Шерлілер сөзін сағЫНҒан шернияз ақЫН



Дата28.12.2022
өлшемі18,27 Kb.
#164766
Байланысты:
ШЕРЛІЛЕР СӨЗІН САҒЫНҒАН - ШЕРНИЯЗ АҚЫН


Бахтиярова Сара
Филология ғылымдарының
кандидаты, доцент
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті


ШЕРЛІЛЕР СӨЗІН САҒЫНҒАН - ШЕРНИЯЗ АҚЫН
ХІХ ғасыр әдебиетінде ұлттық әдебиеттің өзіндік ерекшелігін танытатын ақын-жыраулар поэзиясы кеңінен қанат жайды. Қазақ ақын-жыраулары қазақ поэзиясын тақырыптық, мазмұндық, жанрлық, көркемдiк, образдылық, өлең құрылысы жағынан байытып өркендеттi. Жыраулар поэзиясы философиялық ой толғамды, дидактикалық насихатты жалғастыра отырып, отаншылдық, патриоттық сарынды лириканы реалистік суреттеудiң алғашқы белгiлерiн, әдебиетке халықтық сипат, ұлттық рух әкелдi. Сөз өнерiнің халық тарихы мен өмiрiне тығыз байланыстылығын ел мұңын жырлау идеясын кiргiздi. Шындығында, ХVIII ғасырдың соңғы ширегі мен ХІХ ғасырдың алғашқы жартысы қазақтың патша өкiметiне бодандығын мойындап қана қоймай, оған отар болуға душар болған тәуелсiздiк үшін күрестiң жаңа кезеңiн бастан кешкен дәуір болатын-ды. Қазақ халқы, оның елi үшiн еңіреп туған ерлерi патша қысымына бой ұрып, құлшылық етіп, оған теп-тегiн бас ие берген жоқ. Олар өздерінің шама-шарқынша қарсылық көрсетіп, отаршыл басқыншыларға тойтарыс жасап жатты. Патшалық, аға сұлтандық өктемдiктерге жергілікті үстемдіктер озбырлығы қосылып, қалың ел еңбекшi бұқараның қасiретi молайып жатқан бұл кез поэзиямызда өзiнiң реалистік сипатын тапты. Шыдамы таусылып, басқа амалы қалмаған шаруа қара халықтың қолына қару алып, озбыр топқа қарсы көтерiлуi үлкен оптимистікпен жырланды [1, 85]. Зұлымдыққа, әдiлетсiздiкке қарсы батыл күрес идеяларын қолдай отырып, «Ереуіл атқа ер салуға» шақырды. Осылайша қазақ поэзиясында жаңа бір өршiл сарын пайда болды. Көтерiлiске аттанған халықтың қаһарлы күшi мен айбынды алып бейнелерiн танытар жаңа пафосты ерлiк идеялары күресшiл, төнкерiсшiл поэзия бой көрсетті. Қазақтың төңкерісшіл поэзиясы жыраулық дәстүрлерден бастау алған шығармашылық кұрылыс деуге толық негiзiмiз бар. Қазақ ақын-жыраулары қазақ халқының ұлттық психологиясын адамгершілік, имандылық сапаларымен қаруландырып, намысты, жiгерлi ел қалпында болуды көздеп, бұқарашыл идеяларын нығайтты. Ақындар бұрынғыша ру атынан сөйлесе де, дара ақын ретiнде жыраулық дәстүр мен жыраулар эстетикасын негiз еткен, бiрақ эсхатологиялық (ақырзамандық) сарыны басым кемел стильдiк ағымды құрады. Әсіресе, Дулат Бабатайұлы, Шәңгерей Бөкейұлы, Шернияз Жарылғасұлы үйреншiктi поэтикалық дәстүр аясында қалып қоймай, авторлық, даралық белгiсiн танытты, яғни сөз арқылы образ жасауға қол жеткiздi. Би төрелер мен сұлтандардың, дiн иелерiнің екiжүздiлiгiн, намыссыздығын, аярлығын аямай ажуалап, халық алдында әшкере етті. XIX ғасырдың өлең өлкесiнде өзiндiк қолтаңбасымен ерекшеленетiн халық поэзиясы дәстүрiн заманы ұсынған жаңа талаптарға сай түрлентiп, импровизаторлық өнердi өркендеткен. халық шерiн толғаған Шернияз Жарылғасұлының да әдебиетiмiздегi орны қанша уакыт өтсе де тұғырлы болмақ.
Ақын Ы.Шөреков: "Қазақтың ақындары" атты өлеңiнде: Майлыкете Шернияз,
Шерлiлер сөзiн сағынған
Секерден шырын сөзi бар
Тыңдағанға жағынған.-
деп Шернияздың өнердегi, өмiрдегi орнына зор баға береді.
Профессор Х.Суйiншәлиев: «Шернияз - заманы атқан мiндеттi атқаруы жолында құлшына қызмет еткен жалынды ақын. Ол өз басынан талай ауыртпалықты өткiзiп, озбырлар өктемдiгiн, халық азабын көрiп шерлене түсті. Ханға қарсы қажырлы күрес үстiнде шынығып, ақындық жолға шықты» деп бекер айтпаса керек. 12.508/
Шернияз поэзиясының рухы - ерлiк. Ол Исатай-Махамбет көтерiлiсiне қатысып, таптық шайқастың табанды жауынгерлерiнiң бiрi болды. Шернияз шашақты найза өңгерген, еркiндiк үшiн алысқан батырлар бейнесiн Исатай образы арқылы сомдады.
Ақынның Исатай туралы жырлары өр ұранға толы. Бiрде,
Сағынам, аузыма алсам Исатайды.
Ер тумас ел бағына ондай жайлы
Қарадан халқы сүйiп «ханым» деген.
Жiгiт ед төрт тұрманы түгел сайлы, -
деп толғаса,
Исатай- ел еркесі, ел серкесі,
Бiр мен емес, алашқа жайылым еді
Елге алғау, маған алғау ер Исатай,
Айырылып шерiн содан қайғылы едi, - дей отырып, өзiнiң қайғы-мұңға түсуiнiң басы Исатайдай ел қамқорынан қапыда көз жазып қалудан деп сезiнедi.
Шернияздың шерi - халықтың шерi. Алаштың жоғын жоқтап, кегiн кектеген ел қамқоры болған Исатайдан елдің алтын сапты қылышы, арқа сүйер тынысынан айрылу» ел үшiн де ауыр қайғы. Исатай өлiмiне себепкер болған Баймағамбетке ел атынан қарғыс, лагнет айтады. Көтерiлiс жеңіліс тапқаннан кейiнгi халық басына түскен ауыр халдi, келешегi бұлыңғыр, күңгiрт күндерді былайша жырлайды:
Бытшыт болып бүлiнген қазақ жұрты
Заманға ұшырадық «бұл күн» деген
Tөpe кeтiп, төбеде төбет қалып
Туып тұр ел басына «бұл күн» деген.
Шернияз Исатайдың ерлiк тұлғасын басына қандай ауыртпалық iс туссе де, өз өмiрi қыл үстiнде тұрғанда да барынша асқақ, мiнсiз қалыпта жырлайды. Көтеріліс көсемі Исатайдың образын жасау үстiнде өзiнiң де шығармашылық келбетін көтерілістің рухымен айқындайды. Профессор Қажым Жұмалиев: «Махамбет өлеңдерiнде қамшының өзегiндей тартылып жатқан идея - қамаушы тап өкiлдерiне қарсы өзiнiң және халықтың өшпенділігін, олармен еш уақытта келiсiмге келмейтiндiгiн жерiне жеткізе жырлаушылық. Сол дәуірде алсақ, бұл мәселеге бұл шығыс елiнде Махамбетке ешкiм таласа алмайды» деген пiкiрiмен санассақ, осы көтерiлiске айрықша қатысы бар ақын Шернияз туралы ойымызды былайша дәйектегiмiз келедi. Шернияз да Махамбетше бет-жүзіне қарамай, бек төрелердi, сұлтандарды өлеңменен сойып салады. Оларды ел алдында масқара ажуалады. Оған оның батылдығы да жүректiлiгi де жетті. Дегенмен, Махамбет секiлдi еш уақытта олармен келiсiмге келмей тұра алмады. Осы тұста Ж.Тілеповтiң: «Шернияздың Баймағамбетке келуi қазақ жағдайында сыйымсыз емес. Ондай жағдай талантты ақындар басына жиi түсiп отырған. Жанақтың Рүстемге келуi, Орынбайдың Ерден батырға келуi, Сүйінбайдың Тезек төреге, Шөженiң Бәйтiкке келуi бәрi сабақтас тағдырдың азабынан кезiндегi ақындар жағдайының ауыртпалығынан туған ащы шындық» [4, 514] екенiн ескеруiмiз керек. Бәрінен де бұрыш төбесiнен қылыш төнiп тұрған кезде тiлi күрмелмей, өзiн ажал көпірінен алып шыққан суырып салма ақындыгы астарлы мысқылга (иронияга) жүйрiктiгi оның өзi тұрғыластарынан ерекшелемей қоймайтын қасиеті еді. Бұрынғы зерттеулерде Шерниязды ұсақ байшылдық көзкарасты дәрiптеген ақын деген пікірлер де болды. Қашан да ақын өз қайғысын күйзелiспен жырласа да, оның үнi, мүддесі халық тағдырымен астарласып жатады.
Байеке, күнiм қайда баяғыдай
Байлардың шетке шықтым саяғындай.
Басыма пәле жауып тұр осы күнде.
Құдіреттің көктен түскен таяғындай
деген жолдардағы ақынның «басыма пале жауып тұр осы күнде» деп тұспалдауы отаршылдықтың қамытын кие бастаган халқының да азапты күндерін меңзеуі. Қазақ қауымының бұрынғы дәуірінде мамыражай тыныштықпен өмiр сүргенiн жырлай отырып, отаршылдардың қанды шеңберіне шырмалып, бар байлығынан, жерiнен айрыла бастағанына налиды.
Ар жақта дүмбірлеген Арғынғазы
Жайлаған Арғын, Найман, Өтенсазы.
Ен қоныс, тоқты қоздап, май құлындап
Бiрi мың боп, ел лыкып қысы-жазы.
ол жаздың дәулетiнде сұңқылдаған
Бейбақ ем, танымайсың танытайын
Мен едiм Исатайдың Шерниязы ...


Кешегі Исатайдың дәулетiнде iшiп-жеп, ең дәулетті байша тұрдық...

Қазақтың қара жұртын быт-шыт қылған Төре емессің, төбетсiң дым бiлмеген...

Ақ қайың ақтылы қой өрiстi алып,
Тырнадай біткен жылқы тарлан боздан

Шерiңнiң шертіп, тұрған заманы жок,
Дамбалдың иесiмен жалғыз тозған ...
Аса бiр қорлық көрмесе
Қонысын кiсi қияр ма-ай?
Ел басына түскен қайғының қаншалықты ауыр болғанын осы жолдарынан қапысыз тануға болады. Бұрынғы атамекенінен сыртқы жаулардың қысымымен ел ауғанын, бақытты тұрмыс кешкен қоныстың қайырсыз, құтсыз мекенге айналғанына күйiнедi.
Осындай тығырыққа тірелген шағында ақын атам заманда елдi сыртқы жауға бермей қалқа болып, қайрат көрсеткен батырларды аңсайды.
Батыр өткен шабынған.
Жүйрiк өткен шабылған.
Не жайсаңдар өтпеген
Озған жүйрiк табынан.
Неше шешен ақындар.
Жау жүректi батырлар
Жас басынан қағынған
Шалқыған заман бар еді,
Іздегенiн табылған - деп /5, 242/ толғайды.
Олардың батырлық iсiн жас ұрпаққа өнеге етiп ұсынды.Шернияздың идеясы да, арман мүддесi де туған жер, атамекендi қорғау. Шалқыған қолайлы қонысты мекендеген халқының басынан өткерген бақытты, рахатты өмipiнe сүйсiне қарайды. Сондай-ақ «жер үлкейiп, шөп көркейiп, тумаған ту мал балалап, ат ырандап, ер таңдап, балалар от басында пышаңдаган» бақытты, тыныш күндерiнiң келешегін тұмшаланып бара жатқанына күйзеледi. Шерлi халық та Шерниязын сағынудан басқа шара қалмап едi.
Қорыта келгенде, Шернияз шығармасындағы ең басты сарын ерлiкке, батырлыққа шақыру, дұшпаннан шегінбеуге жiгерлендіру. Шернияз халықтың шерiн толғаған, үстемдік еткен би-төрелердiң жағымсыз мiнез-құлқын, қиянатшыл әрекетін ащы мысқылмен әшкерелеген суырып салма сөз зергері.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1. С.Мұқанов. Қазақтың ХYII-XIX ғасырдағы әдебиеті тарихынан
очерктер. А., 1942. 85-86 66.
2.Қ.Жұмалиев. ХҮIII-XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті. А., 1967, 99 б
3 Х.Сүйіншәлиев. Қазақ әдебиетінің тарихы. А.: Санат, 1997, 513-514 б.
4. Бес ғасыр жырлайды, А.: Жазушы, 1989.
5. Ж.Тілепов. Тарих және әдебиет. А. Ғылым, 2001, 218-221 бб.
6.С Қазыбайұлы. ХҮ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті - Ақтөбе, 2004.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет