Сабақтың тақырыбы: “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”
Сабақтың мақсаты: 1. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырының шығу
және зерттелу тарихы, мазмұны туралы
кең мағлұмат беру.
2. Махаббатты мәңгілік аялауға,
адамгершілікке тәрбиелеу.
3. Дүниетанымын кеңейту, ғылыми
көрегендікке баулу.
Сабақтың түрі: Қалыптан тыс: ғылыми жобалар жарысы сабағы.
Әдіс-тәсілдер: проблемалық, эвристикалық талдау, жинақтау,
баяндау.
Көрнекілігі: схемалар, сызбалар, ғылыми – зерттеулер, мақалалар
т.б.
Сабақтың эпиграфы: Сейпіл – Мәлік, Жамалдай,
Бейнетіңе көнсем- ау.
Қозы- Көрпеш – Баяндай,
Бір молада өлсем – ау!
Сабақтың жоспары:
“Қозы Көрпеш – Баян сұлу ” жырының зерттелуі
“Қозы Көрпеш – Баян сұлу ” жырының көркемдік ерекшелігі.
“Қозы Көрпеш – Баян сұлу ” жырындағы салт – дәстүр көрінісі.
Сабақтың барысы:
Ізденімпаз, ғылымға икемі бар оқушыларға ғылыми жоба жазуға кеңес беріледі. Бірігіп тақырып таңдап, қосымша жұмыстар жүргізіледі, жоба жарысы ұйымдастырылады. Бұл ғылыми жоба жазған оқушыларды ғылыми – зерттеу жұмысына икемдесе, сабақ барысында тыңдап, көріп отырған оқушыларды ғылыми жоба жазу жұмысымен таныстырып, қызығушылықтарын оятады, ғылыми тұрғыда ойлауға тәрбиелейді. Мұғалім ғылыми жобаны сабақ үстінде қорғауға шығармас бұрын өзі алдын-ала танысып, ескертулер айтады, оқушылар қорғауға дейінгі кемшгіліктерді түзетіп үлгерулері керек. Қалған оқушылар жоспарын құруға, мазмұнын айтуға, сұрақтар дайындап қоюға ат салысады. Жоба қорғалып біткен соң оқушылар осы тақырып бойынша шағын шығарма жазады.
І. Бірінші жобаның тақырыбы: “Қозы Көрпеш – Баян сұлу ”
жырының зерттелуі.
“Қозы Көрпеш – Баян сұлу ”
кешенінің құрылысы, зерттелуі.
Топ жетекшісінің аудиториямен жұмысы, сұрақтар қойып, тиянақтайды. Басқа топ мүшелері қарсы сұрақтар қояды.
ІІ. Екінші жобаның тақырыбы: “Қозы Көрпеш – Баян сұлу ”
жырының көркемдік ерекшелігі.
( композициялық жоспар,
мінездеме, қанатты сөздер)
Топ жетекшісінің аудиториямен жұмысы, сұрақтар қойып, тиянақтайды. Басқа топ мүшелері қарсы сұрақтар қояды.
ІІІ. Үшінші жобаның тақырыбы: “Қозы Көрпеш – Баян сұлу ”
Жырындағы салт – дәстүр көрінісі.
(тезистік жоспар)
Топ жетекшісінің аудиториямен жұмысы, сұрақтар қойып, тиянақтайды. Басқа топ мүшелері қарсы сұрақтар қояды.
Тәртібі: Жобаны қорғау кезінде авторларға баяндама үшін 10
минут уақыт беріледі.
Ғылыми жобаларды орындауға қойылатын талаптар:
І. Құрылымы:
а) лауазым парағы
ә) тақырыбы
б) кіріспе
в) зерттеу бөлім(негізгі)
г) қорытынды
д) пайдаланылған әдебиеттер тізімі
ІІ. Лауазым парағында мыналар көрсетіледі:
а) жұмыс орындалған мекеме аты
ә) автордың аты-жөні, тобы
б) жұмыс тақырыбы
в) жұмыстың ғылыми бағыты
г) жетекшісінің аты-жөні
ІІІ. Ғылыми жоба көлемі
а) Кіріспе 1-2 бет
ә) Негізгі бөлім 10-12 бет
б) Қорытынды бөлім 1-2 бет
ІҮ. Пайдаланылған әдебиетке сілтемені тік жақшада беру керек.
Сілтемелер ретпен берілуі тиіс.
Ү. Қолданылған әдебиеттер жұмыс соңында мынандай ретпен
беріледі:
а) Автордың аты-жөні
ә) Мақала тақырыбы, әдебиет, не журнал атауы.
б) Баспа атауы
в) Басылым жылы, шығу нөмірі, беті.
ҮІ . Бағалау. Сайланған әділ-қазылар алқасы еңбектерді бағалап, өз
пікірлерін білдіреді.
Қалыптан тыс:
ғылыми жобалар жарысы сабағы
Қозы Көрпеш - Баян сұлу жырына - 1500 жыл [қалалар] [Берел қорымы]
Махаббаттың мәңгілік ескерткіші (Қозы Көрпеш –Баян сұлу» жырына –1500 жыл)
Замана толқыны тарих теңізінің жағалауында көркем өнердің баға жетпес меруерт - маржандарын қалдырады. Бұл–бағзы заманнан қалған архитектуралық ескерткіштер, грек храмдары, мысыр пирамидалары, қытай сарайлары, скульптура, лағыл тастар мен мәрмардан жасалған кереметтер, өткен дәурен адамдарының жай-күйін аңыз етіп шертетін сурет пен музыка. Бірақ сол асылдардың асылы – адам баласының рухы мен ақыл –ойын барша ұрпаққа паш еткен ескірмес, өлмес өшпес өлең – жыр деп Мұхтар Әуезов жазып кеткендей биылғы жылдағы ерекше маңызды оқиғаның бірі – «Қозы Көрпеш –Баян сұлу» жырының өзекті желісі пайда болып, аңыздық арқауы тартылғанына он бес ғасыр толды. Сөз жоқ айтулы уақиға, атаулы жағдай. Қазақ халқы ғасырлар бойы айтып келген бұл жыр сахарадағы мал өсіруші тайпалардың ең ескі дәуірде шығарған жарқын, сәулетті аңыз әңгімесі.
Қозы-Көрпеш –Баян сұлу күмбезі Аягөздің оң жақ жағасында, Таңсық деген ауылда қарсысына салынған. Аңыз бойынша, оны тұрғызуға Сарыбайдың інісі Тайлақ би Тобыл өзені бойынан Аягөзге төрт сан қол (40 кісі) жіберіп, ас бергізіп, ат шаптырып той жасайды. Қозы-Көрпеш –Баян сұлудың күмбезін берік етіп тұрғызып, кескін келбеттерін тасқа түсіреді. Әсіресе Баян сұлудың өң – ажары әдемілеп келтірілген.
Жанақ ақынның жырлауынша, елу мың кісі бастап келген –Айбас, көш жерден тас тасып, Аягөздің биік белесіне күмбез орнатады. Ол күмбез әлі тозған жоқ, махаббаттың мәңгілік белгісі ретінде күні бүгінге дейін тұр.
Кешендегі төрт мүсін тас –Қозы –Көрпеш- Баян сұлу жырындағы бейнелерді кескіндейді. Олардың үшеуі әйел, біреуі жас жігіт. Халық аңызы оларды Қозы Көрпеш және олардың апалары Айтаңсық пен Айғыздың суреттері деп атайды.
«Қозы Көрпеш –Баян сұлу» жырының қазақша жиырмадан астам нұсқасы бар. Бұл эпосты зерттегендер Ш.Уәлиханов, Г.Н.Потанин, В.В.Радлов, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, М.О.Әуезов, Ә.Х.Марғұлан.
Қозы Көрпеш –Баян сұлу мұнарасын, оның сюжет құрлысын қызыға зерттеген аяулы ғалымдардың бірі –Г.Н.Потанин. Қозы Көрпеш-Баян сұлу жырын жаңадан жинау үшін, оның мұнарасын жақсылап зерттеу үшін Г.Н.Потанин көп ғалымдармен, қазақ ақындарымен, шежіре айтушылармен байланысқан. Осының нәтижесінде оның қолына Қозы Көрпеш –Баян сұлудың бірнеше варианты түседі. Оларды жіберген атақты Абай ақын (1884ж)
Г.Н.Потанин қазақтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын өте жоғары бағалап, мейлінше әділ пікір білдірген: «Орынбор мен Зайсанға дейінгі кеңістікті алып жатқан ұлан байтақ дала-түгелдей білетін сүйікті хикая, қазақ эпикасының ұшар биігі. Жалпы жұртқа ортақ сюжет болғанмен, бірде – бір халық мұны дәл қазақтардай өз эпикасының асқар шыңы ете алмаған» деген( Марғұлан Ә. Қозы Көрпеш Баян сұлу кешені .-Алматы: Өнер, 1994.-Б.12)
1839 жылы еліміздің заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов осы жырдың негізінде 4 актілі драмалық пьеса жазып шығарған. (Мүсрепов Ғабит. Драмалық шығармалар.-Алматы : Өнер, 1982.- Б.10-61)
Тарихи заманнан келе жатқан сәулетті құрылыстың ең көрнектісі әрине, Қозы Көрпеш – Баян сұлу күмбезі. Оны төрт бұрышты таспен өріп, ішін жып –жылтыр сыпайы етіп қалаған. Оның биіктігі бұрын 18 метрдей болған, ішкі ені төрт метр шамасында, еденін таспен қалап, жарты метрдей жоғары көтерген. Күмбездің оңтүстігі шығысында кіретін есік, төбесінде терезе сияқты екі тесігі болған.
Қозы Көрпеш – Баян сұлу жыры көне замандағы түркі-монғол тайпаларының арасында көп тараған бір ғажайып оқиғаның сюжеті. Бұл аңыздың ең ескі заманда (б.з. ІІІ ғасыр бұрын) дүниеге келіп, содан жырға айналғанын дәлелдейтін нәрсе – алтыннан құйылған белбеудегі әдемі эпикалық сюжет. Онда көркем түрде «Шоқ терек» бейнеленген, оның түбіндегі екі жастың махаббат елестері сақталған. «Шоқ теректі» суреттеген бұл алтын бейне XVIII ғасырда Ертістің күншығыс жағында жатқан байтақ даладан, Алтай тауының ішінде таяу жерден табылған. Ол бейне бүгінде Эрмитажда сақтаулы тұр. Суреттің негізгі фоны жапырақ жайған шоқ терек. Оның түбінде бір жас әйел мен бір сақа кісі отыр. Өліп жатқан ердің басы жас әйелдің тізесінде, бөксесі сақа кісінің алдында. Еркектің қолында екі аттың тізгіні бар. Ту сыртында ағашта ілулі тұрған өлген ердің садағы, қорамсақтан толы жебенің қауырсын басы көрініп тұр. Еркектің басында қазақша елтірі бөрік, белінде камар белбеу. Әйелдің басында ерте замандағы бесі шошайған биік қарқара, үстінде кебенек, қолымен өліп жатқан ердің басын сипап отыр.
Ежелгі елдігіміздің сондай ескерткішін бүгінгі ұрпақ қадірлеп-қастерлеп, бабаларға лайықты мұрагер –мирасқор болуы –ұлтымыздың ізгі мүддесі, игі мақсаты. Тәуелсіз мемлекетіміз ілгері өрлеп өркендеуі үшін еңбек жолына қадам басқан әрбір жас адамды рухани нәрлендіріп, жан әлеміне азаматтық абзал қасиеттер дарытуымыз керек болса, сол көкейтесті міндетті орындауда «Қозы Көрпеш –Баян сұлу» жыры – зор қазына.
Қорыта келгенде, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының қазақ жағдайының өзінде әр түрлі ортада жасалып, заманы өткен сайын өзгеріп, жаңарып отырған. Бұл дастанның тууына, бір жағынан халықтың өз өкілдері араласса, екіншіден, бұған белгілі ақындар да қатынасып, өз нұсқаларын өңдеп, толықтырды.
Достарыңызбен бөлісу: |