Сабақ тақырыбы: Әбілхан Қастеев,оның туындылары.
Етістіктің қалау райын қайталау
Сабақ мақсаты:
Білімділік: Ә.Қастеев өмірі, туындылары туралы білімдерін толықтыру; тақырыпқа қатысты сөз оралымдарын меңгерту, қалау райын қайталау.
Дамытушылық: оқушылардың ойлау қабілетін, тіл байлығын дамыту, сауаттылығын арттыру.
Тәрбиелік: Ұлы суретшінің дарыны, адамгершілігі, отансүйгіштігі арқылы оқушыларға эстетикалық тәрбие беру, олардың бойында осы қасиеттерді қалыптастыру.
Сабақтың көрнекілігі: Ә.Қастеев суреті, интерактивті тақта, суреттер, топшамалар
Сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдер: сұрақ-жауап, әңгімелеу,топпен жұмыс,түсіндіру,талдау.
Сабақ барысы
І. Ұйымдастыру кезеңі
Психологиялық дайындық.
Шаттық щеңберіне тұрып оқушылар бір –біріне жақсы тілектер айтады
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру
Біз өткен сабақта Қазақстан суретшілері модулін бастап едік,қазақ бейнелеу өнері тарихы туралы мәліметтермен таныстық. Міне, осы тақырып бойынша тест сұрақтарына жауап беріңдер.
Тест тапсырмаларымен жұмыс
1.Қазақ бейнелеу өнері қандай салаларды қамтиды?
А/ән-күй
Ә/мүсіндеме
Б/зергерлік
В/кілем тоқу
2.Қазақ бейнелеу өнерінің ежелгі түрі?
А/портрет
Ә/мүсіндеме
Б/кескіндеме
В/қолөнер
3.Қазақ бейнелеу өнерінің бастауында кім тұрды?
А/Г.Ысмаилова
Ә/Н.Хлудов
Б/Ш.Уәлиханов
В/С.Ғұмаров
4.Қазақстанда бейнелеу өнерінің кәсіби шеберлерін дайындайтын студия қашан ұйымдастырылды?
А/1928 жылы
Ә/1930 жылы
Б/ 1948 жылы
В/1920 жылы
5.Бұл бейнелеу өнерінің кәсіби шеберлерін дайындайтын студияда кім сабақ берді?
А/ А.Пономарев
Ә/ Ә.Қастеев
Б/ Ш.Уәлиханов
В/ И.Савельев
6.1928 жылы бейнелеу өнері шығармаларының алғашқы көрмесі қайда ұйымдастырылды?
А/ Алматыда
Ә/ Астанада
Б/ Семейде
В/ Қызылордада
7.Кескіндеме мен графиканың кәсіби шеберлігін меңгерген жас суретші?
А/ Қ.Қожықов
Ә/Н.Хлудов
Б/А.Пластов
В/Ш.Уәлиханов
8.А.Ғалымбаева қайда дүниеге келген?
А/ Ақмола облысында
Ә/ Қызылорда облысында
Б/ Алматы облысында
В/ Қарағанды облысында
9.А.Ғалымбаеваның қандай туындылары бар?
А/ «Қарындасым»
Ә/ «Қазақ халық киімдері»
Б/ «Тезек төре»
В/ «Түрксіб»
10.Қазақстан суретшілерінің кәсіптік шеберлікті тез игеруіне одақтас республикалардан қандай суретшілер көп көмектесті?
А/Н.Антонов,А.Пономарев
Ә/И.Савельев,Б.Сәрсенбаев
Б/Н.Крутильников,Ә.Смайылов
В/Б.Иогансон,С.Герасимов
Дұрыс жауаптары:
1.Ә
2.В
3.Б
4.В
5.А
6.Б
7.А
8.Б
9.Ә
10.В
Мұғалім:Бүгін біз бейнелеу өнері туралы әңгімемізді әрі қарай жалғастырамыз. Кәне, барлығымыз интерактивті тақтаға назар аударайық. Бізге бұл тұлға таныс па?
Жақсы,балалар, біз бұл адам туралы өткен сыныптардан білеміз,ол кім? Қастееев туралы не білесіңдер? Кластерді толтырып, ассоциация құрайық.
(Қазақтың атақты суретшісі,мұражай бар,»Қарындасым» т.с .с)
Мұғалім:
-Рахмет,өте жақсы
-Балалар, біз бүгінгі сабағымызда атақты суретші Ә.Қастеев туралы білімдерімізді толықтырамыз
-Оқушылар, берілген мәтіндеріде сендерге таныс емес сөздер бар. Тақтаға қарап, сол сөздердің аудармаларына назар аударыңдар.
Балалар, менің қолымда қарындаштар бар.Сол қарындаштарды таңдай қойыңдар/жылы,салқын түстер бойынша топқа бөлу/
Сендер мәтіндеріңді оқып,не түсінгендеріңді мына қағаздарға түсіресіңдер /сурет саласыңдар ма,жазасыңдар ма өздерің білесіңдер/ Сол салған сұлбаларың, суреттерің бойынша мәтіннің мазмұнын ашып бересіңдер.
І топ - «Ә.Қастеев» мәтіні
Ә.Қастеев /1904-1973/-Қазақстан Республикасының халық суретшісі, Ш.Уәлиханов атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.Алғашқы қазақ суретшілердің бірі Әбілхан Қастеев өзінің талантымен Қазақстанның бейнелеу өнері тарихындағы жарқын құбылысқа айналды. Оның есімі ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізге өмірі мен дарынын өз халқына толықтай арнап,шексіз беріле еңбек еткен Ш.Уәлиханов, М.Әуезов,С.Мұқанов,Ш.Айманов,Ә.Марғұлан, Қ.Сәтбаев сынды атақты қайраткерлерімізбен қатар тұр.
Ә.Қастеев 1904 жылдың 1 қаңтарында Талдықорған /қазіргі Алматы облысы/ облысының Жаркент ауданындағы Шежін ауылында кедей малшының отбасында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған ол байдың жалшысы болады.Жаркент қаласында,кейіннен Түрксіб теміржол құрылысында жұмыс істейді.Ол сол кездің өзінде үнемі сурет салып, өзінің дарыны мен шеберлігінің арқасында айналасындағыларды таңғалдырады.1929 жылы тағдыр оны Алматыға алып келіп,екі жылдай Н.Г.Хлудовтың көркемсурет студиясында білім алады.
Ә.Қастеев 1930 жылы алғаш рет Мәскеуге сапар шегеді. 1934 ж.ол Алматыдағы көркемөнерпаздар слетіне, Абай портретін жазудан және оның шығармаларына иллюстрациялар жасаудан республикалық жарысқа, Мәскеудегі Мемлекеттік Шығыс халықтары мұражайындағы Қазақстан суретшілері туындыларының бірінші көрмесіне қатысады.Осы уақыттан бастап Ә.Қастеев халықаралық,бүкілодақтық,республикалық және қалалық көрмелерге тұрақты түрде қатысып отырады.
1934-1936 жылдары Ә.Қастеев Мәскеуде тұрып,Н.К.Крупская атындағы кешкі халық шығармашылығы көркемсурет студиясынан сабақ алады.1937 ж.КСРО Суретшілеродағына мүшелікке қабылданады.1930-1940 жылдар аралығында суретші «өткен өмірге»деген ойлары бейнеленген «Ескі және жаңа тұрмыс»атты үлкен акварельдік топтама жұмысын жазады. 1942 ж. Алматыда суретшінің шығармашылық қызметінің 15 жылдығына арналған тұңғыш жеке көрмесі өтеді.Осы жылы суретшіге Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген қайраткері атағы беріледі.1944 жылы ол Қазақ КСР Халық суретшісі атағын алады.
ІІ топ – «Ә.Қастеевтің туындылары»
Ә.Қастеевтің шығармашылығы сан қырлы. Ол Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев, Ж.Жабаев, А.Иманов, тағы да көптеген қазақ халқының қлы тұлғаларының портреттеріне бірнеше рет тоқталды. Акварельмен жазылған пейзаждары және кескіндемелік шығармалары топтамаларының мазмұны терең. Әр кезеңде салынған: «Қазақстан жерінде», «Тың туралы», «Республикамыздың жері мен елі», «Бесжылдық құрылысы», «Қазақстан байлығы»атты туындылары еліміздің көркем шежіресіне айналды.
1967 ж. Ә.Қастеевке «Қазақстан жерінде» атты акварельдік топтамасы үшін Ш.Уәлиханов атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Суретші 1973 жылы 2 қарашада Алматыда қайтыс болды.Оның есімі республикамыздың көшелері мен мектептеріне, мұражайларына берілді. Солардың ішінде Шымкент көркемсурет училищесі, Жаркент қаласындағы өнер мұражайы, тағы басқалары бар.1976 ж. Алматыда жаңадан ашылған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер мұражайына ерекше жаратылған қылқалам шеберінің шығармашылығына арналған мемориалдық зал ашылды.1984 ж. Мемлекеттік өнер мұражайына Ә.Қастеевтің есімі берілді. Оның туындылары Қазақстаннның көптеген ірі мұражайларында, сонымен қатар Ресей,Украина және Қырғызстанда, алыс және жақын шетелдердің жеке жинақтамаларында сақтаулы.
2004 жылы қазақтың біртуар суретшісінің туғанына 100 жыл толды. Оның әрқашан да аса шынайылықпен,тума дарынымен,рухани пәктігімен және өмірге деген дана көзқарасымен жазылған өнері Қазақстан суретшілерінің талай буынына үлгі болды және әлі де бола бермек
Топтар өз жұмыстарын қорғайды.
Тыңдаған топ өздеріне ұнаған 2-3 сөйлемнен айтып береді
Сонымен Ә.Қастеев туралы не білдік?
Жақсы, жарайсыңдар.Енді етістіктің райларын естерімізге түсірейік,қандай рай түрлері бар еді?
Бүгін біз етістіктің қалау райын қайталаймыз.
Қане,есімізге түсірейік қалау рай қалай жасалады?
Дұрыс,етістіктің түбіріне –ғы,-гі,-қы,-кі жұрнақтары мен тәуелдік жалғауы жалғанады,одан кейін кел етістігі тіркесіп келеді.
Оқушыларға грамматикалық тапсырманы бекіту мақсатында тапсырмалар беріледі.
Берілген етістіктерден қалау рай формасын жасау
30 секунд уақыт беремін
І топ
Бар,жаз
ІІ топ
Оқы,айт
Тапсырма:
Мәтінді оқып,қарамен жазылған етістіктерді қалау рай формасына айналдыру
І топ
Қазақстанның тұңғыш кәсіпқой суретшісі Әбілхан Қастеев болды.Оның шығармашылығы сан қырлы, сондықтан ол тарихи тақырыпта да, түрлі жанрда портрет пен пейзаждар жасады.
Әбілхан Қастеев 1930 жылы алғаш рет Мәскеуге сапар шегеді.Атақты суретшінің шығармашылық қызметінің 15 жылдығына арналған тұңғыш көрме өтеді.
ІІ топ
Әбілхан Қастеев 1934-1936 жылдары көркемсурет студиясынан сабақ алады.1937 жылы КСРО Суретшілер одағына мүшелікке қабылданады.Алматыда атақты суретші шығармашылығына арналған мемориалдық зал ашылып, 1984 жылы мемлекеттік өнер мұражайына Әбілхан Қастеевтің есімі берілді.
Жұмыстың дұрыстығын тексеру:
І топ
Болғысы келеді
Жасағысы келеді
Сапар шеккісі келеді
Өткісі келеді
ІІ топ
Сабақ алғысы келеді
Қабылданғысы келеді
Ашылғысы келеді
Берілгісі келеді
Тапсырма: Адасқан сөздерді орнына қойып,етістіктерді қалау райға қойып жазу
І топ
негізін салған,Ол,өнерінің,сурет.
ІІ топ
оқуын,Ресейде,Ә.Қастеев,жалғастырды,1934 жылы.
Тақтада дұрыс жауабы тұрады,кейін соны тексеру.
І топ
Ол сурет өнерінің негізін салған. Негізін салғысы келеді
ІІ топ
1934 жылы Ә.Қастеев оқуын Ресейде жалғастырды.Жалғастырғысы келеді
ІҮ Сабақты бекіту
Сабақ басында бастаған кластерді алған білімдерінің негізінде аяқтауға ұсыну.
Ү Сабақты қорыту
Ә.Қастеев туралы бүгін қандай жаңа мәліметтер алдыңдар?
ҮІ Оқушылады «бағалау парағы» арқылы бағалау
ҮІІ Үйге тапсырма :
І деңгей Ә.Қастеев,оның туындылары туралы әңгімелеу
ІІ деңгей«Ә.Қастеев, оның туындылары»тақырыбында диалог дайындау
Достарыңызбен бөлісу: |