МӘдени-тынығу жұмысы арқылы жастардың патриоттық сезімін арттыру



Дата15.09.2017
өлшемі272,34 Kb.
#32499
М.И.Исатаев - М.Өтемісов атындағы БҚМУ магистр-аға оқытушысы

УДК 355.233:374.7



МӘДЕНИ-ТЫНЫҒУ ЖҰМЫСЫ АРҚЫЛЫ ЖАСТАРДЫҢ

ПАТРИОТТЫҚ СЕЗІМІН АРТТЫРУ
Аннотация: Мақалада қазіргі жастардың бойындағы патриоттық сезімді мәдени-тынығу жұмысын ұйымдастыру арқылы арттыру баса назарға алынған.

Тірек сөздер: Білім, тәрбие, үрдіс, патриоттылық, этнопедагогика, мәдени-тынығу жұмысы, фильмдер, шоу бағдарлама, концерт, шеру, конкурс, ойын.

Еліміз тәуелсіздігін алғалы кеңірек құлаш жайып, қанат сермейтін заман келді. Мақсатымыз айқын болашаққа қадам босудың жоспарлары нақтылануда. Ең үздік 30 елдің қатарына кіру, «Қазақстан-2050» бағдарламасын, «ЭКСПО-2017» көрмесін ойдағыдай өткізу үшін толағай табыстар мен алғыр білім керек. Осыған орай, ұтқыр жобалар мен жаңа технологиялар заманымызға енуде. Ендігі жерде әрбір азамат болашақ Қазақстанның дамуына өзіндік үлесін қосып, аянбай тер төгуі қажет. Біз осылай ғана жаңа жетістіктерді бағындыра аламыз. Ол үшін әрбір азаматтың бойында еліне деген құрмет, патриоттық сезім болуы тиіс.

Патриоттық сезім ретінде біз мынаны аламыз: Қазақ халқы атадан балаға мирас еткен дархан даласын әрқашан қасық қаны қалғанша қорғай білген. «А, Құдайлап» жауға шапқан, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен дұшпан жолатпаған жүрегі түкті батыр, баһадүр ерлеріміз кең байтақ жерімізге бабалар аманаты деп қараған. Оған Қазбек би бабамыздың мына отты сөзі дәлел: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жәй жатқан елміз, елімізден құт береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз» деп, жерімізге көз алартқан дұшпандарды тәубесіне түсірген батырлар ұрпағымыз [1.15]. Осы қанымызда бар патриоттық сезімді жас ұрпақтың жүрегіне орнатуға көңіл бөлуіміз керек.

Бүгінгі жас ұрпақ болашақ Қазақстан азаматы. Олар өзімізді қоршаған ірі өркениет орталықтарын, түрлі мәдениетті меңгеріп, өзін сыйлата алатын, рухани дүниесі бай, интеллект-деңгейі жоғары, білімді де білікті жаһандану заманына сай болуы шарт. Патриоттық құндылықтар сақталмайынша біз алға баспаймыз, дами алмаймыз [2]. Жастардың бәсекеге қабілетті болып дамуы үшін өз ынта жігерлері болуы ықтимал. Жалқаулық, еріншектік мінездері жоғарыда айтылған даму жолына кері әсерін тигізеді. Жастарды ұлттық сана-сезімге, адамгершілік пен еңбекқорлыққа тәрбиелей білуіміз керек.

Осыған байланысты Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде «Біз тәуелді болып, еңбектеп, басымызды игенде халықпыз. Тізерлеп отырғанда халықпыз. Біз халқымызға мынаны түсіндіруміз керек: тіземіз ендігі жерде ешкімге бүгілмейді, бұдан бұлай ешқашан еңкеймейміз-де. Тік тұрған қалпымыз бойынша тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін біз жанымызбен, тәнімізбен қызмет етеміз. Тіпті сол үшін жанымызды пида қылуға дайынбыз деп өзімізді де, жастарды да тәрбиелеуіміз керек» деген [3]. Бұл ойды нақтылай келе Ел Көшбасшысы жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеудің үздік үлгісін көрсеткен болатын. «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деп, дана халқымыз айтқандай болашағымызды тәрбиелеуде кемеңгер Елбасы сөздері үлгі болады.

Сонымен қатар, бұл ойды «Азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны – Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға жат кез-келген көріністерге төзбеуге тәрбиелеу деген, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының міндеттері де дәлелдейді [4.19]. Патриоттылықтың өзі Отанға деген сүйіспеншіліктен оған деген махаббаттан тұрады. Патриоттық сезім, бұл-әрбір Қазақстандықтың «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін» деп ойлануы, толғануы. Қазіргі таңда көп жастарымыз бұл сөздердің мәніне бойлай бермейді. Еліміздің өркендеуіне не істеймін деген ой келуі үшін де түпкі ниетте патриоттық негіз болуы керек.



Патриотизм – грек тілінің «patris» сөзінен аударғанда –отан, атамекен деген мағыналарды білдіреді. Өзінің жеке және топтық мүдделерін жалпы елдің мүдделеріне бағындыратын, оған адал қызмет етіп, қорғауды мақсат тұтатын өз Отанына, Атамекеніне деген терең сүйіспеншілік сезімі [5]. «Отан» деп отбасымен ошақ қасын, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, байлығы мол, кең байтақ жерді, қазыналы-қарттар мен ақ жаулықты әжелеріміз, тай құлындай бірге өскен құрбы-құрдастарымыз бар ауылды, қадірлі ата-анамыз жүрген елді айтамыз. Туған елімен, жеріне ие болу, амандығын тілеу әр азаматтың міндеті. Орыс халқының ғұлама философы Н.Г.Чернышевский «Өз Отанына салқын адам бүкіл адамзатқа да опа бермейді», деген даналық сөздерімен патриоттылықтың маңыздылығын дәлелдеп отыр. Қасиетті дінімізде ардақты Пайғамбарымыздың «с.ғ.с.» мына бір хадисіне назар аударайық: «Екі көз ахиретте тозаққа күймейді: біріншісі, күнәсына өкініш білдіріп, оңаша егіліп жылаған көз, екінші Отанды қорғап шекара күзеткен көз» [6.16]. Бұл ойлы сөздерді асыл дініміздің Отан қорғауға тәрбилеудегі патриоттылықтың үлгісі ретінде келтіруге болады. Аталған тақырып бойынша ғылыми баяндамамызды жазу барысында 40-тан аса деректермен әдебиеттерге сараптама жасалып, талдау жүргізілді.

Патриоттылық сөзінің зерттелу деңгейіне келетін болсақ, алғаш рет Антикалық дәуірде грек ойшылдары Платон, Аристотель, Цицерон қоғамдағы қозғаушы күш әрі отансүйгіштік ретінде бағалап, атамекен, отан ұғымдарымен байланыстыра қарастырған. Кейіннен Ф.Бэкон, А.Шартье, Н.Макиавелли, Ш.Монтеско, Ж,-Ж.Руссо, И.Г.Фихте, Г.Ф.Гегель, З.Фрейд, Ж.П.Сартр, К.Ясперс және т.б ұлы ойшылдар еңбектерінде зерттелген. Кеңес үкіметі кезеңінде Ресей ойшылдары М.В.Ломоносов, А.С.Хомяков, Н.М.Карамзин, Ф.И.Тютчев, В.Г.Белинский, Н.Г.Чернышевский, Н.А.Добролюбов, Ф.М.Достоевский, В.С.Соловьев, Н.Ф.Федоров, Л.Н.Толстой, Г.П.Федотов, Н.О.Лосский, С.Л.Франк, Г.В.Плеханов, П.Б.Струве, В.В.Розанов, С.Н.Булгаков және т.б өз үлестерін қосқан [7. 9-10]. Ғылыми жұмысымыздың барысында Ресей ғалымадарының басым көпшілігі патриотизмді – ұлттық тәрбиемен байланыстырғандығын байқадық. Патриоттық тәрбиенің маңыздылығын дәріптеу мақсатында Әл-Фараби, Йүгінекей, А.Йассауи, С.Бақырғани, Ж.Баласағұн, А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, Ш.Мұртаза, М.Мақатаев және т.б ұлағатты ұстаздарымыз зерттеулер мен ізденістер жүргізген. Осыған бір дәлел ретінде М.Мақатаевтың :

«...Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген,

Іс тынбайды «жанамын, күйем менен»

Өгей әке емес қой Отан деген,

Отанды мен Атамдай иемденем!» деген өлеңдерінен Отанның адам өміріндегі маңызын насихаттай отырып, патриоттылыққа тәрбиелеген [8.22-23].

Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің теориялық-әдiснамалық негiздерi философиялық ілімде Алтаев Ж., Айталы А., Гершунский Б.С., Есiм Ғ., Изотов М., Кiшiбеков Д., Қасабеков А., Нысанбаев Ә., Сәрсенбаев Н., т.б., тарих саласы бойынша Ахметова Л., Қасымбаев Ж., Қозыбаев М., Мыңжанұлы Қ., Смағұлов О., Тұрлығұлов Т., Жұртбаев Т., Шоқай М., филологиялық еңбектерде Әуезов М., Дәуiтұлы С. Жолдасбеков М., Жұмадiлов Қ., Кекiлбаев Ә., Келiмбетов Н., Мағауин М., Мұқаметқанов Қ., Мұқанов С., Салғарин Қ., Сейдiмбек А., т.б. еңбектерiнде зерделенген.

Қазақстанда бiлiм мен тәрбие iсiнiң даму мәселелерi, патриоттық тәрбиенің тарихи-педагогикалық қырлары Әлмұхамбетов Б.А., Бержанов Қ.Б., Беркiмбаева Ш.К., Қалиев С.Қ., Құнантаева К.Қ., Сейдахметова Л., Сембаев Ә.I., Сытдықов Ә., Тәжiбаев Т., Нұрахметов Н.Н., Храпченков Г.М., т.б. еңбектерінде баяндалған.

Патриоттық тәрбие адамгершiлiк тәрбиенiң негізгі құрамдас бөлігі екені Iлиясова А.Н., Байсерке Л.А., Бейсенбаева А.А., Жампейсова Х.Қ., Ким А., Көшербаева А.Н., Майғаранова Ш., Нұрғалиева Г.Қ., Орынбасарова Э.А., Төлеубекова Р.К., т.б. еңбектерінде зерттелген.

Патриоттық тәрбие берудiң этникалық және ұлттық негiздерi Бейсембаева А., Бөжиг Ж., Валеев И.И., Волков Г.Н., Ғаббасов С., Джаңабаева Р.А., Ешiмханов С., Жұмаханов Ә., Измайлов Э., Қалиев Ж.Қ., Қожахметова К.Ж., Құсайынов А.Қ., Наурызбай Ж., Рождественская Р.Я., Сухомлинский В.А., Таубаева Ш., Ұзақбаева С.А., т.б. зерттеу еңбектерінде жүйеленіп берілген.


Тәрбие үрдісінде тұлғаны әлеуметтендiру, оның гуманистік көзқарасын және азаматтығын қалыптастыру мәселесі Арынғазин Қ.М., Аганина Қ.Ж., Батталханов Е.З., Криворотова Д.А., Мақатова Ж.А, Меңлiбекова Г.Ж., Менлибаев К.Н., т.б. еңбектерінде көрініс тапқан.

Зерттеу мәселесінің психологиялық негіздері Аймауытов Ж., Выготский С., Жарықбаев Қ., Жүкеш Қ., Момышұлы Б., Мұқанов М., Оразбекова К., Рубинштейн С.Л., Темірбеков А., т.б. еңбектерінде зерделенген.

Патриоттық тәрбиенің негізгі құрамдас бөлігі әскери-патриоттық, дене тәрбиесі және оның дамуы Аронов А.А., Конпиев Н.М., Минжанов А., Н.Ромашов, Нұрмұқашева С., Храпченков В.Г., т.б. ғылыми жұмыстарында әскери тәрбиенің патриоттық мәселелерді шешудегі бағыттылығы қамтылады.

Жалпы білім беретін мектептерде, мектеп-гимназияларда патриоттық тәрбие берудің мазмұны мен әдістері, ұстанымдары, технологиялары Агапова И.А., Аронов А.А., Бекмұхамедов Б.М., Датский В., Конжиев Н.М., Коновалова Г.А., Мазыкина Н.В., Матвеева С.В., Матушкин С.Е., т.б. еңбектерінде шешімін тапқан.

Болашақ мұғалімдердің педагогикалық іс-әрекетін қалыптастыру, әскери мамандарды патриоттық тәрбие ісіне бейімдеу мәселелері, тұлғалардың өмiрi арқылы оқушыларды патриотизмге тәрбиелеуде Әбдіраман Ш., Әбілғазиева К.Т., Г.Қ.Белгібаева, Дүйсенбаев А.Қ., Жұматаева Е.Ө., Зима М.В., Исаева З., Каргин С.Т., Көбесов А., Құсайынова Д., Момынбаев Б.К., Мұратханова Р., Мұхамединова Н.Ә., Халитова И.Р., т.б. еңбектерін атауға болады.

Алайда, жоғарыдағы ғылыми еңбектерде мәдени-тынығу жұмысы арқылы жастардың патриоттық сезімін арттыру жүйесi жеткілікті дәрежеде зерттелмеген деген тұжырым жасауға болады. Ғалымдардың ғылыми еңбектері талдап-зерттеп отырған мәселенің әлі де болса толық шешімін таппағанын байқатты. Сонымен қоса бұл еңбектер жүзеге асырылу жағынан жетілдіруді қажет етеді. Өйткені, көбі теориялық тұрғыда ұсынылған. Жастарға ұлттық тәрбие беру, патриоттылықты дамыту сияқты мәселелер олардың қызығушылығы мен сұраныстарына тығыз байланысты. Еліміздегі жастардың әлеуметтік тәрбиесіне көңіл бөлу мақсатында интернет ресурстарындағы «теріс қылыққа» баулитын жарнамаларды жою, теледидардан әр түрлі елдің салт-дәстүріне дәріптелген адамның сана-сезімін улайтын, эмоциялық күйге түсіретін сериялдар мен фильмдерді азайту бүгінгі күні өзекті мәселеге айналып келеді. Адам не көрсе, соны істейді. Ал, бұл фильмдер қандай тәрбие беріп жатыр?! Қазіргі таңда бесіктен белі шықпаған баладан бастап, ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз сол көкжәшіктің алдында басқа бір елдің уайым-қайғысын үңіле қарап отырады. Бұл болашақ жастарға қандай тәрбие болмақ?! Осы сөзімізге дәлел ретінде мына бір қазақ бүлдіршіндерінің үндінің діни рәсімдерін еш қаймықпастан өз ұлтының рәсімдеріндей айна қатесіз жасауы нені білдіреді сонда? Ал, Итшаның өліміне қайғырып өз туысы өлғандей егіл-тегіл болған мына ана мен оны ұялы телефонға жазып алған баласы туралы қандай ой тұжырымдауға болады [9].

Егер, патриоттық сезімімізді күшейткіміз келсе неге осындай әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді кеңірек насихаттайтын, ұлттық құндылыққа өте бай, тіліміз бен дінімізді дәріптейтін және ырым-тыйымдарымызды негізге ала отырып, басқа елдердің кино мотография саласында бәсекеге түсе алатындай көрермен жалықтырмайтын аса үлкен актерлік шеберліктегі Отандық фильмдер, сериялдар түсірмеске?! Әрине Қазақстанда мүлдем фильм жоқ деп айта алмаймын, бар, мәселен, «Қара шаңырақ», «Айналайын», «Ағайындылар», «Әке серті», «Үй болу қиын», «Астана махаббатым менің» т.с.с. Алайда, үндінің «Келін», «Уәде беремін», «Қыз ғұмыры» т.б, түріктің «Дениз», «Сулейман великолепный», «1001 түн» т.б, қытайдың, корейдің «Жумонг», «Емші Хожун», «Құбылай хан» тағы сол сияқты таң ғажайып әсерлі де, жағымды адам жүрегін баурап алып, солардың өмірін, салт-дәстүрін ойлап қайғыратындай, кинолар қазақ фильмдеріне қарағанда әлде–қайда жоғары көрерменге ие. Бұндай көрермен жинау үшін де қажырлы еңбек пен осы саланың тыңғылықты зерттелуі керек.

Бүгінгі күні еліміздің «ОТАУ ТВ» жерсеріктік телевидиниясында ұлттық – 45 канал бар. Отандық арналарымызды зерттей келе: шоу бағдарламалар, деректі фильмдер мен жаңалықтарды былай қойғанда, Отандық «Қара шаңырақ», «Ағайындылар», «Айналайын» т.с.с. қазақ менталитетіне сай тәрбиелеп, мінез-құлықты дәріптейтін тек бірен-саран ғана фильмдер көрсетіледі. Қалғандары шет ел кино туындылары. Жер көлемі бойынша әлемде 9 орын алатын, табиғаты бай, Менделеев кестесіндегі барлық элемент қамтылған, батыр-бахадүр-билері де, ұлықтауға тұрарлық тарихы да бар киелі жерде кино саласының үздік туындыларын осындай дәрежеде шығару өте аз көрсеткіш екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан, Отандық кино саласына үлкен өзгерістер мен толықтырулар керек болып отыр. Ата-әжелерімізбен, отбасымызбен өзге ұлт емес, өз еліміздің уайым-қайғысын ойлап, соны тағы да көруге асығатын, мақтауға лайық туындылар шығаруымыз қажет. Мәселенің өзектілігі де осында. Мәдени-тынығу жұмысы (МТЖ) арқылы жастарды патриоттыққа тәрбиелеу қазіргі Қазақстанның әлеуметтік-мәдени хал-жағдайына аса қажетті болып отыр. МТЖ жастармен байланыстырудың бірден бір себебі - жалпы адамның бос уақытын тиімді ұйымдастыруды зерттейтін ғылым саласы. Бос уақыт- адамның немесе тұлғаның жеке, физикалық, рухани және әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған жұмыстан тыс уақыт бөлігі [10]. Яғни, адам өмірінің тынығатын, демалатын, кино көруге, ойын-сауыққа баратын, қызығушылықтарын қанағаттандыратын негізгі бөлігі. Сондықтан, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға басты назар аударуымыз керек. Өйткені, жоғарыдағы «керіағар» қылықтарды жаттап өскен ұрпақтарымыз ертеңгі күні елдің ата-анасы болғанда қандай тәрбие бермек?! Бұл сұрақ тағы да зерттеуді, ізденісті қажет ететіндігі анық. Егер де, аталған мәселе мемлекеттік деңгейде қолға алынып, жастардың МТЖ айрықша көңіл бөлінетін болса, патриоттылыққа тәрбиелеудің жаңаша әрі ауқымды тәсілдері құрылар еді.

Ғылыми жұмысымыздың деректерін сараптай келе ұққанымыз: оқу орындарында патриотизмге тәрбиелеу саласы ғылыми негізделген мәдени-тұрғыдағы белсенді бағдарламаға мұқтаж. Жастардың патриоттық сезімін мәдени-тынығу жұмысы арқылы арттыру бағытында отандық ғалымдарымыздың арнайы оқулық немесе әдістеме нұсқаулық, бағдарлама ретінде еңбекттері аз, тіпті жоқ десе де қате болмайды. Бұл тақырыбымыздың маңыздылығын зерттей келе жинақталған декертер барысында шет ел ғалымдарының еңбектеріне талдау жасалды. Халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнабайұлы «Ғылым іздесең орыстан үйрен» деген даналық сөздерін бекер айтпаса керек. Ресей ғалымдары Н.В.Боброва, А.В.Фатов, К.Г.Елемин, А.Е.Корупаев, О.И.Горбунова, А.Н.Вырщинов, О.А.Аристархова, М.Б.Кусмарцев өз еңбектерінде патриоттық тәрбиені мәдени-тынығу жұмысымен тығыз байланыстырған.

Мәселен, Н.В.Боброва «Гражданско–патриотическое воспитание средствами социально-культурной деятельности» деген ғылыми мақаласында әлеуметтік-мәдени бағытта жастарды патриоттылыққа тәрбиелеудің маңызын ашып, жас ұрпақтың түсінігіндегі патриоттылық тұжырымдасмасын зерттеген.

К.Г.Елеминнің «Развитие лидерских качеств молодежи в студенческих отрядах средствами социально-культурной деятельности» атты ғылыми еңбегінде әлеуметтік-мәдени салада көшбасшылық қабілеттерді дамытудың жолдарын зерттеп, осы салада көшбасшылық қасиетті дамытудың жүйесін жасаған.

Ал, А.Н.Вырщинов пен М.Б.Кусмарцев «Патриотическое воспитание молодёжи в современном Российском обществе» деген ғылыми зерттеу жобасында негізгі патриоттылық анықтамасын талдап, тарихына көңіл бөлу арқылы келешек жастарды тәрбиелеудің МТЖ бағытындағы формаларын ұсынған.

А.В.Фатовтың әлеуметтік-мәдениет саласы арқылы жастарды тәрбиелеуге көңіл бөліп, жастардың негізгі қызығушылықтары мен бос уақыт жағдайын зерттеп, сипаттаған «Социальное воспитание студенческой молодежи в культурно-досуговой деятельности» атты еңбегінде тілге тиек етуге болады [11.282,286,295,411].

Аталған зерттеу жұмыстарын саралай келе, осы сияқты ғылыми зерттеу жұмыстарының қазақ тілінде зерттеу ауқымын кеңейту керектігі байқалды. Тақырыптың тек шет елдерде егжей-тегжейлі, теориялық және тәжірибелік бағытта зерттелуі, мәселенің біздің Отанымызда әлі де болса өзекті екенін түсіндіреді.

Сондықтан да студенттердің оқу-тәрбие процесінде жастардың патриоттылық құндылықтарын арттыру мақсатын мәдени-тынығу жұмысы арқылы жүргізу зерттеуіміздің өзектілігін айқындайды.

Аталған қайшылықтың шешімін табу үшін зерттеуіміздің тақырыбын «Мәдени-тынығу жұмысы арқылы жастардың патриоттық сезімін арттыру» деп таңдауымызға негіз болды.

Еліміздің көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылып, халықаралық деңгейге шығуы бүгінгі ұрпақ бейнесімен көрінеді. Рухани тәрбиемен нұрланбаған жас өзінің алған білімін қара басының пайдасына жұмсап, өз мүддесін ғана ойласа, онда ол ешқашан елінің өркендеуі мен дамуына өзінің сүбелі үлесін қоса алмайды. Сондықтан да ұстаздар, ата-аналар жастарымыздың бойына адамгершілік, ізгі қасиеттерді қалыптастырып, сіңіртіп, өзінің Отанына адал азамат етіп тәрбиелеуіміз қажет [12.8]. «Өзге елдің сұлтаны болғанша, өз еліңнің ұлтаны бол» деген, мақалдан-ақ жоғарыдағы пікірдің астарын ашуға болады. Тәрбиесіз берілген білім, білім болмайтыны хақ. Студент жастардың патриоттық сезімін арттыру формаларын білім беру, тәрбиелеу, спорт және басқа да салалар арқылы жүзеге асырып келе жатқан М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемелекеттік университеті ұжымының еңбегін ерекше атап өтуге болады.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті – 1932 жылы қабырғасы қаланған, еліміздің батыс аймағындағы ең ірі жоғары оқу орындарының бірі. Университетіміз инновациялық білім беру жолдары толықтай меңгерілген, бай кітапханасы бар, білімді де білікті профессорлық-оқытушылар құрамымен Қазақстанға әйгілі оқу орны. Өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде бойларындағы қабілет-қайратын аянбаған ұжым қызметкерлері алдыңғы сатыға тәрбие мәселесін қояды. Университетімізде студенттермен мәдени, тәрбиелік, эстетикалық тұрғыдан тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін тәрбие жұмысы және жастар саясаты жөніндегі проректор, тәрбие ісі жөніндегі бөлім, студенттердің шығармашылық қабілеттерінің артуына ықпал ететін, тәрбиелік маңызы зор іс-шараларды ұйымдастыруда жұмыстанатын мәдени-демалыс жұмысы жетекшісі, студенттердің бос уақыттарын тиімді пайдаланып, салауатты өмір салтын қалыптастыруы үшін спортклуб, түрлі шығармашылық, зияткерлік үйірмелер, жетекші кураторлар және 2005 жылы университеттің басқару құрылымына енгізілген жастар даму орталығы (студенттік өзін-өзі басқару бөлімі) бар. Жастар даму орталығында жұмыс істейтін студент-жастар университеттегі басқару үрдісіне қатысып, оқу, ғылым және тәрбие ісіне байланысты шаралар тізбегінде жұмыстанып келеді [13.8]. Зерттеу жұмысымыздың барысында биылғы оқу жылы университетте патриоттық сезімді арттыру бағытында өткізілген іс-шараларға талдау жасадық. Алынған деректер бойынша 2014-2015 оқу жылының қыркүйек-сәуір айы аралығында төмендегідей шаралар өткізілген:

1. «Ата заң- жастар бастамаларының қолдау кепілі».дөңгелек үстел.

2. «Қазақ поэзиясындағы А.Бақтыгереева» кеші. Ғылыми-тәжірибелік конференция.

3. Жастардың патриоттық форумы

4. «Жасыл ел», СҚЖ жұмыстарының ІІІ-семестірінің жабылу салтанаты.

5. Тұңғыш Президент күніне орай республикалық дебат.

6. Тәуелсіздік күніне арналған концерт.

7. Ұлы жеңіс 70 жылдығына орай университет оқытушылар мен қызметкерлері арасында спартакияда. т.б

Мәдениет және өнер факультетінің студенттік деканатынан және аға оқытушы, магистр Г.Е.Жұмағалиевадан алынған мәліметтер бойынша: «Талант-2014», «Бір ел-бір халық-бір болашақ» атты ҚХ Ассамблеясына 20 жыл толуына орай фестиваль өткізілген, «Студент жастардың мәдени-шығармашылық қабілетін дамытудың жаңа технологиясы» ғылыми тәжірибелік айлық ұйымдастырылған т.с.с. Жоғарыда аталған деректер жалпы патриоттылық бағытты қамтығанымен, нағыз патриоттық сезімді арттыруға арналған шаралары өте аз болып отыр. Себебі: Ассамблея аясында өткізілген шаралар, бірінші кезекте өзге ұлт өкілдерін сыйлау, толеранттылыққа баулуды көздейді. Ал, конференция мен ғылыми-тәжірибелік айлықтар жастарды ғылыми бағытта жетілдіруге арналған. «Талант-2014», «8-наурыз» т.б концерттер – студенттердің шығармашылық қабілеттерін анықтап, өнерлерін шыңдауға бағытталған. Спартакиядалар мен түрлі спорттық жарыстар салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған. Зерттеу жұмысымызды талдай келе, осы жыл ішінде Тәуелсіздік күніне арналған концерт, Тұңғыш Президент күніне орай республикалық дебат, Ата-заң жастар бастамаларына қолдау кепілі дөңгелек үстел т.с.с бірнеше шаралар патриоттылықты арттыруға бағытталған. 1 жыл көлеміне өткізілген шараларға сараптама жасай келе, БҚМУ да күндізгі бөлімде 4000-нан аса студент білім алатын болса, аталған шараларды әлі де болса көбейтудің реті бар екендігіне көз жеткізуге болады. Осыдан, мәдени-тынығу бағытындағы аудиториядан тыс шаралар арқылы жастарды патриоттылыққа тәрбиелеу, рухани құндылықтарын байыту мәселесі тәжірибелік зерттеулерді әлі де кең көлемде қажет ететіндігінің тағы бір дәлелін көруге болады.

Жастардың, әсіресе, студенттердің патриоттық сезімін арттыру бағыттары бойынша төмендегідей МТЖ формаларын өткізуді ұсынамыз:


  • Әңгіме, патриоттық бағыттағы ғылыми конференциялар, сыныптық сағаттар;

  • Салтанатты жиындар, «Ерлік, Отан қорғау, Ескерткіштер» т.б тақырыбында дәрістер;

  • Экскурсия, ұлттық құндылықтар сақталған мұражайлар мен ескерткіштерге саяхат жасау, патриоттық тәсілдегі ойындар, тарихи мекендерге, жерлерге және соғыс ескерткіштеріне саяхат жасау;

  • Шерулер, патриоттық әндер, спорттық ойындар;

  • Патриоттық бағыттағы фильмдер, видеолар көру және оған түсіндіру жұмыстарын жүргізу;

  • Конкурстар, мерекелер, Виктариналар;

  • Рөлдерде ойнау, театрландырылған қойылымдар, жағдаяттарды шеше білу;

  • жобалар жасау, модельдеу;

  • ҰОС ардагерлерімен кездесулер ұйымдастыру, танымал адамдармен кездеслер ұйымдастыру;

  • тест, сұрақ-жауаптар жүргізу, тренингтер өткізу;

  • азаматтық-патриоттық тәрбие туралы кітаптарды презентациялау;

  • әлеуметтік акциялар;

  • шоу бағдарламалар, концерттік бағдарламалар;

  • дебаттар, жарыстар және т.б. [14.282].

Аталған бағыттар бойынша мәдени-тынығу жұмысы арқылы жастардың патриоттық сезімін аттыру үшін зерттеу жұмысымызды қарастыра келе МТЖ формаларына көңіл бөлдік.

№1 суретке назар аударыңыз:


№1 сурет [15].


МТЖ кез-келген формасы арқылы патриоттылыққа тәрбиелеудің жобасын жасауға болады.

- кино, режиссура саласында бір немесе бірнеше фильм түсіруге болады. Оның ішінде студенттер арасында жарыс ұйымдастырып, «Мен елімнің болашағымын», «Біздің университет», «Қазақтың патриоттары» т.б тақырыптарында кино немесе шағын видео ролик түсіру;

- МТЖ мамандарымен бірлесе отырып, «Менің елім», «Қазақ жастары», «Туған жер» т.с.с шоу бағдарлама, концерттер ұйымдастыру;

- студенттердің қызығулышықтарын қанағаттандырып, әсерлі көңіл күй сыйлайтын «Ел ертеңі жас ұрпақ», «Біз елімізге қалай үлес қосамыз?», «Жастарды не қызықтырады?», «Мен көшбасшымын», т.б ойын, дебат, тренингтер ұйымдастыру;

- қызықты, маңызды, патриоттылықты дәріптейтін, теартландырылған көркем қойылымдар және спорттық көңілді шаралар ұйымдастыру;

- Қазақстан Республикасыда көп ескерілмей жүрген мәдени қызметкерлер күні, Отан қорғаушылар күні, Құрылысшылар күні, мұғалімдер күні т.б күндерге мерекелік, рәсімдік іс-шаралар мен акциялар ұйымдастыру;



- жастар қызығушылығына орай би кешін, демалыс кештерін ұйымдастыру. Жай ғана би емес, бір күн ұлттық әндерге, «Музарт» әндеріне, бір күн «Кешю» тобының әндеріне, бір күн «Ринго» әндеріне билейтін болса, онда қосымша қазақ топтарын танып, олардың әндерін естіп пайдалы ақпарат алар еді. Өйткені, қазіргі таңда дискотекада шет ел музыкалары ғана ойнатылады.

Аталған формалардың ішінде жастардың патриоттық сезімін арттыру бағытында тақырыптық кештер және кездесулер арқылы МТЖ ұйымдастыруға кеңірек тоқталдық.

Бұл форманы кеңірек қозғаудың бірден-бір себебі: жастардың қызығушылығында. Қазіргі жастар іш пыстыратын жиындар мен дәріс, жиналыстардан көрі, танымал тұлғалармен кездесуді, олармен фотосуретке түсуді, сұхбаттасуды қалайды. Жастардың бұл талап-тілектері қазіргі таңда ескерусіз қалуда. Мысалы: ҚР туын көкке көтеріп жүрген спортшылар, әншілер, әзіл – сқақшылар, жайдарманшылар, ақындар, жазушылар, суретшілер және т.б. Бір сөзбен айтқанда ісінен үлгі аларлықтай танымал бұқара халықтың көңілінен шыққан мәдениет, қоғам қайраткерлері. Бұл МТЖ формасын төмендегі тақырып бойынша жүзеге асыруға болады:

«Жарқыраған Қазақ Жұлдыздары», «Ел мақтанышы», «Танымал есімдер», «Өнер жанашыры», «Жұлдызбен жүздесу», т.б тақырыптық кеш немесе кездесу ұйымдастыру. Кездесу барысында мына әдістерді қолдануға болады: кейіпкердің өмір жолына шолу жасау, қызықты оқиға, сұхбаттасу, қазақ елі туралы өз ойын ортаға салу, ойын бағдарлама, қорытынды (шығарма, туынды, ән, би), студенттермен естелік фототүсірілім өткізу, т.с.с.



Нәтижесінде:

  • жастардың рухани байлығы артады;

  • танымал тұлғалар туралы толығырақ ақпарат жинайды

  • болсам деп талпыну, ұмтылыс, арман мақсаттарға бағыт береді;

  • өз еліне деген сүйіспеншілігі қалыптасып, патриоттылық сезімі артады.

Егер, жоғарыда аталған МТЖ формаларының бірқатар шараларын іс-жүзінде жүзеге асырылатын болсақ, жастардың патриоттық деңгейі біз ойлағаннан әлде-қайда жоғарғы деңгейге жетеді. Зерттеп отырған мәселемізді нәтижелі жұмысқа айналдыру мақсатында болашақта МТЖ-ның бүкіл формасында дамыту жоспарлары жасалып, ізденістер мен толықтырулар енгізіледі. МТЖ арқылы жастардың патриоттық сезімін арттыру атты арнайы әдістемелік құрал жасау, жоғары деңгейде практикалық жағынан жүзеге асыру бағытында зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

Пайдаланылған әдебиеттер


  1. Жұма мінбері. Ә.Дербісәлі. «Дін және Отан». Көкжиек баспасы-2012 ж. 15 бет

  2. http//kshg.kz/kz/content/bastauysh-synyptarda-patriottyk-trbie-berudin-ozektiligi.

  3. www.bsh.kz/news/2012-10/8/

  4. Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңы. «Егемен Қазақстан», 2007 ж. -19 бет

  5. Саяси түсіндірме сөздік- Алматы, 2007ж.

  6. Жұма мінбері. Ә.Дербісәлі. «Дін және Отан». Көкжиек баспасы-2012 ж. 16 бет.]

  7. Патриотические воспитание молодёжый в современном российском обществе. А.Н.Вырщиков, М.Б.Кусмарцев. Волгорград-2006г. 9-10с

  8. Жұма мінбері. Ә.Дербісәлі. «Дін және Отан». Көкжиек баспасы-2012 ж. 22-23 бет.

  9. http://vk.com/video?z=video214817648_171422462%2Falbum280506093

  10. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік, Павлодар, «ЭКО»ҒӨФ. 2006.

569 б. 

  1. Россия в переломные периоды истории: научные проблемы и вопросы гражданско-патриотического воспитания молодежи. Сборник материалов. 2012г. 282,286,295,411с.

  2. Ұрпақ тәрбиесі-ұлт болашағы. М.И.Исатаев. Өркен.№11(837) Қараша.2008ж. 8бет

  3. Формирование Казахстанского патриотизма студента как коспонент воспитательной работы вуза. Т.М.Даришева.

  4. Россия в переломные периоды истории: научные проблемы и вопросы гражданско-патриотического воспитания молодежи. Сборник материалов. 2012г. 282с.

  5. МТЖ негізгі формалары. (дәріс). М.И.Исатаев. Бос уақытты ұйымдастырудың көркемдік педагогикалық әдістемесі.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет