1- дәріс. Әлеуметтану және әлеуметтанудың болашағы.
1.Әлеуметтануға кіріспе. Жеке адам және қоғам.
2.Әлеуметтік орта және әлеуметтік мінез-құлық. Әлеуметтік қатынастар және әлеуметтік институттар. Әлеметтендіру және сәйкестендіру.
3.Әлеуметтік шындық оның жалпы мағынасы. Әлеуметтік ойлау. Әлеуметтік қиял. Әлеуметтiк перспектива.
Сабақтың мақсаты: Студенттерді әлеуметтанудың пәнімен, мақсаттарымен, оның пәнаралық байланыстары мен таныстырып, алынған білім мен дағдыларын бекіту. Сонымен қатар, әлеуметтанудың ғылым ретіндегі мақсаты мен міндеттерін таныту және оны қоғам туралы ғылым тұрғысынан ұғындыру.
(Әлеуметтану) терминін ең алғаш рет XIX ғасырда Огюст Конт қолданған. Француз тілінен дәлме-дәл аударғанда ол (фр.socio Pogie) қоғам, әлеуметтік өмір туралы ғылым дегенді білдіреді.
Әлеуметтану ғылыми пирамидадағы ең жас ғылымдардың бірі. Ғылымның өзі ерекше таным формасы ретінде тек XVII ғ. ғана пайда болды, ал «ғылым» және «ғалым» деген терминдерді шамамен 1840 жылдары Кембридж университетінің профессоры У.Уэвелл енгізген.
Әлеуметтану пәнін анықтауда оның дефиницияларының әрқилы қатары пайда болды. Мыс. Богардус «Әлеуметтану - әлеуметтік топтар туралы ғылым» десе, Зиммель «Әлеуметтану – адамдарды ұйымдастыру формалары туралы ғылым» деп есептейді. П.Сорокин «Әлеуметтану – топтар, әлеуметтік өзгерістер және олардың арасындағы қатынастар туралы ғылым» дейді. Осылардың арасынан жалпы мақұлдауға ие болған Калифорния университетінің профессоры Нейл Смелзердің анықтауы болып табылады. Смелзер «Әлеуметтану - қоғам мен ондағы әлеуметтік қатынастарды ғылыми сұрыптау» деп анықтады.
Әлеуметтану пәні нені зерттейді?
Әлеуметтану өз зерттеу пәніне қатысты үш бағытта өрбиді, яғни қазіргі әлеуметтануда оның зерттеу пәні үш топқа бөлінеді.
1. Номиналдық дефинициялар, Бұған «социология» терминінің өзін анықтайтын түсініктер жатады.
2. Формалды дефинициялар, бұған адамдардың ұйымдасу формаларын анықтайтын түсініктер жатады.
3. Психологиялық дефинициялар, бұған жеке даралық және топтық сана-сезімге негізделген адамдар мінез-құлқын анықтайтын түсініктер жатады.
Біріншіден, әлеуметтану әртүрлі түпкі жүйедегі үрдістерді қоғамның жалпы, біртұтас негізде қызмет атқаруымен байланыстыра отырып зерттейді, яғни Т. Парсонстың пікірінше әлеуметтану интеграцияға бейім үрдістер мен құрылымдарды зерттейді.
Екіншіден, әлеуметтану қоғамда жалпы әлеуметтік байланыстар, механизмдер қалай бейімделуін зерттейді.
Үшіншіден, әлеуметтану барлығын да адам мүддесі, оның тұтынысы, күтуі және көңіл-күйі тұрғысынан сұрыптайды.
Әлеуметтану пәнін құрайтын негізгі түсініктер
Әлеуметтік құрылым - әлеуметтік институттар, әлеуметтік рөлдер мен мәртебелер жиынтығы. Отбасы, өнеркәсіп, дін, білім, әскер, меншік, мемлекет – бұлар ертеден пайда болған қоғамның фундаменталды институттары.
Әлеуметтік институт - қоғамдағы белгілі бір фундаменталды тұтынысты қанағаттандыру үшін осыған сәйкесті әлеуметтік функцияны іске асырудың стандартталынған формасы. Фундаменталды тұтыныс дегеніміз қоғам және даралық тұтыныстарының бір мүддеде тоғысуы. Ондай тұтыныстарға мыналар жатады: өмір сүруге қаражат табу, жас ұрпақтарға білім беру, қоғамды қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау және т.б. Осы тұтыныстар мыңдаған адамдардың тұрақты қызметі арқасында іске асырылады, яғни осы негізде біріктірілген адамдар мен олардың қызметі әлеуметтік институтты құрайды.
Әлеуметтік роль. Әрбір институт өзіне дәл көрсетілген қызметті атқарады, яғни осы қызмет қаласындағы жеке адам өзіне берілген әлеуметтік рөлде ойнайды. Мыс.: мыңдаған адамдар оқытушы немесе офицер ролінде ойнап кетеді, бірақ бұл әлеуметтік рөл өз орнында қала береді.
Әлеуметтік мәртебе - қоғамдағы жеке адамның әлеуметтік жағдайы. Кейбір мәртебелер оған туғаннан тән, мыс.: ұлты, ал кейбір мәртебелер әлеуметтендірілу арқасында (оқуы, тәжірибе жинақтауы) алынады, мыс. коммерциялық банк президенті.
Әлеуметтік топтар – бір деңгейдегі әлеуметтік жағдайдағы адамдар топтары. Олар аз немесе үлкен топтар болуы мүмкін. Аз топтарға достар компаниясы және т.б. жатады. Үлкен әлеуметтік топтар мыналарға бөлінеді: мысалы жас мөлшеріне орай (қарттар, жастар); ұлтына орай; кәсібіне орай (инженер, оқытушы); экономикалық (акционер, рантье); діни (христиан, мұсылман); саяси (либерал, консерватор, демократ).
Достарыңызбен бөлісу: |