Мұхтар Мағауин жаңашылдық әкелген қаламгер



Дата01.05.2023
өлшемі33,52 Kb.
#175783
Байланысты:
Күзембаева Айгерім мақаласы
Көркем Мәтінді Талдау Әдістемесі Аминова Асемай

Мұхтар Мағауин - жаңашылдық әкелген қаламгер
Күзембаева Айгерім Борантайқызы
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 1-курс магистранты

Мақалада қазіргі қазақ прозасының көрнекті өкілдерінің бірі, талантты жазушы М.Мағауиннің «Коммунистік реализм» әңгімесінің негізгі тақырыбы, өзекті идеясы, көркемдік ерекшеліктері, поэтикалық жаңалықтары талданады. Жазушы мен автор, кейіпкер қай шығармасында болмасын бір субъектіге біріктіріледі, бұл әдіс М.Мағауиннің туындыларының шыншылдығын аша түседі. Мұхтар Мағауин жаңа заман прозашыларының ішінде өзіндік қолтаңбасымен, аянбай ізденуінің нәтижесінде жаңашылдық әкелген қаламгер. Жазушының көркемдік құралдарды қолдануындағы ерекшелігі – адамның мінез-құлқын, адамдық қасиеттерін білдіру үшін де пайдаланатыны айтылады. Оқырманды барынша тәнті ететін, еріксіз сүйсіндіретін қасиеті – сөз таңдауы, оны орынды жұмсай алу қабілеті. Сонымен қатар ол социалистік реализмді қолдаушылардың образдарын типтендіруге көп көңіл аударған. Жазушы әңгімелерінде кейіпкерлерін болмысын еш жасырмай, пенделік кемшіліктерімен қоса ашып көрсетеді. Қазіргі қазақ әдебиеті тарихындағы дарынды тұлға, өзінің көркем шығармалары арқылы халықтың назарын аударта білген қарымды қаламгер Мұхтар Мұқанұлы Мағауин шағын жанрларды игеру кезінде де өзіне тән көркемдік стилді, жазу машығын қалыптастыра алды. Соның дәлелі ретінде тәуелсіздік жылдарында жазылған «Коммунистік реализм» әңгімесінің поэтикалық ерекшеліктерін айтсақ болады.


Жазушы шығармада өнерге жақын 20-ға келер-келмес Жарас (социалистік қоғамды қолдаушы), Баубек (прозашы), Сәрсен (ақын), Бекет (прозашы), Мадияр (әдебиет тарихын зерттеуші) есімді 5 жігіттің студенттік шағы жайын баяндайды. Қандай шығарма болмасын жазушы өмір жайлы, адам мен қоғам, олардың өзара қарым-қатынастары туралы оқырманға деген ойын, көзқарасын ұсынады. 35 бетті қамтитын М.Мағауиннің «Коммунистік реализм» атты әңгімесі 1992 жылы жазылған туынды, яғни, еркіндік бастауындағы әңгіме екенін көруге болады. Бұл – патриот жазушыдан туған көркем шығарма, әдеби кеңістікті кеңейтуге деген тілегінен пайда болған туынды. Кез-келген шынайы талант секілді Мұхтар да өз халқының тағдырына бей-жай қарамайтын, ұлтжанды бір азаматы санатынан. «Коммунистік реализм» де соны айғақтайтын шығармалырының бірі. Аталмыш әңгіменің прологы «Нынешнее поколение советских людей будет жить при коммунизме!» «… будет жить при коммунизме!» «… при коммунизме!!» …… «Совет адамдарының бүгінгі ұрпағы коммунизмде өмір сүретін болады!» «... коммунизмде өмір сүретін болады!» «... коммунизмде!» – деген Жарастың ұранды сөздерімен басталады. Осы сияқты қайталаулар шығармада жиілеп кездеседі. Әңгіменің әсерін, оның тақырыбын, ойын күшейте түсу үшін осындай құралдарды қолданса керек. Мұхтар Мағауиннің «Коммунистік реализмін» әлеуметтік талдау барысында бірден көзге түсетіні жазушының жазудағы жоғарыда айтқан стильдік ерекшеліктері. Болашақтың қияли көрінісіне сеніммен қараған, саяси партия идеялогиясын күмәнсіз жақтаған, жаппай теңдіктің, бостандықтың, жоғары мәдениеттің күні туатынын, коммунизм таңы ататынын өзіндік ұлы ұрандарымен жеткізген білімді жас жігітті бас кейіпкерлердің бірі етіп алады. Ал қалған жігіттерді – ойлары Жараспен мүлдем сәйкес келмейтін, ұлттық идеяны қолдайтын кейіпкерлер тобы құрайды. Шығарманың орыс тілінен басталуының өзі халықтың тілінен айырылып бара жатқандығын білдіреді.
Әйтсе де бұл әңгіменің негізгі тақырыбы 1960 жылдардағы қазақтың әлеуметтік құрылысындағы жылдар бойы үстемдік алып келген социализмнің орнына жаңа заман, жаңа қоғам орнатудағы қарапайым жастардың көзқарасы. Жазушы коммунистік қиялды қолдаудағы топтардың өзара күресін көрсетіп тұр. Оның ғаламдық сипаты аса маңызды болатын, өйткені ол бүкіл адамзаттың бірлігін қарастыратын. Мағауин көкейіне түрткен проблемасын «Коммунистік реализм» арқылы талқыға

салып, ортаға тартады. Социализм кезеңіндегі цензураның қаталдығы, халықтың әлеуметтік- тұрмыстық жағдайы авторды қатты алаңдатады. Қазіргі қазақ прозасындағы әлі талданбаған бұл әңгіме соны туындылардың бірі десек артық айтқанымыз емес.
Сол кездегі студенттердің мүшкіл халін суреткер ерекше көрсетеді: ... асты түскен енсіз төсек..., ... кетік бұрыш бозғыл текше..., ... қолтығы созылған, өңі-түсі белгісіз ескі мәйке, сыры тозып, қиюы қашқан сықырлақ еденнен көк исі шығады,... төбеден су тамшылағаны бар, жұмыс орны ретінде кезінде нан жайған тақтайшаны қолданулары және т.б. Яғни, әлеуметтік құлдырауды тұрмыс тауқыметінің үдемелі жолымен береді. Жазушы түрлі кейіпкерлерін болып жатқан процестерге қатыстырып, олардың көзқарас пен дүниетанымдарына терең бойлау арқылы өтпелі кезеңнің шындығын көрсете білген.
Тіл, образ, сюжет, композицияны тұтас бір өріммен берген. Студент кездері, осы жігіттердің азғантай бастан өткерген мұңлы да мұңсыз болмашы тағдыры бір әңгімеге жүк болып тұр. Жазушы социализмнің күші тарқамаған шақтағы жас Жарасқа коммунистік қозғалысты жақтатып сюжет желісін қатарлас студент достарын оның сеніміне қарсы даттатқызып ұштастыра суреттеумен жалғайды. Коммунизмде адамдардың тең болатынын, қойшы мен академик, аспаз бен үкімет басшысы, кез-келгені қалаған уақытында ауыстыра беретінін алдыға тартады. Коммунизмде бәрі тегін, бәрі теңеседі дейді. Жігіттердің өзара Дюма, Флобер, Маркс секілді атақты прозаиктардың тіпті қалай жұмыс істегенін, Ахматова мен Зощенко шығармаларын талқылауы, сол кезеңдегі жастардың ізденімпаз, жоғары интеллектілі болғанын көрсетеді. 60-жылдарғы уақыт – шылбыр босаңсып, аз-маз кеңшілік туған заман болса да, цензураның қаталдығы сонша, әр сөзін өлшеп, есептемей айтқан жан бір ауыз сөз үшін жылдап түрмеге қамалатын болған. Жас студенттер сол қиын қыспақ заманға қарамастан жазуларын жазуға тырысатын. Заман ыңғайына жүреміз деп екіжүзді болып барамыз дейтіндер бар ара-сыра, дегенмен «.. Айт ойдағыны. Жаз көңілдегіні. Бірақ орнын тап. Тұзаққа мойын ұсыну да ерлік емес пе. Әй, аталарың айтып өлген. Сенің әлі «шиқ» еткен дыбысың да шыққан жоқ қой. Аңдап бассаңшы аяғыңды.» деп, кейітіндері болды. Қалай дегенде де, арбаның күпшегінен бойың асса біттің заманында жігіттер ұлы істер жасайтынына, аспандағы айдан үміткер екендігін айтады. Бұл да бір жарқын болашаққа жас ұрпақтың үлкен сенімі ғой. С.Қирабаевтың «Автордың әдеби ізденісінің кеңдігі – оның жастар творчествосына арналған ой- пікірлерінен де көрінеді. Бүгінгі әдеби процестің даму жетістіктеріне қоса сыншының қаламгерлерге айтар ойлы ескертпелері бар» – дегені дәл осыны айғақтайды.
«Коммунистік реализм» әңгімесінде автор бейнесі қолданылған. Шығармада Мағауин өзінің студенттік шағын баяндайтын секілді. Себебі шығармадағыдай дәл сол жылдар аралығында Мұхтар Қазақ университетінің филология факультетінде білім алады. Яғни, нақты тарихи жәдігерлермен ай- ғақталып тұр. «Автор бейнесі әдеби шығармадағы жазушының өз тұлғасының көріну қалпы. Автордың идеялық нысанасы, көзқарасы, ұғым-түсініктері, наным сенімдері, көркемдік принциптері, суреткерлік шеберлігі бәрі-бәрі кең, толық мағынасында, әрине шығарманың өн бойынан, бүкіл құрылыс бітімінен, идеялық көркемдік сипатынан танылады». Яғни, бұл оның шығармашылық тұлғасы, жазушылық, суреткерлік сипат – өзгешелігі, ал оның өнер иесі ғана емес, өз тағдыры, өз мінез-құлқы бар жеке адам ретіндегі бейнесін алсақ, ол әр жанрда (мысалы, өмірбаяндық, мемуарлық) болмаса, айқын көрініс таппайды. Әр жанрдағы шығармаларда автор бейнесі түрлі деңгейде көрінеді. Автор негізінен оқиғаны баяндаушы болады, оның үні қандай шығармада болса да сезіліп отырады. «Коммунистік реализм» әңгімесіндегі автордың оқиғаларға көзқарасы, кейіпкерлерге қатынасы, нені қалай, қай тұрғыдан келіп бағалайтыны шығармадан көрінбейді. Десек те Чернышевский «Автор өз кейіпкерлері тұрғысынан қарағанда ылғи тарихшы немесе мемуаршы болып көрінуі керек» деп айтып өткен. Әңгімеде сол бір 60-жылдары қазақты ұлтшыл санап, орыстарды өкіметтің туған ұлы ретінде қабылдауы тілге тиек етілген. «Көркемдік бейне» термині өзінің заманауи анықтамасында Гегельдің эстетикасынан бастау алатындығын дәлелдеуде, “Искусство изображает истинно всеобщее, или идею, в форме чувственного существования, образа» дей келе көркемдік бейнені суреткердің шығармашылық белсенділігімен байланыстырады. Ал С.Д.Сейденова: «Анализ размышлений автора Магауина имеет важное значение в определении образа автора. . Потому изучение и сопоставление жизненных фактов, писательских записей и наблюдений в значительных временных рамках позволяет проследить формирование авторского сознания», - деп, жазушы шығармаларында абсолютті тәуелсіз шығармашыл тұлғаның идеясын қалыптастырғысы келетіндігін, дей тұрғанмен, қоршаған шындықпен конфликтке келтірмейтіндігін айтады.
Шығарманың негізгі арқауы – қазақ қоғамының тұтастығы. Әңгіме халықтың жағдайын жақсартудың әлеуметтік өзекті мәселелерін көтереді. Қазақтың құт-берекесінің кері кетуі, ауыл баласының ұлтшылдықтан безініп, өзіне жайлы қоныс іздеуі үлкен символикалық жүк арқалап тұр. Болашақта коммунизмді орнатсақ деген ойды, қарапайым адамдардың психологиясына терең бойлау арқылы ашады. Жалпы шығарма өзегінде бүгінгі қазақ ұлты үшін ең өзекті мәселе болып отырған, туған топыраққа сүйіспеншілік, саясат туралы алшақтық көзқарас мәселелері жан-жақты талданады. Жазушы фразеологиялық тіркестер, теңеу, тағы басқа көркемдегіш құралдарды да ұтымды пайдаланған.
Бір қарағанда жастар арасындағы көзқарас қайшылығын қозғайтын жеңіл шығарма сияқты көрінетін «Коммунистік реализм» әңгімесінің әлеуметтік астары да қайталай көз салған оқырман үшін тереңдей түскендей іспетті. Көзқарастардың бір арнада тоғыспауын коллизия деп қарастырсақ болады. «“Коллизия” туындыда ситуациядан бастау алып, қозғалысқа түсетін және әрекет етуші қарама-қайшы идеялардың, характер мен оқиғаның, көзқарас пен сезінудің, пікірдің бейнелі түрдегі көрінісі». Егер коллизия туындыдағы өмірлік ситуацияны бейнелесе, мұндай жағдайда ситуацияның өзі эстетикалық тұрғыдағы көркемдік ойлау болып табылады.
Шығарма авторы сөздің ішкі мағынасын, келекеге айналдыратын, астарлы сықақ, іштей мазақ яғни, ирония әдісін де ұтымды қолдана білген. А.И.Дыриннің айтқанына сүйенсек, «Комическое в смеховой культуре представляет собой достояние авторского сознания, отражающего национально- культурную специфику страны. Оно обусловлено общественными противоречиями, ценность его - в разоблачении и критике. Характер человека обнаруживается в том, что он находит смешным. Ирония как элемент комического по своему характеру критичен, аналитичен и интеллектуален, … так как в состоянии выразить более сильные эмоции адресата», Мағауиннің шеберлігін мойындауымызға кепіл. Шағын шығармада ирониялық иірімдер баршылық. Жалпы М.Мағауиннің бүкіл туындыларында мысқыл, кекесін сезіліп отырады.
Қорытындылай келе, М.Мағауин өз әңгімелерінде басты кейіпкерлерін ешқашан идеал ретінде көрсетпейді, оларды пенделік кемшіліктері мен жетістіктерін жасырып, жаппай, бүкіл болмысымен ашып көрсетеді. Сондықтан да «Тарпаңдағы» ауылдың бүкіл жігіт-желеңіне мұрнын шүйіріп жүріп, ақыр соңында түрмеден табылған, шопыр жігіт Жартыбайдан жүкті болып қалған тәкаппар, сұлу қыз Бәтіш те, қойнында жатқан жары Шәрипаның өз бастығымен көңілдестігін дәлелдейтін айғақтары бола тұра соны түсінуге ақылы жетпеген иіс алмас момын Тұлымханды да («Тұлымханның бақыты» әңгімесі), сүйген қызына өзінің өліп өшті махаббатын дәлелдемек болып, трамвайдың астына түсіп, бір аяғынан айрылып, кейінірек өзінің шын бақытына жолыққан аулашы Көшімді де («Күтпеген кездесу») оқырман өзінің ескі бір таныстарындай өте жылы қабылдайды. Оларды бірыңғай жек көріп те, немесе емешесі езіліп жақсы көріп те кетпейді, тура өздерімен бірге қоян-қолтық өмір сүріп жүрген таныс, әрі бейтаныс замандастарындай шынайы қабылдап, жандарын әрқилы терең толқыныстарға түсіріп, ізгі қасиеттерге бөлейді. Мағауиннің әр сөзі құнды, көкейкесті, көркем шығарманың адамзат өміріндегі ең басты мақсаты да осы болмақ. Сондықтан да біз М. Мағауин сияқты суреткерді – әңгімелері өзінің мақсатының үдесінен шығып, оқырманды жаңа бір рухани биіктерге жетелеп алып шығатын, өзіне дейінгі және кейінгі басқа прозашылардың шығармаларына ұқсай бермейтін өзіндік бір қайталанбас көркемдік әлем қалыптастыра алған талант иесі деп нық сеніммен айта аламыз.



Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.Мағауин М. Шығармалар жинағы. Әңгімелер:–Алматы:–«Жазушы», 2007ж.–320 бет.


2.Қирабаев С. Екі томдық шығармалар жинағы. –Алматы: Жазушы, 1992. Т.2: Сын мақалалар мен зерттеулер. –544 б.
3.Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. /Құрастырушылар: З.Ахметов, Т.Шаңбаев/ Алматы:
«Ана тілі», 1996. –240б.
4.Гегель Г.В.Ф. “Эстетика”, т. 4. М., 1973, с. 412
5.Әдебиет теориясы. Нұсқалық. /Құрастырушы: Р.Н.Нұрғали – Астана: 2002. – 293 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет