Сабақ тақырыбы: Синоним. Омоним. Антоним



бет1/4
Дата25.04.2022
өлшемі36,17 Kb.
#140772
түріСабақ
  1   2   3   4
Байланысты:
қазақ тілі 6


6 апта:
Практикалық сабақ тақырыбы: Синоним. Омоним. Антоним.
Практикалық сабақ мазмұны:
1 Синонимдерге тән белгілер. Синонимдік қатар және доминанттар.
2. Омоним. Омонимия. Омонимдер түрлері.
3. Антоним, олардың ерекшеліктері.
1 Синонимдерге тән белгілер. Синонимдік қатар және доминанттар.

Синонимдер деп ұғымы бір - біріне өте жақын бірақ тұлғасы жағынан басқа - басқа сөздерді айтамыз. Тіліміздің байлығы синонимдердің көптігімен анықталады, яғни синонимдер арқылы танылады. Синоним болу үшін ең алдымен олар бір ғана ұғымды білдіруі керек; тұлғалары жағынан бір - біріне ұқсамауы және бір ғана сөз табына қатысты болуы шарт. Мысалы: Ақындардың адалдығын - даналықтың даналығы деп білем (Ғ. Мүсірепов). Меніңше, данышпандықтың ең бірінші белгісі — адамның өзін - өзі тани білуі дер едім (С. Бақбергенов). Тезек теріп, күл шығарып жүрген сенен не кемеңгерлік шығушы еді (Ә. Хасенов). Осы мысалдарда даналық, данышпандық, кемеңгерлік деген сөздер алдыңғы 3 шартты орындап тұр, яғни олар біріншіден, ақыл - білімнен жұртқа танылған улы адам деген бір ғана ұғымды білдіреді, екіншіден дыбысталуы, яғни тұлғалары бір - біріне ұқсамайды, үшіншіден, олардың бәрі де зат есім сөз табына қатысты.


Синонимдер мағыналары жақын сөздер дегеннен мағыналары тепе - тең болуы керек деген түсінік тумауы керек. Сөз бен сөздің мағыналық байланысы жанама, тікелей түрде де бола береді. Мысалы: өлу, қайту, үзілу, өту, кету сияқты синонимдер. Бірақ мағыналық жақындығына қарай екі жікке бөліп қарауға болады: а) адамға қатысты синонимдер (өлу, қайту, үзілу, өту, кету); ә) жан - жануарларға байланысты айтылатын синонимдер (өлу).
Міне, жұмсалымға, қолданысқа келгенде синонимдік қатардағы сөздер қолданыс аясы, мағыналық реңкі жағынан өзгешеленеді.

Синонимдерге тән өзіндік белгілер


Синонимдерге тән өзіндік белгілері болады.


1. Мағыналық реңктер. Бір ұғымды білдіретін мәндес сөздердің бір - бірінен сәл айырмашылықтары болады. Мысалы: ауыр - зілмауыр сөздері өзара синонимдік катар құрағанымен, ауырға қарағанда зілмауырдың мағыналық салмағы күшті. Енді бір ретте біреуінің мағынасы екіншісінен сәл кең, я тар болуы мүмкін. Мысалы: ұстаз - мұғалім сөздерінің мағыналары өзара ұқсас болғанымен, ұстаз сөзінің мағынасы мұғалімге қарағанда кең.


Синонимдер бір - бірінен сөз тудыру қабілеті жағынан да бір - бірінен ерекшеленеді: жол мен сапар сияқты мәндес сөздердің жол деген сыңары сөз тудыруға қабілетті (жолдас, жолаушы, жолақ т. б.), ал сапар сыңары сөз тудыруға қабілетсіз.

2. Стильдік реңктер. Сөздердің стильдік реңктері әртүрлі функционалдық стильде қолданылумен тығыз байланысты. Сөздердің жалпы стильдік мәнін мынадай түрлерге бөлуге болады: көтеріңкі түрдегі реңктер (мерекелеу - тойлау, азамат - жігіт, бойжеткен - қыз); сый - құрмет көрсетудегі сыйластықты білдіретін реңктер (ақсақал - қария, азамат - мырза); дөрекілік мәндегі реңктер (ақымақ - маубас, ақсақ - шойнақ), поэтикалық реңктер (асқар - биік; керемет - жақсы); кекесін, мысқыл түріндегі реңктер (еліру - желпілдеу, қораздану - қоқилану); кеміту мәніндегі реңктер (адам - тірі жан; еркек - бөрік киген).


Сөз қолданысындағы реңктер. Мәндес сөздердің бірінің тіркесіндегі сөзбен екінші сыңары да тіркесе бермейді. Мыс: көз, жанар деген мәндес сөздер көру мүшесі деген мағынада жұмсалғанымен қойдың көзі деп айтылады да, қойдың жанары деп айтылмайды. Ендеше сөз қолданысындағы осындай реңктер тіпті абсолют теңдікте тұрған синонимдердің өзінде қатты байқалады. Сол сияқты синонимдер қолданылу жиілігі жағынан да өзгешеленеді. Мысалы, билік, қожалық, әкімдік деген мәндес сөздердің ішінде билік деген көбірек айтылады.

Синонимдік қатар


Синоним болып жұмсалатын сөздер тобын синонимдік қатар дейміз. Мысалы: Сол жолмен Қарқаралының қаракесектері қыс бойы ағылып жатады. (Ғ. Мұстафин). Қаздың балапанындай шұбырып, балалар мектепке беттеді (С. Сарғасқаев). Қасқырдан қорыққан қойдай, жекеленіп те, топтанып та жөңкілген жұрт Қызбелдің қыры мен ойына сыймай кетті (С. Мұқанов). Елде үрей жоқ, бір үйден бір үйге кіріп жосып жүр (Б. Тоғысбаев). Қаладан біреу келеді десе, тайлы - таяғы қалмай шұбайтын қазақ ауылының әдеті (М. Иманжанов). Қалмақтан оңай таяқ жеген қыр елі босып отырып Сырға құлай бастаған (Ә. Сәрсенбаев). Осы алты сөйлемдегі ағылу, шұбыру, жөңкілу, жосу, шұбау, босу синонимдері ерсілі - қарсылы тынымсыз, тоқтаусыз, толассыз жүріп жату, үнемі қимыл - қозғалыста болу деген мағынаны білдіріп, синонимдік қатар түзеп тұр.


Ал енді осы қатардың ішінде бір сөз басқаларын мағына жағынан ұйымдастыруға ұйытқы, тірек болады, оны әдетте доминант (тірек сөз) деп атаймыз. Доминант сөз болу үшін ең алдымен мағына жағынан ең айқын, стильдік мәні жағынан бейтарап, жалпы халыққа соншалықты танымал болуы Қажет. Жоғарыдағы мысалдарда доминант болып тұрған сөз — ағылу сөзі.

Синонимдердің қолданылу мақсаттары


Синонимдер қандай мақсаттарда қолданылады, оның қандай тәсілдері бар дегенде мынадай мәселелер назарда болуы тиіс:


1. Қатар келген сөйлемдерде бір сөзді қайталамау үшін мәндес сөздер


пайдаланылады. Мысалы: Қазір Тоғжан жүзінде Абайдың қиялынан бір шақ кетпейтін, елбіреп толқып, лезде келіп, сәтте қайтып тұратын қызыл арай реңі жоқ. (М. Әуезов).
Бұл мысалдағы жүз бен рең\ лезде мен сәтте дегендер өзара синонимдер. Жазушы сөйлемнің ішінде бір сөзді екі рет жұмсамай, оның синонимін қолдана отырып, сөйлемге ерекше көрік, рең беріп тұр.
2. Белгілі бір ұғымның жан - жақты белгілерін сипаттауда мәндес сөздер бір - біріне қарсы қойылып та, салыстырылып та, ыңғайласып та келе береді. Мысалы, Бет көрсе, жүз ұялады (Мақал).
3. Белгілі бір ұғымды толық сипаттау үшін қатарынан 2 немесе 3 - 4 мәндес сөз қатар жұмсалады. Мысалы, Майлыбайдың уысындағы күміске өзді - өзі таласып, қырылысып, төбелесіп, өліп қала жаздады (Ж. Аймауытов).
4. Қазақ тілінде екі сөз қатар келіп, алдыңғысы соңғысының мағынасын күшейтіп, анықтап тұрады. Мұны әдетте плеоназм дейді. Бұлай плеонастикалық тәсілмен жұмсау сөйлемге ерекше ажар беріп, мәнерлі болып шығады. Мәндес сөздердің бір - бірімен қабаттасып, өзара тіркесіп айтылуынан жасалған сөз тізбегі плеоназм немесе плеонастикалық синтагма деп аталынады. Мысалы: Терезе ашық, таудан самал жел соғып түр (С. Ерубаев). Мақсатым — тіл ұстартып, өнер шашпақ, Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ, Үлгісін алсын деймін ойлы жас жігіттер, думан - сауық ойда жоқ. Әуел баста - ақ (Абай). Осы мысалдардағы самал жел, әуел баста - ақ дегендердің әрқайсысы өзара мәндес сөздердің тіркесуінен жасалған сөз тізбектері. Бұлар әдетте эмоциональды - экспрессивтік мәні жағынан айрықша қызмет атқарады.
Плеоназм немесе плеонастық сөздер дегеніміз бір мағынадағы екі сөздің қатар қолданысы. Әдетте тіл білімінде плеоназм (ол периссология деп те аталады) құбылысын тілдегі «басы артықтық» деп таниды. Бірақ бұл жердегі «басы артықтық» абсолюттік емес, яғни плеоназм белгілі бір стильдік, не мағыналық қызмет атқарғанда ғана тілде орын алады. Мұндай қызмет атқармаса, тіл нағыз басы артық дүниені көтермейтіндіктен, плеонастық қатарлар түзілмейді … Мысалы, «соқыр» мағынасындағы парсының көр сөзі мен қазақтың осы ұғымдағы соқыр сөзі қатар келіп, көр соқыр болып айтылғанда, соқыр сөзі не «мүлде көрмейтін, тас қараңқы соқыр» деген қосымша реңк үстеп тұр [64. 210].
5. Тілдегі синонимдер қосарланып та қолданыла береді. Мысалы, Зылиха жүре - бара ауыл өміріне қызу араласып кетті. (Н. Ғабдуллин). Біртіндеп тоңази бастаған дене бара - бара дел - сал болып әлі кетті (М. Иманжанов). Күш - қуат, құрбы - құрдас, ар - ұят, үлгі - өнеге, азып - тозу тағы басқаларды осы топқа жатқызуға болады. Бұндай қолданыстарда тіл бірліктерінің жеке тұрғандағы мағыналары жалпыға айналып, білдіретін ұғымның көлемі кеңейеді. Мұндағы күрделі ұғым екі сөздің дара мағыналарының жиынтығынан шығады.
6. Синонимдер жеке сөздерден ғана емес, фразалық тіркестерден де бола алады. Мысалы: Бармақ шайнап, сан соғып, құсамен өткен өмір ғой - бүл да бір (Қ. Жұмаділов). Темір жолды болат жол, күрішті ақ маржан, сыр маржан деп қолданылады.
7. Тілімізде кейде құлаққа жағымсыз естілетін сөздерді жұмсартып, тыңдаушыларға жеңілдетіп айту тәсілін эвфемизм дейміз.
Осындай тәсілді пайдалану да синонимдерді қолданудың бір жолы болып табылады. Әсіресе сөз қолданыстың эвфемизмдердің негізгі мәні сыпайлаумен байланысты. Мысалы, ұлт өкілдерін «қытай» деу жағымсыз әсер қалдырады. Сондықтан да баспасөз беттерінде қайсыбір этнонимдер шығыстағы көршілер деген контекстік эвфемизмдермен ауыстырылады. Сондай - ақ баспасөз беттерінде, газет бағаналарында ұлтына қарай бөліп - жару саясаты көрінбес үшін қазақтар - қандастарымыз, өзбектер, қырғыздар - өзбек ағайындар, қырғыз ағайындар деген эвфемизмдермен берілген. Адамның көзінше семірді деп айту этикеттік норма тұрғысына, әдептілікке жатпайды. Сондықтан сөз иесі оны сыпайылап оңалып қалыпты, толыпты деп қолданып, жұмсартып жеткізеді.
М. Әуезов «Абай жолы» атты романында Абайдың өлімін мынадай эвфемизмдер арқылы жеткізген: «Осылайша айналасы айықпаған сұр тұман, суық заман ішінде улы жан дүниеден көшті. Мағаштың қырқын беріп болған күннің ертеңінде Абай және қаза тапты. Ұлы кеуденің ыстық демі тоқталды. Шөл даланы жарып аққан дариядай игілік өмір үзілді. Сонау бір шақта тасты тақыр жалтыр биік басына жалғыз шыққан зәулім өскен алып шынар құлады. Өмірден Абай кетті». Мәтінді оқып отырғанда оқырман Абайды «өлді» деген суық сөзге қимай, дүниеден көшті, ыстық демі тоқталды, игілік өмір үзілді, зәулім, алып шынар қулады, өмірден кетті деп ұғады.
8. Кейде бір сөзді қайталамай, ойды түрлендіріп, яғни бір заттың белгілі бір қасиетін айрықша атап өткісі келгенде немесе соған ерекше назар аударту мақсатында парафраза тәсілі қолданылады. Мысалы Алматы дегеннің орнына Қазақстанның астанасы, М. Әуезов деудің орнына «Абай жолы» романының авторы деп қолдануға болады. Жоғарыдағы М. Әуезовтің шығармасынан алынған үзіндіде жазушы Абай деудің орнына бірде улы жан, бірде улы кеуде, бірде игілік өмір, бірде зәулім өскен алып шынар деп парафраза тәсілімен ерекше назар аудартқызып отырады.
9. Синонимдерді жеке сөз бен жеке сөз, қос сөз бен қос сөз, фраза мен фраза күйінде ғана емес, араластырып та жұмсай беруге болады. Мысалы, Ел - жұрты, халқы мен ата - анасын көреді. (Батырлар жыры). Осында синонимдер жеке сөз ретінде де, қосарланып та қолданысқа енген.
Тіліміздегі синонимдер қандай жолдармен пайда болып, дамиды деген мәселеде оның мынадай жолдары анықталған.
▪ Мәндес сөздер көп мағыналы сөздердің есебінен жасалған: көз - бұлақ - бастау - қайнар.
▪ Әр түрлі аффикстер арқылы біріктіру, қосарлау арқылы, яғни сөзжасам тәсілі арқылы тілімізде көптеген синонимдер пайда болған: ақылды - есті; сүтті - құнарлы; әлсіз - жарамсыз; еңбекақы - жалақы; қанішер - Қаныпезер; жоқ - жітік - кедей - кепшік; зым - зия - ұшты - күйді т. б.
▪ Кірме сөздер арқылы да синонимдер пайда болған: ақиқат (хәқиқат)- шындық (араб сөздері арқылы); шәкірт (шагирд)- оқушы (парсы сөздері арқылы).
▪ Синонимдер диалектизмдер есебінен де көбейген: сым - шалбар, а Қудай - айналайын т. б.
▪ Синонимдер фразалық тіркестер арқылы дамыған. Мысалы: еті тірі - пысық; қырғи қабақ - өш, араз т. б.
▪ Табу мен эвфемизмдер есебінен де тіліміздегі синонимдер молайған: қолды болу - ұрланған, аяғы ауыр - жүкті, дүние салды - өлді, қайтыс болды. т. б.
Тілдегі лексикалық синонимдердің жасалуына семасиологияның ішкі заңдылықтарына байланысты болатын сөздердің мағыналық өзгеруі мен дамуы да, сонымен бірге сыртқы қоғамдық карым - қатынасқа байланысты сөздік құрамға енетін кірме сөздер де айрықша әсер етеді. Синонимдердің пайда болуы сөздік кұрамның даму, жетілуімен тығыз байланысты екендігі белгілі. Ал сөздік құрам ұлттық тілдің негізгі сөздік қорынан және басқа тілдерден ауысып келген кірме сөздерден тұрады. Өйткені синонимдер — сөздік құрамға енетін, өзіндік даму заңдылықтары бар лексика - семантикалық сөздер тобы.
Профессор Ф. Оразбаеваның «Қазіргі қазақ тіліндегі сын есім синонимдер» атты еңбегінде казіргі қазақ тілінің лексикасына катысты сын есім синонимдердің басты - басты ерекшеліктері қарастырылып, олардың жасалу жолдары кеңінен сөз болады. Сын есім синонимдердің жасалу жолдарының өзін үшке бөліп қарастыруға болады:
1. Лексикалық - фразеологиялық тәсіл арқылы жасалған синонимдер:
а) сөз мағынасының даму барысында жасалған синонимдер: епті, тура, берік, қарапайым деген сөздер көпмағыналы бола келіп, әр мағыналарында әр түрлі синонимдік катар құрайды: 1. Епті — икемді - бейімді. 2. Епті - пысық - иіирақ - еті тірі. 1. Тура - тік - тузу - тіке. 2. Тура - дұрыс - жөн. 3. Тура - шақ - дәл. 1. Берік - қатты - кушті. 2. Берік - мықты - сөзінде тұрғыш. 1. Қарапайым - жай - қатардағы. 2. Қарапайым - жұпыны - тұрпайы.
ә) Табу және эвфемизмдер құбылысы арқылы жасалған синонимдер: Жасыл - жай, найзағай, жолбарыс - қара құлақ, шері; аяғы ауыр - жүкті, екі қабат; дүние салды - өлді, қайтыс болды т. б.
б) қарапайым сөздер арқылы пайда болған синонимдер: өтірікші - суайт; кішкене - құртақандай, титтей, титімдей; т. б.
в) кірме сөздер арқылы пайда болған синонимдер: батыр (баһадур)- батыл, ер; шәкірт (шагирд)- оқушы; ақиқат (хәқиқат)- шындық т. б.
г) фразеологиялық тіркестер арқылы жасалған синонимдер: ауыз бастырық - пара; узын құлақ - сыбыс, өсек; қоян жүрек - қорқақ; қырғи қабақ - өш араз т. б.

2. Морфологиялық тәсіл арқылы жасалған синонимдер


Қазақ тілінде морфологиялық тәсіл арқылы жасалған сөздер сын есім синонимдердің дамуына ең өнімді жолы болып есептелінеді. Сын есім синонимдер бірде синонимдес жұрнақтардың әр түрлі түбірлерге қосылу нәтижесінде жасалса, кейде бір аффикстің әр түрлі түбірлерге жалғануы арасында пайда болады.

а) Синонимдес аффикстер арқылы жасалған синонимдер: - шақ /- шек/, қақ/- кек/, гыш/- гіш, - қыр/- кір/,- шыл - шіл/ шаң - шең/ т. б.


Бұлардың ішінде - шақ/- шек пен - гыш/гіш (тырысқақ - тырысқыш) аффикстері мағыналары жағынан өзара синонимдес болып келсе, - қыш/кіш/ пен - қыр/кір/ білгіш/білгір/ - гыш/- гіш/ пен — шаң /шең/- шақ/иіек (ашулангыш -ашушаң - ашуланшақ) жұрнақтары да білдіретін мағыналары тарапынан синонимдес болып табылады.

ә) Бірыңғай аффикстер арқылы жасалған синонимдер.


Бірде өзара мәндес түбірлерге жалғанып, бірде мағыналары алшақ түбірлерге қосылып, сын есім синонимдерді туғызатын біркелкі аффикстердің қатарына жататындар:- ды,- ді,- ты,- ті, - лы,- лі; - сыз,- сіз;- шыл,- шіл; - лас,- лес; — паз,- қой,- гой т. б. Мысалы: қадірлі - құрметті - ардақты - қымбатты; екпінді - қарқынды; болжағыш - байқағыш - сезгіш т. б.


3. Синтаксистік тәсіл арқылы жасалған синонимдер


Синтаксистік тәсіл арқылы жасалған сын есімдерге сөздердің бірігуі, тіркесуі, қосарлануы нәтижесінде пайда болған күрделі сөздер жатады.

а) Біріккен сөздер арқылы пайда болған синонимдер: ашқарақ - қомағай - мешкей - тойымпаз; көнетоз - ескі - көне - баяғы; көкбақа - арың; қысылтаяң - қысылшаң - ауыр деген синонимдік қатарлардағы ашқарақ, көнетоз, көкбақа, қысылтаяң деген күрделі сөздер мағыналық жағынан жеке дербес сөздердің мағынасымен сәйкес келіп, олармен (жеке сөздермен) синонимдік қарым - қатынаста жұмсалған.


ә) Қос сөздер арқылы жасалған синонимдер. Қосарлану тәсілі арқылы жасалған сын есімдер негізгі түбірлердің қайталанып келуі арқылы да (биік - биік), туынды түбірлердің қосарланып келуі нәтижесінде де (сырлас - мұңдас, күйлі - қуатты) жасалады.


Кез - келген тілді алсақ, синонимдер — сол тілдің сөздік кұрамы мен сөз байлығының дәрежесін байқатар көрсеткіш. Оның тілдегі сөздік кордың дамуына емес жалпы көркем әдебиеттің, өнердің кемелденіп, толысуына, көркем сөздің жетілуіне, күнделікті өміріміздегі қарапайым сөйлеу тілінің нәрленіп, қалыптасуына тигізер әсері мол [56. 3; 56. 24 - 72].


Сонымен, тілдегі синонимдер — сөз қорының асыл қазынасы. Мағжан: «Қазақтың сары даласы да кең, тілі де бай. Осы күнгі түркі тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ!»- дейді. Ендеше қазақ тіліміздің байлығы мен оралымдығы синонимдердің молдығы арқылы көрінсе керек.






Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет