Олжастанудың деректі көздері.
Жарты ғасырдан астам уақыт жазылып келе жатқан ақынның шығармашылығына арналған барлық авторлық зерттеу мақалалары объективті түрде аса маңызды дерек көздерін құрайды. Өйткені бұл мақалаларда ақынның таза шығармашылығынан бөлек, оның өмірі мен қызметіне қатысты біздің зерттеу жұмысымыз үшін өте маңызды өмірдеректік естеліктер, тұрмыстық детальдар немесе дүниетанымдық материалдар беріліп отырылады. Алайда зерттеу жұмысының - негізгі дереккөздері О. Сүлейменовтің өзінің төл туындылары: өлеңдері мен поэмалары, ғылыми публицистикалық мақалалары мен сұхбаттары және жеке күрделі еңбектері. 1959 жылдан 1980 жылдардың бірінші жартысына дейінгі жазылған өлеңдері мен поэмаларын сараптай отырып, ақынның әр жылдардағы жан жағдайын, психологиялық көңіл-күйін, шығармашылық өсу сатыларын аңдауға болады. Алғашқы өлең кітаптарынан-ақ ақынның болашақ тарихи, өркениеттік дүниетанымдық көзқарастарының нобайларын, азаматтық ұстанымдарын айқын сезуге болады.
Мысалы, шығармашылық жолының басталуы жылдарындағы ақынның өлеңдеріне айрықша албырттық, қызба патриотизм, үстірт тарихи сарын, шиеленісті ұлттық сезім және жалпы адамзаттық ауқымға ұмтылыс тән болды [1]. «Балалық. Бау-бақша. Аптап», «Ертегі», «Балкон», «Бір соғыстың аяғы бір соғыстың басына» атты өмірбаяндық естелік сипатындағы өлеңдерінен ақынның балалық және бозбалалық шағындағы жан дүниесіндегі ізденістерден, тұлға ретінде қалыптасу процессінен мол хабардар алуға болады. Автормен бірге соғыстан кейінгі Алматының көріністерін елестетіп, адамдарының тіршілік тынысымен, тұрмыстық нақыштарымен танысасыз. 1962 жылы шыққан «Нұрлы түндер» жинағында «Бір сөздің өмірбаяны» атты қара сөзбен жазылған өлеңінде ақын өз отбасы және әулетінің тарихына қатысты мәліметтер береді. Атап айтқанда, ақынның жетінші бабасы, Абылайхан қолбасшыларының бірі Олжабай батыр мен оның өсиеті жайлы шежірелік материалдар келтіріледі. Бұл кітапта сондай-ақ, ақын өзінің Мәскеудегі А.М. Горький атындағы әлемдік әдебиет институтында қалыптасқан шығармашылық атмосфера мен бірге оқыған достары туралы қысқа да мөлтек сыр шертеді, үзік бояумен мәліметтер айтылады. Бұл желі 1970 жылы Ташкентте шыққан «Ақ өзеннің үстемін...» және 1989 жылы Алматыда жарық көрген «Қаңтардан сәуірге дейін» жыр жинақтарында онан әрі дамытылады.
«Қасқырдың бөлтіректері», «Қара ағаш» өлеңдері кеңестік қатқыл режим жағдайындағы ақынның көңіл-күйін білдірсе, 1963 жылы жазылған «Жапан дала жабайы» өлеңі Семей полигонындағы ядролық сынақтардың жүргізілуіне қарсы ақынның алғашқы наразылық актісі. «Жылымық» жылдардың ауанына сәйкес келетін осы өлеңінің бастапқы нұсқасында ақын «біз қазақтар, осы каторгада туылдық» [2, 260 б.] деп өз ойын ашық білдіреді. Абақты болып көрінген елге қоныс аударуға мәжбүр болған үнгіш, шешен, украйн, қарашай, қырым татарлары және т.б. халықтардан екінші отандастарының атынан кешірім сұрайды.
О. Сүлейменов өлеңдерін бір сөзбен өлең-тарих, өлең-шежіре анықтамасына сыйғызуға болар еді. Өйткені оның қай өлеңін, поэмасын алсаңыз да, тақырыбы: өткен мен бүгіннің өзекті оқиғалары. Өткен мен заманауи тарихи оқиғаларға ақынның беріп отырған бағасы, көркемдік құралдармен бейнеленуі. Бұл жырлар арқылы О. Сүлейменовтің жеке тұлғалық поэтикалық концепциясын айқын аңғаруға болады, қазақ ақыны шығармашылығындағы ұлттық ақындық өнердің, жыраулық толғау дәстүрлерінің орыс тіліндегі тамаша көріністерінің куәсі боламыз. Шығармашылық жолының бастау жылдарында ақынның негізінен ұлттық тарихтың сюжеттеріне, көшпенді өмірдің тұрмыстық нақыштарына, далалық дәстүрлі құндылықтарға басым көңіл бөлгенін өлеңдері арқылы сеземіз. «Шыңғыстауға таяу оның бейіті», «Жайық жағалауындағы жаралы Махамбеттің өлер алдындағы соңғы ойлары» атты өлеңдерінде О. Сүлейменов өзінің ұлттық төл поэзия әлеміндегі пірлері: Абай мен Махамбетке деген «шәкірттік» сүйіспеншілікке толы сезімдерін білдіреді. Олжастың шығармашылық және адами мінез желісінен Абай мен Махамбеттің поэзияларынан нәр алған сабақтастықты табуға болады. Сабақтастық ең бірінші кезекте құрық дегенге көнбейтін асаулықтан, рухани еркіндіктен, өмірлік азаматтық ұстанымдарынан көрінеді. 1963 жылы жазылған «Қазандағы су тасқыны» өлеңінде ақын өзінің атақты гуманистік, өркениеттік - «аласартпай тауларды, асқақтатсам даламды» ұстанымын жариялайды.
Әдетте зерттеушілердің барлығы дерлік әрбір жаңа кітабы шыққан сайын ақынның кәсіптік, дүниетанымдық жағынан үнемі өсу үстінде екендігін және бұл өсудің өте елеулі байқалатындығын айтудан талмайды. 60 жылдардың екінші жартысы 70 жылдардың басында шыққан ақынның жыр жинақтарынан, - «Мешін жылы», «Қыш кітап», «Тал түстегі қайталау» - оның жаңа белеске шыққанын, нақты айтқанда, төл тарихпен қатар шығыс халықтарының көне тарихына поэтикалық құралдармен баруының куәсі бола аламыз. 70-жылдардың ортасы мен соңына қарай дүниеге келген «Дөңгелек жұлдыз», «Аз и Я», «Жағалауды анықтау» атты кітаптарымен таныса отырып, ақынның лирикалық кейіпкерлерінің көңіл күйі мен шығармашылығндағы жанрлық формаларының өзгерістерге ұшырағандығын байқаймыз. Бұл кітаптар ақынның ұлттық фольклорлық материалдарды пайдалану тәжірибелеріне қатысты мол дерек көздерін құрайды. Олжас поэзиясының екі қайнарын құрайтын ұлттық фальклор мен орыс классикалық поэзиясының ықпал дәрежесін нақты таразылауда олар негізгі дерек көздері болып табылады. Ақын өлеңдеріндегі ырғақтарының, қайырмаларының, ұйқастарының, лексикасының, композицияның, ақырғы соңында жанрының ерекшеліктері: «Оттың түрленуі», «Қаңтардан сәуірге дейін», «Жеңу» жыр жинақтарында бәрінен де айшықты сезіледі. О. Сүлейменовтің ақындық өнерінен орыс және қазақ көркемдік жүйелерінің өзара әсерлесуінің ғажайып нәтижелері мен жемісі көрінеді. Зерттеуші Н. Жуанышбековтың айтуынша осы жинақтарда О. Сүлейменовтің «орыс-қазақ консорциумы негізіндегі субэтникалық поэзиясының жаңа маргинальды сапасының тууы» [3, 27 б.] байқалады. О. Сүлейменовтің Қазақстанның көркемдік мәдениетінің, қоғамдық ғылымдарының, оның ішінде тарих ғылымының дамуына және халықаралық атын әйгілеуге қосқан үлесін өлеңдері мен поэмаларынсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан жұмыстың барлық тарауларында ақынның өлеңдері дерек көзі ретінде белсенді түрде пайдаланылып отырды.
Шығармашылығының алғашқы жылдарынан бастап-ақ, О. Сүлейменов поэзиямен бірге ғылымды қатар алып жүрді. Оның ғылыми мақалалар тізімі де деректер қатарынан лайықты орын алатындығы сөзсіз. Дерек көздерінің үлкен топтамасы - публицистикалық мақалалары, очерк, эсселері, шығармашылық одақтарда және басқа да қоғамдық ұйымдар мінберлеріндегі сөйлеген сөздері, республикалық, Одақтық және шетелдік мерзімді басылымдарда берген сұхбаттарынан тұрады. Бұл құжаттар тізбесінен ақынның барлық әдеби жанрларды тамаша меңгергенін білуге болады. 60-жылдардағы жазылған мақалаларының ішінен «Қаһарманым хақында», «Мұрат Хамраев туралы», «Менің Шоқаным» атты мақалаларын бөле-жарып атар едік. 1962 жылы жазылған «Қаһарманым хақында (біздің қалада формализмге қарсы күрес басталды)» [4] мақаласынан сол кезеңде ақынды толғандырған әлеуметтік, әдеби, кәсіптік, азаматтық мәселелер мен тақырыптар жиынтығымен танысамыз. Шығармашылық зиялысының моральдық бейнесіне, жауапкершілігіне, қазақ халқы мен әдебиетінің тарихына, жаңа ұрпақтың алдында тұрған міндеттеріне қатысты көкейтесті ойлары арқылы жас ақынның рухани тұлғалық бейнесінің ауқымын көреміз. Ақын өзіне де замандас әріптестеріне де өте қатаң да жоғарғы талаптар қояды. 1964 жылы жазылғын «Мұрат Хамраев туралы» мақаласы «ұйғыр халқынан шыққан бірінші ғылым кандидаты» талантты жас ғалымның ғылыми ізденістеріне сәттілік тілеуге арналғанымен О. Сүлейменов бұл мақаласында қалыптасқан кеселді аударма практикасына, көне түркі өлеңдерінің негіздеріне, тарихына, техникасына қатысты пікірлерін білдіріп, олардың қазіргі зерттелуі деңгейіне тоқталады, тұжырымдар жасайды - «Түркі өлеңдерінің тарихын, оның көне және қазіргі формаларын, жалпы поэзия тарихынан бөліп алып қарауға болмайды» [5]. О. Сүлейменовті кеңес Одағының түркі тілдес республикаларындағы түркітанушы ғалымдардың көне және орта ғасырлардағы ортақ түркі мұраларын «жекешелендірулері» де ұнамайды. Басқасы басқа, аталған республикалардың ұлттық ғалымдары «мұның қате екенін ұғынуы тиіс еді». XIV-XV ғасырларға дейін өзбек, қазақ, ұйғыр, түрікмен т.б. халықтар әлі қалыптасқан жоқ, - түркі халықтары мен тайпалары болған еді. Сондықтан бұған дейінгі тарихи тұлғалар мен жазба, мәдени ескерткіштерді бөліске салудың мағынасы жоқтын. «Соңғы ғасырда мұраны «бөлісу» басталды, - дейді О.Сүлейменов осы мақаласында, - Барлық ежелгі түрік ұлылары ұлттық болып жарияланды. Әлішер Науаи, Сүлеймен Бақырғани, Ахмет Яссауи өзбек поэзиясының антологиясына кірді. Махмут Қашғари ғана ұйғыр ғалымы атанды. Қазақстан территориясындағы қыпшақ тайпасынан шыққан әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби төңірегіндегі талас енді басталды... Тарихшылар Әбілғазы, Рашид-ад-дин де иесін тапты» [5]. О. Сүлейменов түркі халықтарын бөлетін мұндай практикаға қарсы шығып, халықтарды бірігуге жақындататын нақты орфографиялық ұсыныстарын білдіреді.
Сүйіспеншілікке толы «Менің Шоқаным» мақаласынан ақынмен бірге Шоқанның жан дүниесіне кіргендей әсер аламыз [6]. Мақала ХІХ ғасырдағы қазақ халқы мен Ресейдің арасындағы қарым-қатынастарына қатысты автордың көқарастарын айқындауда өте елеулі дерек көзі. О. Сүлейменов Шоқанның өмірі мен қызметімен шектелмей ХІХ ғасырдағы қазақ даласы мен Ресей империясының ішкі саяси және моральдық портретін сомдайды. Елге ие болып халық мүддесін ойлаудан көрі қарақан басының қамын күйіттеген бас көтерер күштердің - қазақ сұлтандары мен байларының мінез желісіне, отарлық әкімшіліктің озбырлықтарына қатысты пікірлері, қазақтың жаңа тұрпатты зиялысымен алдыңғы қатарлы орыс зиялыларының тағдыры - қасіретті, бірақ үмітке толы бір арнада беріледі.
70 жылдары жазылған мақалалары мен қоғамдық ұйымдар мінберлеріндегі сөйлеген сөздерінің ішінен «Бірінші кезекте тұлға болайық», «Болу және болғансу», «Аңыздан - ақиқатқа», «Көшпенділер және мәдениет: қазақ эксперименті», «Бес-ақын», «Қайыңды дала», «Қойлар неге жүдейді...» мақалалары мен сұхбаттары және 1972 жылы Қазақстан жазушылары Одағының Басқарма пленумында жасаған «Бет жүзің бар демей...», 1978 жылы Азия-Африка елдері жазушыларының халықаралық Ташкент пленумында жасаған «Өзара тәуелділікке», 1979 жылы Илияс Жансүгіровтің 80 жылдығына арналған «Жаңашылдық - 30 жылдардағы қазақ поэзиясының іргетасты прнципі» баяндамаларынан ақынның шығармашылық ізденістерінің жаңа көкжиектеріне қатысты мол дерек көздеріне тап боламыз [7, 42-178 б.]. «Бірінші кезекте-тұлға болайық» мақаласында ақын ҒТР заманында ақындар мен жазушыларға қойылатын қатаң талаптар жайлы ойын білдірсе, «Болу және болғансу» мақаласында Қазақстан қоғамдық ғылымдарын ұйымдастыруға қатысты ой бөліседі. Республикадағы ғылыми кеңестердің жұмысын, диссертациялардың қорғалуы тәртіптерін, ғылыми кадрларды даярлау ісінің кеселді практикасын өткір сынға алады. 1975 жылы «Комсомольская првда» газетіне берген «Аңыздан-ақиқатқа» сұхбатында «Аз и Я» төңірегіндегі даулы мәселелердің мән жәйі нақтыланады [8]. «Бес ақын» мақаласында орыс оқырмандарының Шығыс поэзиясынан: парсы, араб, үнді. Қиыр Шығыс әдебиеттерінен хабардар екенін, бірақ осман түрік әдебиетін мүлде білмейтінін айта келіп ХІІІ-XVIII ғасырларда өмір сүрген түріктің тамаша ақындары: Жүніс Әмре, Махмут Бақы, Ахмед Надим шығармашылықтарымен оқырмандарды таныстырады. Кеңес оқырмандарына белгісіз осман түрік поэзиясына деген ақын көзқарастарымен танысамыз. «Қайыңды дала» -қағажу қалған қазақтың дәстүрлі қолданбалы өнерін қайта жаңғырту қажеттілігіне арналса, «Қойлар неге жүдейді?» - кеңестік Қазақстан жағдайындағы мал шаруашылығының жәй жапсарына арналған. Автор бұл салада қалыптасқан келеңсіз көріністерді суреттейді. Қоғамдық көпшіліктің назары кезек күттірмейтін шаруашылық мәселелеріне аударылады.
«Бет-жүзің бар демей?» баяндамасында О. Сүлейменов қазақ әдеби сынының өткені мен бүгінгі тарихына көктей шолып өтеді. Негізгі асуларына тоқталады. Қазақ әдебиет сынының тәжірибелі мамандары М. Қаратаев, З. Кедрина, Ш. Елеукеновтермен қатар жас сыншы әдебиеттанушылар М. Әуезов, Р. Нұрғалиев, А. Сүлейменов, З. Серікқалиев, М. Мағауин, С. Әшімбаевқа салиқалы кеңестерін береді. Қазақ тарихи романына деген көзқарастары жалпы тарихқа оның ішінде қазақ тарихына деген жоғарғы теориялық және әдіснамалық талаптармен ұштасып жатады. Ақынның жол жөнекей орыс қоғамдық пікірінде ұнамды бейнелетін ХІХ ғасырдағы орыс генералы Скобелевтің қызметіне қатысты сыни көзқарастары да деректік қызығушылық тудырады.
О. Сүлейменовтің Азия-Африка елдері жазушыларының азаттық, ағартушылық, мәдени-интеллектуальдық қозғалысына белсенді қатысқаны белгілі. Бұл орайда «Өзара тәуелділікке» баяндамасынан ақынның осы қозғалыстың атқарған қызметіне байланысты тың деректермен танысамыз. Сондай-ақ, ақынның адамзат өркениетінің ара қатынастарына, ҒТР жағдайындағы зиялылардың рөліне, қазіргі мәдени-әдеби процесстерге қатысты теориялық ізденістерінің жаңа нәтижелерімен танысамыз. «Жаңашылдық - 30 жылдардағы қазақ поэзиясының іргетасты принципі» - көрнекті қазақ ақыны И. Жансүгіровтің ақындық әлемі мен өмір сүрген дәуіріне тереңдей бойлаудың қайталанбас үлгісі. Ақын И. Жансүгіров шығармашылығынан бөлек, тарихқа деген соны концепциясын тереңдете түседі. Жаңа дәлелдер мен дәйектер келтіреді.
80 жылдардың басындағы «Біз іс-әрекет жасау үшін келгенбіз» мақаласында ақын өзінің жеке шығармашылық зертханасына және оқырмандарымен байланысына қатысты мол мәліметтер береді [9]. Қазақстанның ХІХ-ХХ ғасырлардағы мәдениеті мен тарихына, тарихнамасына қатысты пікірлерін білдіреді. 1984 жылы София қаласында өткен ақын-жазушылардың халықаралық кездесуінде сөйлеген сөзі жаһандық «Соғыс пен Бейбітшілік» мәселелеріне арналады. 80 жылдардың екінші жартысынан О. Сүлейменовтің мерзімдік басылымдарда мақалаларынан гөрі, сұхбаттары жиелей түсіп, оларда бұрынғысынша ақынның тарихқа, өзінің шығармашылық өмірбаянына, жекеленген кітаптарының тағдырына және әлемде, Кеңес Одағындағы «қайта құру» процестеріне, Қазақстанда болып жатқан әлеуметтік-саяси өзгерістерге, антиядролық «Невада-Семей» қозғалысының құрылуы мен қызметінің барысына қатысты мол мәліметтерге кезігеміз [10]. Бұл бағыттағы дерек көздерін жекеленген мақалалары мен КСРО халық депутаттары жоғарғы Кеңесінде сөйлеген сөздері толықтыра түседі» [11]. 1989 жылы О. Сүлейменовтің «Эссе, публицистика. Өлеңдер, поэмалар, «Аз и Я» жинағы шықты. Жинаққа ақынның «кінәрәтті кітабына» қатысты кезінде Д. Қонаевқа жазған хаты тұңғыш рет енгізіліп, жария етілді.
1991 жылдың желтоқсанында КСРО-ның тарауы, Қазақстанның егемендік алуымен О. Сүлейеменовті қызықтырған тақырыптардың шеңбері онан сайын кеңейе түсті. Ақын поэзия, тілтану, тарих, өркениет тақырыптарынан бөлек экология, идеология, социалистік идеялар, әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени, халықаралық дипломатия, партиялық жүйе, мемлекет құрылысы, азаматтқ қоғам, ұлт, тіл мәселелерімен тікелей айналысып пікірлерін мерзімдік басылымдарда білдірді. 1991 жылдың қазан айында өзі құрған «Қазақстан халық конгрессі» партиясының мақсаты мен міндеттерін, бағдарламасын түсіндіру бағытында ұйымдастырушылық, үгіт насихат жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстардың барлығы ақынның осы жылдары мерзімдік басылымдар мен БАҚ құралдарына берген сұхбаттарында бейнеленді [12]. Нәтижесінде ақынның КСРО дан кейінгі әлемдік тарихи дамудың жаңа тенденцияларына, қазіргі заманғы Қазақстан мен посткеңестік республикаларда болып жатқан тарихи оқиғалар мен саяси-мәдени процесстерге, кеңестік және Қазақстандық жекеленген тарихи тұлғаларға қатысты көзқарастарын бағамдауға мүмкіндік беретін орасан зор деректік материалдар жинақталды. Тілшілердің білуге деген құмарлығымен ақынның шығармашылық қызметі мен өмірбаянына байланысты жаңа өмірдеректер қоғамдық көпшіліктің иелігіне айналды.
Дәл осы жылдары жазылған публицистикалық мақалалары елдің атқарушы орындарына кеңес беру, қоғамдық саяси өзгерістерді талдау, сараптау сипатында болды. Біз ақынның елдің саяси-мемлекеттік жүйесін жетілдіруге қатысты ұсыныстарымен таныса аламыз. Сондықтан бұл мақалалар маңызды дерек көздерінің қатарынан орын ала алады [13]. Деректердің келесі бір тізбегін ақынның антиядролық «Невада-Семей» қозғалысы мәжілістері мен «Қазақстан халық конгрессі» партиясының пленумдарында, республика жоғарғы кеңесінің сессияларында сөйлеген сөздері құрайды. Қазақстан мен ТМД елдерінің қоғамдық саяси өмірін терең талдауға алған тың деректерге кезігеміз [14]. Ақын сондай-ақ, ондаған жылдық ғылыми ізденістерінің кейбір нәтижелерін мерзімдік басылымдарда жариялап тұрды [15]. Негізгі ғылыми бағытынан алыс социалистік идеялардың теориясы мен практикасына, эволюциясына қатысты ойлары кәсіпқой философ, саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар тарапынан үлкен қызығушылық туғызды [16].
1996 жылы 60 жылдық мүшелтойына орай жазылған өмірбаяндық очеркінде автор тұңғыш рет өзінің шығармашылық жолының негізгі белестеріне қатысты деректерді, тұрмыстық детальдармен толықтыра жария етеді. Очеркте - әсіресе, ақынның Мәскеудегі жоғарғы әдеби институтта оқыған кезеңіне қатысты мәліметтер маңызды. Бұл деректер арқылы О. Сүлейменов оқыған әдебиет институтындағы жоғарғы шығармашылық ахуалды бағамдауға болады. Ақын өмірінің осы кезеңіне қатысты деректер Ә. Әлімжановты еске алу және досы Р. Рождественскийге арналған мақалаларында толыға түседі [17]. Бұл мақалаларда өзі мен өз ұрпағының кеңестік жүйедегі алатын қоғамдық саяси орнына байланысты ой-толғамдарын білдіреді. Рухани әкесі Әбдуали Қарағұловтың қазасына орай тәлім тәрбиесінен, өскен ортасынан мол деректер аламыз. Ғасырдың соңында ақынның жастық шағындағы «Адамға табын жер енді» кредосының - «ХХІ ғасыр: адам жерге табын» ұранымен алмасқанының куәсі боламыз [18].
ХХІ ғасырдың басында да ақын шығармашылық белсенділігінен айырылған жоқ. Ғасырлар тоғысында «Жазу тілі», «Тарихқа дейінгі түріктер» атты іргетасты зерттеулері дүниеге келді. Бұл еңбектердің деректік маңызы сонда, біз ақынның адамзат тарихы мен өркениетінің дамуына деген концепцияларының біржолата аяқталып, жүйеге түскенін, нақтыланғанын көреміз. ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығындағы сұхбаттары мен мақалаларында О. Сүлейменов қазіргі заманғы адамзаттық және отандық тарихи дамудың негізгі тенденцияларын айқындауға да айрықша күш салады. Ақынның ХХІ ғасырдың жаңа талаптары: жаһандасу, халықаралық терроризм, діни экстремизм мен фундаментализм заманауи мәдени процесстерге қатысты көзқарастарын айқындауға мүмкіндік беретін бай дерек көздеріне кенелеміз. Бұларда сондай-ақ Тәуелсіздік жағдайындағы Қазақстан дамуының жүріп өткен жолдары: жеңістіктері мен кемшіліктері таразыланады [ 19].
Жаңа ғасырдың басынан О. Сүлейменовтің тәжік шәкірті Сафар Абдулло мен досы Мұрат Әуезов ақынның шығармашылық мұраларын зерттеу және жинастырып бастырып шығаруда көп еңбек сіңіруде. Олардың бастамасымен 2004 жылы «Атамұра» баспасынан ақынның өткен ғасырдың 60 жылдарынан 2004 жылға дейінгі аралықта жазылған шығармалар жинағының 7 томдығы, 2006 жылы «Раритет» және «Дайк-Пресс» баспаларынан «Таңдамалылары» мен шығармашылығын зерттеген авторлардың мақалалар жинағы - «Олжас феномені» жарыққа шықты [20]. Жеті томдықтың құндылығы сонда - тұңғыш рет ақынның осы мерзімге дейінгі шығармалар жинағы жарыққа шығып, оларда ақынның көпшілік оқырман қауымға бұрын белгісіз публицистикалық мақалалары, эсселері; «Таңдамаларында» бұрын цензура «түзелткен» өлеңдері бастапқы қалпында берілді. «Олжас феноменіне» ақын шығармашылығын зерттеген авторлардың топтамасы енгізіліп, ол бұрын саяси себептермен жарияланбай қалған мақалалармен толықтырылды. Қазақстан Республикасының ұлттық кітапханасының 2006 жылы О. Сүлейменовтің 70 жасқа толу мерекесіне орай библиографиялық көрсеткіш даярлауының зерттеушілер үшін деректік маңызы зор болды. Көрсеткіште 1959 жылдан 2006 жылдың сәуір айына дейінгі отандық және шетелдік баспа бетінде жарық көрген материалдар көрсетілген. Көрсеткіштегі әрбір бөлім тараулардан тұрады: 1. О. Сүлейменовтің шығармашылығының жеке басылымдары және олар туралы сын материалдар. 2. О. Сүлейменовтің өмірі мен қызметі жайлы әдебиеттер. Ақын, ғалым және көрнекті қоғам қайраткерінің өмірі мен қызметін зерттеушілерге арналған библиографиялық құралды дайындауда оның ғылыми редакторы Сафар Абдулло және құрастырушылар М.К. Әбілова, Ә.Ш. Сейдембаева , А.М. Өтебаева көп еңбек сіңірген.
О. Сүлейменовтің шығармашылығы мен қызметіне байланысты деректердің құрамдас бөлімін- ақынның қаламдас достары мен әріптестерінің, Қазақстан мемлекеттік қайраткерлері мен күштеу құрылымы өкілдерінің естеліктері құрайды. Бұл бағыттағы жұмыстарды бастап берген белгілі Қазақстан журналисі, ақынның досы Г.Толмачев болды. 1989 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Достарыммен қоштаспаймын» құжатты әңгімелері мен очерктер жинағында ол, - О. Сүлейменов туралы естеліктерін жариялады. Естелік арқылы Олжаспен таныстығы 1958 жылдан басталған автордың - 80-жылдардың соңына дейінгі ақынмен қарым қатынасының қалың көпшілікке белгісіз шығармашылық және тұрмыстық детальдарымен танысуға болады. Дегенмен автор көптеген жәйіттерді айтудың уақытының әлі келмегендігін жасырмайды. Г. Толмачевтің соғыстан кейінгі Алматының әлеуметтік-тұрмыстық көріністерін сипаттай өтуінің деректік маңызы бар. Біз ақынның балалық шағы, өскен ортасы, анасы Фатима Бедельбаева туралы деректерге кезігеміз. Сондай-ақ, естеліктен Олжастың өмірі мен жекеленген кітаптарының тағдыры, кеңестік ғылыми орта, теледидар мен кинодағы қызметі, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі кезіндегі биресми жағдайдағы мінез желісі туралы мәліметтер аламыз.
Г. Толмачевтің «Олжас туралы повесі», шын мәнісінде осы естеліктердің аяқталған жалғасы болды. Автор бұл жолы барынша ашық. Ол бұрынғы айтқандарын жаңа құжатты деректермен толықтыра түседі. О. Сүлейменовтің шығармашылығы туралы жазған танымал есімдердің пікірлерінен берілген үзінділер кітаптың ажарын аша түседі. Автор «Аз и Я» кітабіның КСРО Ғылым Академиясындағы талқылауына қатысқан санаулы Қазақстандықтардың бірі болғандықтан, оның талқылаудың тікелей мән жайына қатысты куәгерліктері айрықша құнды. Антиядролық «Невада-Семей» қозғалысының қызметіне және Қазақстан басшылары Д. Қонаев, Г. Колбинмен қарым-қатынастарының кейбір көріністері де осы қатардан орын алады. 1997 жылы шыққан «Д.А. Қонаевпен болған елу кездесу» кітабында Г. Толмачев оны толықтыра түседі. Жалпы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері, өнер және әдебиет тарландары жайлы көзі тірісінде-ақ кітап жазып оқырмандарға ізін суытпай ұсынуды отандық практикада Г. Толмачев бастап берсе, осы үрдісті әрі қарай жалғастырушылардың бірі Бейбіт Сапаралы болды. Оның 1996 жылы Алматының «Қағанат» баспасынан шыққан «Олжастың балалық шағы» атты кітабында О. Сүлейменовтің «балалық дәуіріне қатысты қадау-қадау ғұмырбаян деректері» қалың оқырман назарына тұңғыш рет ұсынылады. Әсіресе Олжастың өз әкесі Омар Сүлейменұлының тағдырына және әулет тарихына қатысты шежірелік материалдардың деректік маңызы зор. Біз қазақтың бір әулетінің шежірелік материалдары негізінде Абылай заманынан ХХ ғасырдың 30 жылдарына дейінгі жалпы қазақ тарихының бір қырын көктей шолып өтеміз. Әсіресе, атақты тарихшы Л.Н. Гумилевтің, Олжастың әкесі мен шешесінің, мектептегі ұстаздарының, қатар оқыған құрбы құрдастарының және т.б. белгілі қазақ зиялылары естеліктерінің деректік құндылығы ерекше. Сирек кездесетін фото құжаттарда деректердің қатарын кеңейте түседі. Осы деректер негізінде О. Сүлейменовтің балалық және бозбалалық шағын толық елестетіп, алғашқы азаматтық және ұлттық сезімдері қалыптасыуының ерекшеліктерін бағамдауға болады.
Жазушы Бекежан Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы» естелік роман толғауы да О. Сүлейменов туралы айтылмай келген деректерге толы. Әсіресе, 1960-80 жылдардағы Қазақстан жазушылары Одағы мен баспаханаларындағы шығармашылық ахуалға, О. Сүлейменовтің Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшыларымен шиеленісті қарым-қатынастарына және жекеленген өлеңдері мен кітаптарына («Қыш кітап») байланысты бұрын белгісіз тың мағлұматтар алдық. Кітапта О. Сүлейменовтің азаматтық дүние танымы мен адами мінезіне байланысты авторлық жан-жақты байқаулар жүргізіледі. Ақын әртүрлі тұрмыстық ситуациялардан бағаланып оқырмандар үшін жаңа қырынан ашылады. Сондай-ақ, антиядролық «Невада-Семей» қозғалысының дүниеге келу сәтіне қатысты деректерде әсерлі.
60-жылдардан ақынның үзеңгілес досы, жазушы Сайын Мұратбековтің естеліктерінен де О. Сүлейменовтің өмірдегі, қызмет үстіндегі, шығармашылықтағы мінез желісіне қатысты деректер алуға болады [21]. С. Мұратбеков естеліктерінде ақын өмірінің ең қуанышты және ең ауыр күндеріне қатысты маңызды куәгерліктер бар. С. Мұратбеков 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі, антиядролық «Невада-Семей» қозғалысы құрылуының алғашқы күндері О. Сүлейменовтің жанында болды. «Қазақстан халық конгрессі» газетіне редакторлық етті. Сол тұстағы О. Сүлейменовтің сөздері мен баяндамаларын қазақ тіліне аударды. Сондай-ақ, С. Мұратбеков ақын еңбектерінің шетелдерде танымал болуына қатысты да мәліметтер бере кетеді.
О. Сүлейменовтің өмірі мен қоғамдық қызметіне байланысты деректердің қатарын жазушы Тұрсын Жұртбайдың естеліктері молайта түседі [22]. Т. Жұртбай өзінің шығармашылығына тигізген О. Сүлейменовтің ықпалы жайлы мазмұнды жазады. Т. Жұртбай естеліктерінен біз О. Сүлейменовтің сонау 1960 жылдардың басынан қазақ тілінің мемлекеттік статусын көтеру жолындағы бастамаларына қатысты маңызды деректер аламыз. Бұлардың О. Сүлейменовті «қазақ тіліне қарсы» етіп қойғысы келетін жымысқы ойға қарсы мықты уәждер болып табылатыны сөзсіз. «Желтоқсан көтерілісі» өтісімен ізін суытпай жазушылар одағындағы оның құрбандарын құқықтық жағынан қорғау комиссиясы құрылып 1,5 жыл жұмыс істеді. Автор О. Сүлейменовпен бірге осы комиссияның құрамында қоян қолтық жұмыс істеді. Т. Жұртбайдың осы комиссияның жұмысына қатысты деректері біздің тақырыбымыз үшін ғана емес, Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы үшін маңызды.
Ұзақ жылдар партиялық мемлекеттік, шығармашылық басшы орындарда қызмет атқарған ақынның әріптесі, белгілі Қазақстан журналисі Камал Смаиловтың естеліктерінен - О. Сүлейменовтің «Қазақфильм» киностудиясындағы қызмет еткен жылдары туралы мәліметтер аламыз. «Қазақфильмдегі» шығармашылық атмосфераның Олжастың маңайына шоғырланғанының куәсі боламыз. Автор Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мәдениет бөлімінде, Олжас мемлекеттік кино комитетінің төрағасы болған кезде де көп араласты. К. Смаиловтың естеліктерінен, біз О. Сүлейменовтің қазақ киносының жанашыры ретіндегі бейнесін көреміз. Танымал журналист Жанболат Аупбаевтың «Олжас (шығармашылық портреті) – мақаласынан да Олжастың алғашқы өлеңдерінің шығуы тарихына, одақтық «Огонек» журналындағы келеңсіз атмосфера жайында деректер алдық. Автор сондай-ақ ақынның отбасы, әкесі Әбдуали Қарағұлов, бабасы Олжабай батыр туралы да әңгімелейді. Жаппай қысым жағдайында 1976 жылы «Молодежь Эстонии» және Венгр журналдарының бірінде жарық көрген жағымды пікірлер туралы мәліметтер де кәдемізге жарады [23].
О. Сүлейменовтің ата-анасы Фатима Беделбаева, Ә. Қарағұловпен ұзақ жылдар бойы араласқан жазушы-публицист Е. Зікібаевтың эссе естеліктері де ақынның отбасындағы жоғарғы моральдық ахуал туралы деректер қатарын толықтырады [24]. Автор - ақынның отбасылық көптеген іс-шараларының басы-қасында жүрген, бірге атқаруға ат салысқан куәгерлердің бірі. Оның жеке байқаулары да шынайылығымен көзге түседі. О. Сүлейменов шығармашылығы жайлы көп қалам тартатын авторлардың бірі ақын Бақытжан Қанапиянов [25]. Әсіресе, О. Сүлейменов шығармашылығының шетелдерде жариялануына, зерттелуіне, жекеленген кітаптарына арналған конференцияларға, поэзия кештеріне байланысты деректердің басым көпшілігі Бақытжан Қанапияновтың мақалаларынан алынды деуге болады. Бұл бағыттағы мәліметтер Аль-Халель Қарпық жазбаларымен толыға түсті [26]. Ақын Жаппар Өмірбек естеліктерінен О. Сүлейменовтің 1979 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Жағалауды анықтау» кітабының Л. Мартынов жазған алғысөзіне қатысты дау дамайларды белдік [27].
О. Сүлейменовтің қоғамдық істер жөніндегі көмекшісі Майдан Әбішевтің мақаласында желтоқсан көтерілісі кезінде жазықсыз жапа шеккендердің естеліктерінен үзінділер беріледі. Олардан ақынның жазықсыз жандарға қалай араша түскендігі жайлы жанды деректерге орын берілген. М. Әбішевтің мақаласында антиядролық «Невада-Семей» қозғалысының Қазақстаннан тыс халықаралық филиалдарының жұмыстарына көп көңіл бөлінген. Қозғалыстың Қазақстанның барлық облыс орталықтарындағы Мәскеу, Санкт-Петербургте, Алтай өлкесінде, Якутияда, Францияда, Италияда, АҚШ-та, Израильде, Түркияда, Оңтүстік Африка республикасында, Монғолиядағы қызметтері жайлы мәліметтер алынды. Сондай-ақ қозғалыстың дүниеге кездейсоқ келмегендігі, Олжасқа дейінгі қазақ тұлғалары М. Әуезов, Қ. Сәтбаевтың да бұл мәселені көтергендігін растайтын деректер келтіріледі. Қозғалыс жұмыстарымен О. Сүлейменовтің шетелдерге сапары, әсіресе АҚШ-қа сапары, Халықаралық беделді ұйым жетекшілерімен кездесуі жайлы М. Әбішев мейлінше тиянақты жаза білген [28].
Ақынның кинодағы әріптесі, кинорежиссер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сламбек Тәуекелдің мақаласында О. Сүлейменовтің қазақ киносындағы қызметі жеке куәліктері, құжаттық деректер бойынша берілген [29]. Автордың естеліктері бойынша, біз - 60-80 жылдардағы қазақ киносындағы шығармашылық, өндірістік жұмыстардың бүге шегесін, қиындықтар мен алынған асуларды елестете аламыз. Қазақстан кинемотографтары мен Мәскеудегі кинематографтар Одағының басшыларымен қарым-қатынастары туралы естеліктерінің деректік сипаты зор. Автор «Қазақфильм» киностудиясы шығарған фильмдердің дүниеге келуі тарихы туралы да молынан сыр шертеді. С. Тәуекел, - Камал Смаилов пен О. Сүлейменов жұбының қазақ киносына сіңірген еңбегін зор бағалайды. Сондай-ақ, ол нақ осы жылдары «Қазақфильмдегі» ұлан асыр ұйымдастырушылық жұмыстар жайлы, ақынның болашақ киногер жас мамандарды даярлау ісіне қатысты атқараған жұмыстарына жан жақты тоқталады.
Л. Шашкованың «Олжас туы астында» мақаласынан ақынның «Адамға табын жер енді» поэмасының жазылуы, автордың өз орындауында БАҚ құралдары арқылы таралуы, алғашқы шетелдік сапарларының барысы жөнінде мәліметтер алынды [30]. Автор 60-жылдардағы ақынның Мәскеулік кезеңі, әдебиет институтындағы шығармашылық құбылыс - «60 жылдықтар туралы да білікті жазады. «Аз и Я»»ның , жаңа ХХІ ғасырдағы ақын есімінің шетелдердегі танымалдылық деңгейінің өсуіне байланысты нақты деректер келтіреді.
Он бес жыл бойы ҚазССР-і баспа, полиграфия және кітап саудасы Комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған ғалым-әдебиеттанушы Ш. Елеукеновтің естеліктерінен «Аз и Я» ның шығуы тарихынан егжей-тегжейлі мәліметтер алдық [31]. Автор, әзірге кеңестік кездегі кітап және кітап ісі тарихы зерттеусіз жатқан - 60-70 жылдардағы Қазақстандағы осы саланың күнделіктік өндірістік тыныс тіршілігінен мол деректер береді. Олардан, баспа өнімдерінің ішінен «Аз и Я» ның Мәскеу «цензурасынсыз» шығып кетуі - белгілі бір дәрежеде заңдылық деген пікір туындайды. Автор бұдан да басқа идеологиялық талаптарға сәйкес келе бермейтін кітаптардың тізімін атап көрсетеді. Естелікте Республикалық Баспа Комитеті мен Одақтық Баспа комитетінің ара қатынасына «Аз и Я» ның жарыққа шығуы қарсаңындағы Баспа өндірісіндегі саяси ахуалға сипаттама береді. Кітаптың тағдырына қатысты деректер Д. Қонаевтың өмірбаяндық естеліктерінен де кездеседі. Бұл деректерден «Аз и Я» дан туындаған дау-дамайдың саяси алашапқын науқаншылдыққа ұласуына жол бермеген нақ Д. Қонаев екеніне көзіміз жетеді. Сондай-ақ, Д. Қонаев - ақынның Қазіргі заманғы Қазақстан тарихындағы орнына, азаматтық қоғамдық позициясына әділ баға береді. Көрнекті мемлекет қайраткерінің: «Абылай атамыз айтқандай басыма бұлт төнген қиын қыстау күндерде қанаты қайырылған қартты қанаттандырған бір Азамат болды. Олжас Сүлейменов! Кім қалай қабылдайды, ол жағын білмеймін, бірақ кешегі бірінші хатшының намысын жыртысты демеймін, қашанда ақиқатты, шындықты жаны сүйетін, адалдықты жырлайтын ақын әділ сөзін айтты. Ол үстіндегі жібек шапанын шешіп берді демеймін, ар алдындағы азаматтық сөзін айтты деп білемін. Бәлкім бір кездері «Аз и Я» пышаққа түсіп, Олжас қуғын-сүргінге ұшыраған тұстағы менің аз кем шапағатымның есесін қайтару емес, солай деп ойлаған болса, ондай жымысқы ойдың жетегінде ілескен кейбір ағайынның адасқаны. Мен автормен емес, таң маңдайы қазақтың бағына құдай берген табиғи талантқа қорған болуға ұмтылдым. Ол үшін өкінбеймін. Біздің емес бүкіл елдің сөзін сөйлер артық туған ақындары бар елден бақытты ел жоқ . Олар арына ғана жүгінеді, ақындық жүрегіне ғана сенеді» [32, 285 б.] - деген түйінінің, біз үшін әдіснамалық та маңызы бар.
Ақын туралы деректер КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ең жоғарғы деңгейдегі басшыларынан Қазақстан мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің орта буын қызметкерлері Ф. Бобков, Т. Ахметов, Ә. Бәкіров естеліктерінде де кездеседі [33]. КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бірінші орынбасары Ф. Бобков, Қазақстан мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің полковнигі Ә. Бәкіров желтоқсан көтерілісі кезіндегі ақынға қатысты мәліметтер келтірсе, осы комитеттің қызметкері Т. Ахметов 90 жылдардың басындағы ақынның қоғамдық қызметіне қатысты өз білгендерін ортаға салады.
Ақындар Қ. Мырзалиевтің, М. Шахановтың, жазушы Г. Бельгердің, М. Мағауиннің, Ә. Таразидің, мемлекет қайраткері Қ. Саудабаевтың, публицист С. Құттықадамның, журналист-тілтанушы Б. Жылқыбаевтың, М. Садықұлының, Ж. Сүлейменовтің және т.б. кітаптары мен күнделіктеріндегі мақалаларындағы мәліметтердің де септігі тиді. Кезінде Франция президенті, Генерал де Голльдың экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі, әлемдік деңгейдегі экономист Алекс Московичтің мақаласы - О. Сүлейменовтің экономикалық көзқарастарына арналған еді [34]. Мақала ақынның бұл бағыттағы ізденістеріне шолу жасауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ жүректері таза, бірақ ақынның адамзаттық гуманистік позицияларын әлі түсінуге өрелері жетпей жатқан бүгінгі оппоненттерінің де пікірлері ескерілді. Сонау 60 жылдардан респуликада шығып келе жатқан құжатты фильмдер мен қазақ теледидары қорларындағы материалдар да пайдаланылады.
Деректер көзінің үлкен бір бөлігі О. Сүлейменовтің Қазақстан Шығармашылық Одақтарының, оның ішінде Қазақстан жазушылары мен Кинематографтар Одағының съездері мен Пленумдарында, мәжіліс–отырыстарында сөйлеген сөздері мен жасаған баяндамаларынан тұрады. Соған сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатындағы жазушылар Одағының құжаттары жинақталған 1778 қордың матариалдары: стенограммалары мен хаттамалары О. Сүлейменовтің Одақта атқарған күнделікті практикалық жұмыстарынан да мол дерктер береді. Деректер О. Сүлейменовтің жазушылар Одағындағы қызу шығармашылық, рухани және ұйымдастырушылық қызметінің куәсі.
Ақынның - Жазушылар Одағының биік мінберлерінен сөйлеген алғашқы ресми сөздерінің бірінің мәтінін осы қордың 601-ші ісінен таптық [35]. Ол О. Сүлейменовтің 1963 жылдың 9 тамызында Қазақстан жазушылары Одағының V пленумында сөйлеген сөзі. Сөздің мәтіні ақынның бірде бір кейінгі жинақтарына енбегендігімен құнды. Пленумның күн тәртібі: «СОКП орталық комитетінің июнь Пленумдарының шешімдеріне сәйкес Қазақстан Жазушылар ұйымдарының міндеттері». Дәстүр бойынша жарыссөзге шыққан ақын-жазушылар, әсіресе аға ұрпақ өкілдері бүгінгі кеңестік шындықтың қазақ әдебиетінде бейнеленуі жағдайын талдап, тарихи тақырыпқа жазылған санаулы еңбектердің өзі көп көрініп сынға алынып жатты. О. Сүлейменовтің сөзі ресми бағытқа қарсылығымен көзге түседі. Ақын сөз арасында халықтық дәстүр мәселелеріне, кіші халықтардың тарихи тағдырына, мәдениетіне және өркениет мәселелеріне тоқталып өтеді. 622-істен О. Сүлейменовтің үстінен КСРО жазушылары Одағына жазылған алғашқы шағым хаттардың бірі табылып оның мазмұны жас ақынның сол тұстағы мінез желісін айқындауға септігін тигізе түсті. Бір қызығы шағым жазып отырған автордың өзі оны «ең талантты» деп мойындайды [36].
861-істе жинақталған жас ақын-жазушылар кеңесі VII-пленумының стенограммаларынан да ақынның шығармашылық қырын аша түсетін деректер алынды [37]. Атап айтқанда, жазушы М. Симашконың сөзінде Қазақстан жазушыларының ішінен Ә. Әлімжановтың «Отырардан жеткен сый» және О. Сүлейменовтің кейбір патриоттық лирикалық өлеңдерінің шығуына байланысты кезінде қандай кедергілердің болғандығы жайлы мәселеге тоқталады. Тәжірибелі жазушы республика ғана емес Орталық Азия республикаларындағы тарихи тақырыптардың игерілуіндегі орынсыз жіберіліп отырылған кемшіліктердің мән жайын атап көрсетеді. 60 жылдардың екінші жартысындағы Қазақстан жазушылары Одағындағы шығармашылық, кәсіптік, моральдық ахуалды айқындау мақсатында Одақтың V-съезінің стенограммалары жинақталған 744, 745, 746 істердің материалдарын қарап шықтық [38]. Жазушы Асқар Сүлейменовтің сөздері мен ой талғамдары ақын Сүлейменовтің пікірлерімен үндеседі. Сондай-ақ шығармашылық және ұйымдық мәселелер бойынша 60-80 жылдардағы жазушылар Одағының Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті, Министрлер Кеңесі және ҚазССР-і Жоғарғы Кеңесі, КСРО жазушылар Одағымен жазысқан хаттары, шығармашылық секциялардың, мәжілістер, дискуссиялар, семинарлардың хаттамаларының септігі тиді.
Дәл осындай сипаттағы материалдар Қазақстан кинематографистері Одағының 2128-ші қорынан алынды. Ақынның қазақ киносына 60-шы жылдардың екінші жартысында келгені мәлім. Қазақстан кинематографистері Одағының 1969 жылдың 15 қаңтарында өткен шығармашылық теориялық конференциясының стенографиялық мәтіндері жинақталған 216-ші істен О. Сүлейменовтің қазақ киносына келуінің мақсаты мен міндеттерінен мол хабардар алынды [39]. Келген бойда О. Сүлейменов қазақ киносының аянышты жағдайына күйініш білдірген. Терең шығармашылық және кәсіптік талдау жүргізуімен таныстық. Студиядағы шығармашылық ахуалды жақсарту, мамандар тапшылығын жою бағытындағы ұсыныстарының өзекті сипат алынғандығына көзіміз жетті. Сүлейменов қазақ киносына әлемдік кино өнерінің жетістіктері тұрғысынан сараптама жүргізеді.
1969 жылдың қаңтарында өткен Қазақстан кинематографистерінің ІІ съезінің стенографиялық есебі берліген 215-істен 60-70 жылдардағы қазақ киносының жағдайымен толық қанықтық. Съезде қазақ киносының жеткен жетістіктері мен кемшіліктері объективті түрде талданады. Кемшіліктері тізіліп көрсетіледі [40]. Әсіресе, Ш. Айманов, О. Сүлейменов, К. Смаиловтың сөздерін айрықша атап өтер едік. Ш. Айманов, К. Смаилов «Қазақфильмнің» жеткен жетістіктері мен қатар кемшіліктерге тоқталса, О. Сүлейменовтің сөзі кинематографистер Одағы басшылығының қызметін, әріптестерін өткір сынға алуға арналды. Сайып келгенде съезде орнығып келе жатқан мамыражайлық көңіл күйге қарсы бағытталды. О. Сүлейменов өзінің киносценарийлер жазу тәжірибелерімен де ой бөліседі. Әсіресе, «Ата мекен» фильмінің сценарийін жазу барысындағы кино чиновниктерінен көрген машақаты, Мәскеудегі Одақтық кино басшылығы мен Қазақфильмнің ара қатынастарына байланысты куәгерліктерінің деректік мәні зор. Олар идеологиялық өктемдік жағдаиындағы ақын тұлғасының келесі бір қырларын аша түседі. Бұл сөздің мәтінінен О.Сүлейменовтің қазақфильм киностудиясының өнімдеріне берген бағаларымен де танысуға болады. Ақын тұңғыш рет қазақфильмнің жүріп өткен жолына тарихи тұрғыда сараптама да жасайды.
Қазақстан кинематографистер Одағының 1965 жылдың қараша айынан 1970 жылға дейінгі қызметінің есебі берілген 237- істен де мол деректер алынды. Өйткені бұл жылдар О. Сүлейменовтің киноға бірінші келуі жылдарына сәйкес келеді. Онда Қазақстан кинематографистер Одағының аталған мерзімдегі атқарған жұмыстарының барлық бағыттағы, жанрлардағы статистикалық нақты мәліметтері келтірілген. Қазақ киностудиясының О. Сүлейменов келгенге дейінгі жағдайынан толық хабардар болу үшін аталған қордағы Кинематографистер Одағының 1965 жылы 10 қарашада өткен ІІІ Пленумының материалдары бар 139-істің, 1963 жылы Кинематографистер Одағы жұмысының есебі сақталған 144, 145-істердің 1959-1962 жылдары атқарылған жұмыстарының қысқаша есебі жинақталған 79-ші істің материалдарын қарап шықтық [41]. Ақынның кинодағы атқарған істеріне салыстырмалы түрде нақты баға беруде, О. Сүлейменовтің Қазақстанның көркемдік мәдениетінің дамуындағы орны мен рөлі тарауында бұл материалдар мейлінше, белсенді пайдаланылды.
О.Сүлейменовтің жеке мұрағаты жинақталған 2225-қордың материалдарын пайдалану біздің жұмыстың деректік көзін байыта түсті. 2225-қордың материалдары ақын қызметінің бағыттары: Олжас Сүлейменовтің депутаттық, қоғамдық - саяси қызметі және халықаралық антиядролық «Невада-Семей», Азия-Африка елдері жазушыларының азаттық қозғалыстарына байланысты т.б. реттілікпен топтастырылған. О. Сүлейменовтің өз қолымен жазылған қысқаша өмірбаяны, кадрларды есепке алу жеке парағы, күнделікті жазбалары, СОКП мүшесі Қазақстан жазушылары Одағының бірінші хатшысы О. Сүлейменовке берілген партиялық мінездемелер 398, 400, 710, 404, 227 істерінде сақталынған. Алынған мәліметтер ақынның өмірдеректерінің дәлдігін анықтауға мүмкіндік берді [42].
301-ші істен табылған «Ұсақ түйектегі Үлкен» мақаласының бастапқы түпнұсқасы мен ақынның шығармашылық зертханасына, оқырмандармен жұмыс істеу тәжірибелеріне қатысты мәліметтер алынды [43]. Автор қазақ прозасындағы А. Чехов дәстүрлерінің үзіліп қалуына байланысты және Қазақстандағы ғылыми жұмыстардың сапасына қатысты ой толғамдарын білдірді. Сондай-ақ сапаға емес сандық көрсеткіштерді қуған кеңестік экономикалық практикаға сыни талдау жүргізеді. Оқырмандар мен ақын жазушылардың арасындағы байланыстарды орнату үшін нақты ұсыныстар білдіреді. Жарыққа шығаруға үлгірілмей жатқан «Қазақ тілі және тілтанушылар. Тілдің өзін өзі айқындауы» мақаласының колжазба нұсқасы сақталған 43-істен О. Сүлейменовтің ана тілін өркендетуге деген көзқарастары мен танысқандығымыз - нағыз олжа болды [44]. Қазақстан қоғамдық пікірінде көрініс беріп жүрген ақынның «Қазақ тіліне жаны ашымайды» дейтін пікірдің мүлде дұрыс емес екендігіне көзіміз жетті. Автор қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік мәртебесін көтерудің теориялық және практикалық мәселелеріне терең талдау жүргізеді. Талдау деңгейі белгілі кәсіпқой қазақ тілі мамандарының ұсыныстарынан неғұрлым сындарлылығымен асып түседі. Атап айтқанда, О. Сүлейменов қазақ тілінің мәртебесін көтерудің теориялық, әлеуметтік-экономикалық себептерін айқындап нақты орфографиялық ұсыныстар жасайды. Алынған материалдар О. Сүлейменов шығармашылығының Қазақстандағы ғылыми-тарихи ойдың дамуына ықпалы тарауында пайдаланылады.
О. Сүлейменовтің мәдениеттану концепцияларының қалыптасуы және сипаты тарауына қатысты деректер 83, 626-істерден алынған материалдармен толықтырылды [45]. 83-істен Қазақстан оқырмандары үшін белгісіз, оның ішінде Өзбекстанның «Шарк Юлдузи» журналына берген сұхбаттары маңызды. Алғашқысы ақынның ертеректе берген қысқаша сұхбаты болса, екінші журналға берген сұхбатында О. Сүлейменов ұлт мәселесіне, Орта Азия республикалары халықтарының өзара кірігуіне, Батыс-Шығыс өркениеттерінің өзара ықпалдасуынан туындайтын заманауи мәдени процесстерге өз түсінігін береді. 626-ші істе де қалың оқырманға таныс емес 1993 жылы Жапонияда өткен «Жасыл крест» халықаралық экологиялық конференциясында жасаған «Тірі қалу философиясының құндылықтары мен императивтері» баяндамасының мәтіні сақталған. О. Сүлейменов адамзат өркениетін тығырыққа тіреп тұрған экологиялық, экзистенциялық, онтологиялық мәселелерге қатысты өз концепцияларын ұсынады.
Ақынның 410-ші істегі «1986 жылғы желтоқсан оқиғалары мен Қонаевқа байланысты М. Горбачевқа», 415-ші істегі СОКП Орталық Комитетінің хатшысы А.Н. Яковлевке, 412-ші істегі Г. Колбинге және «Невада-Семей» қозғалысы жайлы 349-ші істегі Б. Ельцинге жазған хаттары республиканың қайта құру жылдарындағы тартысты саяси өмірін бейнелейді [46]. Бұл желтоқсан оқиғасына қатысты шағым емес, кеңес берушілік, уағыздық сипаттағы хаттар. Антиядролық «Невада-Семей» қозғалысының жетекшісі ретінде Б. Ельцинге: қозғалыстың мақсаты мен міндеттері, барысы жайлы ресми мәліметер беріледі. Бұл деректердің барлығы О. Сүлейменовтің экономика мен саясатпен айналысқан 1986-1995 жылдардағы қызметін бағамдауда маңызды дерек көзі ретінде ескеріліп отырылды. «Невада-Семей» қозғалысына қатысты 76-ші істің материалдары пайдаланылды. 2 шығармашылық өндірістік Бірлестіктің Пленумға дайындаған анықтама материалдары 177-ші істе шоғырланған. О. Сүлейменов қозғалыстың «төменнен» басталғанына айрықша пәрмен береді.
1980 жылдардың басындағы Қазақстан мемлекеттік кино комитетінің қызметі жайлы деректерді 193, 180, 196, 203 істерден алдық [47]. 193-ші істе 1980 жылғы Қазақстан кинематографистерінің Пленумында және 1981 жылғы IV cъезінде жасаған О. Сүлейменовтің баяндамалары «Кейіпкер немесе қаһарман» тақырыбымен берілген. Автор қазақфильмдегі міндетті түрде талап етілетін тақырыптық, өндірістік фильмдер дейтіндерге қарсылық білдіреді. Ақынның ойынша кинода ұсақ тақырып жоқ, тек «ешқандай жаһандық тақырып ұлы ете алмайтын кішкентай авторлар бар». 180-ші істегі О. Сүлейменовтің республика кинематографистері одағының Пленумына дайындаған баяндамасының тезистерінде кино ісінің көкейкесті мәселелеріне сараптама жасайды. Ақынды ең бірінші кезекте респуликадағы кино өндірісінің өнімдері қанағаттандырмайды. 196-ші істе О. Сүлейменовтің 1983 жылғы КСРО мемлекеттік кино комитетінің коллегиясында «Қазақ ССР-і мемлекеттік кино комитетінің шығармашылық жастармен жұмысы туралы» сөйлеген сөзінің тезистері сақталған. Баяндамада 1977 жылдан бастап республика кино комитетінің атқарған жұмыстары түгел қамтылады. 203-істе қазақ киногерлерінің ұжымындағы шығармашылық ахуалға талдау жасалынып «Байқоңыр» туралы фильм түсіре алмай жатқан құжатты фильмдерге жауаптыларға сын айтылады.
О. Сүлейменовтің қазіргі заманғы Қазақстан тарихына, ХХ ғасырдағы рухани мәдени жағдайына және М. Әуезовке қатысты көзқарастарын бағамдауға оның М. Әуезовтың 90 жылдық мүшел тойында сөйлеген сөзі сақталған 247-ші істегі, Ә. Әлімжановтың тарихи романдары мен шығармашылығының спецификасы туралы жұмысшы жазбалары 258-ші істе, қазақтардың І әлемдік құрылтайында сөйлеген сөздері бар 249-ші істегі деректердің жәрдемі тиді [48]. Азия мен Африка халықтарының ұлт-азаттық күресін қолдау, аймақтағы мәдени прогресс туралы жұмысшы жазбалары 333 істен алынып Қазақстанның халықаралық мәдени байланыстары тарауында пайдаланылды. Сенімділік үшін бұлардан басқа да көптеген істерді қарап шығып кейбір деректердің дәлдігін, тұжырымдардың негізділігін тексеріп шықтық. Деректердің елеулі бір бағытын осы жолдар авторының студенттік жылдарындағы естеліктері мен жазбалары «Қазақстан халық конгрессі» партиясы Қызылорда облыстық бөлімінде қызмет атқарған жылдары біліп түйгендері, О. Сүлейменов қатысқан кездесулер мен мәжілістерден, конференциялардан алған әсерлері құрайды. Оның барысында Қазақстан, тіпті, ТМД елдері бойынша О. Сүлейменовті өте жақсы білетін партия мүшелерімен, ақынның бірге оқыған курстастары, әріптестері, достарымен тікелей сөйлесудің, пікір алысудың сәті түскен еді.
Түйіндей келгенде аталып өткен бай деректердің барлығы ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығының соңында О. Сүлейменовтің тарихи дүниетанымдық концепциясының біржолата аяқталған жүйеге келтірілгендігінің куәсі. Ақынның тағы да біртуар соны еңбектерді дүниеге келтіріп оқырмандарды таңқалдыратынына күмән жоқ. Алайда олардың барлығы бүгінгі күні белгілі болып отырған ақынның концепцияларына қайшы келмейді, қайта керісінше, оларды жетілдіре түсетін болады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
Аргамаки. – Алма-Ата: Қазгослитиздат, 1961. – 70 с., Земля, поклонись человеку. – Алма-Ата: Қазгослитиздат, 1961. – 48 с., Солнечные ночи. – Алма-Ата: Қазгослитиздат, 1962. – 181 с.
Сулейменов О. От января до апреля. – Алма-Ата: Жазушы, 1989. – 272 с.
Джуанышпеков Н.О. Проблемы современного сравнительного литературоведения: автореф. ... докт. филол. наук. – Алматы, 1996. – 35 с.
Сүлейменов О. Қаһарманым хақында // Жұлдыз. – 1963. – № 6. – Б. 138-143.
Сулейменов О. О Мурате Хамраеве // Ленинская смена. – 1964, апрель – 19.
Сулейменов О. Мой Чокан // Ленинская смена. – 1965, апрель – 21.
Сулейменов О. Собр. соч. – Алматы: Атамұра, 2004. - Т. 6. - 472 с.
Сулейменов О. От мифа к истине // Комсомолская правда. – 1975, октябрь - 9.
Сулейменов О. Мы приходим чтобы действовать // Литературная газета. – 1981, сентябрь – 2.; От миросозерцания к мировозрению // Искусство и кино. – 1982. – № 3. – С. 37-48.
Сулейменов О. Простая круглая звезда // Литературное обозрение. – 1985. – № 4. – С.29-35.; Человечество должно добреть // Огонек. – 1985. – № 27. – С. 18-19.; У истории черновиков не бывает // Известия. – 1987, июль – 18; За что я голосовал на конференции // Литературная газета. – 1988, июль – 13; Возвысить степь не унижая горы // Казахстанская правда. – 1987, январь – 27; Плоды обязательно будет // Иртыш. – 1989, апрель – 5; Мир в своем доме //Аргументы и факты. – 1990. – №31.; И все это – личная жизнь // Казахстанская правда. – 1990, декабрь – 29; Бессрочный мораторий // Казахстанская правда. – 1991, июль – 13.; Сижу на ступеньке лорда //Собеседник. – 1991. – №40.
Выступления на первом съезде народных депутатов. Сулейменов О. Собр. соч. - Алматы: Ата-Мұра, 2004. - С. 294-299.; Если полигон будет закрыт, то он будет первым, остоновленным волею народа // Иртыш. 1990, июнь – 28; Пока полигон молчит // Вечерняя Алма-Ата. - 1991, июнь– 28 ; Компенсации – Да, Взрывам – нет! Обращения к жителям Семипалатиской, Карагандинской, Павлодарской областей накануне референдума // Казахстанская правда. – 1991, июль - 19, Выступление на последнем съезде Народных депутатов СССР. // Казахстанская правда. - 1991, сентябрь - 6 .
Сулейменов О. Полигоны судьбы // Казахстанская правда. – 1992, октябрь – 20.; Мы должны жить богаче и докажем это себе, миру, если сохраним мир у себя // Казахстанская правда. – 1992, октябрь – 29; Возрождение земли и человека // Казахстанская правда. – 1992, апрель – 1; Наша партия народная, а не национальная // Вечерняя Алма-Ата. – 1993, ноябрь – 3; Время выбора позиции // Вечерняя Алма-Ата. – 1993, ноябрь – 3; Мир и благополучие нашему дому // Мысль. – 1993. – №2. – С. 45-50.; Когда побеждает национализм, проигрывает нация // Аргументы и факты. – 1993, июнь – 26; Движению «Невада-Семипалатинск» - пять лет // Казахстанская правда. – 1994, февраль – 24; Все мы дети одних родителей // Казахстанские новости. – 1994. – № 2.; Нас не устраивает идеология реформ, построенная на эксперимантах на людях // Панорама. – 1994. – №50.; Ответы О. Сулейменова на вопросы газеты «Токио Симбун» // Народный конгресс. – 1994. – №15.; Игра в Бисер на Соляном Куполе // Индустриальная Караганда. – 1995, октябрь – 28; О службе и служении // Казахстанская правда. – 1996, июль – 16; «... Но людям я не лгал, хотя и мог» // Казахстанская правда. – 1997, май – 17; Сулейменов О. Я это знаю // Казахстанская правда. – 1988, декабрь – 30; Взрыв в одном месте может потрясти всю планету // Век. – 1999, сентябрь – 24-30; Помогая всем – помогаешь себе // Казахстанская правда. – 1998, январь – 29; Использовать шанс! // Аргументы и факты. – 1999, ноября – 4.
Сулейменов О. Я – за народную!.. // Казахстанская правда. – 1993, январь – 27; В новые времена по старому стилю (монолог поэта об экономике и политике) // Казахстанская правда. – 1993, январь – 13; Шоковая! Нет, гуманная экономика Деловое предложение правительству // Казахстанская правда. – 1994, январь – 21; Кто бы ни выйграл, лишь бы не проиграл Казахстан // Казахстанская правда. – 1995, март – 30.
Оқ дәрі қоймасының үстінде бостандық отын жақпайық. Кезекті міндеттер туралы. (О. Сүлейменовтің Қазақстан халық конгрессі партиясының І съезінде сөйлеген сөзі.) // ЭКО-курьер. – 1992. - №15.; Доклад Председателя партии народный Конгресс Казахстана О. Сулейменова на ІХ Пленуме партии //Народный конгресс. – 1994. – №13; Доклад Председателя партии НКК Олжаса Сулейменова на внеочередном съезде партии // Народный конгресс. – 1994. – №-4 (20); Выступления Председателя Партии НКК О. Сулейменова на первой сессии Верховного Совета Республики Казахстан // Народный Конгресс. – 1994. – №10; Без моротория на активность // Казахстанская правда. – 1994, май – 26; Смел тот, кто думает о последствиях // Казахстанская правда. – 1995, апрель – 26; Что делать дальше? Выступление председателя партии НКК на съезде 14 августа 1999 г. Олжаса Сулейменова (тезисы доклада для делегатов). – Алматы, 1999. – 115 с.
Сулейменов О. Человек – это женщина // Независимая газета. – 1998. январь – 15; Славянские числительные в Этрурии // Труд. – 1998, январь – 16; Жібек іздері // Егемен Қазақстан. – 2000, наурыз – 4.
Сулейменов О. Об ошибках критиков социализма (Дискуссия, которую мечтал организовать Хайек в 1978 году, все же должна состояться) // Независимая газета. – 1999, март – 10.
Сулейменов О. Исправляя мир метафорой (Юбилейное издание) – Алматы.: 1996, – 288 с.; Пока жужжат москиты. Утренние заметки // Труд. – 1996, ноябрь – 29; Слово об отце // Казахстанская правда. – 1998, февраль – 28; Мгновения, мгновения, Мгновения. Рим. 1999 год. Для книги: Р.Рождественской «Удостоверение личности» – М.: Эстепона, 2002. – 568 с.
Сулейменов О. ХХІ век: Человек, поклонись земле // Казахстанская правда. – 1999, апрель – 3.
Сулейменов О. Парадоксы времени и поэта. Ответы на вопросы газеты // Казахстанская правда. – 2002, ноябрь – 2; Имена моего города // Казахстанская правда. – 2003, июнь – 27; У народа, который помнит своих поэтов, есть будущее // «Известия-Казахстан». – 2003. – № 13; На смену «холодной войне» приходит глобальное потепление // Казахстанская правда. – 2005, март – 29; От зависимости и независимости – к осознанной взаимозависимоти // Экспресс «К». – 2005, июнь – 18; Сулейменов О. О жизненности эволюционного принципа: и - и // Свобода слова. – 2008. – № 33; Об особой роли писателей // Свобода слова. – 2008. – №39; Дай бог, чтобы президенты становились воеводами // Свобода слова. – 2008, ноябрь – 13; О втором предложении Барака Обамы // Свобода слова. – 2009, февраль – 12; Казахстан если можешь прости // Свобода слово. – 2009, февраль – 26.
Муратбеков С. Халқын асқақтатқан ақын // Егемен Қазақстан. – 1996, мамыр – 17.
Жұртбай Т. Орасан ойдың Олжасы // Жас Алаш. – 1996, мамыр – 18.; Соныкі, Желтоқсан оқиғасы және жазушылар // Қазақ әдебиеті. – 2006. желтоқсан – 15.
Смаилов К. Орны бөлек Олжастың // Қазақ әдебиеті. – 1996, мамыр – 21; Әшімұлы А. Ғұмырдария. Көптомдық шығармалар жинағы. – Алматы: - 2007. – 5т. – 208 б.; Аупбаев Ж. Олжас. (Шығармашылық портреті) // Жұлдыз. – 1996. –№5. - Б. 33-40.
Зікібаев Е. Ол – жас па, Олжас па? // Ақиқат. – 1996 . – № 5. - Б. 66-70.
Қанапиянов Б. Быть далеко услышанным // Казахстанская правда. –2006, апрель – 28.
108 Аль Халел Карпык. Абай. Наследники на перепутье. – Алматы: Агентство-аль Халел, 1995. – 304 с.
Өмірбек Ж. Өткеннен бір естелік // Жұлдыз. – 2006. – № 10. – Б. 193-200.
Әбішев М. Халықпен тағдырлас азамат ақын // Жұлдыз. – 2006. - № 10. Б. 175-182.
111 Тәуекел С. Олжас Сүлейменов және қазақ киносы // Жас Алаш. - 2006, мамыр – 16.
Шашкова Л. Под знаком Олжаса // Простор. – 2006. - № 5 - С.27-32
Елеукенов Ш. «Аз и Я»-ның азабы // Жас Алаш. – 2005, қыркүйек – 22.
Қонаев Д. Ақиқаттан аттауға болмайды. - Алматы: «Санат» 1999. – 512. б.
Бобков Ф. КГБ и власть. М.: «Ветеран-МП» 1995. – 382с.; Ахметов Т. Құнды құжаттардың біразы Есентай өзеніне ағып кетті // Жас Алаш. - 2007, ақпан – 15.; Бәкіров Ә. Желтоқсан оқиғасы және қауіпсіздік комитеті // Сыр бойы. – 2006, желтоқсан - 16.
Сүлейменов О. Шығармаларының таңдамалылары. «Жібек Жолы» 2 томдық. Аударған Мырзалиев Қ. Алматы: – 2005. – 368 б.; Шаханов М. Желтоқсан эпопеясы // Жалын. – 2004. – № 7. - Б. 56-102; Бельгер Г. Өз басым «Ақ жолдың» төрт азаматына айрықша үміт артам // Жас Алаш. – 2004, қыркүйек – 16.; Мағауин М. Ақын мерейі // Жұлдыз. – 1986. – № 5. – Б. 179 – 183.; Тарази Ә. Олжас // Парасат. – 2006. – № 6. - Б. 5-6.; Саудабаев К. Олжас которого я знал // Казахстанская правда. – 2006, апрель – 21.; Садықұлы М. Ядролық жарылысты тоқтатқан тұлға // Азат. – 2004, маусым – 30.; Сүлейменов Ж. Имматрикуляция Нурболата Масанова // Сөз. – 2002. – № 7. - С. 7-8.; Джилкибаев Б. «Но все-таки я допою до конца...» Об авторе книги «Язык письма // ХХІ век. 1999, июль – 29.; Алекс Москович. Те же результаты? Открытое письмо О. Сулейменову // Казахстанская правда. – 1995, март – 1.
Выступление О Сулейменова на V пленуме СПК от 9 августа, 1963г // ҚРОММ, 1778 – қор, 2-тізбе, 601-іс.
Письмо некоего И Абрамова секратарю СП СССР Агроновскому // ҚРОММ 1778 қор 2-тізбе 622 іс.
Стеногррамма VII пленума совещании молодых писателей Казахстана // ҚРОММ 1778 қор 2-тізбе 861 іс.
Стенограммы V сьезда СПК Казахстана // ҚРОММ 1778 қор 2-тізбе 744, 745, 746-істер.
Стенограммы творческо-теоретически конференци СКК // ҚРОММ 2128 қор 2-тізбе 216-іс.
Стенографически отчет II сьезда СКК // ҚРОММ 2128 қор 1-тізбе 215-іс.
Материалы III пленума СКК от 10 ноября, 1965 г // ҚРОММ 2128 қор 139 іс; Отчет СКК за 1963г.144-іс, 145-іс; Отчет СКК 1959-1962гг. 79-іс.
Автобиография О.Сулейменова // ҚРОММ 2225 қор 398-іс; Личный листок по учету кадров О. Сулейменова, 400-іс; Ежедневные записи О. Сулейменова. 710-іс; Характеристики на члена КПСС первому секретарю Союза писатели Казахстана. 404 іс.227-іс.
Большое в мелочах // ҚРОММ 2225 қор 1-тізбе 301-іс.
«Казахский язык и языковеды. Самоопределение языка» // ҚРОММ 2225 қор 1-тізбе 43-іс.
Ответы О. Сулейменова на вопросы журнала «Шарк Юлдузи» (Узбекистан). ҚРОММ 2225 қор 1-тізбе 83-іс; Доклад О. Сулейменова на международно-экологической конференции «Зеленый крест» // «Ценности и императивы философии выжывания», 626-іс.
Письмо М.Горбачеву о декабрских событиях и Конаеве. ҚРОММ 2225 қор 1-тізбе 410 – іс; Письмо секретаря ЦК КПСС А.Н. Яковлеву. 415-іс; Письмо Колбину о Декабрских событиях 1986 г. 412-іс; Письмо Б. Ельцину о движении (Невада-Семипалатинск), 76-іс.
Доклад О. Сулейменова на пленуме СКК 1980 г. «Персонаж и герой» // ҚРОММ 2225 қор 1-тізбе 193-іс; Доклад О. Сулейменова на IY сьезда СКК, 180 -іс. 196-іс; Тезисы выступлении О. Сулейменова на коллегии комитета Госкино СССР «О работе Госкино КАЗ СССР с творческой молодежью», 203-іс.
Речь О. Сулейменова на 90-юбилее М. Ауезова. ҚРОММ 2225 қор 1-тізбе 247-іс; Об исторических романах А. Алмжанова, 258-іс; 249-іс; Қазақтардың I әлемдік құрылтайында сөйлеген сөзі,- 333-іс.
Достарыңызбен бөлісу: |