Тексерген: Бота Хасен



Дата21.11.2019
өлшемі56,3 Kb.
#52208
Байланысты:
баяндама



Түркітанымға байланысты алғашқы зерттеулер

баяндама





SDU


Орындаған: Балтамуратова Жұлдыз

Тексерген: Бота Хасен

Түркі халықтарының тарихына қатысты ғылымда қыруар еңбектер жазылды. Кеңес дәуірінің өзінде де түркология ғылымына қызығып, өмірінің барлық күш-қуатын сарқа жұмсаған ғалымдар есімі жұлдыздай жарқырап тұрғаны мәлім. Дегенмен осы кезең Кеңес Одағы құрамындағы түркі тілдес халықтардың рухани құндылықтарын зерттеп, ғылыми саралаудың методологиясын «ұлы халықтың» мұраларымен ғана салыстыра тексеру керек делінетін қисынсыз теорияны қалыптастырды.

Бүгінде түркі тілдерінің қай дәуірден бастап зерттеле бастағанын көрсету нақты қиын болса да, бізге келіп жеткен түркі тіліне байланысты пікір айтылған ең көне кітаптарға сүйене отырып, орта ғасырда басталып, қараханидтер дәуіріне сәйкес келетінін айта аламыз. Бұл еңбектер түркі тілдерін алғаш зерттеумен айналысқан ғалымдардың араб ғылымымен, араб мәдениетімен байланысты болғандығын көрсетеді.[1;20]

Түркі тілдері жайлы жазылған еңбектердің ең күрделісі және жазылған уақыты жағынан ең күрделісі – М.Қашқаридің «Диуани лұғат-ит түрк» кітабы. «Диуани лұғат-ит түрк» түркі тайпаларының тілі мен мәдениетінің байлығын және сан алуандығын бейнелейтін еңбек ретінде жазылды. «Диуани лұғат-ит түрк» шын мәнінде түркі-араб сөздігі, кітапта түркі сөздері араб транслитерациясымен беріледі және ол этимология, мән-мәтіндер мен қолданудың ықтимал нұсқалары туралы тәржімемен, түсініктемелермен қамтамасыз етілген. Ғалымның дөңгелек картасы ең ежелгі түрік картасы ретінде белгілі. «Диуани лұғат-ит түрк» кітабының бізге жалғыз қолжазбасы жеткен. Ол Түркияның Стамбул кітапханасында сақтаулы. Кезінде Бағдаттағы халифат кітапханасында сақталып, кейін әр түрлі жағдайда көшіріліп, жер-жерге тараған.[2]



Осы кітабы туралы Қашқаридың өзі: «Түркі тілін үйренудің қажеттілігін өмір талабы мен ақыл таразысы әбден дәлелдейді. Түрік, түрікмен, оғыз, жігіл, яғма, қырғыздардың сөздері мен сөйлеу мәнерлерін зерттеп, қажеттісін пайдаландым. Әрқайсысының тілі мен салты санамда әбден қалыптасты. Соларды мұқият зерттеп, арнайы әліппелік тәртіпке келтірдім. Мәңгілік ескерткіш әрі таусылмас әдеби-көркем мұра боп қалсын деген ниетпен түркі елдерінің сөздігін жасап, кітапқа «Түркі сөздерінің жинағы» деп ат қойдым. «Жинақты» сегіз бөлімге топтастырдым. Әрбір тайпаның тілінен сөз жасауға болатын түбір сөздерін ғана алдым. Түркі халықтарының бәйіт-жырлары мен мақал-мәтелдерінен мысалдар келтірдім. Бұл кітапты пайдаланғандар кейінгілерге, олар өздерінен кейінгілерге жеткізсін деген ниетпен тағы біраз табылмайтын тіркестерді пайдаландым», - деп жазған екен.

Айтса айтқандай, «Сөздіктің» ұлы ауторы түркі халықтары тарихындағы өзінің осынау алғашқы лингвистикалық еңбегінде әртүрлі ұлыстар тілдерін өзара салыстыра қатар зерттеу тәсілін қолданған. Демек, салыстырмалы әдісті қолдану барысында түркі тілдері тарихи диалектологясының негізін қалап кеткен екен.

Ал Қазақ энциклопедиясында аталған «Түркі сөздерінің жинағына»: «Түркі жұртының бай тарихы, географиялық жағдайы, әдебиеті мен өнері, этнологияық ерекшеліктері «Диуани лұғат ат түрікте» нақты тарихи деректілік сипатпен танылған. Ол көптеген ұлыстардың, тайпалардың тіл ерекшеліктерін саралап, түркі тілінің бітімін ежіктей түсіндіреді, тұрмыс салтын, әдет ғұрпын баяндайды, сол кездегі бірқатар қаламгерлердің, ғұламалардың, тарихи адамдардың аттары мен өмірбаяндық деректерін, түркі халықтарының байырғы жырларын, мақал мәтелдерін береді. Сонымен қатар ол көне дәуірдегі түркінің әлемдік қартасын жасап, онда Барысхан, Тараз, Баласағұн, Қашқардан бастап, түркі дүниесінің ежелгі шаһарларын, елді мекендерін түгел дерлік көрсетеді. Бұл ретте оны түркі жұртының тұңғыш энциклопедиялық анықтамалығы десе де болады»- деп жоғары баға берілген.  Үш томнан, сегіз кітаптан тұратын бұл «Сөздік» еңбекте, ғалымдардың дәлелдеуінше, 6800 түркі сөзі ғылыми жүйеге түсірілген екен.

Ал, ғалым Келімбетовтың зерттеулеріне қарағанда, бұл сөздікте орта ғасырдағы түркі тектес ұлыстарға бірдей ортақ алты мыңнан астам төл сөз бен жеке тайпаларға ғана қатысты диалект сөздер қамтылған көрінеді.

Айта кету керек, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейсембай Кенжебаевтің «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» атты еңбегінде жазуынша, «Сөздікте» 238 өлең-жыр, 270 шақты мақал-мәтел келтірілген.

Көптеген өлең-жырлардың өте ерте заманда, тіпті алғашқы қауымдық кезеңде дүниеге келгенін аңғару қиын еместігін түркологтар баса айтуда.[3]

Бұл еңбек туралы ойымызды қорытындылар болсақ, «Түркі тілдерінің сөздігі» - түрік дүниесінің әлемдік ғылым қазынасына қосқан ұлы мұрасы.

Китаб ал-идрак ли-Лисан ал-атрак(«Түркі тілі туралы жазылған түсіндірме кітап»). Авторы – араб халифатының Испаниядағы мәдени-әкімшілік орталығы – Гренада қаласында туған Асир ад-дин Абу Хайян Мухаммед ибн Али ибн Юсуф ал-Гарнати. Құран оқыту мен филология пәндерін өте жетік біліп, «заманымыздың дүниежүзілік имамы» деген құрметті атаққа ие болған. Өмір сүрген кезеңінде Мысырда қыпшақ тілінің өте маңызды болуына байланысты қыпшақ тілі жайлы мынадай төрт еңбегін жазған:

  1. «Түркі тілі грамматикасының гүлін жинаған кітап»;

  2. «Түркі тіліндегі етістіктер»;

  3. «Түркі тілі грамматикасының жайнаған інжу-маржаны»;

  4. «Түркі тілі туралы жазылған түсіндірме кітап».

Біздің заманымызға бұл еңбектердің соңғысы ғана жеткен. Кітапта 3500-ге жуық қыпшақ сөздері араб тіліне аударылып көрсетілген. Сондай-ақ әліпби, дауысты және дауыссыз дыбыстар және олардың қолданылу заңдылықтары айтылады; түбір мен қосымшалар, есімдер мен етістіктер, сөздердің мағыналары мен жасалу тәсілдері әңгіме болады. Кей материалдар түркі, қыпшақ, түрікмен, татар, ұйғыр, бұлғар және Түркістан түріктерінің тілі мен тоқсаба тілі бойынша сатлыстырмалы түрде зерттелген.

Бұл еңбектің түркі тілдерінің зерттелу тарихында алатын орны өте жоғары. Түрік оқымыстысы Джафароғлы бұл жайында былай деп жазды: "Абу Хайянның бір еңбегінің өзі-ақ - тюркология ғылымының даму тарихындағы келелі кезең, өз алдына жеке жасалған дәуір, дара дүние.

Абу Хайян еңбегінің екі түрлі көшірмесі бар. Оның біреуі 1335 ж. көшірілген. Көшірушінің аты-жөні белгісіз. Көлемі 132бет. Екінші көшірмесін 1402 ж. Ахмет ибн ал-Шафиғ жасаған (Лазикие қаласында). Көлемі 194 бет. Көшірменің екеуі де нашар жазылған, өз ара аздаған айырмашылықтары да бар. Екі қолжазба да Түркияда сақтаулы.[4;55]

Бұл еңбек Л. Бауват, Р. Ермерс, А. Jaferulu, М. Өзиетгин, М. Маженова, И.А. Расулова, Е.З. Есбосынов және т.б. ғалымдардың еңбектерінде қарастырылып, бірнеше тілге аударылған. Сонымен қатар жазба ескерткіш тілі материалдарын Ә.Құрышжанов, З.Б.Мухамедова, А.И.Чайковская, С.Р. Боранбаев, Б.М. Сүйерқұл және т.б. зерттеушілер ғылыми айналымға таратты. Голландиялық Р. Ермерс зерттеу жұмысында ортағасырлық ескі қыпшақ тілінде жазылған онға жуық ескерткішке салыстырмалы тұрғыда талдау жасай отырып, «Китабу әл-Идрак» сөздігін ағылшын тіліне аударған.Қазақ ғалымы М. Мәженова өзінің «Абу Хаййанисследователь кипчакского языка» атты зерттеуінде ортағасырлық ескерткіштің фонетикалық, грамматикалық, лексикалық ерекшеліктерін көрсеткен. Автор ескерткіштің лексикалық қорын қазіргі қазақ тілімен салыстыра отырып, төмендегідей қорытындыға келген: ескерткіштегі 875 сөз, яғни сөздердің 36,5 пайызы қазақ тілінің лексикалық қорымен фонетикалық және семантикалық жағынан толық сәйкес келсе,800 сөз, яғни 33,5 пайызы кейбір фонетикалық өзгерістерге ұшыраған. Аталған жәдігерде кездесетін қалған сөздер оғыз-туркімен тобына кіретін қазіргі түркі тілдеріне ортақ. Қазақ ғалымы Есбосынов Е. өзінің «Ескі қыпшақ тілінің лек- сика-грамматикалық ерекшеліктері (Абу Хаййан еңбегі бойынша, ХІV ғ.) атты еңбегінде «Китаб әл-Идрактың» лексикалық және грамматикалық ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталып, ескерткіш тіліндегі зат есімдердің лексика-морфологиялық құрылымы қазіргі қазақ тіліне өте жақын екенін көрсеткен.[5;132]

«Китаб ул Айни» - Абу Абдуррахман ал-Халил бин Ахмадбин Аир Тамим ал-Азди ал-Фарағиди ал-Ахмади ал-Басри жазған араб тілінің сөздігі.Бұл еңбегі арқылы ол дарынды лексиколог ретінде танылды. «Китаб ул Айни» орта ғасырда жазылған лексикологиялық еңбектердің құрылысына әсер етті. М.Қашқари өз еңбегін араб тілінде осы автордың ізімен жазып, араб филологтарының терминдерін қолданды, осы сөздіктің құрылысын үлгі етіп алды. [6;173]

«Әл-қауанин әл-куллийа лидабт әл-луғати-т-туркийа» («Түркі тілінің толық жүйеленген ережелер жинағы») – ХV ғасырдың басына қарай Каирде қыпшақ тілінің ерекшелігі туралы араб тілінде жазылған еңбек. Қолжазбаның түпнұсқасын 1928 жылы Муʼаллим Рифʼат Білге Стамбұлда, 1937 жылы Ш. Телегди Будапештте бастырып шығарған. Қазақстанда С. Дүйсенов өзінің «Әл-қауанин әл-куллийа лидабт әл-луғати-т-туркийа – Түркі тілінің толық жүйеленген ережелер жинағы (мазмұны, графикасы, орфографиясы, фонетикасыатты еңбегінде «Әл-қауанин» ескерткішінің құрылымдық жүйесі,жазылу мақсаты, тілдік материалдың түзілу әдісімен фонетикалық ерекшеліктерін зерттеген. Автор өз жұмысында ескерткіштің фонетикалық жағын жан-жақты қарастыра отырып, қолжазба әлі де болса зерттей түсуді қажет ететінін айтады. [5;134]

Түркітануға байланысты алғашқы еңбектер түркі және араб ғалымдарына тиісті. Бұл еңбектер. негізі, сөздік ретінде жазылса да, бұл жерден сол кездегі түркі тілдерінің құрылысы ме грамматикасынан да көп мағлұмат береді. ХV ғасырлар түркі тілі жайлы жазылған жазба ескерткіштерге қатысты зерттеу жұмыстарына талдау жасай отырып, ортағасырлық ескерткіштердің көбіне тек қазіргі түркі тілдерімен салыстырмалы түрде фонетикалық, морфологиялық және құрылымдық жағынан зерттелгені анықталды. Мұндай тарихи-салыстармалы зерттеулерде ескі қыпшақ тіліндегі жәдігерлер тілінің қазіргі түркі тілдерінің (қазақ,өзбек, татар, түркімен және т.б.) лексикалық қорымен сәйкестігі анықталған. Кейбір ғалымдардың ортағасырлық мұндай жәдігерлерді бір ғана халықтың мұрасы ретінде қарастырғанын да кездестіруге болады. Біздің пікірімізше, түркі тілдерінде жазылған ортағасырлық жәдігерлерді түркі халықтарына ортақ мұра ретінде қарастырған жөн. Ескі қыпшақ тіліндегі тілдік материалдар қазіргі қыпшақ тілінде де сақталғанын ескере отырып, қазіргі түркі халықтарының, оның ішінде қыпшақ тобына жататын қазақ, қарақалпақ,ноғай, татар, башқұрт, қарайым, қарашай-малқар, құмық, қырым-татар, қырымшық, қырғыз, алтай халықтарының қоғамдық, этнографиялық, саяси-әлеуметтік, әдеби-мәдениеттік, жалпы өркениеттік және тілдік тарихын зерттеуде мәмлүк-қыпшақтіліндегі жазба ескерткіштердің алатын орны зор деп айтуға болады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

        1. Қайдар Ә., Оразов М. Түркітануға кіріспе. Оқу құралы. 3-басылымы.-Алматы: "Арыс" баспасы, 2004. — 360 бет.

        2. http://www.pavlodarlibrary.kz/images/biblioteka_v_SMI/KAZ/2009/9.pdf

        3. https://www.azattyq.org/a/Kazakhstan_an_essay_about_the_Turkic_Dictionary_by_Mahmud_Kashgari/2036979.html

        4. Айдаров Ғ., Құрышжанов Ә., Томанов М. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. Оқу құралы. – Алматы: «Мектеп» баспасы, 1971

        5. Жұбатова Б.Н., Аубакирова Қ.Қ. Түркі-қыпшақ тіліндегі жазба ескерткіштердің (ХІІІ-ХV ғ.)зерттелу мәселелерІ. ҚазҰУ Хабаршысы. Шығыстану сериясы. №2 (72) 2015

        6. Ә.Құрышжанұлы. Китаб-ул-айни // «Қазақ тілі» энциклопедиясы. А., 1998, 173 бет;


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет