Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж



бет1/26
Дата23.10.2016
өлшемі4,75 Mb.
#5
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26


«Қостанай таңының» кітапханасы

Сәлім МЕҢДІБАЕВ
АРМЫСЫҢ, АЛТЫН ТАҢ!

Сәлім МЕҢДІБАЕВ

АРМЫСЫҢ, АЛТЫН ТАҢ!

Журналист жазбалары

Қостанай – 2013 ж.

Сәлім МЕҢДІБАЕВ



Армысың, алтын таң!

(Журналист жазбалары)

Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі Сәлім Меңдібаев өзінің бұл кітабында абзал аналар мен ару қыздар, абзал ағалары мен ілтипатты інілері туралы сыр сабақтайды, тарихқа бойлайды, кешегі сұрапыл соғыс жылдарын ой елегінен өткізіп, қаһарман сарбаздар туралы қалам тартады.

Автор табан аудармастан қырық үш жыл бойы қазақ мәдениеті мен қоғамдық пікірінің қара шаңырақтарының бірі облыстық «Қостанай таңы» газетінде қызмет істеп келеді. Журналист-жазушының көзі қырағы, ойы ұшқыр, ол қандай да болмасын шығармасында құр деректерді ғана алға тартып қоймай, кейіпкерінің ішкі жан дүниесіне, оның әлди әлеміне тереңірек үңілуге тырысады.

Сондықтан да болар кітаптағы әрбір әңгіме мен очерк, эссе мен сұхбат оқырман жүрегіне жол табары сөзсіз.

Келтіріп сөздің сәнін де,

Толықтырар мәнін де.

Тұла бойы тұнып тұр,

Тәрбиеге, тәлімге.

Шіркін, дүлдүл дүние-ай,

Жар бол өзің Сәлімге!
Серікбай ОСПАНҰЛЫ.

АРМЫСЫҢ, АЛТЫН ТАҢ!
(Оқырманға арнау сөз)
Міне, тағы бір таң атты! Тіршілік біткен тамаша бір күйге енді. Көкжиектен көтерілген алтын күнге қарап, «Армысың, алтын таң!» деймін шаттанып.

Таңғы сағат 8-ді соққанда кеңсе есігін ашамын. Бұл – «Қостанай таңы» газетінің редакциясы. Осы қара шаңырақта қырық үш жыл бойы тер төгіп келемін. Ал кезінде негізін қазағымның асылдары қалаған осы газеттің алғашқы нөмірінің шыға бастағанына да 90 жылдан асты, соның қырық үш жылында мен оның суығына тоңып, ыстығына күйдім. «Қостанай таңы» менің тағдырыма айналды, ол менің қаламымды ұштады, азамат етті, елге танытты. Сол алтын ұяма деген ыстық ықылас пен қаламгерлік парыздан осы кітап туды. Мұндағы дүниелердің бәрі де кезінде осы газетте жарияланып еді. Бұл менің, белгілі дәрежеде, сол «Қостанай таңының», жалпы оқырмандар алдындағы шығармашылық есебім іспетті.

Бір дәуірдің шежіресі, қалам ұстаған бір перзенттің жүрек лүпілі, жан сыры, ой-толғанысы деп қабыл алыңыз, құрметті оқырман!

Армысың, алтын таң! Жасай бер, «Қостанай таңы!»


Автор.

І ТАРАУ
БІЗДІҢ ЕЛДІҢ АРУЛАРЫ


ӨШПЕЙТІН ІЗ

Аяулы апамыз Зұ­лқия Тойшыбайқызы еске түскенде


Әрбір адамның өмірінде ерекше із қалдырған тұлғалар болады. Сондай жандардың бірі мен үшін Зұлқия Тойшыбайқызы болатын. Ол кісі Алматыда тұрды, жауапты қызмет атқарды. Өзінің туып-өскен жері – Меңдіқараның Ақсуатына анда-санда болмаса, жиі келе бермейтін. Біз бала күнімізде ол кісіні тек ата-анамыздың айтуы арқылы ғана біліп жүрдік. Бірақ, сол қамқор апамыздан елге сәлемдеме жиі келіп жататын. Алматының апортымен бірге біз сияқты «қарасирақтарға» кейде фуражка, кейде шалбар – әйтеуір сый- сияпаты мол болатын. Ондайда фуражканы едірейте киіп, ауылдағы өз тұстастарымыздың алдында беделіміз өсіп қалатын.

Мектепте жақсы оқысаң, түбі Алматыға, Зұлқия апаңа жіберем, – деп анам марқұм да қайталаудан жалықпайтын.

Олай деуінің реті де бар еді. Сол Зұлқия апамыз алдымен өз сіңілілері Сәбира мен Дәмешті, кейін немере сіңілісі Бағираны, немере інісі Кәрімді астанаға алдырды. Солардың бәріне де қамқор болып, өмірден өз орындарын табуға жол сілтеді. Сәбира апамыз ұзақ жылдар Ғылым академиясыңда аға ғылыми қызметкер болды, кандидаттық диссертация қорғап, әдебиеттер байланысын зерттеді. Дәмеш Қыздар педагогика институтының физика- математика факультетін бітіріп, ұстаздық етті. Бағира да сол институттың химия-биология факультетін аяқтады. Кәрім Алматыдагы №12 қазақ орта мектебін алтын медальмен бітіріп, ҚазМУ-дың физика факультетіне түсті...

