Тема1 . Омыртқалылар дене құрылысының жоспары Сабақтың мақсаты: омыртқалыларға морфологиялық сипаттауда пайдаланатын бағыттар мен жазықтардың негізгі терминдерін меңгеру.
Құрал жабдықтар мен материалдар
Жазықтар мен бағыттардың схемалары мен кестесі.
Скелеттер мен сүйектер
Органдардың кеңіңстіктегі орнын анықтау мақсатында бір-біріне перпендикуляр үш жазықты – сагиттальдық, фронтальдық және горизонтальдық жазықтарды қолданады.
Сагиттальдық жазықтық (латынша sagitta - садақ оғы) денені алдынан артына қарай вертикальдық бағытта кесіп өтеді. Сагиттальдық жазықтық денені дәл ортасынан оң және сол симметриялық бөліктерге бөлсе, медиандық (орталық) жазықтық болып аталады.
Фронтальдық ( frontis - мандай) жазықтық сагиттальды және горизонтальды жазықтарға перпендикуляр өтеді. Оның бағыты маңдайға параллель болады. Денені алдыңғы және артқы бөлімдерге бөледі. Сагиттальдық және фронтальдық жазықтар вертикальдік болып та есептеледі.
Горизонтальдық жазықтық жер бетіне параллель өтеді; денені жоғарғы және төменгі бөліктерге бөледі.
Органдардың горизонтальдық жазықтыққа қатынасын белгілеу үшін төменгі терминдерді пайдаланады:
Краниальдық (лат. cranium – бас қаңқасы) – басқа жақын орналасуы, каудальдық (лат. cauda - құйрық) – дененің төменгі бөлігіне жақын орналасуы; вентральдық (лат. vinter - іш)- дененің алдыңғы бетіне жақын орналасуы; дорзальдық (лат. dorsum- арқа) – дененің арқа бетіне жақындау орналасуы.
Орта жазықтан шетірек жатқандарды латеральдық (лат. lateralis - бүйір), орта жазықтыққа жақындау орналасқандарды медиальды (лат. madialis - ортасы) деп белгілейді.
Қол мен аяққа қатысты орналасуды белгілеу үшін «проксимальдық» және «дистальдық» деген терминдерді пайдаланады. Проксимальдық (лат. proximalis - жақын) – тұлғаға жақын орналасқан. Қол мен аяқтың бөліктерін белгілеу үшін қолданылады, ал дистальдық (лат. distalis - алыстағы) – қол мен аяқтың тұлғадан алыстау орналасқан бөліктерін белгілеу үшін пайдаланылады.