34 жарияланған “Қай әдіс жақсы” деген көлемді мақаласында орыстың ұлы
педагогі Л.Н.Толстойдың “Үйрету әдістері туралы” деген еңбегіне талдау
жасай отырып, “Әдіс деген қатып-семіп қалған догма емес. Жақсы дерлік те,
жаман дерлік те бір әдіс жоқ. Олақтықтың белгісі – бір ғана әдісті болу,
шеберліктің белгісі – түрлі әдісті болу” деп тұжырымдайды.
Ол балаларға жылдам хат таныту үшін дыбысты ажырататын
жаттықтыру әдіс-тәсілдерін терең қарастырды. Сауаттылықтың негізі жазуға
жаттықтыру деп қарады. Көркем жазу мен мәнерлеп оқу дегендер жазу ісі
мен оқу ісінің жетілдірілген түрі деген қорытынды жасайды.
А.Байтұрсынов методикалық бірнеше әдістемелік мақалалар жазып, соның
негізінде 1920 ж. қазанда “Баяншы” деген атпен тілді оқытудың
методикасына арналған әдістемелік құрал шығарды. Онда автор
мұғалімдерге “Әліппені” оқытудың, сауат ашудың әдістерін ғылыми
тұрғыда көрсетіп берді.
А.Байтұрсынов оқытудың білімдік-танымдық жағымен бірге, тәлімгерлік
жағына да баса көңіл бөлді. Оның жазған “Әдебиет танытқыш” атты оқулығы
көркемсөз өнерінің қисыны әдебиет теориясының негізін тыңнан тұңғыш
салған, жүздеген әдеби білімдік терминдерді тұңғыш тілімізге енгізген аса
құнды ғылыми еңбек болды. “Өнер дүниесі ғылым арқылы да жасалады. Ол
адам еңбегін жетілдіруге, жаңалық табуға, табиғатты меңгеруге, адамдардың
әлеуметтік-өмірлік қажетін өтеуге қызмет етеді… Мұнан басқа адамның
рухани қажетін өтеу үшін қызмет ететін түрлері бар. Ол көркемөнері
(искусство), ол беске бөлінеді: біріншісі – сәулет өнері, екіншісі – сымбат
өнері, үшіншісі – кескін өнері, төртіншісі – әуез (музыка) өнері, бесінші және
ең бастысы сөз өнері (“өнер алды қызыл тіл”)” – дей келіп, бұлардың бәрі
адамды әсемдікке бөлеуге, табиғаттың тамаша сырларын танып білуге
тәрбиелейтіндігіне тоқталады.
Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ ауылында мектеп ашу, оқушыларды
оқулықпен қамтамасыз ету, мұғалім кадрларын даярлау істері шешуін
таппаған аса күрделі мәселелердің бірі болатын. А.Байтұрсынов бұл
мәселелерге де ерекше көңіл бөліп, оны шешудің жолын көрсетіп берді.
А.Байтұрсынов мұғалімдерге педучилищелерді ашып, арнаулы оқу
орындары арқылы даярлаудың тиімділігін айта келеді де, ондай оқу
орындарының әзірге қазақ даласында жоқтығын ескеріп, орыс мектептерін,
не қазақ медреселерін оқып бітірген жастардың талаптыларын таңдап алып,
мұғалімдік жұмысқа қоса пайдаланайық деген ұсыныс жасайды. Олардың
білімін жетілдіру мақсатында жаз айларында бір-екі айлық қысқа мерзімді
курстар ашуды ұсынады.
Ахмет өмір ғұмырында әдебиетпен айналысады, өлең-жырларын
жазады, ауыз әдебиетінің үлгілерін жинайды, оқулықтар мен оқу
құралдарын әзірлейді. Өзінің білімімен, ақыл-парасатымен ел аузына іліге
бастайды.