№ 1 АЛМАТЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК ГУМАНИТАРЛЫҚ-ПЕДАГОГТІК КОЛЛЕДЖІ
Реферат Тақырыбы: «Əдістемені зерттеуші ғалымдар еңбектерімен танысу. Қазіргі әдіскер ғалымдар өмірбаяны, еңбектері»
Орындаған: Кенжебаева Ә. С.
Тобы: 31 «Б»
Тексерген: Кусманова Г.Б.
Алматы, 2020 Жоспары Кіріспе бөлім
Негізгі бөлім Қазақ тілін оқыту әдістемесі және оның зерттеу нысаны.
Қазақ тілі оқыту әдістемесінің қалыптасуы
Қорытынды
Кіріспе бөлім
Қазақ тілін оқыту әдістемесінің басқа ғылымдармен байланысы
Тіл білімімен байланысы. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің зерттейтін басты нысаны оқушыларға тілді меңгерту болғандықтан, ол ең алдымен тіл біліміне арқа сүйейді. Өйткені мектепте қазақ тілі пәнінен өтілетін материал тіл білімі ғылымының негізінде белгіленеді. Яғни қазақ тілі пәнінің мектепте оқытылуы мазмұнын анықтау әдістемесінің міндеті болса, бұл міндетті шешуде ол тіл білімінің мағлұматтарына сүйенеді. Атап айтқанда, фонетиканы оқыту әдістемесі, лексиканы оқыту әдістемесі т.с.с. аталудың өзі тікелей қазақ тіл білімі салаларының атаулары екені өз-өзінен түсінікті. Сондай-ақ, мысалы, фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік талдаулар - әдістемелік тәсілдер, ал бұл атаулардың өздері және мазмұны тіл біліміне тән. Ендеше қазақ тілін оқыту әдістемесі өзінің бұдан былайғы даму барысында тек педагогикалық қана емес, белгілі дәрежеде тіл білімдік ғылым болып та қалыптасуда. Мысалы, тіл білімінен берілетін фонетикалық мағлұматтар дыбыстарды дұрыс айту, жазу, дұрыс сөйлеу, мәнерлеп оқуға, емлеге үйрету сияқты әдістемелік мәселелермен тығыз байланысты іске асырылады. Ендеше әдістемелік негізде мектеп грамматикасы мен ғылыми грамматика бір-бірімен тығыз байланысты, тіпті біртұтас деуге де болады. Педагогикамен байланысы. Жалпы тұрғыда педаго¬гика жас ұрпақтарға білім, тәрбие берудің мәні, мақсаты, мазмұны, әдістері, құралдары мен ұйымдастыру түрлері туралы ғылым ретінде сипатталады. Дидактика педагогиканың маңызды бір бөлігі - оқытудың жалпы теориясы ретінде қазақ тілі әдістемесінің негізі болып табылады. Әдістеме дидактика ұсынған оқыту принциптеріне, оқыту әдістерінің теориясына сүйенеді. Мектепте қазақ тілін оқыту барысында ұрпақ тәрбиелеу проблемаларын талдап-шешуге қатысады, қазақ тілі сабақтарында берілетін тәрбиенің жолдарын (бұл тәрбиеге мазмұны сәйкес материалды, мысалдарды сұрыптау, көркем шығарма материалын пайдалану т.б.) тіл құралдары арқылы іске асыруды жан-жақты қарастырады.
Психологиямен байланысы. Психология оқушының психоло¬гиялық ерекшеліктерін сипаттайды: жоғары жүйке жүйесінің қызметі туралы ілімге сүйене отырып, ол оқытудың әдісі мен тәсілін психологиялық тұрғыда дәлелдеуге көмектеседі. Сөйтіп қазақ тілін оқытуға байланыс¬ты әдістемелік мәселелерді дұрыс түсініп, практика жүзінде шешуге мүмкіндік береді.
Мұғалім өзінің әрбір оқушысын, оның психикасын, материалды қабылдау және есінде сақтау дағдыларының дәрежесін білуге жағдай жасайды, оқушыларды жүйелі зерттейтін әдістермен қаруландырады Оқушының психологиясын білмей тұрып, қазақ тілі әдістемесі ұсынған әдістер мен тәсілдерді тиімді пайдалану мүмкін емес. Бұл әдістер мен тәсілдер оқушылардың жеке басының ерекшеліктерін, ойлау қабілетінің даму процесін, жалпы жетілуін есепке алмайынша, мақсатқа жете алмайды.
Қазақ тілі әдістемесінің мәселелері Зерттеудің теориялық әдістері. Ең алдымен назар зерттелетін құбылыстардың, процестердің заңдылықтарын жинақтауға, анықтауға, қалыптастыруға бағытталады. Соңғы жылдары оқыту әдістемесінде жүйелі құрылымдық әдіс қолдана бастады. Оның мәнісі - зерттеу өзара байланысты элементтерден құрылған біртұтас жүйелерінде қаралады, элементтер арасындағы өзара байланыстылық пен қарым-қатынасқа басты назар аударылады. Осыған сәйкес оқыту әдістемесінде мұғалім мен оқушының арасындағы байланысты анықтау қажеттілігі туады (яғни оқыту мен білім алу), оқытудың мақсаттарымен, мазмұнымен, әдістері, құралдарымен, оқушылардың білімді қабылдауы, дамуы және тәрбиелену арасындағы байланыстарды анықтау қажет болады Оқытудағы жүйелі-құрылымдық әдіс сабақтың мақсатын анықтауды, осы мақсаттарға байланысты оқытудың мазмұнын, әдістері мен құралдарын сұрыптап ала білуді, сабақтың тиімділігін бағалауды көздейді. Жүйелілік әдіс мұғалімнің бағдарлама бойынша бірнеше сабақты жоспарлап, дайындалуына мүмкіндік береді, әр сабақтың өзіндік ерекшеліктері мен мақсаттары, мазмұны, оқыту әдістері жағынан, оқушылардың танымдық әрекетінің сипаты жағынан өзара байланыстылығы сақталады. Әдістемелік зерттеулерде типологиялық әдіс те көрнекті орын алады. Бұл әдіс бойынша зерттелетін объектілер мен құбылыстар топталып, әр топтың негізгі белгілері анықталады. Типологиялық әдіс әдістеме ғылы-мының мәселелерін зерттеуде жиі қолданылады. Мысалы, ана тілінен берілетін білім мазмұнын талдап шешуде оның негізгі құрамдас бөліктерін топтап қарастыру, атап айтқанда, білім беру, іскерлік, көзқарастық идеялар және әрекет тәжірибесін түгел қамту т.т. Оқытудың жолдары мен ұйымдастырудың түрлері жөніндегі мәселелерді зерттеу, тілді оқыту әдістерін жіктеуге, оқушылардың өз бетімен істейтін жұмыс түрлері мен сабақ түрлерін анықтауға мүмкіндік береді.