Апамыз сол сіңілілерінің тұрмыс құруына да ықпал жасап, құда- құдағилық дәстүрді өзі өткізді. Жолдасы Иманғали ағамыз да ерекше мәдениетті, көпті көрген, дана адамдардың бірі болатын, Дәмеш балдызы оқу бітіргенде өзінің осы Қарабалық ауданында бірге өскен досы, генерал Әубәкір Арыстанбековтың баласы Берікке лайықтап, мың жылдық құда болды. Студент күнімізде сол Дәмеш пен Беріктің үйінде бірер ай тұрғанымыз да бар. Әбекең ағамыз жоғары лауазымды қызмет атқарса да ерекше кішіпейіл, елгезек парасатты жан еді. Сол кісі Зұлқия апамызды көрген сайын мен туралы жылы-жылы сөз айтады екен.

Апамыз:

– Қарағым, генералға ұнапсың, ана профессорларыңнан жаман сөз естіп жүрмейтін болайын, – деп ескертетін.



Апайды Алматыда көп жұрт білетін. Өйткені ол үнемі зиялы қауымның көз алдында болды. Ұзақ жылдар бойы Алматы облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Алматы облыстық партия комитетінің әйелдермен жұмыс жөніндегі бөлім меңгерушісі, Алматы қаласы Ленин аудандық партия комитетінің екінші хатшысы сияқты лауазымды қызметтер атқарды. Апайдың үйінен халқымыздың талай адамдарын көріп, дәмдес те болғаным бар. Елубай Өмірзақов пен Сералы Қожамқұлов ағаларымыз жиі болатын. Ел-ағаң қимылы шапшаң, көзі өткір, нағыз қазақы адам еді. Оның «Атамекен» кинофильміне түсіп жатқан кезі еді. Соны әңгімелеп отырды.

Сол фильмде шалдың ролінде ойнаған Ел-ағаңның жүріп бара жатқан поездан секіретін жері бар. Соның мәнісін сұрағанымызда:

Өзім секірдім, шалың әлі қартайған жоқ, режиссер бала басқа біреуді дайындап қойған екен, «жоғал, бала» дедім де қарғыдым, деп қарқ-қарқ күледі.



Немеремді ойнаған Мұрат Ахмадияров деген ұйғыр баласы, түбі сол «тентектен» бірдеңе шығады, деді Ел-ағаң. Расында да, сол Мұрат бүгіндер еліміздің мақтанышы, халық артисі, керемет әнші, актер.

Хамит Ерғалиев Сәбира апамыздың жолдасы Рашидтың аталас туысы. Құда. Хамаңмен де талай осы үйде кездестім. Менің журналистика факультетінде оқитынымды білген Хамаң өзінің журналистік өмірінен қызықты әңгімелер айтып отырушы еді.

Апамыз ер мінезді, ірі сөзді жан болатын. Үш ұлы болды: Нұрпейіс, Нұрлан, Нұржан. Нұрланы қайғылы қазаға ұшырады. Азамат болған осы ұлының қазасы апамызға да, жездемізге де қатты батты. Бір қарақшылар қолынан қаза тапқан Нұрланын апамыз өле-өлгенше жоқтап өтті, жүрегі сыр берді. Бірақ ұлының жазасына кінәлі адамдарды соттатпады. «Ол соғылғандар да бір үйдің үміті ғой» деп кешірім жасады. Қалған балаларыма кесірі тиер деді. Сол баланың әкесі де республикаға белгілі адам еді. Ол да өл-өлгенше Зұлқия апа алдында өзін қарыздар санап, басын иіп өтті.

Сол апамыз да, жездеміз Иманғали да дүние салды. Имекеңді біз «папа» деп өттік. Өйткені өзімізбен тұстас Нұрпейіс пен Нұржан папалап жатқанда біз де соларға қосылып жүре беретінбіз. Имекең, расында да, Алматыда болған күнімізде нағыз әкеміздей қамқор болды, әкелік ақыл айтып, маңдайымыздан сыйпап, арқамыздан қақты.

Бүгіндер апа-жездеміздің көзіндей Нұрпейіс пен Нұржан, олардан өскен ұрпақ бар, Нұрпейіс химия ғылымының кандидаты, Қазақстан Респубдикасы экология және биоресурстар министрлігінде жауапты қызмет атқарады, әйелі Ерен де ғылым кандидаты. Нұржан Алматы энергетика институтында кафедра меңгерушісі, техника ғылымының кандидаты.

Апамызды ер мінезді, ірі сөзді дедік қой. Содан бірер мысал келтірейін. Үлкен ұлы Нұрпейіс осы Еренге үйленіп, бөлек шығады. Ереннің анасы татар қызы. Оның әке-шешесімен апа-жездеміз жас күндерінен бастап аралас- құралас болған. Үйі басқа болса да Нұрпейіс күнде жұмыстан кейін әке- шешесінің үйіне келгіштеп жүреді. Бірде құда-құдағилары отырғанда Нұрпейіс кіріп келеді. Жалғыз, Ерен жоқ. Сонда апамыз:

Әй, өгіз неме, татарың қайда? депті.



Ата-енесінен қысылған бала:

Ну, мама... дейді ғой.

– Не, татар екені өтірік пе? – деп салады.

Апайдың мұндай сөздеріне үйренген құда-құдағилары күледі де қояды.

Апамыздың сөзінің мақалы «өгіз неме» болатын. Өзімізге де талай айтылған. Бірақ апайдың аузынан шыққан бұл кексіз сөз «айналайынмен» бірдей еді.

ҚазМУ-дың сол кездегі журналистика факультеті орналасқан бас корпусынан апа-жездеміздің Мир көшесіндегі үш бөлмелі үйі қашық емес- ті. Жаяу баратын жер. «Студент шіркіннің бір тойғаны шала байығаны». Апамыз түскі үзіліске келетін кезде бара қоямыз. Қашан барсаң да апамыз биляши пісіріп жатады.

– Мұның еті де, наны да, майы да ішінде, не жетісіп жүрмін дейсің, соғып ал, – деп тықпалайды. Ұялып, қысылып отырғаныңды сезсе:

– Аш жүріп, ұялғаны несі, соғып ал, өгіз неме, – деп «ұрсады». Кетейін деп жатқанда сөмкесін ашып бес сом береді.

– Көп ақша бермеді деп ренжіме, бәрібір сендер сыра-суқан ішіп қоясыңдар, – деп «көрегендік» көрсетеді. Расында да, апамның үйінен келер кезімді күтіп талай «аштар» жүреді.

Бірде қазақ тілі пәнінен емтихан тапсырып, апаның үйіне бардым. Шәй-пүйімізді ішіп, шығуға жиналып жатырмыз:

– Қалай, емтиханды тапсырдың ба?

– Тапсырдым, апа.

– Неше алдың?

– Төрт.


– Ауылдан келіп, қазақ тілін де білмейсің бе, ертең қалай журналист боласың? – деп апамыздың көңілі толмай қалды. – Емтиханды кім алып еді?

– Аханай Дәулетова апай.

– Ой, албасты, – деді апамыз. Кімді айтқанын түсінген жоқпын. Жалпы Аханай апамыз өмір бойы тұрмыс құрмаған, өте қатал, мінезі дөрекілеу адам болатын. «Өте жақсы» деген баға ол кісінің қолынан шыға бермейтін.

– Тұра тұр, – деді апамыз. Өзі бөтен бөлмеден бос сөмке алып шықты.

– Мынаны ана Аханай албастыға апарып бер, өткенде демалыс үйінде бірге болғанда алып кетіп едім, – деді.

Ойымда ештене жоқ. Университетке келсем Аханай апамыз емтиханды аяқтап, қағаз-қаламын сөмкесіне салып жатыр екен.

– Апай, мына сөмкені апам сізге беріп жіберді, – дедім.

Аханай апамыздың түрі өзгеріп кетті.

– Ау, қалқам, әкел зачеткаңды, мана саған обал жасадым, – деп қағаз-қаламдарын қайта ақтара бастады.

Мен сынақ кітапшамды ұсындым. Ұстазымыз мана өзі жазған «хорошоны» белінен бір сызып, үстіне «отличноны» қондырды. Кітапшаның аяғына «исправленному верить» деп «Дәулетова» деген қолтаңбасын айдақтатты.

Осы оқиғаны апама айтқанда ол кісінің ішек-сілесі қатқанша күлгені бар. Сөйтіп «сөмкенің» арқасында көтеріңкі стипендия алып, шалқақтаған күн де болған.

Қаншама билік басында болса да апа-жездеміздің тұрмысы мүлдем қарапайым-ды. Үй-ішінде көзге түсетін қымбат дүние-мүлік жоқтың қасы еді. Бірақ қолы ашық, берекелі болатын. Елден келген адамдардың бәрі дерлік осы үйге түсіп жататын. Өткенде Алматыда болғанда бір туысымыз кіп-кішкене Ақсуат ауылында туып, өсіп, бүгіндер Алматыға бауыр басқан қырық-елу отбасы бар деп отырды. Кезінде солардың бәріне болмаса да, көбіне Зұлқия Тойшыбайқызының шапағаты тиіпті. Апамыз кенеттен қайтыс болғанда сол іні-қарындастары алақанға салып, арулап қойған еді.



Кәмшат ДӨНЕНБАЕВА:

«ТУҒАН ЖЕРДІҢ АРМАНСЫЗ ТЕРДІМ ГҮЛІН»
Кәмшат!

Оның есімін білмейтін адам бүгінде кемде-кем. Осы бір қазақтың қарапайым қызы кезінде барша әлемге қазақ деген жұрттың барын танытқан аяулы жандардың бірі еді. Ол кезде шет жұрт Кеңес Одағын білгенмен Қазақстан атты ел барын білді ме, білмеді ме – Құдай білсін. Кәмшатты көріп, сөзін тыңдап, сұхбат алған талай шетелдік журналистермен бірге болғанда сол мырзалардың талай таңдай қаққанының куәсі болған жанмын. Қарапайым тракторшы әйелдің талай мәртебелі мінбелерден сөйлеген сөзі оны тыңдаған жандардың мәңгі жадында қалмақ. Өйткені Кәмшат біреуге жалтақтап, жағымпазданып жатпайтын, нағыз шаруа адамының тоқ етер, көңілге қонымды сөзін жүрекке жеткізетін.

Жұмысқа жанын салатын. Үй шаруасын дөңгелетіп әкететін. Екі ұл, екі қызының бой-басына ғана емес, мінез-құлқына, тәрбиесіне барын салатын. Енесімен анасындай сыйласатын. Темірбегін «Темкең» деп еркелететін. Қайнылары мен сіңлілеріне жарасымды әзіл тастайтын, ата мен әжелерге құрмет пен ізет көрсететін.

Үлкен қайраткер бола жүріп ана, жар, келін қалпында қалды. Кеуде көтеріп, өктемдікке бармады, сыйластықтан танбады. Әлі де солай, бүгіндер заңды еңбек демалысына шыққан Кәмшат Байғазықызы Дөненбаева Қостанайда тұрады. Мен кезінде «сондай болған едім» деген астамшылықтан аулақ. Асқары мен Сырымның, Гүлжаны мен Гүлшатының тілеуін тілеп, немере-жиендеріне бас-көз болып тіршілік кешіп жатыр.

Кәмшат кезінде Қазақстанның, Қостанайдың, тыңның символына айналды. Өз елінің, өз жерінің, келін болып түскен Ақсуаттың, еңбек еткен «Харьковтың» абыройын асқақтатты. Бәріміздің мақтанышымыз болды және солай болып қала да береді.

Осы сұлу да салмақты әйелді ұзақ жылдар бойы біз теледидар экранынан, газет-журнал беттерінен көріп, сөзін естіп, ол туралы жазылған талай мақал-очерктерді, кітаптарды оқып жүрдік. Ол талай мәртебелі жиналыстардың төрінде отырды, талай биік мінбелерден сөз сөйледі, талай жоғары наградаларға ие болды. Ол өз дәуірінің мөлдіреген аспанына айналды.

... Әрине, кейбіреулер бағы жанған адам дер, солайы солай да. Бірақ сол атақ-дәрежеге Кәмшат Байғазықызы оп-оңай жеткен жоқ, ол өзінің адал еңбегі, ақыл-парасаты, аналық ақ жүрегі, өр мінезі арқасында жетті.

Кәмшаттың әкесі Байғазы Таспаев Москвада жоғары білім алған заңгер болатын. 41-ші жылдың қысында фашистерден Москваны қорғады. Ауыр жаралы болды. Госпитальда емделгеннен кейін оны Қостанайға жібереді. Содан ол Демьяновкаға аудандық прокурор болып қызметке тұрады. Кәмшат, міне, осында туады. Мэлс атты ағасымен тетелес өседі. Көне көз қариялар әлі күнгі Байғазы ақсақалдың отбасын өнеге етіп отырар еді. Осындай ортада туып өскен Кәмшат та жастайынан алғыр, әдепті де ақылды болып бой жетті. Өсе келе қоғамдық жұмыстарға араласты. Ол Демьянов астық қабылдау кәсіпорнында істеді, комсомол активисі еді. Бұл кезде Кәмшаттың болашақ жұбайы Темірбек Дөненбаев көршілес «Каменск-Уральск» совхозы комсомол ұйымының хатшысы да. Екі жас аудандық комсомол конференциясында танысып, шаңырақ көтереді.

Ақсауатта отау тіккен жастар кейіннен Алакөлдің арғы бетіндегі «Харьков» совхозына қоныс аударады. Осында жүріп Кәмшат тракторшылық мамандықты меңгереді. Әуелі – МТЗ-да, кейін «Кировецте» жұмыс істейді. Тракторшы бол деп оны ешкім қыстаған жоқ, жүрек қалауы, Темірбек екеуінің шешімі солай еді. Әрине, ол кезде атақ-даңқ туралы ойлаған кім бар дейсің. Жас келіншек бостан-бос үйде отыруға арланды, ал ауылда механизаторлық пен малшылықтан басқа қандай жұмыс бар.

Кәмшат жер жыртушылардың облыстық конкурсына қатысатын болды. Мұны естіген Москаленко уақытпен санаспай Кәмшатты жаттықтырумен болды. Сол бәйгеде Кәмшат бірінші орын алып, республикалық конкурсқа баратын болды. Онда да абыройсыз болған жоқ, үшінші орынды иемденді. Абырой-даңққа барар жол осылай басталды.

Дөненбаевтар үйінде не көп, сурет көп. Оның ішінде москвалық, алматылық, астаналық газеттер мен журналдардың фотошеберлері түсіргендері де, әуесқой суретшілер түсіргені де жеткілікті. Міне, Кәмшаттың съезд делегаттары ортасында Брежневпен бірге түскен бейнесі, міне, жап жас Кәмшат пен Темірбек. Міне Кәмшат «Кировецтің» кабинасынан төменде тұрған Димаш аға Қонаев пен обкомның сол кездегі бірінші хатшысы Андрей Бородинге қол бұлғап барады.

... Ия, өмір деген қас қаққанша. Өкінішті-ақ. Димаш аға қайтыс болған күндері Кәмшат Алматыда болатын.

– Мен Дінмұхамед Ахметұлының үйінде болып, әкемдей болып кеткен арыспен қоштасып қайттым, – дейді Дөненбаева. – Мен өзім білген және білетін, аралас-құралас болған басшылардың ішінен Қонаевты ерекше пір тұтамын. Парасатты, мәдениетті, таза, жан-дүниесі бай адам еді ғой. Мені көріп қалса болды өзі келіп жылы амандасып, хал-жағдайымды сұрап жатар еді. Ондай жағдайда мен ерекше қысылушы едім.

Уақыт өтіп жатса да Кәмшат сол сүйкімді қалыптан тайған жоқ. Жанары қандай десеңізші. Ағайын-туған, абысын-ажын, қайнаға-қайнымен қарым-қатынасының өзі бір өнеге.

– Менен әйел табиғатына жат мамандықты таңдағаныңызға өкінбейсіз бе? – деп жиі сұрайды. – Ал әйелге лайық мамандық дегеніміздің өзі не? Ойлаңызшы, сауыншылық әйелге лайық кәсіп пе? Бұл барып тұрған ауыр жұмыс қой. Мен депутаттық міндетпен талай бастықтардың есігін тоздырған адаммын. Сонда мен қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыздар еңбегіне қайран қалатынмын: ертеңнен кешке дейін тарсылдатады да жатады. Сондайда мен «бұдан да тракторшылығым дұрыс-ау» деген қорытындыға келетінмін. Таза ауа, кең дала, өзіңмен өзің...

Мен тағдырыма ризамын, берекелі отбасы бар. Марқұм Темірбек те өз басына түскен ерекше сынға сыр берген жоқ. Бір үйдегі бір әйел бірде Москвада, бірде Алматыда, бірде тіпті шетелде жүрсе, үйдегі бүкіл тіршілік салмағы еркекке түссе, – бұған не дер едіңіз? – деген еді еңбек ардагері сол бір кездерде.

Кезінде Кәмшаттың үйіне шетелдік машиналар мінген пысықай жігіттер мен қыздар көп келетін еді. Олар Кәмшат Байғазықызының наградаларын қанша болса да ақша аямай сатып алғысы келетін. Алғашында сыпайы шығарып салатын ол, кейін қатты кететін болды:

– Олар тек награда ғана емес, ол менің өмірім ғой. Ал өмірді сатуға бола ма? – дейді екен.

Сол өмірді өкінбейтіндей елге пайдалы еңбекпен өткізген қайраткер қыздың өмірі ұзақ, көңілі көктем болғай! Туған жердің алуан гүлін армансыз тере бергей!

ӘСИЯНЫҢ ӘСЕМ ӘЛЕМІ

Аймақаралық айтыстан туған ой-толғам


Халқымыздың ғажайып өнері – айтыс. Оны Қостанай жұртшылығы да сағынып қалыпты. Сол күні сағат таңғы 10-нан кешкі 5-ке дейін зал толы халық селт етпеді.

Аймақаралық айтыста Қостанай өңірінің өткені мен бүгінгісі жырмен өрнектелді. Айтыс ақындары бар болғаны жиырма тоғыз жыл ғұмыр кешіп, бір өзі бір академияның жүгін арқалаған ұлы Шоқанды, осы күндері өздерінің мерейтойларын атап өтіп жатқан Әсия ақын мен Серікбай серіні асқақтатты.

Айтыста алдымен осынау атадан балаға мирас болып келе жатқан өміршең өнерге енді ғана ден қойған жас жеткіншектер жыр төксе, түстен кейін есімдері бүкіл елге танылған нағыз дүлдүлдер сахна төрін дүбірге бөледі.

Айтысқа Кенжебек, Ақылбек сияқты «бектер», Қуанышбай, Серікбай сынды «байлар», Римма, Ғұмар, Сәлім секілді есімдері «мәлімдер» қазылық етті.

Бас тұтқаны Кенжебек Үкіұлы ұстады. Есімін ел білетін, талай жылдар ел басқарған тұлға өнердің де өз адамы. Бір реті келген сәтте қазылар алқасының мүшелеріне Кенжекең әйгілі Біржан-Сара айтысын жатқа оқи жөнелді. Біресе Біржан болып төгіліп, біресе Сара болып серпілді. Мүдіру жоқ, уақыт атты құдірет қыспаса, айтысты түгел төгіп тастауға бар. Ал осы ағамыздың ғажап домбырашы екенін де жанындағы іні-қарындастары жақсы біледі. Реті келгенде әңгіме, хикая жазып тастайтыны және бар. Бір сөзбен айтқанда, бірдеңені білеміз-ау деп жүрген біздердің оның алдында жіп есуге жарамай қалатынымыз да анық.

Мұның бәрін неге тәптіштеп отырмын. Өйткені айтыс сияқты арқалы өнерді бағалау, нөсерлетіп, селдетіп сөз маржанын төгіп-төгіп тастайтын, мінездері де өнерлеріне сай найзағайдай сатыр-сұтыр айтыс ақындарының жетістіктері мен кемшіліктерін көре білу, ең бастысы әр ақынның аузын бағып, әр ұтымды тіркес, әр тауып айтылған сөзге дуылдатып қол соғып отырған көрермен көңілінен шығу қиынның қиыны. Бұл жерде белінен басып, биге шығарып жіберу саясаты жүрмейді. Өнерді безбенге салып, немесе метрлеп те өлшей алмайсың. Ең басты өлшем – ішкі түйсік, білім– біліктілік және өнерге деген шынайы жанашырлық.

Сол әділ қазылардың бірі болғандықтан айтайын, Кенжекең бастаған сарапшылар шамадан келгенше сол биік талап пен талғам үдесінен шықты да. Қазылар ұйғарымын патша көңіл көрермен де қолдап, қол соғып жатты.

Бұл айтыстың біз үшін ең басты жетістігі – жаңа есімнің жарқ етіп көрінуі. Ол – Салтанат Өтелбаева. Кезінде Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектепте оқып жүргенде-ақ Әсия апасы сияқты ақын болуды армандаған бүлдіршін бұған дейін де талай додаларға қатысқан, жүлде де алған. Бүгіндер Арқалықта қызмет істейтін қарындасымыз бұл жолғы мәртебелі сайыста ерекше жарқырады. Сахнада өзін ұстауы, сөз мәнері, домбыра өрнегі үйлесім тапты. Оның қарсыласы Жітіқара қаласының атынан дүбірге қосылған Мешіт Ғазиз де тегін емес-ті. Осының алдында ғана Жітіқарада өткен сайыста бас жүлдені шаппай алған ақын. Бірақ Салтанат оны селт еткізбеді. Түйдек-түйдек ой, қарсыласын қақ маңдайдан соққандай сойқан сөз, соның бәрі әдемі әзіл, назды қылықпен астасып, Мешіт бауырымызды қара терге малшытты. Мешіт те біраз жерге дейін жорға желістен таймай барып еді, бірақ Салтанат сұлу сойқанды енді шығарды. Зал сатұр-сұтыр қол соқты, Салтанат сахнада от ойнатып, найзағай жарқылдатты. Ақырында қазылар алқасындағы жеті аға-апаларының бәрі де Әсияның өнердегі ізбасары, шәкірті Салтанатқа ең жоғары ұпай онды көтерді. Сөйтіп айтыс әлемінің әдемі бір аққуы өнердің айдынында суырылып шықты.

Осы өнер додасында ашылған тағы бір есім бар. Ол – Қарагөз Ерсұлтанова, Меңдіқара ауданының ақыны. Ол аманкелділік Ізтелеу Мамаймен айтысып, жеңіске жетті. Қарагөздің сөз саптау мәнері, домбыра қағысы, қарсыласының әр сөзін қағып алып, ұтымды жауап беруі болашағынан мол үміт күтуге болатындығын көрсетті.

Салтанат пен Қарагөз Әсия сияқты даңқты апаларының нағыз ізбасарлары, айтыс атты нағыз халықтық өнердің қас жүйріктері болғалы тұрған таланттар. Тек оларды үлкенді-кішілі сайыстарға салып, қанатын қатайтып, қиялын ұштап, қамқорлыққа бөлеуіміз керек-ақ.

Осы арада мына бір жайды да айта кетуге тура келеді. Осы екі қызымыз да кезінде мектеп оқушылары арасында өткізілетін дәстүрлі «Жас тұлпар» ақындар айтысына қатысып, көпшілікке сол арқылы танылған еді. Олар сонда шынықты, сонда сөз қадірін, сахна сиқырын ұқты.

Кезінде мектеп оқушылары айтысына қарсы болып, осыдан не шығады деп кері тартқан жандардың болғаны да жасырын емес. Енді міне, жылдар өте келе осы игілікті іс өз нәтижесін бере бастады.

Оны айтасыз, осы айтысқа домбырасы өзінен үлкен Бақыт Жайсаңбеков деген кіп-кішкене қара бала да қатысты. Ақындарды жұптай келгенде сол Бақытпен айтысқа түсуден қашқақтағандар да болды. Қаршадай баладан жеңіліп қалсам, масқара болармын дегендері шығар. Алайда Бақытымыз рудныйлық Ғалымгерей Кенжеғаринмен айтысып, әкесіндей азаматты талай тығырыққа тіреді.

Бала ақынның сахнадағы отырысының өзі ғажап, аңға түсер бала бүркіттей қомданады, көз жанарын қарсыласынан айырмайды, әрбір сөзін қалт жібермейді. Сөзі де өткір, балаңдық жоқ, кесек-кесек төгеді. Айтыста үшінші орынды Ғалымгерей алғанмен өнер жолын енді ғана бастаған Бақыт баламыздың да табысы олқы емес. Ол Әсия мен Әлпия, Абаш пен Лена, Қанша мен Бүркіт сияқты айтыстың нағыз аққулары мен сұңқарлары шыққан сахнаны басты, солардың жүзін көрді, өнерінен үлгі алды. Ал бір мүшел ғана жасы бар бала үшін бұл аз олжа ма?

Осы Бақыт та «Жас тұлпар» ашқан есім. «Жас тұлпарда» өнер жолын бастаған тағы бір жас осы жолы сахнада терме төгілтті. Есімі – Қыдырбек Қиысқан. Кезінде ол да оқушылар айтысына қатысқан. Әсия апасымен бірге талай алыс жолдарға шығып, Қостанайдан тысқары өңірлерде өнер көрсеткен. Поездың купесінде бірге келе жатып, Әсия ақынның ақылын тыңдаған. Үйге деп алып келе жатқан жеміс-жүзімін түнде ұйқыдан ояна сала соғып алған да осы Қыдырбек бала. Енді ол оң-солын таныған, үйленген, қызмет істейтін соқталдай азамат. Қыдырбек терме төгілтті сахнадан. Ғажап! Не деген дауыс! Бір орнында отыра алмай, екі иығын жұлып жеп, безілдетіп әкетіп барады. Оның бірте-бірте аспанға әуелеген әуені бүклі зал толы халықты зәулім көкке самғатып бара жатқандай...

– Осы Қыдырбек оқушылар айтысына қатысқанда кіп-кішкене , қағылез бала еді. Сыйлыққа велосипед беріп едік, – дейді «Жас тұлпар» айтысына үнемі қазылық жасап жүрген жазушы ағасы Ғұмар Ахметчин, – сонда айтып едім, осы бала түбі осы велосипедпен өнердің талай өріне шығады деп, айтқаным келді...

Бұдан шығар қорытынды не, жас талаптарды танып, бағалап, бағасын беріп, қанаттандырып жіберсең – өрелі өнер дамиды.

Сол «Жас тұлпарды» ойлап тауып, бас-көз болып, қандай қиыншылық болса да жыл сайын жас ақындар айтысын ұйымдастыруды ұмытпаған апалары Римма Ғайсинова да өз еңбегінің жемісін көріп, толқып отырды. Өткен ғасырдың аяғында айтыс өнерін дамытуға өлшеусіз үлес қосқандардың бірі – Қазақстанның халық ақыны, ел мақтанышы, айдын-жырдың аққуы Әсия Беркенова. Сол Әсияның мерейтойымен тұспа-тұс келген және осы аяулы қарындастың өзіне де арналған жыр жарысына оның өнердегі қанаттас серіктері Шығыс Қазақстаннан Абаш Кәкенов, Астанадан Лена Әбдіхалықова, Алматыдан Қанша Райысова сияқты қас шеберлер келді. Келді де думанды қыздырды. Олармен додаға түскен өзіміздің Әлпия Орманшина, Нұртай Қонайұлы, Мұқан Нұртазин сияқты айтыскерлер де айылын жимады. Нағыз айтыс осылай болса керек-ті.

Ал Әсиямен аманкелділік Бүркіт Бекетов қақтығысы да ғажап. Әсия да төгілтті-ау шіркін. Өзін алақанға салған, аялаған елін жырлады. Жемісін терген жерін, желкілдеп өскен жас өскін іні-сіңілілерін жырға қосты. Кең көсілді, кесек-кесек ой түйді, ойға жетеледі. Бүркітіміз де бүркіттен гөрі сұңқарға ұқсас саңлақ екен. От ауызды, орақ тілді, бет қаратпай безілдеткен Әсиядан ығатын түрі жоқ. Бірақ текті жерден шыққан түлек даңқты айтыскер алдында әдептен озбай өзінің Әсиямен айтысқа емес, айтыс атты өнерді қолдауға келгенін өрнекті тілмен ойға салып отырды.

Сөйтіп айтыс аяқталды. Халық сусындады, сілкінді, серпілді.

Енді бірер сөз Әсия ақынның мәрттігі, нағыз ақындарға сай ақ көңіл, бекзаттығы туралы. Әсия Әйіпқызы бірінші орын алды. Оған ұйымдастырушылар арнайы дипломмен бірге сыйлық ретінде қомақты қаржы ұсынды. Сол сыйлық ақшасын Халық ақыны осы айтысты таңертеңнен тамашалап отырған, өзі де кезінде басқа облыста талай додалы жыр сайысына түскен, бүгіндер дәм жазып Қостанайда тұрып жатқан, жасы келген, тұрмыста тығырыққа тірелген ақын Зора Жапан апасының алақанына салып, өзін құшағына қысты. Және мұнысын жалпақ жұрттың көзінше емес, айтыс аяқталған соң кейуананы зал ішінен тауып алып, үн-түнсіз, дабырасыз істеді. Халқы төбесіне көтерген ақын қыздың бұл да бір сол халық тәрбиесінен алған қасиеті шығар. Соны айту үшін әдейі жазып отырмын.

Халық тәрбиесі дегеннен шығады. Бұдан бірер жыл бұрын айтыстағы ұстазы іспеттес талдықорғандық ақын Қанша Райысованың жолдасы қайтыс болып, бес баламен қайғы жұтып, аһ ұрып қалғанда алыстағы Талдықорғанға әдейі көңіл айту үшін осы Әсия жеткен аңырап. Қаралы жанның қайғысына ортақтасып, басу айтып, бауырына қысып еді. Енді сол Қанша Әсияның тойы өтеді дегенді естіп, үйдегі кішкене немерелеріне де бұрылмай құстай ұшып Қостанайға жетіп отыр.

Құрметті оқырман! Осы айтыс барысында Астанадан қайғылы хабар жетті. Әсия апасының тойына жиналып, енді аттанғалы тұрған әй-әй ақын Қонысбай Әбілдің отабсы орны толмас қайғыға ұшырапты. Бой жетіп, өз шаңырағын құрған аяулы қызы қайғылы қазаға ұшырап, ата-анасы, отбасы зар еңіреп қалыпты. Соны естіген Әсия да, басқа да ақындар мұңға батты. Қайран, Қоныспай, қайғыңа қостанайлық ағайын да ортақ. Астанаға, Қонысбайдың отбасына көңіл айтуға асықты. Бұл да болса сол халықтық тәрбие, кешегі халық ақындарынан қалған үрдіс шығар.

Осындайда әйгілі «Базар-Назар» әнінің авторы, халық ақыны Кенен Әзірбаевтың қос ұлы бір күнде қаза тауып, көкірегі қақ айырылып отырғанда, төскейде малы, төсекте басы қосылған, еншісі бөлінбеген екі елдің бірі Қырғыздың шоң ақыны Османқұлдың Кенен ақынға көңіл айтқан жыры еске түседі:

«Қамықпағын, Кенекем!

Ұраның сенің Кебекең.

Ноғайбайды алмап па ед!

Жалмайтын бәрін жер екен.

Дүниеге әркім келіпті,

Тәңірдің өзі көріпті.

Дәуіт деген пайғамбар,

Аллаға қолын жайғандар.

Бір намаздың үстінде,

Отыз ұлы өліпті.

«Берген де, Құдай, өзің» деп,

«Алған да, Құдай, өзің» деп,

Олар да сабыр қылыпты.

Сынамаққа тәңірім,

Жәбірейілді жіберіп,

Бір жыл сынап көріпті.

Жас шықпапты қос көзден,

Таймаған соң бір сөзден.

Отыз ұлға татитын,

Жалғыз ұлды беріпті.

Судың да тілін біліпті,

Құстың да тілін біліпті.

Шайтан менен періге,

Тамашалап мініпті,

Қамықпағын, Кенекем!

Осындай істер болыпты».

Қайран, қасиетіңнен айналайын, абыздар. Сөз құдіретін сендерден артық кім білер? Жөн-жобаны сендерден артық кім сақтар? Шүкір, сол өнеге үлгі болған Әсия сияқты ақын ұрпақтарың бар, пәтуалы сөзге ден қоятын, орынды сөзге тоқтайтын, сөзді ұлы өнер деп түсінген ұл-қыздарың бар. Және ол аз да емес. Көңілді жырмен көтеріп, қайғыны жырмен сейілткен қайран елім-ай десейші.

Әсия ақынынң әдемі әлемі де соны дәлелдейді.

Сөз соңында айтарымыз жалпы осы өнер мерекесін өткізуде облыстық мәдениет департаменті, оның басшысы Әбдібек Божақов, Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармония ұжымы, зал толы халықты селт еткізбей ұйытып, әдемі әзілмен серпілтіп отырған айтысты жүргізуші ақын Нағашыбай Мұқатов ерекше еңбек етті.
***

Енді мен Әсия ақынның табан астында шығарған бір әзіл өлеңінің тарихын баяндайын.

Республикалық күнделік басылым «Айқын» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі, қабілетті қаламгер ініміз Тұрсынмәмет Нүсіпханұлы Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркеновадан сұхбат алмақ болып, редакцияға шақырады ғой. Келіскен уақытта келген ақын апасын журналист қай бөлмеге апарып, әңгімелесетінін білмей ыңғайсызданып тұр екен.

– Әсия ақынға кез келген бөлме ашық қой, – деп өз кабинетіме жайғастырдым.

Журналист пен айтыс дүлдүлінің әңгімелеріне кедергі келтірмейін деп сыртқа шығып кеттім. Араға уақыт салып келсем, Әсия әңгімесін аяқтап, шыққалы жатыр екен. Күн ыстық. Бөлме іші де қапырық. Сәл де болса жел соқсын деп кабинет есігін ашып қоятынмын және есік жабылып қалмасын деп көсік пен есік арасына мұқабасы қалыңдау бір кітапты қыстырып қоятын әдетім де бар еді. Есіктен шығып бара жатқан Әсия ақын:

– Ау, Сәке, мынау қай кітап? – деп сұрады соны көріп.,

– Сөздік, – дедім. Шынында да «Словарь для пропагандиста и агитатора» деген көненің көзіндей ескіден қалған бір жәдігер еді. Соны естіген ақын қарындасым:

«Ақындардан дәйім жұртым сөз күткен,

Жан емеспін, кемшілікке көз тіккен.

Орынбасар Сәкең отыр орнында,

Есіктерін тіреп қойып «Сөздікпен», – деп шығып жүре берді.

Табан астында төгіп салған Әсияның сөзіне қайран қалдым және қандай да болмасын кітапты қастерлемеген оғаш қылығыма қатты қысылдым.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет