1.3 Әдебиетті оқытудың дидактикалық тірегі – пәлсапа Дидактиканың негізі - жиналған данышпандық ой-тұжырымдардың жемісі. Еңбегіміздің I тарауы мен оның 1.1. бөліміңде әлемдік педагогика, тарихына деген дүниетаным, түйіндер мен пікірлер берілді. Қазақ халқы әлемдік иерархияның бір тумасы деп қарасақ, оның әдебиетті оқытудың шығу өзегін өзінің тарихынан ғана іздесек, еңбегіміздің зерттеу желісі дұрыс болмас еді. Адамның жаратылысы оның тек даралық сипатынан басталмайды, барлық халықтарды тұтас бір жүйе деп қарасақ, басқа халықтар өткен бел-белестерден, шындар мен құздардан бақилық өмірді тануға қазақ жұрты да қатысқаны ақиқат. Сол бақилықты іздеудің құралы елімізде алдымен сөз өнері екенін ұмытпаған жөн. Сөз өнерінің адамның қабылдауы мен түйсінуіне неше бір әдістер, іс-қимыл, әрекеттер арқылы кейінгі ұрпақ назарына іліктіру қазақ елінде үнемі приоритетті рольде жүргені мәлім. Міне, осы әдебиетті оқытудың дидактикалық негізі пәлсапа екеніне көз жеткіземіз.
Неліктен оқыту, неліктен дидактика дейміз?
Оқыту білім меңгеретін субъектінің психологиялық ерекшелігіне қатысты.
Бір адамның білімін екінші адамға меншіктелуіне психологияның қажеттігі сезіледі. Сол себепті «оқыту» деген терминді тек иедагогика нысанасынан іздемей, психология тұрғысында анықтасақ, мынадай анықтама шығады: «Оқыту - қоғамдық-тарихи жиналған тәжірибелерді мақсаттылықпен қабылдау үрдісі. Бұның өзі тек педагогика аспектісінде ғана емес, қабылдаушының жас ерекшелігі мен нейропсихологиясы және патопсихология, оқу еңбегінің психологиясына қатыстылығын ескерген жөн. Мұнымен бірге қабылдаушының қабілеті мен ыңғай, бейім, іскерлігінің деңгейліктері мен оны ұйымдастыра білетін шеберліктеріне бағыныштылығы деген сөз... Ең бастысы - «Дамудың жақын алаңы», анықтап айтсақ, белгілі көркем шығарманың мұратын ашатын автор көздеген көзқарас, парадигма, ұстаным. Міне, осыны қабылдаушы аудырмай ұғынуына құлшыныспен ынталанады деп түсінеміз. Қабылдаудың кезеңдері нысананың күрделілігімен үңдестікте келуіне болжамдар құрылады. Мұның өзінен субъектінің алған бағытына қарай үдемелеп отыратынын аңғаруға болады» [5].
«Оқу, «оқыту» деген термин - білім жиюдың әдістеріне қатысты оқу еңбегінің жетекші категориясы. Осының бәрі дерлік сөз сапасы мен сөйлеу шеберлігінің ойға тікелей бағыныштылығының көрінісі. Сол секілді дидактиканың оқыту сапасына қаңдай қатысы бар деген заңды сұрақ туады. Бұған жауап ретінде грерктің didakticos - үлгі беру деген анықтамасын ұсынамыз. Әлемдік иерархияның таңбасы деп те осыны айтамыз. Міне, бүгінгі заманға дейін «дидактика» терминін тек педагогтар қолданып жүрген жоқ, мұнымен бірге ол әдебиеттің объектісіне де еніп кеткен. Мәселен, «Бұхар жыраудың дидактикалық жырлары», «Шал Құлекеұлының дидактикалық өлеңдері» т.б. бұл сөзге әдебиет, өнер саласындағы әлеуметтің құлағы үйренгелі қай заман. Бірақ, «дидактика» терминінің әдеби арнаның пәлсапалық мүмкіндігіне жасап келген қысастығы да жоқ емес. Нақтылап айтсақ, дидактиканың ой-түйіндерін өзінің шығармашылығына арқау еткен бірқатар жырау, ақын-жазушыларымызды дидактиканың бұғауынан шығармай келеміз. Сол себепті әдебиетті оқыту үрдісінде дидактиканың атқарар орны деген мәнге көңіл бөлу көзделеді. Бұл ұғым - әдебиеттің көзі мен нысанасы емес, оқытушының білім беру сәтіндегі жеке басының ізгілігі мен көлеңкелі тұстарына қарай жіктелуі. Кейбір жағдайларда жырау, ақын-жазушылар бағытының саяси ағымдарға ойыса отырып, құбылып, басқа өңге айналып кетуінің өзі де осының айғағы. Мысал ретінде бүкіл жырауларды кеңестік дәуірде оқулықтардан ығыстырғанда, Бұхар жыраудың тарихта қозғалыссыз қалып қоюына мына жолдар көмегін тигізген:
«Өкпеңменен қабынба,
Өтіңменен жарылма,
Орыспенен соғысып,
Басына мұнша көтерген
Жұртыңа жаулық сағынба»...[6]
Жырдың астарына бойлай алмаған тоталитаризмнің бетке ұстар «ғұламалары» сөз өнерінің астарынан пәлсапалық реңкті таба алмай, сырттай ұғымға малданған. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Осы ойды өрбітсек, дидактика - оқыту үрдісінде маңызды категория. Ол – оқьггушының жинаған құңдылығының қабылдаушының ниетіне сәйкес келуінің басқышы. Бұл сапаның өзі төбеден түспейтін үрдіс. Міне, дидактиканың тірегін генезисінен іздейміз. Genos [7] - грек сөзі, «шығу тегі» деген ұғымды білдіреді. Адамның шығу тегіне қабілетінің бағыныштылығы жайлы Ж. Аймауытов ерекше мән берген: «Тегіне тарту (атавизм). Әрбір сезімнің сыртқа шығуында атадан қалған мұра көп. Ашу кернеген кісі қайтеді? Аяғымен жер тебінеді, қайта-қайта түкірігін жұтынады, түкірінеді, қырылдайды, керіледі, ақырады, бажылдайды, жұдырығын түйеді... Адамның осы қылығын ызаланған маймылдың қылығымен салыстырсақ, маймылдың көп мінезі адамда да бар болып шығады» [8].
«Тарту» деген сөздің төркіні «Шығу тегі» деген ұғыммен тамырлас келеді. Ж. Аймауытов адамның психологиясында атавизмнің табы нышан беретініне тоқталып өткен. Осы сапаның соқыр сезімге ұласып, саңылау сезімдеріне үлкен кедергі екеніне ерекше мән берген. Соқыр сезімнің өзі -дидактикалық бағытқа үлкен кедергі. Ал соқыр сезімнің бастауы -айуандық іс-әрекеттер.
Дидактиканың мақсаты - адамның өз басындағы атавизмнен қалған ізгілікті іс-әрекетке қайшы қылықтарды бойдан қуа білетін, өзінің періштелігін үнемі сақтайтын, оған қисындық үлгі ретіңде бабалардың данышпандық пәлсапалық дүниетанымын бағалайтын, өзінің прагматикалық іскерлігіне айналдыратын адамды сомдау. Оны үлгі ретінде ұсыну. Аталған мақсат-мүддеге сәйкес келмейтін субъектінің дидактика жайлы мән айтуға құқысы жоқ. Нәпсіні тию - дидактиканы уағыздайтын ұстаздың басты мақсаты.
Негізгі әдебиеттер
1.Қоңыратбаев Ә. Әдебиетті оқыту методикасының очерктері. – Алматы, 1962.
2.Мақпырұлы С. Қазақ әдебиеті: әдістемелік нұсқау. – Алматы, 2004.
3.Көшімбаев А. Қазақ әдебиетін оқыту методикасы. – Алматы, 1969.
4.Ақшолақов Т. Көркем шығармаға талдау жасау. – Алматы, 1983.
5.Бітібаева Қ. Әдебиетті оқыту әдістемесі мен технологиясы. – Алматы, 2003.
6.Мәшһүр Жүсіп Қуандық. Мектепте қазақ әдебиетін оқыту. – Павлодар, 2003.
7.Богданова М. Методика преподавания литературы. – Москва, 1996.