Сабақ тақырыбы: Африка, Америка, Австралия мен Океанияның дәстүрлі өркениеті



Дата06.02.2022
өлшемі23,26 Kb.
#79866
түріСабақ
Байланысты:
Дүниет-3


Сабақ тақырыбы: Африка, Америка, Австралия мен Океанияның дәстүрлі өркениеті:
1) Африканың көне өркениеттері
2) Орталық және Оңтүстік Американың көне өркениеті
3) Австралия мени Океаниядағы көне өркениеттер.

Африка империялары-орта ғасырларда Африка құрлығында құрылған мемлекеттер мен мемлекеттік бірлестіктер. Ежелгі Африка елдерінің тарихы бұрын жүйелі де түбегейлі зерттелген жоқ. Солтүстік Африканың, әсіресе, Мысыр тарихы біршама тәуір зерттелгенімен, Сахараның оңтүстігіндегі халықтар тарихы әлі де толық мәлім емес. 20 ғасырдың 50 — 60 жылдарында жүргізілген археологиялық және палеонтропологиялық зерттеулердің нәтижесінде Африка құрлығынан таңғаларлық жаңалықтар ашылды. Ағылшын ғалымы Л.Лики Танзаниядағы (Шығыс Африка) Эяси көліне таяу жердегі Олдовай шатқалынан адам тәрізді тіршілік иесінің қаңқасын тапты (қазақша Африкантроп). Тым қарапайым еңбек құралдарын пайдаланған бұл тіршілік иелері. Шығыс Африка, Солтүстік Африка, Кения аймақтарында, Сахарада осыдан шамамен 1 млн. жыл бұрын өмір сүрген. Бұл жаңалық әлем ғалымдарына Африканы адамзат баласының алғаш дүниеге келген, эвол. жолмен жетілген мекені деп есептеуіне негіз болды. Солтүстік Африкадан тас дәуіріндегі дамудың барлық кезеңіне тән мәдени ошақтар ашылды.


Мысырдағы Пирамида, Гиза және Сфинкс.
20 ғасырдың басында неміс этнографы және антропологы Ф.Лушан бұл құрлықтың тұрғындары темір қорыту өнерін ерте меңгерген деген пікір айтты. Көне заман тарихының тағы бір айғағы — тасқа салынған таңбалар (ат жеккен арбаның суреті) б.з.б. 2-мыңжылдықтың орта кезін мегзейді. Б.з.б. 4-мыңжылдықта Ніл аңғарында Ежелгі Мысыр мемлекеті қалыптаса бастады. Оның мәдениетінің түп-негізі Африканың өз топырағынан нәр алған. Бірақ өркендей келе ол құрлықтың өзге елдерінің мәдени болмысынан оқшауланып, Алдыңғы Азия, Жерорта теңізі елдері мәдениетінің тарихымен тұтасып кеткен. Б.з.б. 2-мыңжылдықта қазіргі Судан Республикасының аумағында Куш мемлекеті құрылды. Ол б.з.б. 8 ғасырда Мысырды жаулап алды; оның үстемдігі ХХV (эфиопиялық) әулет деген атпен тарихта қалды. Б.з.б. 7 ғасырда ассириялықтар Мысырдан ығыстырғаннан кейін олар астанасын әуелгі — Напатуға, содан соң Мероэға көшірді, осында 1000 жыл мемлекет болып тұрған. Оны б.з-дың 4 ғасырында Аксум мемлекетінің (Эфиопия, Нумбия) патшасы Эзанның әскерлері жойды. 7 — 8 ғасырда Мысыр пен бүкіл Солтүстік Африканы арабтар жаулап алып, Араб халифатының құрамына енгізді. Мұсылман дінін ала келген арабтар іс басқаруды өз тілдерінде жүргізді де, жергілікті тілді ығыстырды. Бұл процесс 14 ғасырға дейін созылды. Бұдан кейін Мысыр жерінде Фатима әулеті, одан соң Айюб әулеті үстемдік етті, 13 ғасырда мамлүктер мемлекеті орнады. Орта Африка құрлығының өзге аймақтарында да әр түрлі мемлекет бірлестіктер құрылды. Солардың бірі — ұзақ жылдар бойы Британияның отары болып, езгісінде жаншылған Алтын жағалау елі. Ол 1957 жылы тәуелсіздігін алып, өзін Гана деп атады. Сол арқылы б.з-дың 4 - 16 ғасырлардың аралығында өмір сүріп, жоғары даму деңгейіне жеткен ежелгі құдіретті империяның атын қайта жаңғыртпақ болды. Ежелгі Гана мемлекеті (Оңтүстік Сахара) 3 ғасырда Батыс Судан терреториясынан өтетін Нигер мен Сенегал өзендерінің жоғары сағасында пайда болған. Орналасу аумағы қазіргі Гананың шекарасына сәйкес келмейді. Империяның негізгі табиғи байлығы — оңтүстік-шығыстағы алтын шөгінділері мен солтүстіктегі тұз қатпарлары болды. 977 жылы өзінің кемеліне келіп, күш-қуаты артқан империя туралы араб жылнамашысы ибн Хаукал: “Гана билеушісі — жаһандағы ең бай адам” деп жазды. Империя Атлантикадан Нигер өзенінің жағалауындағы Тимбукту қаласына дейін ықпал етті. Оның әскерінде 200 мыңнан астам адам болды деген жорамал бар. Гананың көл-көсір байлығы, оны билеушілердің бақуатты тұрмысы туралы араб жазбаларынан белгілі. Осы байлық көрші мемлекеттердің қызығушылығы мен қызғанышын оятты. Әсіресе, Гана империясына мұсылман әулеті — Альморавтардың тарапынан айрықша қауіп төнді. Альморавтықтар мемлекетінің негізін салушы — бербер тайпасына құран үйрету үшін солтүстіктен келген Абдолла ибн Ясин болды. Ол бірсыпыра уақыт өзіне табынған, уағызына ұйыған тайпа жұртын ертіп, шамамен, Сенегал өзенінің бойындағы әскерилендірілген діни мекен — әлдебір ғибадатханаға (араб. альморавтықтар — “ғибадатхананы мекендеушілер”) кетіп қалады. 11 ғасырдың орта тұсында Абдолла ғазауат соғысын бастайды да, альморавтықтар солтүстікке көктей өтіп, жаңа астанасы — Маракешті (Марокко) тұрғызады. 1076 жылы қиян-кескі шайқаспен Гананың сауда орталығы — Кумби Сале қаласын (Мавританияның оңтүстігі) басып алып, ойран етіп, өртеп жіберді. Жергілікті халық альморавтықтарды 10 жылдан соң қуып шыққан. Бірақ Гана бұрынғы күш-қуатын ешқашан қалпына келтіре алмады, 1240 жылы біржола құлады.
Сахара шөлі.
Ганадан соң Африка құрылығында Мали империясы пайда болды. Ұзақ уақыт бойы Ганаға тәуелді күй кешкен малинке тайпасының көсемдері мұсмылман дінін тез қабылдаған; “Мали Арыстаны” атанған белгілі билеуші Сундият (1230 — 1253) билік құрған шақта империяның төңірегіндегі ұлыстарға ықпалы күшейеді. Гананың астанасын талқандап, Сенегалдың батыс терреториясынан Нигер өзенінің бұрылысына шейінгі және Мавританияға өтетін керуен жолындағы маңызды бекет — Валатадан оңтүстіктегі тау сілемдеріне дейінгі аралықты жаулап алды. Мали империясы Сахара шөлі арқылы делдалдық сауда жасау есебінен байып, Вагнарадағы аса мол алтын шөгінділеріне бақылау орнатты. 14 ғасырдың 1-жартысында Канкана Мұса мансаның (корольдің) тұсында Мали өзінің ықпал ету аясын бұрынғыдан да кеңейте түсті. Бұл “Зәңгі сұлтанның” 1324 жылы Меккеге қажылыққа баруы даңқын асырды. Сол сапарда ол қом артқан түйелері мен есепсіз құлдары бар көш-құлаш керуенімен Каир қаласының үстінен өтті. Қажылыққа бару тек діндарлықтан ғана емес, сонымен қатар араб елдерімен мәдени әрі экономикалық. қарым-қатынас орнату ниетінен өрбіген әрекет болатын. Мұса өз еліне саудагерлерді, ғалымдар мен сәулетшілерді тартуға талпынды. Соның нәтижесінде Тимбукту қаласы Батыс Африкадағы маңызды сауда және мәдениет орталығына айналды. 14 ғасырдың ақырына таман Мали империясы әулетаралық жанжалдардың кесірінен, әрі оңтүстіктегі мосси, солтүстіктегі туарег тайпаларының үздіксіз шапқыншылығы салдарынан әлсірей бастады. 1435 жылы туарегтер Тимбуктуды басып алды да, бұрынғы Гана тәрізді Мали империясы да біржола құлап тынды. Оның орнына сонгаилардың жаңа империясы келді. Сонгаи мемлекеті (Гао империясы) бастапқы кезде Нигер өзенінің орта тұсындағы атырапты иеленген. Оның астанасы Гао қаласы Тимбуктудан өзен бойымен 350 км төмен орналасты. Маликелер сияқты Сонгаи тайпасы да мұсылман дінін ерте, 11 ғасырда қабылдады. Сонгаи ұзақ жылдар бойы Мали империясына тәуелділікпен күн кешті. “Данышпан” атанған билеушісі Сони Әли 15 ғасырдың соңында таққа отырған соң ғана еркіндікке жетіп, бұрынғы қанаушыларының терреториясының біраз бөлігін басып алды. 1492 жылы Сони Әли суға кетіп өлген соң, сонинке тайпасы көсемдерінің бірі — Аския Мұхаммад І таққа отырды. Ол — Сонгаи империясын билеуші Аския әулетінің негізін салды. 16 ғасырда мемлекет гүлденудің шырқау шегіне жетті. Тұрақты әскер ұстау Аскияның күш-қуатын арттырды, оның жасанған жасақтары бүкіл империяны жайлап алды. Тіпті, Нигер өзенінде де әскери флоты болды. 1497 жылы Мұхаммад І 500 атты және 1000 жаяу әскерімен қосын құрып, Меккеге қажылыққа аттанды да, еліне әмір болып, бірнеше араб ғалымдарын ертіп оралды. Сонгаи қалалары мәдениет ордаларына айналды. Тимбуктудағы мұсылман мектебі Каир университетімен тең деңгейге жетті. 16 ғасырдың соңында сонгаилар империясын алтын туралы аңызға еліккен мароккалықтар бағындырды. Мароккалықтарға қызмет ететін, зеңбіректермен қаруланған испан жалдамалары Гао мен Тимбукту қалаларын басып алды, бірақ елдің оңтүстігіндегі алтын кенішіне бәрібір жете алмады. Елдегі жоғары билік тізгінін ұстағанымен, мароккалықтардың оны толықтай бағындыруға шамалары жетпеді. Өйткені империядан алған табысынан жалдамалы испан әскерлерін ұстауға жұмсалатын шығыны әлденеше есе асып түсті. Алайда, Сонгаи империясы бұрынғы күш-қуатынан айырылып қалды. Тәуелді аймақтар ырық бермей, одан бөлініп шыға бастады. Гана, Мали мен Сонгаи — орта ғасырдағы ең ірі, қуатты Африка империялары болды, бірақ құрлықтағы дамыған мемлекеттер мен мемлекет бірлестіктер тарихы олармен ғана шектеліп қалмай, жалғаса берді. Осы кезеңде Африкада Канема—Борну империясы, Йоруба мен Бенин патшалығы, Конго корольдігі және т.б. мемлекеттер салтанат құрған. Әсіресе, мұсылман дінінің таралуы аймақтың гүлденіп, дамуына ықпал еткен шешуші фактор болғаны белгілі. Әйтсе де, оның Батыс Африканың теңіз жағалауындағы, таулы аймақтағы тұрғындарына ықпалы тиген жоқ. Мұсылманшылықтың таралуына ну орман, жынысты тоғай жол бермеді, сондықтан да бұл аумақтың 14 ғасырға дейінгі тарихы әсірелі әпсаналар арқылы баяндалып келген. Осы атырапта Йоруба мемлекеті мен Бенин патшалығы болғаны белгілі. Йоруба тайпасының ең көне қаласы әрі саяси орталығы — Ойо қаласы (Лагостың солтүстігінен 180 км жерде), ал одан 100 км қашықтықта діни орталығы — Ифе қаласы орналасқан. Әпсана бойынша, Йоруба мемлекетінің көрнекті патшасы Олуашо 320 жылы ел басқарып, дүниеге 1480 перзент әкелген. “Алафиндердің” (Сарай иелерінің) көпшілігі онымен салыстырғанда ерте өлген; бірақ халқы олардың рухын тірі санап, құдай ретінде табынған. Егер елдің әл-ауқаты нашарласа немесе патша қартайып, халі мүшкіл тартса, оны билік басынан кетіру мәселесі оңай, қарапайым ишарамен шешілген: ақсақалдар кеңесі тостағанға салып тотының жұмыртқасын жолдаған, оны алысымен патша өзін-өзі өлтіруге тиіс. Бұған көнбесе, ол бағыныштыларының қолынан қаза табады. Бірақ патшаның билігі шектеусіз болды. Йоруба тайпасының мыңдаған елді мекендерін ерлер одағы басқарды. Оларға қала басшыларын және қалалық кеңесті тағайындау құқы берілді. 12 ғасырда Ифе қаласынан шыққан йоруба тайпасының бекзадасы Эвека Бенин қала-мемлекетінің негізін қалады. 14 ғасырда оның терреториясы 10 шаршы км-ге жетіп, айналасы биік бекініспен қоршалған деген дерек бар. Бенинді көзі көрген голланд саяхатшысы патша сарайын суреттей келе, оның көлемі тұтастай Харлем қаласының ауқымын алып жатқандығын жазған. Бенин — құл сату орталығы болды. Бенинде адамның бет кескіні мен мүсінін қоладан құю рәсімі жақсы дамыған. Олар қола құю өнерін Ифе тұрғындарынан үйренген, кейін 15 — 16 ғасырда өзіндік шеберлік мектебін қалыптастырып үлгерді. Йоруба мемлекетімен және Бенин патшалығымен қатар, Батыс Африканың жағалауы мен Конго өзеніне дейінгі аралықта туыстық байланыстар арқылы ынтымақтасқан бірнеше мемлекет бірлестіктер құрылды. Олардың ұйытқысы Конго корольдігі болған. “Маниконго” (Конгоның әміршісі) деген атағы бар банту және бакенго тайпаларының көсемі Мбанзаконго қаласында (қазіргі Сан-Сальвадор порты) патшалық құрды. 1482 жылы португалдық Диего Каол Конго сағасына жеткенде, үлкен әрі дамыған мемлекетті көрген. Маниконгоның табысы алым-салықтан құралды, ал сыртқы сауда қатынасы еуропалықтар келгенге дейін өркендеген болатын. 1490 жылы Конго жеріне португалдықтар аяқ басты. Конго өз. атырауында және Шығыс Африка жағалауында көптеген мемлекет құрылымдар өмір сүрді. Мысалы, Могадишо, Малинди, Момбаса немесе Килва мемлекеттері мұсылман дінінің ықпалымен қалыптасып, Шығыс елдерімен экономикалық. байланыс орнатты. Олар жергілікті тауарларды — алтын мен піл сүйегін, сондай-ақ құл сатты. Ең басты өткізетін елі Үндістан болған. Оңтүстік Африканың ішкері аймағында болған мемлекеттер туралы жарытымды дерек жоқ. Оңтүстік-Шығыс Африкада да орта ғасырларда өркениетті елдер болғандығын мыңдаған қала жұрнақтары мен игерілген кеніштер аңғартады. Мономотапа мемлекеті туралы мәліметтер ғана сақталған. Мономотапа (Еуропа жазбаларында мемлекетті де, оның билеушісін де осы атпен атайды) қазіргі Мозамбик пен Зимбабве терреториясын басқарған. Осы жерлерде ежелгі монументтік құрылыстардың қалдықтары ұшырасады. Бұл мемлекеттің экономикасы жез бен алтын өндіріп, өңдеуге негізделген. 15 ғасырда Мономотапа дамып, гүлденудің шырқау шыңына жетті. Бірақ көп кешікпей португалдықтардың қол астына өтіп, өзіндік мән-маңызын жоғалтып алған. Сондай-ақ, құрлықтың шалғай түпкірінде, Катанганың таулы атырабында (қазіргі Заирдың оңтүстік провинциясы) Луба және Лунда мемлекеттері орналасқан. Олар 15 ғасырда ең қуатты мемлекеттерге айналып, еуропалықтармен тең дәрежеде сауда-саттық жасаған. Кения мен Угандада кездесетін террасалар мен суландыру жүйелерінің сораптары бұл жерлерде де көне мәдениеттің, өркениетті қауымның өмір сүргенін айғақтайды. Бірақ олар еуропалық отаршылар келгенге шейін белгісіз себептермен тарих сахнасынан көшіп үлгерген. Жалпы орта ғасырлардағы Африка империяларының қалыптасып, даму тарихына табиғи апаттар ықпал жасаған. Сахара шөліне таяу жерлердің қуаңшылыққа ұшырап, құнары қашуы салдарынан жергілікті тайпалар үдере көшіп, тіршілікке, топтасып өмір сүруге қолайлырақ мекендерге қоныс аудара бастады. Одан кейінгі кезеңдегі өркендеп, дамуы құрлыққа мұсылман дінінің таралуымен тығыз байланысты болды. Араб өркениетінің ықпалымен саяси және мәдени гүлдену деңгейіне жетіп, іргелі империялар құрылды. Үндістанға баратын теңіз жолын іздеген еуропалықтардың басқыншылығына ұшыраған, ақ нәсілдегілердің отарына айналған Африка империяларының көпшілігі 15 — 16 ғасырда біртіндеп күш-қуатын жоғалта бастады немесе біржола күйреді.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет