Ресейдің экономикалық саясаты немесе М.Кемалдың әлемдік дағдарыс кезінде ұстанған тактикасы
Рашид Ибрагимұлы Тәжібаев
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ
ұялы тел: 7-702-2371839
эл. пошта: rasidtacibayev@yahoo.com
-
«Ресейдің экономикалық саясаты»
|
Алматы №3, 2009 жыл
Мамыр-маусым
|
Таң-Шолпан
|
59-78 бет.
(1,2 баспа табақ)
|
Қазіргі экономикалық дағдарыстан шығу үшін тек қана экономикалық шараның жеткіліксіздігін соңғы кезде болып жатқан оқиғалардан аңғару қиын емес.
Ресейдің жақында Ұжымдық Қауіпсіздік Келісім-шарты ұйымына (ОДКБ) кіретін әріптестерімен (Белоруссия, Армения, Қырғызстан, Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан) біріге отырып Ұжымдық қорғаныстың тиімді1 күшін (Коллективные силы оперативного реагирования (КСОР)) қалыптастыру туралы «принципиалды» келісімге келуі туралы ақпарат құралдары шулап жазған болатын. Баста саяси бір ұйым секілді құрылған ОДКБ-ның әскери-саяси одаққа айналуына НАТО-ның шығысқа қарай жайылуы(әсіресе, Польшаға АҚШ зымырандарының орналастыру мәселесі және Грузиядағы соғыс) әсер етіп отыр. Ұжымдық қорғаныстың әскери күшін қалыптастыру бағытындағы іс-шарада Өзбекстаннан өзге республикалар белсенділік танытты.
Өзбекстанның әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан ұстанған саяси ұстанымы назар аударарлық. Өзбекстан ЕурАзиялық Экономикалық ынтымақтастық ұйымындағы мүшелігін 2008 жылдың қазан айында, яғни дағдарыс басталып, әлемдегі мемлекеттердің ұстанымдары айқындала бастаған кезде мерзімсіз уақытқа тоқтатады. Ал 2008 жылы желтоқсан айының 12-жұлдызында Мәскеуде өткен ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің жиырма екінші отырысы өтті. Осы отырыста ЕурАзЭҚ мүше елдердің үкімет басшылары Өзбекстанның ЕурАзЭҚ-ның органдарындағы жұмыстарға қатысуын тоқтату туралы шешім қабылдайды2.
Әлемдегі мемлекеттер дағдарыс жағдайында өзара ынтымақтастықты арттыру бағытында жұмыс жасап жатса, Өзбекстан керісінше интеграциялық топтағы жұмысын тоқтата тұрады. Бұл Өзбекстанның дағдарыстан жеке өз басы аз зарармен аман-есен құтылатындай күш-қуаты бар деген сөз я болмаса, Өзбекстанды дағдарыстан сүйреп шығаратын қуатты мемлекет бар деген сөз. ЕурАзЭҚ ұйымындағы мүшелігін тоқтата тұратындай 2008 жылдың аяғында Өзбекстанда қандай өзгерістер болды екен? Өткен жылдың аяғын зерделейтін болсақ, АҚШ-тың General Motors (GM) компаниясының Өзбек үкіметімен келісіп, General Motors (GM) Powertrain Uzbekistan ортақ кәсіпорынын ашқанын байқаймыз. Сөйтіп, Ташкент облысындағы бензинді қозғалтқыш(двигатель) жасап шығару зауытының құрылысын 2008 жылдың аяғында бастайды. Аталмыш зауыт 2011 жылы іске қосылғанда жылына 360 мың қозғалтқыш жасап шығару күшіне ие болып, 1200 адам өндірісте жұмыс істейді. Дағдарыстың енді басталғанын назарға алар болсақ, онсызда жұмыссыздықтан Қазақстан, Ресей шарлап жүрген өзбек ағайындарымыз зауыт 2011 жылы іске қосылғанда шамамен бір миллионға жуық адамның3 жұмыспен қамтылады. Ал бұл өз кезегінде Өзбекстан азаматтарының Қазақстанға не Ресейге барып, жалданып жұмыс істеу көрсеткіші азаяды деген сөз. Соңғы мәліметтерге сүйенер болсақ, өзбектер ең көп Ресейде жалданып жұмыс істеуде екен. Олардың саны 2025 жылға қарай 5,77 миллионға жетпекші4. Егер Ресей Өзбекстанмен арақатынасы нашар болып, өзбек азаматтарын еліне кері қайтарып жіберіп отырса, онда елге оралған бұл адамдар Өзбекстанның саяси-әлеуметтік жағдайын одан сайын қиындатып жібереді. Бірақ, Мәскеуде отырғандар Ташкентпен арақатынасы қанша нашарлағанмен Ресейге келіп жұмыс істеп жатқан өзбектерді кері қайтармайды. Өйткені, бұлар Ташкентке ықпал етудің ең төте жолы болып табылады. Өзбектердің Ресейде жұмыс істеуі ең біріншіден, Ресейдің өзінің экономикалық күшін арзанқол жұмысшылармен қамтамасыз етіп отыр. Өзбектер қытайлықтар секілді жымысқы саясат ұстанбайды. Қытайлықтарға қарағанда өзбектердің Ресейге қоныстануы(егер қоныстанып жатқандар болса) геостратегиялық жағынан ешқандай қауіп туғызбайды. Бұлардың ішінде бәрінен бұрын ең маңыздысы Өзбекстан мен Ресей арасындағы мәдени-тарихи байланыс үнемі жанданып тұрады. Ресейде жұмыс істеуі үшін өзбектердің орыс тілін, мәдениетін өздігінен үйренуі жүзеге асады. Қысқаша айтқанда, Өзбекстан мен Ресейдің өзара қарым-қатынасы билік органдарының саясатына қарамастан жалғаса бермекші.
Демек, АҚШ компаниясының Өзбекстанда зауыт ашуын қарапайым бизнес деп қабылдауға болмайды. Бұны геосаяси мүдделермен астасып жатқан іс-шара ретінде қабылдаған жөн. Бұны Өзбекстанның Ресейге деген тәуелділігін азайту мақсатында жасап жатқан шара деуге болады. Әскери базаның бере алмаған экономикалық қолдауын осындай зауыттар ашу арқылы көрсетіп отыр.
Әлемдік дағдарыс жағдайында АҚШ-тың GM секілді алпауыт компаниясы 10 мыңнан астам қызметшілерін қысқартып жатқанына қарамастан Өзбекстанға жасап жатқан инвестициясы назардан тыс қалмасы анық. Осыны білгендіктен болар, АҚШ өкілдері инвестицияның көлемін, мөлшерін жария етпеуде. АҚШ-тың әлемдік дағдарыс кезінде Өзбекстанға инвестиция құюын Ресеймен болған Орталық Азиядағы геосаяси күресте жіберіп қойған қателіктеріның орнын толтыру деп білген жөн.
2001 жылы қыркүйектің 11-жұлдызындағы оқиғадан кейін Өзбекстанға әскери базасын орналастырған АҚШ Ресейге қарсы геосаяси әрі геостратегиялық үстемдікке ие болған болатын. Ресей өз кезегінде Өзбекстанға саяси-экономикалық ықпалын арттыру мақсатында біршама әрекеттер жасайды. 2004 жылдың маусым айының ортасында(15-17) Ресей президенті В.Путин Ташкентке жұмыс сапарымен келіп, екі маңызды құжаттың қабылдануына себеп болады. Бұның біреуі Ресей мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестік туралы келісім-шарт болса, екіншісі, Өзбекстанның «Қандым-Хаузак-Шады» мұнай-газ кен орындарына Ресейдің мұнай-газ саласындағы алпауыт компаниясы ЛУКОЙЛ 35 жыл жұмыс істеп, 1 миллиард доллар инвестиция жұмсауды көздеген келісім болды. ЛУКОЙЛ бұл бағытта Ресейдің мемлекеттік компаниясы «Газпроммен» бірге жұмыс істейді.
АҚШ-пен жақсы әрі тиімді байланыс орнатқан Өзбекстанның Ресеймен стратегиялық әріптестік келісім-шартын Ресейлік сарапшылар «Ислам Керимовтың инициативасымен болған нәрсе деуде. Мәскеу тарапынан ешқандай қысым көрместен Ташкенттің өзі Мәскеудің әріптесі болуға ұмтылып отыр» деп даурықты5. Бұған дәлел ретінде Ресей президенті В.Путиннің мына сөзін алға тартуда: «Ислам Абдуганиевич лично принял участие в подготовке текста договора, и я даже не думал, что удастся за столь короткий срок его подготовить». Яғни «стратегиялық әріптестікке мұқтаж болып отырған біз емес, Өзбекстанның өзі» деген өздерінің «ұлыдержавалық» пиғылдарын астарлап болса да аңғартып отыр. Ресей мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық келісім-шартында мынадай бап бар: "стороны предоставляют друг другу на основе отдельных соглашений право использования военных объектов, находящихся на их территории". Өзбекстанның Ресей аймағында әскери базаны пайдалануға талаптанады деу біраз қиындау. Өйткені, Қазақстанды аттап өтіп, Ресейдің қандай да бір әскери базасын өз мақсаттарына жарату біраз қисындау. Ал бірақ Ресейдің Өзбекстан аймағындағы әскери базаларды пайдалану мүмкіншілігі бар. Демек, Өзбекстан арнайы келісім арқылы өзінің әскери базаларын Ресейдің қолдануына мүмкіншілік танытып отыр. Яғни келісім-шарт тікелей Ресейдің мүддесіне қызмет ететін құжат болып тұр. Егер бұл келісім-шарт жоғарыда айтылып өткендей Өзбекстанның ұсынысымен жасалып жатқан болса, онда бұны Ресей мен АҚШ арасында тепе-теңдік ұстау үшін өзбек үкіметінің жүргізіп отырған саясаты деуге болады. Ал егер Ресейдің қысымымен болса, онда бұны Өзбекстанға әскери базасын орнатқан АҚШ-қа қарсы Ресейдің көрсеткен доқы деуге болады. Ал Ресей Өзбекстан жеріндегі әскери базаны қолданар болса, өтем ретінде қандай ақы төлер еді деген сұрақ өздігінен туындайды. Өйткені, Өзбекстан өзінің әскери базасын АҚШ-қа жалға бергені үшін АҚШ-тан шамамен 8 млрд. доллар алады деген ақпарат БАҚ-та таратылған болатын6(сырт көзге өтемпұл ретінде берілген ақша, негізінде Өзбекстан экономикасын қолдау мақсатында берілуі де мүмкін. Сондай-ақ Ресейдің алда-жалда Өзбекстанда әскери база жалдау ниеті бола қалса, онда оның өтемпұлы 8 млрд. доллар болмаса да сол көлемге жақын шамада болуы тиіс деген мағынаны да тудырады. Ескерте кететін бір жайт, Қазақстан Байқоңыр қалашығын төңірегіндегі барлық коммуникациясымен Ресейге 115 миллион долларға беріп отырса, Қырғызстан Манас елді мекеніндегі тек Манас әуежайын 40 миллион долларға АҚШ-қа жалға берген). Осыншама қомақты қаржы Өзбекстанның бүкіл сыртқы қарызын жауып тастап қана қоймай, елдің экономикасын көтеруге де үлкен септігін тигізетін еді. Ресейдің АҚШ секілді әскери базаны тек жалдағаны үшін қомақты қаржыны шашуға шамасы жоқ. Сондықтан ақшаны тек өзіне тиімді әрі пайдалы жаққа жұмсау жолын қарастырады. Бұл Өзбекстанның экономикасына, оның ішінде газ кеніштерін игеруге инвестиция бөлу болды. Иә, орыс көпестері сауданы жақсы жүргізе алатынын іспен көрсетуде.
