Табиғаттағы су айналымы
Табиғаттағы су айналымы — жер шарындағы судың күн қуаты мен салмақ күшінің әсерінен үздіксіз тұйық айналу процесі. Су жер шарындағы мұхиттар мен құрлықтардың бетінен буланады. Су булары ауа ағындарымен жоғары көтеріледі де, қоюланып тамшыға айналады. атмосфералық жауын-шашын түрінде мұхитқа қайта оралса, бұл құбылыс - кіші немесе мұхиттық айналым болады. Мұхит пен атмосфераға қоса құрлықты қамтитын су айналымы - үлкен немесе дүниежүзілік су айналымы деп аталады. Дүниежүзілік су айналымына қатысып, құрлыққа жауған судың біразы өзендер арқылы (жер бетінгі ағын) мұхиттарға қайтадан ағып барады. Қалған бөлігі топыраққа сіңіп, нәтижесінде топырақтағы суды өсімдіктер сіңіріп, қайта буландырады. Ал одан қалған су бөлігі топыраққа тереңірек сіңіп, сулы қабатпен (жерасты ағын) қайта мұхитқа оралады. Құрлықтан мұхитқа қосыла алмайтын су көздері де бар. Оларды ішкі "ағынды" немесе "ағынсыз" сулар деп атайды. Бұл аумаққа түскен жауын-шашын толық буланып кетеді. Атмосферадағы судың (ылғал) 87%-ға жуығы дүниежүзілік мұхит суынан булануға ұшырайды. Жергілікті немесе құрлық ішіндегі су айналымы да болады. Құрлықтан буланған су (ылғал, газды күй) мұхитқа жетпей тұрып, бірнеше рет жауын күйінде жауып, осылай құрлық ішінде де кіші су (ылғал) айналымы жүреді. Табиғаттағы су (ылғал) айналымы — күн энергиясы мен салмақ күші әсерінен туындай отырып, жер шарына тән ылғалдың (судың) толассыз қозғалысын камтамасыз ететін тұйықталған процесс: ауа ағындарымен аспанға көтерілген Әлемдік мұхит айдыны мен құрлық бетінен буланған ылғал (су) түйіршіктері конденсацияға ұшырайды да жауын-шашындар түрінде жер бетіне (Әлемдік мұхит және кұрлық бетіне) қайтадан оралып (жауып) отырады.
Су айналымына өсімдіктер де қатысады. Олар құрлыққа жауған жауынның (ылғалды) бойына сіңіріп, қайта буландырады. Алайда адамзат күн сайын ормандарды кесіп жатыр. Үлкен аумақтардағы ормандарды кесу өзендердің су ағынын арттырады. Олардың ағыны саға, саласынан асып, адамдарға және шаруашылыққа үлкен зардабын тигізеді. Көптеген су тасқыны нақ осындай мәселенің болуынан туындайды.
Су айналымының маңызы өте зор. Айналым жер бетінен шексіз көрінетін су қорымен қамтамасыз етеді. Жердегі судың жаңарып отыруына септігін тигізеді. Бірақ судың жаңаруына кететін уақыт ұзақ мерзімді талап етеді. Мысалы, жерасты суларының жаңаруына жүз мың, миллиондаған жылдар кетеді. Өзен сулары 11-14 тәулік, атмосфераның құрамындағы су 8-9 тәулік сайын жаңарып отырады.
Су - тіршілік көзі деп бекер айтылмаған. Себебі алғашқы тіршілік суда басталады. Жердегі ең көп таралған заттың бірі су. Мұхит, теңіз, көл, өзендерден басқа су барлық тірі ағзаның құрамында кездеседі. Мысалға адам ағзасындағы қанның немесе шырынның негізгі құрамы судан тұрады. Кәдімгі құрғақ өсімдік дәнінде де белгілі бір мөлшерде су болады. Кейбір теңіз жәндіктері, мысалыға медузаның 97-98% - ы судан тұрады. Судың құрамында еріген оттегі болғандықтан жануарлар және өсімдіктер тіршілік ете береді. Су көптеген жануарлар мен өсімдіктер үшін тіршілік ортасы болып саналады. Оның құрамындағы жануарлар мен өсімдіктерді құрлықтан кездестіре бермейміз. Судың жарық түсе бермейтін қабатында терең емес жерлерінде жануарлар мен өсімдіктердің көптеген түрі мекендейді. Мұхиттер мен теңіздердің терең қабаттарына - жарық түспегеннен қараңғы болып келеді. Ол жерлерде тек қана сондай тіршілік ортасына бейімделген жануарлар мекендейді, өсімдіктер мүлдем кездеспейді. Судағы еріген оттегімен су жануарлары желбезек арқылы тыныс алады.Қыста көлдер мен тоғандардың қатуы су жанураларына қиындық туғызады. Оттегінің жетіспеуі салдарынан жануарлардың жаппай қырылып қалуы мүмкін. Ондай жағдайда мұзды бірнеше жерден ойып, суды оттегімен байытып отыру керек. Көптеген жануарлар суда өмір сүруге бейімделген - жүзбе қанаттары, ескек тәрізді аяқтары және саусақтарының арасында жарғақтары болады. Мұхиттар мен теңіздердің тұзды суларында көптеген балдырлар кездеседі. Балдырдың кейбіреуі су бетінде қалқып жүрсе , енді біреулері су түбіне бекініп өседі. Балдырларды су жануарларының қорегі ретінде, кішігірім балықтар тұрақты мекені ретінде пайдаланады. Ең маңыздысы ауаны оттегімен байытып отырады.
Таяз болып келетін тұщы суларда қамыс, қоға сияқты өсімдіктер тамырымен су түбіне бекініп өседі. Олардың жоғарғы жағы су бетіне шығып, жайқалып, бір жерге жинақталып өседі. Бұл өсімдіктерде балық, көлбақа, инелік және т. б. жануарлардың қоректенетін және жауыннан корғанатын аймағы ретінде пайдаланады. Жағалаудан біраз қашықтықта су бетінде көрініп тұрған сары тұңғиықты және тұңғиықты көруге болады. Тұщы суларда бұлардан басқа көптеген балдырлардың түрлері, балықтар, шаян тәрізділер тіршілік етеді.
Адам өмірі үшін су тек қана ішу үшін емес, тамақ пісіруге, жуынып-шайынуға, әр түрлі тұрмыстық заттарды тазалауға керек. Суда кеме, қайық арқылы серуендеуге, жағалауында шомылуға, кемемен жүк тасымалдауға болады. Сонымен бірге су зауыт-фабрикалардың жұмыс істеуі үшін өте кажет.
Бірде-бір тірі ағзалар сусыз өмір сүре алмайды. Өсімдіктер су арқылы топырақтан минералды заттарды қабылдап, сабақтары арқылы жапыраққа жеткізеді, жапырақ өз кезегінде фотосинтез процесіне қатынасады. Топырақтың құнарлығын арттыру үшін де су кажет. Ол арқылы топырақтағы өсімдіктер шіріп, қарашіріктің пайда болып, тұқымнан өсімдіктің өніп шығуын тездетеді. Мысалға, 1 тонна бидайды өсіру үшін 1500 тонна су қажет екен. Көптеген баубақша өсімдіктері суармалы жағдайда ғана өнім береді (қызанақ, қарбыз, қауын, картоп, пияз және т. б.). Сол себепті де әрбір тірі ағза үшін су белгілі бір мөлшерде ғана қажет. Егер оған кажетті су жетіспесе немесе артып кетсе де тірі ағзаның өліп қалуы әбден мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |