ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМ
Құрмалас сөйлем жайлы жалпы мәлімет
Лингвистика синтаксистің негізгі объектісін үш салаға бөледі: оның бірі- сөздер тіркесі, екіншісі - жай сөйлем синтаксисі, үшіншісі – құрмалас сөйлем синтаксисі.Бұл салалардың әрқайсысының өздеріне тән зерттеу объектілері бар.Солардың ішінде құрмалас сөйлемнің негізгі объектісі – жеке ойды білдіретін жай сөйлемдердің өз ара ұласып бір бүтінге айналуы, сол арқылы күрделі ойды білдіру жолдары мен амал – тәсілдері. Бұл жағынан алғанда құрмалас сөйлем синтаксисі жай сөйлем синтаксисінен мейлінше басқа: жай сөйлем синтаксисі жеке ұғымды білдіретін сөздердің өз ара тіркесіп, сөйлем болу жолдарын, құрмалас сөйлем синтаксисі жеке ойды білдіретін сөйлемдердің бір-бірімен ұласып құрмалас сөйлем болу жолдарын, құрмалас сөйлемнің өзіндік сипаттары мен түрлерін тексереді. Сөйтіп, бірінің объектісі – ұғымдар тіркесі болса, екіншісінің объектісі – ой тіркесі, яғни сөйлемдер тіркесі.
Қазақ тілі білімі саласындағы ең кеш қолға алынған және аз зерттелгенінің бірі- құрмалас сөйлем синтаксисі.Қазан төңкерісіне дейін қазақ тілі грамматикасының басқа салалары жөнінде, оның ішінде жай сөйлем синтаксисі бойынша да онша терең, жан-жақты болғанымен біраз зерттеу еңбектері бар дейтін болсақ, құрмалас сөйлем синтаксисі туралы олай деуге болмайды.
Төңкерістен бұрын шыққан грамматикалық еңбектердің барлыгында дерлік құрмалас сөйлем сентаксисі өз алдына жеке қаралған емес. Құрмалас сөйлем, бағыныңқы сөйлем деген атауларды олардың тек кейбіреулерінен ғана кездестіруге болады.; оның өзінде де құрмалас сөйлемнің сырын ашу мақсатымен емес, есімше, көсемше және етістіктің кейбір райларының синтаксистік қызметтерін баяндауға арналған жерлерде «етістіктің бұл түрі бағыныңқы жай сөйлем баяндауышы болады» дегендер тәріздес көлемде ғана кездеседі.
Құрмалас сөйлем синтаксисі туралы айтыла бастаған азын-аулақ алғашқы пікірлерді отызыншы жылдар ішінде мектептерде арналып жазылған оқулықтардан, оқу программаларынан кездестіруге болады. Құрмалас деген термин де сол кездерден бастап енді. Бұл термин практикалық тілде кездеспейді, грамматикалық термин ретінде тек лингвистикада қолданылады. Бұл атау – құра деген етістіктен жасалған туынды сөз. Терминнің мағынасы өзі атау болған категорияның мазмұнына сай келеді. Өйткені құрмалас деген атаумен аталатын сөйлем – екі я одан көп жай сөйлемдерден құралатын құранды категория.
Атқаратын қоғамдық қызметі жағынан жай сөйлем мен құрмалас сөйлем бір: екеуі де (рас, бірі – жалаң бір ойды, екіншісі – жеке ойдан құралған құранды, күрделі) ойды білдіреді, ойды жарыққа шығару, оны басқаларға білдіру, сол арқылы қоғам мүшелерінің өз ара түсіну қызметін атқарады. Сөйлемнің бұл екі түрінің бір-бірінен өзгешеліктері олардың сыртқы құрмаластары мен ішкі мазмұндарында болады.
Құрамы жағынан алғанда, жай сөйлем жеке мүшелерден ( сөздерден ) құралады да, құрмалас сөйлем жеке сөйлемдерден құралады, басқaша айтқанда, жай сөйлем жеке сөздерге ғана (мүшелерге) жіктеле алатын болса, құрмалас сөйлем жеке сөздерді (мүшелерді) өз ішіне алатын сөйлемдерге жіктеледі. Сөйтіп, бірінің мүшесі – сөз, екіншісінің мүшесі – сөйлем. Бұл – жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің бір-бірінен құрылысы, құрамы жағынан өзгешеліктері. Ал бұл екі категорияның бір-бірінен мағыналық өзгешелігі – олардың бірінің (жай сөйлемнің) жеке бір ғана ойды білдіріп, екіншісінің (құрмаластың) күрделі ойды білдіруінде.
Осы айтылған структуралық және мағыналық сипаттары жағынан алғанда, құрмалас сөйлемге екі немесе одан да көп жай сөйлемдерден құралып, күрделі бір ғана ойды білдіретін сөйлемдер жатады.
Құрмалас сөйлем мен жай сөйлемнің жоғарыда айтылған еркешеліктерінен құрмалас сөйлем әрдайым көлемді болады да, жай сөйлем оған қарағанда көлмесіз болады деген қорытынды шықпасқа керек. Сөйлемнің құрмалас болуы я жай болуы оның көлеміне байланысты болмайды. Айтылмақшы ойдың ерешелігіне қарай бірде бірі көлемді болса, екіншіде екіншісі көлемді болып келе береді. Мысалы:
Қажымұқанның мейлінше күнге күйіп, желге жарылған қара қайыс жүзі, уысына зорға сиярлық дөкір, ірі саусақтары, тарамыс, әлді денесі, етсіз шықшыты жайылып, езу тартқанда ақсита қалған ақ қаладай тістері, көзінің айналасындағы мәз болып жиырылған жұқа қыртысты, қалтқысыз шырайы Андреевтің сөз алдына қырдың еңбегі еш, тұзы сор еңбекшісінің бала мінезді, батыл кейіпін алып келгендей болды. (Х.Есенжанов).
Біз аулыға қайтамыз дейміз, ауыл бізге келеміз дейді. (Ғ.Мүсірепов).
Бұл екі сөйлемнің алдыңғысы соңғыдан жеті еседей көлемді, бірақ соған қарамастан ол – жай сөйлем. Ал, кейінгі алдыңғыдан әлдеқайда ықшамдылығына, шағындығына қарамастан, құрмалас сөйлем. Өйткені алдыңғы қанша көлемді болғанмен, сөйлемдік сипаты бар элементтерге, бөлшектерге жіктеле алмайды, ал соңғы ондай бөлшектерге жіктеле алады. Олай болатын болса, сөйлем құрмалас болу үшін өз ішінен сөйлемдік бөлшектерге бөлінуі шарт.
Бірақ құрмалас сөйлем жай сөйлемдерден құралады деген қарап, оны кез келген жай сөйлемдердің кездейсоқ тіркесе салған тобы деп түсінуге болмайды. Құрмалас сөйлем – компоненттері бір-бірімен органикалық байланыста, берік бірлікте тұратын және біріне-бірі бағынышты, өз ара шарттас болып келетін мағыналық күрделі бір бүтін. Оның құрамындағы компоненттер сөйлем деп аталғандарымен әдеттегі дербес жай сөйлемдер мен бір емес. Егер әдеттегі жай сөйлемдер интонациялық жағынан тиянақты, белгілі шамада болса да аяқталған ойды білдіретін, өз алдыларына бір бүтін болып саналатын болса, құрмалас сөйлем компоненттері интонациялық жағынан тиянақсыз, аяқталған ойды білдіре алмайтын, бүтіннің бір бөлшегі болып табылады. Ол бөлшек өзі сияқты басқа бір бөлшектермен байланыста тұрғанда ғана бір бүтін бола алады. Егер ол бірліктері бұзылса – ақ, олар өздерінің алғашқы мәндерін, құрмалас сөйлем құрамында тұрғандағы мәндерін жояды.Мысалы: Балапандар қанаттанғанша, дәуіт те қанаттанады.(С.Мұқанов) деген құрмалас сөйлем – осы тұрған қалпында екі бөлшектен құралған бір-бүтін. Оның бір жартысы балапандар қанаттанғанша болса, екінші жартысы - дәуіттің де қанаттанатындығы. Бұл екі жартының бірігіп бір бүтін болып тұрғандағы білдіретін мағынасы олардың жеке-жеке тұрғандарындағы мағыналарындай балапандардың немесе дәуіттің қанаттанатындығы жайында емес, солардың қанаттануларының бір мезгілдің ішінде болатындығы жайында. Ал, бұл екі комоненттің бірлігі бұзылатын болса, осы негізгі мағына жойылады. Сонымен бірге, әр компоненттің формалық және интонациялық ерекшеліктері де өзгереді. Дәл осы жөнінде профессор В.А.Богородцкийдің өзінің «орыс тілінің жалпы курсы» деген еңбегінде айтқан мына пікірі өте орынды. Ол кісі құрмалас сөйлем компоненттерінің өз ара байланысты бір бүтін екендіктерін айта келіп, сөздің морфологиялық бөлшектерінің сөзден тысқары өмір сүре алмайтыны, тек сөзбен бір ғана қолданылатыны сияқты, құрмалас сөйлемнің бөлшектерінде де дербестік болмайды, олар өз ара бірлесіп барып бір бүтін болып тұрады дегенді айтады.
Айтайын деген ойдың өзідік ерекшелігіне, констекстіге қарай құрмалас сөйлем де түрленіп отырады: ол бірде екі компонентті, бірде үш компонентті кейде одан көп компонентті болып келеді. Мыс.:
Көмір де осы, отын да осы. (Ғ.Мүсірепов). Базарбай атының басын бұрғанша, жас балалар анталап қарсы барып та жетті.(Майлин).
Қолда қамшым жақ еді, тұсаумен басқа бір тартып жіберіп едім, екіншісі қолдап кетті (Есенжанов). Батар күн бар жарығын сол сорлыға ғана төгіп өзге дүние қараңғыда қалғандай, Нәзікеш сол жаяудан басқа еш нәрсені көре алған да жоқ (Мусірепов).
Тіс кімде, күш кімде, бәрі соның қолында, таразыда сол (Мүсірепов). Іші қабысып, жүрегі қарайып, көзі бұлдырап, өлім сағатын күткендей ыпыны кетіп отыр (Б.Майлин).
Асытыңда ауыздығы мен алысқан жарау торы ат болса, бес қаруың түгел бойыңда асулы болса, ат шапқанда, алдыңнан қарсы жел есіп, жүрегің тасып, қуанғаннан өзіңді өзің ұмытады екенсің (Б.Майлин).
Бұл келтірілген мысалдардың біріншісіндегі салалас сөйлем де, сабақтас сөйлем де екі компонеттенті болса, екінші мысалдағылар үш компонентті, үшінші мысалдағылардың әрқайсысы төрт-төрт компонентті түрлері сирек кездеседі. Ал, ең соңы төртінші мысалдағы сабақтас сөйлем құрамында бес компонент бар.
Құрмалас сөйлемнің бір келтірілген құрамдарының қолданылу дәрежесі біркелкі болмайды. Жазу тәжірибесінде бұлардың жиі кездесетін түрі – екі, үш компонентті түрлері, төрт, бес және одан да көп компонентті түрлері сирек кездеседі. Ал, поэзияда, әсіресе, жыр түрінде келетін өлеңдерде компонент саны он шақтыға дейін кете береді. Мысалы:
Ұршықтай саны бұлтылдап,
Құйыңдай шаңы бұрқылдап,
Алмас қылыш белінде,
Қолында найза қылтылдап,
Төрт тұяқтан шыққан от
Шақпақ тастай жылтылдап,
Құлақ салсаң дацысы
Тау суындай сыңқылдап,
Қолтығынан аққан тер
Төгіледі шылқылдап (Эпостан)
Бұл келтірілген шумақ – сегіз компоненттен құралған бір ғана сабақтас құрмалас сөйлем.
ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМНІҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ
Жай сөйлем құрамына енген сөздердің бір-бірімен грамматикалық тығыз байланыста тұратыны сияқты, құрмалас сөйлем құрамындағы жай сөйлемдер де өз ара байланысты болады. Тек сондай байланыстың арқасында ғана жай сөйлемдердің бастары бірігіп, күрделі ойды білдіретін бір бүтін болып тұрады. Жай сөйлемдер арасындағы байланыс та сөйлем мүшелері арасындағы байланыста сияқты бірде теңдік қатынасқа негізделген салаласа байланыс болса, бірде біріне-бірі меңгерілу, бағыну негізіндегі сабақьтаса байланыс болады. Жай сөйлемдер байланысының бұлай әр түрлі болуы – оларды байланыстырушы дәнекерлердің, амал-тәсілдердің әр алуандылығында.
Құрмалас сөйлем құрамына енетін компоненттерді бір-бірімен сабақтастыра байланыстыратын ең құнарлы жолдың бірі – компонент баяндауышының тиянақсыз формада айтылуы.Қазақ тілінде басқа кейбір тілдерде кездесетіндей екі жай сөйлемді бір-біріне сабақтастыра байланыстарытан бағындырушы жалғаулық жоқ. Сондықтан жай сөйлемдерді өз ара сабақтастыра байланыстыру функциясын түгелдей компонент баяндауышының формасын атқарады. Әрине, тиянақсыз формада айтылатын кез келген сөз, кез келген форма жай сөйлемдерді құрмаластыру қызметін атқара бермейді.Мұнда да қылыптасқан, көпшілікке танылған арнаулы формадағы сөздер ғана қолданылады.Ондай сөздер құрмалас құрамына енетін жай сөйлемнің баяндауышы қызметінде қолданылады да ол сөйлемді өзінің тиянақсыз формасы арқылы екінші сөйлемге тек формалық жағынан, кейде әрі формалық, әрі мағыналық жағынан бағындыра соған тәуелді ете байланыстырады және сол арқылы құрмалас сөйлем жасайды. Ондай формадағы сөздер тобына мыналар жатады:
А) көсемше формалы етістіктер;
Ә) есімше формалы етістіктер;
Б) шартты рай формалы етістіктер;
В) етістіктің басқа да кейбір түрлері.
Құрмалас құрамына енетін жай сөлемдерді бір-бірімен байланыстыру функциясында қолданылғанда бұл аталған етістік түрлері әр алуан формалық құбылыстарда айтылады да сол құбылыстары арқылы компоненттердің мағыналық байланыстарына да белгілі әсерін тигізіп оны түрлендіреді. Енді осыған келейік.
Жай сөйлемдердің көсемше арқылы құрмаласуы
Көсемше – етістіктің ең бір тиянақсыз категориясының бірі. Оның сөйлемдегі негізгі мағынасы мен функциясы басқа да етістік арқылы берілген әс-әрекеттің қалай болған амал тәсілін білдіру, яғни іс-әрекетті сындық, мезгілдік жағынан анықтау; оның болу, болмауының себеп–мақсаттарын білдіру. Көсемше етістіктердің тиянақсыз, басқа бір сөздерге сүйеншек болуының себебі де оның осы айтылған мағыналық ерекшелігіне байланысты.
Көсемше етістіктердің мағыналары мен функциялары барлық жағдайда біркелкі болып отырмайды: ол бір жағдайда екінші бір етістік арқылы білінетін іс-әрекет, қимыл-қозғалыстың қалай болғанын сипаттап, үстеулік қызмет атқарып тұрса, екінші бір жағдайда әр түрлі көмекші сөздерге тіркесіп, іс-әрекетті білдіруші негізгі тұлға болып тұрады, ал кейде тіпті, бұлардың ешқайсысына ұқсамайтын мәнде қолданылатыны да болады.
Көсемшелердің мағыналары мен синтаксистік қызметтеріндегі бұл тәріздес құбылыстар олардың сөйлемдегі қолданылу орнына, контекске байланысты.
Қолданылу жағдайына, контекстке қарай көсемше негізгі екі түрлі синтаксистік қызмет атқарады: оның бірі – пысықтауыштық қызмет те, екіншісі – баяндауыштық қызмет. Осылармен қатар көсемшенің күрделі сөздер (етістіктер) құрамында тұрып, соңғы көмекші сөздің тұлғалық құбылыстарына қарай соның әуеніне еріп, басқа түрлі мүшелер құрастыны болады. Бірақ мұндай жағдайда шешуші мән көсемшеде болмайды, ол тіркесіп тұрған сөзде болады.
Көсемшелер пысықтауыш мүше қызметінде қолданылғанда көбінесе, екінші бір етістікке тіркесе атылады да, сол етістіктін мағынасы арқылы білінетін іс-әрекет жай күйдің, қимыл-қозғалыстың болу амалын, қашан болған мезгілін, немесе болу-болмау мақсат – себептерін білідіреді. Мұндай функцияда қолданылған көсемшеден кейін, егер ол бірыңғай болып келмесе, ешқандай кідіріс, интонациялық тоқталыс болмайды. Олар өздері пысықтайтын мүшемен бір ырғақта, кідіріссіз бір-ақ айтылып кетеді. Бұл жағдайлар пысықтауыш болып тұрған көсемшені баяндауыш функциясындағы көсемшеден бөліп тануға біраз септігін тиігізеді. Мыс.:
Бәйбішенің қапысын таба алмай ыза болып отырған Жұманның құлағына қатар қонып жатқан қас ауылдың қатты күлкілері естілді. Игілік би ақынды ұзын арқан, кең тұсауымен өз маңайынан ұзатпай өрелеп ұстайды (Мүсірепов). Жайлау түнінің жұлдызы жарық аспанына шырқай шаншылып ән кетіп жатыр (Әуезов). Болыстары еліне әмірін қаттырақ жүргізіп, тізесін елге қаттырақ батырып, көпшілікті өзіне қарсы қойып алған екен. Ауыл жігіттері сәлем беріп, алдынан шығып, атын ұстап, аттан түсіріп алып, құрдай жорғалап, есік ашып енгізіп күтіп жатыр (Сейфуллин).
Мысалдағы асты сызылған көсемшелердің барлығы да пысықтауыш мүше болып тұр. Олардың ішінде соңғы екі сөйлемдегілер - санамалы бірыңғай пысықтауыштар.
Көсемшелердің екінші синтаксистік қызметі – баяндауыштық қызмет. Көсемшелердің құрмалас сөйлем жасаудағы ролі де олардың осы баяндауыштық қызметіне байланысты.
Бірақ баяндауыштық қызметінде қолданылған көсемшелердің барлығы бірдей сабақтас құрмалас сөйлем жасай бермейді. Көсемшелердің кейде бір субъектінің әр түрлі әрекетін білдіріп, бiрыңғай баяндауыштық функцияда қолданылатыны да болады. Oндай жағдайда олар бағыныңқы компоненттің баяндауышы болып есептелмейді. Мысалы:
Сонымен, егіннің түгел піскеніне шейін ашыққан үйлер асығып, өзді-өз жерінен бастарды етектеп теріп, қолымен үгіп, аз-аздап бидай алып, соны құрдай қуырса да кемпір-шалына талқан қып түйеді. Өзі бір бидайға қол созып, сындыра жаздап барып, Асанға қарап, қолын қайта тартып алды (Әуезов).
Бұл мысалдағының екеуі де жай сөйлем. Ондағы асты сызылған көсемшелер – бір субъектінің (біріншіде – үйлер, екіншіде - өзі) әртүрлі әрекетін баяндап тұрған бірыңғай баяндауштар. Дәл осы сияқты, Тағы да таласып келіп, тағы да тақасып келіп жатқан екі бай ауыл ақ үйлерін әлі тіккен жоқ еді (Мүсірепов) деген мысал да құрылысы жағынан сабақтас құрмалас сөйлемге ұқсас. Бірақ бұл да жай сөйлем. Мұндағы таласып келіп, тақысып келіп дегендер бірыңғай пысықтауыштар.
Көсемше етістіктердің, әсіресе, -ып, -іп, -п жұрнақты көсемшенің бұл айтылған синтаксистік қызметі - өте көне заманнан бері қарай келе жатқан қызмет.Көсемшенің бұл функциясын көне замандағы оның бірден-бір функциясы деуге де болады.
Көне түркі тілдері жазу ескерткіштерінде –п формалы көсемше бір субъектінің әр түрлі әрекетін баяндап, жай сөйлемнің бірыңғай баяндауышы ғана болмаса, өзіндік дербес баяндауышы бар жай сөйлемдерді құрмаластыру функциясында қолданылмаған.
Өткен шақтық көсемшенің бұл тәріздес синтаксистік қызметі фольклорлық шығармаларда да жиі ұшырайды. Бұл жағынан алғанда –ып, -іп, -п жұрнақты көсемшені бір субъектіні істеген іс-әрекет, қимыл-қозғалыстарын бір-бірімен ұштастырып, іргелестіріп беруде ең икемді және өте ерте заманнан бері қарай келе жатқан ең көне категория деуге болады.Тіл фактілеріне қарағанда, көсемшенің бұл функциясының оның екі жай сөйлемдерді бір-бірінен сабақтастыра құрмаластыру функциясынан пайда болғандығы байқалады.
Қазақ халқының ауыз әдебиетіне жататын шығармалары кенжелеп, кеш басталды. Сондықтан бұл шығармалар тіліміздің көне замандағы грамматикалық құрылысын ашуға мардымды көмегін тигізе алмайды. Олардың басым көпшілігі қазіргі тілімізге өте жақын, тіпті, айтарлықтай өзгешеліктері жоқ деуге болады. Дегенмен үңіле қараған адам олардан кейбір тілдік категориялардың басып өткен соқпағын байқағандай.
Біз сөз етіп отырған көсемше көне түркі жазуында өзіне тән дербес бастауышы бар бағыныңқы сөйлем баяндауышы қызметінде қолданылмаған болса, немесе ілуде біреу ғана кездессе, қазақтың ауыз әдебиетіне жататын шығармаларда ол жоғарыдағыдай бірыңғай баяндауыш қызметінде де, сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы компонентінің баяндауышы қызметінде де қолданылады. Бірақ бастапқы функцияда өте жиі, соңғы функцияда өте сирек кезедеседі. Мыс.:
Кендебай сол арада үш-төрт күн тынығып, кемпірдің асыл қазынасын жинап алып, Керқұла аттың алдында алтын науаны өңгеріп, алтын құйрықты құлындарды ертіп, аман-есен ханның үйіне келеді. («Керқұла атты Кендебай»). Түлкекең секіріп ешкінің үстіне мініп, онан мүйізіне шығып, мүйізінен секіріп қырға шығып, жөніне кетті дейді. («Түлкі мен ешкі»).
Бұлар тәріздес көсемше арқылы жасалатын жайылыңқы сөйлемдер көне замандарға тән ертегі әңгімелерде өте жиі кездеседі.Тіпті, кейде көптеген сөйлемдердің, әсіресе, төл сөз бен автор сөзі аралас келетін сөйлеспелі сөйлемдердің көсемшеге аяқталатыны да жиі ұшырайды. Соған қарағанда –ып, -іп, -п жұрнақты көсемше көнерек заманда қазіргіден гөрі тиянақтырақ мәнде болмады ма екен деген ой туады. Қалай болған күнде көсемшенің бұл тұрін жай сөйлемдерді бір-бірімен сабақтастыра құрмаластыру үшін қолданылған ең көне категорияның бірі деуге болады.
Тіліміздің қазіргі даму сатысында көсемшелер етістіктің кң бір тиянақсыз түрі.Бұлар құрмалас сөйлемнің өздері баяндауыш болып келген бөлшегін бағындыра, соған тәуелді ете байланыстырады да, ол бөлшектердің бірлікте, тұтастықта болуын қамтамасыз етеді. Сондықтан белгілі бір компоненттің баяндауышы көсемшеден болған құрмалас сөйлемдерде жай сөйлемдерді бір-бірімен қарым-қатынасқа келтіретін қосымша тәсілдердің, формалардың, керегі болмайды. Өйткені ондай функцияны жай сөйлем баяндауышы болып келген көсемше етістік формасының өзі-ақ атқарады.Сөйтіп, көсемшелер әрі баяндауыштық, әрі сөйлемдерді бір-бірімен құрмаластыратын дәнекерлік қызмет атқарады. Мұндай қызметте көсемшенің қай-қай түрі болса да қолданылады.Оны мына мысалдардан көруге болады:
Аспанды тұтас жапқан бұлт сиреп, ара-тұра жұлдыздар көріне бастады (Мұқанов). Оспан аулына тағы да бата оқыршы көп келіп, алғашқы бір жұма, он күн ұдайы қонақ күтумен өткен (Әуезов). Аттар тоқтап болмай-ақ, Ушаков шанадан түсе қалды (Мүсірепов).Айбарша тысқа шыға, Масақбай Дәуелттің хатын оқуға кірісті (Мұқанов).
Құрмалас құрамына енетін жай сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыру функциясында көсемшелердің үш түрінің үшеуі де қолданылады, бірақ олардың қолданылу дәрежесі және мағыналық құбылыстары біркелкі болмайды.
Көсемшелер ішінде сабақтас құрмаластың бағыныңқы компонентінің баяндауышы қызметінде жиі қолданылатын да және өзі баяндаушы болып келген компонентті тиянақты компоненттен неше алуан мағыналық қатынаста құрмаластыратыны да –ып, -іп, - п жұрнақты түрі. Тағы бір ескеретін нәрсе, баяндауышы келер шақтық (-қалы, -ғалы, -келі, -гелі жұранқты), ауыспалы шақтық (-а,-е, -и жұрнақты) көсемшелерден болған бағыныңқы компонент әрдайым кейінгі тиянақты компонентке мағыналық жағынан да ,тұлғалық жағынан да бағына, соның бір мүшесіне меңгеріле байланысады да, жай сөйлемдегі қалыпты пысықтауыш тәрізденіп тұрады. Ал, өткен шақтық көсемше (-ып,-іп,-п жұрнақты) олай емес: ол өзі баяндауышы болып келген компонентті кейінгі тиянақты компонентке мағыналық жағынан меңгерте де, меңгерілтпей, теңдік қатынаста да құрмаластырады. Мысалы:
Көк ала бұлт сөгіліп,
Күн шығады кей шақта.
Өне бойың егіліп,
Жас ағады аулақта (Абай).
Есік шалқасынан а ш ы л ы п, бір топ адам сау етіп кіріп келді (Шашкин). Әбдірахман мен Шұғаның арасындағы сүйіспеншілік бірден- бірге ж а й ы л ы п, букіл ел хабарланды (Майлин). Қолындағы өткір шапашоты шапшаң с е р м е л і п, үлкен қайың қолағаштың сап жағын қырлап, мүсіндеп отыр (Әуезов).
Бұл шара жақсы нәтиже б е р і п, ол маңның адамы да, малы да маса-сананың азабынан биыл құтылған (Мұқанов).Бірен-саран ған жұлдыздар көрінген аспандағы ойдым – ойдым алаңдар енді біржола ж а б ы л ы п, қалың көрпенің астында қалғандай сезінесің (Мүсірепов). Түнгі салқын ауаның толқыны биікқарасындарға с о ғ ы п, мылтық дауысын жаңығырық көтереіп ккетті (Есенжанов).
Келтірілген мысалдың бірінші, екінші тобындағы бағыныңқы компоненттер басыңқы компонентегі іс-әркеттердің болу амалын білдірсе, соңғы үшінші топтағы бағыныңқылар басыңқыдағы іс-әрекетпен себептік қатынаста тұр. Сөйтіп, мысалдың алдыңғы топтарына болсын, кейінгі тобында болсын – барлығында да бағыныңқы компонент басыңқы компонентке әрі мағыналық жағынан, әрі тұлғалық жағынан меңгеріліп, екі жағынан бірдей тәуелді болып тұр.
Өткен шақтық көсемшенің дәнекерлігі арқылы жасалатын сабақтас сөйлемдердің бірсыпыраларында тиянақсыз компонент тиянақты компонентке тек тұлғалық жағынан ғана тәуелді болғаны болмаса, мағыналық жағынан өз дербестігін сақтап, басыңқы сөйлемнің ешбір мүшесіне меңгерілмей, онымен жарыса, салаласа айтылады. Мыс.:
Ояң жерлер тіпті т ө м е н д е п, қыраң жерлер тіпті биіктен кеткендей. Кей бастар ш ұ л ғ ы с ы п, көп сақалдар шошаңдасып қалды (Мүсірепов). Қара көздер мөлдір нұр т ө г і п, жүзіне жұқа ғана бояу шапты (Мустафин). Мінеки, залда шам с ө н і п, шымылдық ашылды. Уәлі бір күні мұны қалаға е р т і п ш ы ғ ы п, екеуі шығып, екеуі бірге институт мұғалімдері арасында қонақта болды (Ақтанов).
Мысалдағы тиянақсыз компоненттердің ешқайсысы да басыңқы сөйлемнің белгілі бір мүшесіне тәуелді болып, оған меңгеріліп тұрған жоқ. Мағыналық жағынан олардың барлығы да тиянақты компонентпен тең. Қара көздер мөлдір нұр төгіп, жүзіне жұқа ғана бояу шапты, - деген сабақтас сөйлем компоненттерінің мағыналық қатынастары, өз ара теңдестіктері жағынан салалас құрмаластар тобына жатқызылып жүрген –Қара көздер мөлдір нұр төкті де, жүзіне жұқа ғана бояу шапты, - деген тәріздес сөйлемдермен бірдей.
Көсемшенің жай сөйлемдерді құрмаластырудағы осындай құбылыстарынан да болу керек, синтаксиске арналаған бір еңбектерде өткен салалас сөйлемге жатқызылса, екінші біреулерінде ол мағынасына қарай бірде салалас құрмаласқа, бірде сабақтас құрмаласқа жатқызып жүрді.
Жай сөйлемдерді бір-бірімен құрмаластыру қызметінде ауыспалы шақтық деп аталатын –а, -е, -й жұрнақты көсемше де қолданылады. Көсемшенің бұл түрі жоғарыда сөз болған –ып, -іп, -п жұрнақты көсемшеден гөрі де әлдеқайда тиянақсыз. Сондықтан да баяндаушы ауыспалы шақтық көсемшеден болған бағыныңқы компонент, негізінде, тек тұлғалық жағынан ғана емес, сонымен бірге мағыналық жағынан да тиянақсыз болады. Ол басыңқы сөйлемдегі белгілі бір мүшеге меңгеріліп, соны түрлі жағынан сипаттап, пысықтауышқа қойылатын бір сұрауға жауап болып, онымен қалыпты тұрлаусыз мүше тәрізді қатынаста тұрады. Мыс.:
Ол белгіленген уақытта келе алмай, біз біраз кешігіп қалдық.
Аңсаған көңілім с е р і л е,
Бүгілген белім к е р і л е,
Сапар шегіп, жол тарттық
Сүйікті Кавказ еліне (Жамбыл).
Келтірілген мысалдың бірінші сөйлемінде бағыныңқы компонент басыңқы сөйлемдегі баяндауыштың жетегінде айтылып, неліктен, не себептен деген сұрауға жауап болып, кешігіп қалудың себебін білідіріп тұр. Соңғы сөйлемдегі бірыңғай бағыныңқылар басыңқының баяндауыштарына меңгеріліп, қалай деген сұрауға жауап болып, басыңқы компонентпен амалдық қатынаста тұр. Басқаша айтқанда, мұндағы бағыныңқы компоненттердің барлығы да басыңқыға әрі тұлғалық жағынан, әрі мағыналық жағынан меңгеріледі. Этимологиялық жағынан алғанда көсемшенің бұл түрі түркі тілдерінің көне жазу нұсқаларында дәл қазіргідей формада кездеспейді. Қазақтың ауыз әдебиетіне жататын шығармаларда кездескенімен қолданылу қолданылу аясы өткен шақтық көсемшеге қарағанда әлдеқадай тар. Бұл - өткен шақтық көсемше сияқты бірыңғай баяндауыштық, бірыңғай пысықтауыштық функцияда да кездеспейді. Мұның жай сөйлемдерді құрмаластыру функциясы да тым мардымсыз. Мұндай функцияны ол, көбінесе, поэзиялық шығармаларда, болымсыз түрде айтылғанда атқарады. Ал фольклордың прозалық түрлерінде жай сөйлемдерді құрмаластыру қызметінде, тіпті, кездеспейді деуге боларлық.
Ауыспалы шақтық көсемшенің жай сөйлемдерді құрмаластыру функциясы қазіргі әдеби тілімізде де онша өріс ала қойған жоқ. Дегенмен оның бұл функциясы өткен замандар жазу нұсқаларымен салыстырғанда қазірде поэзияда болсын, проза жанрнда болсын кездесіп отырады.
Қазіргі әдеби тілімізде баяндауышы ауыспалы шақтық көсемшеден болған бағыныңқы компоненттер өз басыңқысымен мезгілдік, себептік, амалдық, шартты, қарсылықты мағыналық қатынастарда тұрады, мыс.:
Аттар тоқтап б о л м а й-а қ, Ушаков шанадан түсе қалды (Мүсірепов). Түнде жұрт т а р а й, ол тыныштық алуға жатты. Күндер ө т е к е ле, Тырнақтың өрікпіген жүрегі бәсеңдей бастады. Айбарша тысқа ш ы ғ а, Масақбай Дәулеттің хатын оқуға кірісті (Мұқанов). Күн т ү с к е ж е т п е й-а қ, бақанас бойы қайнап, шыжып кетті (Әуезов).
Жер айдаған өрт шешесіне б о й б е р м е й, ол лезде кең жайылып кете береді. Су тезек жөнді ж а н б а й, түске дейін үй иесі біздерге шай бере алмады (Мұқанов).
Бір әңгімеге бір әңгіме ж а н а с п а й, әр түннің әңгімелері тыңнан басталып оытарды (Мұқанов). Дос боп жүрген адамдардың бірі ж о л а м а й, бәрі де сырт берген сияқты (Майлин). Мақұлық, жер де, көк те маужырады. Қараған бір жан б о л м а й шаруасына (Жансүгіров).Осыдан арғы үй ішінің қамын Өдек күйеуіне а қ ы л д а с п а й, өзі басқарып кетті (Әуезов).
Ер деп атақ кім берер,
Алмас семсер а с ы н б а й.
Кезенген жауды қ а ш ы р м а й,
Асудан әрі а с ы р м а й.
Ер қолынан іс келмес,
Сұңқардайын ш ү й і л м е й,
Буынып белін т ү й і н б е й,
Зердесі жігіт қ а й н а м а й. (Дулат Бабатайұлы)
Неге екенін кім білсін, жандары шағын бола тұра, ағайынды екі үйдің іші астарын бөліп ішеді.Осынша әзірлігі бола тұра, ол тойын жасамай кетті. Дәулеті сондай бола тұра, Ботбай жасынан жұмыс істеген кісі емес.
Мысалдың бірінші тобындағы сөйлемдер бағыныңқы компонент басыңқы сөйлемнің баяндауышына меңгеріліп, ондағы іс-әрекеттердің қашан болғандығын білдірсе, екінші топтағы сөйлемдерде ол басыңқы жай сөйлемдегі іс-әрекеттердің болу себебеін білідіріп тұр. Ал үшінші топтағы сөйлемдерде бағыныңқы компонент басыңқы сөйлемдегі әрекеттердің қалай болу амалын білдірсе, төртінші топтағы сөйлемдерде бағыныңқы компонент басыңқы компоненттегі әрекет іске асу үшін нелердің болуы қажет екендігін білідіріп, онымен шарттық қатынаста тұр. Соңғы, бесінші топтағы, сөйлемдерде басыңқы компонент бағыныңқы компоненттегі жағдайлардың нәтижесінде, логикалық жағынан алғанда, болуға тиісті әрекеттердің болмай қалғандығын білідіріп тұр. Логикалық жағынан алғанда, жақсы әзірлігі болғаннан кейін Байжан той жасау акерек еді, бірақ ол тойын жасамай кетті.
Жай сөйлемдерді бір-бірімен сабақтастыра құрмаластыру функциясында –қалы, -ғалы, -келі, -гелі, жұрнақты көсемше де қолданылады. Білдіретін мағынасына қарай көсемшенің бұл түрі тюркологиялық әдебиеттерде бірде мақсатты көсемше деп аталса, бірді келер шақтық көсемше деп аталады.
Тарихи тұрғыдан қарағанда келер шақтық көсемшеде - өткен шақтық көсемше сияқты өте көне категория. Бұл - түркі тілдерінің қазірде белгілі болып жүрген көне жазу нұсқаларының ең ескісінен саналатын ескерткіштердің өздерінде де кездеседі. Бірақ сол көне жазу нұсқаларында болсын, одан әлдеқайда кейін жиналған фольклор материалдарында болсын көсемшенің бұл түрі жай сөйлемдерді құрмаластыру функциясында кездеспейді, ол не мақсат, не мезгіл пысықтауышы қызметінде, немесе күрделі баяндауыш қызметінде ғана қолданылады.
Сөз болып отырған көсемшенің бағынықы жай сөйлем баяндауышы болып, екі жай сөйлемді құрмаластыру қызметінде қолданылуы соңғы уақыттардағы әдебиеттерде ғана кезедеседі, оның өзінде де өте сирек ұшырайды. Бұл жағдай келер шақтық көсемшенің сабақтас құрмалас сөйлем жасауда өнімді роль атқара алмайтындығын байқатады.
Баяндауыш келер шақтық көсемшеден болған бағыныңқы коипонент өз басыңқы жай сөйлемімен екі түрлі мағыналық қатынаста тұрады:
Бірінші, басыңқы компонентте баяндалатын іс - әрекет, жай-күйдің қай мезгілден бері солай бола бастағанын, яғни оның басталу шегін білдіреді, мыс.:
Дәулет армияға аттанғалы, Марфуға Кеңтоғайға келмеген еді (Мұқанов). Бұл екеуі Ділданың аулына барып қайтқалы, Дәрмен өзінше бір есеп ойлауда болатын (Әуезов). Махаббат мәселесінде өзін Самарханнан бұрын да сараң ұстайтын Айбарша, Дәулет майданға атанғалы, ол жөнде тіпті сырғақсып алды (Мұқанов).
Екінші, бағыныңқы компонент басыңқы компонентегі іс-әрекет, жай күйдің мақсатын білдіреді, мыс.: Қорен қалмақ алғалы, Қамап жатыр қалың топ (Қорен қалмақ Қыз Жібекті алмақшы болып, оның қалың қолы ауылды қамап жатыр, - деген мағынада айтылған).
Жай сөйлемдердің есімше арқылы құрмаласу
Жай сөйлемдерді бір-бірімен құрмаластыру үшін есімшелер де көсемшелер сияқты құрмалас сөйлемнің бағыныңқы жай сөйлемнің баняндауышы функциясында қолданылады. Бірақ есімшелер мен көсемшелердің жай сөйлемдерді құрмаластыру жолы бірдей емес. Егер бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы болып тұрған көсемшелер басқа бір қосымша тәсілдердің, формалардың көмегінсіз-ақ жай сөйлемдерді бір-бірімен құрмаластыру функциясын да тікелей өзі атқаратын болса,, есімшелерде бұл қасиет жоқ. Олар атау тұлғада, бағыныңқы жай сөйлемнің баяндауышы да бола алмайды, жай сөйлемдерді құрмаластыра да алмайды. Есімшелер жай сөйлемдерді құрмаластыру функциясында қолданылғанда, әр алуан тұлғалық құбылыстарға ұшырап, тиянақсыз формаларда айтылады. Сөйтіп, жай сөйлемдерді бір-бірімен құрмаластыру міндетін есімше формаларының өздері атқармайды, оларға жалғанатын түрлі қосымшалар, тіркесе айтылатын түрлі шылаулық сөздер атқарады.
Жай сөйлемдерді бір-бірімен құрмаластыру функциясында есімшелерлің барлық түрлері де қолданылады, бірақ құрмалас сөйлем жасауда есімше түрлерінің атқаратын қызмет дәрежесі де, формалық, мағыналық құбылыстарға байы да - -қан, -ған, -кен, -ген жұрнақты түры.енді соған талдау жасайық.
Есімшенің –қан, -ған, -кен, -ген жұрнақты түрі шақтық мағынасына қарай тюркологиялық әдебиеттердің кейбіреулерінде осы шақтық деп аталса, екінші біреулерінде өткен шықтық есімше деп аталады. Ал тіл білімінде осының соңғы атауы, өткен шақтық есімше деген атауы, қалыптасты.
Өткен шақтық есімше көне түркі жазулары ескерткіштерінде дәл қазіргі формадағыдай болмағанымен кездеседі, бірақ жай сөйлемдерді сабақтастыра құрмаластыру функциясында жатыс жалғаулы түрі болмаса, басқалары кездеспейді деуге болады.
Қазақтың ауыз әдебиетіне жататын шығармалар мен ХVIII- ХIХ ғасырлардағы ақындар жырларында өткен шақтық есімше қоысмшалы түрде де, шылау сөздерге тіркестіріп айтылып та бағыныңқы сөйлем баяндауышы функциясында қолданылған. Оны мына мысалдардан көруге болады:
Төстік ауылдан ұзап шыққан соң, Шалқұйрық атқа тіл бітеді («Ер төстік»). Кешке екі баласы биені күзетуге барғанда, Кендебай да жасырынып барып отырады. Көз ұшындағы құс қанатын жазып жерден көтерілгенше, Керқұла ат үстінен аттап кетеді («Керқұла атты Кендебай»).
Жау қамалап жеткен соң,
Атынан қару кеткен соң,
Базарбайдың Төлеген
Тәңірге қылды наланы («Қыз Жібек»).
Қазіргі әдеби тілімізге өткен шақтық есімшенің жай сөйлемдерді құрмаластыру функциясы – бұрынғыдан әлдеқайда күрделі. Жай сөйлемдерді бір-бірімен сабақтастыра құрмаластыру үшін өткен шақтық есімше алуан түрлі тұлғалық құбылыстарда қолданылады да соған қарай оның мағынасы да түрленіп отырады.
Өткен шақтық есімше бағыныңқы компонент баяндауышы функциясында мынадай формаларда және мынадай мағыналық қатынастарда қолданылады:
1.Өткен шақтық есімше жатыс жалғаулы формада тұрады. Баяндауышы мұндай формадағы есімшеден болған бағыныңқы компонент басыңқы компонентпен екі түрлі мағыналық қатынаста айтылады:
А) Басыңқы сөйлемдегі іс-әрекетті мезгілдік жағынан айқындайды. Мысалы:
Оң бүйірден шыбар ала жыландай шұбатылып Игіліктің кілем жапқан түйелі көші құлай бергенде, батыс жақ бетті тұтас торлап келе жатқан Жұман байдың он жеті мың жылқысы да көрінді (Мүсірепов). Абай қайта-қайта айға қарап таңданып отырғанда, осы ауылдың шетінен ән естілді (Әуезов). Біздің әңгімеміз аяқтала бергенде, екі ауылдың ортасындағы ағытқан қалың жылқының арасынан жіңішке жолмен шыдатып бір пар атты шыға келді (Майлин). Қанат, құйрық суылдап ысқырады, Көктен қыран сорғалап құйылғанда (Абай).
Бағыныңқы компонент баяндауышы болып тұрған есімше, кейде, жатыс септіктің тәуелді формасында да келе береді. Жуынып болып шай ішіп отырғандымда, жатқан үйімнің бір кішкене баласы жүгіріп кіріп келді. Жылқыға таянып, бір белге шыға келгенімізде, алдымызда төрт бес ауыл көрінді. (Сейфуллин).
Мысалдан байқалып тұрғанындай, бағыныңқы мен басыңқы сөйлемдер арасындағы мезгілдік қатынас біркелкі емес: мысалдың бірінші сөйлемінде екі компоненттегі әрекет бір мезгілдің ішінде қатар басталып, қатар болып жатқаны, яғни мезгілдестігі байқалса, кейінгі сөйлемдерден басыңқыдағы іс-әрекет, жай-күй бағыныңқыдағы, яғни мезгілідк жағынан алдыңғысындағы әрекет бұрын, кейінгісіндегі әрекет соң басталғандық байқалады. Сөйтіп, баяндауышы жатыс жалғаулы есімшеден болған бағыныңқы компоненттің басыңқы сөйлеммен мезгілдік қатынасы екі түрлі: б і р і н ш і, екеуіндегі әрекет бір мезгілде басталып, қатар болып жатады, яғни мезгілдес болады, е к і н ш і, бағыныңқыдағы әрекет болып жатқанда, басыңқыдағы әрекет басталады, яғни бірі – бұрын, екіншісі – кейін болады.
ә) Бастаңқы компоненттегі іс-әрекет, жай-күйдің болу-болмауының шартын білдіреді, яғни шарттық қатынаста тұрады. Бірақ бұл мағына баяндауышы өткен шақтық есімшенің жатыс жалғаулы түрінен болатын бағыныңқы жай сөйлемніңнегізгі мағынасы емес, контекске қарай ие болатын көмекші мағынасы. Сондықтан мұндай мағыналық қатынаста ол өте сирек кездеседі:
Кіре айына сегіз о р а л ғ а н д а, табысы болады екен мың екі жүз сом (Мүсірепов). Бұлаңдаған Қыз Құртқа, Әйел болдың, амал жоқ, Егер е р к е к б о л ғ а н д а, Болар ең тұтқа бір жұртқа («Қобланды батыр»).
2.Өткен шақтық есімше к ө м е к т е с с е п т і к т е айтылып бағыныңқы сөйлем баяндауышы болады. Мұндай баяндауышы бар бағыныңқы компонент өз басыңқысымен тек қарама-қарсы мағыналық қатынаста ғана тұрады. Мысалы:
Бекен қанша қомағайланып қ ы л ғ ы т қ а н м е н, мол май оның жүрегін лезде қайтарып тастады (Мұқанов). Сүйіндік қанша солғын б о л ғ а н ы м е н, айтақ үлкендерден шығып жатады (Мүсірепов). Кәнпеске хабарының екпіні қатты б о л ғ а н м е н, үкімет қаулысы шыққаннан кейін де бірсыпыра уақыт өтті (Мұстафин).
3.Өткен шақтық есімше –ша, -ше жұрнақты формада тұрып, бағыныңқы компонент баяндауышы болады. Мұндай баяндауышты бағыныңқы жай сөйлем өз басыңқысымен екі түрлі мағыналық қатынаста тұрады:
А) Бағыныңқы компонент басыңқы компоненттегі іс-әрекет, жай-күйді мезгілдік жағынан айқындап тұрады. Мен қорқыныш үнін шығарғанша, ол менің бетімді әлденемен тұмсалап та үлгерді (Мұқанов).Мешітке келе жатқандай баяу басқан қонақтар үйге кіргенше, үй-үйдің арасынан сытыла-сытыла жөнелген жол басар жігіттердің жарқ-жарқ сітілген ақ сойылдары Жұманның жылқысына сарт-сұрт тие де бастаған еді. (Ғ.Мүсірепов). Қарсы келген топ қашан үйге кіріп болғанша, солардың қызығына, ойын-күлкісіне қарап аңырасып да тұрасың. (Б.Майлин). Учитель үйден шығып үлгергенше, қызыл өгіз екінші рет кимелеп, құлаған аяқ-табақтың салдырын, керегенің сықырын бұрынығыдан да күшейтіп жіберді. (Х.Есенжанов). Қарауыта, деміге кірген Сергей Петрович сырт киімін іліп, саусақтарын сыртылдатып болғанша, Мейрам орнына отырған жоқ. (Ғ.Мұстафин.) Қатты жортып келе жатқан күйме тоқтағанша, өзі ерекше шапшаң жас іскери дағдысымен күймеден жеңіл ытқып, қос аяқтап секіріп те түсті.(М.Әуезов).
Өткен шақтық есімшенің –ша, -ше жұрнақты түріне аяқтал,ан бағыныңқы компоненттің өз басыңқысымен мезгілдік қатынасы жоғарыда келтірілген жатыс жалғаулы түрінікінен өзгеше. Мұнда бағыныңқы компоненттегі іс-әрекет болып үлгергенше, басыңқыдағы әрекет бітіп кетеді. Бұл – басыңқы компонентінің баяндауышы өткен шақтыф білідіретін сабақтас сөйлемдерге тән қасиет. Ал егер: Олар электр қуатын жасағанша, бу қуатын пайдаланамыз (Ғ.Мұстафин) деген тәріздес басыңқы компонентінің баяндауышы келер шақта айтылатын болса, ондай сөйлемдерде бағыныңқы жай сөйлем басыңқы сөйлемдегі іс-әрекеттің мезгілдік шегін, қай уақытқа дейін болатындығын білдіреді.
ә) Бағыныңқы компоненттегі іс-әрекет басыңқыдағы іс-әрекетпен салыстырмалық қатынаста қолданылады да, басыңқыдағы іс-әрекетті істеудің салыстырмалы шарты екендігі айтылады: Көп істеп шала бітіргенше, аз істеп бабына келтір. (Ғ.Мұстафин).Көп салып, аз алғанша, аз салып, көп ала біл. Маған қалай суаруды үйреткенше, су берсеңіздер екен тезірек. (Ғ.Мұстафин). Қарағайға қарсы бұтақ біткенше, еменге иір бұтақ бітсейші, Қыранға тұғыр қыларға. Ханнан қырық туғанша, Қарадан бір-ақ тусайшы, Халықтың кегін қусайшы. (Махамбет.) білемін, ол бүгін Құнанбай баласының жолы болсын деп отыр. (М.Әуезов)
Әрине, мұндағы салыстыру – теңдестіру мәніндегі салыстыру емес, қарама-қарсы қою мәніндегі салыстырулар. Мұндай сабақтас сөйлемдер бір кезде қарсылықты сабақтас сөйлем тобында да қаралған болатын.
4. Атау, кейде шығыс жалғаулы өткен шақтық есімше соң шылауына тіркесіп, бағыныңқы компонент баяндауышы болады.Мұндай баяндауышта бағыныңқы компонент өз басыңқысымен екі түрлі мағыналық қатынаста тұрады.
а) Басыңқы компоненттегі іс-әрекеттің бағыныңқы компоненттегі іс-әрекеттен кейін болатындығын білдіреді: Кейінгілер шығып болған соң, құтылғанына қуанғандай Әсия келді. (М.Әуезов). Молда маған орын нұсқаған соң, Оразәлі мен оның қасындағы бала жалғыз тұрып қалған соң, мұңды болған Қыз Жібек... Бір құдайға зар етіп, мінәжат қып тұрады. («Қыз Жібек»). Балалары аман-есен келген соң, Ерназар ел жинап той қылады. («Ер Төстік»). Ердің күйін сұрама, Жұрттан сауын сауған соң, Малдың күйін сұрама. Қонысынан ауған соң (Бұқар жырау). Алдына буаз марал келген соң, Атқалы Қарабай мылтықпенен аңтайланды. («Қозы Көрпеш – Баян сұлу»).
ә) Бағыныңқы компонент басыңқы компоненттегі іс-әрекеттің себебін білдіреді: Үш жесірді үлесетін үш әмеңгердің екеіу осыған байлаған соң, өзгелер шырық бұзбас. (М.Әуезов). Оқу басталатын уақытқа шейін екі-үш айдай бос уақыт болған соң, сол жылы жалпы Ресейде болған ауыл шаруашылығының санақ қызметіне кірдім. (С.Сейфуллин). Қайғы мен ыза қысқан соң, зар шығады тілімнен. (Абай) Басқа қысым түскен соң, қайырылмастай күн болды, Қатын менен балаға. (М.Өтемісов). Ақмола, Қызылжардан дәрмен болмаған соң, Қызылорданың өзіне барып, Елтаймен жүзбе-жүз сөйлесіпті. (Ғ.Мұстафин). Ер Төстікті жалмауыз кемпір ұстай алмай қалған соң, перінің қызы Бекторы ашуланып, кемпірді буындырып өлтіреді. («Ер Төстік») Біреуі ұл, біреуі қыз болғаннан соң, Екі мырза елге таман жарыс қойды. («Қозы Көрпеш – Баян сұлу»).
5. Өткен шақтық есімше сайын шылауына тіркесіп, бағыныңқы компонент баяндауышы болады. Мұндай сабақтас сөйлемді басыңқы компоненттегі іс-әрекет бағыныңқыдағы іс-әрекет болған сайын болып отыратындығы баяндалады: Еркін қозғалған сайын, жаңадан ғана бурыл тартқан қаба сақалы секең-секең ете қалады. (Ә.Сәрсенбаев). Көп жылқының пысқырығы жақындаған сайын, өрт таянып қалғандай сескенген аз үйлі жатақ бұлан-талан бір жағына қарай сырылып кеткелі жатыр. (Ғ.Мүсірепов.) Оның көзі қадаған сайын, Ботакөз тіккен ту желбірей түсті. (С.Мұқанов). Жұмбақтың шешуі қиындаған сайын, менің ойлауым да көбейіп барады. Ол шешесінің атын атаған сайын, жүрегіне шемен боп қатқан жетімдік шері ұлғая түсетін сияқты. (Ғ.Мүсірепов).
6. Шығыс жалғаулы өткен шақтық есімше кейін шылауына тіркесе айтылып, бағыныңқы сөйлем баяндауышы болады. Мұндай сабақтас сөйлемде басыңқы компоненттегі іс-әрекет әрдайым бағыныңқы сөйлемдегі іс-әрекеттен кейін болып отырады. Мысалы: Тор – орысша жаза, сөйлей білерлік қана дәрежеге жеткеннен кейін, Тілеміс оны әрі қарай оқытпайды. (С.Мұқанов). Сейіттің әке-шешесі даланың бір айналсоқ қырғыны – обадан өлгеннен кейін, Игілік қалған мал-мүлкін жинап алғысы келіп жетім баланы өз қолына алдырған. (Ғ.Мүсірепов). Қонақтар жайласып отарғаннан кейін, Итбай ауыз үйге шықты. (С.Көбеев). Рахмет қоштасып кеткеннен кейін, Наталяның ұйқысы ашылып кетті. (С.Мұқанов). Дұшпанның атакасы қайтарылғаннан кейін, ол штабқа жүріп кетті. (Ғ.Мүсірепов).
Достарыңызбен бөлісу: |