Жеке тұлға мен қоғамдық ортаның қарым–қатынасы философия, психология, педагогика, тарих т.б. қоғамдық ғылымдардың көптен айналысып жүрген көкейкесті мәселелері. Жеке тұлға деген не, оның тұлғалық ерекшеліктері неге байланысты, әр адамның айналасын танып білуінің сыры неде деген мәселелерге тоқталамыз. Адам баласы материалдық және рухани өмірдің ортасында тіршілік етеді де, өзі өмір сүріп отырған қоғамның, ұжымының, ұлттың, рудың мүшесі ретінде өзіндік ақыл-парасатымен, жеке бастың өзіне тән ақыл-ой, ерік-жігер, мінез-құлық ерекшелігімен көрінуге тырысады. Қоғам мүшелерінің бәріне ортақ біркелкі мінез-құлықтық қасиеттің болуы мүмкін емес. Әр адам өзінше жеке тұлға. Адамдар тұлға болып, өзіндік жеке бас ерекшелігімен бірден дүниеге келмейді. Әрбір жеке тұлғаны қалыптастыру, тәрбиелеп жетілдіру қажет. Өзіне немқұрайды қарайтын кейбір қоғам мүшелері басқалар қалай өмір сүрсе, мен де солай өмір сүремін деген принципті ұстанғанымен, шын мәнінде өмірде олай емес.