Ілияс Есенберлин
Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Jump to navigationJump to search
Ӏлияс Есенберлин
Ілияс Есенберлин
Туған күні
191510 қаңтар
Туған жері
Ақмола облысы, Атбасар қаласы
Қайтыс болған күні
1983қазан
Қайтыс болған жері
Алматы
Ұлты
қазақ
Мансабы
Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы
Бағыты
тарихи
Жанры
роман
Шығармалардың тілі
қазақша
Марапаттары
Еңбек Қызыл ту ордені, «Құрмет белгісі» ордені, «За боевые заслуги», «За оборону Ленинграда» медалі, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының иегері, 1968 жыл («Айқас» романы үшін).
Ӏлияс Есенберлин (10 қаңтар, 1915 жылы қазіргі Ақмола облысы, Атбасар қаласы - 1983, Алматы) — қазақ жазушысы.
Мазмұны
1Еңбек жолы
2Шығармашылығы
3Тарихи романдары
4Романдары және тарихи сана
5Марапаттары
6Сыртқы сілтемелер
7Дереккөздер
Еңбек жолы
Арғын тайпасы Қуандық руының байдалы бөлімінен шыққан[1].
1940 жылы Қазақ тау-кен институтын бітіріп, Жезқазған рудниктерінде инженер болады. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
1942-1947 жылдар аралығында Қазақстан КП ОК-нің нұсқаушысы,
1951 жылдары Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры,
1953-1954 жылдары ҚР Геология министрлігінде аға инспектор,
1954-1955 жылдары Берсүгір шахта басқармасының (Ақтөбе облысы) бастығы,
1958-1967 жылдары "Қазақфильм" киностудиясының аға редакторы, сценарий редколлегиясының мүшесі,
1967-1971 жылдары "Жазушы" баспасының директоры,
1971-1975 жылдарыҚазақстан Жазушылар одағы басқармасының 2-хатшысы болып қызмет атқарады. Атбасар қаласындағы мектепке, Алматыдағы бір көшеге І. Есенберлин есімі берілген.
Шығармашылығы
І. Есенберлин қазақ әдебиетінде өнімді еңбек еткен аса көрнекті жазушылардың бірі. Алғашында ақын ретінде танылған оның шығармалары 1940 жылдан бастап жарық көре бастайды. 1945 жылы "Сұлтан", "Айша" дастандары, "Адамгершілік туралы жыр" өлеңдер жинағы (1949), революционер, большевик Ә. Майкөтовке арналған "Большевик туралы поэмасы" (1957), "Біржан сал трагедиясы" (1959) дастандары жарияланды. 1960 жылдары проза жанрына қалам тарта бастады. "Өзен жағасында" (1960), "Толқиды Есіл" (1965), орыс тілінде жазылған "Адам туралы ән" (1957) атты повестері жарық көрді. "Айқас" (1966), "Қатерлі өткел" (1967), "Ғашықтар" (1968), "Қаһар" (1969), "Алмас қылыш" (1971), "Алтын құс" (1972), "Жанталас" (1973), тың туралы "Көлеңкеңмен қорғай жүр" (1974) романдары, "Көшпенділер" трилогиясы (1976), Алтын Орда трилогиясы (1982-1983), "Махаббат мейрамы", "Алыстағы аралдар" (1983), Аққу құстың қуанышы" (1984) романдары, шығармаларының онтомдық жинағы (1984-1990) жарияланды.
Есенберлиннің "Маңғыстау майданы", "Аманат" (1978) романдары қазақ әдебиетіндегі сүбелі шығармалары қатарында. Кеңес өкіметі]] жылдарында туып қалыптасқан қазақ интеллигенциясының өмірін, олардың қазақ даласында социалистік өнеркәсіп орнату жолындағы қажырлы еңбегін, ескіліктің адам санасындағы қалдығына қарсы күресті баяндайтын "Айқас" романына 1968 жылы Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Ӏлияс Есенберлиннің орыс тілінде шыққан "Песня о человеке" (1956) романы 1958 жылықытай тіліне аударылады. "Таудағы тартыс" (1962) пьесасы Алматыдағы Балалар мен жасөспірімдер театрында қойылды. М.Ерзинкянмен бірігіп жазған "Құйма" (1961) киносценарийі бойынша түсірілген фильм бүкіл кеңес және венгр, поляк, болгар экрандарында көрсетілді.
Ӏлияс Есенберлин прозасы түгел дерлік орыс тіліне аударылды. "Схватка" ("Айқас", 1957); "Опасная переправа" ("Қатерлі өткел", 1970); "Влюбленные" ("Ғашықтар", 1970); "Хан Кене" ("Қаһар", 1971); "Заговоренный меч" ("Алмас қылыш", 1973); "Отчаяние" ("Жанталас", 1974); "Прикрой своим щитом" ("Көлеңкеңмен қорғай жүр", 1976); "Мангистауский фронт" ("Маңғыстау майданы", 1981); "Золотая Орда" ("Алтын Орда", 1985) деген атпен Мәскеулік және республикалық баспалардан жарық көрді. Жекелеген шығармалар украин, латыш, литва, өзбек, алтай, башқұрт, қарақалпақ, венгр, поляк, ағылшын, француз, қытай, неміс, араб, испан тілінде жарияланды. Олардың ішінде "Көшпенділер" трилогиясы, "Адам туралы ән", "Қатерлі өткел", "Ғашықтар", "Айқас" романдары бар.
I.Есенберлин қырыққа жуық ән мәтінін жазды. Ол К.Д.Ушинскийдің "Әңгімелері мен ертегілерін" (1945), М.Жулявскийдің Вьетнам өміріне арналған "Қызыл дария" (1956) романын қазақ тіліне аударды. Есенберлин Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған.[2] Тарихи романдары
Есенберлиннің нағыз жазушылық орнын белгілеген шығармалары — "Қаһар", "Алмас қылыш", "Жанталас" атты тарихи романдары.
Тарихи романдар деп өткен тарихтың маңызды оқиғаларын қайта жаңғыртып, оларды көркем түрде баяндайтын романдарды айтады. Жазушылар тарихи романда тарихты жаңғыртумен шектеліп қоймай, адамгершілік, психологиялық, мәдени мәселелерді біртұтас көтеруге көңіл бөледі.
Жазушы I. Есенберлин өзінің тарихи трилогиясында қазақ елінің ХV-ХІХ ғ.ғ. тәуелсіздік үшін табанды күресін көркем суреттейді. Осы жолдағы қыруар қиындықты, ішкі қайшылықтарды, адами қатынастарды, олардың әрекеті мен мінез-құлықтарын, сырт жаулармен шайқаста шыныққан бірлікті, дәстүрді, салт-сананы көрсетеді Тарихи жазба деректерге, шежіре мағлұматтарына, аңыз әңгімелерге сүйене отырып, қаламгер қазақ халқының тарихының аса маңызды тұстарын ашып, көптеген тарихи қайраткерлердің көркем тұлғасын жасайды.
"Алмас қылыш" романы — XV ғ. оқиғаларынан аса көп мағлұматтар бере алады және ол оқиғалардың жылнамалық реті сақталған. Сол себепті де оны роман-хроника деп атауға болады. Роман-хроника болғандықтан, онда көптеген тарихи оқиғалардың тізбегі басым келуі — жанрлық заңдылық.
"Алмас қылыш" романында Дешті Қыпшақтың (бұрынғы қазақ елінің бір атауы) қаһарлы ханы Әбілхайырдың кезінде қазақ руларының қазақ хандығы қол астына топтасуы, бір жағы — Әбілхайыр, екінші жағы — Жәнібек, Керейлердің тақ пен тәж үшін таласы, хан ордасындағы шытырман оқиғалар, алдау мен зорлықтар тізбегі баяндалған. Кітаптың бірінші бөлімі — Әбілхайыр ұлысының екіге бөліну жағдайын көрсетуге арналса, екінші бөлімі қазақ хандығының ішкі, сыртқы жауларымен кескілескен күрес үстінде шынығып ширауы, бұл жолдағы қыруар кедергілер мен қиындықтар көрсетілген.
Романның басты идеясы — қазақ руларының бірлесу, бір хандықта ынтымақ құру мәселелері.
Шығармада басты қаһарман Әбілхайырдың, сондай-ақ Жәнібек, Мұхаммед Шайбани, Бұрыңдықтардың, тағы басқа тарихта болған қайраткерлердің бейнелері жасалған. Автор олардың күрделі тұлғаларын бойындағы қайшылықтарын ашып көрсету береді. Мәселен, Әбілхайыр, бір жағынан, айлакер, ақылды айбарлы ел басшысы болса, екінші жағынан, өз мақсаты жолында ешбір арамдық, азғындықтан тайынбайтын мейірімсіз, қандықол. Оның жүздеген жылдарға созылып, әріден келе жатқан Шыңғыс ханның үрім-бұтағының озбырлық саясатын жалғастырушы екенін де автор жасырмайды, хан екен деп, орынсыз дәріптемейді.
Қалың әлеумет адамдары да романның басты идеясын ашуда елеулі қызмет атқарады. Мәселен, Асан Қайғының Бердібек пен Әбілхайырға айтатын қатал сын сөздері, Әбілхайырдың Керей мен Жәнібек елін шабам деген екпінінің қол астындағыларының қолдамауынан су сепкендей басылуы сияқты көріністер бұған айғақ.
Мұнда халықтың жақсы қасиеттерін бойына дарытқан Қобыланды, Қазтуған, Саян, Орақ секілді кейіпкерлер романның идеялық жүгін едәуір көтеріп тұр. Мәселен, Қазтуған мен Қотан ақындардың айтысы арқылы роман бүкіл қазақ даласының тарихи көрінісін, шежіресін береді, халықтың сан ғасырлық өмірін, күрестерін, олардың сыры мен сипатын айтады.
Трилогияның "Қаһар" атты кітабында I. Есенберлин XIX ғ. 30-40 жылдарындағы Кенесары Қасымов бастаған Ресей отаршылдығына қарсы қозғалыстың жай-күйін әңгімелейді. Мұнда жазушы жұртқа бұрыннан белгілі тарихи оқиғаларды тізе отырып, ондағы адамдардың күйініш-сүйінішімен, арман-өкінішімен, мұратымен, кейіпкерлер тағдырымен байытып көрсетеді.
"Қаһарда" қазақ даласында тәуелсіз хандық орнатуды мақсат еткен Кенесарының қол жиып күреске шығуы, тәуелсіздік үшін күресті қолдамаған сұлтандарға және патшабекіністеріне шабуылы, Кенесарының билікке қол жеткізу үшін патша өкілдерімен келіссөздер жүргізуі, талабы өтпеген жерлерде халық қанының төгілуімен есептеспей, күш қолданылатын істерге баруы баян етіледі. Осы жолдағы ханның қаталдығы, елдің күйзеліске ұшырауы, Кенесары дұшпандарының ұйымдасқан іс-әрекеттері, сан алуан адам мінездері көрсетіледі.
Бір отаршылдан екінші отаршылдың артықтығы жоқ екені, бәрінің көксеген мүддесі қазақ елін бөлшектеп бөліп, әлсіретіп, қансыратып, талан-таражға салу, өз билігін жүргізу екенін жазушы ашып көрсетеді. Мәселен, Қоқан, Хиуа хандықтарына ұзақ уақыт тәуелді боп тұрған оңтүстік қазақтарының ауыр жағдайы, Ташкенттің құшбегі Бегдербектің жәрдем сұрап барған Есенкелді, Саржанды қасындағы нөкерлерімен бірге опасыздықпен өлтіріп жіберетін суреттер тарихи шындықтарға негізделген.
Романда Кенесары бейнесі тарихи толық мазмұнда көркем сомдалған. Автор оның жеке басындағы ерлік пен парасаттың үйлесімін шебер аңғартады. Мысалы, Саржан мен Есенкелдінің құшбегі Бегдербек қолынан қапыда мерт болғанын естіп, "Ташкентті шабу керек" деген Қасым төренің кеңесін іштей қабыл көрсе де, соғысқа шығуға ертерек екенін түсініп, жоспарды кейінге қалдырады. Кенесарының Ақмола бекінісін алғанда көрсеткен ерлігі де әсерлі. Кенесары бастаған қозғалыстың белгілі батырлары — Ағыбайдың, Иманның, Төлебайдың, Басықараның, Жанайдардың, Бұхарбайдың эпизодтары да олардың батырлық бейнесін айқындай отырып, Кенесары тұлғасын толықтыра түседі.
Романда Ресей патшалығының өр дәрежелі өкілдері бейнелері де бар. Солардың ішінде, әсіресе, Қараөткелдің ағасұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендиннің халыққа қаны қас мейірімсіздігі мен мансап үшін арын сататын арамзалық анық таңбаланған. Ол Омбы генерал-губернаторының сеніміне ие болып, билігі мен мансабынан айырылып қалмау үшін елдің бас көтерер адамдарын ұстап береді. Әйелі Зейнеп, баласы Шыңғыстың қылықтары да Қоңырқұлжаның шексіз азғындық өмір сиқын жалаңаштай түседі.
Жалпы алғанда, I. Есенберлиннің "Қаһар" романы — қазақ халқының азаттық жолындағы күрес шежіресіне қосылған, оның Кенесары қозғалысы сияқты аса ірі кезеңінің ішкі сырларын көркем түсінуге көмектесетін елеулі тарихи шығарма.
Романдары және тарихи сана
Қазақстан республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ әдебиетінің тарихында бүгінге дейін ең көп роман (17) жазған жазушы І. Есенберлиннің қаламынан туған "Айқас", "Ғашықтар", "Қатерлі өткел", "Алтын құс", "Маңғыстау майданы", "Алтын аттар оянады", "Көлеңкеңмен қорғай жүр", "Алыстағы арпалыс", "Аққу құстар қуанышы", "Махаббат мейрамы", т.б. романдары тың тақырыпта жазылып, қазақ әдебиетінде оған дейін мүлде көтерілмеген мәселелерді қозғаған, соны серпін әкелген, оқырман сүйіспеншілігіне бөленген туындылар еді.
Ол — қазақ әдебиетінде алғашқы болып тарихи зерде тамырына қан жүгіртіп, тұншыққан сананы қапастан шығаруға жол салған, ұлт рухын тірілткен жазушы ретінде қазақ әдебиетінің тарихында оқшау орны бар тұлға. Ілияс Есенберлиннің алты кітаптан тұратын тарихи эпопеясы сөз өнерінің әлемдік нұсқасына қосылған тарихты көркемдік пайымдаудың үздік үлгілерінің бірі болып қала бермек. Тарихи тақырып арқылы бүгінгі күнге, қазіргі дәуірге қатысты идеялар айтылатынын естен шығаруға болмайды.
Тарихи шығарма сол өткен заманның әлеуметтік-эстетикалық реконструкциясы ғана емес, онда бүгінгі уақыттың да философиялық концепциясы жатады. Тарихи шығармалардың өмір танытқыштық мәнін айтқан кезде, онда бүгінгі рухани тіршілігімізге қатысты көп мәселелер қамтылатынын ескеру керек. І. Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын Орда» романдарын өткенді айта отырып оны қазіргі өмір құбылыстарына байланыстыра білу - көркем шығарманың эстетикалық актуальдығын арттыратын көркемдік фактор екенін дәлелдейтін, уақыт рухы көрінетін, жаңа концепция әкелген шығармалар деуге болады.
Қазақ тарихының соңғы бірнеше ондаған жылы түн-түнекті, меңіреу күй кешіп, өзге халық тарихының қосағында болғаны кім-кімге де белгілі. Мұның өзі қаншама буын ұрпақтың жандүниесіне әсер етіп, дүниетанымына салқынын тигізді, акыл-парасаты аяқ асты болды. Осы тұрғыдан келгенде жеке жазушының ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетінің тарихында әлеуметтік терең мәнді туынды болып қалған«Көшпенділер» трилогиясында Шыңғыс әулеті билеп тұрған дәуірлердегі ұлт тарихына тереңдеп еніп қадам жасауы қазақ әдебиеті мен көркемдік әлеміне алғаш рет І. Есенберлин әкелген жаңалық пен батылдық еді.
Автордың аса зор зерттеушілік жұмыс жүргізуінің нәтижесінде беймәлім, тың материалды оқырман игілігіне айналдырудың жарқын көрінісі болған «Көшпенділер» трилогиясының кезінде танымдық жағынан да ерекше жүк арқалағаны көпшілікке белгілі. Рас, ғалымның міндетінен гөрі міндеті ауқымды, кеңірек болып келетін жазушы үшін ақпараттық қана қызмет атқаратын материал суреткер жұмысының алғашқы бастамасы ғана. Тың, жаңа дерек, көпшілікке беймәлім материал негізінде қаламгердің ой сүзгісінен өтіп қорытылған оқиғаларға құрылған трилогияда жан-жақты камтылған адамгершілік мәселелері көрініс тауып, өткен дәуір шындығы бүгінгі заман сипатымен сабақтастырыла суреттеледі. Сақтандыру мен ескерту идеясы бой көрсетіледі.
Ілияс Есенберлиннің ұлт тағдырына қатысты шетін сырлары мен идеялары кемел деңгейде көрінетін бұл эпопеяның алғашқы бөлігі «Көшпенділер» трилогиясы еді.
Шығарма кейіпкерлері ретінде негізін тарихи тұлғалар, Шыңғыс хан дәуірінен басталып Кенесарымен аяқталатын қазақ мемлекетінің бастау көзі мен қиын-қыстаулы тағдыр-талайының басында тұрған хандар тізбегі, ел мұңы мен арман-тілегінің хабаршысы ақын-жыраулар, ел бірлігінің ұйтқысы, халықтың ақыл-парасатты билер, ел мен жер үшін, ұрпақ болашағы үшін қасық қаны қалғанша жаумен шайқасып отанын қорғай білген арыстан жүрек, атанжілік батырлар. Бұлар — ел есінде сақталып, тарихта қалған өмірде болған тұлғалар. «Көшпенділер» трилогиясы — партиялық идеологияның қылышынан қан тамып тұрған уақытта дүниеге келген шығарма.
Ол кезде мұндай шығарманы жазбақ тұрмақ, қазақ халқының ертеректе өмір сүрген артында мол мұра қалдырған, елім деп еңіреген, ел үшін, жер үшін мерт болған батырлардың, хандардың, шешендердің атын атаудың өзі, олар жөнінде әңгіме қозғаудың өзі қиын еді, қауіпті еді. Ал Ілияс Есенберлин осының бәрін біле тұрып қазақ халқының өткен тарихын бейнелейтін, тарихтан мол мағлұмат беретін бір кітап емес, бірнеше роман жазып, оқырманға ұсыну жай ерлік қана емес, талантты жазушының саяси жеңісі еді.
«Көшпенділер» қазақ халқының, ұлттық тарихының бастау көзі беріде емес, әріде жатқандығына жөн сілтеді. Бүкіл бір халықтың өмір-тарихы ұмытылып бара жатқандығын еске сала отырып, оған кінәлі — коммунистік саясат екендігін ашып айтпаса да, өмір ағысы басқа арнамен ағып бара жатқандығын, тарих беттері бұрмаланғандығын көркем тілмен бейнелеп берді.
Архивтік деректер, халықтық аңыздар, этнографиялық сипаттар негіз болған тарихи эпопеяда автор оларды сол өткен дәуір елесін дәл бейнелеу үшін ғана емес, оған қоса түрлі қағида мен идеялардың, түрлі психология мен мақсат мүдделерінің қандай заман, қандай қоғамдық жүйеде болсын сабақтастық алып жатқан көрінісін беру үшін де пайдалану мақсатын ұстанған.
Марапаттары
Еңбек Қызыл ту ордені
«Құрмет белгісі» ордені
«За боевые заслуги»
«За оборону Ленинграда» медалі
Қазақ КСР мемлекеттік сыйлықсының жүлдегері, 1968 жыл («Айқас» романы үшін).
↑ Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009 ISBN 978-601-01-0268-2
Бұл беттің соңғы өзгертілген кезі: 16:55, 2020 ж. маусымның 11.
Мәтін Creative Commons Attribution-ShareAlike лицензиясы аясында қолжетімді; қосымша шарттар қолданылуы мүмкін. Бұл сайтты қолдану арқылы Қолдану шартыжәне Құпиялық саясатымен келісесіз. Wikipedia® Wikimedia Foundation, Inc. коммерц