МАХАМБЕТ ҚАЙ ЖЫЛЫ ТУҒАН?
Тұрлыбай Бақыт Серікқызы
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекттік университеті, Талдықорған қ.-сыT.bakyt94@mail.ru
Ғылыми жетекші т.ғ.к.,доцент Сантаева К.Т.
Батыр (парсы тілінде бәһадур — ержүрек, батыл, батыр) — әскери өнерді жақсы меңгерген, жау түсірер ерлігімен аты шыққан, қаһарман адамға берілетін құрметті атақ. Батыр атағы мирасқорлық жолымен берілмейді, оған әрбір адам жеке басының ерлігімен ие болады. Батырларды қазақ халқы ежелден құрмет тұтқан.
Қай халықтың да қадір тұтары - өзінің сөзін сөйлеп, кегін қуар ақыны мен батыры болған. Сондай батырлардың бірі – Махамбет Өтемісұлы.1836-1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастырушы және оның рухани көсемі, ақын Махамбет Өтемісұлының туғанына биыл 213 жыл толды.
М. Өтемісұлы туралы баспасөз бетінде аз жазылған жоқ.Дауылпаз ақын туралы тарихи, әдеби зерттеулер том-том болып жарық көрді. Мерзімді баспасөз беттерінде қаншама мақалалар жарияланды? Дейтұрғанмен ақиық ақын, ақберен батыр, күйші – сазгер Махамбет Өтемісұлы туралы ғылыми зерттеулер әлі де жалғаса беретіндігінде күмән жоқ. Ендігі зерттеулер жаңа методологиялық тұрғыда -қазіргі тәуелсіз Қазақстан тұрғысында зерделенеді деп ойлаймыз.
Соңғы жарты ғасырға жуық уақытта көптеген ғылыми әдебиеттерде, оқулықтарда дауылпаз ақынның туған жылы әр түрлі көрсетілген. Кейбір ғылыми зерттеулерде М. Өтемісұлы 1803 жылы туған делінсе, енді бір кітаптарда ол 1804 жылы туған деп жазылған. Кезінде Қажым Жұмалиев, Берқайыр Аманшиндер М. Өтемісұлын 1804 жылы туған деп жазды [ 1, 22 б.]. Өкінішке орай, Махамбеттің туған жылы, 2012 жылы шыққан оқулықтарда да кездеседі. Мысалы, 2012 жылы Алматы қаласындағы «Мектеп» баспасынан жарық көрген 8 сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында М. Өтемісұлының туған жылы 1803 деп көрсетілсесол 2012 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан «Қазақстан тарихы» оқулығында ұлы ақын 1804 жылы туғандеп жазылған. Ал «Шың» баспасынан 2012 жылы шыққан «Қазақстан тарихы» оқулығында М. Өтемісұлы 1803/1804 жылы туған деп көрсетілген
Егер 11 сынып оқушылары мектеп бітірерде тарих пәнінен ҰБТ тапсыратынын ескерсек, оқулық авторлары Махамбеттің туған жылын әртүрлі көрсету арқылы оқушылардың да, тарихшы мұғалімдердің де басын қатырып отыр десек, артық айтқандық болмайтын сияқты.
Шыңдығында, Махамбет Өтемісұлы қай жылы туған?
Бірінші М. Өтемісұлы 1803 жылы туды деген пікір туралы. Осыған байланысты тарихи әдебиеттерге көз жүгіртсек: қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымдарының докторы, профессор Е. Бекмаханов өзінің 1966 жылы басылған «Очерки истории Казахстана ХІХ века» деген монографиясында ақынды 1803 жылы туғандеп жазады.
1984 жылы басылып шыққан Қазақ ССР-ның қысқаша энциклопедиясында тарих ғылымдарының докторы, профессор М. Қозыбаев «Азаттық күрестің жалынды жаршысы ақын Махамбет Өтемісов 1803 жылы туған», -деп жазады. Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы өмірбаяндарын терең зерттеуші тарихшы-ғалым Исатай Кенжалиев 1991 жылы жарық көрген «Исатай-Махамбет» атты кітабында Махамбеттің 1803 жылы туған деп көрсетеді [ 2, 5 б.].
Махамбеттің туғанына 200 жыл толуына орай жазылған « Жыр Жебе» атты кітапта Иманғали Тасмағамбетов: «Кез - келген тарихи, яки болмаса шығармашылық тұлға тек өз халқының інжу – маржаны ғана емес , жалпы адамзаттық бастау ретінде «әлем азаматы» санатында болып әр кезеңдегі, әр алуан халықтың мәдениетін тоғыстыратын буын болатыны қақ.Міне, осы буынға әлемдік қауымдастық ЮНЕСКО шеңберінде 200 жылдығы тойланып отырған дара тұлға , қазақтың ұлы ақыны , бостандық пен еркіндік үшін күрескер Махамбет Өтемісұлы да тұтастай жатады.» -деп, Махамбеттің 1803 жылы туғандығын дәлелдейді [ 3, 25 б.].
2004 жылы «Арыс» баспасынан жинақ болып шыққан «Махамбет батыр» деген кітапта В.Шахматов өзінің « Некоторые новые данные к биографии поэта Махамбета Утемисова» деген еңбегінде 1803 жылы туған деп келтірген [ 5, 122 б.] . Осы кітапта қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Сәбит Мұқанов өзінің «Махамбет Өтемісұлы» деген еңбегінде Махамбеттің туған жылын 1803 деп көрсеткен[ 5.1, 134 б.].
Келесі , Махамбет Өтемісұлы 1804 ж. туған деген пікір туралы. Алдымен айтарымыз, бұл пікірді жақтаушыларда бар.
2003 жылы «Ғылым» ғылыми баспа орталығында Егеубаев А.Қ., Раев Қ.М. сынды жазушылардың құрастыруымен жазылған « Махамбет» атты кітаптың бірінші томдығында: « 1804 жылы Ішкі Бөкей ордасы, Бекетай аймағында, қазіргі Батыс Қазақстан облысы ,Жәнібек ауданында дүниеге келген» - деп берген [ 3.1, 12 б.].
2010 жылы ҚазҰУ хабаршысында, «Махамбет шығармалары – 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің дерегі ретінде» ,- деп жарияланған Т.Қ.Тоқтаровтың мақаласында да ақынның туған жылын 1804 деп жазған[ 4, 45 б.].
2012 жылы «Өлке» баспасынан шыққан , Мереке Құлкеновтың құрастыруымен Махамбет Өтемісұлының өмірі мен шығармашылығына арналған кітапта та 1804 деген пікір келтірген. [ 6, 3 б.].
1841 жылы 7 наурыз күні Жайық бойындағы Дуанбасы деген жерде Махамбет қапылыста тұтқындалып, Гурьев қаласына әкелінеді. Гурьевтен оны арбаға шынжырлап, әуелі Оралға, одан әрі Орынборға апарып, 17 наурыз күні Ордонанс-гауз түрмесіне қамайды. Түрмеде Махамбеттің бойын өлшеп, түр-түсін, жасын, ерекше белгілерін қағазға түсіреді. Сол құжатта былай деп жазылған: “37 жаста, бойы 2 аршын 5,4/3 вершок (168,7 см), шашы, қасы, мұрты, сақалы қара, беті таза, түсі қараторы, қой көзді...” .
Махамбет 1803 жылы туғанмен, 1841 жылы наурыз айында 38-ге әлі толмауы себепті, 37 жастамын деген. Осы деректерге сүйеніп, кейбір әдебиетші зерттеушілер 1841 ден 37-ні шегеріп, Махамбет 1804 жылы туған деген қорытындыға келген. Кейін осы 1804 жыл тарих, әдебиет зерттеушілерінің кітаптарына еніп, ғылыми дерекке айналған. Бұл жерде қазақтың жаңа жылы 21 наурыздан басталатындығы мүлде ескерілмеген. Егер кезінде Махамбеттің 1803 жылдың наурыз айынан кейінгі айларда дүниеге келгені ескерілген болса, онда бұл жансақтық мүлде болмаған да болар еді. Яғни, бұдан шығатын қорытынды: М. Өтемісұлы 1804 жылы туды деген пікір шындыққа сәйкес келмейді.
Сондықтан да бұдан былай кейбір ғылыми әдебиеттердегі, мектеп оқулықтарындағы Махамбет Өтемісұлы 1804 жылы туды деген жаңсақ пікірді доғарған жөн. Біздің елімізде ұлы ақынның 200 жылдығы 2003 жылы халықаралық дәрежеде мерекеленген болса, қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы қайсар күрескер ұлы Махамбет Өтемісұлы 1803 жылы туған.
Міне, басқа-басқа, мектеп оқулықтарында осындай қате жасап, оқушының да, оқытушының да басын қатыру жөн бе? Сонда біз туған жылын елеусіз қалдыра береміз бе? Бұл қашанға дейін жалғасын таппақ? Бұндай қателерге көз жұма қарай беретін болсақ, бір ғана Махамбет емес ,елін сүйген ер азаматтардында,ел мақтан тұтатын ұлт көшбасшыларының да туған жылын шатастырамыз.
Енді Махамбеттің туған жері туралы тоқталып өтсек. Ұлы ақынның туған жеріне байланысты зерттеушілер әртүрлі пікірлер айтады. Солардың кейбіреулеріне қысқаша тоқталсақ: кейбір деректерде, Махамбет «Нарын құмында Жасқұс деген жерде дүниеге келген» делінген. Одан басқа, Махамбет қазіргі Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзеніне жақын жерде тууы мүмкін деген пікірдің бар екендігін де айтуымыз керек. Тіпті, 1997 жылы баспадан шыққан «Радуга Ақ Жайық» деген кітабында Ж.Ақбай: «Өтеміс Құлманиязов пен Жүзбатыр Жайықтың шығыс бетіне өтіп Өлеңті өзенінің төменгі құйылысына Азынабай-Тайпақ» деген жерге келіп қоныстанады. Осы жерде 1804 жылы күзінде Махамбет дүниеге келген», - деп жазады. Біздіңше, жоғарыда келтірілген пікірлердің ешқайсысы да Махамбет Өтемісұлының туған жерін дәл көрсетпейді. Себебі, сол авторлардың біразы Өтемістің 1808 жылдың желтоқсан айына дейін Ішкі ордада болғанына күмән келтіреді. Олар мұрағат деректеріндегі “1808 жылдың 22 қараша-7 желтоқсан аралығында Беріш руының Жайық бөлімінің старшинасы Өтеміс Құлмәлімұлының Гребенщик форпосты тұсынан қарауындағы қазақтарымен Жайық өзенінен Ішкі ордаға өткендігі” туралы құжатқа сүйенеді. Алайда, олар 1808 жылдың қараша- желтоқсан айларында Өтеміс Құлмәліұлы Жайықтан Ішкі ордаға 2- рет өткенін ескермейді. Шындығында, 1801 жылы күзде Бөкей сұлтан көп қазақпен Жайықтан өтіп, Ішкі ордаға қоныс аударғанда, Өтеміс отбасы да Калмыков тұсынан Жайық өзенінен өтіп, Самар көлі маңына қоныстанған. Сол жерден оңтүстікке қарай 80-100 шақырым жерде Бекетай құмында 1803 жылы Махамбет дүниеге келген.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Е.Бекмаханов жоғарыда аталған кітабында Махамбет Бөкей хандығында туған, - деп жазады. Махамбеттің бас сүйегін зерттеген антрополог ғалым Шаяхметов «Из тьмы веков» деп аталатын еңбегінде Е.Бекмахановтың осы пікірін қолдайды. Дейтұрғанмен, Бөкей хандығы немесе Ішкі орда шығыстан батысқа 350, ал оңтүстіктен солтүстікке 200 километрге созылған үлкен аумақты алып жатқан мемлекет болғандықтан, бұл жерде Махамбеттің туған жерін дәл көрсетудің қажет екендігі даусыз.
Олай болса, жыр семсері Махамбет Өтемісұлының туған жері – қай жер? Бұл сұраққа жауап беру үшін тағы дазерттеушінің пікірлерін келтірейік. Бірінші, филолог-ғалым Қ. Сыдиқовтың пікірі: Ол 1989 жылы Алматы қаласында басылған «Ереуіл атқа ер салмай» атты Махамбеттің өлеңдер жинағына жазған алғысөзінде: Махамбет Нарын құмында Бекетай деген жерде дүниеге келген» - дейді. Біздіңше, бұл өте дәл және анық айтылған тұжырым. Осы пікірге төмендегі 2 автор да қосылады.
Белгілі тарихшы-ғалым И. Кенжалиев «Исатай-Махамбет» атты кітабында «Махамбеттің туған жері Нарынның шығысындағы Бекетай құмы» деп көрсетеді. «Мұндағы 24 ауыл орнында, - деп жазады автор – Совет үкіметі тұсында Бекетай ауыл советі құрылған. Бұл өңірде ақынның жастық шағы өткен”.
Олай болса, жоғарыда келтірілген деректерге сүйене отырып Махамбет Өтемісұлының туған жері мен туған жылы туралы нақты түрде былай деп айтқанымыз дұрыс болады: Дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлы бұрынғы Бөкей хандығы аумағындағы Нарын құмының шығыс бөлігі-Бекетай құмында 1803 жылы дүниеге келген. Біз ұлы ақынның туған жері мен туған жылына байланысты осы тұжырымның барлық оқулықтарға енгенін, оқу орындарында оқушылар мен студенттердің осындай түсінік алғанын және мерзімді баспа беттерінде де осы деректің көрсетілгенін қалар едік.
әдебиеттер:
Амашин Б. Махамбет тағдыры: Роман және әдеби – зерттеулер . – Алматы : Жазушы, 1991-400 бет.
Махамбет.Менi атым -Махамбет - Алматы: Жібек жолы, 2003.- 224 б.
Егеубаев А.Қ., Раев Қ.М. - Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2003.-443 б.
Махамбет: Ереуіл атқа ер самай : - Алматы: Жазушы, 2003.- 223 б.
Махамбет Өтемісұлы : Жинақ / Құраст. Ғ. Қабдолқайырұлы.- Алматы: Арыс, 2004.- 309бет.
Махамбет Жыр жебе - Алматы: Өлке, 2012.- 125 б.
Достарыңызбен бөлісу: |