РӨЛДІК ҰСТАНЫМДАРДАҒЫ БЕЙВЕРБАЛДЫ ҚАРЫМ - ҚАТЫНАСТЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Г.Ү. Түйебаева
І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлеттік университеті, Талдықорған қаласы., guks.nur@bk.ru
Ғылыми жетекші: К.Н.Ахмедиева
Тілсіз қарым қатынасқа деген қызығушылық ежелгі дәуірден бастау алған. Ұлы грек философы Платон дене қимылдарын қолдануды жоғары бағалаған. Атақты шешен Цицерон басқа шешендерге: «Барлық жан қимылы ишаралармен үстемеленуі тиіс», - деп кеңес береді. Тілсіз қарым-қатынасты зерттейтін сала – паралингвистика (гр. «para» - жанында, қасында деген мағынаны білдіреді). Яғни ол хабарланатын ойдың, пікірдің вербалды (сөзбен білдіру) тәсілдерімен қоса, сөйлеу үстінде қолданылатын вербалды емес (тілсіз) амалдармен берілуін және сөйлеу кезінде қолданылатын вербалды емес, тәсілдердің жиынтығын зерттейді. Бұл терминді алғаш ұсынған американ ғалымы А.Хилл болса, жаңа ғылым саласының зерттеу аясын белгілеген зерттеуші Дж.Трейгер [1].
Сөйлеу кезінде паралингвистикалық тәсілдер үш түрлі қызмет атқаруы мүмкін: қосымша ақпарат береді, айтылмаған сөз орнына қолданылады, сөзбен бірге, аралас қолданылады.
Бейвербалды қарым-қатынас – бұл сөздер мен басқа да тілдік бірліктерге сүйенбейтін ым-ишара тілі. Адамды оның вербалды емес сигналдар жүйесі: ым-ишара, жесттер, позалар, сөйлеу, жазу ерекшеліктерін бақылау, талдау және зерттеу. Осы сигналдарды оның мінезімен байланыстыру. Адамдар арасындағы контакт тіл мен сөйлеу арқылы жүзеге асады. Сөйлеу коммуникациясының негізгі тәсілі болып табылады. Ол адам санасын белгілік жүйелер арқылы обьективтеу ретінде қарастырылуы мүмкін.
Австралиялық ғалым А.Пиздың пікірінше, адамдар арасындағы қарым-қатынастың 7% вербалды (сөздер, сөйлемдер); 33% вокалды (интонация, дауыс ырғағы, дауыс немесе дыбыс әуезділігі, екпіні мен қарқыны, т.б.) және 55% бейвербалды элементтер арқылы жүзеге асатыны көрінеді. Көптеген ұлттар мен халықтардың тіліндегі бейвербалды элементтер жүйелі әрі кешенді түрде зерттелген. Қазақ тіл білімінде М.Мұқанов, С.Татубаев, А.Сейсенова, Қ.Қажығалиевалар ым және ишараттарды әр түрлі қырынан фрагментарлы түрде зерттеген. Бейвербалды амалдардың негізгі типтері: кинесика, просодика, такесика, проксемика. Қазақ халқының тұрмыс-салтында да осы аталған бейвербалды амалдардың барлық түрі орын алған [2].
Бейвербалды қатынас мәдениетіне жыныс ерекшелігі, мамандық, әлеуметтік ортадағы дәреже, жас айырмашылығы, қоршаған орта әсер етеді. Бейвербалды қатынастың басты мақсаты – тұлғааралық синхрондылыққа жету. Холлдың айтуынша, тұлғааралық синхрондылық екі адам арасындағы вербалды және бейвербалды қатынас кезіндегі дене мүшелерінің қозғалыс сәйкестігі.
Кез келген халықтың бейвербалды амалдары екінші бір халықтың бейвербалды амалдарына ұқсауы да, араларында айырмашылықтар болуы да мүмкін. Бұл жөнінде Г.В.Колшанский: “Әр халықта кездесетін ым-ишаралар өз алдына бөлек мағыналарымен түсіндіріледі. Мысалы, орыс халқында бас шұлғу – мақұлдау белгісі болса, болгар ұлтында бұл кинема келіспеушілік белгісі”,- деп тұжырымдайды. Мәселен, ата-бабаларымыздың кейінгі ұрпақтарына айтып кеткен әрбір тыйымында терең мағына, мол тағылым жатыр. Қазақ халқында тізені құшақтау – жалғыз қалудың, бетін басу – жаман хабар естігеннің, үлкеннің жолын кесу – әдепсіздіктің белгісі болып табылса, ал бұндай бейвербалды амалдар (тізені құшақтау, қолды төбеге қою, бетін басу т.б.) өзге халықтарда басқа мағына беруі де мүмкін. Сондықтан әрбір ұлт кинемасы этнос ерекшеліктерінің белгісі болып табылады [3].
Американдық ғалымдар қарым-қатынас барысында вербальды, сөздік ақпарат 1/6, қимыл-қозғалыс тілі, тыныс алу мен ырғақ – бейвербальды ақпарат 5/6 құрайтынын дәлелдеген. Дауыс ырғағын өзгерте отырып, өз хабарыңыздың жалпы мағынасын түбегейлі өзгерте аласыз.
Серігіңіздің вербальды емес хабарын интерпретациялау барысында келесі факторларды ескеру қажет:
1. Ұлтына байланысты (себебі, бір ғана ым-ишара әр халықта түрліше мағына беруі мүмкін);
2. Денсаулық жағдайы (адамның ауырып отырған жағдайда көзқарасы, дауыс ырғағы, қимыл-қозғалысы өзгереді);
3. Адамның мамандығы;
4. Мәдени деңгейі;
5. Әлеуметтік статусы;
6. Актерлық шеберлігі;
7. Жасыс;
8. Вербальды емес белгілердің сәйкестігі;
9. Вербальды емес қарым-қатынас құралдарының көрінуі мен қабылдануы.
Вербальды емес коммуникацияның ішінен оптикалық-кинетикалық белгілер жүйесіне мимика, қол, дене қимылы жатады. Мимика дегеніміз- қарым-қатынас кезіндегі беттің құбылысы. Ым–ишара дегеніміз- психикалық күйді байқататын әлеуметтік қалыптасып қалған қимыл.
Коммуникацияда оптикалық-кинетикалық белгілер жүйесінің мәні өте зор, көлемі кең, сондықтан қазіргі кезде бұл саланы зерттейтін зерттеу саласы бар, ол- кинестика. Мимика – сезім көрсеткішінің негізгісі. Жағымды эмоциялар жеңіл байқалады, мысалы, бақыт, махаббат және таңдану. Қамығу, ашу, жек көру сияқты жағымсыз эмоцияларды қабылдау қиын болады. 20 000 бет қимылы бар. Мимика мен мінез-құлық, жүріс-тұрыстың элементі ретінде күлімдеу түрлі ұлттық мәдениетке байланысты.
Кинесика – адамдардың эмоциялық рефлекстерін бейнелейтін дене мүшелерінің қимыл-әрекеті. Кинесикаға қимыл, ым-ишара, қозғалыс, кейіп, жүріс-тұрыс жатады.
А) Жүріс-тұрыс. Бұл адамның қозғалыс стилі. Жүріс-тұрысқа қадамның ырғағы, ритмі, қозғалыс барысындағы дене амплитудасы жатады. Жүріс арқылы адамның көңіл-күйін, мінезін, жас ерекшелігін білуге болады. Мәселен: 1) Оң қолын төсіне (кеудесіне) қою – үлкенді сыйлаудың, құрметтеудің және сәлемдесудің белгісі; 2) Қол жаю – құран оқып болған кезде жасайтын ишарат немесе керісінше, қолды теріс жаю - қарғыс айту, қазақ халқының салт-дәстүрі бойынша теріс бата беру; 3) Екі бүйірін таяну – салт бойынша қазақ әйелдері баласы (ұлы, қызы) я болмаса ері қайтыс болғанда осылайша жоқтайды. «Бүйіріңді таянба» деген тиым қазақ халқында осыдан қалыптасқан; 4) Иілу – сәлем беру.
Б) Дене қалпы. Адамның денесі 1000 түрлі қалып-күйде қозғалуы мүмкін. Дене қалпын бейвербалды амалдардың бір түрі ретінде психолог А.Шефлен көрсеткен болатын. Мәселен 1) Қос қолды кеудеге қою – сәлемдесу; 2) Желке қасу – қолдан келер қайрат, амалы жоқ жігерсіздікті, әрекетсіздікті танытады; 3) Желкеге қолын қою – айыпталу, тұтқын болудың айғағы; 4) Басын төмен салу – ұялу, қымсыну, қысылу.
В) Қимыл-әрекет. Қимыл-әрекет тілі – қарым-катынасқа түсудің ең көне түрі. Әр дәуірде әр халык түсінісу үшін белгілі бір арнайы амал-әрекеттер жиынтығын қолданған. Қимыл-әрекеттің саны ең негізгі мәселелердің бірі. Бұл этностық, ұлттық болмысқа байланысты болады. Мәселен, 1) жағын таяну – торығу, қамығу, мұңаю белгісі. «Жағыңды таянба» деген тиым қазақ халқында осыдан қалыптасқан; 2) Басын изеу – келісу, мақұлдау.
Г) Мимика. Түрлі сезімдерді білдіретін бет бұлшықеттерінің қозғалысы. Бет-әлпет мимикасы негізгі алты түрлі эмоцияны білдіреді: ашу, қуаныш, қайғы, қорқыныш, таң қалу, жиіркену. Мәселен, 1) қасын керу – таңданысты білдіру; 2) Мұрнын тыржиту – мазақ қылу, жаратпау; 3) Қабағын шыту – біреуге күш көрсету, ренжу, қатты ашулану, көңілі толмау.
Ғ) Визуалды контакт – қарым-қатынастың негізгі элементі. Трансмиссорға карап тұру тек қызығушылыктың белгісі емес, сонымен қатар рецепиентке акпаратқа назар аударуға көмектеседі.Мәселен, 1) Көзін қадау (оқты көзін қадау)- жиіркенуді, жек көруді аңғарту; 2) Көзімен адырая (бажырая) қарау – шектен шыққан ашуды білдіру; 3) Ала көзімен қарау – көңілі толмау, жек көру; 4) Көзін төңкере қарау – сұхбаттасына қылымсу, еркелеу; 5) Көзін қысу – ниеттестікті білдіру;
Просодикаға тембр, дыбыс ырғағы, тон сияқты амалдарды жатқызамыз. Коммуниканттардың дауыс екпінін, тонын, жиілігін, ырғағын байқау олардың ойы мен сезімдерінен хабардар болу үшін маңызды. Мәселен, 1) Ішін тарту – мәз-мейрам болып қатты куану немесе таңырқау, таңдану, шошыну; 2) Таңдайын қағы – біреудің ісін жақтыртпау, кінәлау.
Такесика – коммуниканттардың арасындағы қарым-қатынас кезіндегі дене мүшелерінің түйісуін қарастырады. Оған қол беріп амандасу, арқа қағу, сүю сияқты амалдар жатады. Мәселен, 1) Құшақтасу – біреумен кездесуге қатты қуану, сүйіспеншілік белгісі. Салттық ишарат бойынша, жақыны, туысы қайтыс болған адамды жұбату, көңіл айту мақсатымен жасалады; 2) Арқасынан қағу – мақұлдау, қоштасу немесе еркелету; 3) Төс қағыстыру – амандасу; 4) Бетінен сүю – еркелету, жақсы көруді білдіру. 5) Бауырына басу (алу) – амандасудың белгісі немесе жақсы көру, еркелету.
Проксемика – адамдардың коммуникация процесіндегі ара қашықтықты (дистанция) және коммуникацияға түсушілердің бір-біріне қатысты кеңістіктегі бағдарын (ориентация) қарастырады.Мәселен, 1) Бұрыла қарау – қасындағы адамның сөзін тыңдауға, әңгімелесуге дайын, пейілді екендігін білдіру; 2) Шалқайып отыру – бәрінің айтылып болғанын, әңгіменің таусылғанын білдіру [4].
Осыған орай бейвербалды әрекеттерге біршама сипаттама беріп кетсек:
1. Саусақпен нұсқап көрсету бірде агрессияны білдірсе, бірде нақтылау мәнде қолданылады. Осыған орай «Кісіге қарап саусағыңды беземе» деген халықтық педагогикада тыйым сөз бар.
2. Қол, аяқты Х-теу арқылы негативті әсерлерден сақтану;
3. Саусақтарды айқастырып ұстау оқушыларға кері әсерін тигізетіндіктен, педагогикада қолданбаған дұрыс;
4. Басын қасу, сілтеуішті шайқау оқытушының сенімсіздігін білдіреді;
5. Оқытушының қолын бүйіріне таяну агрессияны, оқушыларға қысымды білдіреді;
6. Қолды иекке таяну ақпаратты жеткізуші тұлғаға қарсы негативті қатынас тудыруы мүмкін;
7. Үстелді тоқылдату – ашуды, көңіл толмаушылықты, ызаны білдіру;
8. Өзін-өзі еркін ұстау, алақанды еркін қою ақпарат алмасушы тұлғаға жағымды, теңдік, еркіндік қатынасты білдіреді;
9. Қолмен суреттеп көрсету бір ақпаратты баяндау барысында суреттеуші бейнені тыңдаушыға жеткізу барысында көмектеседі;
10. Ауызды жымқыру, құлақты ұстау, мұрынды ұстау сенімсіздікті білдіреді.
Вербалды емес коммуникация: күлкі, бет әлпеті, көзқараспен алмасу.
Вербальды емес коммуникация формалары: дауыс ырғағы, бет пішіні, іс-қимыл
Вербальды емес коммуникацияның жекелеген, ерекшеленген нысандары: адамның өскен ортасындағы мәдениет үлгілеріне байланысты, әр елдің тәртіптік этикасына байланысты, әр ұлттың өз символдық белгілеріне байланысты.
Вербальды қарым-қатынастың ең маңыздысы - оның әртүрлі сенсорлық бағыттың қатысуымен анықталады. Көру, есту, тітіркену, сезу және т.б. полисенсорлы табиғаттың вербальды емес қарым-қатынастың айырмашылығы келесі түрлерімен ерекшелінеді: кинесика, көздің қарасы, көзбен көздің контактісі, мимика және бет әлпет, ым-ишара, қолдың қозғалысы, такесика, сыртқы келбет, проксемика, арақашықтық, паралингвистика және экстралингвистика [5].
Түрлі адамдармен қарым-қатынас барысында өзіңді жайлы, әрі сенімді сезінгіңіз келес, манипуляцияға тап болғыңыз келмесе, қарым-қатынастың вербальды емес тілін үйрену аса қажет болып табылады.
Сонымен, егер:
Белгілі ой айту алдында ұзаққа созылған немесе жиі кездесетін үзіліс, толғаныс;
Ым-ишарадағы ассиметрия, бет бұлшық етіндегі қозғалыстың сөзбен сәйкес келмеуі:
5-10 секундқа созылған «қатып қалған» бет жүзіндегі эмоция;
«созылыңқы» күлімсіреу, ерін құлаққа қарай созылып, бір сызықты құрау;
Визаульды контакт терең емес, әңгіме барысында өтірік айтушының көзбе көз 2-3 рет ғана кездесуі және төбеге, жан-жаққа алаңдаушылықпен қарай беру;
Денесінің кез-келген бөлігін шұқылау, ернін тістелеу, столды тықылдату;
Дауысын қатты шығару, жиі тыныс алу;
Арқасын сәл салбырату, аяғын айқастыру;
Көзін алдымен жоғары оң бұрышқа, содан соң төменгі сол бұрышқа салу;
Сол қолымен салыстырғанда оң қолымен жестикуляция жиі болу;
Орынсыз эмоция;
Көзін жиі жыпылықтату;
Вербальды емес қарым-қатынас құралдарына кез кезлген мәдениет өз ізін қалдырады. Сондықтан оның адамдар үшін арнайы нормасы болмайды. Өзге елдің вербальды емес тілін сөздік тілі сияқты үйрену және оқу қажет.
4.Кеңістікті және уақытты ұйымдастыру процестері
Коммуникация-ситуацияға байланысты қосымша компонент. Қарым-қатынас қай уақытта және қай жерде болатынына байланысты.
Кеңістік пен уақытты ұйымдастыруда проксемика саласы жеке аймақ ретінде, осы қатынастың кеңістігі мен уақытына байланысты көптеген эксперименттік материалдарға ие. Проксемиканың негізін салушы-Э.Холл, проксемиканы «кеңістік психологиясы» деп атаған. Э.Холлдың зерттеуінде адамадрдың қарым-қатынасқа түсуінің арақашықтығына байланысты:
* Интимді арақашықтық (0-45см);
* Персоналды арақашықтық (45-120см);
* Әлеуметтік арақашықтық ( 120-400см);
* Публикалық арақашықтық (400-750см);
.Визуалды контакт- немесе көз байланысы сияқты бөліктерге бөліп қарастырған. Бұл әлеуметтік психологияда көздің рөлі, яғни қарау ұзақтығы, көздің статистикалық және динамикалық ауысуы және көзді алып қашу. Негізінен бұл жүйе сыртқы бейнесі жағынан қарапайым болып көрінуі мүмкін. Бастапқы уақытта көз контактісі М.Агайлдың зерттеуі бойынша ең алғашқы қарым-қатынас кезінде пайдалынады.
Қорыта келсек, тілсіз қарым-қатынас – кинесикалық, просодикалық, такесикалық, проксемикалық бейвербалды амал-тәсілдер арқылы іс жүзіне асатын қарым-қатынас түрі. Жоғарыда келтірілген мысалдардан қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы арқылы халық мінез-құлқын жақсы білетін тәжірибелі адамдар әр адамның жүріс-тұрысынан, іс-әрекетінен, қас-қабағынан оның көңіл-күйін айтпай-ақ сезіп-біліп отыратындығын байқаймыз [6].
Қазақ халқының тұрмысында біте қайнасып кеткен сан алуан бейвербалды амалдар ұлтымыздың салт-сана, тәлім-тәрбие, әдеп, үлгі-өнеге, тағылым және таным саласындағы ғасырлар бойы жинақталған, дәстүрге еніп, қалыптасқан бай қазыналарының бір тармағы.
Сонымен, қарым-қатынастың коммуникативті жағы- вербалды және вербальды емес процестер арқылы адамдардың ақпарат алмасып, бірігіп әрекет етуге міндетті керек жағдай. Басқа вербальды емес қарым-қатынас сияқты көз контакты да вербалды қатынасты толықтырып отырады.
ӘДЕБИЕТТЕР:
Момынова Б., Бейсембаева С. Қазақ тіліндегі ым мен ишараттың қазақша-орысша түсіндірме сөздігі. Алматы, 2003. 136 б.
Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. Алматы, 2012. 388 б.
Мағжан С. Қазақ тіліндегі бейвербалды элементтердің көпмағыналылығы //Канд.дисс.автореф. Алматы, 2007. 24 б.
Гулевич, О.А. Психология коммуникации Учебное пособие / О.А. Гулевич.- Москва: Московский психолого-социальный институт, 2008.- 384с.
5. Диагностика развития зрительно-вербальных функций [Текст]: Альбом / Сост. Т. В. Ахутина, Н. М. Пылаева.- М.: Академия, 2003.- 32 с.
6. Аллан Пиз. Язык телодвижений. Как читать мысли окружающих по их жестам, 2003.
М., 272 б.
Достарыңызбен бөлісу: |