Сонымен, ЛУКОЙЛ мен «Газпром» Ресейдің геостратегиялық мақсатын жүзеге асыру мақсатымен газдың мол қоры барланған кен орындарында 35 жыл бойы жұмыс істеуді көздейді. «Газпром» 2004 жылдың тамыз айынан бері Үстірттегі Шахпахты кенішінде газ өндіру жұмысына кірісті. "Газпром" 2006 ж. Үстіртте көлемі 38,1 мың шаршы метр болатын, 1 трлн кубметр табиғи газдың қоры болжанған жеті кеніштің қойнауында геологиялық зерттеу жүргізуге Өзбек үкіметімен келісімге келген болатын. 2007-2008 жылдар арасында геологиялық барлау жұмыстарына 215 миллион доллар жұмсалған, 45 миллион доллар да 2009 жылы жұмсалуға тиіс болатын. Алайда, «Газпром» үш кеніш(Үстірттегі Акчалак, Қуаныш және Батыс Үргін инвестициялық блоктары) орнында геологиялық барлау және зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы лицензияларын Өзбек үкіметіне қайтарып береді. «Газпром» өкілдері бұны бұл кен орындағы газ қорының аздығымен және оған жұмсаған шығынға арзымайтындығымен түсіндіреді. Бірақ «Газпромның» арзымайды деген жерлерге малазиялық «Petronas» құлшыныс білдіріп, 2008 жылы мамыр айында аталған кен орындарын 35 жылдығына игеруге өзбек үкіметімен келісімге келді7. Бұл жағдай бірнеше сұрақты өзімен бірге ала келді. Солардың бастысы әрі ең маңыздысы мыналар:
Ресейдің саяси-экономикалық шоқпары мемлекеттік «Газпром» компаниясының лицензияларды өзбек үкіметіне қайтарып беруде қандай мағына жатыр? Ғарыштағы жерсеріктері арқылы Өзбекстанда қанша мұнай-газ қоры бар екенін және оның қаншаға жететінін біліп отырған(өйтпесе, 35 жылға жұмыс істеуге ниет етіп келісімге келмес еді) Мәскеудің бұл әрекетін қалай түсінсек болады? Газ қоры жеткіліксіз болса әу баста соншама жердің лицензиясын неге алды? «Газпром» игеруден қашып жатқан жерге малазиялықтар неге құштар болды?
Әл-жауап: «Газпромның» газ қоры жеткіліксіз деген жерлердің лицензиясын қайтарып беруінде саяси астар бар. Өзбекстанда АҚШ-тың әскери базасының орналасуы АҚШ ықпалының арта бастағанына әрі Ресейдің геосаяси жағынан ұтылып отырғанына дәлел еді. Ресей АҚШ-ты аймақтан, яғни Өзбекстаннан ығыстырып шығару үшін бірнеше айла-тәсіл қолданады.
Ресей Орталық Азияның негізгі өзегі болып табылатын Өзбекстанда геосаяси ықпалын арттыру үшін «Газпромды» пайдаланады. «Газпром» Өзбекстанның жоғарыда аталған ауқымды аймаққа инвестиция төгемін деп даурығып, өзбектердің назарын өзіне аударады. Бұл үшін Мәскеудің қолында қажетті ақпараттар да жоқ емес еді. Ғарыштан Өзбекстанның қай аймағында мұнай мен газдың қаншалықты қоры бар екенін біліп отырған Ресейлік компания бірден сол аймақтарды игеруге лицензия алады. Өздерінің жұмыстарының «жемісті» жүріп жатқанын көрсету үшін бірнеше газ кен орындарын ашып, олардың қорларын анықтайды.
«Газпромның» Өзбекстанға келіп жұмыс істей бастаған уақыты АҚШ-тың Ханабадда әскери базасын орналастырудан кейінгі уақытқа сәйкес келеді. Яғни американдықтар Өзбекстанда өз ықпалдарын арттыру мақсатында әскери база орналастырып жатқанда, «Газпром» қандай жағдайда, қандай шарттар да болсын Өзбекстанға инвестиция төгіп жұмыс істеуі керек болды. Тек қана «Газпром» емес, Ресей мемлекетінің монополиялық компаниялары Ресей ықпалын, оның экономикалық күшін сездіру үшін Өзбекстанға «инвестиция» төкті.
2005 жылы Өзбекстан АҚШ-тың әскери базасын елден қуғаннан кейін Ресейдің Өзбекстанға деген қарым-қатынасында өзгеріс пайда болады. Бұны Ресей монополиялық компанияларының әртүрлі сылтаулармен Өзбекстандағы инвестиция көлемін қысқарта бастауынан көруге болады. Солардың бірі «Газпром», кейбір кен орындарындағы «барланған газ қоры игеруге арзымайды» деген сылтаумен алған лицензияларын өзбек үкіметіне қайтарып береді. Өйткені, енді «Газпромның» Үстіртке инвестиция төгуіне қажет емес еді. Ресейдің басты бақталасы АҚШ(әскери базасы) Өзбекстаннан қуылды. Стратегиялық мақсат орындалды. Сондықтан, қаржыны Өзбекстанға жұмсағанша, Ресейдің өмірлік маңызы бар басқа да стратегиялық сыртқы саяси мақсаттарына жұмсау әлдеқайда артық еді. Оның үстіне бүгінгідей әлемдік қаржы дағдарысы кезінде, әрбір тиынды тиімді пайдалану қажет-ақ. Өзбекстан АҚШ-ты қуып жібергеннен кейін олармен қайтадан тіл табысуы оңай емес. Амал жоқ, Ресеймен қарым-қатынасты жандандыруға мәжбүр. Осының бәріп кесіп-пішіп отырған Мәскеу, өзбек бауырларымызды оп-оңай «кидат етіп» кетеді. Шындығында да АҚШ секілді майлы жілікті уыстарынан шығарып алған Өзбекстан барар тауы, басар жері қалмағандықтан Ресеймен ынтымақтасу жолын ұстанудан басқа амалы жоқ. Сауданың майын ішкен деп мақтап жүрген өзбек бауырларымыздың орыс мұжықтарына есесін жібергені өкінішті-ақ.
Ал малазиялық «Petronas» компаниясының «Газпромның» газ қоры жеткіліксіз деген жерлерді игеруге ұсыныс әрекеті Ресейдің осы аймақтағы саясатын жіті қадағалап отырғанын көрсетеді. Бұдан шағын компаниялардың азулы компаниялардың саяси мүдде көздеп кіріскен әрекеттерінен қалған жобаларды қолға алатынын байқау қиын емес. Өйткені, шағын компаниялардың ғарыштан зерттеу жүргізуге және геосаяси ойын жүргізуге қауқары жоқ. Былайша айтқанда, қалған-құтқанмен қанағат етуде.
Сонымен, малазиялықтардың Ресей секілді геосаяси мүддесі жоқ. Олардың «Газпромның» газ қоры жеткіліксіз деген жерлерді 35 жылға алуы аталмыш жерлердегі газ қорының қанша жылға жететінін көрсетіп отыр. Демек, газ қоры жеткіліксіз емес. Бар әрі ол 35 жылға емін-еркін жетіп отыр! Иә, малазиялықтар да ақымақ емес, қаншама алтын уақыт пен қаржысын өзін-өзі ақтамайтын жобаға сарп ететіндей.
Мәскеудің Өзбекстанды бұлайша оп-оңай «лақтырып» кетуіне не себеп? Бұған былай жауап берген дұрыс болар. Өзбекстан өзге Орталық Азия республикалары секілді авторитарлық жүйемен елді басқаруда (Қазақстан президенттік-парламенттік басқаруымен Францияға ұқсап келе жатыр). Ел президенті И.Керимовпен жақсы болған компаниялар мен мемлекеттер Өзбекстанда іс жүргізуде. Саясатта да саудада болған секілді бақталастық болады. Мемлекеттің бар жауапкершілігін бір адам арқаласа, бұл «лақтырып» кетуге ең оңтайлы қадам болып табылады. Егер мемлекетте нағыз, шынайы оппозиция болса, онда Ресей компаниясы Өзбекстанды оп-оңай «лақтырып» кетпес еді. Тым болмағанда, шынайы оппозицияның бар екенін білдіретін (көрсетпелік болса да) президенттің жеке бақылауындағы оппозицияциялық саяси партия билікпен таласып-тармасып жүрсе! Парламентте белгілі бір «креслосы» болса. Бірақ бұның бәрі Өзбекстанда өз ықпалдарын жүргізуге тырысқан мемлекеттерді нандыратындай дәрежеде шебер, әрі ұсталықпен жүргізілуі тиіс. Міне сонда ғана нағыз саясат болады. Сонда ғана Ресей үкіметі биліктегі партиямен келіскенімен, оппозицияның АҚШ-ты жақтап әрекет ететіндігінен қауіптеніп, инвестициясын кең ауқымға жая түсер еді. Өзбекстанда өзінің позициясын нығайту үшін жұмсаған қаржысының екі есесін жұмсар еді. Өзбек халқын жұмыспен қамтамасыз етуге өзбек үкіметінен бұрын қам жасар еді. Өйткені, халықтың көңілінен шықса, оппозиция ешқайда қашпайды. Ал Ресей не істеп жатыр? Билікпен келісімге келіп, ісін тындырып жатыр. Айталық, Ресей биліктегі партиямен келісімге келе алмады, онда алдарында таңдау тұр. Ол оппозициямен келісімге келіп жұмыс істеу. Ал, Ресейдің алдында келісімге келіп жұмыс істейтіндей белгілі бір партия, не өзгедей таңдау болмаса, И.Керимов те Ресейдің айдағына жүргізісі келмесе, Ресей де ұстанған бағытынан қайтпаса не болады деген сұрақ туындайды?
Онда Өзбекстанда билікті құлатқысы келетін немесе билікке қауіп төндірген әртүрлі «ислами» ағымдар мен қозғалыстар пайда болады.(Өзбек халқының Ислам дінін ұстанатындығын ескерсек, онда бұл билікті өз халқымен күресуге итермелеудің бір жолы екендігі көрініп тұр). Бұқаралық ақпарат құралдары қара аспаннан қара бұлтты үйіріп, билікке қауіп төндіре түседі. Ташкент, Самарқанд секілді қалаларда билікке қарсы жарылыстар орын алады. Өздерін оппозициямыз деп халыққа білдірген топ билікке қарсы әрекет жүргізеді. Әндіжан секілді қалаларда бейбіт халық қарақшылармен бірге запа шегеді. Билік басындағылар да осынау «көрінбес күштің» алдында өздерінің әлсіздігін сездірмес үшін елде шариғат орнатқысы келген, халифалық құрғысы келген «ислами» ағымдарға қарсы күресті жандандырғанын жариялайды. Яғни дұшпанды анықтап алады. Бұл да бір демеу ғой. Сонымен, тірескен екеудің біреуі суға кетіп, суға кеткен де тал қармауы тиіс. Осы оқиғалардан кейін Өзбекстан ЕурАзЭкономикалық ынтымақтастыққа амалсыздан кіреді. Яғни Ресейдің айтқанына және айдағанына тек таяқ жегенде ғана көнеді.
«Өзбекстанда болып жатқан нәрсе бізде де болып жатқан жоқ па екен?» деген жаман ой келеді. Бізде де болып жатыр. Бірақ бізде Өзбекстандағыдай емес, әлдеқайда «мәдениетті, гуманитарлық» түрде деуге болады. Бұған Қазақстанның өзінің сыртқы саясатында Ресейді басты стратегиялық әріптес ретінде өзгелерден алда ұстауы себеп болып отыр. Бұны Қазақстанның ЕурАзиялық Экономикалық Ынтымақтастық(ЕвАзЭс), Ұжымдық Қауіпсіздік Келісім-шарты(ОДКБ) ұйымы аясында жүргізіп жатқан іс-шараларынан көруге болады.
Қазақстан Ресеймен Ұжымдық Қауіпсіздік Келісім-шарты ұйымы аясында белсенділігін арттыру арқылы АҚШ секілді халықаралық аренада ат ойнатқан мемлекеттің инвестициясынан айрылып қалып отыр. Өйткені, АҚШ Қазақстанға қанша инвестиция төккенімен Қазақстан бәрібір өзінің «стратегиялық әріптесінен» айнымайды. Қазақстанға инвестиция төкті екен деп біздікілер АҚШ-тың ықпалына жығыла салмайды. Бұған бірнеше себеп бар. Бұлардың ішіндегі ең бастысы әрі бәрімізге белгілі жайт Қазақстандағы орыс халқының саны(бұған санасы орыс мәдениетімен уланған қазақтарды қосыңыз) мен Ресеймен және Қытаймен(Қытай да АҚШ-тың Қазақстанда болуын қаламайды) болған ауқымды шекара. Сонымен қатар, Ресеймен болған үш жүз жылға жуық тарихи-мәдени, саяси-экономикалық байланыс. Ал мұндай байланысты бірден күрт үзу әрине жақсылық әкелмесі анық. Ресей де жүздеген жылдар бойы «төккен терлерінің» жемісін басқа біреулерге оп-оңай бере салмайды. Сондықтан осындай мәдени, этносаяси және геостратегиялық жағдай бізді Ресеймен ынтымақтасуға итермелеп отыр.
Ал ақшаны есеппен жұмсайтын американдықтар Қазақстаннан өздеріне келер пайданың(геосаяси, әскери) аздығын білгендіктен шикізат(мұнай, уран т.б.) саласына көп көңіл бөлуде. Ал шикізат негізінде құрылған қарым-қатынас есепке құрылғандықтан тұрақты деуге болмайды. Ресей империясының кезінде жұмсаған күш-жігерін бүгінкі АҚШ көрсетіп отырған жоқ. Тәуелсіздік алғанымызға онсегіз жылдан асып барады. АҚШ компанияларының Қазақстанда салған зауыт-фабрикаларын саусақпен санап алуға болады. Ал Ресей империясының қалдырған іздері әлі күнге дейін сайрап жатыр. Одан қалды адамдардың санасында орыс мәдениеті үстемдік етіп тұр. АҚШ керісінше өздерінің пайдасына жарайтын Қазақстандық ғалымдарды АҚШ-қа шақырып, өз мүдделеріне пайдалануда. Елбасы Н.Назарбаевтың мұнайхимия саласын дамытамыз деп шырылдап жүргеніне қанша уақыт болды, АҚШ компаниялары әлі күнге дейін мойынбұрмауда. Егер АҚШ Қытай мен Ресейді Орталық Азия аймағынан ығыстырып шығарғысы келсе, ең алдымен экономикаға, оның ішінде мұнай-химия, нанотехнология саласын Қазақстанда дамытуға үлес қосуы керек. Қазақстан өзінің қай салада болмасын білінген мол шикізат қорымен және АҚШ технологиясымен шығарған арзан да сапалы өнімдері Ресей мен Қытайдың тауарларымен бәсекелесіп, оларды Орталық Азия нарығынан ығыстырып шығаруға толық қабілетті. Тіпті одан қалды Қытайдың өзіне экспорт жасауға болады. Ал бұл өз кезегінде Қытай экономикасын тұралып тастауға дейін барады(бүгінкі күні Қытай тауарларымен бәсекелесуге төтеп бере алмаған Қазақстандық тауарлар секілді). Осыдан-ақ АҚШ-тың Қазақстанға деген ниетін аңғаруға болады(АҚШ Қазақстанды отарласын деген жаңлыс ұғым туындамасын!). Сонда АҚШ-тың Қазақстанға стратегиялық инвестиция жасауына не кедергі деген сұрақ туындауы орынды. Бұған жоғарыда айтып өткеніміздей Қазақстанның этникалық құрылымы, яғни қазақ халқының санының аз болуы, орыс тілділердің көп болуы себеп болып тұр.
Қазақстанға мол инвестиция төгіп, оны өз ықпалында ұстайтындай әрекет ететін Ресей де ақымақ емес. Өйткені, Ресейдің сөзін сөйлейтіндер Қазақстанда онсызда толып жатыр. Оның үстіне Қазақстан басшылығы Ресейдің көңілінен шығатын саясат ұстанып отырғандықтан8 Ресейдің Қазақстанға стратегиялық мақсатта инвестиция жұмсап басы ауырмайды. Барымен базар болады. Яғни Ресей империясы кезінде қаланған іргетасты, байланысты сақтап қалу және реті келсе оны одан әрі нықтай түсетін қадамдар жасау. Тек мұнай-газ секілді энергетика көздерін және оны экспорттау жолдарын өз бақылауында ұстаса болды.
Сол себепті Қазақстан бүгінкі күні не Ресейден не де АҚШ тарапынан стратегиялық маңызы бар инвестициялық жоспар, жоба бойынша ынтымақтастық көріп отырған жоқ. Қазақша айтқанда, Қазақстанды екі ел теспей сорып отыр.
Сонда не істеу керек? Ресейден де, АҚШ-тан да стратегиялық мақсаттағы инвестицияны тарту үшін ең алдымен бұл елдердің арасында Қазақстан нарығы үшін шынайы бақталастықты ояту қажет. Бұл үшін саяси партиялардың ішінен нағыз оппозициялық топ құру(бұл президенттің жеке бақылауында жүргізілуі тиіс) керек. Біздегі саяси партиялар бәрі бір отырыста бас қосып, «дағдарыс кезінде тыныш жүрейік, ұйымшыл болайық» сыңайлы сөздермен биліктегі партияға тізгінді беріп қояды(Ал бұны көріп отырған Ресейде не АҚШ-та қандай ой-пікір туындайды. Баяғы бір партия деп назар да аудармайды). Ал негізінде оппозициялық партиялар осындай кездерде дағдарыстан шығудың өзіндік балама жолдарын ұсынып, майданға атылып шығу керек. Тасада, көлеңкеде бұғып жатпай немесе бар жауапкершілікті бір партияға артпай! Дағдарыстан шығу тек экономикалық жолмен емес, саяси жолмен де шығуға болады.
Президенттің(ол шектен шығып бара жатқандарын жолға қойып отыратын, екі партия арасында төреші қызметін атқаруы тиіс) жеке бақылауында болатын оппозициялық топ(сайлау науқаны барысында жеңіске жетіп, үкіметке келген жағдайда) АҚШ-Жапония бағытын ұстанса, ал биліктегі партия Ресей-Қытай бағытын ұстанса Қазақстан үшін талас қыза түсер еді. Ал оппозициядағы партия билік басына келсе қалса, онда АҚШ пен Жапония өздерінің тарапын ұстанатын партияны қолдау үшін экономикада айтарлықтай қолдау көрсетер еді. Дәл осылайша, өздерімен ынтымақтасқанды қалайтын партияның билікте қалуы үшін Ресей мен Қытай да аянып қалмас еді9. Ресей Өзбекстандағы секілді көздеген мақсатына жеткеннен кейін «чемоданын» жинап кетпейтін еді. Қазақстанның тұңғыш жерсерігі «Казсат» жоғалып кетпес еді.
Баяғыда кедей өзінің арық ешкісін байдың отарына қосып жіберіпті. Содан арадан күндер өткеннен кейін кедей өзінің ешкісін алайын деп келсе, бай кедейге сенің ешкіңді қасқыр жеп кетіпті дейді. Көп қойдың ішінде арық ешкіні жеген қасқырға дауа жоқ екен деп, кедей байғұс мойны салбырап кете барыпты. Дәл сол секілді Ресейліктер қаншама жерсерігін ұшырып, жемісін көріп жатыр, қазекеңнің ұшырған тұңғыш жерсерігі айдалаға лағып кетіпті. Қазақстандық кейбір БАҚ мұндай-мұндай бола береді деп, сонау 60-70 жылдардағы ғарышқа кеме ұшырудағы және баллистикалық зымырандарды сынаудағы сәтсіздіктерді тізбектейді. Бүгінгі күні орын алып отырған дәл біздікі секілді жерсерігінің жерден берілген бұйрықты қабылдамау оқиғасын тізіп көрсете алмауда. (Ресейдің осылайша жерден берілген сигналды қабылдамаған неше жерсерігі жоғалып кеткен екен?!) Мүмкін біздің Жерсерігімізді жоғалып кетті деп басқа біреулер, Ресейдегі алпауыт фирмалар көп қой басқарулар солардың қолдарында, қызығын көріп отырған шығар. Қайран қазақ халқымның айдалаға кеткен ақшасы. Нағыз оппозициялық топ болса, осындай кезде гүрілдеп бар дауысын салып, «Жерсерігін, Атом Электр станцияларын Жапонияға салдырайық» десе. Мәскеудің шыбын жаны шырқырап кетер еді. Өйткені, Жапония мен Ресейдің арасында арғы атасын есептемегенде бергі атасынан алашақтары бар. Сондықтан мемлекеттердің арасындағы осындай бәсекелестікті пайдала білсек, саяси мүддені көздеп жасалған көзбоямалық, алдамшы инвестициядан гөрі әлдеқайда көп әрі сапалы инвестицияны тартқан болар едік. Ғарышқа жіберілген жерсерігіміз де жоғалып кетпес еді.
Күні кешегі Кеңес дәуірінде Түркияның тұңғыш президенті М.Кемал батыс пен КСРО арасында бітіспес қайшылықты, екі жақтың Таяу Шығысқа деген ұмтылыстарын және бұнда Түркияның алар орнын жақсы білгендіктен, екі жақтың өзара бақталастығын мемлекеттің гүлденуі үшін тиімді пайдала білді. Ал бұл үшін батысты жақтайтын оппозициялық партия және Кеңес өкіметімен ынтымақтасуда қалаған партия арасында «сценарий бойынша» дайындалған күрес-тартысты ұйымдастырады. Дағдарыс жағдайында алпауыт елдерден қажетті қаржы мен өзге технологиялық қолдауды олардың ықпалында қалмай ала білудің жолын Түркияның алғашқы президенті М.Кемал Ататүрк(1923-1938) көрсетіп кеткен.
1923 жылы құрылған Түркия Республикасының экономикасы 1929 жылға дейін либералды, ашық жағдайда дамыған еді. Түрік үкіметі осындай ұстанымы арқылы Европалық мемлекеттердің инвестициясын өзіне тартуға әрекет етті. Ашық, либералды саясат елде демократиялық қағидалардың да орнығуын талап етті. Демократиялық қағидаларды орнату мақсатымен әлеуметтік салаларда көптеген реформалар жүргізілді.
1923-1930 жылдар арасында экономикада жекеменшіктікке баса назар аудару саясаты 1929 жылдың желтоқсан айында басталған әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты 1930 жылдан соң күткен нәтижені бермегеннен кейін өзінің өзектілігін жоғалтты. Ал 1929 жылғы экономикалық дағдарыс тек экономикалық емес, сонымен қатар саяси ұстанымдарға түбегейлі өзгеріс жасайтындай әсер етті10. 1929 жылдың аяғында басталған экономикалық дағдарыс бүкіл капиталистік мемлекеттерді жайлап, либералды экономиканың мемлекетті қаншалықты зардапқа ұшыратқанын көрсетті. Ал экономикасында мемлекеттік монополия үстемдік еткен КСРО-ның әлемдік дағдарыстан зардап көрмеуі өзге мемлекеттерге айтарлықтай әсер етті. Бұл көптеген елдердің саяси-экономикалық жүйесінде біршама өзгерістердің пайда болуына себеп болды. Солардың қатарында Түркия болды. Түркия Республикасында экономика мен әлеуметтік құрылымның іргетасын мықты негізге қалау үшін Ататүрк жаңа саяси ұстаным қажеттігін сезінді. Бүкіләлемдік дағдарыс экономикада Түркияның өзіндік даму стратегиясын қалыптастыруға итермеледі. Бұл стратегия бойынша КСРО-мен өзара қарым-қатынасты жетілдіре отырып, экономиканы Кеңес өкіметіндегідей мемлекеттік бақылауда дамыту көзделді. Сонымен қатар Батыспен де болған өзара қарым-қатынасты үзбеу назардан тыс қалмады.
Ататүрк Кеңес өкіметінен қажетті қаржы мен техникалық қолдауға қол жеткізу үшін саяси әдіс айла қолданады. Ол Түркияның Кеңес өкіметіне жақындау әрекеттерін әлемдік дағдарысқа орай туындап отырғанын бүркемелеуге тырысты. Бұл үшін Түркияда Республикалық Халық партиясының ішінен либералды даму бағытын жақтаған Либерал Республикалық партияны Парижден арнайы шақыртқан сенімді адамы Фетхи Окярға 1930 жылы тамыз айының 12-жұлдызында құрғызады11. Жаңа партияны қолдаушы ақпарат құралы да құрылады. Ататүрктің бұндағы мақсаты мүмкін болғанша Еуропа елдерінен де қаржылай көмек алу еді. Сонымен қатар, биліктегі партияның ұстанымын жеткізетін әрі либерализмге қарсы күресуші “Kadro” журналының12 құрылуына да қолдау көрсетіледі. Бұл журналда билікпен ымыраға келген, үкіметтің ұстанған саясатын қолдаған ескі коммунистерден құралған бір топ жұмыс істеді. Журнал ұжымындағылар ескі коммунист болғанымен олар билікпен ымыраға келіп, елдің өркениеті үшін Ататүрктің ұстанған саясатын қызу қолдаушылар болды13.
Осының бәрі сырт көзге Түркияда докриналық күрес-тартыс жүріп жатқандай әсер қалдыру мақсатымен жүргізілді. Бұл өз кезегінде Кеңес өкіметімен болған қарым-қатынаста Түркияның Мәскеуге деген «шын пейілін» паш етуі тиіс болды.
Түрік үкіметі осылайша, өздеріне жақын ескі коммунистер мен солшылдардың “Kadro” журналының төңірегіне шоғырлануына мүмкіншілік жасау арқылы жасанды ақпараттық күрес-тартыстың шынайылығын көрсетуге тырысты. Бұл үшін қажетті барлық жағдай жасалады. Бірақ, журналды да бақылаусыз қалдырмайды. “Kadro” журналының құрылтайшылары арасында Ататүрктің сенімді адамы Якуб Кадри төрағалық қызметті атқарды14. Ол төңірегінде шоғырланған ескі коммунистерді пайдаланып, КРСО-ның ұстанған экономикалық саясатынан үлгі алуды, КСРО-мен ынтымақтастықты арттыруды насихаттаған мақалалар жариялау арқылы БАҚ-та жасанды дау-дамай, күрес-тартыс туғызып отырды. “Kadro” журналының мұндай ұстанымы ел ішінде жасырын әрекет жасап жүрген өзге коммунистер мен солшылдардың емін-еркін ортаға шығуына жағдай жасады. Бұлардың кейбіреулері “Kadro” журналының ұстанған жолын қолдаса, кейбіреулері сынап, мінеп өздерінің ойларымен толықтырып отырды. Түрік үкіметі бұдан ұтпаса ұтылған жоқ. “Kadro” журналы арқылы елдегі коммунистер мен солшылдардың ықпалын, олардың жақтастарының санын аз да болса анықтап алды. Бұлар “Kadro” журналы жабылғаннан кейін де “Kadro” журналының бастамасын әрі қарай дамытып, жалғастырып кетті.
Журнал үкіметтің жүргізіп жатқан реформаларын Кеңестік Ресейдегі төңкеріспен теңей отырып, Түркияны КСРО-дан үлгі алушы ретінде көрсетуге тырысқан. Бұл бағытта әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты ең көп қолға алынған тақырып күйзеліске ұшыраған экономиканы көтеру мәселесі болды. Журнал ұжымы бүкіләлемдік экономикалық дағдарысты дүниенің экономикалық болмысын өзгерте алатындай дағдарыс ретінде қарастырады15. Дағдарыс либерализмнің соңы ретінде қарастырылды. Үш жыл ішінде барлығы 36 номер шыққан журналда шамамен 360 мақала болды. Бұның 150-дейі экономика тақырыбына арналған. Ал осы мақалалар талданғанда журналды шығарушылардың «мемлекеттік монополияның үстемдік етуін» қалаған көзқарасты байқаймыз.
“Kadro” журналы сол кездегі шарттарға орай Ататүрктің ұстанған саясатын өзіндік бір саяси-экономикалық доктрина ретінде тұжырымдап халыққа ұсыну әрекетін жасады. “Kadro” журналы экономикада либерализмге қарсы мемлекеттік меншіктің үстемдігін насихаттады. Сондай-ақ, “Kadro” журналы премьер-министр Исмет Инөнiнiң Мәскеуге сапарынан 3 ай бұрын (қаңтар 1932 ж.) шыға бастайды16. Демек, “Kadro” журналының көтерген мәселелері мен жарыққа шығу уақытын назарға алар болсақ, оның дүние жүзілік экономикалық дағдарыс кезінде Кеңес өкіметінен қаржылай көмек алу үшiн қолайлы алғы шарт дайындау мақсатымен түрік үкіметі тарапынан әдейі ұйымдастырылған деп айтуға болады. Бұл үшін И.Инөніні Кеңес өкіметінің шынайы досы ретінде көрсету керек болды. “Kadro” журналының И.Инөні Мәскеуге бармастан үш ай бұрын жарыққа шығуындағы мақсат - сапардың жемісті болуы үшін алдын ала ақпараттық қолдау көрсету еді. Журнал бетінде И.Инөні Кеңес өкіметінің экономикалық жүйесін қызу қолдаушылардың бірі әрі оны Түркияда жүзеге асырушы ретінде көрсетілді. И.Инөнінің өзі “Kadro” журналында Кеңес өкіметінің экономикада мемлекеттік монополиялық саясат жүргізуін былайша тұжырымдайды: “экономикадa мемлекеттiк саясат, маған өзiн әр нәрседен бұрын, бiр қорғаныс құралы ретiнде көрсеттi”17. Сырт көзге “Kadro” журналы И.Инөнінің ұстанған саясатын насихаттаушы құрал ретінде танылады. “Kadro” журналының ұстанған саясатына қарсы сол кезде либерализмді насихаттаған “Tan” газетінің жарыққа шығуы да тегін емес еді. Түрік үкіметі “Tan” газеті мен “Kadro” журналының бір уақытта шығуына астыртын қолдау көрсету арқылы Түркияда доктрина үшін күрес-тартыс жүріп жатқандай әсер қалдыруға тырысқан. Бұл тактиканың шынайы жүргізілгендігі соншалық солшыл Сабиха Сертел, “Tan” газетi мен “Kadro” журналын Желал Баяр мен Исмет паша арасындағы “доктрина” тартысы деп тұжырымдайды18. Түрік үкіметінде «байқалған» осы екі түрлі айрылылық сырттан экономикалық көмек не қолдау алу үшін жасалды. М.Кемалдың басшылығымен жүргізілген осынау саясаттың барысында Түркияның өз тарихында қарыштап дамыған кезі сол кезең болды. Бүкіләлемдік дағдарысқа қарамастан М.Кемалдың экономикада табысқа жетуін 2005 жылы АҚШ-тың атақты экономистерінің бірі Мр. Джонс(Mr. Johns) былай бағалаған: «Түркия экономикамен күресуде бір ғана Ататүрктен үлгі алса соның өзі жетеді».
Екінші дүние жүзілік соғыс кезінде түрік үкіметіне одақтастар(АҚШ, КСРО және Ұлыбритания) фашистік Германияға қарсы соғыс ашуға қысым жасаған болатын. Бұнда да түрік үкіметі жол тауып кетеді. Түркияның сол кездегі президенті Исмет Инөні елде ұлшыл бағыттағы БАҚ-тың қарқынды жұмыс жасауына астыртын қолдау көрсетеді. 7 желтоқсан 1943 жылы Каирде Түркия президенті И.Инөні АҚШ президенті Рузвельт және Ұлыбритания премьер-министрі Черчилльмен кездеседі. Осы кездесуде Түркияның Германияға қарсы соғысуы үшін қайта-қайта қысым жасай берген АҚШ және Ұлыбритания басшыларына «маған қысым жасай бермеңдер. Бұны біліп қойса елдегі ұлтшылдар төңкеріс жасап, фашистік Германияның жағында соғысуы мүмкін ба деп қауіп қылып отырмын» деген. Одақтастар Түркияның Германияға қарсы соғысуы үшін қажетті қаржылай және техникалық қолдау көрсетуге келіседі(бұған дейін Түркияның Германиямен сауда-экономикалық қарым-қатынасы болғанын еске сала кетейін). Міне осылайша, түрік үкіметі соғысушы екі жақпен ынтымақтаса отырып, екі жақтан барынша экономикалық көмек алады әрі соғысқа кірмейді. Соғысқа тек 1945 жылы, яғни Германияның тағдыры шешіліп қойылған кезде қатысады(23 ақпан 1945 жылы түрік парламенті Германия мен Жапонияға қарсы соғыс жариялайды). Түрік парламенті екінші дүние жүзілік соғыстан қан төкпей құтылғаны үшін ел президенті И.Инөніге алғыс жариялайды. Түрік үкіметі соғыс барысында ақпараттық күрес жүргізген ұлтшылдарды сырт елге көз қылып абақтыға қамайды.
Міне тарихтан бізге белгілі осындай оқиғаларды сараптай келе өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын саясат ұстану арқылы Қазақстанды өркениетті елдер қатарына қосуға болады. Қазақстанға өзінің технологиясын әкеп, шынайы инвестиция төккен мемлекетпен ынтымақтасқан жөн. Әйтпесе, «стратегиялық әріптес» деп жүрген мемлекеттеріміз елімізді қазіргі әлемдік қаржы дағдарыс жағдайында өз мақсат мүддесін жүзеге асыру үшін талаудан тайынбайды.
Достарыңызбен бөлісу: |