Саналы ұрпақ – ұлт болашағы
Ұрпақ тәрбиесі бабаларымыздың назарынан ешқашан тыс қалған емес. Кез келген ата-ана, бізге білім беріп жүрген ұстаздарымыз тәрбиемізге ерекше назар аударып келеді. Менің ойымша, тәрбие барлығымызға отбасында да, мектепте де бірдей беріледі. Ерекше қылықтарымыз бен дұрыс жасамаған істерімізді түзетуге байланысты ақыл-кеңестер де дер кезінде айтылады. Бірақ, сол айтылғаннан, біздер, жас ұрпақ нәтиже шығара аламыз ба?! Мәселе, менің пікірімше, осында. Ұстаздарымыздың берген білімі мен күнделікті тәртібімізге қатысты айтып отыратын кеңестерін отбасында, керісінше, отбасындағы үлкендердің айтқанын, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, ұямыздан алған тәлімімізді ортада, мектепте көрсете алып жүрміз бе? Мені осы ойлар мазалайды. Бүгін эссе тақырыптарына көз жүгіртіп, осы тақырыпты таңдап, жоғарыда айтылған сұрақтар төңірегінде ой толғағым келді.
«Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» - дейді ұлы ойшыл, ақын А.Құнанбаевтың осы пікірі сөзіміздің дәлеліліндей. Ұлы ойшылдарымыз, ағартушы-педагогтарымыз ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген, түрлі пікірлер айтып, келер ұрпағының саналы, суаатты, тәрбиелі, мәдениетті, халқы үшін күресетін, ұлтының болашағының келешегін ойлайтын ұрпақ тәрбиелеу керектігін үнемі еске түсіріп, өз назарынан тыс қалдырмаған. Олар өз ой-тұжырымдарында «бала тәрбиесінің алтын бесігі – отбасы» екендігін, яғни бала тәрбиесіне, ұрпағының жалғасы болар отбасының алтын діңгегі болатын балаларының тәрбиесі болатындығын ерекше ескерген. Ұлы педагог А.С. Макаренко: «Баланы жас кезінде, әсіресе,бес жасқа дейін тәрбиелей білу керек». Оның келешекте қандай адам болуы, ең алдымен бес жасқа дейін дұрыс тәрбие бере алмасаңыз, кейін оны қайта тәрбиелеуге тура келеді. Ал қайта тәрбиелеу - өте қиын іс, - деп ойын түйіндейді. Ол сонымен қатар: «Баланы дұрыс тәрбиелесек, қартайғанда өміріміз бақытты болмақ, жаман тәрбиелесек зор қайғыға ұшырап, үлкен бақытсыздыққа тап болғанымыз. Жаман тәрбиеленген бала – басқа адамдар алдында, бүкіл еліміз алдында жасаған үлкен кінәміз» - деп атап көрсеткен.
Міне, осыдан түйеріміз, ата-анамыз бізді дұрыс тәрбиелемесе, біз болашақта өз ұрпағымызды дұрыс тәрбиелей алмай, қоғам алдында кінәлі болады екенбіз. Сондықтан біз ата-анамыздан, қоршаған ортадан, мектептен берілген тәрбиені ақын Абай атамыз айтқандай: «қолымды мезгілінен кеш сермедім» демей, өз мезгілінде бізге берілген алтын қазынадай қабылдауымыз керек деп ойлаймын. Әрқайсымыздың санамызда ата-ана алдындағы міндетімізді, бізге білім мен тәрбие беріп жүрген ұстаздар, қоғам, отан алдындағы жауапкершіліктерімізді саналы түрде қабылдап, орындауды алдымыздағы борышымыз деп білуіміз керек. Сонда ғана Отанын, елін сүйетін, өз ісіне жауапты, мәдениетті, жан-дүниесі бай ұрпақ боламыз деп ойлаймын.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, біз халықтың нақыл сөзінен сусындаған, аталар сөзімен өсіп-өнген,даналар өсиетінен тәрбие алған, ұлылар тәрбиесінен тағзым еткен дана халықтың ұрпағымыз. Даналық сөздермен оза білген қазақ халқында «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген сөз бар.
Сондықтан, жақсы азамат болу, ұлттың болашағы болатын ұрпақ екендігімізді дәлеледеуге әрқайсымыз саналы түрде атсалысайық! Абай атамыз айтқандай «атаның ғана емес, халықтың баласы» болып, ата-ана ғана жалғасы емес, ұрпақ жалғасы болайық дегем келеді.