МКҚК «Арайлы» балабақшасы
«Кітап-асыл қазына»
(ата-аналармен дөңгелек үстел)
Орындағандар:
«Гүлдер»,
«Қарлығаш»,
«Ақбота» топтары
Зеренді селосы
2016ж
2 сәуір – халықаралық
балалар кітабы күні
Мақсаты: Кітап – сарқылмас рухани қазына дей келе, білімнің кітап арқылы берілетінін ұғындыру. Кітаптың адам өміріндегі маңызы, ғылым мен білімнің пайдасы жайлы түсіндіру. Ата-аналар арасында балаларға кітап оқудың қажеттілігін насихаттау.
Жүргізуші : Кітап та алма ағашы,
Жемісін біздер теретін.
Тәтті алмаға балашы,
Кітабыңның әр бетін, – деп Мұзафар Әлімбаев ағамыз жырлағандай әдеби кітаптар мен оқулықтар сендерге білім көзі, рухани қазына. Біз кітап арқылы балабақшаның өзінде – ақ бүкіл адамзат өмірімен танысамыз. Кітап білімімізді молайтады, кітаптан көп үлгі - өнеге мен тәрбие аламыз. Оқыған - тоқығаның көп болса, жеңбейтін жау, алынбайтын қамал жоқ. Дана халқымыз «Батыр бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп бекер айтпаса керек. І
Жүргізуші : Кітап – нәзік те, тұнық әлем. Кітап – білімнің түпсіз аспаны, терең бастауы. Ұлтымыздың мерейі мен деңгейі қоғам мен мемлекетіміздің өркенін өсіруде қыруар пайда келтіретін осынау рухани қазына - кітап.
Балалар кітабы халықаралық кеңесінің шешімімен 1967 жылдан бастап балалардың сүйікті ертегішісі Ганс Христиан Андерсеннің туған күні, яғни 2 сәуір халықаралық балалар кітабы күні деп бекітілген. Мұның басты мақсаты – әлем балаларын әдебиетке жақын болуға шақыру, кітап оқуға үндеу, адам өмірінде кітаптың алар орны ерекше екенін түсіндіру, «кітап – білім бұлағы, ал білім – өмір шырағы» екенін жеткізу. Бұл мақсатты орындау үшін балаларға ұсынар бізде кітаптар бар ма? Балалар әдебиетінің жай-күйі қандай?
Кітап дүкендерінің сөрелерінде балаларға арналған кітаптардың түр-түрі толып тұр. Терең ойлы мағынасымен де, қызылды-жасылды бояулармен өрнектелген әсерлі суреттерімен де кәрі-жасты қызықтырмай қоймайтындай. Сөрелерден балаңыз оқитын, бояйтын, жазатын-сызатын, тіпті өздері сөйлеп, ән айтып беретін кітаптарды да таба аласыз. Олардың үлкені, кішісі, орташасы да, ағылшыншасы, қытайша, орысшасы да бар. Тек, әттең, қазақшасы жоқтың қасы. «Жоқ» деуге әбден болады! Әрине, өкінішті. Балаларға ұсынар кітаптарымыздың халі осындай. Кереметтің бәрі бар, бірақ бізге керегі жоқ. Іздегеніңізді таппайсыз. Өйткені жоғарыда сипатталған қызылды-жасылды өрнегі, ойлы өнегесі бар «керемет» кітаптың бәрі де өзге тілде. Ал қазақтың баласы неге өз ана тілінде – қазақша сауат ашып, төрт күл дүниенің кереметін қазақ тілінде танымасқа?!
Сондықтан да ізденген бала қазақтың емес, шетелдің туындысымен сусындауға мәжбүр. Онда шалажансар аудармамен. Сапарғали Бегалин, Өтебай Тұрманжанов, Сейітжан Омаров сынды мықтылардан бастау алған балалардың көркем әдебиетін Мұзафар Әлімбаев, Бердібек Соқпақбаев, Сансызбай Сарғасқаев, Әнуарбек Дүйсенбиев, Нәсіреддин Сералиев, Мүбарак Жаманбалинов, Оспанхан Әубәкіров, Жәнібек Кәрбозин, Қастек Баянбаев, Машқар Гумеров, Қабдыкәрім Ыдырысов, Жақан Смақов, Мұхамеджан Етекбаев, Құрманбай Толыбаев, Әбдібай Табылдиев, Есентай Ерботин, Абдырахман Асылбеков, Адырбек Сопыбеков, Ескен Елубаев, Марат Қабанбаевтар жаңа биікке көтерсе, Мырзабек Дүйсенов, Мәди Айымбетов, Несіпбек Айтов, Жарасқан Әбдірашев, Роза Әбілқадырова, Совет Әлімқұлов, Жақау Дәуренбеков, Зейнелғаби Иманбаев, Танат Дәуренбековтар керегесін кеңейте түсті. Балаларға арналған кітаптарды шығаруды нақты бір баспа өз қолына алып, осы тақырыпта қалам тербеп жүрген ақын-жазушыларды, білікті суретшілерді біріктіре отырып, бірлесе жұмыс жасаса, балалар кітаптарының ішкі мазмұны да, сыртқы келбеті де жақсарып, беті мен тиражы да көбейіп, балалар әдебиетінің жақсы мектебі де қалыптассар еді.
Жүргізуші:Ұлы Абай атамыздың сөзіне жүгінсек, өзінің 41- ші қара сөзінде «Кітап – жан азығы, жығылғанда сүйеу болады, адасқанда тура жолға салады» делінген.
Олай болса, бүгінгі күн кітап төңірегіңде болмақ. Біздің балалардың тақпақтарын тамашалаңыз!
Слайд «Тақпақтар»
Ерте- ерте, ерте екен
Ешкілері бөрте екен
Қырғауылы қызыл екен
Құйрықтары ұзын екен –деп ертегіден тапсырма беріледі
Мынау үзінді қай ертегіден? (Слайдта ертегілерден үзінді көрсетіледі)
Слайд Ертегілерден сюжетті суреттері көрсетіледі:
Ол ертегіде түлкі оны жеп қойды?
Ол ертегіде пісірген етті жей алмаған отбасы?
Ол ертегіде құйрықсыз қалған жануар?
Ол ертегіде тауды көтерген бала?
Ол ертегіде қай құс дәуітті кездестірді?
Мына суреттер қай ертегіден, қонақтар, білесіңдер ме?
«Алдар көсе мен бай»
«Қаңбақ шал»
«Үйшік»
«Шұбар тауық»
«Қолғап»
Мақал- мәтелдер - ғасырлар шежіресі, онда халық тарихы, оның әлеуметтік тіршілігі, ақыл өнегесі мол көрініс тапқан
Олай болса, кезекті «Мақал-мәтелді жалғастыр» ойыны.
1.Оқусыз білім жоқ,
Білімсіз күнің жоқ.
2.Оқу-білім бүлағы
Білім –өмір шырағы
3.Кітап-қаймақ,
Білім-оймақ.
4.Кітап-ғалым,
Тілсіз мұғалім.
5.Ақыл озбайды,
Білім тозбайды.
Викториналық сұрақтар:
1. Кітаптар тұрағы қалай аталады? (Кітапхана)
2. Кітаптармен жұмыс істейтін маман қалай аталады?(Кітапханашы)
3. Кітапханаға барып үнемі оқитын адам қалай аталады?(Оқырман)
4. Балаларға арналған қандай газет – журналдарды білесіндер?(«Ұлан», «Балдырған», «Мөлдір бұлақ», «Ақ желкен» т.б.)
5. Кітап басып шығаратын жер қалай аталады?(Баспахана)
6. Мектеп оқулықтарын қайндай баспалардан шығады?(«Атамұра», «Мектеп»)
7. Кітапты жазған адамды қалай атайды?(Автор)
8. Халықаралық балалар кітабы күні қай күн?(2-сәуір)
9. Дүниежүзілік кітап күні қай күн(23сәуір)
Ата аналарға берілетін сұрақтар:
Неге балалар кітап оқымайды?
Үйде балаларға ертегі немесе бесік жырын оқып бересіңдер ме?
Балаларға кітап оқу керек пе? Қалай ойлайсыздар? Не істеу керек? Қалай қызықтыру керек?
Құрметті қонақтар! кітап — шебер ұстаз, тілсіз мұғалім. Кітап — адал пейіл, асыл дос, қойған жерінде жатады, қолыңа алсаң былай деп тіл қатады:
Адамның досы кітап. өмір кілті,
Тең келмес оған жиған мүлкі.
Ақылшы жанға серік, жол бастаушы,
Асыл ғой қазынасы, өмір көркі
Достарыңызбен бөлісу: |