік оқу теориясы Критериалды бағалау жүйесі оқытуда әлеуметтік-конструктивистік көзқарасқа сүйенеді. Әлеуметтік-конструктивистік оқу теориясы білім беруде ұжымдық, топтық, жеке-тұлғалық оқыту үдерісінде әлеуметтік конструкцияға ерекше көңіл бөледі. Дэвис және Херш (1981) оқытуда сындарлы (конструктивистік) көзқарасы бар мұғалім оқыту мен бағалаудың білім мен дағдыны дамытуға бағытталғанын түсінеді деп есептейді. Білім танымның келісілген аймағы ретінде қарастырылады; оқушы білімді пассивті түрде алуды тоқтатып, сол білімнің «жасаушысы/құрастырушысы» бола бастайды. Пиаженің (1967) әлеуметтік-конструктивистік оқу теориясына сәйкес оқушылар қандай дағдыларға қол жеткізді, қолынан не келеді, нені таныды тұрғысынан өз түсінігін қалыптастырған адам ретінде қарастырылады. Оқыту оқушылардың жаңа ақпаратты түсінуін, тәжірибе жинақтауын өзгерту (трансформациялау) үшін қолданылуы қажет деп түсіндіріледі (Выготский, 1966). Бұл оқушылардың өз дағдыларын дамытуына, келешекте рефлексия арқылы абстракциялар көмегімен негізгі қағидаттарды қолдануына мүмкіндік береді (Дарлинг және Вэнворс, 2010). Әлеуметтік-конструктивистік оқу теориясына сәйкес оқушылардың ойлауын дамыта оқыту түрлі дереккөздерден (мұғалім, құрдас, оқу ресурстары) «алынған» білімнің «бар болуын» өзара әрекеттестіріп, социуммен үйлесімді қарым-қатынас орнату арқылы қамтамасыз етеді, «мүлдем жаңа» білім ортасын құрады. Бағалау әлеуметтік-конструктивистік оқу теориясының идеяларына негізделген, ол түрлі елдерде кеңінен қолданылып жүрген қалыптастырушы бағалауды тәжірибеде жандандыруға мүмкіндік береді. Жақын арадағы даму аймағы Жақын арадағы даму аймағы түсінігі Л.С.Выготскийдің енгізуімен белгілі, ол «жақын арадағы даму аймағы, баланың даму деңгейі, яғни қандай тапсырманы ол өз бетінше орындай алатынын және үлкендермен, өз құрдастарымен жұмыс жасай отырып жете алатын әлеуетті даму деңгейі арасындағы айырмашылығын білетінін анықтайды» дегенді білдіреді (Выготский, 1978, 86-бет). Осылайша, қалыптастырушы бағалау үдерісінде мұғалім немесе қабілетті құрдастарының бірі оқушыға қолдау көрсетсе, оның дамуы жақын арадағы даму аймағында өтеді. 10 Скаффолдинг теориясы Скаффолдинг теориясы Л.С.Выготскийдің жақын арадағы даму аймағы түсінігімен тығыз байланысты, оқыту когнитивтік емес, ең әуелі, әлеуметтік, тұлғааралық деңгейлерде болады деп болжайды. Аталған дәйектерге қарамастан, Л.С.Выготскийдің өзі «скаффолдинг» терминін ешқашан қолданбаған (Стоун, 1998), ол тек адамның когнитивтік дамуындағы әлеуметтік өзара әрекеттің маңызды рөлін атап көрсеткен. Скаффолдинг (көпіршелер тұрғызу) – оқушыға жақын арадағы даму аймағымен жүруіне және өз бетінше орындай алмайтын тапсырманы орындауға көмектесу үшін мұғалім көрсететін интерактивті қолдау (Глоссарий, 2012, 91- бет). Скаффолдингтің жаңашыл теориясы – бұл білім беру үдерісіне қатысушылардың арасындағылардың өзара сеніміне негізделген серіктестік. Оқу үдерісінің барысында қойылған мақсаттарға жету үшін қажетті көмек көрсету мақсатымен оқушыларды қолдау (Дж.С.Брунер, 1976) қалыптастырушы бағалау тәжірибесінде мұғалім орындайтын маңызды функциялардың бірі болып табылады. «Скаффолдингтің» негізгі сипаттамалары: 1. Жалпы мақсаттардың болуы. «Скаффолдинг» үшін аса маңызды жағдай «интерсубъективтіліктің» бар болуы болып табылады (Рогофф, 1990), ол екі субъектінің екі түсінікке ортақ түсініктерінің болу жағдайы. Интерсубъективтілік мұғалім мен оқушының оқудағы нәтижеге ортақ жауапкершіліктерінің болуы ретінде қарастырылады. 2. Ағымдық диагностика және бейімделуге қолдау көрсету. Скаффолдингтің маңызды ерекшеліктерінің бірі оқушыларға қажетті қолдауды «бірте-бірте» көрсету үшін мұғалім олардың ілгерілеуін үздіксіз бағалап отыратын дерек болып табылады. Сондықтан мұндай өзара әрекет «оқушылардың қажетті дағдыларды меңгеруіне, жоғары деңгейдегі тапсырмаларды орындай алуына көмектесуі керек» (Вуд және басқалар, 1976, 97-бет). 3. Диалог және өзара әрекет. Мұғалім мен оқушылардың өзара әрекеттері скаффолдингте диагностикалық болып табылады. Бұл оқушыларды селқос білім мен тәжірибе алушы емес, сұрақтар/тапсырмаларды шешуде белсенді қатысушы, серіктес ретінде көруге мүмкіндік береді. Ал өзара әрекет диалогтің арқасында мүмкін болады (Браун және Палинксар, 1985; Палинксар және Браун, 1984), яғни мұғалім мен оқушы немесе оқушы мен оқушы арасындағы әңгімелесулер. 4. Қолдауды азайту, жауапкершілікті беру. Скаффолдинг жағдайларының бірі оқушыларға мұғалім тарапынан көрсетілетін қолдау көлемін біртіндеп азайту. (Вуд және басқалары, 1976). Бұл біртіндеп оқушылардың өз оқуына өзі жауапкершілікпен қарай алуына толық жеткізу болып табылады.

3. Кембридж бағдарламасындағы критериалды бағалау түсініктемесі.


Кембридж бағдарламасындағы 7 модульдің біреуі бағалау. Соған байланысты бағалаудың басты функциясы білім алу ағымының ерекшеліктерін айқындауға және сәйкес келетін түзетулер енгізуге мүмкіндік беретін талдау үрдісі болып табылады. Осыған орай, критериальды бағалау орта мектепте де міндетті. Өзін-өзі бағалауға көп көңіл бөлінеді. Өлшемдік жүйе әкімшілік, ата-аналар, мұғалімдер мен оқушыларды қоса алғанда оқу үрдісіне қатысушылардың барлығына ашық және түсінікті. Бұл жағдайда бағалау оқушылардың өзі бақылау-бағалау іс-әрекетіне қатысып, өзін-өзі бағалау біліктілігін жетілдіруіне орай құрастырылады. Бағалаудың бұл түрі оқушының білім алуы мен бейінін дамытудағы танымдық қызметіне себепші болады. Әрбір оқушы өзінің дамуы жолындағы қажеттілікті түсініп, мұғаліммен бірлесе отырып алдағы жұмысын талқылап, түзетеді. Оқу жылының басында ата-аналар мен оқушылар әрбір пәннің бағалау критерийлерімен танысып, хабардар болады.
Оқыту - мұғалімдердің оқушыларға жасаған сыйы емес, бұл құзіреттіліктер білім алу үшін оқушылардың өздері де оқу үдерісіне белсенді қатысуын талап етеді. Мұғалімдер, өз кезегінде, өзінің сабақ беруіне емес, оқушылардың оқу ептілігін дамытуға назар аударуы тиіс. Осы мақсатта мұғалім оқыту ортасын құру керек. [ МАН, 70 бет]
Осыған байланысты оқушылар арасында өзара түсіністік және ұжымдық қарым-қатынасты орнатып, оқушылардың сенімсіздіктерін жойып, мүмкіндіктерін арттыруға жол ашатын критериалды бағалау болып табылады.
Критерийлер - оқытудың міндеттерін жүзеге асыратын өлшемдер, атап айтқанда, оқушылар жұмыс барысында орындайтын іс-әрекеттер тізбесі.
Критериалдық бағалау - бұл білімнің мақсаты мен мазмұнына сәйкес келетін, оқушылардың оқу-танымдық біліктілігін қалыптастыруға себепші болатын, айқын анықталған, ұжыммен шығарылған, білім процесінің барлық қатысушыларына алдын ала белгілі критериялармен оқушылардың оқу жетістіктерін салыстыруға негізделген процесс.
Егер балаға оның белгілі бір деңгейге жеткендігін айтса, онда бұл оған үздік нәтижеге жету үшін не істеу керектігін түсінуге көмектеспейді; бұл ретте егер баламен бірге оның жұмысында мұндай бағалауға не әкелгенін және бағалау өлшемдерін түсіндіруге талдау жасаса, онда бұл балаға өзінің нәтижесін жақсарту үшін кейін не істеу керектігін түсінуге мүмкіндік береді. [МАН, 107 бет]


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет