Бастауыш сыныпта – ана тілін, орта буында – әдебиетті оқыдық. Бала күнімнен Мағжанды сүйіп оқушы едім. Шығармаларын ерекше қызығып оқыдым, патриоттық рухқа толы өлеңдерінен нәр алдым. Соңғы кездері мені бір сұрақ мазалап жүр. Барлық оқулықтарда Мағжанның өмірбаяны қысқа жазылатын, тиісішне бір ғана сөйлеммен аяқталатын. Әлі де солай. Онда: Мағжан Жұмабаев 1938 жылы наурыз айының 19-ы күні қайтыс болған делінеді. Мәселе әдебиет кітаптары яки Мағжан туралы тараудың қалай аяқталуында да емес, мәселе мынада болып отыр. Кейінгі кезде "Репрессияда Мағжан, Сәкен, Міржақыптар тірі қалған" деген сөздер ауыздан-ауызға айтылып та, жазба беттерінде жарыса жазылып та жүр. Жел тұрмаса – шөтпің басы қимылдамасы анық. Сәкен Сейфуллин, Міржақып Дулатовтар туралы сәл кейінірек. Қазір маржан жырдың иесі Мағжан туралы һәм оның жұмбақ өлімі жайлы оқыған, естігендерімді ортаға салмақпын.
Иә, репрессия кезінде Алаш жұрты «Алаштықтар» деп ат қойып, айдар таққан Мағжан Жұмабаев, Мәскеудің Әдебиет институтында білім алған зерделі ақынға саясаттың салқыны сезілмеді емес, сезілді. Сол кездегі салқын саясатқа Мағжан өз пікірін айтып, ұстанымынан танбағаны үшін де большевиктер қолынан келгендерін аяп қалған жоқ. Бір емес бірнеше рет түрмеге жапты, азаптап, қинап, соққыға да жықты. 1918 жылы алты айға қамалғаны аздай, 1929 жылы 10 жылға тағы да соттады. Оның жеті жылын Соловецк концлагерінде өтеді. Сосын Максим Горькийдің араласуымен 1936 жылы бостандық алады. Бірақ бір жылдан соң-ақ, 1937 жылдың 30 желтоқсанында «Жапон тыңшысы» деген жаламен қайта тұтқындалып, ең ауыр жазаға кесілгені тарихтан белгілі. Олай болса, жоғарыдағы сөздер қайдан шықты?
Сонымен алдымда екі сұрақ тұр. Біріншісі, «Мағжан Жұмабаев 1938 жылы атылмаған» деген сөз қайдан шықты? Екіншісі, Мағжан Жұмабаев 1938-де атылмағанына кімдер куә, қандай дәлел бар?
Сонымен бірінші сұрақ: «Мағжан Жұмабаев 1938 жылы атылмаған» деген сөз қайдан шықты? Ең әуелі болып «Мен Мағжанды көрдім» деп тарихты бір төңкеріп тастаған Бауыржан МОМЫШҰЛЫ болды.