17-дәріс. XVIII ғ. – ХХ ғасырлараралығындағы қазақ мәдениеті 1.Қазақ Ағартушылығы феномені. Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин , Абай, Шәкәрім шығармашылығы 2.Қазақ өнері мен әдебиеті және спорты .
3.Қазақ зиялыларының ірі өкілдерінің негізгі идеялары: Ә. Бөкейханов,А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Т. Рысқұлов және т.б.
Кеңестік кезеңдегі қазақ мәдениеті.
Қазақтың XX ғасырдағы мәдениеті.Абайдан басталған қазақ мәдениетіндегі тың сарын XX ғасырдың бас кезінде ары қарай жалғасты. Қазақ мәдениеті XX ғасырды әрі үмітпен, әрі түңілумен қарсы алды. Дүниежүзілік техникалық және демократиялық прогресс Азия орталығына да жете бастады. Ұлттық идея темір тордағы халықты толғандырып, оны азаттық үшін күресуге ұмтылдырды. Әрине, ұлт-азаттық күреске бүкіл Ресей империясын қамтыған революциялық және реформалық қозғалыстар да әсерін тигізді. Алайда Қазақстандағы толқулар тек орыс революционерлерінің ықпалымен болды деу жаңсақ пікір. Бірде-бір ресейлік саяси ұйым мен белгілі қайраткерлер империяны таратып, басқа ұлттарға азаттық әперу туралы мәселе көтермеді. Социал-демократтардың өздері Шығыс халықтарының оянуына панисламизм, пантюркизм айдарын тағып, күдіктене қарады. Мәселе, сонымен бірге Ресейдің халықтары әр түрлі өркениеттерге жататындығында. Батыс христиандарына жақын эстондар мен араб-парсы әлеміне түбірлес өзбек, қазақтардың арасында ортақ мәдени негіз тым аз еді. Өзіне туысқан халықтардағы сияқты Қазақстандағы мәдени қайтадан жаңғыру орыс экспансиясына қарсы шығудан басталды. XX ғасырдың басында қазақтан шыққан алғашқы саяси қайраткерлердің бірі Міржақып Дулатов қазақ халқының манифесі — «Оян, қазақ!» өлеңін жариялады. Ол түңғыш рет халықты ашық күреске шақырған ұран тастады: «Қазақстаннан болған социал-демократтарға бір ауыз сөз айтамын: Еуропаның пролетариясы үшін қанды жас төгуіңіз пайдалы, бірақ өз халқыңыз қазаққа артық назар салыңыз, орыстың қара халқының күнелтуі ауыр, сонда да алды ашық. Қазақ халқы алты миллиондық бір ұлы тайпа бола тұрып, басқа халыққа қарағанда жәрдемсіз азып-тозып кетер». (Оян, қазақ! 10-бет). Міржақып саяси мәселелермен қоса өз шығармасында қазақ мәдениетін тұйықтан шығаратын жолдар іздейді. Ең алдымен мәдени тоқыраудың себебін М. Дулатов бодандықтан көреді.[1] Екі ғасырдың арасында қазақ мәдениетінде пайда болған бір құбылыс кейін өріс алған маргиналдықтың көбеюі. Бұл жерде әңгіме ұлттық мәдениеттен алыстап, үстемдік етіп отырған жат өркениетке қызмет еткендер туралы болып тұр. Болыстар мен тілмаштар, әкімшіліктің маңайындағы неше түрлі пысықтар көптеген жағдайларда «мәңгүрттік» қасиеттерге ие болып, ұлттық мәдениеттен қол үзе бастады. Әлихан БөкейхановЕкі ғасыр арасында қазақтың ұлттық санасының оянуына үлкен әсер еткен тұлғаның бірі — Әлихан Бөкейханов. Ол қазақ хандарының тікелей ұрпағы, ұлт-азаттық қозғалыстың жетекшісі, қазақтың алғашқы саяси партиясының басшысы, қазақтың бірінші ұлттық үкіметі — Алашорданың көсемі еді. Әлихан Бөкейханов сан қырлы қоғамдық қызметтерімен бірге қазақтың рухани мәдениетін алғашқы зерттеушілердің қатарында танымал. Ол Абайдың шығармашылығы туралы түңғыш мақаланы жариялады, қазақ эпосы мен фольклоры жөнінде әлі күнге дейін ғалымдарды өзінің ой тереңдігімен таң қалдыратын еңбектер жазды. Солардың ішіндегі құндысы — 1899 жылы «Түркістан ведомое тыларында» жарияланған «Қырғыздың «Қобыланды» аңызындағы әйел» атты еңбегі еді. Әлиханның бұл жерде көтеріп отырған мәселесі бұрынғы қазақтың рухани мәдениетінің бай мұраларына байланысты. Аталған аңызда мұсылмандық дін мен ежелгі тәңірілік түсініктердің қарым-қатынасы, көшпелілер мәдениетіне тән ана мен әйелді қастерлеу, ел намысын пендешіліктен жоғары қою т.б. мәселелері талқыланады. Шексіз сахара қазақ мәдениетін көптеген жылдар бойы сыртқы жаулардан қорғаштап, өзіндік ерекшеліктерін сақтауға себебін тигізді. Дүлей далада тек жүз бен руға бөлінген тұтас қауым ғана өмір сүре алатын еді. Қысқаша айтқанда, Әлихан мен Міржақып, Ахмет Байтұрсынов пен Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов пен Сұлтанмахмұт Торайғыров секілді алаштың арыстары өз күресінде халқының ғасырлық мұрасынан қашанда күш-қуат алып отырды.