Сөз құрамына қарай екіге бөлінеді:
1) дара сөз;
2) күрделі сөз.
Дара сөз негізгі және туынды тұлғадағы бір ғана сөзден тұрады. Мысалы: киім, киімшең, еңбек, еңбекқор, қызмет, қызметкер, адам, адамшылық, т.б.
Күрделі сөз екі немесе одан да көп түбірден құралады. Мысалы, ата-ана, алқаракөк, жиырма жеті, Ақшатау, түрегел, күздігүні, т.б.
Күрделі сөздер жасалу жолына қарай төрт түрлі болады: біріккен сөздер, қос сөздер, қысқарған сөздер, тіркесті сөздер.
Біріккен сөздер екі не одан да көп түбірден бірігіп, тұтас бір ұғымды білдіреді. Мысалы: көкжиек, ешқашан, қонақжай, Жетіқарақшы, сексен, Екібастұз, қыстыгүні, т.б.
Біріккен сөз екі түрлі болады:
1) кіріккен сөздер;
2) біріккен сөздер.
Кіріккен сөз – сыңарлары дыбыстық өзгеріске түсіп, біртұтас лексикалық мағына беретін сөздер. Мысалы, қол+қап = қолғап, ендігіден+әрі = ендігәрі, сегіз+он = сексен, бұл+жыл = биыл, алып+бар = апар, тұрып+кел = түрегел, ащы+тас = ашудас, жаздың+күні = жаздыгүні, Орнын+басар = Орынбасар, Өмірі+ұзақ = Өмірзақ, солай+етіп = сөйтіп, т.б.
Түбір тұлғасы дыбыстық өзгеріске ұшыраған біріккен сөздер дәстүр бойынша бірге жазылады: күздігүні, қолғанат, бүгін, қонақасы, т.б.
Біріккен сөз – сыңарлары дыбыстық құрамын сақтай отырып, бір мағынаға ие болатын сөздер. Мысалы: аққұтан, Темірқазық, киікоты, ханталапай, т.б. Біріккен сөздер әрқашан бірге жазылады: кәсіпорын, ақкөгершін, бұзаубас, т.б.