Ө.СҰЛТАНҒАЗИН АТЫНДАҒЫ ҚОСТАНАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНТВЕРСИТЕТІ
ПСИХОЛОГИЯ ЖӘНЕ ПЕДАГОГИКА ФАКУЛЬТЕТІ
МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ, БАСТАУЫШ ЖӘНЕ АРНАЙЫ БІЛІМ БЕРУ
КАФЕДРАСЫ
5В010100 «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту»
мамандығының 2 курс студенті
Жұманова Айжамал Қосылбекқызы
Балабақшада еңбек тәрбиесін ұйымдастыру
Курстық жұмыс
Ғылыми жетекші:
аға оқытушы
Сұлтанбекова Ж.Х
Қостанай, 2019ж.
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ……............................................................................................................3
1 БАЛАБАҚШАДА ЕҢБЕК ТӘРБИЕСІН ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗІ
1.1 Мектеп жасына дейінгі балаларды еңбекке тәрбиелеудің маңызы…..................................................................................................................5
1.2 Мектеп жасына дейінгі бала еңбегінің өзіндік ерекшеліктері..........13
2 БАЛАБАҚШАДА БАЛАЛАРҒА ЕҢБЕК ТӘРБИЕСІН БЕРУДІҢ ӘДІСТЕМЕСІ
2.1 Балабақшаның әр түрлі топтарындағы балалар еңбегінің мазмұны, ұйымдастырылуы және басқару әдістемесі..........…………………..................20
2.2 Балабақшадағы еңбек тәрбиесіне байланысты жүргізілген жұмыстар................................................................................................................
ҚОРЫТЫНДЫ………………………………………………............…………...27
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР…........................................….......……...29
ҚОСЫМША...........................................................................................................30
Кіріспе
Зерттеу өзектілігі: Өскелең ұрпақты еңбекке баулуды болашағын меңзеп жүру бүгінгі күннің бірден-бір қажетті, кезек күттірмес мәселесі екендігін байқатады. Қазіргі кезеңде біздің елімізде еңбек тек ересек адамдардың ғана меншігіне тиіп, балаларды тәрбиелеудегі маңызы төмендеп кеткені белгілі. Бұл баланың санасында еңбекке деген немқұрайлық көзқарас тудырып, еңбекке икемсіздігін байқатуда. Дегенмен, мектепке дейінгі бала еңбектене алама деген сұрақ кез-келген ата-ананы, тәрбиешіні мазалайды. Мұның себебі бүгінгі таңда мектепке дейінгі балаларды еңбекке баулудың өзекті мәселелері баспа беттерінде өте сирек кездесетіндігінен де болар. Бірақ аталған тенденция тек зерттелуді қажет етумен қатар, дер кезінде мән бермеу баланың жеке тұлға ретінде дамуына қауіп төндіреді.
Балалардың еңбегі туралы айтатын болсақ, күнделікті өмірде кездесетін көзге көріне бермейтін, өзіміз мән бермейтін қарапайым еңбек түрлері өте көп. Мысалы, 2 - 3 жастағы баланың өздігінен тамағын ішіп-жеуі, ойыншығын, киімін жинауының өзі олар үшін үлкен еңбек. Баланың өз-өзіне қызмет қыла білуінің өзі еңбекке жатады. Еңбекке баулу арқылы баланың есте сақтау, көру, сезіну қабілеттері арта түседі. Мысалы шұлығын, қолғабын, бас киімін, көйлегін киетін кезде оны қай жерге киетінін, ойлау, көру, есте сақтау қабілеттері арқылы жасалады. Міне осы орайда мектепке дейінгі мекемелердегі еңбек әрекеттерінің, тәрбиешілердің атқаратын рөлі зор.
Еңбек тәрбиесінің теориясын жасауда басты рөл атқарған К.Д.Ушинский болды. Ол өзінің еңбегінде адамның жан-жақты дамуы үшін еңбектің маңызының зор екендігін көрсетті. К.Д.Ушинский өзінің "Еңбектің психикалық және тәрбиелік мәні" деген мақаласында еңбек тәрбиесінің мәнін арнайы қарастырады: Ал "Балалар әлемі", "Ана тілі" оқулықтарында осы тәрбие жөнінен балаларға арнап сан алуан материалдар жазды.
К.Д.Ушинский талаптарының ең бастыларының бірі - еңбек- сүйгіштікке, еңбек ете білуге және еңбекке ынталы болуға тәрбиелеу. Кімде-кім пайдалы еңбекпен айналысса, сол адам қоғамның лайықты азаматы бола алады деп білді Ушинский баланың санасына сәби кезінен-ақ, еңбек етудің қажеттілігі мен маңыздылығын ұялатуды, пайдалы іс істеуге тырысушылыққа және қандай істе болса да шын ниетпен және ұқыпты орындауға тәрбиелеуді ұсынды.
Еңбек тәрбиесінің ең басты да, негізгі міндеттерінің бірі -жасөспірімдерді қоғамдық пайдалы, ауыл шаруашылығының жетістіктерін жете түсіну және оған өздері тікелей араласу, өндірісті білу, онымен жұмыс істеу тәжірибесін бойына сіңіріп отыру дейді. Сондай- ақ, ол "Балалар жұмыс істейтін бағы, бақшасы, аз да болса жері жоқ мектеп шын мәніндегі мектеп бола алмақ емес", - деп атап көрсетті. Сонымен бірге Ушинский ой еңбегі мен дене еңбегінің алмасып отыруына да ерекше мән берді. "Ой еңбегінен кейін дене еңбегімен айналысу жанға жайлы ғана емес, ол өте пайдалы тынығу" - деп есептеді [1,16 б.].
Халық педагогикасынан орын алған еңбек және еңбекке тәрбиелеу қазіргі педагогика теориясы принциптерімен ұштасып жатыр. Еркін еңбек барысында өзінің және бүкіл қоғам мүшелерінің қажеттілігін қанағаттандыру үшін адам материалдық және рухани құндылық жасайды. Шығармашылық еңбек барысында адам өз күшінің шамасын және қабілетін анықтайды. Қоғамның басты талаптарының бірі - әр азаматтың өмірде өз орнында толық күш-жігерін жұмсап, қоғамдағы байлықты еселей түсуге еңбек үлесін қосуы, еңбекке адал, саналы қатынасу болып табылады.
Мектепте дейінгі еңбекке тәрбиелеу - тәрбиенің жалпы жүйесінің құрамды бөлігі. Еңбекке тәрбиелеу, баулу және кәсіптік бағдар, балабақша балаларының қоғамдық пайдалы өнімді еңбекке тікелей қатысуы оқуға деген саналы көзқарасты тәрбиелеудің, азамат болып өсудің жеке адамды адамгершілік және зиялылық жағынан қалыптастырудық негізгі көзі болып табылады, осымен қатар мұны еңбек тәрбиесінің мақсаты деп түсінуіміз қажет [2, 4 б.].
Зерттеу нысаны: мектепке дейінгі балалардың еңбек тәрбиесі.
Зерттеу пәні: мектепке дейінгі балаларды еңбекке тәрбиелеу.
Зерттеудің мақсаты: балаларға еңбек туралы тәрбие беру.
Зерттеудің міндеті:
- Балалардың негізгі еңбек дағдыларын қалыптастыру;
-Үлкендерге және өзінен кішілерге көмек көрсете білу;
-Ұқыптылыққа, шыдамдылыққа, қиындықты жеңе білуге дағдыландыру;
-Еңбек құрал-жабдықтарымен жұмыс істей білуге және оған ұқыпты қарауға тәрбиелеу;
Зерттеу әдістері: анықтау, бақылау, жалпылау.
Зерттеу жұмысының құрылымы: Зерттеу жұмысы кіріспеден, 2 тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 Мектеп жасына дейінгі балаларға еңбек тәрбиесін берудің теориясы
1.1 Мектеп жасына дейінгі балаларды еңбекке баулудың маңызы
Адамның адам болып қалыптасуының құралы - еңбек. Еңбектің нәтижесі әрбір адамға, оның еңбекке саналы, шығармашылық көзқарасына байланысты. Олай болса бүгінгі таңдағы қоғам қажеттілігі - жас ұрпақтың бойында еңбекке ынталандыруды тәрбиелеу, болашақ еңбек жолын дұрыс таңдауға баулу. Баланың жеке басының еңбекке бейім болып өсуі оны еңбек тәрбиесіне баулуға тікелей байланысты.
Мектеп жасына дейінгі балалардың еңбек тәрбиесінің негізгі міндеті сәбилік шақтан бастап оларды қарапайым еңбек дағдыларына баулу және балалардың еңбекке дұрыс көзқарасын қалыптастыру. Еңбек тәрбиесі қоғам мүддесі үшін еңбек ететін жан-жақты дамыған адам даярлау мақсатында бағытталады.Күнделікті тәрбиеде саяси-идеялық, адмгершілік, еңбек тәрбиелерін қисынды бірлікте жүргізе отырып, тәрбиенің өзге салаларын да іске асыру міндеті қойылады.
Н.К.Крупская мен А.С.Макаренко баланың мінез-құлқындағы еңбекке бағыт алу мектептен көп бұрын, отбасы мен балабақшада тәрбиеленуі тиіс деп есептеген.Бала ойластырып ұйымдастырылған еңбек тәрбиесі арқылы дұрыс әрекет жасап, қоршаған орта жайында алғашқы мағлұматтар алып, айналадағының бәріне қызыға қарайды, еңбекті жақсы көруге әдеттенеді.
Еңбек балалардың жауапкершілік сезімін тәрбиелеумен қатар анализаторларын (көру, есту, түйсіну, сезіну, иіс, дәм) дамытуға мәнді ықпал етеді.
Еңбек бұлшықет пен барлық дене мүшелерінің қызметін күшейтеді, бүкіл дененің еңбекке қабілетін арттырады, жүйке жүйесін дамытады.Еңбек процесі баланың анализаторларын жаттықтырып қана қоймайды, сонымен қатар ми қызметінің дамуына үлкен әсер етеді, «бұлшықет сезімін» де дамытады.
Дене күші мен ақыл-ой жұмсауды қажет ететін кез келген еңбек процесі баланың ырықты зейінін, бақылампаздығын, тапқырлығын дамытады. Үш жасқа дейінгі бала еңбекке физиологиялық, психологиялық процесімен байланысады, оның білімге ынталануына, ақыл-ойының, тілінің дамуына мүмкіндік тудырады.
Тәрбиеші ұйымдастырған еңбек әрекетінде үлкендердің сөзі, өнегесі еңбекпен ұштастырылып, ол баланың білімі мен іскерлігінің терең, дәл, дұрыс болуына ықпал етеді. Ересек адамдар балаларға еңбектің мәнін түсіндіріп, іс-әрекетке бағыттайды, көрсетеді, үйретеді, ақыл-кеңес беріп көмектеседі. Ғылыми зерттеулердің нәтижесі бұл шақтағы баланың жүйке жүйесінің икемді, оның әдеті мен дағдысын тәрбиелеудің ең қолайлы кезеңі болып табылатынын, дәл осы кезде шартты байланыстар жүйесінің тез құрылатындығын дәлелдейді [3, 15-17б].
Әсіресе балаларды адамгершілікке тәрбиелеуде еңбектің рөлі ерекше. Баланың жас ерекшелігін, қызығушылығын ескеріп ұйымдастырылған еңбек оларда сезімтал көңіл күй, терең тебіреніс тудырып, еңбекке дұрыс қарым-қатынас қалыптастырудың алғашқы нышандарын егеді. Еңбек барысындағы тебіреніс өзге адамдарға деген жақсы қарым-қатынасты, көпшілдік сезімінің алғышартын қалайды.
Отбасында, балабақшада дұрыс ұйымдастырылған еңбек баланың мінез-құлқының моральдық жағымен қатар ерік-жігер, мақсаттылық, табандылық сияқты адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеп, еңбекке күш жұмсауға дағдысын қалыптастырады.
Еңбек барысында тапсырылған жұмыстың қажеттілігін, мәнділігінтүсіну баланың еңбекке қызығушылығын дамытып, еңбегінің нәтижесін рухани нәр алу, қанағаттану, жауапкершілік сезімін тудырады. Ал мәнін түсінбеген еңбек оларды қызықтырмайды. Сөйтіп, сәбилік және мектепке дейінгі шақтағы еңбек барысында баланы жан-жақты дамытудың, еңбекке деген дұрыс көзқарасын қалыптастырудың негізі қаланады. Еңбек тәрбиесінің басты қағидасы - мақсаттылық. Баланы жоғары құндылық деп бағалап, оның ерекше қабілетін және дарындылығын көре білу, сол ерекшеліктеріне сәйкес өз еркімен таңдаған еңбектің түрін меңгеруге қоғамдық ортада тиісті жағдай жасап, бағыт-бағдар беру. Шығармашылыққа, іскерлікке бейімдеу.
Балалардың еңбекке деген дұрыс көзқарасын қалыптастыру, өз-өздеріне қызмет етуге үйрету, бір-біріне кедергі жасамай еңбек етуге үйрету. Ойнап болған соң ойыншықтарын орын-орнына жинауға тәрбиелеу. Балаларды балабақшадағы еңбек жұмыстарына араластыру ойын бұрышындағы кезекшілікті атқаруға үйрету. Үлкендердің көмегімен гүлдерді суару, ағаштарға су құю, оқу құралдарын тарату, ас ішу кезінде тарелка, қасықтарды қойып шығу сияқты жұмыстарды үйрету. Үлкендердің еңбегінің және еңбектің қажеттілігі жөнінде түсінік беру. Балаларды алдына мақсат қоя білуге, оған жетуге үйрету жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру. Арнайы жабдықтарды дұрыс пайдалану, қадірлеу, қайта орнына қою, бір-біріне көмек көрсетуге тәрбиелеу. Балаларды жұмысты бастап оны аяғына дейін жеткізуге тәрбиелеу. Балабақшадағы еңбек жұмыстарына қатысу, ұжымдық еңбекке үйрету. Ертегі, әңгімелерді кейіпкерлер арқылы «Еңбек түбі - зейнет» екенін түсіндіру. Үлкендер еңбегін құрметтеуге баулу. Мысалы: «Бір уыс мақта», «Бұзау бақтым», «Көйлекті маған кім берді?», «Қайдан келдің, бауырсақ?» деген әңгімелер арқылы барлық заттардың еңбекпен келетіндігін түсіндіру [4, 179-181 б].
А. С. Макаренко еңбек тәрбиесі туралы дәрістерінде балалардың тұрмыстық еңбегшің қарапайым түрлерінің маңызды рөлін ашып берді, сол еңбекте олардың мінез-құлқында дербестік, жауапкершілік, өзін-өзі үйымдастыру, мақсат қоюшылық қалыптасатынын атап көрсетті. Еңбек ете білетін балалар еңбек бейнетінің қадірін біледі, басқа адамдардың да еңбегін құрметтейді, көмекке зәру кісіні тез байқайды. Еңбек үстінде балалар белсенділік, тапқырлық, қайсарлық, нәтижеге жетуге ынталылық көрсетеді, олардың бойында шама-шарқына қарай ересектерге қолқабыс тигізу ниеті калыптасады.
А. С. Макаренконың еңбектерінде балалардың еңбегін ұйымдастыру, бірте-бірте оның мазмұнын күрделілендіріп баланың өзін ұйымдастыруда қойылатын талап дәрежесін көтере түсу туралы ұсыныстар айтылады, балалардың отбасыда тұрақты еңбек міндеттері болуының, олардың ортақ іс-ке қатысуының маңызы атап көрсетіледі.
Мектепке дейінгі совет педагогикасы Н.К.Крупская мен А.С.Мака-ренко негізін қалаған еңбек тәрбиесінің негізгі принциптеріне сүйене отырып, балаларды еңбекте тәрбиелеу проблемаларын талдайды[5, 45-52 б. ].
Мектеп жасына дейінгі балаларды еңбекке баулуға тарихи кезеңдерге түрліше мән берілген. Осы кезеңге дейінгі еңбек тәрбиесінің міндеттері еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу, еңбекті құрметтеу, еңбек мәдениетін және еңбек ету дағдысы мен біліктілігін қалыптастыруды көздейді.
Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында мектепке дейінгі балаларды қоғамдық және әлеуметтік тұрғыдан тәрбиелеу мәселелерімен қатар еңбек тәрбиесі ерекше қолға алынды. 1919 жылы мектепке дейінгі тәрбиенің мәселелері қарастырылған I съезде балабақша мен мектепте еңбек тәрбиесін бірізді жүргізу міндеттері анықталып, оның талаптары белгіленді.
Р.И.Жуковская балалардың ойын арқылы еңбек дағдыларын қалыптастыру, еңбек әрекетіне жұмылдыру, еңбек әрекеті ойынды байытуға бағытталуы тиіс деген. 1960 жылдары мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің ұсынысы бойынша ең бастысы балаларды ересектің еңбегімен таныстыру маңызды деп саналып, баланың өздігімен орындайтын еңбек әрекеттеріне мән берілмеді.
В.Г.Нечаева, Г.Н.Година, Д.В.Сергеева, Р.С.Буре, Л.И.Захаревич тағы да басқа ғалымдардың мектепке дейінгі балалардың еңбектегі психологиялық ерекшелігіне, еңбек дағдылары мен біліктерін игеру деңгейлеріне, ұйымдастырылуы әдістемесіне қарай еңбек түрлерін өзін-өзі қызмет ету, шаруашылық-тұрмыстық еңбек, қол еңбегі және табиғаттағы еңбек деп бөлгендерін атап кетуге болады. Бірақ, сол кездегі теориялардың қай-қайсына да көз жүгіртсек, халық тәжірибесіне сүйенбегенін, тұрмыстық салт-дәстүрлерді ескеріп ұйымдастырылу қарастырылмағанын байқадық
[6, 10-17].
Бүгінгі таңға дейін қоғамның дамуына байланысты мектепке дейінгі балалардың еңбегінің түрлері терең зерттеліп, мазмұны анықталуда. Соның ішінде В. П. Нечаева, П. О. Абдулвагаева, Е. Н. Герасимова, Г. Н. Годинаның зерттеулерінде өзіне-өзі қызмет ету еңбегі 5-6 жастағы балалардың өзін күтуі, ересекке тәуелсіз болып, өзінің ісіне сенімі қалыптасып ұқыпты, әдемі, өзі киіне алу біліктілігі, сыртқы келбетіне қарай алуы керек делінген. Балалар еңбегінің бұл түрін халқымыздың тұрмыс салтымен байланыстырып ұйымдастыруға болады.
Табиғаттағы еңбек арқылы балаларды еңбекке баулу туралы А.К. Бондаренко, Н.Н.Кокорева, Е.И.Кокорева, А.Ф.Мазуринаның еңбектерінде зерттелген. Ғалымдардың пікірінше, 5-6 жастағы балалардың табиғаттағы еңбегі өсімдіктер мен жануарларға күтім, бақшада көкөніс өсіру, үлескені жасылдандыру, аквариумды тазартуға араластыру. Еңбектің бұл түріне ертеде қазақ халқы балаларын мектепке дейінгі кезеңнен баулыған және түрлі тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалана білген.
В. С. Мухинаның еңбегінде бала тәрбие үрдісінде әрекеттің (орамалмен сүртінуі, қарындашпен сурет салу, мүсіндеу) сан алуан түрін меңгереді. Мұның бәрі сыртқы нәтижеге бастайтын практикалық іс-әрекет. Сонымен бірге баланың ішкі іс-әрекеті де қалыптастасады, оның көмегімен бала заттарды қарайды, қасиеттерін анықтайды, бір-бірімен байланысын ашады. Осындай ішкі іс-әрекеттің қалыптасуы бала дамуының негізгі еңбек мазмұнын құрайтыны айтылады. Қ.Жарықбаев адам іс-әрекеттің белгілі бір түрімен айналысу арқылы ғана сыртқы ортамен белсенді түрде байланыс жасайды дей келіп, «әрекет дегеніміз - түрлі қажеттіліктерді өтеуге байланысты белгілі мақсатқа жетуге бағытталған үрдіс» деп анықтама береді. Біздің ойымызша, бала өзінің қажеттерін өтеу үшін (ойын, еңбек үстінде) бар мүмкіндігін пайдаланады, әрекет етуге талпынады.
Психолог Я.Л.Коломинский, Л.В.Финькевич зерттеулерінде 5-6 жас аралығында бала ойын мен еңбек арасындағы айырмашылықты аңғарып, еңбек құралдарын орнымен пайдаланып, еңбек операцияларын орындап, еңбектің обьективтік мақсатын қоя біліп, оның қоғамдық пайдалы бағыттылығын түсіне бастайды. Мектеп жасына дейінгі кезеңде еңбекті дұрыс ұйымдастыру баланы жүйелі түрде еңбекке баулудың, еңбек дағдыларына үйретудің алғашқы қадамы.
Бірте-бірте еңбек етуге деген қажеттілікті ояту баланың болашақ өмір сүру қажеттілігіне айналуға алғышарт болады. А.В.Запорожец мектеп жасына дейінгі балаларды тек еңбек нәтижесі ғана емес, оның басқа адамдар үшін маңыздылығы да қызықтыратындығын айтады. Балалар қағаздан, ағаштан әр нәрсе жасауға, ересектерге көмектесуге қызығады, егер ересек тарапынан қолдау болса, балалар өздеріне тапсырылған іске неғұрлым саналы ниетпен қарап, орындауға талпынады. 5-6 жастағы балаларда алғашқы еңбек әрекеті қалыптасып, ересектен көмек сұрап қана қоймай, өздеріне де көмектесу ниеті пайда болады. Мектеп жасына дейінгі балалардың еңбек әрекетінің өзіндік мақсаты, мотиві, жоспары нәтижесінің өзіндік ерекшеліктері болады. Аталған құрылымдар еңбек әрекетінің үрдісінде көрініп ересектердің көмегімен дамып жетілетіндігін айтады.
Психологтардың пікірін негізге ала отырып, біз қазақ халқының бала тәрбиесінде қолданған көтермелеу, мақтау, бағалау, талап ету, қолдау әдістерін балаларды еңбек әрекетіне мақсат қоя білуге тәрбиелеуде басшылыққа аламыз. Мектеп жасына дейінгі балалардың мақсатқа бағытталған еңбек әрекеті баланың қалай орындағанына ғана емес, не үшін еңбектенгеніне байланысты. 5-6 жастағы балалардың еңбек әрекетіндегі мотиві негізінен ересектердің мақтауы, ересектермен қарым-қатынас жасауы, өзін көрсетуі үшін болады. Бірақ, мектеп жасына дейінгі балаларды материалдық марапаттау үшін еңбекке баулуға мүлде болмайды. Сондықтан мотивация баланың жеке сапаларын қалыптастыруда қатты ықпал етеді.
Р.И. Дзарасов мектеп жасына дейінгі балалардың еңбекті қажеттілігіне айналдыруы, олардың мінезіндегі ауытқудың алдын-алу үшін қажетті міндет болып табылатынына ерекше мән береді. Еңбек процесінде тапсырылған жұмыстың қажеттілігін, мәнділігін түсіну баланың еңбекке қызығушылығын дамытып, еңбегінің нәтижесінен рухани нәр алу, қанағаттану, жауапкершілік сезімін тудырады. Мектеп жасына дейінгі балалардың психологиялық ерекшеліктерін ескеріп, олардың еңбекке деген қоғамдық мотивін қалыптастыру әрбір педагогтің міндеті.
Қызығулар балалардың кішкентай кездерінде ерекше байқалатындығы тәжірибеде дәлелденген. Ғалымдардың айтуына қарағанда, қызығудың нәтижесінде мектеп жасына дейінгі кезде техника саласына әуес болған бала, мектеп қабырғасында физика, қол еңбегі сияқты пәндерге ықылай қойып, мектеп бітіргеннен кейін де сол салада нәтижелі еңбек етіп, өз қабілеттерін жақсы көрсете алады. Демек, баланың қызыға білуінің де маңызы зор, қызығуы «тұрақты» қасиетке айналған бала ғана іс-әрекеттен жақсы нәтиже шығара алады. Қызығуы тұрақтанбаған адам қызметтің қай саласында болмасын пәрменді еңбек ете алмайды. Қызығу пәрменді, белсенді болуы үшін бала тікелей әрекетпен айналысуы керек. Қызығу қажеттіліктен туындайды, ал қажеттілік дегеніміз - өмір сүрудің, тіршілік етудің арқауы болмақ. Біз зерттеу нысанамызға байланысты мектепке жасына дейінгі балаларды еңбекке баулу міндеттеріне:
-еңбекті жақсы көруін, ересек еңбегіне құрметпен қарауға тәрбиелеу;
-қарапайым еңбек білім, дағдалары мен біліктерін қалыптастыру;
-еңбек етуге қажеттілігін дамыту;
-ұлттық тұрмыс салт-дәстүр негізінде болашақ еңбекке даярлау жатады.
Соңғы міндетті шешу үшін, оның мазмұнын жүзеге асыру жолдарын анықтау қажет. Балаларды қазақтың тұрмыс салт-дәстүрі негізінде еңбекке баулуда парасатты мінез-құлық пен адамгершілік, еңбексүйгіштік қасиеттерді тәрбиелеп, қалыптастырудың мүмкіндігі зор [7,15-16 б.].
Жас ұрпақты еңбекке тәрбиелеу - маңызды педагогоикалық процесс. Өйткені, болашақ қоғам азаматтары өздерінің адамгершілік қасиеттерін,абыройын,өмірден алатын орнын тек қана еңбек арқылы ғана ақтай алады. Еңбекке баулуда бала күнделікті өмірге қажетті дағдылар мен ептіліктерді меңгеріп қана қоймай,еңбек баланың ақыл-ойының дамуына әсер ететіндей,бастаған ісін соңына дейін аяқтауына,оның әсем де әдемі болуына назар аударту көзделеді. Еңбекке тәрбиелеудің негізгі мақсаты – еңбек сүйгіштікке тәрбиелей отырып, оның нәтижесіне қуана білуге, балалардың күшін толықтыруға және денсаулығының нығаюына жәрдемдесу, дене қозғалысының үйлесімді, сергек болуына ықпал ету.
Еңбекке баулудың өзіндік ерекшелігі - оның ойынмен тығыз байланыстылығында. Олардың ойыны мен еңбегін ажырату қиын, өйткені алғашқы еңбек әрекетінің қарапайым элементі ойыннан басталады. Еңбекте жаңа заттармен, құбылыстармен кездеседі, оларды танып біледі, соның нәтижесінде алғашқы қанағаттану сезімдері пайда болады. Сондықтан бұл кездегі бала іс-әрекетінің ерекшелігі мақсатының тұрақсыздығы, басқа нәрсеге көңілінің тез ауып кететіндігі.
«Адамды - адам еткен еңбек». Жалпы адам баласы өмірге келген күннен бастап еңбекпен тығыз байланыста болады. Себебі, шыр етіп өмір есігін ашқан сәттен бастап ана сүтін емудің өзі еңбекке жатады. Еңбек дегеніміз бойымыздағы энергия яғни күшіміз, осы күшті пайдаланудың өзі еңбек. Адамдар еңбек ету арқылы көптеген жетістіктерге жетеді. Күнделікті ішіп-жейтін тамағының киетін киімінің өзі еңбекпен келеді. Мысалы: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»- дегендей жерге дән сеуіп, оны күтіп баптап өсіреді. Базарға апарып сатып, ақшасына тамақ, киім алады.
Балалардың еңбегі туралы айтатын болсақ, күнделікті өмірде кездесетін көзге көріне бермейтін, өзіміз мән бермейтін қарапайым еңбек түрлері өте көп. Мысалы, 2-3 жастағы баланың өздігінен тамағын ішіп-жеуі, ойыншығын, киімін жинауының өзі олар үшін үлкен еңбек. Баланың өз-өзіне қызмет қыла білуінің өзі еңбекке жатады. Еңбекке баулу арқылы баланың есте сақтау, көру, сезіну қабілеттері арта түседі. Мысалы: Шұлығын, қолғабын, бас киімін, көйлегін киетін кезде оны қай жерге киетінін, ойлау, көру, есте сақтау қабілеттері арқылы жасалады. Баланың әр жасаған еңбегін, қылығын мақтап отыру қажет. Мысалы: Ой, жарайсың, бәрекелді, өте жақсы, керемет деген сөздер баланы еңбек етуге деген қызығушылығын оятады.
Баланы ойын арқылы да еңбекке баулуға болады. Баланың ойынына аса мән беру керек. Ұлы педагог, А.С.Макаренко айтқандай бала ойын кезінде қандай болса, кейін есейгенде жұмыс орнында да сондай болады. Сондықтан бала кезінде ойнаған кезде баланы қадағалап, ойынына мән беру керек. Егер дұрыс емес екеніне көз жеткізсеңіз, дұрыс жолға бағыттау керек. Бала ойын ойнағанда үлкендерден немесе теледидардан көргендерін қайталайды. Өйткені ойын кезіндегі іс-әрекеті қимыл қозғалысы бәрі өз отбасында көрген білгендерінің айқын дәлелі. Баланың ойыны арқылы отбасындағы беріп жатқан тәрбиенің қандай екенін аңғаруға болады және қандай мамандық иесі екенін білуге болады. Сондықтан баланың көзінше артық сөз, артық қимыл жасаудың қажеті жоқ. Балаға ата-ана жақсы жағынан көрінуі қажет. Сондай-ақ баланы еңбекке баулу арқылы адамгершілікке, мейірімділікке тәрбиелеу болып есептеледі. Мысалы: Жерде жатқан нанды алып қоюы, киімін күтіп киюі бәрі адамгершілікке, үлкендердің еңбегін сыйлағаны болып есептеледі.
Жас ұрпақтың бойына еңбек ету дағдысын, өмірге дұрыс көзқарасын қалыптастырып, дамытуда еңбек тәрбиесі шешуші факторлардың бірі болып саналады. Еңбек тәрбиесі баланың қоршаған дүние мен нақты заттарды танып, білуінің бірден-бір сенімді құралы. Демек, еңбек тәрбиесі балалар өмірінің алғашқы жылдарынан-ақ ойын әрекеті үстінде басталып, кейін еңбек әрекетінде жалғасын табады. Балалардың жас ерекшеліктеріне қарай жүргізілген қарапайым еңбек түрлері, олардың алғашқы білім-түсініктерімен қатар интеллектуалдық деңгейлерінің негізін қалауға көмектеседі.
Мектепке дейінгі қоғамдық тәрбиені қалыптастыруға, оның жұмыс мазмұны мен әдістерін талдауға А.П.Усова, Е.А.Аркин, Е.И.Тихеева т.б. үлкен үлес қосты. Осы аталған ғалымдар мектепке дейінгі тәрбие теориясының жан-жақты дамып жетілуіне, балалардың еңбек іс-әрекеттерінің қалыптасуына, еңбек дағдыларының дамуына үлкен мән беріп, зерттеу жұмыстарын жүргізді [8,14-20 б.].
Бүгінгі таңға дейін қоғамның дамуына байланысты мектепке дейінгі балалардың еңбегінің түрлері терең зерттеліп, мазмұны анықталуда. Соның ішінде өзіне-өзі қызмет ету еңбегін В.П.Нечаева, П.О.Абдулвагабаева, Е.Н.Герасимова, Г.Н.Годинаның зерттеулерінде 5-6 жастағы балалардың өзіне-өзі қызмет етуі өзін күтуі, ересекке тәуелсіз болып, өзінің ісіне деген сенімі қалыптасып, ұқыпты, әдемі, өзі киіне алу біліктілігі, сыртқы келбетіне, шашына қарай алуы керек делінген. Өзіне-өзі қызмет ету еңбегі негізінде заттарына мұнтаздай қарай алуы, киімдерін жыртпай, бүлдірмей сақтап, ұқыпты бүктеп қоя алады. 6 жаска келгенде сурет, еңбек ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде жұмыс орнын даярлауы, ыдыс-аяғын жуып, жинап қоюы, төсек жаймасын жая білуі, ойыншықтары мен кітаптарын жинай білуі қажет екендігі анықталған. Балалар еңбегінің бұл түрін де ұжымдыққа тәрбиелеуге байланыстырып ұйымдастыруға болады [9, 30-45 б.].
Достарыңызбен бөлісу: |