Менің туған өлкем
Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы,
Бұдан артық рахат табылмайды.
Бұлдырасын сағымдай өткен бір күн,
Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы.
М.Мақатаев
Туған жер – әрбір адам үшін ерекше орын алады. Менің туған жерім Ақтөбе облысы, Қобда ауданына қарасты Жаңаталап ауылы. Менің ойымша, адам баласы үшін туған өлкесінен артық еш нәрсе жоқ. Себебі, бұл мен түгілі аялаған анамыз, асқар тау әкеміз, туған - туыс, жора - жолдастың кіндігінен қан тамған туып өскен жеріміз. Қасиетті осы жерде білім нәрімен сусындаған мектебім, балалық шағым өтіп жатқан ауылым бар. Егер менен сен не үшін туған өлкеңді сүйесің деп сұраса, мен мүдірместен Мұқағали атамыз айтқандай, күн мен түнін, қыбырлаған жәндігіне дейін сүйемін дер едім. Өйткені Қобда ауданы табиғаты - ең әдемі, көрікті, жусаны мен жуасы аңқыған, самал желі ескен өлкем. Қыстағы қалың жамылғы қар көрпесі мен жазғы құлпырған шалғын даласын құшағыма алар едім. Менің өлкем мен үшін ең ардақты, бар жылуын, махаббатын берді. Менің жерім мен үшін қасиетті.
Ауылымның өзіндік тарихы бар. Бұрынғы Кеңес үкіметі кезіндегі атауы Астрахановка деп аталған. Үлкендердің, ата-анамның сөзінен түйгенім, тың игеру жылдарында Ресейдің Астрахань қаласынан көмекке келген жастар осы жерде тұрақтанып қалады. Ауылымның Астрахановка аталуының да себебі осы. Бертін келе, тәуелсіздігімізге қол жеткізгеннен кейін Жаңаталап деп өзгертілді. Ауылымнан екі Кеңес одағының батыры шыққанын мақтанышпен айта аламын. Бірі - Ұлы Отан соғысының ардагері И.М.Пятковский болса, екіншісі – Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан батыр А.Липовой. Ауылымда қос батырдың атындағы көшелер бар.
Мен әлі 7- сынып оқысам да, алтын ұя мектебімді аяқтап, үлкен өмірге жол ашатын бірыңғай ұлттық тестілеу сынынан өтуге қазірден дайындалу үстіндемін. Өйткені өз Отанымды көркейтіп дамыту үшін барлығын жасағым келеді.
Мен - болашақ үлкен мамандық иесімін, өмір атты керуеннің бір жолаушысымын. Қалаған мамандығымның соңына түсіп, өмір - керуен қайда жетелесе - сонда жол тартпақпын. «Сен де бір кірпіш, дүниеге кетігін тап та бар қалан» деп қазақтың ұлы ақыны Абай атамыз айтпақшы, өмірден өз орнын тапқан дұрыс қой. Дегенмен «туған ауылымды тастап кете барамын» деген ойдың өзі менің киелі, құт мекеніме деген сағынышымды қазірден арттыра түседі. Туып - өскен жерім туралы толғанып, ой жетегіне берілген шағымда үнемі Бәкір Тәжібаев жырлаған мына бір шумақтары ойыма оралады да тұрады: Қайда жүрсем, туған жерім, Сен есімнен шығармысың! Жастық дәурен құрған жерім, Көз алдымда тұрармысың! Туған жер жайлы жыр да, қара сөзбен жазылған шығармалар да әрбір халықтың әдебиетінде мол. Бұдан біз әр халықтың туған жерін ардақ тұтып, анасындай қастерлейтінін байқағандаймыз. Біздің қазақ халқы да туған жер қадірін жас ұрпақ бойына, санасына бала кезінен - ақ сіңіруге ұмтылатындығын туған жер жайлы мақал - мәтелдерден, аңыз әңгімелерден, батырлар жырынан көреміз. «Ит тойған жеріне, ер - туған жеріне» немесе «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деп ерекшелеп көрсетеді. Бұлардың бәрінен шығатын қорытынды әркімге туған жері, туған елі қымбат екендігі деп ойлаймын.
Болашақта мен де білімнің биігін бағындырып, өзімнің қалаған мамандығым бойынша оқуға түсу, ел қатарлы еңбек ету, елімнің болашағы үшін үлес қосу. Ауылымыздың көркеюіне ат салысып жүрген адамдардың еңбегі өлшеусіз. Сол сияқты мен де ауылымның гүлденуіне, көркеюіне бар күшімді саламын демекпін.
Совет Мадина
Ақтөбе облысы
Қобда ауданы
Жаңаталап негізгі мектеп-бөбекжайы
7-сынып оқушысы