Мемлекеттік егемендік - мемлекеттің сыртқы саясаттағы да, ішкі жағынан да тәуелсіздігі.
Мемлекеттік егемендіктің белгілері:
-үстемдік - басқа әлеуметтік биліктің болмауы;
- тәуелсіздік - өз бетінше шешім қабылдау;
- толықтығы - қоғамдық өмірдің барлық салаларына таратылды;
- бөлінбеу - билік бірлігі;
- теңдік - басқалар сияқты құқықтар мен міндеттемелердің болуы;
Декларация
Қазақ ССР-інің Жоғарғы Советі 1990 жылдың 25 қазанында Қазақстанның тәуелсіз, шынайы егемен мемлекет ретінде қалыптасуының алғышарты болған тарихи маңызды құжат – Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны қабылдады. Декларацияның 1 тармағында Қазақ ССР-інің басқа республикалармен бірге Егемендi Республикалар Одағына ерiктi түрде кіретіндігі және олармен өзара қатынасын шарттық негiзде құратындығы бекітілді. Сонымен қоса, Декларацияда Қазақ ССР-інің егемендi мемлекет ретінде тиісті одақтан еркін шығуға құқылы екендігін білдіретін норма да көрініс тапты. Тиісті актіде Қазақ ССР-інің егеменді мемлекет болып табылатындығының бекітілуіне сәйкестікте әрі оған негізделе отырып мемлекеттік биліктің Республика iшiндегі үстемдігі, дербестігі және толық болып табылатындығы, ал сыртқы қатынаста Одақтық шартта белгiленген шеңберде осындай қасиеттерге ие болатындығы нақтыланды. Ары қарай, Қазақ ССР-інің дербес түрде республикадағы саяси, экономикалық, әлеуметтiк және ұлттық-мәдени құрылысқа, оның әкiмшiлiк-аумақтық құрылымына байланысты барлық мәселелердi шешетіндігі, мемлекеттiк өкiмет және басқару органдарының құрылымы мен құзыретін, сондай-ақ Республиканың рәміздерін белгiлейтінін бекітті. Байқап отырғанымыздай, «Қазақ ССР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация республиканың шынайы егемендігін заң жүзінде бекітудің бастамасы болды.
Жалпы, «Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияның қабылдануы республикамыздың тәуелсіз, өркениетті мемлекет ретінде дамуында айтарлықтай оқиға болды. Қоғамдық даму формациясының социалистік кезеңінде қабылданса да әлі күнге дейін мемлекеттік және қоғамдық өмірдің ең биік төрінен орын алып отырған бұл акті Қазақстанды алғаш рет өзіндік дүниетанымы, салт-дәстүрі, өзіндік даму болашағы бар егеменді мемлекет ретінде жариялады. Тиісінше Декларацияда болашақ тәуелсіз Қазақстан Республикасының шынайы егемендігінің барлық белгілері көрініс тапты: аумағының біртұтастығы және қол сұғылмаушылығы, азаматтығы, мемлекеттік биліктің дербестігі мен толықтығы, мемлекеттік бюджет, халықаралық қатынастардың дербестігі, мемлекеттік тәуелсіздіктің классикалық нышандары – Елтаңба, Ту, Әнұран, өзінің ұлттық валютасы.
Декларация Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуының негізі болған алғашқы баспалдақ болды.
Достарыңызбен бөлісу: |