Д. Нұрғазықызы
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және зтнология институтының
2 курс магистранты
ЗИЯТ ШӘКӘРІМҰЛЫНЫҢ ТҰЛҒАЛЫҚ КЕЛБЕТІНІҢ ҚАЛЫПТАСУЫНА ЫҚПАЛ ЕТКЕН ФАКТОРЛАР
Аннотация
Мақалада саналы ғұмырын ХХ ғасырдың отызыншы жылдары елде орын алған саяси ахуалға орай әкесі Шәкәрім Құдайбердіұлының қудалануына байланысты елден сыртта өткізуге мәжбүр болған Зият Шәкәрімұлының ақын, драматург және ұстаз ретінде қалыптасуына ықпал еткен факторлар талданады. Сондай-ақ оның Қытай қазақтары арасында Абай мен Шәкәрімнің, Алаш қайраткерлерінің шығармашылығын насихаттау мен сақтаудағы еңбегі туралы шәкірттерінің естеліктері негізінде сипаттама беріледі.
Түйін сөздер: Шәкәрім Құдайбердіұлы, Зият, философ, ақын, драматург, ағартушы, қуғын-сүргін, Қытай, Алтай, шығармашылық
ХХ ғасырдың отызыншы жылдардағы ел басына төнген қалың нәубет зауалы ел ішіндегі ахуалдың өзгеруі, «Кіші қазан» саясатының «аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын» деген талап әсері халықтың күн көрісінің қиындауына, аштықтың басталуына алып келеді. Қазақстанның әр жеріндегідей Голощекиннің саясатына қарсы Шұбартауда, Абралының «Ақсай», «Самай», Шыңғыстаудың «Қарауыл», «Қараадыр» сияқты елді-мекендерінде ел азаматтары көтеріліске шығады. Бұл тек мал-мүлкінен айрылған байлар ғана емес, малсыз, күйсіз қалған көптің наразылығы, жан ашуы еді. Тарихта Шыңғыстау көтерілісі деген атпен қалған кеңестік саясатқа қарсы шыққан көтерілістің белді мүшесі Зият Шәкәрімұлы болғандығы туралы айтылып жүр. Қару-жарағы аз көтерілісшілерді кеңестік отряд талқанын шығарды. Көтерілісшілер тау ішіне қашып «банды» атанды.
ХХ ғасырдың 30-шы жылдары Қазақстанда орын алған қуғын-сүргін салдарынан Қытай жеріне қашып өткен кезекті бір топ Шәкәрім қажы ауылының адамдары болды. 1931 жылы 2 қазан күні Шәкәрім қажы жазықсыз атылған соң, Зият Шәкәрімұлы, Бердеш Әзімбайұлы Тәкежанов, Мәнәкеш Әзімбайұлы, Қожақапан, Төлеуқазы қатарлылар әуелі Тарбағатайға, онан соң Алтайға қашып барады. Осыдан аз уақыт бұрын ілгерінді-кейінді болып Алтайға жан сауғалап барған Сейітқазы Нұртаев, Шабдан Әбдікерім, Кәрім Дүйсебай, Сәлім Жаназар, Мырзахмет, Құсайын қатарлы асылдың қиықтары бар еді. Олардың алды болыс болған, Стамбул, Мәскеу қалаларында университет оқыған, арты асыл текті тұқымнан тараған көп тілді, аса білімді жандар болатын [1].
Зият Шәкәрімұлы 1931 жылдың қазанында әкесі Шәкәрім жанында Идаят, Ғылымбай деген жолдастарымен Шақпақтастағы қорасынан «Керегетас» деген жерге аттанады. Әке шешімімен Зият Бердеш, Сапар деген азаматтарға еріп, Қытай еліне аттанады.
Зият Шәкәрімұлы 1931 жылдың қазан айының соңында Тарбағатай аймағының Бақты шекарасы арқылы Қытай жеріне өтеді. Олар өз жерінде (Шыңғыстаудан) кетерінде жолшыбай Шұбартау жақтан қашып келе жатқан кезіндегі атақты батыр Шақантайдың бертінгі ұрпақтары Жабағытай, Кенжебектермен ұштасып, жиыны үш жұз адам Тарбағатай жеріне өтеді. Зиятпен бірге келгендердың ішінде Бердеш Әзімбайұлы Такежанов, оның азан шақырып қойған аты Фердауси екен. Жұрттар оны Бердеш немесе Бердауси деп атап кеткен. Манекеш Әзімбайұлы, Бердештің інісі, жәй малшы, Шәкәрімнің қызынан туған жиені Қожақапан, (кейде Қожақан делінеді), он он бір жастар шамасындағы бала, Төлеуғазы деген ересек адам, ол орысша оқыған, (оны Алтайдың Әлен уаңы өзінің сауда шаруашылық істерін басқаруға қойыпты), осы шағын топтың басшысы Бердеш пен Төлеуғазы болған көрінеді. Осы Бердеш айтқан деседі: «Зият Жұңгоны бетке алып қашқан кезде бір түйеге азық түлік және әкесінің кітаптары мен қолжазбаларын артып ала жүрген».
Жолшыбай бұларға Шұбартаудан қашып келе жатқан жастабан (керей) Шақантай батырдың бергі ұрпақтары Жабағытай, Кенжебектер қосылып, жалпы шамасы екі жүзден артық адам Бақты шекарасынан Қытайдың Тарбағатай аймағына өтеді. Бұл кезде Шыңжаңда «Дүнген төңкерісі» деп аталатын қантөгіс соғыс жүріп жатқан кез болатын. Тарбағатайдың Шағантоғай ауданына келген Зиятты Иса қажы Сонабайұлының ауылы мен Тышқанбай бидің ауылы аталатын Қабдолланың ауылы құшақ жая қарсы алады. Осы тұста өз ұлтының аш-арық панасыздарына әрі босқындарға көмек, қайырым жасаған қажының адамгершілігіне риза болған Зият ұзақ арнауын жазады.
Меккеге тәуап етіп барған қажы,
Мешіт пен медресе салған қажы,
Аш-арық адамдарды тойындырып,
Көз қырын мүсәпірге салған қажы.
Амалын екі әлемнің бірдей ойлап,
Сауабын дүниенің алған қажы,
Қайырым, мейірімді көмегі жоқ,
Аталып жүргендер көп жалған қажы.
Мұны бүгінде Тарбағатайдың Құлыстай бойын мекендеген көнекөз қарттар әңгіме арасында жиі есіне алып, айтып отырады [2].
Олар Тарбағатай өңірін екі жыл қыстағаннан кейін, одан әрі тұра беруге болмайтындықтан 1933 жылы Алтай аймағының Мәми Бейсі ауылына ат басын тірейді. Мұнда тұрақтай алмауының себебі ол жерде ізге түскен ОГПУ сақшыларының барлығын сезгендіктен болуы мүмкін. Зият Шәкәрімұлы Тарбағатайда шекараға жақын болғандықтан көп тұрақтамай, жер мойыны алыс Алтай аймағындағы Көкен бидің ауылына қоныс аударады. Онда Бейсілік мәнсәп Мәмидің немересі Бұқаттың қолында тұрған еді. Ол Зияттарды қазіргі Алтай қаласының аяқ жағындағы Бейсі аралына орналастырады. Бұл аумалы төкпелі заман дәл ашаршылық пен бүлікші дүнгендер Алтай өңірінен қудаланып Шынжаңда Шыңшысай, Алтай өңірінде Шәріпхан бастаған біршама демократиялық сипат алған жаңа үкімет орын алған кез болатын. Құрылған жаңа үкімет алдымен оқу ағартуға барынша назар аударып ат салысты. мұнда ең маңыздысы ескіше оқымағандарды жаңаша оқыту және мектеп салу, оқытушыларды молынан қабылдауды қолға алады. Саяси ахуалды тиімді пайдаланып Ресейден келген зиялы қауымды батылдықпен жұмысқа алады. Алдымен қысқа мерзімді курс ашып, қабілеттілігін жоғарылатып оқытушы базасын қалыптастырады.
Зият Шәкәрімұлы өр Алтайдағы осы ауылда болады да, Алтай өлкесінің мәдени орталығы атанған «Абақияда» ұстаздық жолын бастайды.
Алтай халқы оқу – мәдениеті жағынан Шәуешек пен Құлжаға қарағанда жүдеу әрі қолхат жазатындар ілуде біреу ғана кезігетін. 1933 жылдың күзінде Алтай аймағы бүлікші дүнгендерден тазартылады. Шың Шысай Шыңжаңда демократиялық сипаттағы өкімет құрды. Алтайда Шәріпхан мектеп, оқу-ағарту ісіне кірісіп, әр ру басылары өз қаржыларымен мектеп салады. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін мұнда келген Кәрім Дүйсебаев, Сүлім Жаназаров, Садық Мұқанұлы, Зият Шәкерімұлы, ағайынды Қамбар және Шабдан Әбдікәрімұлдары оқушылардың сауатын ашу үшін мектеп жұмысына белсене араласады. Зият 1935 жылы Алтай мектептерінде «Шал мен баланың айтысы» деген шағын комедиясын жазып, сахнаға қояды.
Зият мектепте өзі шағын өлеңдер шығарып, оны оқушыларға жаттатқызып айтқызып, туған өлкесін сүюге баулитын. Мысалы, «Алтай» деген өлеңінде:
Бұл Алтай өнер-білім қайнаған жер,
Бойынан надандықты айдаған жер.
Көз ашып, мәдениет жолын танып
Ғылымға белін бекем байлаған жер…[3].
Зият туралы айтылған естеліктерде сол кезеңнің ызғары мен нағыз шындықтың негізі жатыр деген ойдамыз. Себебі, Шәкәрім өзінің қолжазбаларын буып-түйіп кенжесінің қолына тапсырғаны анық. Яғни Зияттың Қытайға өтуі өзара келісілген шаруа болған. Шәкәрім кенжесі Зиятқа қимас серігі Қоңыр атын береді. Жүріске мықты әрі қуғын болса, сытылып кетуге түсі де лайық, елеусіз. Ал ең қымбатты мұрасы –қолжазбаларын қоржынға буып, түйіп Зияттың қолына тапсыруы жаңа өкіметке де, алдағы тағдырына да сене алмағанының айқын куәсі. Барар жер, басар тауы қалмаған адамның байламы! Соңғы бірер күнді Шәкәрім мен Зият бірге өткізген сияқты. Мансұр Ғылымбайұлы (1933 жылы туған) былай деп дерек береді: «1931 жылы Шәкәрім қажы атылғаннан кейін 2-3 күннен соң әкем Ғылымбайдың інісі Кәрімбай аудан орталығынан суыт келіп, қажының «құйыршықтарын» ұстайтыны туралы хабар жеткізеді. Ғылымбай сол түні бір ұл, бір қызын алып Аякөзге түсіп, ат-арбасын сатып Талдықорғанға кетеді» [4]. Шығыстағы көтерілістен кейінгі бірер айда ГПУ-дің кәріне ұшырап опат болғандар, жоғалып кеткендер жүздеп саналады. Мысалы, Тобықтының 70 адамын Семейге әкетіп, атып өлтіреді (оның ішінде Абайдың Тұрағұлдан кейінгі баласы Мекайыл бар).
Шәкәрімнің қайғылы қазасынан соң, Қарауыл маңында халық «Абзалдың азап лагері» деп атап кеткен қорқынышты лагерь құрылып, көп тұтқындарды сонда ұсталған. Осы лагерьде он ай отырған Шәкәрімнің әйелі Айғанша, қызы Күлзия мен ұлы Қабыш титықтап шығып, жолда өледі. Ахат бұл турасында: Оныншы айда босатып жібергенде, Бір Гүлләрдан басқасы өлді аштан деп еске алады [5].
Шыңғыстау көтерілісінің, бүгінгі күн биігінен қарағанда, шексіз зорлық-зомбылықтан, тозақ отына қақталғандай аштықтың құрсауына қамалған жұрттың шарасыздығы мен наразылығынан туғаны хақ. Бірақ, заманында бұлай саналмаған, себебі «қоғамды жабық жасау үшін айнала біткеннің бәрін жау деп анықтау қажет еді». Ұзақ уақыт бойы Шыңғыстау көтерілісінің бас ұйымдастырушысы деген «кінә» Шәкәрімге таңылып келді.
Әке тағдырының осындай қиын-қыстау сәті ақын Зияттың қатайып, ерте есеюіне, тұлғалық қалыптасуына барынша ықпал еткені ақиқат.
Тарбағатай жерінде екі жыл қыстаған олар жалғасты тұра бергісі келмей Алтай бетіне өтеді де Керейдің иесі деп Бітеу іргедегі Мәми бейсі ауылына келеді (1933 жыл). Бұл тұста бейсілік мәнсәп Қанапиадан өтіп немересі Бұқатқа берілген. Бұқат оларды қазіргі Алтай қаласының аяқ жағындағы «Бейсі аралы» деген жерге уақытша орналастырады. Олар келген тұста Алтайдағы ел ішкі бас аламан соғыс және ашаршылық жағдайын бастан кешіріп жүдеп тұрған кез еді. 1933 жылдың күзінде Алтайды басып алған бүлікші дүңгендер қудаланып, Шыңжанда Шың Шысай, Алтайда Шәріпқан бастаған біршама демократиялық сипат алған жаңа үкімет құрылған.
Осыдан елу жыл бұрын біздің үйде қазақтың екі ұлы ақыны Абай мен Шәкәрім өлеңдерінің қолжазба күйіндегі (көшірме) нұсқалары болғанын білетін едім.
Бұдан қырық үш жыл бұрын Шәкәрімнің немересі Мереке Зиятұлы біздің мектебімізден оқыған болатын, деп жазады Раздан Мидыхатұлы [6].
Әкесі Шәкәрім өз ата мекені Шыңғыста 1931 жылы қазанның 2 күні қара жүрек қаскүнем Абзал Қарасартовтың қолымен сұрақсыз, сотсыз атып тасталғаннын кейін, оның қасында жүрген серіктері енді туған жерінде тұра алмай, бас сауғалап Тарбағатай өңірінен Жұңго жеріне өтеді (1931 жылдың қазан, қараша айлары).
Төлеуғазы, Бердештер Тарбағатай өңірінде көп тұра алмай, 1933 жылы Алтай аймағы жеріне, оның ішінде Қыран өзені бойындағы Мәми Бейсі ауылына келеді. Бұл кезде билік басындағы Бұқат Бейсі (Мәмидің немересі) оларға қол ұшын беріп көмектеседі. Сарсүмбеге он шақырым ғана келетін, оның аяқ жағындағы «Бейсі аралы» деп аталатын жерге оларды орналастырып, бастарына уақыттық баспана тігіп береді. Қалашыққа жақын осы аралда Бердеш төңірегінделілер еркін кәсіп істеп жан бағады, Зият Шәкәрімұлы бұл кезде 25 жастағы салт жігіт екен.
1931, 1932, 1933 жылдар өр Алтайда, тіпті бүкіл Шыңжаңда «дүнген төңкерісі» деген атпен тарихқа мәлім болған соғыс жүріп жатқан, саяси жағдай орнықсыз, шаруашылық күйзеліс тапқан бір қиын мезгіл еді.
1933 жылдың 12 сәуірінде Шыңжаңдағы үкімет билігі Шыңшысайдың қолына өтті. Сол жылы күзде Алтайда Шәріпқан Көгедаев басқарған жаңа үкімет орнады, халық біраз тыныстады. Демократияшыл бағыт ұстанған Шәріпқан үкіметі барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, Алтай халқының экономика және мәдени-ағарту істерін жақсарту шараларын жасады. Тарихи маңыз алатын шаралардың бірі сауатсыздық жайлаған Алтай қазақтары арасында мектеп ашып жаңаша оқыту жүйесін жолға қойғандығы болды.
Ол тұста ең үлкен қиыншылықтың бірі оқытушы дайындау ісі еді. Осы қамалды алу үшін, 1934 жылы Шәріпқан үкіметі Сарсүмбеден қысқа мерзімді оқытушы дайындау курсын және оның дайындық кіластарын ашады.(төрт ай оқып) едәуір жүйелі білім алып, соңынан түгелге жуық мәдениет ағарту шебіне қызметке тұрады. Ауданға, ауылдарға барып мектеп ашады. Міне, осы мұғалімдерді тәрбиелегендердің бірі Зият Шәкәрімұлы еді. Курсанттар қатарында Асқар Татанаев. Халық Шамерғалиұлы, Заки Жұптыбайұлы, Сәлімжан Какіжанұлы, Рашат Өміртайұлы, тағы басқалар болған. Менің ағам Масығұт Разданұлы, жиен ағам Уақит Оразұлы және Мұратбек Мәңкейұлы, Қамбар Ақыбайев. Мүнира Сейтқазы қызы, Асығат Мәңкейұлы сияқты жасы кішіректері дайындық ретіндегі бастауыш сыныптан оқыған. Бұл 1934, 1935 оқу жылындағы жағдай. Оларды оқытқан мұғалімдердің көпшілігі ілгерінді кейінді «орыс жерінен» келген жоғары білімді немесе арнаулы маман Сейтқазы мұғалім орысша, арабша тілге жетік, кемелді білімді адам. Шабдан Әбдікерімұлы кезінде Москвадан жоғары мектеп бітірген. Кәрім Дүйсебайұлы, Сәлім Жаназаұлы, Мырзахмет және Құсайындар орысша, қазақша тілдерге бірдей жетік жақсы педагогтар екен. Бұның арасында Зият Шәкәрімұлы алғашында Дутың мекемесінің (аймақтық әкімшілік мекемесінің) мәдениет істері жағындағы бір қызметкері болып, мектепке сырттай оқытушылық істеген. Әдебиеттен сабақ өткен, көбінесе оқушылардың сабақтан сыртқы мәдени қимылдарын жандандыруға төккен. Оқушыларға хор, декламация, комедия жазып беріп, жаттықтырып, оларды сахнаға шығарған. Оқушыларды және басқа саладағы әуескер жастарды пьесалар дайындап, қоюға жұмылдырған.
Зият 1936 жылдың шамасында жаңа аты аталған Сейітқазы мұғалімның қызы Мүнирамен үйленеді, одан ұл көріп, атын Мереке қояды. Ол 1937 жылы туған болу керек. 1936 жылы Зият Үрімшіге «Өлкелік қазақ-қырғыз ұйымы» дейтін бұқаралық орынға қызметке шақырылып, отбасымен сонда тұрады, Зиятты бұл орынға апарған өзінің қайын атасы Сейітқазы мұғалім болатын.
Сейітқазы 1935 жылы Үрімшіге «Өлкелік қазақ-қырғыз ұйымының» бастығы болып барған. Ол кезде «өлкелік қазақ-қырғыз ұйымы» деп аталатын бұқаралық ұйым үкіметтің халық бұқарасының қаржыландыруына сүйеніп оқу ағарту және мәдениет істерін басқаратын бір органы болған. 1934 жылдан бастап жұмыс істеген. Осы арада есімін көп рет қайталауға мәжбүр болып отырған Сейітқазы мұғалім туралы бір үзік мәлімет бере кетейік:
Сейтқазы мұғалім ислам діні жөнінде де арап, түркі, орыс және қазақ тілдер жөнінде де кемелді білімі бар, ойлы, ұстамды, аса өнегелі адам болған.
Орыс жерінде патша үкіметіне қарсы демократияшыл төңкерістік қимылдарға қатынасса керек, саяси жақтан қудалану себебінен Семейге келіп, жүйеден Шыңғыс тауындағы Құнанбай ауылдарына барып, бірнеше жыл мұғалімдік істеген. «Сейітқазы мұғалім» аталуы сол тұстан басталғандай.
Өр Алтайда қазақтар сайлап алған әйгілі төрт бидің бірі Көкеннің немересі Мәми өз ауылынан «Абақия» деп аталатын мектеп ашқан. «Абақияның» ашылуын біреулер 1904 жылы десе, енді біреулер жиырма жыл бұрын деп есептейді. Мұнда бала оқытатын, ұлты өзбек Нұрғабдолла деген молда болған. Мәми Бейсі мектепте жаңаша оқытуды жалпыластыру мақсатында осы Нұрғабдолланы Семейге дейін жіберіп, қолайлы мұғалім тауып келуді тапсырады.
1933 жылы Сейтқазы Шәріпқан үкіметінің қызметіне тартылып, әуелде қазы қазы (төреші) болды. Соңынан «қазақ-қырғыз ұйымында» оның бастығының орынбасар болып қызмет істеді. 1935 жылы «Өлкелік қазақ-қырғыз ұйымына» (Үрімшіге) шақырылып, сонда қызмет істеп жүргенде ШыңШысай үкіметі жағынан 1940 жылдың басында түрмеге алынды да, отбасы Іледегі Күреге жер аударылып жіберілді. Алтайдағы көтерісшілердің саяси тұтқындарды босату жөніндегі батыл талабына байланысты, 1942 жылы Сейітқазы мұғалім түрмеден шығарылып, Бітуірдегі Бейсі ауылына қайтып келіп жан бағады.
Сейітқазы мұғалім Алтай қазақтарының мәдениет өресін, дүниетанымын көтеруге елеулі үлес қосқан қадырлы адам. Зият Шәкәрімұлына қамқорлық ету оның адамгершілік тұрғысында істеген көп қызметтерінің бір тармағы ғана. Тегінде Құнанбай ауылында болып, оның Абай, Шәкәрім сынды ұрпақтарына сүйіспеншілік ықыласы ауған болса керек. Әйтеуір Зиятқа қызын беріп, оны қызметке тартып және баулып айрықша ықылас білдірген. Амал қанша, зұлым үкімет оның арманын аяқ асты етіп, 1938 жылдардың ақпан айында Зият Шәкәрім Үрімшіде қолға алып, көзін жойды. Кейбір деректерде оны және сол сияқты бір топ адамды Совет үкіметі «халық жауы қатарында жазалау үшін кері өткізіп алған» делінеді. Осы сөз шын болуы мүмкін. Шәкәрімнің екі әйелінен он бір бала туған болса, осының кенжесі (екінші әйелі Айғаншадан туған) Зият болатын.
Шәкәрім шығармаларының өр Алтайда біршама белгілі болуы оның Зияттың қолында бар әкесінің мұраларын ала келгендігінен. Негізгі себеп шығарманың халықтық сипатында және құндылығында.
Алтай өңірінде ұлы Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» әнін басқа сөзбен айтуды 1930 жылдар ішінде оқыған көне адамдардың бір қыдыруы біледі екен. Бірақ, негізгі сөзін білмейді, бақсақ, 1934-1935 жылдар Зият әкесінің осы әніне өзі сөз жазып, оны хор ретінде оқушыларға үйреткен. Ал, мұғалімдер оны сахарадағы мектеп оқушыларына дейін таратқан.
Шәкәрім ықпалы тек өз ұрпағына ғана емес дүйім қазақ халқы үшін сарқылмас дариядай үлкен мектеп екені анық.
Өз ұрпағының дара-дара болып тұлғалық келбетінің қалыптасуына барынша ықпал еткен әке рухына Ахат Шәкәрімұлының «Фантазия» атты өлеңі арналған:
Елсізде, жайлау шетінде,
Салынған шағын қора там,
Шақпақтың күнгей бетінде,
Отыр сонда бір адам.
Елсіз қора жайлауда,
Жалғыз жатқан кәрі шал
Тұтқындай болып байлауда,
Отыр ма күтіп ол ажал.
Ол алысты ойлайды,
Өлместей белгі жүзінде ар.
Тереңге ойы бойлайды,
Жүректе жалын өмір бар,
Күмістей жылтыр ақ сақал.
Жетпістен асқан жасы бар.
Жоғарыда айтылған естеліктегідей Ахат ақын да осы өлеңінде әкесінің Саятқорадағы тіршілігінен мәлімет береді. Шәкәрім ақынның бейнесін алғашқылардың бірі болып, ойшыл, дана кейіпкер ретінде бейнелейді. Қазақ әдебиетінде поэзиясында Шәкәрім ақын бейнесін Ахат пен Зият кейіпкер дәрежесінде алғашқылардың бірі болып сомдайды. Олардың поэзиясында да Шәкәрім ақын ақылшы, дана, халқының қамын ойлаған ойшыл ретінде танылады.
Мысалған үлкен ұлы Ахат өлеңінде:
Айнала кітап жиналған,
Ортасында жалғыз шал.
Арына берік сиынған,
Бұл не ғажап, бұл не хал.
Малдас құрып, жүгінген,
Отырғандай тілектен.
Кітаптарға үңілген,
Беріліп жылы жүрекпен.
Қыранша қарап далаға,
Шарықтап ойы кезгендей,
Алдыңғы жаққа қадала,
Жарығын нұрдың сезгендей.
Алыстан болжап көргендей,
Бақытты еңбек, бақытты іс,
Соларды жырлап бергендей.
Елден жырақтау қалған сәтінде Шәкәрім ақынның жеке сонау елсіз қорада турған кезінде қоңыр ат серігі, мұңдасары сияқты. Ақын өлеңдерінен қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін көреміз. Зият қазақ ауыз әдебиетін, қазақтың өлең өнерін, оның тарихын әке үлгісінен бойына сіңіріп өскен.
Шәкәрім ақын өлең өрнегін қиыннан қиыстырып сала білген үлкен ұстаз ақын. Оның шәкірті ретінде де Зият әке өнегесін өз туындыларында көрсете білді.
Оңашада, қорада тек қана шығармашылықпен айналысып, онысын келер ұрпаққа арнаған қасиетті қажының әрбір туындысында үлкен сыр жатыр. Адамды рухани тузеу, адамның ішкі жан дүниесі жайлы сыр шерткен Шәкәрім ақынның поэзиясының құпиясы тереңде. Шығыс шайырларының жыр кестесін, қазақ өлеңін қос желідей қосақтап, әдемі де ерекше өлең өрнегін салады.
Әке тәрбиесінің ұлтқа қызмет ету үлгісін балалары да жалғастырып кетті.
Солақай саясаттың әсері адам өмірін бұғаулап, жаппай қырғынға ұшыратуының астарында зұлымдық жатыр. Ақын тереңнен түп-тамырына барып, зұлымдық пен айланың шығу тегін де анық көрсетеді. Ақынның өмірлік кағидасы - адам түзету идеясы, оның түп-төркінінде негативті кері ықпалды әсерлерді зұлымдықты, айланы, көре алмаушылық, пайдақұмарлық, өтірік, өсек, жалқаулық, айлакерлік осының барлығының пайда болу себептерін, қалай бұларды жою керектігін де көрсетіп береді.
Сөйтіп ақыл бере алмай адал көмек,
Зұлымдықпен адамды адам жемек.
Адал еңбек, ақ пейіл, мейірім жоқ –
Осы болар таза ақыл өлді демек.
Сондықтан адам - залым, әлемге жау,
Ебін тапса, қоймайды ешкімді сау.
Жер білсе адамзаттың бүл қылығын
Үстінен бәрін төгіп тастар еді-ау, - адамды зұлымдық билегендегі сәтті де ақын «Зұлымдықпен адамды адам жемек» деген жолдармен береді. Сондықтан ақын:
Олай қылмай, билесе бәрін ақыл,
Еш қиянат қылмаса зорлық, тақыл,
Таза еңбекпен тағдырдан пайдаланса,
Адамды сонда адам деген мақұл, - деп таза ақыл, таза еңбек, адал еңбек,
ақ пейіл, мейірім бар жерде адам өмірінің мәнді болатынын да ақын дәлелдеп көрсетеді.
Шәкәрім ақын жаңа үкіметтің зұлымдық пен зорлықтың адамның ішкі әлемін жаулап алғандағы зиянды әрекеттер туындататыны жайлы да өз шығармашылығында көрсеткен. Шәкәрім:
Жан тыныштық таппайды тән қамын жеп,
Тән бұзылса, тұрағым бұзылар деп,
Ыстық, суық аштықтан сақтау үшін
Зұлымдық пен айланы қылады сеп, - деп замана шындығын, қоғамның бет-пердесін қинала отырып ашық айтады.
1930-31 жылдары арасында Зияттың бір әке-шешеден туған ағалары Ғафур мен Қабыш түрмеде өледі. Ал, інісі Ахат Сібірге жер аударылып, кейін елге аман оралады. Зият әке қазасынан кейін елде басының аман болмайтынын сезген соң еріксіз Қытай асты. Ол жақта “жақсыда жаттық жоқ” дегендей игі адами қасиеті бар ұлтжанды азаматтардың құрметіне бөленеді. Бұл тұста аға сұлтан Құнанбайдың даңқы Қытай қазақтарына жақсы мәлім еді. Меккеге қажылыққа баратын Орта жүз елі Құнанбайдың көз алдынан өтетін болған. Зият өзінің бір өлеңінде:
Ойлайсаң егілесің, күңіренесің,
Қолыңнан келері жоқ бос жүресің,
Атаның аруағын сыйлаушы көп,
Көңілді соған ғана көтересің.
Ризық болды маған ата даңқы,
Құрметтеу жақсыларды елдің салты.
Абай мен Шәкерімді көрмесе де,
Оларды құрметтейді керей халқы.
Керейдің мекені екен Алтай-Сауыр,
Бұл жақта ел көрмедім бұдан тәуір.
Айқасып ел үшін де, өзі үшін де,
Шайқастың тарихы бар әжептәуір.
Ойшылдар, оқымысты мұнда да бар,
Шәріпхан, Мәңкей, Мұқаш, Баймолдалар.
Күш қосып қозғалысқа Шыңжаңдағы,
Алтайды азат еткен ер осылар.
Бұл өлеңді кезінде Шәуешекте қазақ гимназиясында Қабдеш Жұмаділов, Қалихан Сағатбеков, Мақсұтқалимен бірге оқыған, кейін Алтай аймағында ұзақ жыл он екі абақ керейдің ішінде көп жыл қызмет істеген, өзі керейдің жастабан руынан, 1962 жылы Қытайдан өтіп, Шұбартау аудандық газетінде істеген, 2007 жылы Семей қаласында қайтыс болған Айтқали Кененбаев жатқа айтушы еді. Бүгінде марқұмның үйіндегі қолжазбада аталмыш өлеңнің мәтіні сақтаулы тұр [3].
Абай, Шәкәрім мұраларының ұлтымыздың өркениетті дамуына адамгершілік, мәдениеттілік, еңбекқорлық, арлылық мәселелерінің де ықпал-әсері күшті.
Шәкәрімнің тікелей тәрбиесін алған Зияттың қазақ жастарына, олардың ұлт мәдениетімен, әдебиетімен, тарихымен таныстырып, білім алуына да әсері мол болды.
Міне, Зияттың қазақ ұғымында, ел жадында дара тұлға ретінде қалыптасуының басты факторы Абай мен Шәкәрімдей ұлылардың мектебінен өтуі деп кесіп айта аламыз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1 Шәкенұлы Жәди. Қарашаңырақтың Шынжаңдағы шуағы // Қазақ үні. Ұлттық портал. – 2010. – 22 қараша. (қаралған уақыты - 6 қыркүйек 2016 ж.)
2 Мұхамадиұлы М. Зият Шәкәрімұлы // http://qasym.kz/ziyat-shakerimuly/ (қаралған уақыты - 6 қыркүйек 2016 ж.)
3 Разданұлы М. Зияттың Шыңжаңдағы өмірі мен шығармашылығы туралы // Мұра. – 2008.– № 2. – 1-10-бб. – журнал
4 Ғылымбайұлы Мансұрдың естелігінен // Сыдықов Е.Б. Шәкәрім: ғылыми-танымдық басылым. – Алматы: ҚР БҒМ ҒК ФСДИ, 2013. – 441 б.
5 Разданұлы М. Шәкәрімнің өмірі мен өлімі // Шыңжаң қоғамдық ғылымы. – 1996. – №1. – 81-92-бб. – журнал
6 Мұқаметханов Қ. Шәкәрім // Қазақ әдебиеті. – 1988. – 15 сәуір.
Д. Нургазы,
Магитстрант 2 курса Института истории и этнологии им. Ч. Валиханова
ФАКТОРЫ, ПОВЛИЯВШИЕ НА ФОРМИРОВАНИЕ ЛИЧНОСТИ ЗИЯТА ШАКАРИМУЛЫ
Резюме
В данной статье рассматриваются факторы, оказавшие существенное влияние на формирование личности Зията Шакаримулы, поэта, драматурга и педагога, вынужденно покинувшего родину в связи с политическим положением в 30-х гг. ХХ века и репрессиями в отношении его отца, Шакарима Кудайбердыулы. Также дается описание на основе воспоминаний его учеников о пропаганде и сохранении творчества Абая, Шакарима и деятелей «Алаша» среди казахов Китая.
Ключевые слова: Шакарим Кудайбердыулы, Зият Шакаримулы, философ, поэт, акын, драматург, просветитель, репрессии, Китай, Алтай, творчество.
D. Nurgazy,
2-nd Year Master Student Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology
THE FACTORS THAT AFFECTED THE FORMATION OF ZIYAT SHAKARIMULY’S PERSONALITY
Summary
This article examines the factors that significantly influenced the formation of the personality of Ziyat Shakarimuly, the poet, playwright and educator, who forcibly left his homeland in connection with the political situation in the 1930s of XX century and repression of his father, Shakarim Kudaiberdyuly. There also given a description based on the memories of his disciples about the propagation and preservation of the works of Abai, Shakarim and "Alash" figures among the Kazakhs of China.
Keywords: Shakarim Kudaiberdyuly, Ziyat Shakarimuly, philosopher, poet, akyn, playwright, enlightener, repressions, China, Altai, creativity.
Достарыңызбен бөлісу: |