Көсемәлі Сәттібайұлы Аран



бет1/19
Дата20.06.2018
өлшемі0,65 Mb.
#43920
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19
Көсемәлі Сәттібайұлы

Аран

Әңгімелер,

хикаяттар,

ертегілер


Алматы 2012

УДК 821.512.122

ББК 84 Қаз-7

С 28.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті "Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару” бағдарламасы бойынша шығарылды


С 28 К.Сәттібайұлы

Аран — Алматы: ҚАЗақпарат, 2012. — 432 бет.

ISBN 978-601-03-0122-1


Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ - қазақ прозасының белгілі шеберлері

С.Мұратбеков, Ш.Мұртаза, М.Қаназов, Н.Дәутайұлы және М.Байғұттан бата алған қаламгер. Ол өз шығармашылығында ең әуелі суреткерлікті мұрат тұту арқылы бұрынғы-соңғы классиктердің дәстүрлі үлгісін жаңашылдықпен алға апаруды ниет етіп келеді. Бұған оның „XXI ғасыр прозасы" сериясына еніп отырған „Оқшаулау", „Әбдіқадірдің моншасы", „Шарбақтының жалғызы" „Аран", „Шаншудың балконы“, „Қайнарбектің қаны", „Соп-тиак-ти" және „Электортат" деген сияқты тағы басқа әңгімелері дәлел.

Жазушы қиялынан туған хикаяттары мен қағлиялары және ертегілері де түйсікті оқырман үшін тамыры терең, тұңғиығы тылсым дүние.

УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз-7

І5ВН 978-601-03-0122-1

© К.Сәттібайүлы, 2012



Бірінші бөлім

(әңгімелер)
ОҚШАУЛАУ"
«Бәле қайда деме, табан астында» деген рас екен. Оразадағы ойы мен ниеті күн мен гүлдей өбісіп, әп-әдемі-ақ өріліп келе жатқанда Балтазар боқтампазыңыз «ұмытшақтық» деген емі жоқ кеселдің кесірінен үшінші мыңжылдықтың оныншы жылының Оразасы екенін, сол үшінші мыңжылдықтың оныншы жылының Оразасында ауыз бекітіп, намазға жығылғанын тарс ұмытып, «тендер» деп басталатын тегеурінді комиссияға жаңа ғана бастық болған құрдасын бипаздап тұрып әкеден бір-ақ қайырғаны...

«Бипаздап тұрып әкеден бір-ақ қайыру» дегеніңіз, жалпы, Т. атты шаһардың жасы мен жасамысының сүйегіне сіңген әдет. «Сүйегіне сіңген әдет» дегенде сүтпен емес, әрине. Анасының құрсағынан бәрі «әлһамдулиллаһ, мұсылманмын» дегенді дәріптеп, мешіттердің мұнарасынан естілген азаншының әуезіндей қауымның құлағына жағымды іңгәмен-ақ туады. Бірақ шағырмақ күні шақшиған шаһардың үстінен бір малғұн кеп «боқтап сөйлемесеңдер бақтарың жанбас-с-с...» деп, құлақтарына сыбырлап кеткендей бұл әдет өсе келе сөздерінің біссімілләсіне айналады.

«Сүйекке сіңген әдет сүйекпен кетеді» деген сөз бар. Сол сүйекке сіңген «әдет» Балтазарда да баршылық. Енді қайтсін, әкесі марқұм қазақ халқының балағат сөздерінен докторлық қорғамаса да, алыс-жақындағы өзі мәнзелдес алқын-жұлқын, ұрма-перме жандарға «Жиреншелеп боқтау» деген тым таңсық түсінік қалдырып кетіпті. Біреуден малға ықтасын болар баз қалады, ал енді біреуден сол малға жемшөп болар саз қалады, ал мұның әкесінен «боқтампаз» деген деліқұлылау ат қалыпты. Сондықтан болар, ел-жұрт: «Боқтау деп, шіркін, Жиреншенің боқтауын айт, оның қасында Балтазардікі түйеден түскендей бірдеңе ғой?» деп, балағатымен-ақ байтаққа баян болған әкесін еске алып, елжіреп отырғандары.

Үшінші мыңжылдықтың оныншы жылының Оразасында намазға жығылып, Алла тағалаға құлдық ұрғандағы сығыр үміті әкеден жұққан осы бір жаман әдеттен ада-күде құтылсам ба дегенге сайып еді, көрдіңіз бе, міне, сайтан азғырып, түлен түртіп, тапа- тал түсте тілі түскірі тілегіне көнбей, мүлт кеткенін.

Әкесінің атағы ауылды қойып, алты қырға тарап кеткені соншалық, кейінгі жылдары тіл жанашырымыз дей ме, тілші-ғалымбыз дей ме, әйтеуір, жуанды- жіңішкелі, ұзынды-қысқалы, ірілі-ұсақты, иә, білімді-білімсіздері де бар, кандидаттар мен ғалымдар сонау Алатаудың бөктерінен ерінбей-жалықпай іздеп келіп, «Аға, сіздің сөзіңізді естіп, халық қазынасы болған соң қағазға түсіріп алсақ деп отырмыз» дейтінді шығарған. Бозқақтан жаппа жиған бадамшадай «боқтық жинай келдік» дегендерге, әлбетте, шал үндемейді. Ал аддындағы шүйкелеп отырған жүнін жерге нығырлай қойып, етегіндегі жүн-жұрқаны әдеттегісінен қаттырақ қаққыштай түрегелген кемпірі:

— Астапыралла, милау шығар бұл өкімет, әйтпесе, «іріген ауыздан шыққан шіріген сөзді де» «қазына» дей ме? «Қазына» болғанша, қара жерге қазық боп неге қағылып кетпейді ол, — дейді.

Бұл кезде «Жиреншелеп боқтаудың» авторы біресе қабағын түйеді, біресе әлденеге күлімсіреп, жымияды. Аламан айтысқа дайындалған ақиық ақындайын жұтынып, жұтынған сайын жұтқыншағы жоғарылы-төмен жорғалап, өзінен-өзі әлденелерді күбірлей бастайды. Сосын: «Жындыны жынды десе, бөркі қазандай болады» деген, кемпірімнің айтып отырғаны дұрыс, шырақтарым, — дейді.

Шалының қолдауынан қуат алған ақ кемпір:

— Бұл неме жұрттың «боқтағыш-боқтағыш» дегеніне масайрап, өкіметті де, өкілді де түк қалдырмай боқтап, ақ нан, сары май жеп отырған қоймасының кілтінен айырылып қалмады ма түге, қара басқанда. Отырысы мынау енді, қи сасыған қорада «изәләтір» бағып. Айналайындар-ау, өздерің де түкке тұрмайтын нәрсеге бола түу сонау ит өлген жерден кепсіңдер, бұ шал енді сендердің өздеріңді зәу-заттарыңмен қоса сыпыра боқтамай тұрғанда қайтқандарың жөн, — деп, есіктің алдында тұрған ақ самаурыннан аспандай ұшқан көкшулан түгін сияқты мүмкіндігі жүз пайыз қауіпті және қоюлата түседі.

Ал шалдың ойы басқа. «Ән айту үшін де әл керек» демекші, боқтау үшін де шабыт керек. «Шабыт» деген де құшағыңа күнде құлай бермейтін сұлу сияқты, бір оқыс оқиғадан, әнтек әсерден туады ол. Террористердің бомбасындай күтпеген тұстан тарс ете қалатын кездері де жоқ емес. Ал енді қиылып тұрған адамға не деуге болады? Не үшін боқтайды? Ілік болар уәж не?

Қиналғанын білдірмеу үшін қи сасыған қорасындағы малын қарауға шыққан. Мал да, қора да өзінікі емес, өкімет деген өктемдікі. Өкіметтің жергілікті жердегі көзі мен құлағы — қызыл мұрын директор. Бірдеңесін жоғалтқандай көңі мүңкіген қораға мойны қылқиып күнде келеді де тұрады тағы. «Бірінші» деген аты бар, өздері жарымай отырғанда астына қалың ғып көрпеше төсеп, алдына таза ғып дастарқан жайып, тәуір ыдыспен алдына май, құрт қойып, сәтсәлістік заманның мейманасы тасыған қойшысының беймарал бейнесін көрсетіп, сайқымазақ болуың және керек-дүр. Ол сойқан май мен құртқа қанағаттанса жақсы ғой, төрге жамбастап жатып алып, керегенің көзінен көлеңкеде үйездеп жатқан қойлардың құйрығына қарап «мына сорлылардың ішінде де пышаққа ілінетіндері бар екен, ә» деп, сілекейі шұбырған қасқырдай телміретінін қайтерсің. «Ымды түсінбеген, дымды түсінбейді», директордың шашбауын көтеріп, далақтап жүрген завферма «біз «жиырма бірді» жайғап тастағанша, аналардың ішіндегі тәуірінен қуырдақ жасап жібер» дегенді көзінің қиығымен қиыстырады. Бұған ашынбағанда Жиренше неге ашынады енді.

Алматыдан келген тілші-ғалым қойын дәптеріне дым түсіре алмай қайтуға жиналып, ал ақ кемпір айтпақшы, біздің «изәләтір» баққан кейіпкеріміз аузынан өмірінде боқтық шықпаған адамдай тымпиып, қорасын айналшықтап жүргенде, әлгі қызыл мұрын директор мәшинесін тура есіктің алдына шаңын бұрқырата кілт тоқтатып, сырықтай бойы серең етіп түсе қалсын. Ол да бір қияңқы, мәшинеден түскен бойы амандық-саулық жоқ, лезде іскер басшының «бейнесіне» еніп, қора-қопсыны шарласын да кетсін. Шарлағанымен қоймай, арам өлген қойлардың қан қатқан қаңқалары мен жидіген терілерін көріп тура бір Иосиф Виссарионович «әкейдің» жамбасы жаңа ғана жерге тигендей, ой бір аһ ұрып, ой бір тұлдансын. Тұлданғанымен қоймай, Алматыдан келген талшыбықтай талдырмаш тілші-ғалымның алдын- да бедел жиып қалғысы келді ме, «изәләтір» баққан ақсақалға ал кеп әкіреңдесін. Ұрысқанда екі көзі шатынап, екі иығы селкілдеп, арақ пен сарымсақ сасыған аузынан түкіріктері шашырап кететін әдеті тагы бар екен өзінің.

Міне, осы кезде үстіндегі түсі оңып кеткен сулығын қаудырлатып, қамшысын сүйретіп, тілін жұтқан адамдай маналы бері тымырайып жүрген қойшының көмекейі бүлкілдеп, әй, бір көсілсін.

— Бойың серейіп, мойның қылқиып, қарының қампайып, бұтың шидиіп, мұрның имиіп боққа үйір бір сорлы екенсің өзің. Күнде иіскесем салбыраған мұрным қысқарады деп ойлайсың ба! Бет-аузың бір қызарып, бір бозарып, құрқылдамасаң жүре алмайсың ба, әлде?! Сенен-ақ ығыр болдым ғой, әке...

— Сверщилось!!!

Қалтасынан қойын дәптерін іздеймін деп асып- сасқаны сонша Алатаудың бөктерінен келген тілші- ғалымның аузынан абайсызда орыс халқының осын- дай бір сөзі шығып кетті. Сосын қаламы мен қағазын

тауып алып, құнжыңдап жаза берді, жаза берді. Жазып жатып бас шайқап қояды. Бас шайқайтыны, көтерем қойларға баскөз боп отырған шал мен кемпір ұсынған айранды бір апта тегін сораптаса да бастығын езу тартқызар елеулі оқиғаға куә бола алмай арманда кетіп бара жатқан кезінде, Аллатағала, тілегенін көктен емес, жерден берді.

Бұл кезде қызыл мұрын директор өзінің аман- дық-саулық жоқ әкіреңдей келгенін тарс ұмытып, тарс ұмытқаны сол, Жиреншенің аузынан қарша бораған балағатқа не дерін білмей, тобық жұтқандай қиқылдап-шиқылдап қалған.

Тілші-ғалым болса директордың не қыларға білмей, айран-асыр болған мүсәпір сиқына қарайды да жазады, жазады да қарайды. Қарасында өңін қағаз сорған қала оқымыстысына тән «Неткен дәлдік!» деген таңданыс бар. Сосын соңыра ұмытып қалмайын дегендей «Гәптің үлкені шалдың боқтауында емес, тұспалында екен. Елдің айтуынша, қанша боқтампаз болғанымен осы жасына дейін ол бір адамның бетіне тура қарап боқтамаған. Ылғи тұспалмен сыбаған. Елден ерекшелігі де осында. Ал директор мен түйетауықтардың арасындағы ұқсастықта дау жоқ. Ендеше, естіген адамын есінен тандыратын мұндай тұспалды мына шалдан басқа ешкім ойлап таба алмас» деген тұрғыда бірдеңелерді асығыс шимайлайды. Шал болса ғалым балаға «қарағым, іздегенің боқтық болса, мә, ендеше» дегендей ауылдың атқамінерлері аяқ-қолын жерге тигізбей дәріптейтін «біріншіні» тұспалдай тұқыртуын одан ары үдете түскен.

★ ★★


Әкеден бала бір сүйем артық, не бір сүйем кем туады. Жиреншенің балта ұстар бір перзентке зар боп жүргенде көрген Балтазары әкесінен бір сүйем кері туды. Бейнелеп боқтаудың орнына Т. шаһарынан А. шаһарына тура тартылған тас жолдайын төтесінен бір-ақ қайырады.

Оразаның он үшінші жұлдызы ма екен, жаңа мектептің құрылысының жайын білейінші деп құрдасы Жұмабекке телефон шалсын. Ол телефонының құлағын көтеруін жылдам көтергенімен, бұл екенін біліп ыңырана қалды.

— Әй, сен әлі ұйықтап жатсың ба? — деген бұл.

— Ің, - деді ол.

— Әй, іңің не?

— Ің... сол... ұйқы қанбай...

— Түнімен қой күзеттің бе, не?

— Үйге еуроремонт жасап ек, ің... шаршап... ің...

Балтазардың жыны келді. Жыны келетіні, бүгінде

бұл жақтағылардың бәрі «бастық» деген алтын жазуы бар бөлменің төрі бұйырып, былғары орындығына құйрығы тисе болды, жұмысын пәтер жөндетуден немесе үш деңгейлі коттедж салудан бастайтын «әдет» тауып алыпты. Ел-жұрттың бәрі жынды емес, ақыл- есі орнында. Қай шенеуніктің қай қазаннан ет жеп, қай кеседен сорпа ішіп жатқанын жақсы біледі. Мәселенки, қаланың төріндегі анау жаңа мектеп, мынау жаңа аурухана, сонау жаңа спорт ғимараты дегендердің құрылысына бөлінген қыруар қаржының жыл сайын жетпей қалатыны бар. Сөйтсе оның біразы тендер комиссиясы деген төренің өңешінен өтіп кетеді екен. Жұмабек те солардың сапындағы сайтаннан болды.

«Әкесі құрдастың, баласы да құрдас» дейді Т,- лықтар. Ал Т.-лықтар демесін, егер десе бар ма, онда ешкімге дес бермейді.

— Ің... шаршап... дейді ғой, сен де әкең сияқты қиға құмар түйетауықтың сортынан болдым десеңші одан да.

Бағаналы бері «ің», «ің» деп ұйқысырап тұрған құрдасы лезде шамырқанып шыға келді.

— Әй, не деп тантып тұрсың. Өзің түйетауық, білдің бе!

— Өй, әкеңнің... сенің!

Ұйқысынан енді ғана оянып, төсегінен енді ғана тұрып жатқан, ештеңені түсініп те үлгермеген құрдасын, яғни білдей бір облыстың білдей бір тендерінің төрағасын астар мен әдіптен жұрдай құрғақ боқтықпен осылай бір қайырды да, телефонның құлағын тарс еткізіп орнына тастай салды. Ораза айының ортасындағы Балтазардың аузынан абайсызда шығып кеткен боқтық тарихының бар болған біткені, міне, осы еді.

«Зілзала өтті, зілі қалды» дегендей, ашу өтті, ақыл кірді, енді қайтпек керек? Шіркін, әкесі болса бір амалын тауып, анау жаңа мектептің құрылысының қасындағы қара талды қара шаңырағындай «жекешелендіріп» алып, саңырық сасытып жіберген қарға мен құзғынды қыра боқтап ашуын басар еді, мұныкі таза анайылық болды. Оның үстіне ызасы басылып, ашуы тарқаған кезде Аллатағалаға құлдық ұрған пенденің Ораза айында аузымен бірге тіліне де тиым салуы қажеттігі есіне түсіп, қысылғаннан жауырын ортасының жіпсімесі бар ма. Ораза ұстамаған, намаз оқымаған бұрынғы кезінде бүйтіп аса қиналып, аса қысылмаушы еді, енді төсегінен жаңа тұрып жатқан құрдасын ай-шай жоқ әкесінен қайырған оспадарлығы ойынан кетсеші. Не істеу керек? Әрине, кешірім сұрау керек. Аллатағала тәубеге келген құлының күнәсі аспан мен жердің арасын толтырардай көп болса да кешіреді екен дегенді естіген. Ендеше, мұның біліп, білмей істеген күнәсін де кешіретін шығар. Бірақ құдайдан қорықпай халықтың қаржысына ауыз салған жебірлердің біріне айналған құрдасынан қалай кешірім сұрамақ?

Телефонын екі рет теріп, тұтқасын орнына екі рет қойды. Әлде ұялы телефонына хат жазып жібергені жөн бе? Бірақ SMS-ке елп ете қалатын Жұмабек жоқ, жым-жырт. Үнсіздік үшінші күнге ұласқанда Балтазар қорқа бастады. Үшінші мыңжылдықтың оныншы жылындағы ұстаған Оразасы бір жемқорға бола зиянға ұшырамақ па? Бұрын бүйтпейтін. Бесін намазынан кейін әйеліне мұңын шағып еді, ол: «жүрегіңе имандылық ұялайын деген ғой» деді. «Ал кешірмесе, ауыртпалығын өзі көтереді». Көңіл жұбатқанға жақсы-ақ сөз, бірақ...

Жұмабек те қыршаңқы аттай алдына келгенді тістеп, артынан өткенді теуіп үйренген. Ұқсамасаң тумағыр, құдды әкесі сияқты. Өзінің оқымаған кітабы жоқ. «Мынау дейді, — батыс жақты нұсқап, — Еуропа мен АҚШ-ты аузына қаратып Теккерей, Стейнбек деген жазушылар өткен ғой кезінде, құдай біледі, солардың ата-бабаларының сендермен бір шатысы бар. Жиреншенің әкесі Бақкерей, ал арғы атасы Станбақ емес пе өзі? ». «Мұны не үшін айтты бұл сұм?» деп ойланып үлгергенше «Ежелгі заманда Балтазар Косса деген бір авантюрисі де болған сол Еуропаның» деп әңгімесін одан ары сабақтайды. «Ол өзі қарақшы боп кемеге шабуыл да жасапты, арақ-шарап пен қыз қырқынға да тоймапты. О құдая тоба, ақыр аяғында дін жолына түсіп, Рим папасының дәреже-дәргейіне дейін көтеріліпті. Сен де осы алған бетіңнен таймасаң, құбатөбел бір қаланың мешітіне бас имам болуға жарап қаласың». Көрдіңіз бе, құрдасының қайдан бастап, немен аяқтағанын? Жүрегінде иманы бар пенде Ораза ұстап, намазға жығылған адамға «Ниет қабыл болсын!» айтып, қуаныш бөлісуші еді, ал мұныкі не қолдағаны, не қорлағаны түсініксіз бірдеңе.
Жиренше:

— Әй, Балтазар, мына мұрны салбырап, бұты серейген немені қуып жіберші. Таң атпай құрқылдап, тыныштық бермеді ғой. Тоңмойын бастықтардан «изәләтір» қойлардай ошарыла қашып, оңашаға кетсек те құрқылдан құлағымыз сарсыды ғой тегі, — деген кезде басы мен құлағы түйетауықтың басы мен құлағындай болып бір қызарып, бірі бозарған дирек- тор ернін тістелеп ойланып тұрған.

Сулық киген сұм қойшының қыли шоқыған жәндіктерді сылтауратып тұп-тура өзін боқтағанында дау жоқ. Бірақ қалай дәлелдейді? «Неге боқтайсың?» деп баж ете қалса, ауыл-аймаққа, бота-тайлаққа қараптан-қарап өзі масқара болады. Өйткені, Жиреншенің дәлелі құрқылдап дәл қасында тұр.

Оны қатын-бала-шағасынан бөлек, Алматыдан келген анау ғалым бала да көріп, жазып алды. Әлде басқа сылтаумен тиіссе ме екен? Сонда не? «Оңашаға кетсек те құрқылдан құлағымыз сарсыды ғой тегі» деуі, мына қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда жақсы сөз емес сияқты. «Оңаша» дегені «оқшаулану» дегеннің баламасы. Кімнен оқшауланып жүр сонда бұл заржақ? Қоғамнан! Қоғам дегеніміз не? Кеңес өкіметі! «Құрқыл» кімдікі? «Генсектікі»!

Парторг бала, бала болса да бәле өзі, осы жаққа жолға шыққан сайын «Бозқақтың уранынан, Жиреншенің боранынан сақта» дей беруші еді, о саржалақтың жүрегі де мына сұмның сүр жебесінен аман қалмаған болды. Уранның қаупі мен қатері белгілі, ал жаман қойшының «бораны» мұндай қатты болар деп ойламап еді. «Тас бораннан» бетер ғой тегі. Егер парторг келіссе «саяси қатеге» жарайтын факті бар. Сосын ары қарай «бюро» дей ме, «түрме» дей ме, үрейін алып, тәубесіне келтіру қиын емес.

— Әй, ақ кемпір, деректірге шай іш десеңші. Қабыңның түбінде үн қалса, шелпек пісір, мына шіліңгір шілдеде қатып қалған нанды кім қажап отырады. Бастықтың арқасында балалардың аузы да бір майлансын.

Иә түйетауықтарын, иә қызылмұрын «деректірін» сыбағаны бір Аллаға ғана аян Жиреншенің ашуы тарқап, қабағы жазылып, көзінің қиығына күлкі үйіріле бастаған. «Жағыңа жылан жұмыртқаласын сенің Жиренше, қарашы, түйетауыққа теңеп тұрып, түк болмағандай «шәй іш, шелпек же» деуін. «Қойшылардың қатқан қара нанын айтып та қара саннан бір шымшып қап жатыр» деп ойлаған директор, құрттаған қойларға жағатын қара майдың иісі мүңкіген қораның қасына құйындатып кеп қалай тоқтаса, дәл сол екпінімен алақұйындатып тайып тұрды.

— Тілші бала, а, тілші бала, — деген, — директордың көлігінің шаңы басылған соң Жиренше көңілі босағандай әлденеге төлежіп, — атаңның сөзін жазып алғаныңды теріс демеймін. Күндердің бір күнінде бала-шағаны күлдірмекке де бірдеңе-сірдеңе керек қой. Бірақ осы ауру, арық-тұрақ мал-жан қайдан шығады деп ойлаған басшы бар ма? Қоғам ауырса, оның мал-жаны да ауыра бастайды. Малмен өскен ата-бабаларымыз «изәләтір» дегенді білмей-ақ өтті емес пе өмірден? Анау алтын жүлдызды қойшыларды айтам да, қорасынан ауру, ақсақ-тоқсақтар шығып, құрты быжынай бастаса-ақ болды: «Ойбай, мыналарды оқшаулау керек» деп, осылай қарай зыттырады. Ал кәрәлін сасыған бұл жерге бір келген мал өз отарына қайтып аман-есен оралмайды. Осыны неге жазбайсыңдар? Осыны неге көтермейсіңдер? Көрдің бе, анау бір көзі соқыр қойды... соның басына әлгі дәріптеп жүргендеріңнің бірінің қамшысы тиген. Ал мына мөлиіп тұрған тоқтының бүйірінде адам аяғының зардабы бар... Ау, қырға қарап маңырады екен деп марғасқаларды, Бозқаққа барып ойнақтады екен деп бағыландарды ұрып-соғып, оқшаулай берсе, текті тұяқ қала ма далада?! «Қойшы көп болса, қой арам өледі». Қазір қойдан қойшы көп заман болып тұр. Бәрінің қолында бір-бір пәртпел. Тіпті, «генсекке» дейін қойшы боп кетті. Қысқасы, мен сияқты тілі мен жағына сүйенген жаман қойшы бар болса бар шығар, бірақ жаман мал-жан жоқ...

Жиренше тілші-ғалым мен тілші-журналист міндетінің аражігін ажырата алмады ма, әйтеуір, біразға дейін осылай дей берген. Тілші-ғалым да: «Аға, мен газеттен келгем жоқ қой» деп айта алмай, шалмен бірге мұңайған. Ойы мен қиялы Бозқақтың боз даласындағы бозторғайдай шырылдап, бір орнында байыз табар емес. «Марғасқалар» деп, «бағыландар» деп, «тек» деп, «тұяқ» деп бұл шал, шынымен, малға жаны ашып отыр ма, әлде, өзі сияқты тілінен жазып, оқшауланған азаматтар жайын зар ғып отыр ма? Қызыл мұрын директорыңыз ауру қойларды оқшаулады ма, әлде «арам өлді» деген актімен тігісін жатқызып, апта сайын жас ет жеп отыру үшін сау қойларды оқшаулады ма? «Мына сорлылардың ішінде де пышаққа ілігетіндері бар екен» деуінің өзі ойланарлық мәселе емес пе? Мүмкін, қойлармен бірге аузында қақпақ, тілінде тиек жоқ Жиреншені оқшаулауды да ұмытпаған шығар қызыл мұрын директор. Әйтпесе қи сасыған қорадан алтын іздегендей неменеге қайта-қайта келе береді?

Тоқта, екі жүз елу грамм арақ үшін Т. шаһарына шығарып салуға автовокзалдың асханасына ерінбей- жалықпай келіп, тост сөйлеген бөлім бастығы да «тұспалын біл, тұспалын» деп, тықақтап қоймай қойып еді әнеугүні. Ол да тұспалдап сөйлейтіндерді тұсаулайтын сүр мекеменің тыңшысы болып жүрмесін. Бәсе, Бозқақтың боқтампаз шалына неге құмартып қалды деп еді бұл.

Тілші-ғалымның шақшадай басын осындай қай-қайдағы, жай-жайдағы ойлардың шырмап алғаны сонша балапандай жүрегі бұлқынып-бұлқынып барып, кеудесінен ұшып кете жаздаған әуелі.

★★★


Он төртінші күн дегенде ме екен қүрдасы телефонының құлағын көтерді-ау әйтеуір.

— Әй, бір қорқыттым-ау деймін өзіңді. Жазықсыздан жазықсыз боқтаған қалай болады екен адамды?!

— Кешір, өзіңнен де бар, өткенде қайдағы бір Балтазар Косса дегенді айтқаның көңілімде қап қойыпты, соның зілі шығар.

— Кешірмегенде көшіреді деп пе ең, намазыңды оқып, тәспіңді тарта бер.

— Алла разы болсын.

Тендер комиссиясының төрағасы осылай деп оқжыландай зулағанымен, құрдасының тілінен қорқып, оны шалғай ауданға мәдениетті түрде «жер аудармаққа» бекінген. Өйткені, бүгін боқтаған адам, ертең «мына иен-тегін дүниені қайдан алып жатырсың?» деп байбалам шығарудан тайынбайды. Құдайға шүкір, тендердің «тобықтайы» арқылы аузын айға білеген біраз басшылармен аралас-құралас болып қалды. Кімді қандай қызметке ұсыну, кімді қайда «оқшаулау» деген сияқты құпия мәселе талқыланған кезде мұның пікірі де ескерілетін болды...

— Іскер десеңіз іскер, білімді десеңіз білімді, ұйымдастырушы десеңіз ұйымдастырушы, қысқасы, мұндай кадрды Алатауды айналсаңыз да таппайсыз.

— Кешіріңіз, аты-жөні кім дедіңіз?

— Балтазар Жиреншеұлы Бақкерей.

— Бақкерей... Жиренше... Изәләтір...

«Кадрлардың қүдайы» атанған орынбасар ойланып қалды.

— Әкейдің архивінде осындай адам аты бар сияқты еді.

«Мына кісі Балтазардытанитын болып шықпасын» деген ойдан Жұмабектің жүрегі зу ете қалды. Бірақ орынбасар іле-шала:

— Біздің шал кеңес өкіметі кезінде тілші-ғалым болғандардың бірі, — деп әкесінің шой желке, жуан балтыр бастық емес, кішігірім ғалым болғанына намыстанғандай жанарын терезеге аударған. Орынбасардың әке туралы ұяла еске алуы Жұмабектің май ішкендей кілкіген көңілін орнына түсірді. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ.

— Кезінде осы өңірде Жиренше деген бір «инци- дент» болған.

— «Диссидент» десеңші, мынау сол кісінің ұлыма?

— Иә, — деген Жұмабек «пендеңіздің түпкі ойын енді түсінген боларсыз» дегенді көзімен ұқтырып, орынбасарға сүзіле қарады. — Қанша дегенмен, қанына тартпай тұрсын ба, мұндайлармен алыстан сыйласқан дұрыс шығар деген қам-қарекет қой менікі.

— Сонда қай жаққа жібер деп сұранып отырсыз?

— Бозқаққа.

— Бозқақ?!. Шешіміңіз тым қаталдау емес пе?

— Қатал емес, «оразасын» жоғарғы жақтағы ауыс-түйіспен, кім не жеп, кім не құстымен ашатын ондағыларға осындай «идеальный» адамдар керек.

Қанша дегенмен, зиялының тұқымы емес пе, мынандай «үкімді» естіп орынбасардың шыбын жаны шырқырап кетті. Бозқақтың уранына ұрынған пенде, тіпті темірден жаралса да көп ұзамайтын. Зу-зу еткен Жұмабек сол ауыр жазаға бала кезден бірге өскен досы Балтазардың басын байлап беріп отыр. Оған дейін де осы өңірдің жөн біледі-ау дейтін біраз басшылары мен қосшыларын қасқыр тиген қойдай қуғын-сүргінге ұшыратқан. Егер босаңдық танытып, боркеміктік көрсетсе, өсек-аяңы он қатынға бергісіз мынау жүзі жанбастан: «баяғы диссидент қойшыға жаны ашып, «Изәләтір» баққан Жиренше» деген мақала жазған ғалымсымақтың ұлы» деп өзіне шабу- ылжасаудан тайынбас. Әкесі марқұм да сол мақаладан кейін жұмысы өнбей, жүнжіп кеткен. Екі жүз елу грамм арақ үшін асханада отырып тост айтатын қасқа бас бастығы да күрт өзгеріп «не ғылыммен бол, не қойшымен бол» депті. Одан кейін, «спорт кешенінің құрылысына бюджеттен бөлінген миллиардтардың он бес пайызын алақаныңызға әкеп салам» деп ант су ішіп отыр. Қой, «тек жүрсең, тоқ жүресің» деген. Сатқындық бізге дейін де болған, бізден кейін де бола береді, сондықтан бөгет болмайын.

— Онда кірісіңіз, басшыға өзім айтам.

«Кешірмегенде көшіреді деп пе ең, намазыңды оқып, тәспіңді тарта бер» деген құрдасының сөзінен кейін Балтазардың екі иығын екі апта бойы езгілеген ауыр жүк өзінен өзі сыпырылып түскендей болған. «Әкең сияқты кекшіл емес екенсің» дейін деп тұрды да, тілін тістей қойды. Өйткені, қызыл мұрын директор түк түсінбеғен, дым білмеген боп тайып тұрса да көп ұзамай боқтампаз қаһарманымыздың үйіндегі ақ апамыз армандай беретін қойманың кілті былай тұрсын, «изәләтір» қойдың жылбысқы еті де көзден бұл-бұл ұшты. «Бозқақтың уранынан, Жиреншенің боранынан сақта» деп дүға жасай келетін үркек парторг, түсінен шошып оянғандай оқыстан күшіне мініп, «қоғам малын өлім-жітімге ұшыратқаны үшін» деп шалға әуелі «сөгіс», одан соң «қатаң сөгіс» берді. Үшінші жолы партбилетін тартып алды.

Дұрысы, «тартып алды» емес, көшке берген тайлағың осы болса, мә!» деп, парторгтың үстелінің үстіне Жиреншенің өзі тарс еткізіпті о құрғырды деседі ел-жұрт. Шынында, саясаткерлер «коммунистердің партбилетін ең бірінші «талақ» еткен Ельцин» деп, бекерге шатысады, әйтпесе, ол ерлікті алғаш жасаған адамның қабірі бүгінде Т. шаһарынан алыстағы бір ауданның аумағында жатыр. Топырағы томпайған қабірінің үстінен кездейсоқ түсе қалсаңыздар, Жікеңнің мына жалған дүниеде біліп, білмей істеген күнәсі үшін Аллатагаладан кешірім сұрап, құран оқуды ұмытпағайсыздар.
ӘБД1ҚАД1РД1Ң МОНШАСЫ

немесе сауна, джакузи және... хуторянка

«Не спаршивай о том, что твоя страна

может дать тебе. Спроси, что ты

можешь дать своей стране».

Джон Кеннеди.


Жарнамадағы жымия қараған сұлуға сұқтанғаны сол екен, қалқан құлағының жарғағын жарып жіберердей болып шыққан бір ащы дыбыстың селк еткізгені. Сәурік айғырдың көмейін күмбірлеткен қоңыраудай өжіктеген үнді суқаны сүймей жалт бұрылып еді, Қамысбай құрдасы су жаңа мәшинесінің жартылай ашық терезесінен ыржиып тұр.

Іші қылп ете қалды. «Қап, еріккен немеге қараптан-қарап келеке-мазақ болатын болдым-ау».

-Көлік қағып кетсе қайтесің, байғұс-ау? Сұлудың суретіне сілекейі ағып тұрғанда мерт болды дейім бе, Гүлайымыңа?

Секемал болып қалған көңіл бекерге сезіктенбепті. Қамысбай тілінің тікенегін бірден сұғып алды. Бірақ «ұялған тек тұрмайды» деген:

-Қақпа жасайтын темір екен. Қарашы, обал болады-ау деместен, соны бір шүйкебастың суретіне бола қор қылып мына жерге іліп қойыпты, - деп, кінәлі адамдай қапелімде қарадай қибыжықтады да қалды.

- «Мен Шираздың пәк сұлуын Тәңіріме теңер ем, Бір меңіне Самарқанд пен Бұқараны берер ем» демеп пе еді бұрынғылар? Ақталмай-ақ қой.

-Хафиз марқұм Құдайдың құдыретімен тіріліп кеп, Астананың аруларын көрсе, Өзбекстанда шаһар қалар ма екен, қаламас па екен...

-Шекарадан өте алса дегің әуелі. Жайсыз түс көрген күні Ислам ақамыздың кеденін тарс жауып алатыны бар емес пе?

-Бұл жағы енді, коммерсант досым, менен гөрі саған мәлім, қық-қық-қық...

Өлтірсе де өтірік айта алмайтын Диқан далбасалап өтірік күліп еді, екі бетінің ұшы шоқтан шыққан табаның лебіндей ысып жүре берді.

Шынында ә дегенде назарын жарнамадағы сурет баурады. Ойпырмайдың сұлуы-ай! Шебер құдай пендесін өстіп те ғажап қып жаратады екен-ау. Қалаға ана бір жолы келгенде «Славянка» дегенінің суретінен көзін ала алмай қайта-қайта қарап, аузының суы құрып еді, бұл жолы мынау «Хуторянка» деген аруы одан да асып түсті ме, қалай өзі? Мұны мазақтап тұрған мынау құрдасына да Хиценконың қызы тура осы «Хуторянка» сияқты көрінетұғын баяғыда. Сұлудың сұлуы еді ғой, шіркін! Анаң қарашы, суреттегі жансыз бейненің өзіне дейін «кел, құш, сүй» дегендей үздіге, үзіле қарап тұрған жоқ па!?.

Бірақ іле-шала өз ойынан өзі ұялып, оның үстіне «таздан тарақ қалғалы қашан» дегендей «тәк-тәк» деп тақымдап отыратын әйелінің дуайпат мінезі есіне түсіп, қызыл-жасыл қиял әлемінен араның ұясындай гуілдеп жатқан базардың өміріне оралғанда, ойы сұлудың суретінен гөрі шындыққа жанасымдырақ жайға қарай ойысқан. Ойысқанда, баласына «жұрт сияқты шарбаққа ою-өрнекті қақпа жасау керек» деп, құдайдың зарын қылғалы қашан. Бірақ оның «ертең» дегеніне, міне, екі жылдан асты.

-Құдай сақтасын, сұлу не теңім?

-Ұялмай-ақ қой, кел отыр, мәшинеге.

Ұзынтұра Диқан иерелеңдеп кеп қап-қара «Хаммерге» отырды. Аяқ қоятын жері жаңа ғана жуғандай тап-таза екен. Ауылдан ілескені бар, базардан жабысқаны бар, бір елі шаң-тозаң «арқалған» бақа бас бәтіңкесінен қарадай қысылды. Айтпақшы, манағы айғырша кісінеген ащы үн түр-тұрпатынан адам қорқатындай мына бітімі бөлек «тұлпардың» дабылы екен-дағыны, ал оны кісінің жүрегін ұшыра «бебілдеткен» ескі досы болып шықты.

-«Хуторянкаға» қадала қарағаныңнан-ақ түсіндім, достым. Қай саунаға барып демалғың келеді?

-Саунаң бар болсын, қазір ауылдың таксиіне мінем-дағы бірден от басы, ошақ қасыма тартам.

-Келгенің бүгін емес пе, жау қуды ма сонша?

-Жұмыс көп...

Десе де күмілжіп қалды. Шынында қайда асығады. Қасы мен кірпігі сүрмеленген сұлулардың қасына көп жантайған заманды сағынатыны да өтірік емес кейде. «Орайыңның барында ойна да күл» деген, мына бес күндік жалған да әні-міні дегенше өте шығады. Оның да, міне, еңіреген елу жылы артта қалыпты. «Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң...». Еһ, өтіп бара жатқан дәурен-ай!.. Бағана қалаға жеткенше тойдан шыққан жастар Ұзынағашта тұратын Есенқұлдың өлеңі деді-ау сірә, әйтеуір, артқы орындыққа отырып ап құлағының түбінен:



Алдай-ау, алдай, алдай-ау,

Алқынған күндер талпынған,

Жәутеңдеп қарап артымнан,

Қалды-ай-ау, бәрі қалды-ай-ау...

деп, жетім қозылардай «маңырап» қоймай қойып еді, осыған көрінген екен да.

Досының көңілі бұзылып, буын-буыны босаңсығанын сезген Қамысбай:

-Жұмыс деген жауызды өлгенде бір-ақ жеңесің. Мына бір бұрылыстан жақсы сауна ашылыпты. Суы мен буы, массажы мен аспазы бәрі сайма-сай дейді. Джакузи, бильярд, шашылық, тағысын тағылар, — деп бұған бадырақ көзін қысып қойып, қарақұрт сияқты мәшинесін көшеге көлденеңінен киліккен тар иінге қарай бұра берді.

«Джакузи» дегенде елең ете қалды. Саунаны көрген. «Көргені» бар болсын, мал базарға шығарған қой-ешкісінен түскен аздаған ақшаның жартысынан астамын жаратып қойыпты кеу-кеумен. Ұялмай-қызармай «көрген» дейді ғой енді. Ал мына «джакузи» дегенді естігені болмаса, әлі білмейді екен.

-Джакузи дедің бе? Көрмеген дүнием екен? «Якудзи» дей ме, «Камикадзе» дей ме, түсініксіз сөздер қаптап кетті, ә.

-«Хуторянка» ше?

-Арағын айтасың ба, аруын айтасың ба?

-Екеуін де, менің Аннушкам есіңде ме баяғы?

-Қай-қайдағыны еске түсірмей, «Французжен-ка» болса да жеткізсей енді.

Қамысбай рахаттана күлді.

-Сағынатыным осындай сөздерің ғой.

Көптен көрмеген құрдасының қитұрқы сөздерін шынымен сағынып қалған ба ауқатты дос әңгімені қылжаққа қарай бұрады. Бірақ бизнесменмен бірге күліп отырса да мұның миы көнетоз компьютер сияқты әр ойға бір «ілініп», кібіртіктей береді.

«Саунаға бір кірген соң ол міндетті түрде үш-төрт сағатқа созылады, ал кедір-бұдыры «Жол картасына» енбей қалған қотыр жолмен 60-пен жүретін таксилер әлгі үш-төрт сағатта сонау 150 шақырым жердегі мұның ауылына да жетеді. Сосын... таксилерден ырғалып-жырғалып түсе бастаған базаршылардың арасынан байының боз басы көзіне түспеген әйелінің түрі бұзылады. Түрі бұзылған соң... таңертең бұдан балалардың несібесін «ішпе» деп өлердей өтінгенін, ішіп алса ана жолғыдай бір тоқтының емес, бірнеше малдың пұлын саунаға жаратып, сымпиып келетінін айтып ойбайлайды. Ойбайлап, байбайлап қойса жақсы ғой, бар ашуын баласынан алады. Компьютердің «әйнегіне» үңіліп, өзімен озі отырған баланың не жазығы бар десей.

«Жоқ, болмайды, қайтам». Десе ше? Бірақ мынандай миллионер күнде жік-жатпар боп жатқан жоқ қой. Қайта көптен көріспеген досының Атымтай жомарт боп аңқылдап тұрған кезін пайдаланып бір іске жегіп көрсе қайтеді? Буындарына вискидің уыты түскен соң байлардың көл-пал боп, аспандағы айдан басқасын алақаныңа салатын әдеті емес пе? Сонда не сұрамақ? Темір қақпа?.. Ою-өрнекті?..».

-Оу, ойланып қалдың ғой? Тезектің түтінін бір күн иіскемесең өлесің бе?

-Сауна дегенің қай-қайдағыны есіме түсіріп жібергені?

-Ол не сонда?

-Әбдіқадірдің моншасы есіңде ме?

-Е-е, неге ұмытайын.

-Сол кезде дейім де, Әбекең: «бала, құдай қаласа, болашақта джакузиге шомыласың» десе сенер ме ең?

-Қайдам, ойлауға да қорқушы ек қой.

-Шынымды айтсам, «Селхозхимияның» грузовигін сатып алғанда, осы рас па, өтірік пе деп, Гүлайымға жеті нан құдайы таратқызғам. Кім біледі, әйтпесе...

-Грузовикті айтасаң, зауыт, фабрикалар да кетті емес пе небір.

-Жоға дейім да, қанша ұмытайын десем де Әбдіқадірдің моншасы есімнен кетпейді.

-Ол да жекешеленіп кетіп пе еді?

Сауалының соңын «а-а-аһ?» деп, жақ жыртар есінеумен тәмәмдаған досы мәшинесінің жалт-жұлт еткен жылтырақ түймелерінің бірін түртіп қалып еді, «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» дегендей, бұрынғы ажары мен базары аздай жыл өткен сайын жайнап, жасарып келе жатқандай көрінетін София Ротарудың шырқап қоя бергені.

Хуто-хуторянка, девчоночка смуглянка,

Мне бы хоть разок всего лишь на чуток

Мою веснуна хуторок...

-Магнитофон ба?

-Дискі ғой.

Әбдіқадірдің моншасы туралы айтқаны құрдасының сезімін селт еткізбегеніне мұның ызасы келді. «Мынау таза ноқай екен ғой».

Әлі ұмытпайды, Амангелді сегіз жылдық мектебінде оқып жүргенде, дене шынықтырудан да, еңбектен де, суреттен де, тіпті физикадан да дәріс оқитын, оны айтасың білім саласының «шаруашылық» деп аталатын бауы мен шуы көп, қиындау жағын да дөңгелетіп алып жүре беретін Есалы ағайы шамамен ені 60 см, ұзындығы 2 м. төрт бұрышты ағашқа керілген қызыл матаға «Ұлы Октябарь революциясының 57 жылдығы жасасын» деп жазып болып, енді «леп» белгісін қоюға еңкейіп, икемделе берген кезде темір дөңгелектері шиқылдаған вагонды түйесіне жегіп алған Әбдіқадір қастарынан «әйт, шүу»-леп өте берген. Ағайлары вагонның ауылға келу сырынан алдын-ала хабардар екен, «леп» белгіні әдемілей бояп жатып:

-Бұдан былай мәйкілеріңдегі «малдарынды» өргізбей, апта сайын моншаға шомылып тұратын боласыңдар енді, -деді.

Қызыл матадағы сөздің «қызығын» ұмытқан балалар қуанғаннан:

-Ура! -деп шу ете қалған.

Қамысбай бастаған біраз бала вагонның соңынан ілесіп, жүгірді де кетті. Олардың опыр-топыры мен ауыл иттерінің абалаған үнін жақтырмаған түйе аузынан көбік шаша бақ-бақ етіп, көшені басына көтеріп барады.

Мұның беті «уралаған» достары сияқты қуаныштан гүл-гүл жайнаудың орнына қып-қызыл болып кетті. Өйткені бесаспап ағайының «мал» туралы мысалы жүрегіне жебедей қадалған.

Қай мұғалімдер жиналысында, қай ұлағатты ұстаздың ұсынғанын кім білсін, бір күні сабақ үстінде жоғарғы кластың бір топ оқушылары мен мұғалімдері сау етіп кіріп келді де, балаларды тақтаның алдына шығарып, қыздардың көзінше іш киімдерін қолтықтарына дейін түріп, тазалық тексере бастады.

Іші қылп ете қалды. Мұндай пәленің болатынын білгенде сабақтан бағана қашып кетер еді, енді қайтті?

Қуыстанғанындай болды, әлекедей жалаңдаған тазалық тексерушілер жұмыстарын алдыңғы партада отыратын Қамысбайдан бастап, мәйкісін көтеріп қалғанда жоғалтқан малдарын тапқандай қуанбасы бар ма. Бидайдың көлеміндей болып семіріп алған әлгілерді кірден қап-қара болған мәйкінің тігісінен бірінен кейін бірін теріп алып, досының алақанына салып жатыр, салып жатыр. Қолдарына ұстай келген дәптерлеріне «Қамысбай Күшікбаев». «Бит» деп белгі қою үшін әлгінің біреуі де жеткілікті екенін ұмытты ма, әлде балығы көп көлге тап болған балықшыдай қызыққа батып кетті ме, әйтеуір, бірер минөттің ішінде алақаны быжынаған пәлелерге толды да кетті.

Диқанның, жейдесінің ішінде, абырой болғанда, мәйкі жоқ еді, тазалық тексерушілер алабажақ көйлекке назар аудармастан, қолдарын бірден түсі оңа бастаған түрсидің ышқырына салды. Мұның «малдары» Қамысбайдың мәйкісінен шыққан «ірі қаралардай» аңқау емес, қой бастап, тыным таппайтын серкелер сияқты өрісін шатқалдың арасына, төмендеу жаққа салса керек, жоқ қараушыларға жоғарақпанда таптыра қоймады.

Бірақ, қауіп те жоқ емес. Шошаңдаған бір-екі жеңілтектері тексерушілердің алдынан нағашылары келгендей домалаңдап шыға келді бар ма, масқара енді.

Әні, оң құлағымен естіп тұр, сүмірейіп барып партасына құйрығын баса берген досына Бақбергеннің сары қызы:

-Сыртың бүтін болғанмен, ішің түгін екен ғой, — деп, жиіркенгенін жария түрде көрсетіп, қабырғаға қарай ысырылып отырды. Тексерушілердің дәптеріндегі аты-жөнінің тұсына «Диқан Жолболдиев». «Сірке». «Мәйкісі жоқ» деген тұрғыда белгі салынып, ең артқы партадағы орнына қарай желкесін қасып өтіп бара жатқанда сары қыз мұны да ала көзімен ата қарады.

Қамысбай болса қарадай арсыздыққа басып:

-«Битшең адам бай болады» деген, менен қарыз сұрайтын боласың әлі, — деп, сары қызға қарап ыржаң-ыржаң етеді.

-Бұған дауа жоқ.

Есалы ағайының шәкіртін ақтау үшін айтыла салғандай әлсіздеу естілген үнінің астарынан әуелі «шаш ал десе, бас алатын» жендеттердің тәсілімен ұрланып келген, ұрт мінезді тексерушілерге «ал, қарық болдыңдар ма» деген тұрғыдағы наразылық байқалып, одан кейін аурушаң шешесі екеуі-ақ тұратын тұрмысы ауыр балаға деген аяушылық сезім жанарына мөлт-мөлт етіп келіп қалған жасқа ұласып, теріс айналып кетті.

Өзін қойшы, «Қамысбайдың шаруасы бітті» деп ойлады бұл. Масқара болғанда Анна естіп қоймаса болғаны. Өйткені іш киімдерінен «мал» табылған оқушылардың аты-жөнін мектептің радио торабы арқылы бүкіл ауылдан «сүйінші» сұрағандай жар сала хабарлайтын бір жексұрын дәстүр бар еді. Ол жексұрын дәстүрдің авторлары, яғни белсенді оқушылар Қамысбайдың осы ауылдағы бір сұлуға ғашық екенін қайдан білсін. Оны бір білсе омарташы Хиценконың қызы жүретін жолға ғашықтық пен құштарлыққа толы өлеңдерді гүлмен көмкеріп қойып кетіп жүрген Диқан ғана білер.

Бәрін айта та, бірін айт, сөйтіп Санкт-Петербургте болған Ұлы Қазан төңкерісінен кейін арада табаны күректей 57 жыл өткенде Кеңес өкіметі Қамысбай сияқтылардың «малдары» өріп жүрмеуі үшін облыс орталығынан -150 шақырым, аудан орталығынан - 45 шақырым жердеғі ауылға «сендерге осы да жетеді» дегендей вагон-моншасын жіберген. Дөңгелекке таңылған монша болса ұзын көшенің шетіндегі Әбдіқадірдің ауласына барып мәңгілікке аялдады.

★★ ★


-Джакузи дегенің, міне, мынандай болады!

Диқан бір көшеге кеп тоқтағанын, одан бір саунаға кіргенін, оның іші хан сарайындай жалт-жұлт етіп жайнап тұрғанын есіне түсіре бастады. Бұл «ауылға қайтсам ба, жоқ па?» деп ойланып, одан кейін монша жайлы қызық хикаяларды есіне түсіріп отырғанда досы өзі мақтаған саунасына да әкеліп үлгерген екен.

Әуелі үлкен аулаға кірген. Үлкен ауланың ішінде бірнеше үлкен үй тұр.

-Мә-ә-ә, мынаның бәрі сауна ма?

-Сауна, бассейн, қонақ үй, бильярд... жаныңа не керек, бәрі осында.

Үлкен-үлкен үйлердің арасында дамыл таппай зыр жүгірген даяшылар.

Үлкен-үлкен үйлерді жалғайтын жіңішке жолдарды жағалай қойылған әсем орындықтарда темекі шегіп, «тапсырыс» күтіп, селтиіп-селтиіп тұрған қыз-қырқын.

-Бұл «хозяствоның» кімдікі екенін білесің бе?

-Жоға.

-Бәкеңдікі.



-Қой-шы-ей, сондай жерде отырып та осындай тірлікпен айналыса ма?

-Қызмет қолдың кірі, ертең одан айырылып қалса немен күн көреді?

Басқа басқа, ауылдан шыққан алғашқы әкім, алғашқы министр және алғашқы депутат болған Бақбергеннің мұндай «бизнесі» бар деп ойламап еді. Білгір, білікті, ауылда туып, алашқы танылған азамат деген соң елмен бірге мақтан тұтушы еді. «Алашфильм» түсірген кинолардағы кейбір эротикалық көріністерді көсіле сынап, одан қалса алпауыттар жайлаған қаладағы әнебір көшенің бойына моншақтай тізіліп тұратын қыз-келіншектер жайлы биік-биік мінберлерден ашынып тұрып айтқанда дән риза болатұғын.

Ал енді... сол ақ дегені - қара, пәк дегені — лас болып шыққанда жандүниесі баяғы Әбдіқадір көкесінің моншасының суы жоқ кеспегіндей қаңғырлап, босады да қалды. Таза деп табынып, дана деп дастан жазып жүрген асқар таудай ағасы мұндай имансыз кәсіппен айналысқандардың үстінен қарауыл қарап отырса, басқалардан қандай жақсылық күтпек?!.

-Мұндай «ғазалдар» мен «гөзалдар» сенде де бар шығар?

-Сауна бизнесіне жолағым жоқ, бірақ, құдайға шүкір, басқасы жетеді.

Джакузи дегеніңнің алып бара жатқан ештеңесі жоқ, нобайы көп қабатты үйлердегі ваннаға келіңкірейді де, төрт жерінен бе, әлде алты жерінен бе бастау сияқты жылы су бұрқ-бұрқ етіп қайнап шығып тұрады екен. Қайнап шығып тұратын жылы су денеңе тиген кезде қыздың қолы тәніңді жұмсақ алақанымен сипалағандай ма, әлде уқалағандай ма, әйтеуір, бір әдемі әсерге бөлейді.

Тырысқан денесі босап, кұс басқан өкшесі жібіп, алпыс екі тамыры түгел дерлік иіген соң сана-сезімін жаулап алған «ою-өрнекті қақпа» секілді күйкі мәселенің күллісін тарс ұмытпақ болып, көзін жұмған.

Бірақ келесі джаузиде қарны қампиып жатқан Қамысбай демалдыра ма адамды.

-Ауылда не жаңалық?

-Мешіт салдырдық.

-Естідім, «спонсоры» Берден бопты ғой.

-Бірдеңе десем ренжімейсің бе?

-Дегің.


-Анау мініп жүрген көлігің қанша тұрады?

-Жүз елу-жүз алпыс мың доллардың төңірегі.

-Оны қарапайым шаруа жүз елу немесе жүз алпыс жылқы деп есептейді. Айтайын дегенім, сол жүз елу жылқыға ауылдан қатырып тұрып үш монша салуға беймарал жетер еді. Сен соның біреуін-ақ салып берші, құдай жарылқағыр. Әйтпесе баяғы Әбдіқадірден кейін моншаға жарымадық.

-Сексенінші жылдары жаңа монша салынбап па еді?

-Салынған, бірақ жекешелендіру басталғанда ауылдың малы мен мүлкін атқамінерлер бөліп алған жоқ па? Сол кезде о да опат болған.

-Сонда ауылда монша жоқ па қазір?

-Сосын да мұңымды шағып отырғаным. Аяғы жеткендер қалаға келіп шомылады. Ал шал-шауқандар мен жас балаларға обал. Баяғы екеуміз сияқты «малдары» өріп жүрмесе де, мәз емес. Ұмытқан жоқ шығарсың?

-Қалай ұмытарсың оны.

-Қамысбай ойланып қалды.

★ ★ ★


Әбдіқадір шоқша сақалын саумалап, ұзақ ойланып отырды да моншаны сенбі мен жексенбі күндері «жағатын» болып шешті. Сірә, ат төбеліндей ауыл тұрғындарын жуындырып-шайындыруға екі күн де аздық етпейді деп бағамдаса керек. Оның үстіне моншаны күн сайын жылыту да оңай шаруа емес. «Өлмесең өмірем қап» дегендей, өкіметтің жергілікті өкілдері бар тауқыметті Әбдіқадірдің мойнына артып қойған. Әсіресе, отынын айтсай. Бірақ вагонды түйемен сүйретіп әкелу сияқты кеңес белсенділерінің миына кірмеген қулықты меңгерген шал, оның отынына пайдаланатын «көмбенің» мекенін де тауып алды.

Монша үшін нағыз отын — мәшине мен трактордың доңғалақтары екен. Оны түйе арбаға тау ғып артып әкеп, үйіп тастасаң бәленбай күнге жетеді. Ал доңғалақ дегенің Ленин атындағы совхоздың гаражының іші мен сыртында шашылып жатыр. Гәптің үлкені, доңғалақтарды вагон-моншаның кішкентай ғана пешінің аузына сиятындай етіп кесуде болып шықты. Бұл ауыр бейнетті шал әдепкіде терлеп-тепшіп өзі атқарып жүрді. Кейін оған да әдіс тапты.

Гүлзейнеп бастаған әйелдер «төсектері» мен «өсектерін» шылаушыннан сар-сар төгілген сумен қабаттастыра самбырлай айтып, шомылып жатқанда кезек күткен балалар ләңгі ойнап, моншаның күн шуағын ұйқы-тұйқы етіп тастайтын. Аяқтарына да тыныштық жоқ, бәтіңкелеріне де обал. Шегірткеше секірген солардың аптығын Әбекең жұмысқа жегіп басты. «Есалы ағайларыңа айтып, еңбек сабағынан «бес» қойдырамын» десе, араға, тіпті, жалқау балалар да таласып қалатын.

Әбдіқадір ауылдастарының кір-қоңын тазалаймын деп түртінектеп жүріп, бүгінгі күннің тілімен айтсақ, инновациялық жаңалық та ашты. Мысалы, моншаның ішіндегі темір кеспекті суға толтыру үшін ол алғашқыда даңғырлаған шелек пен шуылдаған балалардың көмегіне жүгінсе, арада біраз уақыт өткеннен кейін құдығына мотор орнатып, оған бірнеше шлангі жалғап, ол шлангілерді моншаның бүйіріндегі тесіктен ішке кірігізіп, ұшын кеспектің аузына әкеліп қойды. Әп, бәрекелді, бүлк-бүлк етіп барып оталған мотордың күшімен шыңырау құдықтың түбіндегі су брезент жолаққа ілесіп жоғары көтеріліп, сарылдап аға бастаған кезде қақырынып-түкірінген моншашы ақ сырмен айғыз-айғыз ғып бояп тастаған әйнектің сыртына келіп іштегі Гүлзейнепке:

-Әй, келін-әй, шықты ма? — дейді айғайлап.

-Қайнағаларымен қалжыңдаса беретін Гүлзейнеп судың сарылдап ағып жатқанын көрсе де:

-Жібердіңіз бе? — дейді әдейілеп.

-Жібердім ғой... мен... мен... бағана жіберіп қойғам.

-Ендеше, дым да жоқ, қайнаға.

-Келіншектер ду күледі.

-Дым жоғы қалай? Дұрыс тықтыңдар ма өздерің?

-Тығуын тықтық қой, бірақ моторыңыздан ба, әлде шлангіңізден бе, әйтеуір, жартымсыз бірдеңе шыжымдап қана шығып жатыр.

-Қап-ай, ә! Онда мен барып моторды күшейтіп келейін.

-Е-е, бағанадан бері сөйтіп қатты неғылсаңызшы.

Монша іші қыран-топан күлкі. Ал түкке түсінбеген аңғал шал:

-Алда айналайын-ай, сәл шыда, қазір неғылам... Қазір қаттырақ неғылам, — деп, талтақ аяғын орай басып өз түгініне өзі қақалып-шашалып, тырқылдай оталып тұрған «Зис» моторына қарай кете барады.

Үркердей ауылдың әйелдері мен еркектері вагон-моншаға алғашқы кезде кезектесіп шомылатын. Бірақ оның бүйірін тесіп, ішке шлангі кіргізгелі бері кезек күтіп еріккен балалар әлгі саңылауға гүлге жиналған арадай құжынайтын болды. Мұрттары тебіндеп қалған Қамысбай сияқты жүгермектер саңылаудан қарау бақытын майда балаларға бұйыртпайды. Жылтыңдаған көздердің қайсысы қай қайнысынікі екенін қорасындағы қойындай танитын Гүлзейнеп:

-Әй, жүгермек, бізге сұқтанғанша әтір сабын сыйлайтын Аннаңа бармайсың ба? - деп, Қамысбайды да сыбағасынан құр қалдырмайды.

-Ұятсыз, сөйтпей ме шынында.

-Көзін бақырайтпай, ыстық су шашып жіберші өзіне.

-Сығалап тұрған қайындарын байқап шу ете қалған әйелдер тесікті көйлектерімен бітеп әуре. Бірақ Әбдіқадір бұл шетін мәселені де оп-оңай шешті. Әйелдер - сенбі, еркектер -жексенбі күні шомылатын болды.

Айтпақшы, тазалық тексерушілер ұялтқан күннен бастап Қамысбайдың мінез-құлқында өзгерістер пайда бола бастаған. Оған Әбдіқадірдің шеңгел шарбағының ішінен пайда болған вагон-монша көп үлес қосты. Доңғалақ аралау, мотор оталдыру, жібі қырқылып, орама темірлері қойдың қабырғасындай болып ырсиып көріне бастаған көнетоз шлангінің тесілген жерін шүберекпен орау сияқты жұмыстардан бөлек, ат суғару, малға шөп салу, сиырдың астын тазалу ол үшін түк емес. Есесіне монша - тегін. Басқа балаларға қайыстан тігілген қалтасының аузын ашып «сал, шақаңды» деп (тиын дегені), күле қарап тұратын моншашы да оған келгенде жомарт. Жиі шомылғаннан кейін мойылдай қара шашы қопсып, бозарыңқырап қалған жүзінен тебіндей бастаған бала мұрты бұрынғыдан да анығырақ көрініп, Гүлзейнеп сынды мінезі ашық жеңгелеріне кәдімгідей қырындай бастаған. Тіпті, әтір сабыны, тіс шөткесі мен пастасына дейін түгенделген.

Айнадағы өз бейнесіне өзі қайта қайта-қарап, оғаштау ештеңе таппаған соң гитара үйренуді сылтауратып Хиңенконың үйіне және барады Қамысбай.

Ауыл бойынша гитара сол үйде ғана бар. Валера әкесі сияқты Анна да гитарада керемет ойнайды. Даусы қандай әсем. Бұның гитараға емес, өзіне құмар екенін білетін сұңғыла сұлу да төргі бөлмеге шақырып, қабырғадағы гитараны алып, ішектерін салалы саусақтарымен бір сипап дыңғыр еткізеді де, бұған ұсынады.

Мұның көзі гитарада болғанмен, көңілі Аннада. Осы аймақтағы, осы аймақ дегені оған жер-жаһандағы дегенмен бірдей, ең сұлу кім десе, ойланбастан Анна дер еді. Ал кімге теңер ең десе, Шираздың сұлуына, жо-оқ, оны көрген жоқ қой, София... иә, теледидардан ән шырқайтын София Ротаруға теңер ем дер еді.

Әскерге аттанып бара жатқан немесе әскерден аман-есен оралып келген жігіттер отырыс жасаса, ол Аннасыз, Аннаның әсем үнінсіз сүреңсіз өтетін. Ал оны омарташы әкесі отырыс тұрмақ, сол тұста сәнге айналған «Алтыбақанға» да Қамысбайсыз жібермейді. Баларасын баптауға қолқанат болып жүріп, Валераның да көңілін тапқан ғой досы. Сөйтіп сұлуға «оқ қағар» болам деп отырыстарға жиі қатысып жүріп ондағы бір-бірімен жабысып би билеп, бір-бірінің аузынан тиын алып ойнағандарды көріп өскен Қамысбай басқа емес, тура Аннаның өзіне ғашық болды да қалды.

Саусағы гитараның ішектеріне кәдімгідей үйреніп, ырғақтарды да әжептеуір меңгеріп қалған.

— Сенің саусақтарың домыбыра мен гитара ойнау үшін жаралғандай салалы, ұзын, — дейді айнаға қарап көзін сүрмелеп отырған қыз.

Қамысбай болса:

Бар ма маған ғашық адам бұл жерде,

Мен туралы ойлана ма түндерде?

Өкіне ме өзін өзі кінәлап,

Мен қасынан төмен қарап өткенде, — деп, алғашқы үйренген әнін бәсеңдеу дауыспен мұңдана шырқаған сәтте ару қыздың аққу мойны еріксіз бұрылады.

— «Махаббат мұңы» ма? Даусыңа жақсы келеді екен.

— Саған жету қайда, — дейді бұл. — Нағыз дауыс деп, нағыз саусақ деп сенікін айт.

Сөйтіп екі желеу, бір сылтаумен Аннаның қасына барып, саусақтарын көрген болып, алақанында біраз ұстап тұруға тырысады. Ұстап тұрған сайын сұлудың салалы саусақтары арқылы бір жылы ағыс, тәтті сезім мұның саусақтарына ауысып, одан қан тамырлары арқылы жүрегіне жетіп, ет-бауырын елжіретіп жібергендей болады. Бірақ мұндай бақытты сәттердің ғұмыры тым қысқа. Есікті саңылаулай ашып «ананы бүйт, мынаны сүйт» деп, қайта-қайта қарай берген анасынан қымсынған қыз Қамысбайдың қасында көп отыра бермей, дәлізге шығып, тірлік істеген болып, аяқ-табақты салдырлатып, ұзақ-ұзақ аялдап қала береді.


★ ★ ★
Джакузи, бу, бассейн, массаж сияқты емдеу-сауықтыру шараларынан кейін екі дос ақ жаймаға оранып, ас ішетін бөлмеге өтті. Қылпып қызмет еткен қыздар дастарқанды тағамның түр-түріне толтырып тастапты.

— Сен былай ет, ауданның әкіміне бар да моншаға жер бер, инвестиция таптым де, мен бұл жақтан жобасын жасата берейін.

— Рас па?

— Рас емей.

— Бірден келістің ғой.

— Бұрыннан оқталып жүргем. Бірақ нені қолға алуды білмедім. Сені көргенде саунаны сылтауратып, әңгімеге тартайын дегем. Монша дегенің орынды. Одан кейін Әбдіқадір атамның бір ауылды жуындырып-шайындырған еңбегін ойлап, жүрегім елжіреп кетті. Жуынып-шайынатын жөндемді орны жоқ ауылда қандай имандылық?

— Оны әнеу түні имам да айтқан.

— Нені?


— Намазға дәрет алып, қол-аяқтарыңды жуып, таза нәскилеріңді киіп келіңдер дегенді. Әйтпесе, мына «сланси» деген бәле шыққалы қара табан, күс өкшелерімен жайнамазды былғайтындар көбейіп кетті өзі.

Қамысбай қарқылдап күліп жіберді. Диқан «мынау бағанадан бері мені алдап, келеке-мазақ қылып отырғаннан сау ма өзі» деп ойлап қалды да, шошып кетті.

— Не болды? Айтқанымның бәрі өтірік, әзіл дейін деп отырғаннан саумысың?

— Жоға, күлкім кеп кетті әшейін.

— Әй, сен мені алдап отырсың-ау осы? Бүгін өзі қай күн, бірінші сәуір емес пе?

— Неге алдайын. Сенің беделің бар екенін білем. Анау бірбеткей ағаңа ауылға мешіт салыңыз, оған өзіңіз өмір бойы қарыздармын деп жүрген Дінмұхамед Қонаевтың атын беріңіз деп, жөнге жыққаныңды да естігем. Бұдан былай ол маңғаз ағаңның атын Кеңес өкіметінің қаһарлы хатшысы болғанымен емес, мұқтарам жамағатқа мешіт салдырып бергенімен қадірлеп, құрметтейтін болады енді. Ал ол қадір-құрмет, біле білсе, ұрпақтан-ұрпаққа жетеді. Сондықтан сенімен ақылдаспағанда, анау жүз қойын құрттағаннан басқа жұмысы жоқ ауылдың көрбала әкімімен ақылдасам ба.

Диқан қуанғаннан атып тұрам деп айнадай жылтыраған еденге аяғы тайып кетті. Бірақ жығылған жоқ. Ұмтылып барып, орнынан тұрды да жамылғысына оранып:

— Моншаның атын «Анна» деп қойсақ қалай болады? — деген.

— Қой, Қамысбай бала махаббатын әлі ұмытпапты деп сөз қылып жүрер.

— Онда не деп атасақ екен? Әлде сенің марқұм... Жұпар анаңның құрметіне атаймыз ба?

— Алғаш рет ауылға вагон-моншаны түйесімен сүйреп келген кім еді?

— Әбдіқадір.

— Ендеше, «Әбдіқадірдің моншасы» деп аталады. Жоба жасаушыларға ғимараттың үстіне солай деп айшықтап тұрып жазыңдар деп тапсырма беремін.

— Дұрыс айтасың. Менің ойыма неғып келмеген.

— Айтпақшы, Әбдіқадірдің баяғы вағон-моншасы әлі бар ма?

— Қайдағы, баласы быт-шытын шығарып, ағаштарымен қорасын қоршап алған. Аннамен хабарласып тұрасың ба?

— Украинаға барғанда жолықтым. Әкесі қайтыс болыпты. Өзі дәрігер екен. Үйлі-баранды сары қарын әйел болған. Күйеуі екеуі жандары қалмай Киевті әбден қыдыртты. Сені де ұмытпапты. «Хафиздің өлеңдерін ұрлайтын ақынға сәлем айт» деді.

Ал керек болса! Әкесінің «үй кітапханасы» деген мөрі басылған, мөрді резеңке өшіргішті оймыштап Есалы ағайы жасап берген, сыртында Тауыс атты құйрығы ұзын ғажайып құстың суреті бар «Шығыс жұлдыздары» деген қызғылтым кітаптың 147-бетінен басталатын Хафиз ақынның өлеңдерінің ішінен «дәл осы арасы Қамысбайдың махаббаты үшін кәдеге жарайды-ау» деп, оп-оңай көшіріп бере сап, ақын атанғаны бартын Диқанның. Анна біліп жүріпті-ау, ұят-ай. Қалай еді, і-і-і... Хафиз... иә, Шәмсәдаин Хафиз!


Көрінді ғой ұяң маған күн көтерген аспандай,

Сен де келіп қоншы менің тар үйіме жасқанбай.

Жаббар хаққа жалбарынам, күндіз-түні күңіренем,

Сырлы үнің мақпал болып айнала орап тастардай, —
деп, хат жазып берген.

— Ұмытпаған екен ғой.

— Әбдіқадірдің дүниеден өткенін естіп те жылап алды. Валерамен майдандас болған екен.

— Қалай?


Десе де есіне әлдене түскендей Диқан ойланып қалды. Шынында Әбдіқадір болмаса ауылда Хиценконың қадірін ешкім біле бермейді. «Е-е, анау қып-қызыл боп өсіп тұрған иен тегін жантақтың гүліне бал араларын тойдыру үшін амал жоқ момақан боп жүр де, әйтпесе айдаладағы қазақ ауылында қай бір туғаны бар дейсің» дейді. Десе де Әбдіқадір қабағын түйсе, жым бола қалады.

Әсіресе, майдандас екі достың моншадағы әңгімесін тыңдаған қызық.

— Қуық қалай? - дейді Әбдіқадір.

— Қуық не греет.

— «Не греедің» қалай, ей?

— Баяғы тиген жерін қарып түсетіндей қайнап

тұрған жоқ.

— Напор ше?

— Напор да нөл. Саматек боп қалды әншейін. Одан сенің мына кеспекке құйып жатқан шлангіңнің напоры әлдеқайда жақсы.

— Ал менің аяғым жылуды қойды? Тура мұз дерсің бәлекетті.

— «Ыстық укол» салдырмайсың ба?

— Салдырдым. Бірақ оған жүрек шыдамайды екен. Сенің Аграпинаңда иттің жүнінен тоқылған шұлық бар ма, осы?

— Оны неғыласың?

— Кимейім бе?

— Әй, қазақтар-ай! «Біреудің қаңсығы біреуге таңсық» деп күлесіңдер-дағыны, айнала бере сол қаңсыққа өздерің бірінші болып ұмтыласыңдар. Аяғыңа киетін болсаң нағыз жылы шұлықтың көкесі түйенің жүнінен тоқылмай ма? Айтпақшы, сол түйелердің көкесі өзіңде емес пе?

— Түйе, түйе, түйе... Соғыстағы бес жылды қоспағанда қырық жыл бақтым сол түйеңді. Бірақ жүнінен бір рет шұлық тоқытып кимеппін. Неге? Өйткені әлгі сөзді айтқан қазақ түйені ұлық мал санайды-дағыны аяққа киетін шұлық тұрмақ, құйрыққа бастан көрпешесіне салмайды жүнін.

— «Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» дегенді де айтқан сол қазақтың өзі емес пе?

— Өзі.


— Ендеше, аяғыңды емдегің келсе бос сөзді қой да, түйенің жүнінен шұлық тоқытып ал.

— Иттің жүнінен тоқылған шұлық ше?

— Ол да бір, целлофан қапшық та бір. Ауаны не кіргізбейді, не шығармайды. Қысқасы, пайдасынан зияны көп.

Ауылдың тіс қаққандары Әбдіқадірдің моншасына Хиценко шомылатын күнді де қаза жібермеуте тырысады. Өйткені, Валерий Хиценко шомылмас бұрын моншаны шлангімен су шашып, кір-қоқыстан әбден тазартып алады. Кір-қоқыстан тазартып жатқанда таза ауа кірсін деп есіктерін шалқасынан ашып тастайды. Содан кейін оны тарс жауып, пешке жалғанған, зеңбіректің ұңғысына келіңкірейтін тұрбаның ішіне су шашып, ал кеп була. Ол буға өзі ғана шыдар. Айтпақшы, қызып тұрған құбырды көмейлете су шашпақ бұрын ыстық су құйылған шылаушынға боз жусанды аямай салып, ауаны хош иіске толтырады-ай кеп. Құлық танытса бір көргенде үйреніп алатын-ақ керемет, бірақ соны ешқайсысы қолға алмайды. Оларды «елдегі заң мен тәртіпті қадағалап отыратын бір басшының керегі сияқты, моншаның да мәні мен сәнін келістіретін бір адам керек екен ғой» деп, тамсанып қойып әңгіме соққанға жібер.

Өздері де ақжарқын, көпшіл адамдар ғой, думанды жерде Хиценко гитара тартса, Әбекең би билейтін.

— Бұл «Ковпак» деген би, Сталин кезінде мұны Никита Хрущевке де билетіп, қызығына баты-ы-еп отырады екен.

Әбдіқадір соғыс жылдары Қара теңіз флотында болыпты. Жеңістен соң матростар құрлыққа шығарыла бастайды. Дені орыстар мен украиндар. Кеме капитаны крейсерде қалуды Әбдіқадірге тапсырып, басқаларға жағалауға жедел жетуді бұйырады. Темірдей тәртіп бойынша теңізшілер кеткенше кезекші қаққан қазықтай болып палубада тұруы керек. Айтуына қарағанда, тұлданған әйелдей тулаған теңіз толқындары палубаға шапшып, адамдарды сіріңке ғұрлы көретін емес дейді. Құдайдың маңдайына жазғанына мойынұсынған Әбдіқадір асау толқын тұңғиыққа алып кетпесін деп діңгекті қапсыра құшақтап, қатады да қалады. «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген бәленің әскерде де бар екеніне, бірақ командирлердің ішінде «қанына тартатын» жалқы қазақтың да жоқ екеніне іші қан жылап, көзінен аққан тарам-тарам жасты, абырой болғанда, теңіз суы ешкімге көрсетпей шайып кетіп жатыпты. Бірақ, бұйрықтың аты бұйырық, түрі мен тілі бөлек барлық халыққа ортақ мұң-зарды анау-мынау дегенмен қай командирге дәлелдейді, содан кейін оны қай командир тыңдапты.

Теңізшілерді жағалауға шығарып салып болған капитан діңгекті құшақтап тұрған Әбдіқадірдің қасына келіп:

— Теңізші Сәттеров, қайсарлығыңыз үшін алғыс білдіремін! — дейді.

Әрине орыс тілінде. Кеңес әскерінің жауынгерлері мен матростары да кеңес халқы сияқты тек орыс тілінде сөйлеуі керек еді ғой ол кезде. Бас қолбасшының да, басқасының да бұйрығы солай. Бірақ бұл сол жолы ол қатал тәртіпті саналы түрде бұзып:

— Кеңес Одағына қызмет етемін! — дейді, таза украин тілінде. Қаланың интернатында тәрбиеленіп, украиндардың балаларымен дос болып өскен Әбекең, тіпті, Тарас Бульбадан үзінділер де айтып жібереді.

Командир таң қалады.

— Тарас Бульбаның тілін қайдан білесің?

— Қазақ елінде жер ауып келген украиндар көп. Достарым да солардан...

Өз өксігіне өзі тұншығып тұрса да украин тіліне қылау түсірмей тағы да тақылдайды.

— Кезекшілікті қабылдап ал!

Капитанның ысқаяқ көмекшісі кезекшілікті Әбдіқадірден сол заматта-ақ қабылдап алады.

— Сендер балалық жасап Хиценконың алмасын Ұрлап, балын былғап, басынбаңдар, білдіңдер ме? Бір кездегі мен сияқты ол да жалғыз ғой байғұс. Соғыста жалғыздықтан мен де көп зардап шеккем. Құдай жарылқап, Хиценко құтқарды әйтеуір. Биді де, істі де содан үйрендім, — дейді Әбекең.

Хиценконың «алмасын ұрлап, балын былғамаңдар» дегені анау сұлу қызына сұқтана бермеңдер дегендей болып естіліп, Диқан Қамысбайға қарайды.

— Мә, хат жазып жүргенімізді білсе не бетімізді айтамыз, — дегендей, Қамысбай да бұған көзінің қиығымен ұрлана қарап, жымиып қояды.

★★★

«Жол картасына» енбей қалған кедір-бұдыры көп қотыр жолға түскен такси ауылына бет алды. Құдай қаласа жол да жөнделер, ауласына ою-өрнекті қақпа да орнатылар, бәрінен де хуторянканы... тіпу, не деп кетті, моншаны айтсайшы. «Әбдіқадірдің моншасы». Аты қандай керемет! Бұл да бір біткен іс болды.



Диқан көңілденіп, ән айтқысы келді.

Хуто-хуторянка, девчоночка смуглянка,

Мне бы хоть разок всего лишь на чуток

Мою весну на хуторок...

ЖЫЛҚЫБАЙ ЖЕЗДЕМНІҢ САҚАЛЫ



«Бас та өлең, құлақ та өлең,

мұрын да өлең...».


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет