Тіл жанашыры 2015



Дата12.03.2018
өлшемі35,56 Kb.
#38968
Зарқын Тайшыбай,  “Тіл жанашыры – 2015” құрмет белгісінің иегері
Әр үйдің төрінен табылса...
Алғашқы еңбек жолымды аудандық газеттен бастап, саналы ғұмырымды журналистикаға арнап келемін. Содан бері қазақша газет-журналдарға жазылу әдетінен жаңылған емеспін. Әрине, мен үшін аудандық газеттің орны бөлек, үйрену, шыңдалу мектебі болды. Десек те, өзім қалам тербеп келе жатқан өзге басылымдар да жаныма жақын, көңіліме ыстық. Олардың арасынан республикалық “Егемен Қазақстан” мен облыстық “Солтүстік Қазақстан” газеттерін бөліп айтар едім. Олардың бір ғасырға жуық тарихына ой жүгіртсек, салмақты ой-пікірлерімен, елдік мәселелерді қозғауымен, шынайы патриотизмді орнықтыруымен халық мінберіне айналып, бүгінде Тәуелсіздігіміздің орнығуына зор үлес қосып келе жатқанын байқаймыз.

Теріскейліктер бұл жаққа сирек жететін, дүңгіршектерден табыла бермейтін қазақша басылымдарға шөліркеп отырады. Жұртшылықты елең еткізетін мақалалар жарияланса, қайдан еститінін білмеймін, таныстарымның телефон соғып жатқаны. Бәрінің сұрайтыны – газеттің сол күнгі саны. Оларға қазақша басылымдарға жазылыңыздар, тұрақты оқырманы болыңыздар, үзіп-жұлып оқығаннан ой-өрісіңіз кеңеймейді деген кеңес беремін. Басқа не дейін?! Мұндай қоңыраулар аз шалынбайды. Жасыратыны жоқ, газет-журналдарға жазылғанда алдымен бағасына қарап, жілігі татымас арзанына ұмтылып жататындар арамызда әлі де кездеседі. Бүгінгі күннің көзі қарақты оқырманы жасық пен асылдың аражігін айыра біледі. Сол себепті ұлтымызды ұлықтайтын басылымдардың әр санын асыға, тағатсыздана тосатын оқырмандар Қызылжар өңірінде де жыл өткен сайын көбейіп келеді. Ахмет Байтұрсынов мерзімді баспасөзді қоғамның құлағына, көзіне теңеп, ғибрат аларлық сөз қалдырған. Ұшқыр уақыт биігінен бағамдайтын болсақ, мағынасының тереңдігі, мәні өзгермеген.  

Жуырда екі жылда бір рет берілетін “Тіл жанашыры – 2015” құрмет белгісіне ие болдым. Осынау абыройға жетуіме қазақша басылымдардың зор ықпалы болғанын жасырмаймын. Өйткені, “Егемен”, “Айқын”, “Солтүстік Қазақстан” беттерінде түрлі тақырыптарға жүйелі жарияланған зерттеу мақалаларым арқылы көпшілікке танылдым.

Дөңгеленген дүние төрінде орын алған бүгінгідей қаржылық қиындық кезеңінде “Бір жағадан – бас, бір жеңнен қол” шығарып, бірлікке, ынтымаққа талмай үндеп келе жатқан басылымдар жайлы толғана отырып, қазақ баспасөзіне қолдау көрсетіп жүрген азаматтар туралы айтпай кетуге болмас. Солардың бірі – Ұлттық банктің жергілікті филиалының директоры Жомарт Қажырахымов бауырымыз еңбек ардагерлеріне, көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған жандарға қазақ тіліндегі басылымдарды тегін жаздырту акциясын он жылдан бері үзбей ұйымдастырып келеді. Өңіріміздегі өзге қалталы жандар осы бір игі істі қолдар деген ниеттеміз.



“Бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз” демекші, Тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы жағдайымыздың қандай болғанын көз алдымызға елестетіп көрейікші. Ол кезеңнің ауыртпалықтарын аға ұрпақ ұмыта қойған жоқ. Жастарымыз ертегі тыңдап отырғандай күй кешеді. Мұның өзі жағдайымыздың оңалғанын, экономикамыздың өркендегенін көрсетсе керек. Талай дағдарыстардың өткелінен аман-есен өткен Қазақстанның келешегі кемел. Ал қазақша басылымның тұрақты оқырманына айналған жанның рухы биік, еңсесі көтеріңкі, жан дүниесі таза, ақыл-ойы кемел бола түсері анық. Алаш арыстарының қай-қайсысын алайық, өмірін мерзімді баспасөзбен байланыстырмағандары кемде-кем. Демек, олар газет-журналдың алмастың жүзіндей өткір, қуатты идеологиялық күшін білген, бағалаған. Сондықтан келер жылдың баспасөзіне жазылу науқанына ұйымшылдықпен атсалысып, әр үйдің төрінен “Солтүстік Қазақстан” газетін көретін болайық деген ағалық тілек айтқым келеді.
// Солтүстік Қазақстан. - 2015. - 12 қараша

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет