Мысырлық жазушы Салах Маатаның өмір жолы мен шығармашылығы Аубакирова Қ.Қ



Дата25.01.2017
өлшемі136,1 Kb.
#7685
Мысырлық жазушы Салах Маатаның өмір жолы мен шығармашылығы

Аубакирова Қ.Қ.
Берілген мақалада мысырлық жазушы-фантаст Салах Маатаның өмірі мен шығармашылығы туралы айтылады.
80-90 жылдар аралығындағы Египет әдебиеті мен осы жылдар аралығындағы жазушылардың шығармашылығы, жоғарыда аталып кеткендей, түрлі бағыттар мен тақырыптарды қамтып, әр түрлі деңгейде дамыған болатын. Осы кезде халық арасында үлкен сұранысқа ие болып, зор жетістікке жеткен шығармалардың авторлары сол дәуірде қоғамда орын алған маңызды мәселелерді қамтып, халықтың мұң-мұқтажын көрсетіп, елдің тығырыққа тірелген ауыр кезеңін суреттеуге тырысты. Жоғарыда аталған араб елінің ұлттық мақтанышына айналған жазушылардың қатарына 80 жылдардан бастап өзінің ерен еңбегі мен таланты арқылы көзге түсе бастаған Салах Маатаны да атап өтуге болады. Ол - жаңа араб әдебиетінің негізін қалаушы жазушылардың бірі.

Қазіргі замандағы белгілі қоғам қайраткері, жазушы, журналист, бірнеше қиссалар жинағы мен тарихи романдардың авторы Салах Маата 1959 жылы 30 наурызда Каир қаласында дүниеге келген [1]. Оның отбасы әдебиетке өте жақын болған, бауырларының бірі балалар әдебиетімен, екіншісі роман жазумен айналысқан. Салах Маата осындай шығармашылық ортадан өнегелі тәрбие алып, жастайынан өзінің ерекше қабілеті мен талантының арқасында көзге түсе бастайды. 1983 жылы Каир Университетінің Халықаралық Сауда бөлімінде бакалаврды бітіріп, кейін 1993 жылы осы университетте журналистика факультетінің бұқаралық ақпараттар бөлімінде жоғары білім алады. Ол жастайынан ғылыми-фантастикалық қысқа әңгімелер жаза бастайды. 1980 жылы ақпан айында 19 жастағы Салах Маата қысқа әңгімелер жазудың асқан шебері, араб елдерінде атағы кең тараған Йахийа Хаққимен1 алғаш рет кездеседі. Йахийа Хаққи талантты жасқа ұстаздық етіп, оны өз қамқорлығына алып, араб әдебиеті мен «Жаһилия»2 («қараңғылық») ғасырының поэзиясы, муаллақаттар3 мен мақамалар4, қысқа әңгімелер мен жалпы араб тілі төңірегінде баға жетпес мағлұматтар береді. Осындай ұлы жазушының шәкірті болып, онымен үздіксіз қарым-қатынаста болған Салах Маата ұшан теңіз тәжірибе жинап, жаңа араб әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосқан сол замандағы ұлы ақын-жазушылар, әдебиетші, журналисттермен кездеседі. Йахийа Хаққи алғашқы кездесуде-ақ өзінің асқан дарындылығы мен әдебиетке деген құштарлығы арқылы көзге түскен Салах Маатаның қысқа әңгімесін тыңдағанан соң, оның «әл-Аһрам» газетіне жариялануына өз септігін тигізеді. Осылайша жас Маатаның «Дауылдан бұрын» («ما قبل العاصفة») атты алғашқы еңбегі де 1982 жылы баспасөз бетіне жарыққа шығады («әл-Аһрам» газеті, 1982/4/1). Кейін оның бұл әңгімесі 1991 жылы басылып шыққан «Бес минуттық ғұмыр» («العمر خمس دقائق») атты ғылыми-фантастикалық қиссалар жинағына енеді [2].

1980 жылдан бастау алған Йахийа Хаққимен достық қатынасы жазушының жүрегінде өшпес із қалдырады. Ол өзінің 1995 жылы жарыққа шыққан «Шамшырақ иесінен қалған өсиет» («وصية صاحب القنديل») атты кітабында өзінің ұстазын асқан мейірімділікпен еске алап, одан қалған өсиет туралы сөз қозғайды. Жазушы бұл өсиетте өміріне шуақ шашып, естен кетпес бақытты шақтар сыйлаған өзінің асыл достары жөнінде сыр шертеді. Салах Маата осы өсиетте аты аталған Мұхаммед Асамат, «араб тілі ұйымының» мүшесі Махмұд Мұхаммед Шакир, сыртқы істер министрлігінде қызмет етеп, елші болған Усман Асал, Египет әдебиеті мен әдеби сынының дамуына зор үлес қосқан Фуад Дуар, бірнеше қысқа әңгімелердің авторы Мұхаммед Румиш, неміс әдеби мұрасын араб тіліне аударған талантты әдебиетші Мұстафа Маһир, «әл-Аһрам» газетінің тілшісі, әдебиетші әрі жазушы Сами Фарид, зерттеуші әрі ақын Абдуллаһ ас-Сайд Шараф, Әбдел Хаким Қасим, әдебиетші әрі жазушы Абдул Манаа Мауд, ақын Ахмад Теймур сияқты ұлы тұлғалармен кездесіп, сұхбат алған [2].

Талантты жазушы әрі әдебиетші Салах Маата мысырлық жазушылар одағының және қиссалар клубы мен кинематография бірлестігінің мүшесі болып табылады. Оның журналистика саласына қосқан үлесі де ұшан теңіз. Оның көптеген еңбектері «Бахрейн күндері» («الأيام البحرينية»), «Араб Әмірліктерінің хабарламасы» («البيان الإمراتية»), Сауд Аравиясының клубы («السعودية المنتدى»), «Республика», («الجمهورية»), «әл-Аһрам» («الأهرام»), «Каир» («القاهرة»), Мысырдағы «Әңгіме» («القصة»), Кувейттегі «Ғылыми даму журналы» («التقدم العلمي»), «Кеш» («المساء»), «Ғылыми фантастика» журналы («مجلة الخيال العلمي») сияқты көптеген Египет пен басқа да араб елдеріндегі газет-журналдарда үздіксіз жарияланып тұрған. Салах Маата «Араб даусы» атты радиохабарында мәдени бағдарламаның жүргізушісі, жиырма бес шақты шығарманың авторы, түрлі мәдени шаралардың ұйымдастырушысы ретінде де танымал. Өзінің бірнеше шығармалары үшін әдебиет саласындағы түрлі республикалық және халықаралық сыйлықтардың жеңімпазы атанған. Салах Маата мысырлық телеарналар мен радио бағдарламалар үшін көптеген кештер ұйымдастырып, үздіксіз шығып тұратын драмалық шығармалар да жазған. Каир даусында шығып, көрермендер мен тындармандарға арналған, режиссері Мұхаммед Абд ан-Наби, ал басты рөлдерде Мұхаммад Абу Хасан, Ләйлә Хамада, Шариф Хайрулла ойнаған «Шамандалды іздеу» («البحث عن شمندل»); режиссері Мухсин Фикри, ал бас кейіпкерлердің рөлінде Ахмад Бадир, Фадийа Абдул Ғани, Ахмад Захир және Халид Махмұд сияқты әртістер ойнаған «ас-Сәлманийа» («السلمانية»); режиссері Инас Хулми, басты рөлдерде Халид Махмұд, Ахмад Махир сияқты атақты мысырлықтар ойнаған «Әлемге билік еткен балалар» («أطفال حكموا العالم»), режиссері Мамдух Мурад пен басты рөлдерде Мұхаммад Риад, Мирна Уалид, Рашуан Тауфиқ ойнаған «Халлиһа ала Алла» («خليها على الله») атты сериялдар да жазушының еңбектері бойынша түсірілген. Сонымен қатар оның «Шамаил қазынасы» («خزانة شمائل»), «Сурет және аңыз» («صورة و أسطورة»), «Синдибадтың қайғысы» («أحزان السندباد»), «әл-Хакимнің түндері» («ليالي الحكيم») атты сериялдар мен «Қанатсыз бақыт» («سعدون بدون أجنحة») және «Махжуб бил-мақлуб» («محجوب بالمقلوب») атты фильмдер де жазушының драмалық еңбектерінің желісінде түсірілген. Осыдан Салах Маатаның шығармаларының халық арасында кең тарап, үлкен сұранысқа ие болғанын көре аламыз.

Салах Маатаның жиырмадан астам шығармасы баспадан шығып, үлкен жетістікке ие болған. Оның алғашқы еңбегі «Ғаламшарды құтқару» («أنقذوا هذا الكوكب») деген атпен 1985 жылы жарыққа шығады. Жазушының бұл еңбегі бірнеше ғылыми-фантастикалық әңгімелердің жинағы болып табылады. Оның ғылыми-фантастикалық бағытта жазылған шығармаларының қатарына 1991 жылы жарыққа шыққан «Бес минуттық ғұмыр» («العمر خمس دقائق»), 1997 жылы шыққан «Сиқыршы қыз» («بنت الحاوي»), 2002 жылы баспадан шыққан «Бадира бил-Хутла ас-сырийа» («بدرية بالخطلة السرية») атты әңгімелер жинағы мен «Нөмері бірінші мырзаның отбасы» («عائلة السيد رقم 1») атты драматургиялық шығармасын жатқызуға болады. Сонымен қатар Салах Маатаның 2003 жылы жарыққа шыққан «Қаратыйс» («قراطيس»), 2005 жылы жарияланған «Махжуб бил-мақлуб» («محجوب بالمقلوب») және 2006 жылы баспадан шыққан «Энштейн көздері» («عيون أينشتين») атты әңгімелер жинағы мен «Ас-Сәлманийа» («السلمانية», 2006 жыл), «Ас-Сәлманийа-2» («السلمانية-2», 2009 жыл), «Нарцис құмарлығы» («هوس النرجس», 2008 жыл) атты романдар мен «Шамаил қазынасы» («خزانة شمائل», 2008 жылы жарыққа шыққан), «Бидар Ашиқ ад-Диар» («بدار عاشق الديار», 2007 жыл) атты тарихи романы мен «Жәннат ғаламшары» («الكوكب الجنة», 2008 жыл), «Бардин» («بردين», 2008 жыл) атты ғылыми-фантастикалық романы да халық арасында кең тараған. 2010 жылы «Адамның жүзі» («شفرة آدم»), «Шайтан транзит» («عفاريت ترانزيت») және ғылыми-фантастикалық жанрда жазатын араб жазушысы, өзінің ұстазы Ниһад Шариф Амидтың өмір жолы туралы «Қиялы жүйрік адам» («رجل زاده الخيال») атты шығармалары баспадан шыққан [Б қосымшасы, 3 сурет]. Египет әдебиетіне өшпес мұра қосқан Салах Маата қазіргі таңда «Айлар аңшысы» («صائد الأقمار», роман), «Гараж иесі Руаш» («رواش صاحب الجراج») атты түрлі әңгімелер жинағын және «Ұмыту аймағы» («مدار النسيان») мен «Шамандалды іздеу» («البحث عن شمندل») атты ғылыми-фантастикалық драмалық шығармаларын баспаға әзірлеуде. Оның «Бес минуттық ғұмыр» («العمر خمس دقائق») атты әңгімелер жинағы мен «Жәннат ғаламшары» («الكوكب الجنة») және «Шамаил қазынасы» («خزانة شمائل») атты романдары француз және ағылшын тілдеріне аударылған [3].

«Мәдени мәселелер» ("هموم ثقافية") сияқты еңбектерін атап өтуге болады.

Мұхаммед Теймур (1892-1921) өзінің қысқа ғұмырына қарамастан жаңа араб әдебиетінің дамуына зор үлес қосып, қысқа әңгімелер мен драмалық шығармалардың қалыптасуына ықпал етіп, ағартушылық саласында қажырлы еңбек еткен мысырлық жазушылардың көрнекті өкілі. Ол өзінің інісі атақты жазушы Махмұд Теймурдың әдеби көзқарастарын нығайтуға және оның әрi қарай дамуына ат салысып, өзінің Еуропадан алып келген білімін үйретеді. Мұхаммед Теймур атындағы сыйлық 1990 жылдан бастап жазушылар одағы, мәдениет министрі мен Рашида Теймурдың бастауымен Египет пен араб әлеміндегі талантты жазушыларды ынталандыру мақсатымен жыл сайын ұйымдастырылып келеді [4].

2000 жылы «ас-Сәлманийа»السلمانية») атты туындысы бірінші дәрежелі, «Жәннат ғаламшары»الكوكب الجنة») атты туындысы «Әңгіме» клубының роман саласына берілген үшінші дәрежелі сыйлығына ие болған. 2004 жылы «Бадира бил-Хутла ас-сырийа»بدرية بالخطلة السرية») атты жинағы үшін жазушылар одағының бірінші дәрежелі сыйлығына ие болады. 2005 жылы «Шамаил қазынасы»خزانة شمائل») атты шығармасы Ихсан Әбдел Қуддус атындағы романдар сайысында екінші орынды иемденсе, 2006 жылы «Махжуб бил-мақлуб» («محجوب بالمقلوب») атты әңгімесі қазіргі әдеби дәуірдегі жазушылардың сайысында жүлделі орынға ие болады.

Салах Маата өз шығармашылық жолын ғылыми-фантастикалық әңгімелер жазудан бастайды. Жазушының айтуы бойынша ғылыми-фантастикалық әңгімелер мен роман жазу оңай шаруа емес [5]. Ол автордан асқан шеберлік пен түрлі ғылым саласындағы жан-жақты білімділікті, дүниетанымның кеңдігі мен ой ұшқырлығын талап етеді. Ол осы салада «أنقذوا أدب الخيال العلمي لأنه المستقبل» («ар-Ра'и» журналы, 20.08.2001) және «الخيال العلمي بين آلة الزمن وزمن الآلة» («Ғылыми фантастика» журналы, 2010, ақпан) сияқты мақалалар жазған. Оның жарыққа шыққан алғашқы еңбегі де ғылыми-фантастикалық әңгімелер жинағы болған. Салах Маатаның «Бес минуттық ғұмыр атты» екінші жинағы да «Көмір қоймасындағы екі адам» («رجلان في مخزن الفحم»), «Робот» («روبوت»), «Секіру» («الطفرة»), «Бес минуттық ғұмыр» («العمر خمسة دقائق»), «Шейх Масудтың болжамы» («نبوءة الشيخ مسعود»), «Ақымақ» («مجنون»), «Уақыт үйлесімділігі» («توفق الساعة»), «Гильотина қателескен кезде» («عندما تخطئ المقصلة»), «Дауылдан бұрын» («ما قبل العاصفة») сияқты он шақты ғылыми-фантастикалық әңгімелерден тұрады [3].

Өткен ғасырымыздың екінші жартысында өзінің ғылыми-фантастикалық шығармаларымен көзге түскен жазушы-фантаст Салах Маатаның бірнеше шығармалары жарық көрді. Оның жинақтарына енген көптеген ғылыми-фантастикалық әңгімелердің тақырыптары сан алуан. Олардың біразы жұлдызды әлеммен байланысты болып та келеді. Мысалы, 1991 жылы жарық көрген «العمر خمس دقائق» атты ғылыми-фантастикалық әңгімелер жинағына енген «Көмір қоймасындағы екі адам» атты әңгімесінде бойы екі метрге жететін алып екі адамның қарапайым адамдар арасында өмір сүре алмай, мазақ пен күлкіге айналып қиналған өмірлері туралы жазса, «Бес минуттық ғұмыр» атты әңгімесінда автор қоршаған орта мен табиғаттың құбылыстарын зер салып, көзге көрінбейтін ұсақ мақлұқтардың өмірін микроскоппен зерттейді. Оларды туылған сәттен бастап өмірінің соңына дейін бақылап, олардың тіршілік ету салтын, өмір үшін күресін бақылайды. Жазушы ұсақ мақлұқтардың тіршілігін асқан шеберлікпен суреттеп, соңында бес минут сайын жаңа ұрпақ ауысып отыратын осындай көзге көрінбейтін өте ұсақ мақлұқтардың өмірін адамның тағдырымен салыстырады, адам баласының өмірі де көзді ашып-жұмғанша бес минутта өтіп кететінін айтса керек.

Салах Маата бастапқы кезде тек қысқа әңгімелер жазумен шұғылданса, кейін көрнекті араб жазушыларының бірі, сыни реализмнің өкілі, «шығармашылығы араб елдерінде үлкен атаққа ие болып, кең тараған Нагиб Махфузбен [6] кездескеннен кейін романдар жаза бастаған.

Осылайша жазушының шығармашылық өмірін екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезең ретінде 1982 жылдан бастап Нагиб Махфузбен кездескеге дейінгі кезді қарастырсақ болады. Салах Маата бұл уақыт аралығында тек ғылыми-фантастикалық шығармаларды жазумен айналысты. Ал екінші кезең жазушының «ас-Сәлманийа» атты алғашқы романы жарық көрген жылдан (2001 жылы) бастау алады десек қателеспеген болар едік.

Салах Маата қазіргі араб әдебиетінде терең із қалдырған. Ол араб әдебиетіндегі тарихи роман жанрын стильдік жоғары шеберлікпен жазған. Оның шығармасын араб тарихын бейнелеп, жастарға бағыт беруші әдебиет өнеріндегі жаңа тармақ екендігін ерекше атап өту қажет. Сонымен қатар, Салах Маата - Египет әдебиетіне үлкен үлес қосып, журанлистика саласында ерен еңбек еткен ғылыми-фантастикалық әңгімелер мен тарихи романдардың асқан шебері.
1. د.كوثر عياد. أدب الخيال العلمي في المغرب العربي \\الخيال العلمي. - العدد الثاني عشر.- 2009. – ص. 12-25.

2. طالب عمران. الخيال العلمي و تجربتي مع المصطلح \\الخيال العلمي. - العدادان الخامس و السادس. - 2009-2008. – ص. 14-26.

3. مجلة الفيصل. - العدد. – ص. 41-56.

4. د. مصطفى محمود. الخروج من التابوت. – بيروت: دار العودة. – ص

5. رؤوف وصفي. الحب خارج الزمن. - الهيئة المصرية العامة للكاتب سلسلة العلم و الحياة. – 1989. – ص.85.

6. حامد إبراهيم. نهاد شريف قي (أنا و كائنات الفضاء) ارهاصات أدب الخيال العلمي \\الخيال العلمي. - العدد الأول. – 2008. – ص. 126- 120.



7. نظيمة أكراد. روايات الخبال العلمي في إحدى أهم نماذجها العربية \\الخيال العلمي. - العدد الرابع. - 2008. ص. 49- 40.

1 Йахийа Хаққи - 1905-1992 жылдар аралығында өмір сүрген қысқа әңгімелердің пионері атанған атақты жазушы-новеллист.

2 Жаһилия – Ислам дінінің пайда болуына дейін жүз елу жылға созылған қараңғылық дәуірі.

3 Муаллақ - араб тілінде «ілінген», «көтерілген» деген ұғымды білдіреді. Бұл сөздің шығуы туралы араб халқында түрлі аңыздар кездеседі. Соның бірінде «бәдәуи ақындарының арасында жиі болып жататын мүшайра (ақындар айтысы) кезінде жоғары бағаға ие болған бәйіттер жинақ етіліп құрастырылады да Меккеге жақын Указ жәрмеңкесінде қымбат матамен тысталып сыртына алтын жалатылып, жұрт көбірек көретін жерге ілініп қойылады екен»,- делінеді.

4 Мақамалар - таңдаулы айлакерлік, қулық-сұмдық, тапқырлық жайлы новеллалар, онда сауатты әрі білімдар, тапқырлар мен кезбе, қайыршылар жайлы өзіндік сипат беріп, ортағасырдағы мұсылман қалаларындағы өмір мен тұрмыс-тіршілікті сатиралық кейіппен бейнелейтін прозаикалық жанр.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет