Тараз политехникалық колледжі
Құқықтану пәнінің оқытушысы
Садыгулова Алия Куанышбековна
Тараз қаласы.
Сабақтың тақырыбы:Өкілдік және сенімхат
Сабақтың мақсаты:
Білімділік:Білімгерлерге өкілдік және сенімхат ұғымы,мазмұны және түрлері туралы жалпы түсініктеме беру.
Дамытушылық:Өз бетінше құжаттармен жұмыс істеуге дағдыландыру. Өз ойларын еркін де сауатты, нақты жеткізу қабілеттерін арттырып, жан-жақтылыққа баулу, тыңдай және сөйлей білу мәдениеті мен қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелілік :Білімгерлерді патриоттыққа, отанды қастерлеп,оны барынша сақтауға, қоршаған ортаның көркемдігін гүлдендіруге тәрбиелеу.
Сабақтың типі: Жаңа білімді беру сабағы
Сабақтың түрі: Аралас сабақ
Сабақтың әдісі: Түсіндіріп-баяндау
Сабақтың көрнекілігі: слайд, қима-қағаздар, мысалдар, құжат үлгілері, ҚР Азаматтық Кодексі.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
1. Сәлемдесу, түгендеу, құрал-жабдықтарын тексеру, сабаққа зейіндерін аудару.
ІІ.Үй тапсырмасын тексеру: Жарамсыз мәмілелер»
1Мәміле туралы жалпы түсінік.
2Жарамсыз мәмілелер мен жарамсыздықтың салдары.
3.Мазмұны заң талаптарына сәйкес келмейтін мәміленің жарамсыздығы.
4.Мәмілелер жарамсыздығының негіздері.
Қорытындылау: Үй тапсырмасын құжат үлгілерін толтырумен , мысал келтірумен қорытындылаймын.
ІІІ. Жаңа сабақ: Өкілдік және сенімхат. Визуалды лекция беру.
Жоспары: 1.Өкілдік туралы жалпы түсінік.
2.Өкілдік түрлері.
3.Сенімхат туралы жалпы түсінік, сенімхат түрлері, мерзімі.
4.Сенімхаттың тоқтатылуы.
1.Өкілдік туралы жалпы түсінік.
Басқа адамның (өкілдік берушінің) атынан бір адамның (өкілдің) сенімхатқа,заңдарға, сот шешіміне не әкімшілік құжатқа негізделген өкілеттігі күшімен жасаған мәмілесі өкілдік берушінің азаматтық құқықтары мен міндеттерін тікелей туғызады,өзгертеді және тоқтатады. Өкілеттік өкілдің (бөлшек сауда жүйесінде сатушы, кассир және т.б.) әрекет жасаған жағдайынан да көрінуі мүмкін.
2. Өкіл жасаған мәміле бойынша тікелей өкілдік берушіде құқықтар мен міндеттер пайда болады.
3.Өкіл жеке өзіне қатысты да,сонымен бірге өзі өкілі болып табылатын басқа адамға да қатысты да өкілдік берушінің атынан мәмілелер жасай алмайды.
4.Басқалардың мүдделері үшін болса да өз атынан әрекет ететін адамдар (коммерциялық делдалдар,мұрагерлік кезінде өсиетті орындау тапсырылған адамдар және т.б.) сондай -ақ болашақта жасалуы мүмкін мәмілелерге қатысты келіссөз жүргізуге уәкілдік берілген адамдар өкілдер бола алмайды.
5.Сипаты жөнінен тек жеке өзі ғана жасауға болатын мәмілені,сондай-ақ заң құжаттарында көзделген реттердегі басқа да мәмілелерді өкіл арқылы жасауға жол берілмейді. Әрекет қабілеттігі жоқ азаматтардың атынан мәмілелерді олардың заңды өкілдері,ата -анасы асырап алушылары мен қорғаншылары жасайды.
2. Өкілдіктің түрлері:
1.Коммерциялық өкілдік. (делдалдық )
2.Әкімшілік құжатқа негізделген өкілдік.
3.Заңды өкілдік.
4.Сот шешіміне негізделген өкілдік.
3.Сенімхат туралы жалпы түсінік,сенімхат түрлері, мерзімі Бір адамның ( сенім білдірушінің) өз атынан өкілдік ету үшін екінші адамға (сенім білдірген ) берілген жазбаша уәкілдігі сенімхат деп танылады. Мүлікке билік жасауға және нотариаттың куәландыруын талап ететін мәмілелер жасауға берілетін сенімхатты,егер заң құжаттарында өзгеше белгіленбесе,нотариат куәландыруға тиіс.
Нотариат куәландырған сенімхатқа:
1) госпитальдарда, санаторийлер мен басқа әскери- емдеу мекемелерінде емделіп жатқан әскери қызметшілердің және өзге де адамдардың осы госпитальдардың,санаторийлер мен басқа әскери-емдеу мекемелерінің бастықтары, медицина бөлімі жөніндегі орынбасарлары, аға және кезекші дәрігерлері куәландырған сенімхаттар.
2) мемлекеттік нотариалдық кеңселер мен басқа да нотариалдық әрекет жасайтын органдары жоқ әскери бөлімдер, құрамалар,мекемелер мен әскери-оқу орындары орналасқан мекендердегі осы бөлімдердің,құрамалардың, мекемелердің,оқу орындарының командирлері, бастықтары куәландырған әскери қызметшілердің сенімхаттары
3.)бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың бас бостандығынан айыру органдарының бастықтары куәландырған сенімхаттар. 4)халықты әлеуметтік қорғау мекемелеріндегі кәмелетке толған әрекет қабілеттігі бар азаматтардың осы мекеменің немесе тиісті халықты әлеуметтік қорғау органдарының басшысы куәландырған сенімхаттары теңестіріледі. 5)Ақша және басқа бағалы мүлікті алуға немесе беруге мемлекеттік органның, коммерциялық ұйым мен коммерциялық емес ұйымның атынан берілетін сенімхатқа сол ұйымның бас аға бухгалтері де қол қоюға тиіс.
Сенімхаттың жалпы үш түрі болады:
1. Бас сенімхат.(Мысалы көлік жүргізу үшін берілетін сенімхат).
2. Арнайы сенімхат.(Мысалы сот процесіндегі өкілге берілетін сенімхат).
3. Бір мәрте берілетін сенімхат.(Зейнетақы алу үшін берілетін сенімхат).
Сенімхат үш жылдан аспайтын мерзімге берілуі мүмкін.Егер сенімхатта неғұрлым ұзақ мерзім көрсетілсе ол үш жыл бойы ,ал егер қоолдану мерзімі көрсетілмесе,берілген күннен бастап бір жыл бойы жарамды болады.Берілген күні көрсетілмеген сенімхат жарамсыз болады.
Сенім ауысуы.
Сенім білдірілген адам өзіне уәкілдік берілген әрекетті өзі жасауға тиіс.Аталған сенімхат бойынша сенім ауыстыруға уәкілдік берілген не сенім білдірушінің мүдделерін қорғауға мәжбүр болған реттерде ғана ол осы әрекеттерді жасау сенімін басқа адамға аудара алады.Сенім білдірілген адамның өз өкілеттігін басқа адамға беру жөніндегі сенімхатты, нотариат куәландыруға тиіс.
Өз өкілеттігін басқа біреуге берген сенім білдірілген адам бұл жөнінде сенім білдірушіні дереу хабардар етуге және оған әлгі адам туралы ,оның тұрғылықты жері туралы қажетті мәліметтерді хабарлауға тиіс.
4.Сенімхаттың тоқтатылуы.
1.Сенімхаттың қолданылуы:
1) сенімхат мерзімінің өтуі.
2)сенімхатта көзделген әрекеттердің жүзеге асуы.
3)сенімхатты беруші адамның оның күшін жоюы.
4)сенімхат берілген адамның одан бас тартуы.
5)өз атынан сенімхат берген заңды тұлғаның тоқтатылуы.
6)атына сенімхат берілген заңды тұлғаның таратылуы.
7)сенімхат берген адамның қайтыс болуы,оның әрекет қабілеттігі жоқ,әрекет қабілеттігі шектеулі немесе хабар -ошарсыз кетті деп танылуы.
8)сенімхат берілген азаматтың қайтыс болуы,оның әрекет қабілеттігі жоқ,әрекет қабілеттігі шектеулі немесе хабар -ошарсыз кетті деп танылу салдарынан тоқтатылады.
Сенімхатты берген адам сенімхаттың немесе сенім ауысуының күшін кез келген уақытта жоя алады,ал сенімхат берілген адам одан бас тарта алады.
Сенімхат беруші сенімхаттың күшін жойғандығы туралы сенімхат берілген адамға, сондай -ақ сенімхат берілгендердің алдында өкілдік ету үшін өзіне белгілі үшінші жаққа хабарлауға міндетті.Сенімхат берілген адам немесе оның құқықты мирасқоры сенімхат тоқтатылысымен оны дереу қайтаруға тиіс.
ІҮ. Жаңа сабақты бекіту.
Жаңа сабақты бекіту сұрақтары:
1.Сенімхат дегеніміз не?
2.Сенімхат түрлері.
3.Заңды өкілдік.
4.Өкілдік дегеніміз не?
5.Арнайы берілетін сенімхат.
6.Сенімхаттың күшін тоқтату
7.Коммерциялық өкілдік
8.Әкімшілік құжатқа негізделген өкілдік.
9.Бір мәрте берілетін сенімхат.
10.Бас сенімхат деген не?
Құжат үлгілерімен жұмыс жасап толтыру тәртібін түсіндіру.
Ү. Қорытындылау, бағалау.
Ү. Үйге тапсырма.
ҚР Азаматтық кодексінің 161 -бабы, 166 -бабы бойынша өзіндік жұмыс құжатпен жұмыс үлгісін құрастырып келу.
ҚР Азаматтық кодексінің 169 және 171 бабтарын оқып келу.
Достарыңызбен бөлісу: |