Сабақтың тақырыбы: Гг дыбысы мен әрпі Сабақтың мақсаты: А) Білімділік: Гг дыбысы мен әріп таныстыру, дұрыс оқуға, дыбыстауға жаттықтыру. Гг дыбысы бар сөздерді дұрыс оқыту, сөздерге дыбыстық талдау жасауға үйрету. Гг дыбысын сөз ішінен табуға, г дыбысы арқылы сөздер табу, оқу, жазуға үйрету. Ә) Дамытушылық:Оқушылардың сөздік қорын, есте сақтауын, шығармашылық қабілетін, жазу дағдыларын дамыту. Б) Тәрбиелік: Ұқыптылыққа, сауаттылыққа. сауатты жазуға, адамгершілікке, ізденімпаздыққа тәрбиелеу. Сыйластыққа, әдептілікке тәрбиелеу. Сабақтың түрі: Аралас сабақ Сабақтың әдісі:сын тұрғысынан ойлау, сұрақ - жауап Пән аралық байланыс: математика, дүниетану. Сабақтың көрнекілігі: слайд, кеспе әріп, суреттер, жеке суреттер, буындар, қима қағаздар Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі: - Психологиялық дайындық.
Балаларға түрлі пішіндер таратылып 4 топқа бөлінеді. Топ ережелерін қайталап алады. ІІ. Қызығушылықты ояту.
Балалар, ненің дауысын естідіңдер ме? Бізге ұшып келген қандай құс? Кәне, қарайықшы бәріміз бірге.
Балалар, көгершін өзімен бірге хат алып келіпті. Хатында не барын біліп, оқығыларың келе ме? Олай болса алдымен өткен сабақты қайталап алайық.
ІІІ. Ой қозғау.
1-топ. Дыбыс, әріп дегеніміз не?
2-топ. Дауысты дыбыс дегеніміз не?
3-топ. Дауыссыз дыбыс дегеніміз не?
4-топ. Сөз, сөйлем дегеніміз не?
Жалпылама сұрақ.
Өткен сабақта қандай дыбыспен таныстық?
Ү дыбысы айтылуына қарай қандай дыбыс?
Ү дыбысы сөздің қай жерінде кездеседі?
Балалар, көгершін хаттан басқа сендерге қағаз қиындыларын алып келген екен. Осы қағаздарды мен топқа бөліп берейін, сендер қағаздарды топпен құрастыра қойыңдар.
IV. Мағынаны тану.
Сендердің құрастырған қағаз қиындыларынан ненің суреті шықты? Олай болса гүлдің суреті біздің ойымызға нені түсіреді?
І-ІІ-топтар гүл туралы ойларын жұппен, топпен ортаға салып, ішінен бір оқушы шығып айтады.
ІІІ-IV-топ көгершін туралы ойларын жұппен, топпен ортаға салып, ішінен бір оқушы шығып түсіндіреді.
Балалар, гүл сөзін айтқан кезде алғашқы қандай дыбыс естілді?
Ендеше біз бүгін сендермен қандай дыбыспен танысамыз?
Г дыбысын бәріміз хормен қайталап айтып көрейік.
Г дыбысы қалай айтылды?
Айтылуына қарай г дыбысы қандай дыбыс? Ендеше г дыбысын қандай үйге орналастырамыз?
Гүл, көгершін сөздерін буынға бөлейік.
Балалар, мен сендерге көгершіннің хатын оқып берейін.
Қымбатты балалар!
Біз көгершіндер, басқа да құстар секілді гүлді жақсы көреміз. Гүлдер туралы көптеген әңгімелерді білеміз, оны балаларымыз бен немерелерімізге айтып береміз. Солардың ішінде раушан гүлі жайлы балапандарымыз өте жақсы көреді. Осы тамаша әңгімеден кейін мен сендерге ерекше гүлдер әлемін көреге ертегіге шақырамын.
Ертегіні естіп, көргілерің келе ме? Олай болса біз қазір сендермен г дыбысының баспа, жазба түрімен танысып алайық.
Енді балалар, мен сендерге көгершіннің әкелген ертегісін баяндап берейін.
Ерте-ерте ертеде Гүлстан патшалығы болыпты. Гүлге бай болғандықтан, бұл елге Гүлстан деген ат беріпті. Әр үйдің гүлзарларынан, көшелерінен, бау-бақшадан, таудың бөктерінен гүлдің неше түрлерін көруге болады екен. Осындай гүлдердің арасында ең әдемі, керемет хош иісі бар раушан гүлдері болыпты. Гүлстан патшасының де ең жақсы көретін гүлі – раушан гүлі болған. Ол өз сарайының айналасына осы гүлдерді ғана өсіреді екен. Ол қызыл, сары, күлгін түсті болыпты. Патшалықта тек ақ түсті раушан гүлдері ғана өспепті. Ал бұл гүлдер қатыгез сиқыршының адам аяғы баспаған бағында ғана өседі екен. Әрі қарай не болғанын білгілерің келе ме?
Олай болса, алдымен біз оқулықпен жұмыс жүргіземіз.
Топ оқушыларына «Ақ көгершін» өлеңінің сөздері жазылған карточкалар таратылады. Балалар сөздерді оқып, өлең жолдарын құрастырып, топ іщінен бір бала дауыстап оқып береді.
Бір күні патша гүлдеріне қарап, «Раушан гүлдерім қандай керемет әдемісіңдер? Бірақ менің Ақгүл қызымның сұлулығына ешбірің тең келмейсіңдер. Тіпті ақ раушан гүлінің көркемдігі менің қызымның ажарымен теңдесе алмайды»-деген екен. Шынымен де патшаның жалғыз қызының сұлулығын айтып жеткізуге болмайтын еді. Осы сөзді самал жел қатыгез сиқыршыға жеткізеді. Әрі қарай білгілерің келе ме?
Әрі қарай ертегі желісімен танысайық. Патша сөзін естіген сиқыршы ашуланып әп-сәтте сарайға жетіп келеді. «О, патша! Сенің қызыңның әдемілігі менің Ақ Раушан гүлімнің сұлулығына ешқашанда тең бола алмайды. Сен мені ренжіткенің үшін бүгінгі күннен бастап қызыңның тілі шықпай, гүл секілді үндемей тұрады. Ал бұл сиқырлықты қайтара алатын күш менің Ақ раушан гүлімде ғана бар. Ол ғажайып раушан гүл адам баспаған, адамның қолы жетпейтін бақта өсіп тұр. Сендер оны таба алмайсыңдар. Сиқыршы қолындағы таяғын Ақгүлдің маңдайына тигізді де, өзі көрінбей ғайып болды. Ханша сол кезде-ақ сөйлемей, әке-шешесін танымай ауырып қалды. Балалар, әрі қарай не болғанын білу үшін дәптермен жұмыс жүргізуіміз керек.
Дәптермен жұмыс. Дәптердегі үлгіге қарап, г әрпін жазғызу.
Ал, енді балалар, ертегіні әрі қарай жалғастырайық. Құдыретті патша ертеңіне жан-жаққа хабаршы жіберіп, «Кімде-кім ғажайып Ақ Раушан гүлді тауып әкеліп, қызымның денсаулығын түзесе, сол адамға қызымды, патшалығымның жартысын қоса беремін»-деп жариялатқызады. Бұл сөз көрші мемлекет патшасы баласының құлағына жетеді. Қыздың жағдайын естіп, ханзада алыс жолға шықты. Ал енді балалар, әрі қарай не болғанын білгілерің келсе «Адасқан буындар» ойынын ойнап алайық.
V. Сабақты бекіту: - Ой толғау.
Топ оқушыларына буындар таратылады. Сол буыннан оқушылар сөз, сөзден сөйлем құрастырады.
Енді балалар, мен сендерді әрі қарай ертегіде не болғанын баяндап берейін. Ержүрек жігіт жолда көп қиындыққа кезігеді. Тамақсыз, сусыз қалып, жабайы аңдардың арасында жалғыз түнеген кезі де болады. Сөйтіп шаршап келе жатып, кешкі уақытта далада ұйықтап қалады. Самал желдің лебімен мұрнына хош иістер келеді. Көзін ашса таң атып қалған екен. Қуанған ханзада, жан-жағына қараса әртүрлі әсем гүлдерді көреді. Өкінішке орай, ханзада гүлдер арасынан Ақ Раушан гүлін таба амайды. Кенет ғажайып гүлдер былай деп тіл қатады. «Біз Ақ Раушан гүлінің достарымыз. Егер сен біз туралы да тыңдап, білгің келсе, біз саған Ақ Раушан гүліне баратын жолды көрсетеміз» деді.
Балалар, әрі қарай ертегіде не болғанын білу үшін сабақ басында қағаз қиындыларынан құрастырған гүлдер туралы мағлұматты осы жерде аламыз.
Қоңыраугүл-бір немесе көпжылдық шөптесін өсімдік. Қоңырау тәрізді ақ,көк, ақшыл көк түсті. Сабағы тік өседі. Шілде-тамыз айларында гүлдеп, қыркүйекте жеміс береді. Жапырағы мен тамыры жеуге жарамды. Қоңыраугүлді әсемдік, тағамдық және дәрілік мақсатта қолдану үшін өсіреді.
Қызғалдақ-көп жылдық шөптесін пиязшықты өсімдік. Далалы аймақта жиі кездеседі. 32 түрі бар. Бұлардың биіктігі 30-50 см. Сабағы жұмыр, тік өседі. Тамырымен жалғасқан буынында пиязшығы болады. Жемісі-қауашық. Қызғалдақ әсемдік әне гүлінен хош иісті зат алу үшін өсіріледі.
Түймедақ-ортасында сары дағы бар ақ түсті гүл. Өсімдіктің табиғатта 200-ге жуық түрі бар. Түймедақтың табиғи түрі дәрілік қасиетімен жоғары бағаланады.Түймедақ-көп жылдық өсімдік. Биіктігі 30-60 см. Аралығында болады.
Бәйшешек-көп жылдық тамыр түйнекті өсімдік. Биіктігі-10-30 см. –дей. Тамыр түйнектері ұзынша немесе шар тәрізді домалақ болады. Шоғырланып біткен таспа жапырақтарының саны 6-9, ұзындығы 10-12 см. Наурыз, мамыр айларында гүлдейді.
Балалар, гүлдердің атауларымен таныстық, енді ертегідегі оқиғаны жалғастырайық.
Әрі қарай ханзада жүріп кете береді. Келе жатса, құлағына құстың ғажайып сайраған дауысы естіледі. Сол жаққа қарай бет алып жүріп келе жатып, биік қақпаның алдына тап болады. Салқын самал жел соғып, бақтан аңқыған гүлдің жұпар иісін жеткізеді. Жолаушының алдынан үлкен мысық шығады. Жөн сұрасып, жігітке не керегін білгісі келеді. О, қадірлі қонақ! Сен қателескен жоқсың. Бұл сен іздеген баудың өзі. Сен кімсің? Не іздеп келдің?-деді мысық. Ханзада мысыққа барлық шындығын айтып береді. Әрі қарай не болғанын білгілерің келсе бүгінгі сабақты мына кесте арқылы қорытып алуымыз керек.
VI. Сабақты қорыту.
Білемін
Білгім келеді
Үйрендім
-дыбыстар туралы
-әріп туралы
-сөз, сөйлем туралы
-буын туралы
-Ү дыбысы мен әрпін
- Гүлдердің аталуын
- Г дыбысы туралы
- Гүлдер атауын
- Г дыбысы мен әрпін
Ертегіні әрі қарай жалғастырайық. Мысық Ақгүлді аяп, ханзадаға көмектесуді ұйғарады. Оған ақ түсті раушан гүл өсіп тұрған жерді көрсетеді. Бұл ғажайып гүл алыс жолды қысқартып, қызды ауруынан жазады. Қыздың бетіне гүлді 3 рет тигізсең, сол сәтте ол өз-өзіне келіп, жазылып кетеді. Тездет, гүлді ал! Сиқыршы келгенше қашып кетуге үлгеруің керек. Ханзада гүлді жұлып ала салып, оқтай зымырап жүгіре жөнеледі. Өжет жігіт лезде патшаның сарайына жетіп, ақ раушан гүлді қыздың бетіне үш рет тигізгені сол еді, Ақгүл жазылып, ауруын ұмытып, тіпті бұрынғысынан да құлпырып шыға келеді. Бақытты әке-шеше қуанып үлкен той өткізеді. Екі жас бақытты өмір сүреді.