Мейрманова г. А



Дата08.09.2017
өлшемі170,55 Kb.
#31950
УДК 94 (574) 39.398.9

ҚАЛЫШ А.Б.

ҚазҰУ Археология, этнология және музеология кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д



МЕЙРМАНОВА Г.А.

ҚазҰУ Археология, этнология және музеология кафедрасының аға оқытушысы, т.ғ.к.



ҚАЗАҚТЫҢ БАТА БЕРУ ДӘСТҮРІ – ІЗГІ ТІЛЕК ТІЛЕУДІҢ ӘДЕБІ РЕТІНДЕ
Аннотация
Мақалада бата берудегі қазақтардың әдептілігінің көрінісі ретінде қарастырылады. Авторлар жазба дерек көздеріне, арнайы әдебиеттермен этнографиялық экспедиция матералдарына сүйене отырып батаның әр түрлі формаларын айшықтайды. Зерттеулер бойынша ақ бата және теріс бата беру үрдісінің сиреп бара жатқандығын атап өткен. Бата беру дәстүрі баға жетпес құндылық ретінде қазіргі Қазақстанның әлеуметтік негізін құрайды. Батаның көптеген түрлерін мысылға келтірген: ақ батасы, серттесу батасы, жол батасы, көші-қон батасы, жаңа ай батасы, соғым батасы, наурыз батасы, жарапазан батасы, жас отау иелеріне арналған бата, өлім шыққан үйге айтылатын бата т.б. Қазақ халқының бата беру дәстүрі - тамыры тереңде жатқан, халық тарихымен тағдырлас, қиын уақыттың небір талқысына да түссе де, елдің тұрмыс салтында тайға таңба басқандай айқын із қалдырған, бүгінгі күнге жетсе де, тынымсыз талғампаз талай ұрпақ үшін тәлім-тәрбие болған тағылымы мол тамаша мұрамыз ретінде қарастырылған. Мақсаты, қалыптасқан ұлттық салт-дәстүр арқылы өскелең ұрпақтың бойына ұлттық болмыс, ұлттық келбет, ұлттық мәдениет, ұлттық намыс т.б. ұлттық құндылықтарымыз дәріптеліп, сіңіріліп отырғанын дәлелдеу. Сонымен қатар, замандастарымның бойына қазақтың салт-дәстүріне деген қызығушылықты қалыптастыру, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындырып және салт-дәстүрді эстетикалық тәрбиемен байланыстыра зерттеу жұмысын жүргізу мақаланың басты мақсатының бірі. Бата беру құрметті іс деп саналды және өз жоралғысы бар. Сондықтан бата айтыларда бата тілеуші адам немесе жамағат қос қолдап алақан жайып, «Әмин» деп ишарат білдірулері керек. Қонақтар ішінде үлкен адам болмаса, көптің рұқсатымен, жас болса да бас боларлық жолы, жөні бар адам береді. Ерлер отырғанда әйел бата бермейтіндігі айтылды. Әйелдер арасында сөз білетін бір ер бала отырса, әуелі сол бата беруге тиісті болған. Бата көзі тірілерге ғана емес, аруақтарға да жасалған. Мұның бәрі бата берушінің шешендігіне, ақыл-ой, парасатының дәрежесіне тығыз байланысты болған.

Түйін сөздер: рухани өмір, Қыдыр ата, мифтік кейіпкер, әдет-ғұрып, ақ бата, ақсақал.


Қазақ әдет-ғұрыптарымен рухани құндылықтарды зерттеу – қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі. Себебі, сан ғасырлар бойы ислам дінін ұстанған қазақ халқының рухани өмірі кеңестік кезеңде үлкен соққыға ұшырап, көптеген дінге қатысты терминдердің мазмұны қалғанымен атауы қолданыстан шықса, кейбіреуінің керісінше аты қалып мазмұны өзгеріске ұшырады. Қалыптасқан ұлттық салт-дәстүр арқылы өскелең ұрпақтың бойына ұлттық болмыс, келбет, мәдениет, намыс т.б. ұлттық құндылықтарымыз дәріптеліп, сіңіріліп келеді. Сонымен қатар, замандастарымдың бойына қазақтың салт-дәстүріне деген қызығушылықты қалыптастыру, қазақ халқының әдет-ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындырып және оның эстетикалық тәрбиемен байланыстыра зерттеу жұмысын жүргізу мақаланың басты мақсатының бірі. Салт-дәстүрімізді жандандыру мәселесін Елбасы Жолдауымен сабақтастырсақ: «Біздер, Қазақстандықтар – бір халықпыз! Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы Қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы!» деп атап көрсетті. Сондай-ақ, Жолдауда дін мен дәстүрге, мәдениетке де ерекше тоқталып өтті. Халқымыз бұл Жолдауды бірауыздан қолдап, «Мәңгілік Ел» болу идеясын жүзеге асыруды әрбір азамат өзіне артылған үлкен жауапкершілік деп түйді. Еліміз әлемдік аренада өзінің лайықты орнын алды. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрпын да әлем халықтарына таныта отырып, ұлттық құндылықтарға қаншалықты бай халық екенін көрсетіп келеді. Елбасымыз айтқандай: «Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады». Олай болса салт-дәстүріміз де қазақ халқымен мәңгілік бірге жасай бермек [10].

Ал дәстүрлі қазақ мәдениетіне келер болсақ, байырдан келе жатқан ұғымдарының бірі – «бата» сөзі қазіргі таңда тек алғыс, тілек ретінде қолданылады. Алайда, алғыс пен қарғысты кез-келген адам айта алады, ал батаны тек арнайы батагөй қариялар – ақсақалдар берген. Батаның ерекшеліктерін көрсету үшін батаның қоғамды тәрбиелеуде, бағыт-бағдар берудегі ұқсас жақтарын талдап көрелік. Бата: ақ тілек, ізгі ниет, береке-молшылық, аман-саулық тілеп, жалбарыну түрінде айтылады, ол ерекше қасиетті деп саналған. Бата бергенде дәм-тұздың болуы шарт [1, 429 б.]. Ертеде батаны көпшілікке де, жеке адамға да беретін болған. Топ алдында батаны көбінесе елге сыйлы, жасы үлкен ақсақал көпшіліктің атынан үй иесіне және барлық сондағы қауымға арнаған.

Қазақтың бата сөздері – тамыры тереңде жатқан, тарау-тарау халық тарихымен тағдырлас, қиын уақыттың небір талқысына да түссе де, елдің тұрмыс салтында тайға таңба басқандай айқын із қалдырған, бүгінгі күнге жетсе де, тынымсыз талғампаз талай ұрпақ үшін тәлім-тәрбие болған тағылымы мол тамаша мұрамыз. Осынау кәделі қазынаны игеріп халықтың өз игілігіне жарату, жас ұрпақтың санасына сіңіру – уақыт талабы.

«Бата» сөзінің қазақ қоғамындағы көрінісін қарастыра отырып, оның ұғымының тек тілек немесе жүрекжарды сөздер ғана емес, қолдану аясы әлдеқайда кең әрі рухани қазына екенін аңғаруға болады. Бата беру қазақ халқында әртүрлі жиындарда орындалып отырған [2, 155 б.].

Салт-дәстүрдегі белгілі бір рәсімдердің орындалуы кезінде, мысалы, қыз ұзату кезінде қызға үлкендер бата берген. Бата айту арқылы қызға рухани күш жігер беріп, бақыт тілеген. Барған жеріндегі қызға келін болудың қыр-сырын түсіндіретін болған.

Батагөйдің бата сұрай келген немесе белгілі бір адамның өнеріне, батылдығына немесе басқалай жақсы қасиеттеріне тәнті болғанда бата беретін кезі болған. Батаның бұл түрі қазақ қоғамында кең таралған. Мысалы, Қойкелді батыр Аңырақай шайқасында ерлік көрсетеді. Көрсеткен ерлігіне тәнті болған Төле би батырға батасын береді [3, 56 б.] .

Атаулы ұлы іс басталар алдында (жауға қарсы аттанар, сапарға шығар алдында) соңғы шешімін айту үшін сөз батагөйге тиеді. Егер ақсақал бата сұраушының жасамақ болған әрекетіне ризашылығын берсе, ол сол батасында көрініс тауып отырған. Оның мұндай түрі батырлар жырларындағы бас кейіпкерлердің жауға аттанар кезінде жиі көрініс береді.

Кең пейілді қонақжай қазақ халқы дастархан басында да бата беруді дәстүрге айналдырған. Батаның бұл түрі көп жағдайда ас ішіліп болған соң айтылатын болған. Астан соң айтылған батада, үй егесінің қонақжайлылығы мен жомарттығына қатысты сын мен мадақ айтылған. Егер дастархан иесіне батагөй риза болса, жақсы тілектермен бата берген. Ал, көңілі толмаса үй иесін өткір сөздермен сынап отырған [12].

Қазақ халқымыздың ежелгі салт-дәстүрлерінің бірі – бата, тілек, өсиет. «Сөз арқылы жаратушыға жалынып, жалбарынып ықпал етуге болады», – деп түсінген ата-бабамыз: «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ер көгереді», – деген ой-пікірді уағыздап, соңынан ерген ұрпағына ықылас білдірген, ақ ниетпен бата беріп, тілек тілеуді дәстүрге айналдырған [13].

Мысалы фольклорист - этнограф ғалымдардың бірі А.В. Васильев өзінің 1905 жылы Орынборда шығарған «Образцы киргизской народной словестности, молитвенных благожеланий – бата сөз» деген мақаласында: «Кімде-кім қазақ даласында болса ол батаның халықтың қандай ерекше назарында болатынын жақсы біледі» [3, 65 б.] .

«Бата қазақ поэзиясының ерекше түрі, онда бата беруші адамның үй- иесіне деген шын жүректі жарып шыққан ықылас – пейілі, ақ ниеті, Алладан тілер тілегі поэзиялық өлең түрінде ақтарылады», – дейді. Батаның қандай жағдайда кімдерге арнала айтылатынын, олардың мазмұнын, түрі жағынан бір-біріне ұқсамайтын ерекшеліктерін талдайды.

Қазақ халқының ұлттық мәдени игіліктерінің ішінде, елдің рухани қазынасында бата сөздердің мән-мағынасы, қадір – қасиеті айрықша бағалы. Өйткені жанымызға жұғымды, ой-санамызға нұрлы шуақ сыйлап, сілкіндіріп селпінтетін, марқайтып қанаттандыратын осынау ақыл, нақыл сөздер тәрбиенің бастау бұлағы. Аталардың қасиетті өсиеті – замандар мен ғасырлар бойы біртіндеп жиналып, ақыл елегінен өткізіліп, тексерілген өмір тәжірибесінің, тарихи санасының даналық қорытындысы, адамгершіліктің ереже қағидасы іспеттес.

Халықтың тілек – бата сөздері жас ұрпақты әдепті, сабырлы, зерделі, арлы болып өсуге баулиды, малды – басты, дәулетті – бақытты, кекшіл емес кешірімді болуын тілейді, жерін, елін қорғауға талапты мықты боп ер жетуге тәрбиелейді. Белгілі бір этикалық, эстетикалық, педагогикалық жүйемен құрылған тілек – бата сөздер халықты өзімен бірге келе жатқан ежелгі мұрасы. Бұлар – рухани өмірінде тұтастық, бірлігін, салт-дәстүрін, адамгершілік қасиеттерін сақтауда ерекше қызмет атқарады.

Ата-бабаларымыздың өсиет батаның шығу тарихы әлі терең зерттелген жоқ. Алайда бірқатар тіл мамандары: «Бата – арабтың «фатеке» деген сөзінің қазақша айтылу түрі», – дейді. Яғни, бата – фатекенің мағынасы: алғыс айту, ақ ниет, ақ тілек білдіру. Ақ бата – ұлтымыз үшін теңдесі жоқ асыл сөз» [4, 69 б.]. Ал сөз – бүкіл адамзат тарихындағы құдіретті күш. Өзінің адал жаны, бүкіл рухы, өткен тарихы сөзге тығыз байланысты қазақ халқы ақ батаның ізгі сөздеріне сүттей ұйып, оның құдіретті күшіне шексіз сенеді. Жақсы бір істі қолға алғанда өз мақсатына жету үшін Аллаһ Тағалаға жол іздеп, оны Жаратқан Иеміздің рұқсатымен бастау үшін әуелі ниетін түзеп, бүкіл ойын, тілегін сығымдап, сөз арқылы бір арнаға құйып, Раббымыздан «Ісімді оңғара көр», – деп сұрайды, басқаға тілек айтып, бата бергенде де оның қабыл болуын Аллаһ Тағаладан тілейді. Олай болса, тілек айту, бата беру – Аллаһ Тағалаға жол іздеудің, онымен байланысудың Ғаламдық күш-құралы, дүниетанымымыздың ұлттық бір жүйесі. Ақ бата – қазақ халқы үшін – Ой, Ниет, Тілек, Істің жиынтығы, барлық наным-сенімнің бірлігі. Сол себепті, қазақ халқы көне – көк түрік заманынан қазірге дейін өзінің барлық ізгі істерін ақ тілекке толы ақ батамен бастап келеді, келешекте де әр қадамын ақ батамен аттайтын болған.

Бата – негізінен, намаздың соңында қол жайып айтылатын дұға. Қазақ баталары соның үлгісінде айтылатын бір түрі. Батаның мазмұны ақсақалдың шешендігіне, ақыл-ой, парасатының дәрежесінемен тығыз байланысты [11, АЕАЖМ-І]. Бата сұрау – ас қабылданып болған сон табақты жинап алудың алдында атқарылатын ғұрып. Әмин деп ас қайыртып дастарханға береке, шаңыраққа амандық тілеген батаның жасалуы кезінде үйдің жастары, тіпті үлкен адамдары да қатарласа түрегеп тұрады. Дәстүрлі орта салты бойынша батадан соң келіңдер табақ алып, батаға табақ қайтарған үлкенге, дәмге құрмет көрсетіп сәлем салады. Бір адам (келін) екі табақ алмайды, күйеуі өлген жесір ғана солай жасайды деп тыйым салады. Қонаққа сойылатын қойға да бата сұралады [1, 434 б].

Бата поэтикалық тілмен жалпы жұртқа қарап тұрып беріледі. Онда бата беруші адам өзгелерге ізгі жақсылық, табыс тілейді. Оны жасы үлкен адам немесе жолы үлкен қонақ беруі тиіс. Бата беруші Жаратушы Алладан бақытты өмір, материалдық байлық, әрбір істе табысты болуын тілейді. Бата екі қолды ілгері қарай жоғары созып, екі алақанды өзінің жүзіне қарата бұрып тұрып беріледі. Бата беру «әумин!», – деген сөзбен аяқталады.

Бата адамдарды лайықсыз, теріс қылықтардан сақтандырады, ол жастарды, ізгілікті әрі қайырымды істерге баулиды. Қандай да болсын бір іске кірісерде, дастарқаннан дәм татуға отырғанда немесе жол жүріп, алыс сапарға аттанарда әркім ақсақалдардан бата алатын болған. Бата шаңырақ көтеріп, жеке үй-жай болғандарға да беріледі. Қазақтар өздерінің балаларына атақты кісілерден, құрметті қонақтардан бата алып қалуға тырысқан. Ислам дінінің таралуына байланысты бұл дәстүр бұрынғысынан да күшейе түсті. Қайтыс болған адамның үй-іші мен туған-туыстарына көңіл айту кезінде де бата беріледі, марқұмның өзіне де, артында қалған үрім-бұтағына да ізгі тілектер білдіріледі.

Ел арасында туған даудың немесе мәселенің мәнді сөзіне жиналған жұрттың бәрі бірдей тоқталғанда дау тудырушылардың ісі дұрыс немесе бұрысын көрсетіп оң немесе теріс бата берілетін болған. Батагөйдің болар істі дұрыс көрмеген сәтте беретін теріс бата – ел ішіндегі дәстүрді бұзып, ата салтын аттаған адамның іс әрекетін құптамаған кезде ел үлкендерінің қолын сыртына жайып оған қарғау, қолдамау мәндегі сөз айтуы. Оны әйгілі «Қыз Жібек» жырындағы Төлегенге берілген теріс батадан байқауға болады. Теріс бата беру арқылы Төлегеннің бастар ісі құпталмай тұрғаны анық.

Қазақ халқы теріс батадан сақтанып, өздерін жаман қылықтардан тыйып отырған. Батаның қазақ қоғамын ерекшелеп, өрнектеп тұратын және қолданыс аясы әлде қайда үлкен әрі дүние екенін аңғартады. Мысалы, «Абай жолында» Құнанбай Абай үшін Ахмет Риза хазіреттен бата сұратуы және Қодар мен келіні Қамқа үшін шешім сұратуы да қазақ елінде кең қолданыста болғандығын аңғартады [15, автордың ел арасында жүріп жинаған мәліметтері – ары қарай АЕАЖМ ІІ].

Қазақ халқымен бірге жасап келе жатқан бұл дәстүр Шығыс халқында кеңінен тараған. Ақ бата адамға рухани қуат, күш сыйлайды да, халық жақсылққа сеніп, шаттық, ынтымақ, береке болады деп ырымдайды. [8, 56 б.]. Әдетте, бата беру ауылдың үлкендерінің, қадірлі қариялардың, атақты батырлардың, ақындарының, би-шешендерінің, ақсақалдарының, жолы үлкен адамдардың, құдайы қонақтың үлесіне тиген. Қонақтар ішінде үлкен адам болмаса, көптің рұқсатымен, жас болса да бас боларлық жолы, жөні бар адам береді. Ерлер отырғанда әйел бата бермейді. Әйелдер арасында сөз білетін бір ер бала отырса, әуелі сол бата беруге тиісті. Бата көзі тірілерге ғана емес, аруақтарға да жасалған. [14, АЕАЖМ-ІІІ].

Қазақ дәстүрінде, бата жасап, дастархан басында малдың басын қариялар, алдымен, бастың өзі ауыз тиген соң, бастың оң жақ құлағын кесіп алып, үйдегі жасы ең кіші балалардың біріне: «Мә, балам, құйма құлақ бол, сөз тыңда, үлкендердің лебізін жерге тастамайтын жақсы азамат бол!» деп береді. Бұл «Құлақ беру» деп аталады. Қариялардың балаларға құлақ кесіп беруінің үлкен тәлім-тәрбиелік мәні бар, яғни, жасынан қариялардың қолынан құлақ жеп, өсиеттерін тыңдап өскен бала үлкенді сыйлап, кішіні аялағыш, сөз тыңдағыш, сөз қадырын түсінгіш, ақылды, білімді азамат болып есейеді. Әдепті, ибалы болуға дағдыланады. Батаның негізгі түрлері: балаға берілетін бата, тұсау кесер батасы, жас талапкерге бата, ас батасы, ас қайыру батасы, жол батасы, көші-қон батасы, жаңа ай батасы, соғым батасы, наурыз батасы, жарапазан батасы, жас отау иелеріне арналған бата, өлім шыққан үйне айтылатын бата [1, 433 б.].



Теріс бата – қарғыстың қатты, жазаның өте ауыр түрі. Мұндай батаны әке-шешесі сенімін ақтамай, үлкен ұятқа қалдырып, әулетін, ата-тегін масқаралаған, өздеріне қолы, тілі тиген, дінін, тілін, Отанын сатқан, жауыздық, ауыр қылмыс, кешірілмес күнә жасаған баласына қолдарын теріс жайып тұрып берген [9]. Батаның бұл түрі ел ішінде өте сирек қолданылады. Теріс бата ұрпақтан-ұрпаққа қара таңба болып қалып келген. Ата-анасының теріс батасын алғандарды халық жек көрген, оларға сенім артпаған, қонаққа шақырмаған, қыз беріп, қыз алыспаған, дос болмаған. Теріс батаны қайтару, қайтып алу үшін алқалы жұртты жинап, жаратушыдан теріс батаны өзгерту сұралып, жалбарыну рәсімдері жасалынған. Тірі болса, ата-анасы: «Теріс батамды қайтып алдым», – деп айтқан. Адамдар қаншама ашуланып, қорланып, намыстанса да, теріс бата беруге асықпағаны, теріс бата беруден сақ болғаны, теріс батаға мән бермей, айтып қалудан бойын аулақ ұстағаны абзал. Сол себепті «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» дегенді ұмытпаған жөн. Мысалы, оны әйгілі «Қыз Жібек» жырындағы Төлегенге берілген теріс батадан байқауға болады. Теріс бата беру арқылы Төлегеннің бастар ісі құпталмай, өлімге ұшыраған.

Серттесу батасы (Баталасу)– құдалықта, серт пен уәдеде, елшілікте, ел арасындағы маңызды үлкен шараларда жасалатын жол. Ол – хан, ақсақалдар, билер алдында, аруақ орнында да жасалып, қол алысылып орындалатын ғұрып. Оны бұзу, яғни, «бата бұзу» – қарғыспен тең [12- АЕАЖМ ІІІ].

Сақтық батасы – сыйды алғаннан кейін айтылатын бата.

Ынтымақсыз туыстан сақта,

Қара жүрек бақылдан сақта.

Көк айыл қатыннан сақта.

Кеудесін керген келіннен сақта.

Мезгілсіз келген өлімнен сақта.

Ұятсыз қызыңнан сақта.

Жастарында әдеп жоқ,

Құр айғай, шуыңнан сақта.

Бата сыйы дегеніміз ол бата берген адамға рахмет айтылып мата немесе мал түрінде сыйлық беру. Тағы бір түрі тойда бата берген адамға өлең сыйлау.

Жақсымен жолдас болсаң – көңілің ашылады.

Құтты адаммен қоңсы қонсаң – аруағыңды асырады.

Арың жақсы болса – сөзің елде тұрады.

Балаң жақсы болса – елінің асыл шырағы.

Қызың жақсы болса – өрісті болар тұрағы [10 - АЕАЖМ] – бұрынғы өткен атам қазақтан қалған асыл сөз.

Бата көбінесе жастарға беріледі. Бата беретіндер: көпті көрген құрметті ақсақалдар мен кемеңгерлер, дуалы ауызды билер, атақты адамдар, өз ісінің хас шеберлері. Қазақ халқында бата берудің өзіндік орны мен жолы, жөні бар. Батаны халық арасында (қонақтар ішінде) үлкен адам болмаса, көптің рұқсатымен, жас болса да бас боларлық жолы, жөні бар адам береді. Ерлер отырғанда әйел бата бермейді. Әйелдер арасында сөз білетін бір ер бала отырса, әуелі сол бата беруге тиісті. Халқымызда батырларға, билерге ардақты аналардың да бата берген кезі көп. Батаның өз қисыны бар, қуаныш пен тойдың ретіне қарай лайықты бата берілетін болған [8, 112 б.].

Қазақта ұлы үйленгенде атасы, ол болмаса, сол әулеттің үлкені, әкесі бата беруге тиіс. Той иелерінің қалауымен екі жасқа бата беруді басқа да үлкен кісілерден сұрауға болады. 

Қазақта: «Өз ісінің шеберінен бата алса, соған тартып, батасын алған жас та шебер болады», – деген сенім бар. Бұл орайда Х. Досмұхамедұлы былай дейді: «...Қазақ қауымы арасында өз ісінің шын шебері, мәселен, би, ақын, зергер т.с.с. табиғат сыйлаған дарын-өнерін басқа біреуге ақ батасы арқылы мирас етіп қалдыра алады деген сенім кең таралған. Сондықтан да осындай атаққа немесе өнерге ыңғайлы, икемі барлар сол саланың атақты өкіліне аттанады және қайтсе де оның көңілін тауып, ақ батасын алуға тырысады. Қазақ арасындағы белгілі бір би, атақты ақын, аруақты бақсы не зергер пәленшеге, түгеншеге өзінің ақ батасын беріп, ақыл-өсиетін айтыпты, сонан соң ол да би, ақын, бақсы не зергер болыпты, дегендей аңыз-әңгімелер орасан көп. Бұл – батаның бір түрі. Батаның тағы бір түрі – ас-дәмге ризашылығын білдіріп, рахметін айту ас батасы. Әрбір қонақ өзіне арналып сойылатын қойға батасын беріп және әр дастарқаннан кейін үй иесіне рахметін білдіріп отыруы шарт. Әдетте, батаны қонақтардың ішіндегі ең жасы үлкені береді және ол көбінесе өлең түрінде болып келеді...» [11, 66 б.].

Сондай-ақ бата халықты сыйлап, билік басына келген хан, патшаларға, Елбасына да беріледі. Оны құрметті әрі елге сыйлы ақсақал адамдар берген. Мәселен, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев 1991 жылы алғаш рет Президент болып сайланған кезде өзінің таққа отыру рәсімінде Елбасымыз үлкен ақсақалдың ақ батасын алып барып, ел басқару ісіне кірісті. Батаны бүкіл қазақтың данышпан ақыны болған, аты әлемге жайылған ұлы Абайдың ұрпағы Шәкір ақсақалдан алды. Ш.Әбенов жай адам емес, ол – қазақтың халық ақыны, сазгері, сөз білетін, жөн білетін дана ақсақалы еді. Осындай аузы дуалы ақсақалдан бата алғын Елбасымыз Қазақстанды үлкен биіктерге көтерді. Бұрын соңды болмаған дәрежеге жеткізді. Ақсақалдың берген батасы елімізге құт болып, жақсылық болып келді.



Қазақ халқының бата сөздерінен оның тарихы, салт-дәстүрі, танымдық ерекшеліктері, тағылымдық сипаттары, әсіресе, этикалық-адамгершілік келбеті: отбасы жарастығын сақтауы, өскелең ұрпағын тәрбиелеуге негізделген ізгі арман-аңсары жарқын көрініс тапқан.

Ғибрат сөздер адам баласының көркем мінезді, түзу, дұрыс пиғылды, сабырлы, салиқалы, байыпты-байсалды, ақ әділ жайсаң, жайдарман, әділетті, тәртіпті, мәдениетті, таза ниетті, қанағатты болуына, тұрмыс-тіршілік кемесінде еркін жүзуіне ықпал жасайды, ақыл-ойыңды, таным-пайымыңды кеңейтіп көркейтеді [12, 15 б.].

Аспандай ашық қазақтың ғибрат сөздерінде әсемдік пен тапқырлық, ойшылдық пен сыршылдық, ақылдылық пен данагөйлік, шынайылық пен сыпайылық бар. Тәрбиелік мәні терең, ғибраты зор. Мысалы, «аспандай берме, жерден ұзап кетерсің, жерден ұзап кетсең, елден ұзап кетерсің, елден ұзап кетсең, барса келмеске кетерсің», – дейтін өсиет сөзде қаншама мағына, мән береді. Сан тараптағы тағылымы мол өсиет-тілектер ұрпақтан-ұрпаққа өз тағылымын жалғастырады.

Қорыта айтқанда, батаның мазмұны қазақ қоғамында алғыс пен қарғысты да, тілек пен дұғаны да, ризашылық пен ренжішті де қамтиды. Сол арқылы халықты бір нәрседен тыйып, бір нәрсеге бағыттап отыратын әмбебап ұғым. Ол тікелей батагөйлердің беделіне де байланысты да халыққа әсер еткен. Батагөй қариялар ел арасындағы жақсы істің іске асуына рухани демеу болып, жаман істің алдын алып, құптамай халыққа бағыт-бағдар беріп, тәрбиелеп отырған. Еліміздің тәуелсіздігін нығайту, оның тұғырлылығы мен орнықты өркендеуін қамтамасыз ету бағдарын қолға алған мемлекетіміздің мәдени даму бағыттары ұлттық болмысымызды қайта жаңғырту мен түлетуді нақты нысанаға алған. Халқымыздың рухани-тарихи тамырларының кең аясынан әдет-ғұрып пен салт-дәстүр институты айрықша қастерлі орын алатыны сөзсіз. Қазақ қоғамы ұлт болып қалыптасқаннан бері екі нәрсеге аса мұқият қараған. Оның бірі – тілі болса, екіншісі – әдет-ғұрпы. Мұндай пікірлер, шындығында, бұл құрылымның аса маңызды өмірмәнділік құндылық екендігін айғақтауда.


Әдебиеттер тізімі


  1. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. –Алматы, DPS, 2011. – (иллюстрацияланған) І том. А-Д. - 736 бет.

  2. Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. 2 том. Дүниеге келгеннен өмірден озғанға дейін (отбасылық әдет-ғұрыптар ертеректегі авторлардың еңбектері бойынша). Құрастырған С.Е. Әжғали. Алматы: «Арыс» 2006. 416 бет;

  3. Сайдахметов Б.С. Жеті ата шежіресі – ұлттық тәрбиенің құралы // Білім Образование. Ғылыми-педагогикалық журнал. – 2008. – №1 (37).

  4. Кенжеахметов С. Кенжеахметұлы С. Қазақтың салт-дәстүрлерi мен әдет-ғұрыптары.-Алматы: Ана тiлi, 1994. -79 с.

  5. Негимов С., Қазиұлы Т. Ақ бата. – Алматы: Жазушы, 1992. 102 бет;

  6. Баллюзек Л.Ф. Народные обычаи, имевшие, в Малой Киргизской Орде // ТС. Т.76. СПб., 1865;

  7. Васильев А.В. Образцы киргизской народной словесности. Молитвенных благопожеланий «Бата сөз». ХІІ. – Оренбург, 1905;

  8. Радлов В.В. Народные образцы литературы тюркских народов. – Т. 3. –СПб., 1865. – 225 с.;

  9. Үмбеталина З. Қазақ ауыз әдебиетіндегі бата сөз жанры: филолог. ғылым. канд. дисс. ... авторефераты. – Алматы, 2001. – 26 б.;

  10. Назарбаев Н.Ә. http://akorda.kz;

  11. АЕАЖМ- І Алматы облысы, 2012-2015 жж.

  12. АЕАЖМ-ІІ Қызылорда облысы, 2012-2015 жж.

  13. АЕАЖМ-ІІІ Оңтүстік Қазақстан облысы, 2014 жыл.


Referens
1. Kazakh gentilicio praedicamenta, et nomina capitum conceptus traditum ratio. Encyclopedia. Almaty, DPS, 2011. (illustrantur) in primo. A-D. DCCXXXVI pages.

2. Lingua traditiones et mores populi. Volume II. Nati morte (in familia traditione veterum auctorum). Compiled SE Äjğalï. Almaty: "Aris" 2006. CDXVI pages;

3. BS Saidakhmetov Annales septem nationalibus educationem // Education. Pervestigatione tum docendi ratione historiae. - MMVIII - I (XXXVII).

4. Kenjeaxmetov S. Kenjeaxmetulı S. Kazakh consuetudines et traditiones et ğurıptarı .: mater lingua, MCMXCIV -79.

5. S. Negimov, T. Qazïulı Benedictionem. Almaty: Writer, 1992. CII pages;
6. Ballyuzek LF Folk obıçaï ïmevşïe, Kirghiz Horde // TC bit. T.76. St. Petersburg., MDCCCLXV;

7. A. Vasiliev Obrazcı Kirghiz narodnoy slovesnostï. Molïtvennıx blagopojelanïy "Bata". XII.-Orenburg,MCMV;

8. Radlov V.V. Folk obrazcı literature tyurkskïx populis. - T. 3. -SPb., 1865. - CCXXV p.;

9. Umbetalin Z. Lingua oral litterarum genere benedictionis: hinc philologus aliquis. Scientia. Candia. Diss. Abstracto .... - Almaty, 2001. - XXVI p.;

10. Nazarbayev N.A. http://akorda.kz;

11. I-AEAJM- Almaty regionem, 2012-2015.

12. II-AEAJM Kizilorda regionem, 2012-2015.

13. III - AEAJM Ontustik Kazakhstan regione, 2014 j.



Резюме

Традиции казахского бата – как этикет выражения благопожелания
В данной статье авторы рассматривают благословение – как основной атрибут казахского этикета. Статья основана на письменных источниках и полевых материалах авторов связанные с разными видами благовенных форм. На сегодняшний день традиция бласловения ценное духовное достояние казахского народа. Приводятся несколько видов балогословении: товарещеское, благословение для попутщика, для новоселов, благословение новой луне, благословение на согым, благословение наурыза жарапазана, балагословение дому после похорон и.т.д. В статье кроме молодоженов благословляют и их родителей. Благословение дается в самом конце свадьбы уважаемым родственником жениха. Перед тем, как уйти, родственников жениха благодарят, за устроенный ими праздник. После трапезы старший рода дает благословение присутствующие, сидя за дастарханом. Только после завершения бата разрешается вставать из-за стола. Перед свадебным застольем, после обряда беташар (открывание лица невесты), свекровь благословляет свою будущую невестку. В благопожелании, произносимом свекровью, фигурируют традиционные символы плодородия. Свадебные благопожелания представляют собой своеобразный свод традиций, этикета и древнего быта казахов. По этой причине в благопожеланиях устойчиво сохранились этнографические свидетельства о жизни народа, в первую очередь, женщины. Бласголовение дает сташий аксакал рода.

Ключевые слова: духовная жизнь, Кыдыр ата, персонажи мифа, обряды и обычаи, благое пожелание, аксакал.

Summary

Traditions of Kazakh bata as an expression of good wishes
In this article the authors examine the blessing as the primary attribute of the Kazakh etiquette. The article is based on written sources and field material authors associated with different kinds of blessings. Today, the blessing is a valuable spiritual heritage of the Kazakhs. We present several kinds of blessings: comradeship, a blessing for the companion to the new settlers, to the new moon, on sogym, Nauryz blessing - zharapazana, blessing the house after the funeral, etc. The article notes that during the wedding in addition to bless the newlyweds and their parents. The blessing pronounced at the end of the wedding the most respected relative of the groom. Before leaving, guests thank the relatives of the groom arranged for their holiday. After the meal, a senior representative of the generation blesses guests at the dastarhan. Only after the completion of the bata is allowed to get up from the table. Before the wedding feast after the ceremony betashar (opening the face of the bride), bless his future mother-in-law. The good wishes, spoken in-law, featured traditional symbols of fertility. Wedding good wishes are a peculiar set of traditions, etiquette and life of ancient Kazakhs. For this reason, good wishes steadily preserved ethnographic evidence about the life of people, primarily women. Blessing always says a senior member of the generation.

Keywords: spiritual life, Kydyr ata, characters of myth, rites and customs, good wish, aksakal.


Каталог: edu.history -> media -> upload
upload -> Хайрулдаева А. М. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және «Ғылым ордасы»
upload -> Жандарбек з
upload -> Ауызша тарих: деректемелік талдау мәселелері ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихнама, деректану және заманауи методология
upload -> Ханкелді Әбжанов, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры
upload -> Боранбаева б. С
upload -> А. А. Оралова ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері жеңіс үшін күрескен азаматқа тағзым
upload -> Кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты
upload -> Мақалада Мәскеу мұрағаттарында және Санкт-Петербор шаһарларында жинақталған Қазақ халқының тарихи-этнографиялық жәдігерлері туралы деректер сөз болады
upload -> Сапакова К. Н. 2 курс магистранты ХХ ғасыр басындағЫ Ұлттық элитаның Қалыптасу тарихынан
upload -> Мақалада қимақ қағандығын құрған тайпалардың шығу тегінің тарихы және осыған орай ғалымдардың әртүрлі пікірлері талданған. Махмут Қашқаридің «Түркі тілдерінің сөздігіндегі» яғма сөзі талданады


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет