Міржақып Дулатұлы 1885 жылы 25 қарашада Торғай облысының Сарықопа ауылында дүниеге келген. Болашақ қоғам қайраткері бала кезінен анасының махаббатын сезініп үлгермеген. Міржақыптың екі жасында анасы Дәмеш дүниеден өткен.Кейін әкесі 8 жастағы Міржақыпты ауыл молдасына оқуға берген. Өзінің айтуынша, ол надан молда болған. Сондықтан араб тіліндегі дұғаларды жаттағанынан басқа еш нәрсе үйренбегенін айтады. Болашақ ақынның 12 жасында әкесі Дулат та қайтыс болады. Кейін 16 жасында Міржақып Дулатұлы Мемлекеттік орыс-қазақ училищесіне түсіп, бір жылдан соң ауылда мұғалім болып жұмыс істейді. Училищеде оқып жүргенде Дулатұлына Ахмет Байтұрсынұлы сабақ береді. Сол кезден бастап қос қоғам қайраткерінің әдеби және саяси қызметі өзара байланысты болды. Патша өкіметінің саясатына қарсы шыққан Міржақып Дулатұлы жас кезінен қазақ халқының саяси өміріне қатысып, орыс патшалығына қарсы шыққан. Дулатұлының жастық шағы қазақ даласында патша өкіметінің отаршылдық саясаты күш алып тұрған сәтте өтті. Сондықтан ол ауылда мұғалім болып жүре бере алмады.
1905 жылы 20 жастағы Міржақып ұстазы Байтұрсынұлымен бipre Қарқаралыдағы саяси-бұқаралық жұмыстарға қатысып, қазақ халқының атынан патша өкіметіне хат жазады.
Ал екі жылдан соң Патша жарлығымен қазақтар мен Сібір және Орта Азияның тұрғылықты елдері Ресей Мемлекеттік Думасына қатысу құқығынан айырылған. Сол кезде Дулатұлы "3 шілде заңы мен қазақтар" атты мақала жазып, Патша жарлығын сынға алған.
Кейін "Біздің мақсатымыз" мақаласында қазақтардың Ресейде құқықсыз халық екенін жазған. Мұнда салық елдің пайдасына жаратылмайтынын сынаған, "дінімізді мазақ қылып, кітаптарымызға тыйым салады" деген. Бұл мақаланы ол бүркеншік атпен жазған. Сондықтан кейін патша өкіметі мақала авторын тұтқындамақ болғанда, оны жазған Міржақып Дулатұлы екенін біле алмайды.
Дулатұлы көбіне Азамат, Мадияр, Таймінер, Түрік баласы және Арғын баласы деген секілді лақапаттарды қолданған.
1917 жылы жазда "Алаш Орда" үкіметін құрғандардың бірі болады. Сол жылдары аштыққа ұшыраған қазақтарға көмектесу үшін "Жанар" ұйымын ашқан.