ОҚЫТУ МЕН ОҚУ ҮШІН БАҒАЛАУДЫҢ МАҢЫЗЫ
ОСПАНОВА САУЛЕ КУСМАНОВНА
ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ, ФЕДОРОВ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ «№2 ОРТА МЕКТЕБІ» КММ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
Қазіргі әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістер әлемдік білім беру жүйесін қайта қарау қажет екендігін паш етті. Қарқынды өзгеріп жатқан әлемде білім саласындағы саясаткерлер үшін де, жалпы мектептер үшін де, соның ішінде мұғалімдер үшін де ең бастысы, маңызды мәселе болып отырғаны: «ХХІ ғасырда нені оқыту керек?» және де екіншісі ол да маңызды жағынан біріншіден еш кем емес. «Мұғалімдер оқушыларды ХХІ ғасырға қалай дайындайды?»
Ұстаз ретінде өзіме келесідей сауалдарды қоямын: Ақпараттандыру ғасырында болашақтың адамына қалай білім беремін? Бүгінгі оқушының келешекте бәсекеге қабілетті бола алатындай мектепте алған білімін қолдана алуы үшін нені үйрету керек? Оқушылардың үлгерімі мен білімділік сапасын қалай көтеру қажет?
Осы сұрақ негізінде жұмысымның нысанын «Оқыту үшін бағалаудың әртүрлі тәсілдерін ұйымдастыру арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылы мен белсенділігін арттыру және сабаққа деген көзқарастарын өзгерте отырып, табысты оқуға қол жеткізуге бағыттау» деп қарастырып келемін.
Бұдан күтілетін нәтиже: Мұғалім бағалаудың тиімді әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып, оқытуды өзгертеді, оқытуда заманауи әдіс- тәсілдердің мүмкіндіктердің өз тәжірибесінде қолданады, оқушылардың өзін- өзі бағалай алуына жағдай тудырады. Оқушының оқуға көзқарасы, сабаққа ынтасы, қызығушылығы, белсенділігі артады және сыныптағы әр оқушы сабаққа белсене қатысады, топпен бірлесе жұмыс жасайды, бірін- бірі сыйлайды, қолдау көсетеді, тыңдап үйренеді, ұйымшыл болуға қалыптасады. Білімді бірлесіп алуда немесе пікір алмасу барысында тең құқылы болады.
Кез-келген дәстүрлі сабақтардағы бағалау – оқушы өтілген тақырыпты өзі түсінгені бойынша айтып береді. Ал ХХІ - ғасыр мектебіндегі бағалау мақсаты кең көлемді және әртүрлі болып келеді, нәтижесінде оқу сапасы артады.
- оқушы қажеттілігін бағалау
- оқушылардың жеке және бірлесіп жұмыс жасауын марапаттау
- оқу барысын бақылау
- қаншалықты түсінгенін тексеру және тақырып мазмұнын қаншалықты мағыналы түсінгеніне қарай марапаттау (тек теориялық түрде ғана түсінгені жеткіліксіз)
- түсінгенін демонстрациялау (түсінгенін практикада қолдана білу)
-Оқушылардың оқу жетістігінің нәтижесін көру, білім деңгейін анықтай алу, пәнге деген ынтасын, күш-жігерін қалыптастыру,өзіне деген сенімділігін арттыру.
Бағалау әдістері:
- оқу тапсырмалары арқылы бағалау (пікірталастар, күнделіктер, оқытуды дамыту үшін қолданылатын барлық материалдар);
- топта, жұпта, сыныпта талқылау;
- өзін-өзі және бірін-бірі бағалау;
- оқушы портфолиосы (оқушы жинаған бағалар, марапаттар, жетістіктер т.б.)
Бүгінгі күні оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау — оқу үдерісінің маңызды да салмақты бөлігі болып табылады. Сол себептен, зерттеу іс-әрекеттерін кеңінен қолданып, оқушылардың жетістіктерін бүгінгі күннің талабына сай жаңаша бағалау жүйесі қажет етіледі. Бұл жерде оқушылар өзін-өзі бағалау, бірін-бірі бағалау, топтық бағалауда оқу үдерісінің белсенді қатысушысы бола алады. Өйткені, дәстүрлі бағалау процесінде мұғалім оқушыға жауап бергені үшін немесе сабақ оқымағаны үшін баға қояды. Сонда оқушы қаншалықты әділ баға алғанын білмей қалады, күмәнмен қарайды. Бағалаудың жаңа әдісінде оқушы бағаны қандай критерийлер бойынша алғанын, келесі сабақтарда қандай критерийлерге көңіл бөлу керектігін ұғынады. Бұл жүйеде оқушының нәтижесімен бірге іс-әрекеті де бағаланады. Одан басқа оқушыларды бағалауда мұғалім түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана алады. Біріншіден, оқушының қызығушылығы артады, екіншіден, мұғалімнің жұмысы да жеңілдеуі мүмкін (оқушылар бірін бірі бағалау, топпен бағалау, топты бағалау әдістерін қолданғанда).
Бағалау - оқыту нәтижесін анықтау үшін қолданылатын тәсіл, оқушының берілген тақырыпты меңгерудегі кемшіліктерін жоюда, оның үлгерімінің нәтижелі болуына ықпал ететін фактор. Бағалау, көбінесе, баға қоюдың синтездік түрі (1-ден 5-ке дейінгі ранг) арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ, мектеп тәжірибесіндегі бағалау баға қоюмен ғана шектелетін тәсіл емес, ол материалды меңгеру, меңгермеу фактісімен қатар оның себептерін анықтауға мүмкіндік беретін оқытудың маңызды құрамды бөлігі болып табылады. Жоғары оқу орындарында бағалау рейтингтік әдіс арқылы жүргізіледі (Қазақ Энциклопедиясы, 1 том).
1960-жылдардан бастап формативтік (қалыптастырушы) және суммативті (жиынтық) бағалау терминдерінің арасындағы айырмашылық енгізіле бастады. Нақтырақ айтқанда, жіктеу үшін өткізілетін оқуды бағалау және оқытудың бөлігі ретінде бағалауды қолдану болатын оқыту үшін бағалау арасында. Оқытуды, әдістерді жақсарту мүмкіндіктерін анықтауға бағытталған оқыту үшін бағалау (ОүБ) дербес тұжырымдама ретінде 1999 жылдан кейін қолданысқа енді. Бағалау оқытудың алға жылжуын белгілейді және өзінің функциясы бойынша бағалау жиынтық (оқуды бағалау) болып саналады (Мұғалімге арналған нұсқаулық, 56 бет).
Оқушыны қандай мақсатта, не үшін, қалай бағалаймыз? Бағалау кезінде мынадай мақсаттар болуы мүмкін: оқытудың қиындықтарын анықтау, жетістікке жеткендегі кері байланыс, уәж, болжау, стандарттарды бақылау, бағдарламаның мазмұны мен стилін бақылау. Бұл келтірілген барлық бағалаудың түрлерінде бақылау, интерпретациялау, қорытындылауды қамтиды.
«Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау» модулі білім беру, оқыту үдерісіндегі әдіс-тәсілдердің барлық түрлерімен байланыста болады. Бұны меңгеру үшін қалған модульдердің мазмұнын игеру қажет, болжау, сұрыптау, бақылау, жоспарлау әдістерін меңгеру керек. Оқушылардың алға қарай даму мақсатында жұмыс нәтижелерін, өз-өздерін бағалай білуі керек. Оқуды бағалаудың мақсаты — оқушылардың оқып білгенін жинақтау. Бірақ, маңызды мәні бар тест жүйесі арқылы оқушылардың білімін бағалау оқыту үдерісіне кері әсерін тигізуі мүмкін (Assesstment Reform Group, 2002 b.).
Мұғалімнің оқушыларды бағалауы — ол оның білімін топтау, белгілі бір шаблонмен салыстыру. Мұғалімнің іс-әрекеттеріне қарай, шеберлігіне қарай оқушыларды бағалауда бірнеше әдістерін қолдана алады: жеке, жұптық, топтық, жиынтық, қателер талдауын, салыстырмалы түрде, өздерін-өздері, кері байланыс, т.б. Оқушының мұғалімге деген сенімі артады, көзқарасы өзгереді.
Білім алу кезінде бағаның орны ерекше. Бір сабақ үстінде бірнеше оқушыны бағалау мұғалім шеберлігіне байланысты. Баға алуда оқушылар алға талаптанады, ізденеді. Кейбір оқушы білім үшін емес, баға алу үшін оқиды. Сондықтан бағаны дұрыс қою және оның нақты болуын алға қою әр мұғалімнің есепке алар міндеті. Сабақ үстінде бірнеше бағалау әдістерін қолдануға болады. Суммативті баға мен формативті бағаны қою әрбір сабақтың негізгі сатысы болуы шарт.
Сыныптағы бағалау тек қана техникалық тәсіл емес. Мұғалімдердің жазбаша немесе ауызша түрде баға қою жолымен бағалайды. Олар қолданатын кез келген нысанның артынан объективті немесе жеткілікті дәрежеде объективті емес нормалар мен стандарттар ғана емес, сондай-ақ баланың дамуы, оқуы және ынтасы туралы түсінік, сонымен қатар өзін-өзі бағалау, қабілеттілік және күш-жігер сияқты ұғымдарға қатысты құндылықтар жатады. [2, нұсқаулық, 56-б.]
Бағалау─ ол білімнің нәтижесі болып есептеледі. Оқушылардың сабаққа даярлығының, қабілеттінің көрінісі бағамен есептеді. Кейде оқушылар және мұғалімдер арасында "баға үшін оқисың ба" деген сияқты сөздерді естеп қаламын. Бұл дұрыс түсінік емес, баға ол білімнің, жұмыстың нәтижесінің көрінісі, алған білімінің дәрежесін көрсетеді.
Оқушы жетістігін нақты бағалау мәселесі ─ білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі. Көптеген жылдар бойы оқушы жетістігі басқа оқушы жетістігімен салыстырмалы түрде бағаланып келді. Бұл жағдайда білім алуға деген қызығушылықты жоғарлатуға мүмкіндік жасайтын бағалаудың нақты критерийлері, мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланыс болмады. Көптеген мектептерде төрт баллдық жүйеге негізделген бағалаудың дәстүрлі жүйесі сақталып келеді: 2 («қанағаттанарлықсыз»),
3 («қанағаттанарлық»), 4 («жақсы») 5 («өте жақсы»). Теория жүзінде 1 (бірлік) баллы бар болғанымен, тәжірибе жүзінде тіпті қолданылмайды. Баға әр уақытта субъективті. Бағалаудың бұл түрі мұғалімнің толық билігіндегі құралы болып табылып, білім беруде авторитарлық әдіс қолданылады. Осыған орай, мұғалім талассыз бедел мен ақиқат иесі болып табылмақ. Алайда бұл іс жүзінде шындыққа сай келе бермейді. Бес баллдық бағалау шкаласы басқа да таза нормативтік бағалау құралы сияқты дәлдігі жетіспейтін құрал ретінде ұсынылатындығы күмән туғызбайды[3,www. nisa.edu.kz].
Жоғарыда аталған кемшіліктерді болдыртпау үшін, бүгінгі күнде халықаралық деңгейде бағалаудың жаңа түрлері анықталды. Негізінен бағалаудың екі түрі көрсетілген: оқыту үшін бағалау (формативті) және оқу үшін бағалау (жиынтық).
Тағы бағалаудың ішкі, сыртқы және мұғалімнің бағалауы сияқты түрлері кең тараған.
Оқыту үшін бағалау ─ бұл білім алушылар өздерінің оқудың қандай сатысында тұрғанын, қандай бағытта даму керек және қажетті деңгейге қалай жету керек екендігін анықтау үшін оқушылар және олардың мұғалімдері қолданатын мәліметтерді іздеу және түсіндіру үдерісі [4,нұсқаулық,58-б.]. Бұл бағалау түрін пайдалану осы курстың мақсаты. Оқыту үшін бағалауда оқушылар өздерін-өздері, сыныптастар бір-бірін, критериялі бағалау арқылы жүргізіледі. Өзін-өзі бағалау нәтижесін мұғалім бақылау арқылы жиынтық баға ретінде оқу журналына баға қояды.
Оқуды бағалаудың мақсаты, керісінше, оқушы қазіргі уақытта не оқып білгенін жинақтау болып табылады. [5, нұсқаулық, 58-б.] Ал оқыту үшін бағалау оқушыларға қорытынды, немесе формативті бағалау нәтижесінде жиынтық бағаны қояды.
Ал ішкі бағалау сараптық жұмыс, бақылау жұмысы, диктант, мазмұндама, өзіндік жұмыс, мәтінмен жұмыс. Сыртқы бағалау тест, анкета, олимпиада, ҰБТ (ұлттық бірыңғай тесттілеу), ғылыми жоба, т.б. Мұғалімнің бағалауы мадақтау, ынталандыру, фишкалар, жұлдызшалар, тілек, смайликтер [6,www. bilim.idhost.kz]. Мұғалімнің бағалауы, яғни мадақтау, ынталандыру оқушылардың көңіл күйін көтеріп, өздерінде сенімділікті тудырады.
Бүгінгі таңда бағалау барысында критерийлік және өзін-өзі бағалау жүйесін қолдануды өзекті деп санаймыз. Формативті бағалау ата-аналар, мұғалім және оқушыларға ашық, түсінікті және нақты болады. Өзін-өзі бағалаумен қатар оқушылардың бірін-бірін бағалауды жүргізуге болады. Оқушы өзін-өзі бағалаған кезде өздері нәтижеге мүдделі болады.
Сонымен қатар мұғалім оқушыға баға қойған кезде, ол бағаны не үшін қойғанын, жауабының қаншалықты дәрежеде болғандығын ашық айтып кету керек, себебі сабақтан кейін оқушыда қойылған бағаға күмән пайда болуы мүмкін. Ал бағаға талдау жасалғаннан кейін оқушы, не үшін осы бағаны алғандығын түсінетін болады және әр түрлі көзқарастар пайда болмайды.
Өз жетістіктерін бағалау ─ өзін - өзі тексеру мен бақылау, өзінің іс - әрекетін сыни тұрғыда бағалау, қателерді айқындау және оларды жоюдың жолдарын табу, сондай – ақ бағалау критерийлерін анықтай алу болып табылатын білім алушылардың өз іс - әрекеттерінің нәтижелерін алдын - ала өзіндік бақылауы.[7,www.bilim.idhost.kz]
Қазіргі кезде елімізде сабақтың сапасын арттыру негізгі мәселеге айналды. Сабақтың сапасын арттыру мақсатында мен сабақтарымда бағалаудың келесі түрлерін тиімді деп алып, оқу жылы барысында қолдандым: бірін -бірі бағалау; өзін -өзі бағалау; топтардың бірін- бірі бағалауы; стикерлер арқылы бағалау; бағалау критерийлерін оқушылармен бірге құру және сол критерийлер арқылы топбасшысы топ мүшелерінің балдарын кестеге қойып отырады және оны бағаға айналдырады; тестер; сауасақтар арқылы бағалау.
Оқушы білімін бағалауда маңызды екені белгілі. Бұрынғы сабақтарда өзім айтып, бағалайтын да өзім. Бағаны не үшін алды, келесіде жақсы баға алу үшін не істеу керек деген талдау жүргізілмеген. Ал, жаңаша оқыту әдісінде оқушыларды бағалауға көбірек көңіл бөлуге тырыстым. Оқушының өзін-өзі бағалауын ұйымдастырдым. Бұл оқыту тәсілі оқушыны өзіндік баға беруге , өзін-өзі бағалауға, сенімді болуға үйретеді. Себебі, бала алдымен өзіне-өзі баға беріп үйренуі керек. Сабақтарымда формативті бағалауды (смайликтермен, стикерлермен, жетон т.б) арқылы бірін-бірі бағалады. Бағалаудың бұл түрі оқушыларға өте ұнады. Жаңашылдық оқушылар өздерін критерийлер бойынша бағалайды сол арқылы мұғалім баланың түсінгенін анықтай алады. Бұл тәсілдің тиімдісі – оқушы не үшін және қалай оқу керектігін біледі. Олар не үшін оқу керектігін түсінді.Сабақтан алған әсерлерін стикерге жазып бағдаршамға жапсырады. Сабақ соңында оқушылардың жеткен жетістіктерін, кемшіліктерін талдап, рефлексия жаздырып отырамын. Топтық тапсырмаларды орындауда әр топ бір –бірінің жауабын тыңдай отырып, «екі жұлдыз, бір тілек» немесе «екі жұлдыз, бір ұсыныс» айту және мадақтау, қол шапалақтау арқылы бағалаудың өзі оқушының мерейін, оқуға ынтасын арттыруда көп көмегін тигізуде.
Смайликтердегі ұсыныстарды оқып болғаннан кейін келесі сабақ құрылысына өзгертулер енгізген кездерім де болды.
Білім алушылар өз білімін арттыру үшін бағалауды үйренуі қажет, сондықтан оқушыларға өзінің оқуын жақсарту үшін кері байланыс арқылы алынған ақпаратқа сәйкес жұмыс істеу қажет. Бұл олардан түсінушілікті, қызығушылықты және ықыласпен әрекет етуді қажет етеді. Көрсету, түзету, оқытуды бағалау сияқты әдіс - тәсілдердің көмегі оқушыларға білім беруде жаңаша идеяларды ұсынады Сабақ соңында ұсынылытын кері байланыс арқылы (рефлексия, эссе жазу) оқушының сабақта не үйренгенін, алдағы уақытта нені білгісі келетінін анықтап отыруға, келесі сабақты жоспарлауға септігін тигізеді.
Жыл бойы қолданған формативті бағалаудан мынадай нәтиже көре алдым: оқушылар шынайы бағалай алды, бір – біріне деген сыйластық пен сенімділік орнады, өздерін еркін сезінетін болды, қателіктерін көре білді және оны өз уақытында түзетудің жолдарын іздеп өз бетінше жоюды үйренді. Осының нәтижесінде оқушылардың белсенділігі мен шығармашылығы артты, алған білімдерін өмірде еркін қолдана алатын болды.
Пайдаланған әдебиеттер
1. Мұғалімге арналған нұсқаулық, 2012ж, 12-б.
2.Мұғалімге арналған нұсқаулық, 2012ж, 56-б.
3.www. nisa.edu.kz
4. Мұғалімге арналған нұсқаулық, 2012ж, 58-б.
5.«Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы» Алматы,2013ж
6.А.Құсайынов «Білім реформасы- дамыған елдер тәжірибесі» Этнопедагогика 2007ж , №1, 8-13 бет
Аннотация
Қазіргі таңдағы оқу үдерісін бағалау түрлерінің заманауи әдіс-тәсілдерін кеңінен қолдану – басты мәселелердің бірі болып табылады. Бағалау барысында білім алушы осы үдеріспен тікелей байланысты болуы тиіс. Баяндамада бағалаудың екі түрі салыстырмалы түрде жүргізіліп, білім алушылардың өзінің білімін бағалай білуге үйретуді меңгерту, қолдану әдіс-тәсілдері мен нәтижесі туралы айтылған.
Аннотация
В настоящее время применение современных видов оценивания учебного процесса с целью формирования у учащихся учебно-познавательной мотивации и стимулирования учебных достижений является одним из основных проблем. Обучающийся должен быть тесно связан с процессом оценивания. В докладе приведены в сравнении два вида оценивания, а также результаты самооценки учащихся.
.
Abstract
Presently collection of types of evaluation of educational process is one of basic problems . The student must be closely connect with the process of evaluation. Two types of evaluation are driven in comparison in lecture and student’s self- evaluation results.
Достарыңызбен бөлісу: |