XIX ғасырдың соңғы ширегінде Тигр және Евфрат (Қос өзен) өзендерінің бойында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде ежелгі ескі қалалардың орны ашылып, әлемге «Шумер өркениеті» деген жаңа мәдениет белгілі болды.
Шумер өркениеті пайда болғанға дейін Месопотамияның сол аймағын басқа халықтар мекендеген. Осылайша, неолит дәуіріне жататын қалдықтар табылды, мысалы Джармо мәдениеті, кейінірек Эль-Обейд қалдығы сияқты. Эль-Обейдтен кейін (б.з.д. 5000 - б.з.д. 4000 жж.) Урук кезеңінің басталғанын білдіретін бірқатар ілгерілеулер пайда болды, оны көптеген тарихшылар шумерлер өркениетінің бастауы ретінде белгілейді.
В.В. Струве, В.И. Авуев, В.А. Тураев, Б.И. Грозный сияқты аса көрнекті шығыстанушы ғалымдардың пікірінше, шумерлер бүкіл Вавилон мәдениетінің негізін қалаушылар болып саналады. Ал шумерліктердің өздері, олардың ата-бабаларын Қос өзен өңіріне сонау таудың ар жағынан, солтүстіктен, яғни солтүстік-шығыстан келген.
Шумер-түркі тілінің байланыстары туралы 1947 жылдан бастап талмай зерттеу жүргізген түрік ғалымы Осман Недим Тун еді. Өз зерттеулерінің нәтижесімен халықаралық конгресстерде баяндама жасап, көптеген мамандардың кеңесіне жүгініп, тек 1990 жылдан кейін ғана шумер-түркі тілінің байланыстарына арқа сүйей отырып түркі тілінің жасын анықтауға арналған еңбегін жарыққа шығарды.
Шумер атауының шығу тегіне көп көңіл аударғандардың бірі Олжас Сүлейменов. Ол өзіне дейінгілердің талдауындағы кеткен олқылықтарды келтіре отырып, шумерлер жазуындағы таңбаларды терең талдауға алған. «Қосөзендегі батпақты сулы, нулы ел – Суб-йер» дей келе, «Таңба мен атаудың түркілерден шыққандығының ең нанымды дәлелі – түркілер иероглиф пен таңбаның шын мағынасын білді, сондықтан олар Суб-йер тіркесімен байланысты қияли аңыз шығармады. Демек тіркес құпия сырға толы әлдене болып көрінбейді» [6. 246] дегенді алға тартты. Сонымен Олжас Сүлейменов Шумер атауын «Су-жер» сулы жер атауынан таратады.