Отбасының бос уақытты дұрыс ұйымдастыру функциялары
1.Отбасының бос уақытын дұрыс ұйымдастыруына анықтама беру
Бос уақыт дегеніміз адамның міндетті өндірістік емес міндеттерін (жұмысқа баруға және қайтуға кететін уақыт, ұйқыға, тамақтануға, үй шаруасына кететін уақыт және т.б.) орындағаннан кейін қалатын жұмыстан тыс уақыттың бөлігі.
Жеке тұлға мен қоғам арасындағы аралық бөлік ретінде отбасы шағын топтың да, әрбір индивидтің те жеке қасиеттерін біріктіреді. Отбасының бос уақытын өткізу саласы отбасы өмірінде ең аз реттелген кеңістік ретінде біртұтас қауым -некелескен жұпты құрайтын өзара дербес екі рухани жүйелердің өзара әрекетінің ерекшеліктерін көрсетуге септігін тигізеді. Бұл өзара әрекет жеке мүдденің отбасының басқа мүшелерінің мүдделерімен үйлесімді келістіру ұстындарына негізделеді, яғни қандай да бір психологиялық компромисстің болуы көзделеді. Отбасының бос уақытын өткізуінің дәл осындай ұстыны отбасы тіршілігінің барлық басқа салаларында (еңбектену, экономикалық, репродуктивтік қызметі, т.б.) екінші орынға ысырылатын ішкі қайшылықтары мен проблемаларын анықтайды және ашып көрсетеді.
Отбасының бос уақытын толыққанды өткізуін бағалау үшін екі негізгі талап қолданылады. Біріншісі - отбасының бос уақытын өткізуге жұмсалатын бос уақыт көлемі. Екіншісі - бос уақытты өткізу мазмұны. Екі көрсеткіш те ата-ананың рухани дүниесінің даму деңгейімен, отбасының қаржы жағдайымен, сондай-ақ жалпы тұрмыс салтымен анықталады. Егер әйел өз уақытының көп бөлігін үйіндегілерге қызмет етумен өткізсе, оның отбасының бос уақытын өткізуін ұйымдастыруға және өзінің демалуына бос уақыты қалмайды. Сондықтан отбасының әрбір мүшесінің үй шаруасы бойынша белгілі бір міндеттер аясы болғаны жөн, бұл отбасының бос уақытын мәнді өткізуіне уақыт бөлуге мүмкіндік береді.
Отбасының бос уақытының мазмұны отбасының әрбір мүшесінің қызығушылығына байланысты болады. Әкесі бос уақытында аңшылықпен, мамасы тоқумен, ұлы ролик тебумен, қызы – бимен немесе сурет салумен айналысатын отбасына қарағанда отбасы мүшелерінің барлығы туризммен айналысатын немесе театрды сүйетін отбасының бос уақытын бірлесіп өткізуін ұйымдастыру жеңілірек болады,
Ғылыми әдебиетте бос уақытты дұрыс үйымдастыру отбасының негізгі функциясына жатқызылады. Отбасының бос уақытты дұрыс үйымдастыруында өзіндік ерекшелігі бар, ол дәстүрлі функциялардан басқа отбасын біртұтас жүйе ретінде қолдау мен сақтау функциясын орындаудан көрінеді. Г.П.Орлов бос уақытты дұрыс үйымдастыру отбасылық қарым - қатынастарды не нығайтатын, не бұзатын, не отбасын біржола жоятын қабілетіне назар аударады. Зерттеушілер бос уақытты дұрыс үйымдастыру осы функциясы аясында бірқатар құрамдас бөліктерін атайды, оның ішінде отбасының бос уақытын өткізуінің аффективті ролі (бос уақытты өткізу барысында отбасы мүшелерінің эмоционалдық бірлігі), сондай - ақ мәдени ролі (мәдени, ізгіліктілік және басқа құндылықтар мен нормаларды қалыптастыру, дамыту, сақтау және беру) бар. Алдыңғы лекцияларда некеге қанағаттану үшін осы функциялардың мәнділігін арттыру туралы айтылған. Сонымен, бос уақытты дұрыс үйымдастыру аталған функцияларды жүзеге асыру саласына жататындықтан қазіргі отбасыларының өмір сүруі үшін оның ролі өзекті бола түседі.
Жалпы бос уақытты дұрыс үйымдастыру мен отбасылық бос уақытты дұрыс үйымдастыру сипаты бұл үшін жұмсалатын уақыт көлемімен анықталады: бос уақытты үздіксіз өткізуге жұмсалатын уақыт неғұрлым көп болса, оны соғұрлым сан түрлі етіп өткізу мүмкіндігі көп болады.
Бос уақытты осы ұстынға сай жекелендіру (дифференциациялау) барлық рекреативті қызметті негізгі үш құрылымдық блоктар бойынша бөлуге мүмкіндік береді:
жұмыс күніндегі бос уақыт;
демалыс күнгі бос уақыт;
еңбек демалысы кезіндегі бос уақыт.
Осы аталған үш құрылымдық блок аясында кеңістіктік орта сипатымен байланысты функционалдық сипаттағы белгілі бір ерекшеліктер болады. Жұмыс күніндегі бос уақыт ең алдымен еңбек күні барысында жұмсалған күш -қайратты орнына келтіруге жұмсалады (рекреакцияның өзі). Ол көп жағдайда пәтерде немесе үйден таяу жерде жүзеге асырылады. Демалыс күнгі бос уақытқа ұзағырақ уақыт жұмсалады және ол үй жағдайында да, үйден тыс жерлерде де (қала маңында) жүзеге асырылады. Мұндай жағдайда жүзеге асырылатын функциялардың сипаты да өзгереді: бос уақыт құрылымында күшті қалпына келтіруден басқа, жеке тұлғаны дамытуға мүмкіндік беретін қызмет түрлері де пайда болады. Жыл сайынғы еңбек демалысы бос уақытты өткізуге толығымен жұмсалатын шараларға арналған ұзақ та үздіксіз уақыт бөлігі. Оның ерекшелігі уақыттың ұзақтығына байланысты бос уақытты өткізуді жүзеге асыру адамның тұратын мекен - жайынан алшақ жердегі кеңістікті қолдануға мүмкіндік беретіндігінде. Еңбек демалысының уақытының құрылымы функционалдық тұрғыдан жеке тұлғаның дамуына, оның өзін-өзі шығармашылық тұрғыдан көрсетуіне көмектеседі.